Т.Әлімқұлов сыншы және әдебиет зерттеушісі


Пән: Әдебиет
Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 54 бет
Таңдаулыға:   

Т. Әлімқұлов сыншы және әдебиет зерттеушісі

«Жұмбақ жан» және оның Абайтану тарихындағы орны

Төл әдебиетіміздің көрнекті өкілі, ұлттық өнерімізді биікке көтеріп, туған халқының әдебиеті мен өнерін жанындай сүйген Т. Әлімқұлов - қазақ әдебиеті тарихынан лайықты орнын алған ерекше дарын иесі. Оның жүйрік қаламынан туған “Кертолғау”, “Ақбоз ат”, “Қараой”, “Тұлпардың тағдыры”, “Шежірелі сахара”, “Ел мен жер”, “Телқоңыр” секілді көптеген прозалық шығармалары, “Қаратау өрнектері”, “Туған ауыл”, “Сапар”, “Жазғы жаңбыр” деп аталатын поэзиялық жинақтары, Лермонтовты, Пушкинді, Низамиді, Горькийді тәржімелеуі, әдеби сын саласындағы еңбектері, сондай-ақ, әсіресе, дана да дара Абай жайлы жазылған “Жұмбақ жан” атты зерттеуi - оның сан қырлы дарын иесі екендігін, артына мол рухани мұра қалдырғанын айғақтайды.

Қаламгер тағдырынан аздаған мәлімет айтар болсақ: Ол 1918 жылы 22 қарашада қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданында дүниеге келген. Оның азан шақырып қойған есімі - Тәңірберген. Ата-анасы еркелетіп Тәкен атап кеткен деседі [1. 176 б. ] .

Әкесі - Әлімқұл мен анасы - Молша (ел аузында Мәти деп те аталады) Тәкенді бала күнінен халқымыздың салт-дәстүрімен, сөз мәйегі - мақал-мәтелдер мен хисса-дастандармен сусындатып тәрбиелейді. Ол жөнінде зерттеуші Көсемәлі Сәттібайұлы былай деп жазады: “ . . . Барлас ақын мен оның шәкірті Байкөкшенің өнері мен соны сөздерін естіп рухтанған Абай сияқты, Тәкен де әке мен анасының Келіншектаудың теріскейі мен күнгейін жайлаған өнерлі ел-жұртының, оның ішінде Майлықожа, Құлыншақ, Мәйкөттердің ән-жырымен, Ықылас, Сүгірлердің беу-беулеген күйлерімен, атадан балаға жалғасқан небір аңыз-әңгімелерімен ауызданып өсті” [2] .

Ата-ана тәрбиесіне қанығып өсіп келе жатқан Тәкеннің әкесі бақталас дұшпандар қолынан қаза болып, ол әке аманаты бойынша Әлімқұлдың ағайын інісі Сопбектің қолында тәрбиеленеді. Т. Әлімқұловтың “Қаратау” деп аталатын хикаятын ден қойып оқыған жан оның өмір белестерін көрері анық. Бала күнінен кен қазушы орыстармен араласып тіл үйренген ол кейіннен 1936-1941 жылдары Шымкент қорғасын зауытына келіп, есепшілік жұмысқа орналасады. Осы кезеңнен бастап Тәкеннің алдымен журналистикаға, кейіннен әдебиетке деген қызығушылығы оянып, көркем әдебиет әлеміне бет бұрады.

Ол 1941-45 жылдары Донецкіде жұмыс істесе, 1945-49 жылдары “Оңтүстік Қазақстан” газетінде жауапты хатшы, “Лениншіл жас” газетінде бөлім меңгерушісі, 1956-1974 жылдар аралығында КСРО ЖО Басқармасы секретариатында қазақ әдебиеті бойынша кеңесшілік қызмет атқарған.

Т. Әлімқұлов облыстық баспасөзде қызмет атқара жүріп өз қабілетін, білімін, мүмкіндігін ой елегінен өткізеді де, дарыны мол болғанымен, білімінің аздығын, жетімсіздігін аңғарып Алматыға жол тартады. Бұл байламы - өзі үшін ырыс, қазақ әдебиеті үшін игілікті іс болғандығына оның мол мұрасы дәлел.

1949 жылы Мәскеудегі М. Горький атындағы Әдебиет институтына оқуға түсіп, оны аяқтаған соң, 1970 жылдарға дейін Тәкен Әлімқұлов одақ астанасында әдеби кеңесшілік қызмет атқарады.

Жалпы, Т. Әлімқұловтың Мәскеуге, КСРО Жазушылар Одағының аппаратына қызметке ауысуына бірден-бір себепші болған кісі - жазушы М. Әуезов екендігі жиі айтылады . . .

Бұл кезең жазушы өмірінің аса жемісті шағы болып есептелінеді. Өйткені, дәл осы жылдар - қаламгердің парасат әлемін кемелдендіре толыстырып, рухани, өнерлік ізденіс өрістері әбден айқындалып, оның дүниетанымы мен суреткерлік қырларын қалыптастырған уақыт болды.

1954 жылы жазған “Абай” атты әдеби-сын мақаласы Тәкен Әлімқұловты болашағынан мол үміт күттіретін сыншы тұрғысында әдебиеттану мен әдеби сын аренасына алып келді. Бұл еңбегінің бастапқы тұсында-ақ, сыншы өз мақсатын мына бір тұжырыммен ұғындырады: “ . . . Абайдың өмірі мен творчестволық жолы әртүрлі еңбектер жазуды керек ететіні де түсінікті. Және мейлінше терең зерттеген творчестволық ғылыми еңбектер болуы шарт. Бірақ, біз бұл мақалада ондай үлкен еңбектерден дәме етпейміз. Абайдың қайтыс болуының елу жылдығына байланысты, қадірлі ақынымызды тағы да бір еске түсіріп, өмірі мен творчествосына азды-көпті шолу, талдау жасаумен тынамыз” [3. 4 б. ] .

Заманының заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов жайында да Т. Әлімқұлов қаламынан елеулі де әсерлі «Мухтар Ауезов» (1958) атты орыс тіліндегі еңбегі мен қатар естелік сипаттағы мақалалар туғандығын айтып өту-парызымыз. Алғаш рет 1959 жылы Москвада М. Әуезовке Лениндік сыйлық тапсырылуының куәгері болғандығын әңгімелеп, сыйлық тапсыру кезіндегі кішігірім мәжілістен алған әсерін баяндайтын “Достар лебізі” [4] атты мақаласында астаналық жазушы-сыншылардың В. В. Смирнова, Е. Ф. Книпович, З. С. Кедриналар құттықтау сөз сөйлеп, жазушы мәртебесін биікке көтергеніне ризашылығын білдірген Т. Әлімқұлов: “Сол сөздерде менің есімде ерекше қалғаны: халықтың өмірін, сырын паш еткен шыншыл роман сол халықтың досын көбейте түседі. Жаңалыққа жаны құмар, бауырмал, досшыл, зерек халықтың тамаша қасиеттеріне әр елдің игі оқушысы сүйсінеді, іш тартады. Сол себепті де Шоқанның, Абайдың, Ыбырайдың халқын орыс әдебиетшілері өте-мөте жақсы көреді, шексіз сыйлайды”, - деп, М. Әуезов арқылы туған халқының әдебиеті мен мәдениетінің өскеніне, мерейінің тасығанына ризашылығын жасырмайды.

Т. Әлімқұловтың бұл мақаласы, біріншіден, Мұхтар Әуезов шығармашылығына, жазушының биік мәртебесіне, өз халқының әдебиетінің жетістігіне қуануы болса, екіншіден, “әр ұлт өкілдерінің сөзінен достық лебіз естілді. Совет әдебиетінің интернационалдық сыр-сипаты ерекше танылып тұрды”, - деп, әдебиеттегі халықтар достығының көрінісіне сүйсінуі еді. Бұл жарияланым жазушы-сыншының әдебиетке деген ыстық пейілін, шынайы сүйіспеншілігін танытса керек-ті.

Жалпы, М. Әуезов әлеміне қатысты сыншының сүйіспеншілікпен оқылатын бір жазбасы “Өмірді сүйген суреткер” [5] деп аталады. Бұл - естелік үлгісінде жазылған туынды.

Т. Әлімқұловты “заңғар жазушыдан” айрылған уақытта кешкен жан сарайындағы арпалыс, ішкі ой-толғамдары осы естелікті жазуға итермелегенін байқауға болар еді. Естелікте Т. Әлімқұловтың Мұхтар Әуезовті алғаш көріп танысуы, ұлы жазушының басынан өткен тар жол, тайғақ кешулері, ауруханадағы соңғы қоштасу сәті, жас қаламгер Шыңғыс Айтматовқа берген ақ батасы секілді тарихи оқиғалар әсерлі де тартымды баяндалады.

1952 жылдың күзінде республика Ғылым Академиясының ұйымдастыруымен қазақ эпосы жөнінде ашық пікірталас болып, онда М. Ғабдуллин мен М. Ақынжанов баяндама жасайды. Ауыз әдебиеті саласындағы қателіктері үшін С. Мұқанов, М. Әуезов сынға алынып, мұнда жазушы-ғалымның тағдыры туралы мәселе де қыл үстіне қойылады. Сонда бірталай пікір сайыстар болып, жас болса да батылдық көрсетіп Т. Әлімқұлов та жарыссөзге шығады. Естелікте қаламгер айтқан сөздерінің ұзын-ырғасын емес, тобықтай түйінінен мысал келтіреді.

“…Мен табиғи құбылыстарды бағамдап-бағалауда кейбір сәттерде өмір сүріп отырған қоғамның өзі де адасатындығын айтып өттім, олай болса, қайсыбір эпос шығармаларын тұжырымдаудағы М. Әуезовтің сәтсіздіктерін ұлтшылдық сипатта болды деп қарастырған дұрыс емес, өйткені бір адамды ұлтшыл-әдебиетші, сонымен бірге интернационалист-жазушы деп екі жарып айтуға болмайды ғой! Мұның сыртында, буржуазиялық-ұлтшылдық идеясын шынымен пайдаланғысы келсе, оны ой-өріс жемісін аса қажетсінетін әдеби зерттеу саласында бүркемелегеннен гөрі, оны көркем әдеби шығармаларында қолдану Әуезов үшін әлдеқайда жеңіл болар еді ғой дедім” [5. 70] - деген Тәкен сөзі адалдықтың, азаматтықтың, батылдықтың айғағындай сайрап тұр.

Зерттеушінің: “…соқтықпалы, соқпақсыз жердің” жұмбағын шешкен Мұхаңның өзі енді әдебиетшілер үшін терең де жан-жақты зерттеудің сарқылмас қазынасына айналды” [5. 71 б. ] - деген сөзі бұл күнде үлкен шындық.

М. Әуезов әлемі - күрделі де қызықты, ерекше қасиетті ғалам. Оның тұңғиығына бойлау кез-келгеннің қолынан келмесі және ақиқат.

Қаламгер өз естелігінде Мұхтар Әуезовтің бауырлас халықтар әдебиетінің тағдырына ерекше ден қойып, шын жанашыр болған қасиетін де жайып салады. Екеуінің арасында өткен қызықты бір әңгімеде қырғыздың жас жазушысы Шыңғыс Айтматов туралы Мұхтар Әуезов естімеген болып шығады да, Тәкен Шыңғыстың “Бетпе-бет”, “Жәмилә” атты повестері жайлы тыңғылықты түсінік береді. Осыдан соң, арада екі ай уақыт өткенде “Литературная газетада” Мұхтардың Ш. Айтматовтың “Жәмиләсына” арнап жазған “Сәт сапар!” атты шағын мақаласы жарық көргендігін әңгімелей келіп: “Иә, бұл Айтматов жөнінде алғашқы сөз болатын, дегенмен қандай сөз еді десеңізші! Бұлайша сәт-сапар тілеу бауырлас әдебиеттің жас өскеніне әкесіндей қуана білетін, үлкен жүректі адамның ғана қолынан келмек!” [5. 72 б. ] - деп толғанған жазушы сөзінің жаны бар. Мұнан біз М. Әуезовтің жомарттығы мен мәрттігін танысақ, Т. Әлімқұловтың ұстазға дегене адал көңілін, ыстық ықыласын аңдаймыз.

Т. Әлімқұловтың «Жұмбақ жан» еңбегін Абай жайында жазылған мол дүниенің бір сарасы, жазушының жан әлемін жарып шыққан туынды деп қабылдаймыз. «Жұмбақ жан» сыни-зерттеу еңбек болғанына қарамастан, жазушылық леппен жазылған, жаңаша тұжырымдарымен құнды дүниенің бірі. Тәкен Әлімқұлов шығармашылығы бойынша бірнеше мақалалар жазған, сыншы Т. Тоқбергенов біздің зерттеуімізге негіз болып отырған қаламгердің «Жұмбақ жан» еңбегі жөнінде мынадай пікір айтады: «Біздің байқауымызша, Тәкеннің әдеби есімі жалпы жұртшылыққа алғаш рет байыпты да, парасатты сыни еңбектерімен танылған. Ол 50-ші жылдарда көптеген көлемді мақалаларымен қазақ әдебиеті сыншыларының алғы легіне шықты . . . Қазақ әдебиетіне үлкен сыншының келгені анық еді.

Тәкеннің сыншыл ойының кесек туындысы-Абай Құнанбаевтың өмірі мен өнер жолына бағышталған «Жұмбақ жан»атты еңбегі. «Жұмбақ жан»- халқымыздың көркемдік дамуын жаңа биікке көтерген Абайдың мәңгілік мұрасы туралы айтылған тың сөз деп қарауға болады» [6. 222 б]

Абай мұрасы жеке оқырманды, әдебиет әлемінде жүрген кез-келген қаламгерді бей-жай қалдырмайтын тақырыптардың біріне айналғаны әлдеқашан. Абайтану тарихында ұлы ақын жайында қалам тербемеген зерттеуші, қаламгер жоқтың қасы десек қателеспеспіз. 20-шы ғасырдың басында басталған Абайды тану мәселесінің күн өткен сайын өзектілігі артып барады. Абайды қадірлей алса, қазақтың өзінің қадіріне жеткендігі деген пікір айтқан алаш ұлдарының, Абай мұрасының сақталуына, оның ел арасына таралуына сіңірген еңбегі өлшеусіз. Абай жайында жазылған А. Байтұрсыновтың «Қазақтың бас ақыны» атты мақаласында «Қазақтың бас ақыны Абай Құнанбаев. Онан асқан бұрынғы-соңғы заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ . . . Абайды қазақ баласы тегіс танып, тегіс білуі керек» [7. 53 б] деп, 1913 жылы дабыл қағады. Абай тәрізді ақынның шығармашылығын ғұлама ғалым М. Әуезовтің зерттеуі кездейсоқ болған жай емес, қазақ сынды халықтың ұлт болып қалуында тарихи уақыттың иіп әкелген құдіреті болар деп те қараған жөн болар. Абай шығармашылығы өзінің ұлтын сүйген адам үшін айналып кете алмайтын темірқазық. Абай шығармашылығы жайында ой айту тұтас ұлт турасында толғану болып шығады. Ұлтшыл, қазақтың мұңын жоқтаған қаламгердің Абайға соқпай өте алмауының себебі осында болса керек. Т. Әлімқұловтың да 1978 жылы жарық көрген «Жұмбақ жан» атты зерттеу еңбегі Абай мұрасын тану, оның арғы жағында қазақты тану ықыласынан туған дүние деп қараған жөн деп есептейміз. Тәкен әдеби сын табиғаты жөніндегі төмендегі жолдарды мысалға келтіреді: « . . . әдеби сын, оның ішінде поэзия сыны, ең алдымен өзі шығарма болуы шарт. Виссарион Белинскийдің Александр Пушкиннің шығармаларын талдаған мақалаларын оқып отырғаныңда сол ақынның поэзиясынан кем әсер алмайсың» [8. 159 б] . Осы тұрғыдан келгенде сыншының «Жұмбақ жан» еңбегі жоғарыда өзі қойған талапқа сай жазылған дүние деп қабылдауға болады.

Абайтану тарихында ақын жайында жазылған еңбектер баршылық. Әрбір еңбек өзінше құнды. Осыған қарамастан, ұлы ақын жайында жазылған зерттеудің бәрін кемшіліксіз деуге тағы болмайды. Т. Әлімқұловтың Абай тақырыбына баруында қаламгердің Абай тұлғасын, шығармашылығының өзі таныған кейбір қырлары жайындағы ой-пікірін ортаға салуды көздеген мақсаты жатса керек деп ойлаймыз. Бұрын айтылған пікірді қайталау, өткен ізді шиырлау ғылым үшін қажетсіз дүние. Осы тұрғыдан келгенде, Т. Әлімқұловтың Абай шығармашылығы жайындағы еңбегі несімен құнды? Абай мұрасын зерттеуде Т. Әлімқұлов еңбегінің құнды болуы оның принцип ретінде ұстанған «қайталамаудың, меніңше, үш тәсілі бар; бірінші, тың дерек ашу; екінші, өзгелер келтірген деректерге басқа бір қырынан келу; үшінші, жазушы ретінде өз әсеріңді қосарлау» деген пікірінің маңызы ерекше. Абай жайында Тәкен үздіксіз жазып отырған. Талданғалы отырған еңбек зерттеушінің ұзақ жылғы үздіксіз ізденісінің жемісі. Т. Әлімқұлов 30-шы жылдардан бастап Абай жайында мақала жаза бастайды. 1939 жылы сыншы «Абай поэзиясындағы романтизм» атты мақала жазады. Тәкен сол жылдардан өмірінің соңына дейін Абайдың «жұмбағын» шешуден танбайды.

«Абай Шыңғыстауда өссе, мен бір қияндағы Қаратауда ақындардың ішінен Абайдың есімін бірінші естідім. Қара танымайтын сәби шақта құлаққа кіріп, көкейге қонған-Абайдың нақыл сөздері. Сауатқа шала балалық кезеңде, Абайдың «Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойласы» білікті біреудің айтуынан жат болған-ды. Бір отырыста, бір айтылғаннан машық боп қалған-ды. Енді, сол өлең кітаптың есіміне жүріп отыр. О баста, күндердің күнінде ұлы Абай турасында кітап жазамын деген ой басқа келген бе?! Өмір шіркін осылай екен» [8. 164 б] деп жазады Т. Әлімқұлов «Жұмбақ жан» еңбегінің қорытынды бөлімінде. Бұл сөздерді жазушының шыны мен сырын ақтара айтқан ойы деп қабылдамасқа лаж жоқ. Ұлы Абай жайында бұрын-соңды жазылған қомақты еңбектерді есепке алар болсақ, Т. Әлімқұловтың Абай жайындағы зерттеуінің өз кезі келгенде жазбасқа болмайтын, айтылуға тиісті пайымдауларын жеткізуді мақсат еткен, жан-дүниесін жарып шыққан еңбегі деп қарауымыз қажет. Қазақ болған соң Абай жайында толғанбау мүмкін де емес тәрізді. Осы бір тұжырымды Тәкен былайша қорытады: « Абай ұрпақ атаулыны ұзақ сынайтын адам. Бүгінгі күннің ділгерлігінен туған еңбектің қыры, сыры ішінде де, ғұмыры алда . . . Осындай ішкі толғаныстан, еңбек өтемін іріктеуден кітапты «барға мәзір» етпеске шара жоқ». /сонда, Б. Еңбектің «Жұмбақ жан» деп аталуының арғы жағында зерттеушінің Абай жайында бұрын-соңды айтыла қоймаған, айтылса да дәйектелмеген кейбір қырларын нақтылай анықтауды мақсат еткенін аңғару қиын емес.

Абай және оның мұрасы жайында жазылған зерттеулердің, оны жазушылардың мінез-құлқы, білім-дәрежесі, дарын қыры, талғам мөлшері түрлі-түрлі екендігін, сонымен қоса, Абайдың өз халқының табиғатын жазбай таныса да, өзіне келгенде керемет қайшылықтарға ұрынатынын ескере отырып, Тәкен түйсікшіл, талғампаз қалыппен Абай жайындағы зерттеуіне кіріседі. Абай ақынның болмысын «қиын болмыс» деп бағалайды. Зерттеушінің Абай жайындағы зерттеуінің негізгі критерийін өзіне, оқырманына қойған төмендегі сауалынан байқауға болады: «Бұл тұлғаны қалайша анықтауға, қалайша мүсіндеуге керек? Дәуір арқылы Абайды ашамыз ба, яки болмаса Абай арқылы дәуірді ашамыз ба?» [8. 3 б] .

Зерттеуші еңбекте Абай өмірбаянының кейбір тұстарына және оның шығармашылығында көрініс берген кейбір сырларына тоқталады. Абай өмірбаянын жаңаша бажайлайды. Қазақ әдебиеті тарихында, оның ішінде Абайтануда М. Әуезов еңбегінің орасан екендігін ешкім де, ешқашан да жоққа шығармасы анық. Ғалымның Абай өмірбаянына қатысты ұзақ жылдар бойы атқарған жұмысының нәтижесінде ақын өмірбаянының біршама толық нұсқасы жасалды. Абай жайында қазақ әдебиеттану ғылымында пікір білдірмеген зерттеуші жоқ десек те, Т. Әлімқұлов өзіне дейін ақын жайында жазылған еңбектерді ой елегінен өткізе отырып, ақын өмірбаянына, оның шешімін таппаған кейбір тұстарына өзіндік пайым жасайды. Абай болмысы, Тәкенше айтсақ, «қиын болмыс». Өмірінде беймәлім сыр мол. Зерттеушінің Құнанбайға қатысты, ақынның орыс тілін үйрену, оны меңгеруіне қатысты пікірлері, ақын өлімінің себебі турасында жасаған тұжырымдары арнайы тоқтап, талдауды қажет етеді.

Құнанбай жайында қазақ оқырманының санасында ұзақ жылдар бойы қалыптасқан нақты түсінік бар. «Абай жолы» еңбегінде М. Әуезов Құнанбайды ел билеген беделді, ақылды басшы, сонымен қатар белгілі жағдайларға байланысты баласына да, айналасына да қатал, елді жұдырығында ұстаған кесек тұлға ретінде суреттейтіні белгілі. Ұзақ жылдар бойы кеңестік саясатқа байланысты қоғамда дәулетті болған, беделді, тегі бай адамдарды қудалап, сыртынан жала жауып, шығармасын оқуға тиым салып, тарихқа қиянат жасалған кезеңдер болғанын жасыра алмаймыз. Осы тұрғыдан келгенде Абай өмірбаянына қатысты бұрын-соңды айтылған пікірлерге сын тұрғысынан қарауға мүмкіндік туып отыр. Осы тұста Тәкеннің сонау 70-ші жылдары цензураның қадағалауына қарамастан Құнанбай жайындағы Янушкевич пікірін келтіруінің арғы жағында зерттеушінің сол бір поляк саяхатшысының ойын қолдағаны байқалады. Кенесары Қасымовтың бүліншілігіне байланысты ұлы жүзге сапар шеккен Вишневскийдің экспедициясына енген поляк саяхатшысы Адольф Янушкевичтің Шыңғыстауға барғанда куә болған оқиғаларын жазған күнделігінен үзінді келтіреді. Онда Құнанбайдың шешендігі, парасаттылығы, әділ қазы, тақуа жан болғандығы айтылады. Жазушының Құнанбай жайындағы бұл пікірді поляк саяхатшысының пікірі арқылы жеткізуінде қатал заманның талабын ескере отырып, тарих алдында да қиянат жасамай өзінше тапқан тәсілі болар деп жорамалдадық. Бір анығы, кез-келген мәселені өзінің ой көрігінен өткізіп, екшеп отыратын зерттеушінің Құнанбай жайындағы тарихи шындықты білмеуі мүмкін еместігі. Мұнымен қоса Тәкен Абайдың Құнанбай қанша тырысса да, өз дегеніне Абайды толық көндіре алмауының, өзі ерекше үміт күткен ұлының басқа бағытты таңдауының себебін анықтауға тырысады. Абайдың орыс тілі мен әдебиетіне қызығушылығының сырын ашқысы келеді. Абайтануда ұлы ақынның орыс тілін жетік білгендігі, орыс ақындарын аударғаны, аудармашылық шеберлігі, Абайдың орыс достары жайына тоқтамай өткен зерттеуші жоқ деуге болады. Тәкен Әлімқұлов Абайдың орыс тілін үйренуінің себебі мен оның тарихын өзінше талдайды. Зерттеуші американдық журналист Джордж Кеннанның «Сібір және жер аударылғандар» атты кітабынан қызық дерек келтіреді. Кеннан Семейде Леонтьев деген кісінің үйіне түскендігін, үй иесінің Семей кітапханасы жайында, онда жер аударылып келгендерден бөлек қазақтардың да, оның ішінде Ибраһим Құнанбаев атты қарттың да келіп, Милль, Бокль, Дрепер сынды авторларды оқитындығын айтады. Бұл айтылғандарға күмән келтірген студенттің «ол қазақ сол оқығандарын түсіне ме екен» деген сауалына Дрепер бойынша Абайдың өзіне (Леонтьевке) екі түн емтихан тапсырғандығын айтып иландырады. Бұл келтірілген дерек Абайдың орыс тілін екінің бірі меңгере алмайтын дәрежеде үйрендігіне дәлел болса керек. Абайдың орыс ақындарын аударудағы тереңдігі мен шеберлігі орыс тілін біз жорамалдаған дәржеден де артық игергендігін көрсетеді. Зерттеуші де осы бір жиі айтылса да, жете мән беріле бермейтін мәселеге өзінше тағы бір тұжырым жасайды. Абайдың Семейде жүргенде арнайы орыс тілі мұғалімін жалдап, оқуы да мүмкін-ау деген ой түйеді. Орыс тілін үйренуді Абай адами, ақындық өмірінің мақсатына айналдырғанын, орыс әдебиетінің өз шығармашылығына, қазақ әдебиетіне тигізер әсерінің шексіз боларын сезгенін байқау қиын емес. Мұнымен қоса, зерттеуші Абайдың өлең формасына қатысты жаңалықтар жасауында да орыс әдебиетінің тікелей әсері бар деген ой айтады.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Қазақ әдебиеттану ғылымы және абайтану мәселелері
Қазіргі қазақ әдебиеті сынының тарихы
«Адасқандар». романнан повестке
Т. Әлімқұлов шығармашылығындағы ұлттық психологизм
ХХ ғасырдағы қазақ баспасөзіндегі кітап сыны және жарнамасы
ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ БЕЙНЕЛЕУДІҢ КӨП ТҮРЛІ ФОРМАЛАРЫ МЕН ТӘСІЛДЕРІ
Тәкен Әлімқұлов өмірбаяны, шығармашылығы
Қазақ әдеби сынының зерттелу тарихы
Берқайыр Аманшиннің шығармашылық ізденіс саласы
ШАҒЫН ПРОЗАДАҒЫ АУЫЛ ӨМІРІ ЖӘНЕ ОНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ МІНЕЗ
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz