Ясауидің еңбектеріндегі алла сүйіспеншілігі



КІРІСПЕ ... ... ... ... ... ... ... ...3
І. қожа ахмет ясауи шығармалары және сопылықтағы махаббат қағидалары
1. 1 Қожа Ахмет Ясауи және шығармалары ... ...7
1. 2 Ясауи хикметтерінің мәні мен мазмұны ... .11
1. 3 Ясауидің «Хәл»ілімінің негізгі ұстындары ... 20
1. 4 Сопылық ілімдегі ғашықтық ұстанымдары ... .25

ІІ. ЯСАУИ ЕҢБЕКТЕРІНДЕГІ АЛЛА СҮЙІСПЕНШІЛІГІ
2. 1 Қожа Ахмет Ясауи хикметтеріндегі Аллаға ғашықтық сипаты ... ..30
2. 2«Мират ул.Қулуб» шығармасындағы махаббат көрінісі ... ... ... ... ...37
2. 3 «Пақырнама» және «Рисала дар адаби тариқат» еңбегіндегі Алла сүйіспеншілігі ... ... ... .42

2. 4 Хикметтердегі ғашықтық сарынының қазақ ақын.жырауларына ықпалы ... ... ... ..47

ҚОРЫТЫНДЫ ... ... ... ... ...58

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі ... ... ... ..60
Қазақ халқының сан ғасырлық тарихында, рухани мәдениетінде, салт-санасында, тұтасымен алғанда, ұлттық болмыс-бітімінің өн бойында Қожа Ахмет Ясауи қалыптастырған дүниетаным қайнарларының алатын орны айрықша. Оның мұраларын бүгінгі күн тұрғысынан кәдеге асыру, ұрпақ игілігіне жарату жолында көптеген нәтижелі еңбектердің жүзеге асырылып жатқаны – осының айғағы. Түркістан қаласынан жасаған сапары кезінде ұлт зиялыларымен арнайы кездескен Елбасымыз бұл жайлы өте құнды тұжырым айтты: «Дініміз мұсылман, біздің өз жолымыз бар, өз жолымызға түсу үшін біз осы Қожа Ахмет Ясауидің іліміне табан тіреуіміз керек. Егер де зерттейтін болсақ, қазақ үшін нағыз Конфуций болып шығады. Үлкенді сыйлау: ағаң – ағаң, інің – інің, әйелің – әйелің, патша – патша, барлығы өз орнында болуы керек. Біздің Қожа Ахмет Ясауидің хикметтерін қарап отырсаң, бір дастарханда жаныңда әр діннің өкілдері отыратын болса, олардың барлығы бауырың деген сөз бар. Біздің саясатымыз сол емес пе?!» деп ортаға тастаған кесек пікірі қазақ халқы үшін мемлекеттік, елдік құндылықтың негізгі іргетасы ретінде Әзірет Сұлтан қалыптастырған ілімге иық сүйеудің мерзімі жеткенін тағы бір нақтылап өтті. Сондықтан Қазақстандағы дінтану ғылымының мақсаты – тарихымызбен жасасып келе жатқан төл ғұлама-ғалымдарымыздың еңбектерін, туындыларын жарыққа шығарып, оларды зерттеу ісін жүйелі түрде ұйымдастыру болып отыр.
1. Келімбетов Н. Ежелгі әдеби жәдігерліктер. – Алматы: Алатау, 2005.
2. Кенжетаев Д. Т. Қожа Ахмет Иасауи философиясы және оның түркі дүниетанымы тарихындағы орны. Филос.ғыл.док.ғыл.дәрежесін алу үшін жазылған диссертация. – Алматы, 2007.
3. Köprülü. F. Türk Edebіyatında İlk Mutasavvıflar. Ankara, 1991.7. Baskı. D.İ.Yayınları.
4. Muhammed Rahım Carmuhammedulı: “Hoca Ahmet Yesevі’nіn Hayatı Hakkında Yenі Delіller ve Onun Bіlіnmeyen “Rіsale” Adlı Eserіnіn İlmі Değerі”, Ahіlіk Yolu, 97 (Mart 1994) 24-26.
5. Қожа Ахмет Ясауи. Рисала дар адаби тариқат: Қолжазба кітап. Ауд. С.Моллақанағатұлы. – Түркістан: «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы, 2012.
6. Кенжетай Д. Қожа Ахмет Ясауи дүниетанымы. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2008.
7. Хаққул И. Ахмад Яссавий. Тошкент: Ғафур Ғулом номидаги Адабият ва санъат нашрияти, 2001.
8. Ахметбек А. Қожа Ахмет Иассауи. Алматы: Санат, 1998.
9. Туркияда яссавийшунослик. Тошкент: Ғ.Ғулом номидаги Адабият ва санъат нашрияти, 1999.
10. Диуани хикмет. Аударған Ә.Жәмішұлы. Алматы: Өнер, 1998. –65б.
11. Диуани хикмет. Аударғандар М.Жармұхамедұлы, С.Дәуітов, М.Шафиғи. Алматы: Мұраттас, 1993.
12. Яссауи Қожа Ахмет. Хикметтер. Алматы: Атамұра–Қазақстан, 1995.
13. Әбдірәсілқызы А. Қожа Ахмет Ясауидің ақындық мектебі / Қожа Ахмет Ясауи мұралары мен ілімінің зерттелу мәселелері. Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы. – Түркістан, 2008.
14. Риадус салихин. 4 том. Саудия: Дәрәл исфахани литтәбәғәти сәждә, (жылы көрсетілмеген).
15. Боқирғон китоби. - Тошкент: Езувчи, 1991.
16. Лотман Ю. Мәдениеттер типологиясы // Әлем. Альманах. - Алматы: Жазушы, 1991.
17. Мыңжан Н. Қазақтың көне тарихы (Дайындаған М.Қани). Алматы: Жалын, 1994.
18. Мәшһүр-Жүсіп Көпеев. Шығармалары. 9 т. Павлодар: 2006.
19. Әзірет Сұлтан Қожа Ахмет Йасауи. Көңілдің айнасы (Мират-ул қулуб). Дайындаған: Досай Кенжетай Тұрсынбайұлы. Анкара: Билиг, 2000.
20. Мұқанов С. Таңдамалы шығармалар: 16 томдық. Т. 15 Халық мұрасы. Тарихи-этнографиялық шолу. Әдеби портреттер. Алматы: Жазушы, 1979.
21. Сейітова А. Абай мен Хафиз шығармашылығындағы жүрек культі. /http://abai-inst.kz/?p=1830
22. Қожа Ахмет Ясауи. Хикмет жинақ. – Алматы: «Жалын», 1998.
23. Баласағұн Жүсіп. «Құтты білік». Аударған А. Егеубай. - Алматы: «Өлке», 2006.
24. Шәкәрім. Иманым. – Алматы: Арыс, 2000.
25. Нұрғали Р. Жеті томдық шығармалар жинағы. Т. 7. Қазақтың 10000 мақал-мәтелі. Астана: Фолиант, 2006.
26. Қазақтың мақал-мәтелдері. Құрастырған А.Нысаналин. Алматы: ҚАЗақпарат, 2004.
27. Шайх Худайдад ибн Таш-Мухаммад ал-Бухари. Бустан ул-Мухиббин. - Түркістан, 2006.
28. Барлыбаева Г.Ғ. Тәуелсіздік үшін күрес кезеңіндегі қазақ ойшылдарының этикалық көзқарасы // Қазақ даласының ойшылдары (XVIII-XIX ғғ.) 4-кітап. Алматы: Философия және саясаттану институының компьютерлік-баспа орталығы, 2004.
29. Eraslan K “Yesevі’nіn Fakr-namesі, TDED, C. XXІІ, İstanbul 1997,s. 45-120+15.
30. Hazіnî. Cevahіrü’l Ebrar Mіn Emvacі’l Bіhar. İstanbul Ünіversіtesі Kütüphanesі, Türkі Elyazmalar Bölümü. №14а.
31. Жеменей И. Діни терминдер // Ақиқат. 2005.
32. Майлықожа. Шығармалар. Ә. Оспанұлы. – Алматы, 2005.
33. Сейітжан ақын мен Жорықбай жырау: Өлең, толғау, арнаулар. –Алматы: Арыс, 2006.
34. Ойнарова Н. Нұртуғанның термесі. Біссімілла деп жаздым хат. Жүрек тазалығы. CD – диск.
35. Қыраубайқызы Алма. Ежелгі әдебиет. – Алматы: Қазақ университеті, 1999.
36. Әліпхан М. Қ.А.Ясауи хикметтерінің адамгершілік іліміне қатысы // Қожа Ясауи мұраларының бүгінгі таңдағы зерттелу көрінісі. Халықаралық ғылыми конференция материалдары. – Алматы: Арыс, 2008.
37. Мәшһүр Жүсіп. 30 томдық таңдамалы шығармалары. 12-том. – Алматы: Ел-шежіре, 2008.

Пән: Дінтану
Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 61 бет
Таңдаулыға:   
ҚОЖА АХМЕТ ЯСАУИ АТЫНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАЗАҚ-ТҮРІК УНИВЕРСИТЕТІ

Тарих және педагогика факультеті

Дінтану және теология кафедрасы

ЯСАУИДІҢ ЕҢБЕКТЕРІНДЕГІ АЛЛА СҮЙІСПЕНШІЛІГІ

Орындаған:
4 курс студенті Мақсат Құдайбергенов

Ғылыми жетекші:
филос.ғ.к., доцент

Норма бақылаушы:

Қорғауға жіберілді
“___”_____________ 2016 ж.

Кафедра меңгерушісі:
филос.ғ.к., доцент

Түркістан, 2016
МАЗМҰНЫ

КІРІСПЕ ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ..3

І. қожа ахмет ясауи шығармалары және сопылықтағы махаббат қағидалары

1. 1 Қожа Ахмет Ясауи және шығармалары ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ..7

1. 2 Ясауи хикметтерінің мәні мен мазмұны ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... 11

1. 3 Ясауидің Хәлілімінің негізгі ұстындары ... ... ... ... ... ... .. ... ... ... ... ..20

1. 4 Сопылық ілімдегі ғашықтық ұстанымдары ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... 25

ІІ. ЯСАУИ ЕҢБЕКТЕРІНДЕГІ АЛЛА СҮЙІСПЕНШІЛІГІ

2. 1 Қожа Ахмет Ясауи хикметтеріндегі Аллаға ғашықтық сипаты ... ..30

2. 2 Мират ул-Қулуб шығармасындағы махаббат көрінісі ... ... ... ... ...37

2. 3 Пақырнама және Рисала дар адаби тариқат еңбегіндегі Алла сүйіспеншілігі ... ... ... ... ... . ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ..42

2. 4 Хикметтердегі ғашықтық сарынының қазақ ақын-жырауларына ықпалы ... ... ... ... ... ... ... . ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... .47

ҚОРЫТЫНДЫ ... ... ... ... ... ... .. ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ..58

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі ... ... ... ... ... ... ... . ... ... ... ... ... ... ... ... ... ..60

КІРІСПЕ

Жұмыстың жалпы сипаттамасы.
Қазақ халқының сан ғасырлық тарихында, рухани мәдениетінде, салт-санасында, тұтасымен алғанда, ұлттық болмыс-бітімінің өн бойында Қожа Ахмет Ясауи қалыптастырған дүниетаным қайнарларының алатын орны айрықша. Оның мұраларын бүгінгі күн тұрғысынан кәдеге асыру, ұрпақ игілігіне жарату жолында көптеген нәтижелі еңбектердің жүзеге асырылып жатқаны – осының айғағы. Түркістан қаласынан жасаған сапары кезінде ұлт зиялыларымен арнайы кездескен Елбасымыз бұл жайлы өте құнды тұжырым айтты: Дініміз мұсылман, біздің өз жолымыз бар, өз жолымызға түсу үшін біз осы Қожа Ахмет Ясауидің іліміне табан тіреуіміз керек. Егер де зерттейтін болсақ, қазақ үшін нағыз Конфуций болып шығады. Үлкенді сыйлау: ағаң – ағаң, інің – інің, әйелің – әйелің, патша – патша, барлығы өз орнында болуы керек. Біздің Қожа Ахмет Ясауидің хикметтерін қарап отырсаң, бір дастарханда жаныңда әр діннің өкілдері отыратын болса, олардың барлығы бауырың деген сөз бар. Біздің саясатымыз сол емес пе?! деп ортаға тастаған кесек пікірі қазақ халқы үшін мемлекеттік, елдік құндылықтың негізгі іргетасы ретінде Әзірет Сұлтан қалыптастырған ілімге иық сүйеудің мерзімі жеткенін тағы бір нақтылап өтті. Сондықтан Қазақстандағы дінтану ғылымының мақсаты – тарихымызбен жасасып келе жатқан төл ғұлама-ғалымдарымыздың еңбектерін, туындыларын жарыққа шығарып, оларды зерттеу ісін жүйелі түрде ұйымдастыру болып отыр. Осы орайда, Қожа Ахмет Ясауидің Диуани хикмет, Мират ул-Қулуб, Пақырнама, Рисала дар адаби тариқат еңбектеріндегі негізгі мәнді ұғымдар мен түсініктерді зерттеп-зерделеп, ондағы сырлы ойларды, әсіресе иләһи ғашықтық, махаббат мәселесін ашып талдап көрсетудің маңызы артып келеді. Әрине, Қожа Ахмет Ясауидің Диуани хикметі жөнінде бірқатар зерттеу еңбектер жарыққа шықты, көптеген жаңалықтар ашылды. Бірақ оның еңбектеріндегі жүрек тазарту, көңілдің көзін аршу, кемел адам қалпына жету, Аллаға ғашық болу, дидар аңсау қағидаларын тереңірек таныту кешеуілдеп қалды. Себебі ұрпақ сабақтастығының үзілуі нәтижесінде дананың хикметтері мен басқа да еңбектерін ұқтыратын шынайы мамандар қалмады. Бұл жерде айта кететін бір мәселе, Диуани хикмет пен басқа да шығармалары мыңдаған жылдар бойы Тұран топырағындағы, Түркілер мекеніндегі мектеп-медреселерде оқытылған негізгі пәндердің бастысы болған. Сол арқылы түркі топырағында иләһи ғашықтық сезімі тамыр жайды. Дидар талап етіп, халыққа қалтқысыз қызмет еткен сопылар, шайырлар шоғыры молайды. Ясауи баба шәкірттерінің жанқиярлық еңбектерінің арқасында түркі жұртындағы бүкіл медреселерде сопылық ілімнің асыл қағидаларынан дәрістер оқылды, олардың барлығы хикметтерден тамыр тартқан. Соның арқасында діни мәдениет тереңге тамыр жайды, рухани өркениет даму көкжиегіне ұласты, моральдық-этикалық кешен толығымен қалыптасты. Еліміздің тарихында аты қалған ұлы тұлғалардың Қожа Ахмет Ясауидің туындыларынан, ойларынан сусындағаны, хикметтерден алған тәлім-тәрбие желісі арқылы кемелденгені кейбір деректерде еміс-еміс кездесіп қалғаны болмаса, оны нақты түбірлеп жазған ғалымдар жоқтың қасы. Абайдың Махаббатпен жаратқан адамзатты, Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті деп тебіренуі Алла мен адамды және әділетті сүюдің өзегі іспеттес. Бұл қағида сөз жоқ, Әзірет Сұлтанның дүниетанымынан тамыр тартып жатыр. Сопылық философия бойынша болмыс атаулының барлығы Тәңірдің махаббаты арқылы жаратылған. Абайдың да “...Махаббатпен жаратқан адамзатты” деген ойының түп-төркіні осы сопылық философия болып табылады. Тәңірдің болмыстарды жаратуының себебін “Мен құпиялы қазына едім, танылғым келгендіктен болмыстарды (махлуқатты) жараттым” мазмұндас қасиетті хадистен табуға болады. Яғни бұл хадисте жаратудың мақсаты – Тәңірдің танылуы деп түсіндірілген. Шынайы сопы Алланы танып, оның дидарын көруді мақсат етеді. Яғни жүрегінде ғашықтық оты тұтанады.
Сондықтан Қожа Ахмет Ясауи шығармаларындағы Алла сүйіспеншілігінің қарастыру ұлттық дүниетанымымыздың, халықтық санамыздың түп-төркінін тану болып шығады. Біз бұл зерттеу еңбегімізде Қожа Ахмет Ясауидің Диуани хикмет, Мират ул-Қулуб, Рисала дар адаби тариқат, Пақырнама еңбектеріндегі иләһи ғашықтық, махаббат қағидасы мен олардың қазақ ақын-жырауларындағы сабақтастығын талдап көрсететін боламыз.

Зерттеудің көкейкестілігі.
Қожа Ахмет Ясауидің Диуани хикмет, Мират ул-Қулуб, Рисала дар адаби тариқат, Пақырнама шығармаларындағы Алла сүйіспеншілігі, махаббат, ғашықтық мәселелерін зерттеп-зерделеу арқылы, оның ғасырлар бойы қазақ дүниетанымының, сопылық ілімдегі негізгі тұжырымдар мен қағидалардың дамуына тигізген ықпалын, әсерін көрсету арқылы сопылықтағы ең өзекті мәселе – дидар талап ету, кәміл болмысқа жету шарттарын, оған жайттарды танып-білуге жол ашылады. Қожа Ахмет Ясауи шығармаларындағы Аллаға деген ғашықтық, сүйіспеншілік мәселесі туралы жалпы ғылыми зерттеулерде айтылып кеткені болмаса, арнайы бір тақырып ретінде қарастырылмаған. Бұл еңбектің тарихи қажеттілігін бүгінгі күн тұрғысынан бағамдап, сонымен бірге негізгі ұғымдар мен түсініктерді, образдарды ашып көрсету біз таңдаған тақырыптың өзектілігі болып табылады.

Зерттеудің мақсаты.
Қарастырып отырған негізгі мәселелерге сай зерттеу төмендегідей бірнеше мақсаттарды көздейді:
- Сопылық ілімдегі махаббат, ғашықтық қағидаларының бастауын, символдық образдарды айқындау;
- Қожа Ахмет Ясауидің Диуани хикмет шығармасындағы иләһи сүйіспеншілік, махаббат ұғымдарының негізгі сипаттамасын, сабақтастығын анықтау;
- Мират ул-Қулуб, яғни Көңілдің айнасы мұрасындағы көңіл тазалығы, махаббат, ғашықтық тұжырымдарын ғылыми тұрғыдан талдау. Оның негізгі шарттарын сопылық қолжазбалар, еңбектер контекстінде сипаттау;
- Пақырнама шығармасы мен ондағы пақырлық, ғашықтық философиясының өзегін талдау;
- Рисала дар адаби тариқат еңбегінің қазақтың ұлттық дүниетанымына сәйкес қырларын анықтау. Ондағы махаббат, сүйіспеншілік ұғымдарының аксиологиялық қасиеттерін зерделеу.

Зерттеудің нысаны.
Қожа Ахмет Ясауидің Диуани хикмет, Мират ул-Қулуб, Рисала дар адаби тариқат, Пақырнама шығармаларындағы ғашықтық, махаббат ұғымдарының сипаттарын, қағидаларын сопылық ілім аспектісі тұрғысынан қарастыру.

Зерттеудің ғылыми болжамы.
Қожа Ахмет Ясауидің еліміз үшін аса зор құндылық болып табылатын мұраларының, оның ішінде Диуани хикмет, Мират ул-Қулуб, Пақырнама, Рисала дар адаби тариқат шығармаларындағы Аллаға ғашықтық, махаббат мәселесін зерттеп, оларды бүгінгі еліміздегі оқу және тәрбие үдерісіне енгізуге жол ашылады, соның арқасында кәміл ұрпақ тәрбиесі мен ғылыми жағдайды ұштастыру Қазақстан қоғамында қажетті процесс ретінде жүзеге асырылады.

Зерттеудің міндеті.
Зерттеуде біз мынадай міндеттерді алдымызға қойып отырмыз:
- Қожа Ахмет Ясауидің Диуани хикмет шығармасының мәні мен маңызын көрсету, ондағы ғашықтық, махаббат ұғымдары мен қағидаларын айқындау;
- Мират ул-Қулуб, Пақырнама еңбектеріндегі махаббат мәселелерін талқылау;
- Қазақ дүниетанымындағы Қожа Ахмет Ясауи еңбектеріндегі махаббат философиясының әсері мен ықпалын салғастыру.

Зерттеудің әдістемесі.
Дипломдық зерттеуде салыстырмалы, тарихи-аналогиялық, анализ және синтез, талдау әдістері қолданылды.

Зерттеу жұмысының практикалық мәнi. Зерттеу жұмысын жоғарғы оқу орындарындағы дінтану мамандықтарында Ясауитану, тасаууф, қазақтың дәстүрлі мәдениеті пәндері бойынша қолдануға болады.

Дипломдық жұмыстың құрылымы. Дипломдық жұмыс кіріспеден, екі тарау мен сегіз бөлімнен, қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

І. ҚОЖА АХМЕТ ЯСАУИ ІЛІМІНІҢ МАЗМҰНЫ МЕН МАҢЫЗЫ

1.1 Қожа Ахмет Ясауи және шығармалары

Түркі халықтарының ұлы ұстазы Қожа Ахмет Ясауидің түркі халықтарының болмыс-бітімінің, салт-дәстүрінің, рухани дүниетанымының қалыптасуындағы орны мен маңызы ерекше. Оның хикметтері, асыл сөздері мен рухани көзқарастары әлі күнге дейін халық арасында ұмытылмай, жалғасып келе жатыр. Мың жылдан астам уақыт бойы Ясауидің даналық сөздері, ойлары түркі топырағына жан бітіріп, Түркі-Ислам мұсылмандық болмысының кемелденуіне себеп болды. Әзірет Сұлтан атанған ұлы дананың тұлғасы мен шығармалары, әсіресе еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары қайтадан зерттеліп, қолға алына бастады. Ол туралы іргелі зерттеулер, көлемді еңбектер, ғылыми маңызы зор мақалалар жазылды. Дегенмен Қожа Ахмет Ясауиді толық-танып білудің мүмкін еместігі анық.
Қожа Ахмет Ясауидің бірқатар шығармалары қалған. Диуани хикмет, Мират ул-қулуб, Рисала дар адаби тариқат, Пақырнама еңбектері.
Диуани хикмет шығармасы Қожа Ахмет Ясауидің жан сырлары, хикметтері жинақталған ұлы туынды. Онда Аллаға деген ғашықтық, сопылық хәлдер, ахлақ мәселесі сөз болады. Хикметтер Түркі халықтарының арасында ең көп таралған шығарма ретінде белгілі. Ол туралы, ондағы негізгі ұғымдар мен мазмұны жайлы алдағы бөлімде кеңінен талдайтын боламыз.
“Мират-ул Қулубтың” қазіргі кезде ғылыми айналымда жүрген нұсқасының алғаш хатқа түсуі немесе жинақталуы жұмыстары хижралық есеп бойынша VІІІ ғасырда қолға алынғандығы туралы деректер бар. Яғни, бұл рисала біздің жыл санағымыз бойынша XІV-ші ғасырда жазылған. Бұл нұсқа Швецияның Упсала қаласындағы Университет кітапханасының ескі жазбалар қорының №472 жинағында, шағатай тілінде жазылып 158б-177а-беттер арасында орналасқан. 534 парақтық бұл жинақ 12491833 жылы көшіріліп, қайта жазылған [1, 234].
Мират-ул Қулубтың негізгі идеясы – адам жанының (рухтың) тазалыққа, кемелдікке жету үшін қажетті болатын шарттар мен қағидаларды оқырманға түсіндіру. Адамның рухани тұрғыдан жетілгендігі оның көңіл айнасынан, яғни жан тазалығынан, мінез-құлқынан, әрбір әрекетінен айқын көрініп тұруы тиіс. Сопылық ілімнің негізгі мақсаты – көңілдің көзін ашу, яғни адамды рухани тұрғыдан жетілдіре түсу болып табылады.
“Мират-ул Қулубтың” жазылу мақсаты – Қожа Ахмет Ясауидың сопылық көзқарастарын жинақтау болып табылады. Кейіннен осы рисала оның шәкірттері тарапынан жиналып, кітап халіне келген болуы ықтимал. Өйткені, бұл құбылыс тасаууф тарихында, сопылық мәдениетінде жиі кездесіп отыратын жағдай. Мысалы “Көңілдің айнасы” рисаласының кіріспе бөлімінде: “Бұл тәбәрік рисаланы жинақтап хатқа түсірген шариғаттың дәлелі, тариқат тобының өкілі – Мәулана Суфи Данышменд екендігін біліп жүр және хабарың болсын. Даналардың (арифтердің) сұлтаны, тақуалардың жол көрсетушісі, жер жүзінің темір қазығы (қутуб ул-ақтабы) Қожа Ахмет Ясауидің (Алла оған рақым етсін!) айтқандарын азиз Суфи Мұхаммед Данышменд бізге жеткізген (болатын)” делінген. Сонымен қолымыздағы рисаланың өзі Зарнуқидың жазған рисаласын көшірген адамның дерегі [2, 172].
Бұл еңбекті әлі күнге дейін ешкім пайдалана алмай келді. Фуад Көпрүлү “Түрік әдебиетінде алғашқы сопылар” [3] атты еңбегін жазарда “Мират-ул Қулуб” деген Ясауиге қатысты туындының бар екендігін білмегендігі туралы айтылады. Бұдан кейінгі жылдарда Ясауитану саласында зерттеу жүргізгендердің ішінде де бұл еңбектен пайдаланғандар болмаған. Бұған себеп Ясауитану саласының алғашқы қарқынын жоғалтуы десек қателеспейміз. Түркияда да Түркістанда да “дін және ұлттық мәдениетке қарсы жүргізілген саясат” бұл мәселеге деген қызығушылыққа салқынын тигізгені белгілі жай.
Тек 2000 жылы ғана Ясауитанушы ғалым Досай Кенжетай Мират ул- Қулуб қолжазбасын кітап етіп бастырып шығарды. Кітапта шағатай тіліндегі қолжазба нұсқасы да берілген. Ғалымның диссертациялық еңбегінде де Мират ул-Қулуб жайлы терең талдаулар жасалған.
Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасының қолжазба және ескі кітаптар қорында “Мират-ул қулуб” рисаласының “Упсала”, “Алматы”, “Лаһор” және “Ташкент” нұсқалары бар. Алматы нұсқасының Упсала нұсқасынан мазмұндық жағынан айырмашылығы жоқ. М.Жармұхаммедұлы мақаласында “Мират-ул Қулубты” емес, “Пақырнама” (жинақта “Рисала” деген атпен берілген) трактатын сипаттаған [4, 24-26; 28-29]. Алматы нұсқасындағы топтамада бірінші, “Рисала”, “Миратул-Қулуб” және “Рахат-ул аруах” сияқты үш трактат түптелген. Исламдық кітап мәдениетінде бірнеше трактаттардың бірге түптеле беретіндігі ескерілмеген. Бұл М.Жармұхаммедұлының трактаттарды бәрін қосып бір атпен атауына жол ашқан. Ал негізінен үшеуінде де сопылықтың оның ішінде Ясауитану мәселесі бойынша беретін мағлұматтары әр қилы және өзіндік орындары бар салмақты рисалалар.
“Мират-ул Қулуб” Ясауийа мәдениетінің алғашқы кезеңіне тән болуы, сонымен бірге әрі Садр Ата Рисаласы сияқты сол кезеңдегі Қожа Ахмет Ясауидың кейбір еңбектеріне тоқталып, мәліметке толы шолу жасауы тұрғысынан өте маңызды еңбек болып табылады.
Рисала дар адаби тариқат еңбегі Ясауи тариқатының маңызды қасиеттерін, шарттарын, рухани сипатын беретін бірден бір қажетті қолжазба болып табылады. Бұл қолжазбаны 2009 жылы Әзірет Сұлтан мемлекеттік тарихи-мәдени қорық мұражайының ғылыми қызметкері С. Моллақанағатұлы Ташкент қаласындағы қолжазбалар қорынан тауып әкеліп, кітапша етіп жариялады. Ол 2012 жылы жарыққа шықты [5, 52].
Ташкент қаласы қолжазбалар қорындағы Рисала дар адаби тариқат қолжазбалар нұсқасы № 3808, № 6652 № 9175 тіркеу нөмірлерімен сақталған. Негізінде қолжазбалардың арасында айтарлықтай айырмашылық жоқ. Кейбір сөздерінің жазылмай қалуы немесе қате жазылуы ғана байқалады. Ғалым үш қолжазбаның жазуларына қарап ең тәуірлеуі деп № 3808 таңдап, негізгі нұсқа ретінде пайдаланған. Институттің картотека бөлімі дайындаған карточкалық мәліметтерде қолжазбаның инвентарлық нөмірі № 3808 – ХІІ, кітаптың аталуы Адаби тариқат, авторы Қожа Ахмет Ясауи, қолжазбаны көшіруші Ғани қожа уалади Хайролла қожа, көшірілген жылы 1253, бетінің ені мен ұзындығының өлшемі 14,5х24,5, 5 парақ (320 – 316), әр бетте 15 қатар жазу бар, жазу түрі настағлиқ, тілі парсы тілінде деп жазылған. Кітапты және оның көшірмесін зерттеп, жоғарыдағы мәліметтерді толықтырдық. Инвентарлық нөмірі: № 3808 – ХІV деп тіркелген. ХІV дегеніміз түптелген қолжазба кітаптың ХІV шығармасы деген сөз. Оны карточкада ХІІ деп көрсеткен екен. Қолжазба кітап 1б беттен басталып, 325а бетпен аяқталады. Қолжазба кітаптың ХІV бөлімінен орын алған Рисала дар адаби тариқат рисаласы қолжазба кітаптың 312б бетінен басталып, 316б беттен аяқталған яғни а мен б беттерін бөлек-бөлек санағанда 9 беттен тұрады. Қолжазбаның ХІІІ бөлімінде, парсы тіліндегі рисала дар баиан-и сурат-и пақыр рисаласы, ХV бөлімде парсы тіліндегі рисала дар баиан-и қайида-и тариқ рисаласы орын алған. Көшірушінің аты-жөні, көшірген жылы 322б бетінде фақир хақир Ғани қожа уалади Хайролла қожа, 12531837 – 38, жұма күні деп көрсетілген. Көшірілген жылы кітаптың VІ, VІІ бөлімдерінде де көрсетілген.
Енді кітаптың мазмұндық сипаттамасына тоқталып, сипаттамасын жасап кетейік. Рисала парсы тілінде, кіріспе мен он екі баптан тұрады, . Кіріспесі бисмилла яғни Мейрімді Рақымды Алланың атымен бастаймын деген сөзбен басталған. Одан кейін Бұл Қожа Ахмет Ясауидің рисаласы деген сөйлеммен жалғасын табады. Бұл бөлімде Қ.А. Ясауидің екі лақап атын көреміз. Біріншісі Құтб ут-тариқат, екіншісі бурхан ул-хақиқат. Құтб – тірек, темірқазық деген ұғымды білдіреді. Әулиеліктің жеті мақамының ең жоғарғысы яғни жетіншісі құтб деп аталады. Сопылық әдебиеттерде тариқат сөзін былай ашықталып келеді: тариқат этикалық-моральдық қағидалар мен ритуалдарды қамтитын, Хаққа ұласуды қамтамасыз ететін жол. Тариқат жеке әдіс, әдістемелік ережелер деген мағыналарға да келеді. Кемел жол көрсетуші ұстаздың қадағалауымен талапкердің Аллаға ұласуы үшін, яғни әрдайым Алланы терең ойлау, оны сезіну мақсатында қолданған әдісті тариқат дейді [6, 231]. Ясауи қутб-ул ақтаб – құтбтардың құтыбы” ретінде де танылған. Руханияттың шыңына көтерілген құтбтардың құтбы болу, ол кісі үшін үлкен дәреже. Сол сияқты тариқаттың құтбы деп аталуында да үлкен мән болса керек. Ал-бурхан араб сөзі. Құжат, дәлел деген ұғымдарды білдіреді. Пайғамбарымыз бір хадисінде: шариғат – айтқан сөздерім, тариқат – жасаған істерім, хақиқат – менің хәлім дейді. Хақиқат – өмір шындығы. Ясауи бабамыздың сол хақиқатқа жеткендігі, басқаларға да жетуге көмектесе алатындығына байланысты осы лақап ат берілген болуы мүмкін.
Әулие Бабаның артында қалған еңбектерін терең зерделейтін болсақ, оның негізгі мазмұнының шәкірттерге діннің асыл мұраттарын, сопылықтың қағидаларын ұғындыруды мақсат еткенін көреміз. Мират ул-Қулуб рисаласының бас жағында барша шәкірттерінің жиылып келіп ұстазына ...шайхтық пен мүридтік жайында және осы ұлы силсиланың сулукы (методы) мен тариқаты жайынан мәлімет берсеңіз, өзіңізден кейінгі (тариқатшы) шәкірттеріңізге (жәдігер) мирас болып қалар еді - деп ұсыныс жасағандығы, соның нәтижесінде рисаланың хатқа түскендігі жайлы айтылады. Рисала дар адаби тариқат шығармасының да осы ниетпен дүниеге келгендігін аңғаруға болады. Бұл еңбек шын хақиқатты іздеп, сапарға шыққан талапкерлерге осы жолдың қыр-сырын, яғни тариқаттың әдептері мен тәртібін тереңірек ашықтап баян етуді көздеген. Рисаланың оны екі бабында да шәкірттер үшін аса қажетті шарттар талданып көрсетілген.
Он екі баптың атаулары төмендегідей:
1. Бірінші бап: тариқаттың ахкамы (үкімдері) туралы;
2. Екінші бап: тариқаттың арканы (негіздері) туралы;
3. Үшінші бап: тариқаттың уажибаты (міндеттері) туралы;
4. Төртінші бап: тариқаттың сүннеттері туралы;
5. Бесінші бап: тариқаттың мұстахабтары туралы;
6. Алтыншы бап: тариқаттың әдептері туралы;
7. Жетінші бап: рухани ұстаздардың шәкірт қабылдауы туралы;
8. Махаббат туралы;
9. Бап: ышық туралы;
10. Бап әл-мағрифат, яғни таным туралы;
11. Мағрифат туралы;
12. Бап: дәруіштік туралы.
Бірінші бапта тариқаттың алты үкімі туралы егжей-тегжейлі баяндалады. Яғни олар: таным, жомарттық (сахауат), шыншылдық, айқындық, пікір ету, салмақтылық сияқты қағидалардан тұрады. Осы орайда жалпы халықтың қамын ойлап, іс тындырып, сахауат көрсету тек ерлерге ғана тән қасиет екендігі бабалар мұрасында көрсетілген. Аталған қасиеттердің барлығы жеке-жеке талданып, тұтас халықтың санасына моральдық-этикалық құндылықтар сипатында сіңірілген. Бұл сабақтастықтың бертінге дейін қазақ дүниетанымынан берік орын алып келгендігі ақиқат. Қожа Ахмет Ясауи тариқаттың мұстахабтары ретінде (мұстахаб - таңдаулы, ең көркем амал) қонақ күту, мейманның қамын жасауға орын берген. Ерекше көңіл аударуға тұрарлық жайт, XVI ғасырда өмір сүрген Қожа Ахмет Ясауи жолының үлкен өкілдерінің бірі Хасан Хазини Жауаһир ул Абрар мин Амуаж-ил бихар (Теңіз толқындарындағы ізгіліктің гауһарлары) атты еңбегінде тариқаттың негізгі он қағидалары қамтылған. Аталмыш дүниедегі келтірілген түйіндер Тариқат әдептері туралы баян шығармасындағы мәселелермен ұқсас, үндес түсіп отырады. Бұл шығармада да автор тариқаттың алты ерекше қасиеті ретінде қонақжайлық қасиетті алға тартады. Ясауитанушы ғалым Досай Кенжетай тариқаттың осы ұстанымын негізге ала отырып, мынадай пікір айтады: Ясауия тариқатының бір ерекшелігі ондағы сопылық ұғымдарды беретін тіркестер тікелей асқа қатысты болып келеді. Мысалы, сопылық ілім – құрма, тариқат жаю – софра (дастархан) жаю, тұту, әулиелік ишараты – софра қалдырмақ, тариқат қағидаларының ең бастысы – қонақ күту, ас жегізу, нан тарату және т.б.. Қазақ халқының Құтты қонақ келсе, қой егіз табады, Болар бала қонаққа үйір, Өзі қонақ болып көрмеген, қонақты сыйлай да білмейді, Үйге келген қонаққа тамағыңды да бер, қабағыңды да бер т.б. мақал-мәтелдері Ясауи дүниетанымы мен ұлттық менталитетті біте қайнастырып, ажырағысыз күйде қабыстырып жіберген. Ұстазға құрмет көрсету, шыншылдық таныту, жалған сөйлемеу сияқты мінез бітім-болмысының ұлттық тәрбиеде қалыптасу жүйесіне Әзірет Сұлтанның ілімінің өзіндік ықпалы болғандығы да оның жүрегінен шыққан туындыларды қадағалай қарастыру барысында айқындалады.

1.2 Ясауи хикметтерінің мәні мен маңызы

Қожа Ахмет Ясауидің Диуани хикмет шығармасы тек қазақтың ғана емес, барша мұсылман түркілердің ортақ рухани мұрасына айналды. Әзірет Сұлтанға түркі дүниесінің атақты тұлғалары, ақын-жыраулары, даңқты шайырлары, ойшылдары жыр арнап, оның рухына тағзым етті. Ясауи шығармалары мен жырлары, хикметтері ХХ ғасырдың басына дейін түркі халықтарының мектеп-медреселерінде негізгі пән ретінде оқытылды. Алланың дидарына ғашық сопылар Ясауидің ғашықтық, махаббатты арқау еткен ойларының негізінде шырынды, сырлы жырлар жазып тебіренді. Оның хикметтері мен басқа да шығармаларындағы алтын өзек тұтас ұлттың дүниетанымына айналды. Хикмет ілімі, хәл ілімі, ар ілімінің сабақтастығы жүлге, желі болып таралып, Ислам мәдениетін ең жоғарғы дәрежеде жарқырата танытты. Хикметтердің мәні адамның тылсым әлемге талпынып тұратын өзгеше болмыс екендігін көрсетуден тұрады. Қожа Ахмет Ясауи өз басындағы хәлді, күйді сөз ету арқылы адам баласының Ғаршыға, Күрсіге, Лаух пен Қаламға жетіп, Аллаға деген махаббатын, пәк сезімін ақтара алуға қабілетті жаратылыс екендігін сипаттайды. Оның осы ілімі замана көшінде көмескі тартып қалғанмен, қазіргі кезде осы мән мен мазмұнға жетуге ұмтылыс оянып келеді.
Түрік ғалымы профессор Исмайыл Жақұттың: “Қожа Ахмет Ясауи болмағанда, бүгінгі түркілердің нендей дінге ие болып, қандай сопылық жолдың ізбасары болатындығын елестетудің өзі қиын”, – деп [7, 12] жазғанындай, Ясауи ілімінің арқасында түркілер бір тариқаттың жолына негізделді. Оған себеп, сопы ақынның Жаратушыға деген ұлы махаббатты таза ислами қағидалар негізінде емес, қайта оны жергілікті тұрғындардың түсінігіне лайықты етіп жеткізуінде болса керек. Ақын өмірін зерттеген А.Ахметбектің: “Табиғатынан дара тұрған Ахмет Ясауи Тұран жерінде бұрынғыдан мирас болған Көк Тәңірлік нанымдардың түркі табиғатына жақындығын, жергілікті халықтың сана-сезіміне сіңген тұтастығын белгілі дәрежеде дала заңдылықтарының негізін құрағанын көрмей тұрмады. Бұл ғұламаның ислам дінінің суфизмдегі бейімделгіштік қасиетін толығынан пайдалана отырып, екі дүниетанымның жанасар, үйлесер жерін іздеуіне мүмкіндік берді. Сөйтіп, Ясауи өз халқының бағзыдан қалыптасқан діни нанымнан, салт-санасынан нәр ала отырып, ислам дінінің қалыбына сияр оқу, мектеп оқу әрекетін бастайды”, – деген [8, 26] пікірі біздің ойымызды айшықтай түседі. Ислам келгенге дейін тәңірлікпен қоса, әртүрлі ырым-тыйымдарды қатар ұстап келген түркі халықтары Ясауидің таңдаған жолын өздеріне қош көріп, соның ізбасарына айналды.
Соңғы жылдары ақын мұрасы бірнеше рет қазақ тіліне аударылып та, түпнұсқа қалпында да жарық көрді. Атап айтар болсақ, Ә.Жәмішұлы мен Е.Дүйсенбайұлы [9] сияқты ақындар хикметтердің көркем аудармасын жасаса, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкерлері М.Жармұхамедұлы, С.Дәуітұлы, М.Шафиғи бастаған ғалымдар “Диуани хикметті” жолма-жол тәржімалап шықты [10]. Сонымен бірге, Ясауи шығармалары Ирандағы “Әл-һұда”, Алматыдағы “Атамұра” және “Дайк-пресс” баспаларынан да [11], [12] түпнұсқа әрі аударма қалпында жарық көрді. Осылайша, соңғы оншақты жылдың көлемінде бұл салада айтарлықтай жұмыстар атқарылды.
Ясауи – өз заманынан озық туған ғұлама-ғалым. Ол – сопылық ілімді кеңінен игеріп, Хақты тану жолында өзінің тариқатын қалыптастырған ақын. “Жеті жаста Арыстан Бабам іздеп тапты, Құрма беріп пердеменен сырым жапты. “Бихамдилла” көрдім бетін, жүзімді өпті, Сол себептен алпыс үште жерге кірдім”, – деп ақынның өзі жырлағандай, оның алғашқы тәрбиешісі Арыстан баб болған. Ұстазы болашақ ақынның жүрегіне иман нұрын сеуіп, оған Алланың Хақ жолы мен пайғамбардың үлгі-өнегесін үйреткен.
Түркілер әлемінде жазбаша да, ауызша да қатар тараған Диуани хикмет сопылық ілімнің, дәлірек айтқанда, хал ілімінің мәнін ұғындыруға өлшеусіз қызмет етті. Әрине, бұл орта сопылық іліммен бұған дейін де біршама таныс болатын. Оған Жүсіп Баласағұнидің Құтты білігі мен Ахмет Жүгінекидің Ақиқат сыйы шығармалары куә. Алайда Диуани хикметтің бұл ілімді таратудағы орнының өзгеше болуының ең басты себебі – оның мазмұнының тереңдігімен бірге, өлшемдік тұрғыда халық поэзиясына барынша жақындығы еді. М.Ф.Көпірілі: Қ.А.Ясауи шығармасында әуелде айтылып өткендей, басты әрі негізгі екі нәрсе көзде түседі: исламдық, яғни діни-сопылық ерекшелік пен ұлттық, яғни халық әдебиетінен алынған элемент. Исламдық ерекшелігі негізінен шығарманың тақырыбынан, мазмұнынан, мағынасынан орын алса, ұлттық ерекшелік, керісінше, өлеңнің пішінінен, түрінен, өлшемінен орын алады. Исламды жаңадан қабылдаған және бұл діннің негіздерін түсінуге ұмтылған түркілер пішіні, пошымы жағынан өздеріне ешқандай жат емес бұл шығармаға үлкен баға берген еді. Негізінен тақырыбы мен мазмұны да оларды қызықтырғаны үшін, Диуани хикмет халық арасында қасиетті шығармаға айналды [2, 225], – дейді. Өте орынды айтылған пікір екендігінде сөз жоқ.
Көлемі жағынан 5–30 шумақ аралығында болып келетін ақын хикметтерінің негізгі бөлігі – сопылық сарындағы толғаулар. Басты тақырыбы – Аллаға ғашықтық. Ясауи хикметтері көбіне-көп сопы ақынның лирикалық-философиялық толғаулары күйінде, бірқатар тұстарда ғибратты оқиғалар баяны ретінде жазылған. Ақынның сондай-ақ жеке қолтаңбасын танытатын рухани кемелдену жолын сипаттаған ғұмырнамалық хикметтері де, дәстүрлі діни поэзия үлгісімен жазылған Аллаға мінәжат пен Мұхаммед пайғамбарға және оның шаһариярларына мадақ жырлары да бар. Сырт қарағанда әртүрлі көлем мен тақырыптағы үзік-үзік туындылардан құралғандай әсер қалдыратын Ясауи хикметтерінің ішкі тінінде үзілмес бірлік бар. Оқиғалы немесе оқиғасыз, дәстүрлі немесе тың үлгіде жазылған барлық хикметтерді тұтастырып тұратын біртұтас мазмұн, ортақ идея, талғаулы көркемдік құралдар, біршама тұрақтанған қалып-үлгі орныққан. Өз шығармаларын хикмет атауымен біріктірген ақын осы ерекшеліктерді ескерген болса керек.
Әдебиеттанушы А.Шарипов хикмет ұғымы аясында ғазал, мадақ, мінәжат, муназара, мураббағ сынды бірнеше жанрлық түр мен өлеңдік қалыптардың көрініс тапқанын айтады, оларға біршама түсінік беріп өтеді. Іргелі ізденістерге арқау болар соны идея ұсына отырғанымен автор аталған ұғымдарды талғауда және түсіндіруде араб-парсы поэтикасы заңдылықтарына біржақты бейімделген тәрізді. Біздің пайымдауымызша, Ясауи шығармашылығы арқылы толыққанды сипат алған хикмет бастауы – аса күрделі симбиоз жанр. Оның қалыптасуы мен қабылдануын жеңілдеткен басты себеп – аталмыш жанр алғышарттарының түркі поэзиясында ежелден бар болуы дер едік. Төл әдебиетімізге түбірімен жат жанр ешбір жағдайда берік орнығып, терең тамырласып кете алмасы анық. Ойымызды таратып көрелік.
1. Араб-парсы поэзиясындағы жанрлық түр ретіндегі хикметтің нақыл сөздерден, даналық тұжырымдардан бастау алатыны жоғарыда айтылды. Мұндай ерекшеліктің көне түркі поэзиясына да етене құбылыс екендігі Орхон-Енисей жазба ескерткіштеріндегі, Қорқыт жырларындағы, Қашқари сөздігі мен Баласағұн дастанындағы аста-төк нақыл сөздерден-ақ аңғарылады. Дені моральдық-этикалық, философиялық тұжырымдардан тұратын терең тамырлы өсиет-нақылдарға діни-исламдық реңк, сопылық мазмұн, уағыздық сипат дарытуы Ясауидің жанрлық түрдің қызмет аясын күрделендіруі ғана емес, Шығыс поэзиясында дербес дәстүрі бар насихат жанрымен синтездеуі де болып табылады.
Ясауи туындыларының ең басты ерекшелігі де оның тұтасымен хикметке – тағылымға, ғибратқа, даналыққа, құдіретті сырға толы мазмұнға құрылуында. Араб қасидасы құрамындағы хикмет аталатын нақыл сөздер сол шығарма мазмұнынан қорытылатын даналық тұжырым ретінде тар мағынаны ғана қамтыса, Ясауи тұтастандырып, кемелдік тұғырына көтерген хикмет жанры түркілік төл әдебиетімізбен тереңнен тамырласқан, араб-парсы классикалық әдебиетінің үздік жетістіктерін талғап сіңірген, табиғаты ерек хикмет-сопылық ілімін үздік әдеби әдістер арқылы өлең тілімен өрнектеген күрделі де кең өрісті жанр болып табылады. Хикмет ұғымының халықтық қолданыстағы аясының аса кең болуы да оның жанрлық ерекшеліктерімен тікелей байланысты. Тартысты, таңғажайып оқиғалы, тылсым сырлы жайттарды хикметті, хикметі бар деп атау халық арасында жиі кездеседі. Осы тектес мазмұндағы кейбір хикаялар да хикмет, хикметнама аталған. Демек, Ясауи хикметтері тудырған ассоциация ел санасында Тәңірлік тағылым, тылсым даналық, құдіретті сыр, ғибратты тартыс ұғымдарымен баламаланған. Мұның өзі сопы ақын хикметтерінің көп қабатты, астарлы мән-мазмұнын қабылдаушы көпшіліктің терең түйсіне білгенін аңғартады.
2. Хикмет жанры аясына Ясауи кіріктірген екінші бір Шығыстық жанр мінәжат болып табылады. Ясауи мінәжаты негізінен Аллаға жалбарыну, одан тілек тілеу, баз бір тұстарда Алламен сырласу сарынында жазылған. Мінәжат атауымен берілген Ясауидің жеке хикметі мазмұн тұрғысынан да, пішіні (аруздық) жөнінен де араб-парсылық қалыбын көбірек сақтаған. Ақынның бірқатар хикметтерінің құрамында келетін Аллаға жалбарыну мәніндегі шумақтарды да өз кезегінде мінәжаттар ретінде қабылдауға болады.
Кез келген ұлт әдебиетіндегі секілді жалбарыну мәнді тіркестер, шумақтар мен арнаулар төл әдебиетімізге де жат емес. Көнеден жеткен ауыз әдебиеті үлгілері, әсіресе эпостық жырлар мінәжатсыз келмейді десек, қателеспейміз. Фольклордағы полистадиялық құбылысына негіздеп, исламдық реңктегі мінәжат жырларын кейіннен қосылған деп қарастырғанның өзінде оларда Диуани хикметпен өзара әсерлесу құбылысы бар екенін жоққа шығару мүмкін емес. Зерттеуші А.Ахметбек Ясауидің Мінәжатын хикметтердің алғысөзі әрі бір тақырып айналасына құрылған нақыл сөздердің жиынтығы ретінде бағалайды. Ясауи хикметтері арқылы қалыптасқан мінәжат жанры бертінгі түркі әдебиетінде қастерлі дәстүр ретінде орнықты. Мұның мысалын ауыз әдебиетінен де, жазба әдебиеттен де көптеп кездестіруге болады.
3. Мадақ үлгісіндегі хикметтер – Ясауи туындыларында қамтылған және бір жанрлық түрдің көрсеткіші. Пайда болу кезеңі жөнінен исламға дейінгі араб поэзиясында қалыптасқан мадх (мадақ) жанры мен көне түркі жазба ескерткіштерінде көрініс беретін мадақ жырлары дәуірлес деуге болады. Араб мадхы қасиданың негізгі бөлігі ретінде танылып, жеке тұлғаларды дәріптеуге құрылған. Кей тұста жоқтау жырлары (марсийа) да дүниеден өткен адамның ізгі қасиеттерін дәріптей отырып, мадхпен астасады. Исламның таралу дәуірінен бастап Мұхаммед пайғамбарға арнап жазылған мадхтар нағыт аталып, жеке жанрды құраған. Төл әдебиетіміздегі Күлтегін жазбалары да түркінің даңқты қағанының жорық жолдарын, ерлік күресін баяндай отырып, оған жазылған мадақ әрі жоқтау болуымен ерекшеленеді. Тоныкөк жазуы – қағанаттың тасқа басылған тарихы, қаһарман ерлерге арналған мадақ жыры. Тәңірлік таным тұсындағы туынды – көне түркі жазба ескерткіштерінде сондай-ақ Жаратушыны ұлықтау, мадақ ету сарыны да айқын. Фольклордың ірі және шағын жанрларында мадақ Аллаға да, адамға да, жанды-жансыз бен тылсым күш иелеріне де қатысты қолданылады. Ясауиге дейінгі түркі жазба әдебиетінде мадақ бәйіттер Жүсіп Баласағұнның Құтты білік дастанында кездеседі.
Ясауидің мадақ хикметтері Мұхаммед пайғамбарға және төрт шадиярға, тариқат жолындағы дәруіштерге, ғаріптер мен ғашықтарға арналған. Араб поэзиясындағы мадх әдетте моноримдік ұйқасқа негізделеді. Ясауи мадағының ұйқас суреті мен құрылымдық сипаты әр алуан. Араб мадх, нағыттары мадақталушының сыртқы сипатына, бастан кешкен жайттарына көбірек көңіл бөлсе, Ясауи өз кейіпкерлерінің ішкі күйін, жан сезімдерін, ізгі қасиеттерін суреттеп, психологиясын тереңдете ашуға бейім. Ақын мадақтарының толғаулық сипаты басым болуы сондықтан. Ясауи мадақтарының төл әдебиетіміздің бұрынғы-соңғы арнау, мадақ үлгісіндегі туындыларымен түбірлі байланыстарына мысалдар ұшан-теңіз. Ясауи хикметтеріндегі мадақ шығу тегі жөнінен түркілік негізбен тығыз байланысты болса, тақырыптық тұрғыдан ислам сопылық әдебиетінің үрдісін көбірек ұстанды деуге болады [13, 89].
Диуани хикметтің тінін құрайтын негізгі мазмұны мен маңызына келейік. Ясауи Диуани хикметте Мұхаммедке дейінгі пайғамбарлардың жасаған амалдарын санамалап шыққан. Онда ақын Алла егер разы болса үсті-басы құрттап кеткен Аюбтың, Тур тауында Хақ дидарын көрмекші болған Мұсаның, балық ішінде қырық күн өмір сүрген Жүністің, құдықта біраз уақыт қалып қойған Жүсіптің, баласын тағатсыздана күткен Жақыптың басынан кешкендерін қайта өткеруге дайын екендігін мәлімдеген. Осы жолдарға назар сала қарағанда, жоғарыдағы оқиғалардың сабырмен тікелей байланысты болғанын көреміз. Аюб ауырғанда сабыр қылып еді, шипа тапты, Мұса Алла дидарын көрмекші болып шыдап еді, мұратына жетті, балық ішінде қырық күн жатқан Жүніс төзімнің арқасында сыртқа шықса, Жүсіп парасатпен уәзір болды, тағдырға мойынсұнған Жақып ақыры баласына жетті.
Әзірет Сұлтан, әсіресе хикметтерінде Мұхаммед пайғамбарға салауат арнай отырып, оның игі, ізгі істерін дәріптейді. Салауат сарынындағы хикметтерден Ясауи бабамыздың пайғамбарға деген шексіз махаббаты, құрметі есіп тұр. Ол, шындығында Барша адам баласына жіберілген рақым нұры, Қияметте үмбеттеріне шапағат ете алатын жанашыр жан. Оның көркем сипаттары хикметтің ажарын ашып, мәні мен маңызын одан сайын көркейте түседі. Пайғамбарға деген махаббат, құрмет тек сопылық жолдағы жандардың шығармасында шынайы баяндалады. Түркі-Ислам өркениетінде өзіндік із қалдырған Қожа Ахмет Ясауи, Сүлеймен Бақырғани, Физули лебіздерінде Мұхаммед пайғамбарға ғашықтық сырлары керемет өрнектелген. Бұл үрдіс кейінгі қазақ ақын-жыраулары Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Майлықожа Сұлтанқожаұлы, Файзолла қари Сатыбалдыұлы өлең-толғауларына да ізін қалдырған.
Хикметінде Ясауи бабамыз шариғатты базарға, мағрифатты бақшаға, тариқатты сарайға теңеген. Шариғат сопылық жолдың алғашқы баспалдағы. Оның саудасын жақсы жасау керек. Адал нәрселерді алып, арам заттан аулақ болу тиіс. Мағрифаттың бақшасы мен тариқаттың сарайында ұшқанда ғана, Аллаға жетелер жол – Ақиқаттың есігі ашылады. Мұндай есікке кіру – бар сопының арманы. Сондықтан да, оның шәкірті Сүлеймен Бақырғани да деп, мағрифат пен тариқат дариясында жүзуді артық санаған. Алайда, бұл оңай дүние емес. Ол үшін, пенде бұл баспалдақтарда әр амалды жасап, соның қиыншылығы мен ауыртпашылығына төзу керек.
Ясауи адамның ішкі сезімін, рухани дүниесін жырлаушы ғана емес, сонымен бірге, өз заманының жанашыр сыншысы. “Мұсылманмын” деп тілмен айтып, бірақ жүрекпен бекітпеген кейбір сопысымақтарды сын садағына алған. Оларды екіжүзділер деген. Шын мәнісінде, сырт көзге Исламның негізгі шарттарын тиянақты орындап жүргендей көрінгенімен, сол жасаған амалдарының бәрін Алла жолына емес, жұртқа көрсету үшін жасағандардың жағдайы мүшкіл болатыны қасиетті кітап пен пайғамбар өсиеттерінде жиі айтылған. Ол діндегі “рия” мәселесіне ерекше тоқталған. Ақынның “шейх” деп отырғаны, сол заманның ең сыйлы, білімді ақсақалдары мен дін ғұламалары. Басқа пенделерді айтпағанның өзінде, өзгеге үлгі боларлық діндарлардың өзі жасаған құлшылықтарын тек, мақтан мен дәулет үшін жасайтындықтарын ақын қатты сынайды. Олардың жасырын үшін жасаған бұл істері Алланың назарынан тыс қалмайтындығын, қияметтің күнінде барша қауымның алдында масқаралары шығатындығын баса айтады. Айналасындағылардың қолдап, қолпаштағанына мас болған ондайлардың атақ пен беделдің арқасында жанға жайлы сарайлар салып, о дүниеге түк пайдасы жоқ дүниелерді жинап жүргендерін іштей келеке етеді. Істеген істерінің бәрі Алла жолында емес, бұл дүниелік қара басының қамы үшін жасап жүргеніне қатты налиды. Ондайларды кезінде пайғамбар да сынап отырған.
Қожа Ахмет Ясауи түсінігінде сопы адам риядан аулақ болуы керек. Себебі рия мәселесі Құранда аз көтерілмеген. Алла тағала қасиетті кітапта: “Мұнапықтар (екіжүзділер) Алланы алдамақшы болады. Негізінен Алла олардың (өздерін) алдауға ұшыратады. Қашан олар намазға тұрса, жалқауланып тұрады. (Намазды) адамдарға көрсету үшін оқып, Алланы өте аз еске алады (4; 142)”, – деп екіжүзділерді сынаса, және бір аятта: “Әй, мүміндер! Аллаға, ахірет күніне сенбей, адамдарға көрсету үшін мал сарып қылған кісідей, садақаларыңды міндет қылу, ренжітумен жоймаңдар. Міне, соның мысалы: Үстінде топырағы бар тас сияқты, оған қатты нөсер жауса, (топырағын шайып) тас күйінде қалдырады. Олардың еңбектері еш болады (2; 264)” – деп, рия үшін жасалған амалды жаңбыр жауғанда еріп кететін тас үстіндегі топыраққа теңеген. Сондай-ақ, намазды Алла үшін емес, халыққа көрсету үшін оқығандардың хәлі қияметте мүшкіл болатындығы “Мағұн” сүресінде ерекше айтылған. Онда: “Сондай, намаз оқушыларға нендей өкініш! Олар намаздарын немқұрайды оқиды. Олар көрсету үшін оқиды (107; 4-5)”, – делінген. Шын мәнісінде намаз оқыған адамның жүрегі тыныш болып, айнала-төңірегіндегі кедей-кепшік, кембағалдарға қол ұшын созатындардың қатарынан болады. Ал, құлшылықты біреуге көрсету үшін орындағандар, ондай жоқ-жітіктерге қол ұшын беру тұрмақ, оларды келемеждейтіндер — рия дертіне шалдыққандар.
Ондай екіжүзділердің о дүниеде жағдайы ауыр болатындығы пайғамбар өсиеттерінде де бірнеше рет айтылған. Атақты хадистанушы ғалымдар Бухари мен Муслимнің “Сахих” атты еңбектерінде Жундуб ибн Абдолла деген сахаба рия мәселесі туралы мынадай хадис келтіреді. Онда Мұхаммед: “Кімде-кім бір жақсы істі халық көрсін, есітсін деп істесе, Алла тағала қиямет күні оның бетпердесін ашады. Кімде-кім халықтың алдында атақ-абырой жинау ниетімен бір жақсы іс істеген болып көрінсе, Алла тағала қияметтің күнінде оны барша адамның алдында ақиқатын ашып, масқарасын шығарады”, – делінсе, Әбу Дарданың хадистер жинағында Әбу Хурайра деген сахаба пайғамбардың мына өсиетін естігенін айтады: “Кімде-кім Алла разылығы үшін үйренетін ілімдердің бірін дүние жинау үшін үйренетін болса, ол адам қиямет күні жәннаттың иісін де иіскей алмайды” [14, 104].
Расында, Ислам тарихына көз жүгіртер болсақ, онда Ясауи заманында рияшылдармен күрестің белең алғандығын көреміз. Әлі, бұл күрестің жүргізіліп келе жатқанына да біраз уақыт болған. ІХ ғасырда Бағдат пен Нишапур қалаларында “Маламати” деген мектептер пайда болған. Бұл мектептің өкілдері кез келген амалды Алла үшін жасау керектігін алға тартқан. Міне, осындай мектептердің алға қойған мақсатын сопы ақын Ясауи өз шығармалары арқылы беріп отырған. Оның шәкірті Сүлеймен Бақырғани “Шын ғашық егер тапса мың маламат, Маламатсыз осы жолға кіріп болмас [15, 31]”, – деп, пенденің маламатсыз ақиқатқа жете алмайтындығын айтқан.
Сопылардың шыққан кезі түркі даласында Ясауи өмір сүрген дәуірмен қабаттас келеді. Себебі, Ясауи заманында да, одан беріде де, рия ауруына ең көп ұшырайтын осы дәруіштер болған. Сыртқы киімдері жұпыны болып, діндарлар сияқты жүргенімен, істеген істерінің бәрі дінге қайшы амалдар болған. Ясауидің өзі өз заманынының сопыларын сынайды. Оның “Сопы сияқты болғаныңмен, бірақ мұсылман болмадың”, — деп шырылдауында үлкен мәселе жатыр. Ясауи мұнда сопы сияқты киініп, өзін Хаққа ғашықпын деп жүргендерді қатты сөккен. Алланың берген тура жолын бұрмалап, сопы атына кір келтіргендер, бүкіл құлшылықты рия үшін жасайтындар ақын назарынан тыс қалмаған.
Қожа Ахмет Ясауидің жұмақ (немесе, пейіш) пен тозақты айтыстырған хикметінің мәні өте үлкен. Айтыстың сәтті шығуы үшін, екі қарсылас қай жағынан да, бір-біріне сай болуы керек екені белгілі. Ясауидің мысал ретінде алғаны сондай қарсыластардан саналады. Адам амалының о дүниедегі жемісі болып есептелетін жәннат пен тозақ ежелден-ақ, бір-бірімен бақталас. Алғашқысын иманды адамдармен толтыруға Алла мүдделі болса, тозақты қайырымсыздар мен имансыздардың мекені етуді шайтан лағын өз мойнына алған. Әрі, бұл тартыс бүгін-ертең шешілетін айтыстардан емес. Бұлардың айтысы мәңгілік. Қияметтің күніне дейін жалғасады. Онда да, тоқтамайды. Себебі, ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Қожа Ахмет Ясауи мұраларын оқу-тәрбие үрдісінде қолдану жолдары
Қожа Ахмет Ясауидың педагогикалық еңбектеріндегі адамгершілік тәрбие мәселелері
Ясауи шығармасы түріктердің рухани бастауы
Ахмет Яссауидің түркі дүниесіндегі орны
Ясауи ілімінің тарихи маңызы
Қожа Ахмет Ясауи
ҚОЖА АХМЕТ ЯСАУИДІҢ «РИСАЛА ДАР АДАБИ ТАРИҚАТ» ЕҢБЕГІНІҢ МАЗМҰНДЫҚ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Махмұд Қашқари,Қожа Ахмет Ясауи, Әбу Насыр Әл-Фараби
Қожа Ахмет Ясауи дүниетанымы
Әл-Кинди және араб тілді философияның бастауы
Пәндер