Либералдық демократия


Пән: Саясаттану
Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 38 бет
Таңдаулыға:   

ДЕМОКРАТИЯ

- Елбасымыздың қай жылғы Жолдауы да жұртшылық тарапынан үлкен қолдау тауып келді. Әйтсе де, биылғы Жолдауға деген ықылас ерекше. Сіз мұны қалай түсіндіресіз?

- Жылдағы жолдаулар өмірдегі өзгерістер өткір қойып отырған кезекті бір келелі мәселеге арналушы еді. Бұл жолы олай емес. “Қазақстан экономикалық, әлеуметтік және саяси жедел жаңару жолында”, - деген атының өзі-ақ айтып тұрғандай, тұтас қоғамдық дамуымыздың жаңа кезеңінің кешенді мәселелері жан-жақты қарастырылып отыр. Демек, бұл - ағымдағы саясаттың тек мезгілдік қана емес, тұтас кезеңдік сипаттарын түгел қамтыған стратегиялық құжат. Бұған, әрине, әлеуметтік күштердің қай тарабы да, қай бунағы да енжар қарай алмайды. Өйткені, реформа жүргізу - тойға әзірлену емес. Қай реформа да жетіскендіктен жасалмайды. Үлкен дағдарыстан туындайды. Бізде де солай болды. Бұрынғы экономика да, әлеуметтік қатынастар да, саяси құрылым да тас-талқаны шығып күйреді. Реформа кейде революциялық сипаттарға ұласып кетіп жатты. Ол адамдардың көңіл-күйіне, тұрмысына, тіпті тағдырына оңай тимейді. Сондай ауыртпашылықтар арқылы жүзеге асқан реформа қайткенде қалың бұқараның артқан үмітін ақтай алады? Оның жемісін, бүгінгі қоғамдық пікірде көп айтылып жүргендей, қолы ұзын азғантай топ қана көре ме? Жоқ, оған қалған жалпақ әлеуметтің де қолы жете ме? Әсіресе, тұрмыс тапшылығын тартудай тартып отырғандардың көңілдері қалай көншімек? Бұл кім-кімді де аз толғантып жүрмеген әлеуметтік аңсарлар. Біз тәуелсіздік алмай жатып талан-таражға түскен экономиканы жаңа нарықтық негізде қайтадан қалыпқа келтіруге мәжбүр болдық. Сөйткен нарық тәуелсіздігімізді қорғап қалу мен ілгері дамытудың бірден бір кепілі - әлеуметтік жарастығымызды одан әрмен сақтап, кемелдендіре түсуге қайтіп қызмет етпек? Ұлттық дамуымызды қайтіп қамтамасыз етпек? Әйтпесе, біреулері қаймақ қалқып, қарық болып, біреулері қаспаққа да зар болып, көшеде қайыр сұрап жүрген Азия мен Африка елдерінің талайында әліге дейін орын алып отырған дәстүрлі шаруашылық та, сауда капитализмі де, шикізат өндірісі де тиыннан тиын балалатқан нарықтық қатынастарға негізделген ғой. Біздегі нарық бізді де сондай күйге алып барып жүре ме, әлде әлдеқашаннан бері биік деңгейде әрі жедел қарқынмен өркендеп жатқан осы заманғы әлеуметшіл қоғамдардың өркениетті даму арнасына түсіре ала ма? Бұл - күндіз ойыңнан, түнде түсіңнен шықпастай өзекті мәселе. Экономикалық және әлеуметтік дамуымыздың мұндай толғақты сауалдарына жаңа Жолдау қалай және қандай жауап беріп отырғанын тиісті мамандар толғамдай жатар. Біз бұл екі мәселенің де ойдағыдай жүзеге асуына аз ықпал етпейтін және өз алдына да үлкен мағынаға ие болып отырған саяси реформаны жеделдету жөніндегі бастамаға көбірек назар аудардық.

- Бұл турасында Жолдауда: “Саяси реформалардың жалпыұлттық бұл бағдарламасы бүкіл қоғаммен үндесу негізінде жүзеге асырылуға тиіс екені анық. 2005 жыл тарихқа саяси реформаларды белсенді түрде алға бастыру мен оларды бүкілхалықтық талқылау жылы ретінде енуі керек”, - деп жазылған. Осыны Президент сайлауының жақындап қалуымен, осыған орай қоғам ішінде орын алып отырған кейбір ауыл арасы дау-дамайлармен байланыстыратын пікірлер де кездесіп қалады. Сіз бұған қалай қарайсыз?

- Тіпті солай болған күннің өзінде де, бұл орынды бастама. Бірақ, оның төркіні ауыл арасы әңгімесінен әріректе деп ойлаймын. Дәл қазір Қазақстандағы саяси реформаны жеделдету мәселесіне тек өз қоғамымыз ғана емес, күллі адамзаттық қауымдастық бәрібір мүдделілік көрсетпей тұра алмас еді.

- Сіз бұл арада Қазақстанның күллі әлемдік экономиканың ойдағыдай дамуына өз үлесін қоса алатын аса мол табиғи байлығын, орасан зор географиялық ауқымын, соған байланысты иеленіп отырған үлкен геосаяси маңызын айтпақсыз ғой.

- Жоқ, одан емес. Дәлірек айтсақ, тек қана одан емес. Меніңше, Президент Назарбаевтың дәл биылғы жылы дәл осындай қадамға баруы, бүкіл қоғамда жүріп жатқан реформаны қайтіп жеделдетуіміз жайындағы әңгімеге шақыруы - өз ішіміздегі әлеуметтік көңіл-күймен қоса, әлемдік ахуалдағы өзгерістерді де бірдей ескергендіктің көрінісі. Сондықтан, Қазақстан басшысының жаңа Жолдауындағы қағидаларға және олардың орындалу барысына елімізден тысқары жерлерде де айрықша назар аударылып отырғаны сөзсіз. Оның үлкен тарихи және саяси себептері де баршылық.

- Бұл ойыңызды таратыңқырап айтпас па екенсіз?

- Таратып айтсақ, біздегі жағдай бүгін таңда әлемдік ауқымда өрістеп жатқан іргелі тарихи процестен тікелей өрбіп жатыр. Ол - жер жүзілік сипат және жалпыадамзаттық маңыз алып отырған жаппай демократиялану процесі. Демократия ешкім үшін де таңсық ұғым емес. Халықтың билікке өз ықпалын тигізбей қоймайтыны қашаннан белгілі. Дегенмен, халықты биліктің бірден бір тұтқасына айналдыратын саяси жүйе қалыптастыру көпке дейін тек арман ғана болып келді. Өткен замандарда да бұл жолда әлденеше рет талпыныс жасалғаны рас. Олардың қатарына, әдетте, ежелгі Афиннің “Перикл демократиясы” (б. э. д. VІ-ІV ғ. ғ. ) тұсындағы, бағзы Римнің Октавиан Август принципатына дейінгі ұмтылыстары, Франциядағы ХІІ-ХІІІ ғасырлардағы коммуналар қозғалысы, Англиядағы 1215 жылғы Еркіндіктердің Ұлы Хартиясы, Англиядағы - XVII ғасырдағы, Франциядағы XVIII ғасырдағы саяси демократия, XX ғасырдағы әлеуметтік демократия жатқызылады. Алайда, жаппай демократияланудың жалпыәлемдік құбылысқа айналуы тым беріде, тіпті біз өмір сүріп келген тұста болды десек, артық айтқандық болмас еді.

Бұл процесті саясаттанушылар үш кезеңге - үш толқынға бөледі. Осы заманғы демократиялық қағидалар мен рәсімдер, негізінен, XIX ғасырда АҚШ-та түзіліп, бірінші дүниежүзілік соғыстың аяғына дейін Еуропаның көп жеріне тарай бастады. Бірақ, ол процесс Германияда нацизм, Италияда фашизм, КСРО-да тоталитаризм үстемдік құруына байланысты күрт тоқтап қалды. Бұл - әлемдік демократияланудың бірінші толқыны деп есептелінеді. Екінші толқын екінші дүниежүзілік соғыста ұлтшыл социализм жеңіліс тауып, Германияда, Италияда, Жапонияда демократия қайтадан орнап, оның жоралғылары тәуелсіздік алған дамушы елдерге де кеңінен таралуынан басталып, алпысыншы жылдарда кейбір мемлекеттердің авторитарлық үрдіске қайта оралуына байланысты тоқырап қалды. Ал үшінші толқынның өрбуіне 1974 жылы Португалияда диктатор Салазар қайтыс болып, оның мұрагері Каэтанды өз әскері бас көтеріп, орнынан алуы себепші болды. Көп ұзамай мұндай кепке Испаниядағы Франко диктатурасы мен Грекиядағы әскери хунта да ұшырады. Бұл ағым Латын Америкасын қамтып, Оңтүстік-Шығыс Азияға тарай бастады. Ақыр аяғында коммунистік дүниеге аяқ басты. 1991 жылы Кеңестер Одағы құлады. Оны құраған 15 республика, оның ішінде Қазақстан да тәуелсіздік жариялап, демократиялық жүйені таңдап алды. Сөйтіп, 1972 жылы әлемде 42 демократиялық мемлекет болса, 1991 жылы олардың саны жетпіс екіге жетті. Қатарынан 30 мемлекет демократияға көшуге бет бұрды. Бұл осы заманғы дамуда үлкен серпін туғызды. Тіпті демократияға ауысу транзит (өтпелі) кезеңі, оны бастан кешіп жатқан қоғам транзит қоғамы атанып, олардағы процестерді зерттейтін арнайы жаңа транзитология ғылымы пайда болды.

Жаңа ғылым бастапқы кезеңде үлкен оптимизм танытты. Алғашқы екі толқынға қарағанда, жаңа толқын барысында кері шегіну, авторитаризмге қайтып оралу атымен болмайды деген сенім зор болды. (С. Хантингтон, 1991, Л. Даймонд, 1999) . Тіпті көп ұзамай Қытай, мұсылман елдері, араб мемлекеттері, қара Африка жаппай демократияға бет бұратын “төртінші толқын” келеді деген болжам да жасалды (Л. Даймонд, 2000 жыл) . Транзит қоғамдардың бәрі авторитаризмнің іріп-шіруі мен құлауы, үрдістік либералдану, институттық демократиялану, ынтымақтаса қоймаған демократия және ынтымақтасқан демократия кезеңдерін бастан кешеді деп есептелінді. Әр ел өзінің ішкі және сыртқы жағдайларына байланысты бұл кезеңдерді әрқилы жылдамдықпен өткенмен, олардың қай-қайсысын да аттап немесе айналып өте алмай, ақыр аяғында міндетті түрде демократиялық ынтымақтасуға келеді деп саналды. Алайда, кейінгі жылдары транзитология демократиялану барысында біркелкі процедуралардың өздері де әрқилы нәтижелерге жеткізуі мүмкін екендігін мойындап (А. Пшеворский), бұрынғы нық сенімі әлсіреп, кейбір пессимистік сарындарға бой алдыра бастады.

- Оған не себеп болды?

- Біріншіден, демократияланудың алғашқы екі толқынының ащы тағылымдары, екіншіден, қазіргі үшінші толқынның өрістеуі үстіндегі кейбір кедір-бұдырлар себеп болып отырғандай.

- Әуелі бірінші себептердің қандай екенін нақтылап бермес пе екенсіз?

- Нақтылар болсақ, бірінші толқын кейбір елдерде фашизм мен тоталитаризм етек алғаннан, екінші толқын кейбір елдердің авторитарлық билікке қайтып оралғанынан дағдарысқа ұшырағанын жоғарыда айттық.

- Неге олай болды?

- Демократияның өз теориясы, өз тарихы бар. Бұл саладағы ең көрнекті ғалымдардың бірі Алексис де Токвиль Филадельфия қаласында өткен арнайы құрылтайда АҚШ Конституциясы қабылданғаннан 44 жыл кейін, 1831 жылы сол елге барып, жағдаймен танысты. Сонда жаңа саяси жүйенің түпқазық қағидалары болып табылатын бостандық пен теңдіктің бәр-бәр уақытта бір-бірімен тіл табыса бермегеніне назар аударды. Бұл жағдай түптің түбінде демократияның өз-өзінен күйреуіне әкеліп соқтырып жүрмес пе екен деген қауіп айтты. Жиырмасыншы ғасыр оқиғалары ондай үрейді қоюлата түспесе, сейілте алмады. Он үш елде демократия аяқ астында диктатураға айналып шыға келді. Ондай оқиға 1923-1925 жылдары Италияда, 1926 жылы Португалияда, 1930 жылы Аргентинада, 1933 жылы Германияда, 1933-1934 жылдары Австрияда, 1936 жылы Испанияда, 1948 жылы Венесуэлада, 1949 жылы Колумбияда, 1964 жылы Бразилияда, 1967 жылы Грекияда, 1968 жылы Перуде, 1973 жылы Уругвай мен Чилиде орын алды. Алайда, осы заманғы ең көрнекті демократия теорияшысы Роберт А. Даль мұның бәрін, әріптесі Алексис де Токвиль уәждегендей, еркіндік пен бостандықтың бастары қосылмауынан емес, демократия институттарының жұртты біржолата мойындататындай айқын легитимдікке жетісе алмай жатқан балаңдығы мен шабандығынан, қалың бұқараның жаңа үрдістерді жеріне жеткізе түсіне алмай отырған аңғалдығы мен енжарлығынан, осыны кейбір билікқұмар - топтардың өз мақсаттарына пайдаланып кеткендігінен деп түсіндіреді.

Расында да, Муссолини 1925 жылы билікке келгенде Италиядағы демократия институттарына бар болғаны 13 жыл толған еді. Ондай институттар Австрияда алғашқы он бес жыл, Аргентина, Германия мен Перуде он төрт жыл, ал Испанияда екі жыл ішінде опат тауып еді. Қалғандарының, Уругвайдан басқасының, бәрінде де демократия жиырма жылға жетпей тұрып жеңіліске ұшырады. Оның үстіне, мұндай күйге ұшыраған режимдердің басым көпшілігінің аты ғана демократия болатын. Ал шынтуайтқа келгенде, нағыз дәстүрлі олигархия еді. Ал Ботани, О’Донели, Лепсиус сынды саясаттанушылардың дәлелдеуінше, олигархияның ешқашан ешкіммен билік бөліскісі келмейтін әдеті бар екен.

Бұндай “саяси мертігу” негізінде, алғашқы он-он бес жыл ішінде ұшырасуын әркім әрқилы түсіндіреді. Мәселен, испан философы Ортега-и-Гассет аталмыш кезеңде жүзеге аспай тұрмайтын кезекті ұрпақтар алмасуынан көреді. Бұның да жаны бар болса керек. Қандай жаңалықтан да жұрт жақсылық күтеді. Әсіресе, жастар көбірек үміт артады. Демократияға көшкен алғашқы сайлау қандай дүрбелең қиын кезеңде өтсе де, үлкен оптимизм туғызатыны түсінікті. Бірақ, ондай орасан үміт айналасы бес-алты жылдың ішінде ақтала қоймайтыны тағы да аян. Сондықтан, екінші сайлаулар көбіне-көп көрер көзге “сағы сынғандық” жағдайында өтері заңды. Ал үшінші сайланған билік те жағдайды діттеген жерден шығара алмаса, жаппай тоқыраушылықтың орын алуы, оның бірте-бірте әлеуметтік тағатсыздықтарға айналып кетуі ықтимал еді. Алғашқы екі толқынның жоғарыда айтылған “ащы тағылымдық” оқиғалары, көбіне-көп, осының нәтижесінде жүзеге асқан еді. Соны жақсы білетін транзитолог ғалымдар үшінші толқынның соңғы легі болып табылатын кешегі кеңестік республикалардың ауыспалы кезеңге аяқ басқанына он төрт жыл толатын бунақ кезеңге жақындап қалғанына барған сайын алаңдаушылықпен қарауда. Бұл толқын да алғашқы екеуінің кебін киіп, түгелдей болмағанымен, жарым-жартылай дағдарысқа ұшырап қалып жүрмес пе екен деген абыржушылық та байқалмай қалып жатқан жоқ. Бүгінгі транзитологиядағы кейінгі жылдары жиі көзге түсе бастаған пессимистік сарынды бір жағынан осымен түсіндіруге болады.

- Ал, екінші жағынан . . .

- Транзитологтардың айтуынша, үшінші толқынға іліккен елдердің бәр-бәрі бірдей қарқынмен, біркелкі сипатта есейіп кетіп жатқан жоқ. Жаңа үрдіске көшуде Күнгей Еуропа мен Латын Америкасы елдері оза қимылдап келеді. Оларда да реформа жоғарыдан, реформашылдар мен консерваторларға жіктеліп, екі бағытқа бөлінген элиталық топ тарапынан өрістетіліп отыр. Олар әуелі цензураны босаңсытып, саяси тұтқындарды түрмеден шығарды. Оппозицияға төзімділікпен қарап, жеке бастық құқықтық кепілдіктер беретін либералдануды жүзеге асырды. Бұл мемлекет пен азаматтық қоғам арақатынасын жаңаша жүйеледі. Ал мемлекет пен саяси қоғам арасын жаңаша саралайтын демократиялануды содан кейін барып қолға алды. Ол үшін реформашылдар мен консерваторлардың бәсең қанаттары өзара шартқа отырып, бірлесе қимылдауға пәтуаласты. Сөйтіп олар алдын ала мұқият мөлшерленген (дозаланған) саяси реформаны біртіндеп жүзеге асыруды қамтамасыз етті. Сол арқылы былайғы күштердің де қолдауына ие болды. Содан кейін барып еркін дауыс беру жолымен алғаш рет құрылтайшылар сайлауы өткізілді. Осының нәтижесінде билікке әлгіндей мәмілегер күштер емес, оларды қолдай қоймаған радикал күштер келді. Олар ұзақ дәурендей алмады, бастапқы кезеңде болмай қоймайтын барша қиындықтардың жауапкершіліктерін өз мойындарына алып, өзгелерге орын босатуға мәжбүр болды. Екінші “сағы сынғандық” сайлауында радикалдар емес, таразы басын тең ұстауға тырысатын сарабдал күштер жеңіске жетті. Олар не “біржолата күдер үзушілік”, не “жаңа үміт” күш алатын үшінші сайлауға дейін бейбіт түрде билік алмасу мен міндет бөлісуден бастап, демократиялық институттарды толық қуатымен іске қосатын қағидалар мен рәсімдерді жүйелеп үлгеріп, қоғамның демократиялық жолмен ынтымақтасуына жағдай туғызды.

Осы заманғы демократия зерттеушілері Х. Линц, А. Степан, А. Пшеворский, М. Макфолдардың пайымдауынша, жоғарыда айтылған “көбірек жолы болған транзиттер” әуелі демократиялық институттар құру мен оны орнықтыруды тиянақтап алып, мемлекет пен нарық арасындағы делдалдық институттарын, әлеуметтік кепілдіктер жүйесін жасақтауға күш салған. Демократиялық жаңарудың кім-кімге де оңай тимейтін жан ауыртар қиындықтарына сосын барып кіріскен. Соның арқасында, әлгіндей ауыртпалықтарды тек мемлекеттің ғана емес, барша әлеуметтің жабыла күш салуымен еңсерген. Осының нәтижесінде ешқандай әлеуметтік шамырқанушылыққа ұшырамай, “қоңыржай реформа” жүргізе алған.

Ал кешегі коммунистік кеңістіктегі ахуал өзгешелеу болды. Өйткені мұндағы реформалардың алғышарттары Күнгей Еуропа мен Латын Америкасындағы алғышарттардан бөлек еді. Испания мен Латын Америкасы елдері капитализмнің бір сатысынан екінші сатысына өтті. Буржуазиялық биліктің бір сипатынан екінші сипатына көшті. Индивидуалистік психология мен жекеменшікшіл сана олар үшін атымен таңсық емес еді. Бұрынғы социалистік қоғам мүшелері күні кешеге дейін жиренішті сипатталып келген антипод қоғамның “жексұрын” үрдістеріне аяқастынан көшуге мәжбүр болды. Бұл жаңа реформа жасауға ауадай қажет жаппай құштарлықты бірден оята алмады. Түптеп келгенде, Испания мен Латын Америкасындағы қоғамдар, көктен тілегендерін жерден беріп, көптен күтіп жүрген реформаларына құлшына кіріскен-ді. Олай дейтініміз, франкошылдардың ықпалы әлі күшті 1976 жылғы референдумға испандардың 77, 7 пайызы қатысып, оның 94, 2 пайызы демократиялық өзгерістерді жақтап дауыс берді. Ал XX ғасырдың аяқ кезінде әлем жұртшылығын тамсандырған Латын Америкасы елдері әдебиетінің Астуриас, Маркес, Льос, Карпентьер, Кортасар, Фуэнтес, Вальехо сынды өкілдерінің шығармаларын оқыған көзі ашық оқырман аталмыш елдердегі диктатуралық режим қоғамды қаншалықты мезі етіп болғандығын айқын аңғара алар еді. Сондықтан да, Никарагуадағы Сомосадан басқа режимдердің бәрі демократиялық жолмен сайланған жаңа үкіметтерге орын босатуға мәжбүр болды. Тіпті генерал Пиночеттің өзі жеңіліп қаламын деп ойламастан сайлауға түсті. Өйткені, біздің заманымызда “барып тұрған тасмаңдай деспоттардың өздері де өз билігін заңды сияқты қылып көрсету үшін сайлау өткізбеске амалы жоқ еді”. (Ф. Фукуяма. Конец истории и последний человек. М. 2004, 57-бет ) . Ал жетпіс жыл бойы қызыл тоталитаризм жайлаған кеңістіктегі жағдай басқаша болатын. Осыдан шығарып, кейбір ғалымдар тоталитаризмнен демократияға көшу авторитаризмнен демократияға көшуге қарағанда әлдеқайда қиын деп ұқты. Тіпті маркстік-лениндік саяси мәдениет, коммунистік институттық үрдіс, бірнеше “революциялық” өзгерістердің қатар жүргізілуі Орталық, Шығыс Еуропа мен бұрынғы Кеңес Одағында осы заманғы либералдық, өкілетті демократия орнатуды іс жүзінде мүмкін етпей тастауы ықтимал деп санайтындар да табылды. Олар қазіргі үшінші толқын елдері түгілі кешегі социалистік кеңістік мемлекеттерінің өзін Орталық Еуропа, Шығыс Еуропа, бұрынғы Кеңес Одағы мемлекеттері деп үш топқа бөледі. Әрқайсысының демократиялану ықтималдығын әрқилы деп біледі.

- Сонда олар ондай ықтималдықты қалай анықтайды?

- Осы заманғы транзитология демократияның орнығуын демократиялық институттар мен рәсімдер қалыптастырудан басталып, жаңа мінез-құлық пен жаңа әлеуметтік-экономикалық құндылықтар жүйесінің жүзеге асуына ұласады деп санайды. Ол үшін, Х. Линц пен А. Степанның пайымдауынша, біріншіден, қауымда қандай да болмасын демократияға қарсы күштер қалмаған орнықты жағдай орнауы керек. Екіншіден, демократиялық рәсімдер мен институттарды бүкіл қоғам әлеуметтік өмірді реттеудің бірден-бір сенімді тетігі деп түгел мойындауы қажет. Үшіншіден, саяси факторлар (саяси әрекет субъектісі) барлық қоғамдық тартыстар мен дауларды жаңа демократиялық процестер қалыптастырған заңдарға, институттарға, рәсімдерге сәйкестіре отырып шешуге әбден дағдылануы тиіс. Тек осындай жағдайда ғана демократиялық ынтымақтасу толығымен жүзеге асты деп есептеуге болады.

Бірақ, оған жетудің жолы әрі ұзақ, әрі күрделі секілді. “Транзит парадигмасының” уәждеуінше, диктатурадан құтылған ел демократияға бағыт ұстайды. Жаңа үрдіс бойынша қайта ынтымақтасқанға дейін бірнеше кезеңдерден өтеді. Ең түйінді кезең сайлаулар болып табылады. Экономикалық даму деңгейі, саяси тарих, дәстүрлі үрдістер, этностық құрам, мәдени-әлеуметтік салт-сана сынды құрылымдық сипаттар саяси факторлардың нақты қимыл-әрекеттерін реттейтін рәсімдерге (процедураларға) қарағанда транзит тағдырына аз және қосалқы ықпал етеді. Демократиялану ықпалды мемлекеттілік ауқымында ғана жүзеге аса алады. (Т. Караозерс, 2003) . Алайда, кейбір ғалымдар өтпелі қоғамдардың басым көпшілігі бастапқы кезеңде диктатураға да, демократияға да ұқсамайтын келеңсіз “сұрғылт саяси кеңістікте” өмір сүреді деп есептейді. Караозерстің сипаттауынша, оларда саяси оппозиция мен азаматтық қоғамның кейбір нышандары байқалады. Демократиялық конституциялар қабылданып, уақытша сайлаулар өтіп тұрады. Алайда, ондай қоғамдағы азаматтардың саяси белсенділігі тек дауыс берумен ғана шектеледі. Лауазымды адамдар заң бұзғандықтан, қоғамның билікке сенімі өте төмендеп, мемлекеттік институттар халық қолдауына ие бола алмайды. Ауыспалы қоғамдардың кейбірі ондай келеңсіз белестен ойдағыдай шыға алғанымен, кейбірі тіптен шыға алмай қалуы да мүмкін. Т. Кларктың тұжырымдауынша, мұндай қауіп, әсіресе бұрынғы коммунистік үрдістегі қоғамдарда көбірек көрінеді. Олардағы өзгерістер транзит парадигмасына атымен сәйкеспейтін секілді.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Демократия туралы түсінік
Қазіргі заманғы концепциясы
1929 – 1933 жж дүниежүзілік экономикалық дағдарыс туралы ақпарат
Саяси сана және саяси идеология
Саяси идеология түрлері
Қазақстан Республикасының билік жүйесін демократияландыру саясаты
1929-1933 жж Дүниежүзілік экономикалық дағдарыс жайлы ақпарат
Саяси сана және идеология
Демократия – қоғам ұйымдасуының саяси формасы
Саяси сана жайлы
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz