Электрондық үкіметтің әлемдік тәжірибесі және оның Қазақстандағы қалыптасуы (салыстырмалы саяси талдау)


Жұмыс түрі: Дипломдық жұмыс
Тегін: Антиплагиат
Көлемі: 34 бет
Таңдаулыға:
Электрондық үкіметтің әлемдік тәжірибесі және оның Қазақстандағы қалыптасуы (салыстырмалы саяси талдау)
Кіріспе
Зерттеу тақырыбының өзектілігі. ХХI ғасыр - ақпарат ғасыры болып табылады, адамзат қауымы дамудың жаңа сатысына - ақпараттық қоғамға аяқ басты. 2006 жылғы 27 наурызда БҰҰ Бас Ассамблеясы 17 мамырды Халықаралық ақпараттық қоғамның күні етіп белгілеу туралы ресми шешім қабылдады. Осындай әлемдік ауқымда жүріп жатқан заманауи үрдістен, өркениеттің көшінен біздің еліміз де қалыс қала алмасы түсінікті.
Қазақстанның постиндустриалды даму сатысына өту мүмкіндігі туралы мәселені алғаш көтерген Президентіміз Н. Ә. Назарбаевтың “Постиндустриалды қоғам қалыптасуының стратегиясы және өркениеттер серіктестігі” атты жаңа еңбегінде заманауи ғылыми-техникалық, ақпараттық және өзге де инновациялық төңкерістер жалпы адамзат өркениетінің, оның ішінде біздің отанымыздың да келешектегі бет-бейнесін айқындайтынын атап көрсетеді [1] .
Қазіргі кезде қазақстандық қоғамның барлық саласында ақпараттандыру процесі қызу жүруде, оның ішінде саясат саласында да жаңа ақпараттық-коммуникативтік технологияларды қолдана отырып, мемлекеттік қызмет пен әкімшілік-басқару істерін әлемдік стандарттарға сай модернизациялауға барынша күш салынып жатыр. Осыған байланысты Қазақстанның саяси жаңғыруындағы аса маңызды факторлардың бірі - электрондық үкіметтің қалыптасуы мен дамуы болып табылады. Елбасымыз Н. Ә. Назарбаев бұл маңызды мәселеге ерекше мән беріп: “Үкіметке заңдар мен заңнамалық актілерге ғылыми, оның ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама жасау, мүдделік қолдау (лоббистік) қызметі, электрондық үкімет мүмкіндіктерін неғұрлым кеңінен пайдалану туралы заң жобаларын ең бірінші кезекте әзірлеп, Парламентке енгізуді тапсырамын” - деп әкімшілік реформаларды жүргізудегі басты міндеттердің қатарына қойды [2] .
Ұзақ мерзімді Қазақстан-2030 Стратегиялық бағдарламасында электрондық үкіметтің қалыптасуы мен дамуына негіз болатын ақпараттық инфрақұрылымды дамытуға басымдық беріліп, бұл туралы: “Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының алдында, ең алдымен, болашақта әлемнің дамыған елдерінің ақпараттық инфрақұрылымдарымен бәсекелесуге қабілетті, дербес тәуелсіз және тиімді телекоммуникациялық қызмет көрсету жүйесін құру міндеті тұр” - деп анықталды [3] . “Қазақстан Республикасында "электрондық үкімет" қалыптастырудың 2005-2007 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы” қабылданып, оның ізін ала 2008-2010 жылдарға арналған электрондық үкімет бағдарламасы қисынды жалғасын тапты. Бүгінде қазақстандық электрондық үкіметтің қалыптасуы мен дамуы жаңа идеологиялық тұғырнама негізінде жүзеге асып, соңғы бағдарламаға сәйкес белсенді жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар бұл құжаттар 2007-2009 жылдарға арналған ақпараттық теңсіздік деңгейін төмендетуге бағытталған мемлекеттік бағдарламамен толығып, кешенді мемлекеттік саясатқа ұласты.
Бүгін қазақстандық электрондық үкіметтің қалыптасуы мен дамуы саяси өмірде өз орнын тапты, электрондық үкімет іс жүзінде қоғамымыздағы әлеуметтік көлбеу және тік қарым-қатынастар мен саяси коммуникацияны қамтитын кең әрі терең ұғым. Сондықтан осы өзекті мәселенің саяси ғылым тұрғысынан зерттеу, электрондық үкіметті жасақтаудың әлемдік тәжірибесіне салыстырмалы саяси талдау жасай отырып, оның жаңа жолдарын іздестіру, жетістіктеріне баға беру, қазіргі жағдайы мен әлеуетіне талдау жасап, даму үрдістері мен келешегіне саяси болжам жасау қажеттілігі туындайды.
Электрондық үкіметті одан әрі дамыту өзекті саяси міндеттердің қатарында, оған Елбасымыздың Қазақстан халқына арнаған жолдауларында ерекше көңіл бөлініп, басымдық берілуі дәлел. Сол сияқты, студент жастарға арнап оқыған дәрісінде ҚР Президенті Н. Ә. Назарбаев: “Мен Үкімет алдына инновациялық қызметті белсенді ету міндетін қойдым. Бәрінен бұрын технологиялар трансферті мен білімнің кешенді жүйесін құру қажет. Инновациялық-технологиялық дамуды басқарудың тиімді жүйесін қалыптастырған жөн” деп қадап айтты [4] . Инновацияларды мұндай тиімді басқару жүйесіндегі электрондық үкімет қызметінің алар орны ерекше.
Қазақстанның 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарында “ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың қарқынды дамуы мен бейімделуі экономикалық көрсеткіштерге ғана емес адам өміріне де ықпал ете отырып, қоғам дамуының басты факторы болып табылады. Қазіргі заманғы ақпараттық-коммуникациялық кеңістікті құру мақсатында телекоммуникация саласының дамуын ынталандыру мен инфрақұрылымын қалыптастыру, телекоммуникациялық және электрондық қызметтерді тарату, сондай-ақ серпінді ақпараттық қоғамның негіздерін құру жалғасады” - делінген [5] .
Ғ. Есімнің “Бесінші жол” - елдік рух философиясы” атты ғылыми мақаласында тұжырымдалғандай, “Біз бәсекеге барынша қабілетті елу елдің санатына енеміз деген ізгі ниетімізді саяси мақсатқа айналдырып отырмыз, бұл - Қазақ елі үшін ұлттық идея. Біздің әлемдік үрдістен кенже қалып отырғанымыздың басты екі себебі бар. Бірі тарихи, екіншісі - соның нәтижесінде келетін технологияның, мәдениеттің, өркениеттің сапасында” [6] .
Ал ақпараттық ғасырға аяқ басқан тәуелсіз Қазақстанның әлемдік үрдістен кенже қалмауы мен технологиялық, мәдениеттік, өркениеттік сапасын арттырудың бір бағыты - саяси жүйені заман талабына сай жаңғыртып, электрондық үкіметті қалыптастыру мен дамыту екені анық. Осының барлығы диссертациялық зерттеу тақырыбының Қазақстан қоғамы үшін маңызды саяси міндеттерге, стратегиялық құжаттарға ұласып жатқан өзектілігін көрсетеді.
Қазақстанда электрондық үкіметті дамыта беру стратегиялық мәнге ие. Қазақстан әлемдік өркениет көшінен қалмай, жаңа ақпараттық-коммуникациялық технологияларды игеріп, оны саяси жүйе мен жалпы қоғам өмірінде кеңінен қолданса ақпараттық ғасырдағы тұрақты даму жолына түспек. Заманауи әлемдік саяси тәжірибеде бұл жауапты міндетті электрондық үкімет жемісті жүзеге асыруда . Жоғарыда көрсетілген өзекті мәселелер осы зерттеу тақырыбын таңдауымызға әсер етті. Тақырып өте маңызды, ол мемлекеттік басқаруды жетілдіруге ықпал ететін өткір мәселемен тығыз байланысты.
Тақырыптың зерттелу деңгейі. Саяси ғылымда ақпараттық қоғам қалыптастыру, электрондық үкіметті құру мәселесі ғасырлар тоғысында бастау алып, жылдан жылға дамып келеді. Және де бұл мәселе қоғам өмірінің көп саласына қатысы бар болғандықтан, саясаттанушылармен қатар IT-технология саласының мамандарының, заңгерлердің, әлеуметтанушылардың және басқа да қоғамдық ғылымдардың зерттеу нысанына айналып отыр. Бұл зерттеулердің нәтижелерін бір жүйеге келтіру арқылы ғана электрондық үкіметтің әлемдік тәжірибесіне салыстырмалы талдау жасауымызға, оның қазақстандық нұсқасының қалыптасып даму процесіне кешенді зерттеу жүргізуге болады.
Тақырыпты зерттеуде Қазақстан Президенті Н. Ә. Назарбаевтың іргелі еңбектерінің, ел халқына арнаған жыл сайынғы Жолдауларының, электрондық үкіметті дамытуға бағытталған саяси шешімдерінің мәні аса зор. Оның себебі саяси жаңғыру мен әкімшілік реформаларды сәтті жүргізу мақсатында қазақстандық электрондық үкіметті қоғам өміріндегі нақты қолданысы, қажеттілігі мен тиімділігі бар шынайылыққа айналдырудың ерекше маңыздылығына байланысты.
Электрондық үкіметтің маңызына ерекше мән берген Н. Ә. Назарбаев жоғарыда тоқталып өткеніміздей, “Постиндустриалды қоғам қалыптасуының стратегиясы және өркениеттер серіктестігі”, “Қазақстандық жол”, “Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан” атты іргелі шығармалары мен жолдауларында, “Қазақстан-2030” Стратегиялық бағдарламасында мәселенің өзектілігі мен қоғам үшін қажеттілігін негіздеп, заң шығарушы және атқарушы билік тармақтарының алдына саяси міндеттер қояды.
“Қазақстандық жол” еңбегінде Н. Ә. Назарбаев саяси-экономикалық реформаның әрбір жаңа кезеңі жаңа ақпараттық-коммуникациялық технологиялармен тығыз астасып жатуы тиіс деп ой түйеді. Сондай-ақ ол әкімшілік реформалар аса бір маңызды шартсыз - электрондық үкіметтің қалыптасуынсыз мүмкін емес, тек тұрақты және гүлденген қоғам ғана тұрақты саяси жүйе құруға қабілетті деген тұжырым жасайды. Оның еңбектеріндегі электрондық үкімет туралы идеялар зерттеу тақырыбының бағдарын айқындауға зор көмек берді, тұжырымдамалық-тәжірибелік қырынан да аса маңызды болды: осы мәселенің әлі тың және саясаттанулық талдауды қажет ететін салаларына терең ғылыми-зерттеулер жүргізуге бағыттайды.
Тақырыпты теориялық-методологиялық тұрғыда негіздеу мақсатында жасалған саяси талдаудың нәтижесі электрондық үкімет мәселесінің қазіргідей ақпараттық қоғам жағдайында адамзат қауымын ерекше қызықтырып отырғанын, сәйкесінше оны түсіндірудегі түрлі көзқарастардың туындағанын көрсетті. Өйткені, электрондық үкіметтің жүзеге асуы ақпараттық қоғамның басты талабы. Осыған байланысты электрондық үкімет туралы идеяларды ғылыми әдебиеттер мен БАҚ беттерінде қызу талқылануда. Мысалы, Е. Қ. Алияров, Ғ. Есім, Р. Қ. Қадыржанов, С. Мырзалы, Ә. Нысанбаев сияқты бірқатар отандық ғалымдардың қоғамды ақпараттандыру туралы көзқарастарының ғылыми маңызы зор, мұндай ғылыми еңбектер диссертацияның теориялық-әдіснамалық негізіне арқау болды.
Ақпараттық қоғамдағы басқару мәселесі және электрондық үкімет туралы көзқарастарды ресейлік ғалымдар мен технарьларының еңбектерінен де көптеп кездестіруге болады. М. Кастельс, О. Судоргин, М. Б. Конашев, А. Н. Овчаренко, С. Г. Гуронок, В. И. Кравченко, В. В. Сурин және т. б. еңбектеріндегі электрондық үкіметке қатысты материалдарға сілтемелер жасалынды.
Электрондық үкіметтің әлемдік тәжірибесі туралы Й. Масуда, О. Тоффлер, Г. Бехманн, Д. Белл, К. Акер, Дж., Б. Хак, Б. Лоудер, А. Макинтош сияқты көптеген шетелдік зерттеушілердің еңбектерінде қарастырылған.
Зерттеу барысында Қазақстандағы электрондық үкіметті зерттеуші отандық ғалымдардың еңбектерінің көп септігі тиді. М. Қасен, Т. Ф. Дауылбаев, А. Нұрмағамбетов, Н. Исин, С. Ли және басқа да электрондық үкіметті зерттеумен айналысатын зерттеушілердің еңбектеріндегі электрондық үкіметтің жай-күйі мен келешегіне қатысты ой-тұжырымдарға сүйендік.
2005 жылдан бері ҚР Үкіметі "Электрондық үкімет бастамалары" атты халықаралық конференция өткізіп келеді. 2009 жылғы 29 қазанда Астанада “Қазақстан Республикасының электрондық үкіметін дамытудың 2008-2011 жылдарға арналған бағдарламасын” жүзеге асыру шеңберінде "Электрондық үкімет бастамалары" атты екі күндік халықаралық конференция төртінші рет өтті. Халықаралық бас қосудың басты мақсаты - Қазақстан Республикасында электрондық үкіметті дамытуға көпшіліктің назарын аудару, ақпараттық технологиялар caлаларын дамыту үрдістері туралы сарапшылардың ой-пікірлерін екшеу, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласының мамандарын және бағдарламаларын дайындаушы компаниялардың, сондай-ақ әлеуетті тұтынушылар мен инвесторлардың өзара тиімді ынтымақтастығын қалыптастыру болып табылады. Конференция материалдары біздің зерттеу тақырыбымыздың мәнін ашуға септігін тигізді.
Сондай-ақ, электрондық үкімет мәселелерімен қазақстандық гуманитарлық ғылымдардың түрлі салалары қызу айналысуда. Сол себепті ақпараттық қоғам жағдайындағы саяси жүйенің даму заңдылықтарын, ондағы ақпараттық саясаттың орнын әр ғылым саласы өздерінің ерекшеліктеріне сай ашуға ұмтылуда, бұл көптеген зерттеу жұмыстарының туындауына ықпал етіп отыр. Бұл бағытта Р. Б. Әбсаттаров, К. X. Шадиев, М. Надыров, А. Сәрсенбаев, Ғ. Ж. Ибраева және т. б. ғалымдардың еңбектері пайдаланылды.
Электрондық үкімет мәселесі саяси ғылымның зерттеу нысаны болып табылатындықтан, бұл тақырып қазақстандық саясаттанушыларға таныс. Алайда бізде оның жалпы мәселелері қарастырылады, ішкі құрылымдары мен ерекшеліктері тек арнайы информатик мамандардың назарына алынып, электрондық үкімет қоғамдық өмірімізге мықтап ене бастаған соңғы бес жылдықта ғана саяси ғылым тұрғысынан жан-жақты қарастырыла бастауда.
Біздің зерттеу тақырыбымызбен тікелей қатысты диссертациялар бұрын қорғалмаған, мәселелері үндесетін Е. Қ. Алияровтың 2006 жылы қорғалған “Государственная информационная политика Республики Казахстан в условиях глобальной информатизации” атты докторлық диссертациясы, М. Қасеннің 2008 жылы қорғалған “Мультимедийные технологии в политической практике Респубики Казахстан” және Т. Ф. Дауылбаевтың “Специфика применения информационно-аналитических технологий в государственном управлении Республики Казахстан” тақырыбындағы кандидаттық диссертациялары негізінен Қазақстандағы ақпараттандыру саясатын, саясаттағы ақпараттық технологияларды тәжірибелік қолдану мәселелерін зерттеуге арналған. Аталған диссертациялардың авторефератына жасаған талдаудан байқағанымыздай, электрондық үкіметті қалыптастыру, оның шетелдік тәжірибесі, Қазақстандағы хал-ахуалы саяси зерттеудің басты мақсаты немесе арнайы нысаны ретінде алынбаған, тек тарауша көлемінде, жұмыстың бір тармағы ретінде қарастырылады. Ал біздің диссертациялық жұмысымыздың тақырыбынан-ақ көрініп тұрғандай, электрондық үкіметті қалыптастырудың әлемдік тәжірибесіне салыстырмалы саяси талдау жүргізу және осынау жаңа басқару технологиясының Қазақстандағы жүзеге асу процесіне кешенді саясаттанулық талдау жасауға арналған.
Аталған диссертациялық жұмыстарға қарағанда біз электрондық үкіметті қалыптастыру мен дамыту саясаты сияқты ауқымды проблеманы кешенді саяси технологиялық процесс ретінде қарастырамыз, диссертацияның алдына қойып отырған мақсаты да осыны талап етеді. Олай болмайынша тақырыптың мәнін ашу мүмкін емес. Әлемдегі және Қазақстандағы электрондық үкімет үлгілерін салыстыра қарастыру түпкілікті саясаттанулық зерттеуді қажетсінеді.
Сонымен қатар, біздің диссертациялық зерттеу тақырыбымызға жанама байланысы бар А. С. Абылқасованың “Политический менеджмент в Республике Казахстан” және Қ. О. Айтбайдың “Административная реформа как фактор повышения конкурентоспосбности Казахстана (политологический анализ) ”, Б. І. Иманбекованың “Қазақстан Республикасының ғылыми-техникалық саясаты” тақырыбындағы докторлық диссертациялары, Ғ. Н. Бришеваның “Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік қызметтің институталдануы” атты кандидаттық диссертациясы қорғалған. Көріп отырғанымыздай, біріншіден қорғалған диссертациялардың қарастыратын проблемалары біздің зерттеу тақырыбымызға жанамалап келеді, алайда алдына қойған мақсат міндеттері, мәні мен мазмұны жағынан мүлдем бөлек. Сондықтан тақырыптың мәнін ашуға олардың қол жеткізген нәтижелері белгілі бір дәрежеде ғана септігін тигізді, себебі зерттеу айырмашылықтары көп.
Электрондық үкіметтің қалыптасуы мен дамуына арналған еңбектерге жасалған сараптама Қазақстандағы электрондық үкімет проблемасына кешенді саяси талдау жасалмағанын және түпкілікті зерттелмегендігін көрсетеді. Қазақстандық электрондық үкіметтің қалыптасуы мен дамуына ықпал етуші түрлі факторлардың саясаттанушылар тарапынан жеткілікті қарастырылмауы осы диссертациядағы саясаттанулық зерттеу қажеттілігін айқындайды.
Зерттеудің пәні электрондық үкіметті қалыптастыру мен дамытудағы әлемдік тәжірибе және оның Қазақстандағы орнығу процесі болып табылады.
Зерттеудің нысаны әлемдегі ақпараттық қоғам және ғаламдық экономикалық дағдарыс жағдайына қарамастан, орын алып отырған қиындықтарды еңсеріп, әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті елу елдің қатарына кіруге ұмтылушы Қазақстандағы электрондық үкіметтің жай-күйі.
Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Диссертациялық жұмыстың негізгі мақсаты - ақпараттық қоғам жағдайындағы электрондық үкіметтің қалыптасуы мен дамуының әлемдік саяси тәжірибесіне салыстырмалы талдау жасап, олардан қазақстандық нұсқаны дамытуға қажетті сабақтар ала білу. Зерттеу жұмысының мақсатына сай төмендегі зерттеу міндеттері туындайды:
- ақпараттық қоғам ұғымының эволюциясын саралап, оның мәні мен мазмұнын ашуға бағытталған теорияларды талдау арқылы Қазақстанның ақпараттық қоғам құруға бет алған саясатын концептуалды тұрғыда негіздеу;
- электрондық үкіметтің теориялық-әдіснамалық мәселелерін айқындау;
- салыстырмалы-саяси талдау арқылы әлемдік тәжірибедегі электрондық үкімет үлгілерін зерделеу, қазақстандық электрондық үкіметтің теориясы мен практикасын байыту. Бұл сондай-ақ ғаламдану жағдайындағы ақпараттық қоғамға ықпал етуші сыртқы факторлар мен қауіп-қатерлерді анықтап, олардың алдын алу жолдарын айқындауға да мүмкіндік береді;
- Қазақстанның жүргізіп отырған қоғамды демократияландыру, ақпараттандыру, жаңғырту саясаты мен әкімшілік реформаларды жүргізуіндегі электрондық үкіметтің рөлі мен маңызын негіздеу;
- Қазақстандық электрондық үкіметті қалыптастыру мен дамытуды саяси технология ретінде қолданбалы саясаттану тұрғысынан қарастыру;
- Қазақстанның ақпараттық-коммуникациялық технологияларды игеру, қоғам өміріне енгізу бағытындағы саяси шешімдері мен қызметінің ерекшеліктерін, кемшіліктері мен тежеуіш факторларын анықтап, осы маңызды саланы ұтымды жетілдіру жолдарын іздестіру.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы тақырыптың өзектілігімен әрі Қазақстанның саяси, әлеуметтік-экономикалық, ақпараттық-коммуникациялық, өндірістік-инновациялық дамуы үшін өткір қажеттілігімен анықталады. Диссертациялық жұмыста әлемдегі және Қазақстандағы электрондық үкіметтің саяси мәселелері мемлекеттік тілде кешенді зерттеледі:
- электрондық үкіметке қатысты ғылыми идеялар мен көзқарастарға талдау жасау арқылы ғылыми тұжырымдар сараланып, олардың қазақстандық электрондық үкімет үшін маңызы негізделді;
- саясаттанумен қатар өзге де қоғамдық және техникалық ғылымдар салаларындағы электрондық үкімет тұжырымдамаларын жан-жақты сараптау арқылы оның теориясы, құрылымы мен қызметі, түрлі факторлары, даму заңдылықтары мен принциптері анықталды;
- саяси ғылымда электрондық үкіметтің мәні мен мазмұны туралы қалыптасқан ортақ пікір жоқ, сондықтан да диссертацияда аталған ұғымның мән-мазмұнын концептуалды ашуға септігін тигізетін көзқарастар жүйеленді;
- әлемдік саяси тәжірибедегі электрондық үкіметті қалыптастыру мен дамыту ерекшеліктеріне салыстырмалы саяси талдау жасалып, оның Қазақстан үшін практикалық маңызы көрсетілді;
- Қазақстандағы демократияландыру, саяси модернизация, әкімшілік реформа және электрондық үкіметті қалыптастыру мен дамыту мәселелері өзара тәуелділік пен өзара байланысты зерттелді;
- қазақстандық электрондық үкіметтің орнығуы мен дамуы ақпараттық технологиялар ғасырындағы мемлекеттік билік пен мемлекеттік қызметті жетілдірудің алғышарты ретінде қарастырылып, бұл бағытта жүзеге асатын іс-шаралар кешені саяси технологиялық процеске ұласатыны көрсетілді;
- мемлекеттік саясаттың басым бір тармағы болып табылатын Қазақстандағы электрондық үкіметті қалыптастыруда қол жеткізген жетістіктеріміз бен орын алған кемшіліктер айқындалып, оның механизмдерін жетілдіру жолдары ұсынылды.
Зерттеудің теориялық және әдістемелік негіздері. Диссертациялық зерттеу жұмысы барысында ҚР Президенті Н. Ә. Назарбаевтың еңбектеріндегі электрондық үкімет туралы, саяси-әлеуметтік және экономикалық үрдістер жөніндегі ой-толғамдары мен түйінді шешімдерінің маңызы өте зор болды.
Тақырыпты зерттеу барысында электрондық үкіметтің мәселелерімен айналысатын шетелдік, ТМД-лық, қазақстандық ғалымдардың еңбектеріндегі зерттеу нәтижелері мәселенің мәнін ашуға көп септігін тигізді. Ол зерттеулер әлемдегі, посткеңестік кеңістік пен Қазақстандағы электрондық үкіметтің күрделі табиғатын, оның қыр-сырын түсінуге көмектеседі.
Зерттеудің әдіс-тәсілдерін саяси ғылымдағы кең танымал ретроспективалық, саяси-салыстырмалы талдаулар, жүйелілік, құрылымды-функционалдық, контент-талдау, сараптамалық және логикалық талдау тәсілдері құрайды. Құрылымдық-қызметтік талдау арқылы электрондық үкімет ұғымының ішкі құрылымы мен атқаратын қызметін жан-жақты ашуға қол жеткіздік. Салыстырмалы-саяси талдау тәсілі арқылы электрондық үкімет құрудың әлемдік тәжірибесі сараланып, оның Қазақстан үшін маңызы анықталды. Жүйелік талдау арқылы электрондық үкімет пен оның тетіктері айқындалды, электрондық үкімет қызметі саяси жүйенің, жалпы қоғамдық көлбеу және тік қатынастардың, мемлекеттік саясатты жүзеге асырудың маңызды құралы екендігі айқындалды, нәтижесінде электрондық үкіметтің қалыптасуы мен дамуы өзге де саяси процестермен ықпалдаса отырып, республикамыздың дамуына негіз болатын игі фактор ретінде қарастырылды. БАҚ-на, оның ішінде интернет-деректерге, статистикалық деректерге, әлеметтанулық зерттеулерге, сарапшылардың тұжырымдарына және басқа да зерттеуге тікелей қатысы бар дерек көздеріне контент-талдау жасау фактологиялық және аргументациялық сарындағы негіздеулерге арқау болды.
Зерттеудің деректемелік көзін ҚР Конституциясы, ҚР Заңдары мен нормативті-құқықтық актілері, қазақстандық және шетелдік қоғамтанушы ғалымдардың еңбектері, Президент Н. Ә. Назарбаевтың еңбектері мен ел халқына Жолдаулары, ақпараттық-талдау орталықтарының, Мемлекеттік статистика Комитетінің, ҚР Президенті жанындағы Қазақстандық стратегиялық зерттеулер институтының зерттеу нәтижелері мен мәліметтері, ҚР Президенті мен Үкіметінің Актілер жинағы, ғылыми және ақпараттық-статистикалық анықтама сөздіктер, халықаралық ғылыми конференция материалдары, сондай-ақ ақпарат құралдарындағы зерттеу тақырыбына қатысты материалдар құрайды .
Зерттеудің теориялық және тәжірибелік маңызы. Электрондық үкімет қалыптасуы мен дамуының әлемдік тәжірибесін және Қазақстандағы аталған институттың орнығуы мен қызмет етуінің хал-ахуалын саяси ғылым тұрғысынан зерттеу оның дамуын тежеуші саяси, құқықтық, әлеуметтік-экономикалық, технологиялық факторлардың алдын алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, орын алып отырған кемшіліктерді жою бойынша да кеңестер мен ұсыныстарды туындатады. Тәжірибелік тұрғыда жүргізілген зерттеудің нәтижелері елімізде енді аяғына тұрып келе жатқан электрондық үкіметті жан-жақты дамытуда іске жарайды. Осыған байланысты диссертацияның зерттеу нәтижелері мемлекеттік органдар үшін де, қоғамдық ұйымдар үшін де теориялық және қолданбалық маңызы бар. Сондай-ақ, диссертациядағы материалдарды жоғары оқу орындарындағы саясаттану пәнін оқытуда арнайы курс жүргізуде пайдалануға болады.
Қорғауға ұсынылатын ғылыми тұжырымдар:
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz