XIV-XV ғасырлардағы қыпшақ антропонимдері


Пән: Тілтану, Филология
Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 31 бет
Таңдаулыға:   

ӘОЖ: 81’373. 2:81’373. 6 Қолжазба құқығында

ӘЛІМБАЕВ МЕДЕУ ЕРКІНҰЛЫ

XIV-XV ғасырлардағы қыпшақ антропонимдері

(тарихи-лингвистикалық талдау)

10. 02. 06- түркі тілдері

Филология ғылымдарының кандидаты

ғылыми дәрежесін алу үшін дайындаған диссертация

АВТОРЕФЕРАТЫ

Қазақстан Республикасы

Алматы, 2010

Жұмыс М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің Қазақ тіл білімі кафедрасында орындалды.

Ғылыми жетекшісі: филология ғылымдарының докторы,

доцент С. Р. Боранбаев

Ресми оппоненттер: филология ғылымдарының докторы,

профессор Т. Жанұзақ

филология ғылымдарының кандидаты

Ж. Байтелиева

Жетекші ұйым: әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық

университеті

Диссертация 2010 жылы «29» қазанда сағат 16. 00-де ҚР БжҒМ ҒК А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты жанындағы 10. 02. 02 - қазақ тілі және 10. 02. 06 - түркі тілдері мамандықтары бойынша филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін диссертация қорғайтын Д 53. 38. 01 диссертациялық кеңестің мәжілісінде қорғалады (050010, Алматы қаласы, Құрманғазы көшесі, 29) .

Диссертациямен ҚР Білім және ғылым министрлігінің Орталық ғылыми кітапханасында танысуға болады (050010, Алматы қаласы, Шевченко көшесі, 28) .

Автореферат 2010 жылы «29» қыркүйекте таратылды.

Диссертациялық кеңестің

ғалым хатшысы, филология

ғылымдарының докторы, профессор Манкеева Ж. А.

Зерттеудің жалпы сипаттамасы

Зерттеу жұмысының өзектілігі. Қазіргі таңдағы қазақ ономастикалық жүйесінің ескі қыпшақ атаулары мен мәдени, тілдік сабақтастығын көрсету өзекті мәселе болып табылады. Себебі бұл сабақтастықтың тереңде жатқан төркінін тарихи тілдік этногенетикалық сабақтастықта көрсету жұмыстың өзектілігін арттырады. Осымен байланысты қыпшақтар жайлы ой-пікірлерді таратып түсіндіру, қыпшақ тіліндегі заңдылықтарды түркі тілдерімен салыстыра зерттеу қазақ тілінің жүздеген ғасырларға кететін тарихын таразылауды қажет етеді. Осыған орай қыпшақтардың дүниетанымы, әдет-ғұрпы, наным-сенімі, өмір сүру салты және тасқа бедерлеген жазуы қазіргі қазақ тіліндегі көптеген антропонимдердің түп төркінін анықтау үшін аса құнды дерек болып саналады.

Ескі қыпшақ тіліндегі топонимдер мен этнотопонимдердің, этнонимдер мен антропонимдердің түркі ономастикасындағы алатын орны қомақты екендігі белгілі. Ертіс пен Днестр өзендерінің аралығындағы, «Дешті Қыпшақ» даласын мекендеген орта ғасыр қыпшақтарының тарихи ономастикасы ұлттық ономастиканың қалыптасу, даму тарихымен тығыз байланысты. Осы себепті, ескі қыпшақ тіліндегі ономастикалық жүйенің этимологиясын анықтау, қазақ ономастикасының антропонимдер, этнонимдер мен этнотопонимдер мәселесіне қатысты мәселелерді шешуге септігін тигізе алады. Соның нәтижесінде Қазақстанның ерте орта ғасырлар тарихына қатысты этногенез, этнология мен түркология мәселелерін зерттеудің сабақтастық желісі айқындалады. Олай болса, ескі қыпшақ тіліндегі антропонимдер мен ескі қыпшақ тіліндегі кісі және этнос атауларының көне семантикасын анықтау орта ғасыр қыпшақтары мен қазіргі қазақтар арасындағы тілдік және этногенетикалық байланыстарды, тарихи сабақтастықты анықтауға мол мүмкіндік береді. Көрсетілген мәселелердің нақты дәйектік негізде зерттелуі зерттеу нысанының өзекті екендігін көрсетеді.

Зерттеу нысаны . Ескі қыпшақ тіліндегі половец-қыпшақ антропонимдерінің қазақ тілімен сабақтастығын көрсету.

Зерттеу пәні. Ескі қыпшақ тіліндегі половец-қыпшақ антропонимдерін тарихи-лингвистикалық зерттеу.

Зеттеудің дереккөздері. Зерттеу деректері Н. А. Баскаков, С. А. Плетнев, И. Г. Добродомов т. б. орыс жылнамаларындағы половец тайпаларының есімдері мен XIV-XV ғ. қыпшақ ескерткіштері тілін зерттеген түркітанушы ғалымдарының еңбектерінен алынды.

Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері . Зерттеудің негізгі мақсаты - ескі қыпшақ тіліндегі антропонимдердің этимологиясын анықтау арқылы қазақ есімдерінің төркіндерін анықтау. Осы мақсаттан барып зерттеудің мынандай міндеттері туындады:

- ескі қыпшақ тіліндегі антропонимдердің зерттелу тарихына шолу жасау;

- этнонимдер, лақап атаулар және тотем атаулары негізінде қалыптасқан половец есімдері мен Шығыс Дешті Қыпшақ антропонимдерінің модельдік типтерін салыстыру;

- половец есімдерінің төркіндерін анықтау арқылы бұл антропонимдердің олардың атақ дәрежелерімен, туысқандық атауларымен және саяси-әлеуметтік, шаруашылық атауларымен байланыста пайда болғандығын көрсету;

- төркіндері анықталған ескі қыпшақ тіліндегі антропонимдердің қазақ есімдерінің пайда болуына негіз болғандығын атап көрсетіп, дәлелдеу;

Зерттеудің ғылыми жаңалығы мен нәтижелері.

  • Ескі қыпшақ тіліндегі антропонимдердің шығу тарихы алғаш рет қазіргі қазақ тілімен салыстырыла отырып, ономастикалық және этимологиялық аспектіде кешенді түрде қарастырылды;
  • тотем атаулары негізінде көптеген антропонимдер мен этнонимдердің пайда болғандығы нақты деректерді талдау арқылы анықталды;
  • Түркі қағанаты аталып мемлекет басында тұрған этнос, орта ғасыр қыпшақтарының құрамында «бөрі тотемді тайпа» немесе «бөрі елі» мағынасын аталып, билеуші ру дәрежесінде болғандығы қарастырылды;
  • Шығыс Дешті Қыпшақ тіліндегіСамон, Құртқатотем атауының негізінде пайда болған есімдер болса, алҚыран, Қадыр-Қайыр, Садыр, Иакафтан, Жақып, Хулусман, Қадырбай, Қобыланды- этнонимдер негізінде пайда болған есімдер, Инасы, Тутух- лақап есімдер, Дерек, Теркенэтнологиялық терминдер негізінде пайда болған есімдер екендігі айқындалды;
  • кемпірқосақ- хун және ашина тайпалары өкілдерінің, дәлірек айтқанда, хун текті еркек пен ашина текті әйелдің араласа жұп құруынан, қосақ болуынан пайда болған күрделі атау болса, ал тарихиХурсак-Кюйшенемесе эпостықҚұртқаатты әйелге байланысты түркі тілдерінде әйелдердің биологиялық жасын білдіретін «кемпір» дейтін атау пайда болғандығына сипаттама берілді;
  • б. д. д. 201 ж. дүниеге келгенҚыпшақатты бала анасының Хурхасак-Бөрқатын деген лақап атауының негізінде половецтердеБелқатқын, ал осы әйелдің«Бөрқыз»аталған сіңлісі атауының негізінде «балдыз» дейтін туысқандық атау менБелдүзатты есімдердің арасында тілдік-генетикалық жақындық бар екендігі дәйектелді;
  • Қазақ тіліндегібәйбішеатауы -Хурхасак-Бөрқатынлақап атауының баламасы. Яғни бұл атау Қыпшақ деген бала анасыныңХурсакдейтін лақап атауының қыпшақтар мен қазақтардың әдеби тілінде сақталып қалған нұсқасы деген жорамалдар ұсынылды.

Зерттеудің әдістері. Зерттеу жұмысында негізінен тарихи-этимологиялық талдау мен салыстырмалы-тарихи әдіс қолданылады. Бұдан бөтен этимологиялық зерттеуде қолданылатын ғылыми индукция мен дедукция әдістері пайдаланылады.

Зерттеу жұмысының теориялық және практикалық маңызы. Диссертациялық зерттеудің негізгі ғылыми нәтижелері мен тұжырымдары, яғни ескі қыпшақ тіліндегі антропонимдер мен этнонимдердің төркіндерін анықтау, орта ғасыр қыпшақтары мен қазіргі қазақтар арасындағы тілдік және этногенетикалық байланыстарды, сабақтастықты анықтауға жол ашады. Осыған байланысты, зерттеу жұмысының нәтижелері этнология мен түркологияның орта түркі дәуірі тілі тарихы мәселелерін зерттеуге өзіндік үлес қоса алады. Зерттеу жұмысының нәтижелерін түркология, ономастика мен этимология, қазақ тілі тарихы т. б. салалар бойынша дәріс оқуда, осы зерттеулер бойынша арнаулы курстар жүргізуге, лексикографиялық тәжірибеде пайдалануға, сондай-ақ оқу құралдары мен оқулықтар жазу үшін де қолдануға болады.

Қорғауға ұсыналатын тұжырымдары.

- половец және Шығыс Дешті Қыпшақ есімдерінің басым көпшілігі этнонимдер мен лақап және тотем атаулары негізінде пайда болған;

- бірқатар половец есімдері этнонимдер мен лақап және тотем атаулар негізінде емес, әлеуметтік-экономикалық және саяси-әлеуметтік, лауазым атаулар негізінде пайда болған;

- ескі қыпшақ тіліндегі есімдердің төркіндерін анықтауға арналған зерттеу мен талдау, тек есімдердің ғана емес, сондай-ақ түркі тілдеріндегі көптеген атаулар мен қазақ тіліндегі «кішігірім, кішкене, кішкентай» - сын есімдерінің және «жайлаған, жайла» етістіктерінің семантикасын нақтылайды;

- ескі қыпшақ тіліндегі есімдердің негізінде қазіргі қазақ тіліндегі көптеген антропонимдердің пайда болғандығын дәлелдеп, көне және ортағасырлық түркі есімдерінің төркіндерін тек лексика-семантикалық талдау арқылы анықтаудың мүмкін еместігіне, есімдердің этимологиясы этногенезбен байланыста қарастырылуы қажеттілігіне көз жеткізілді.

Зерттеу жұмысының мақұлдануы мен жарияланымы. Зерттеудің негізгі мәселелері «Жаңа ғасырдағы түркі тану: рухани құндылықтарды сақтау және зерттеу мәселелері» (Орал, 2009), «Әуезов оқулары-8: Қазақстанның индустриалдық-инновациялық дамуын қамтамасыз етудегі ғылымды дамыту мәселелері» (Шымкент, 2009), «Тотем атауы негізінде қалыптасқан половец-қыпшақ есімі». Қазақ тілінің өзекті мәселелері. Проф. Қ. Жұбановтың 110 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдары (Алматы, 2009), «Әуезов оқулары-8: Қазақстанның индустриалдық - инновациялық дамуын қамтамасыз етудегі ғылымды дамыту мәселелері» (Шымкент, 2009) халықаралық ғылыми-теориялық және ғылыми тәжірибелік конференцияларда баяндалып, арнаулы секцияларда талқыланды. Баяндамалар мақала түрінде жарияланды. Республикалық және шетелдік басылымдарда жұмыстың өзекті мәселелері бойынша 5 мақала жарық көрді.

Диссертацияның құрылымы. Диссертациялық еңбек кіріспеден, 3 бөлімнен және қорытындыдан тұрады. Соңында пайдаланған әдебиеттер тізімі берілген.

НЕГІЗГІ БӨЛІМ

Жұмыстың кіріспе бөлімінде тақырыпты зерттеудің өзектілігі негізделіп, мақсаттары мен міндеттері, зерттеу нысаны, пәні айқындалды және ғылыми жаңалықтары мен нәтижелері, зерттеу әдіс-тәсілдері, теориялық және практикалық құндылығы, қорғауға ұсынылатын тұжырымдар баяндалды.

1 Ескі қыпшақ ескерткіштеріндегі антропонимдердің құрамы мен құрылымдық сипаты.

1. 1 Ескі қыпшақ тіліндегі антропонимдердің зерттелу тарихы. Қазақ тіл білімінің бір саласы - ономастика қазіргі таңда жан-жақты дамып, зерттейтін ғылыми мәселелерінің ауқымы кеңейіп отыр. Осындай ғылыми мәселелердің бірі - ескі қыпшақ тіліндегі антропонимдердің этимологиясы. Ескі қыпшақ тіліндегі кісі атауларының төркіндерін бір зерттеу жұмысының ауқымында анықтау мүмкін емес. Осы себепті біз ескі қыпшақ тіліндегі антропонимдердің арасынан қазақ есімдерінің төркіндерін анықтауға, Қазақстанның ерте ортағасырлық тарихына қатысты этногенез мәселелерін шешуге жәрдем беретін кісі атауларын іріктеп алуға тырыстық.

Ескі қыпшақ тіліндегі кісі есімдерінің төркіндерін анықтауға ғылыми негіз болатын түркі тілдеріндегі, соның ішінде ескі қыпшақ тіліндегі кісі есімдерінің мағынасы туралы алғашқы зерттеу - XI ғасырдағы М. Қашқаридың «Диуани лұғатит түрк» сөздігі. Аталмыш сөздікте барлығы 73 кісі есімі берілген. Бұл еңбекте кісі атауларының кейбірін автор жай ғана ерлердің есімі десе, ал кейбірін ханның аты-жөні, нағыз батырдың аты, белгілі ақынның есімі, күңдерге қойылатын атау деп түсінік беріп отырады. Мысалы, Атыш, Утуш, Әби, Әрув, Өтеміш, Сәлім, Бано, Болуч, Кулуч тағы басқа есімдерді тек ер адамдарға ғана берілетін есімдер деп анықтаса, ал Кумуш секілді антропонимді күң әйелдерге қойылатын есім ретінде түсінік береді [1] . М. Қашқари берген бұл түсініктемелерден байқайтынымыз, ол атау туралы жай ғана мәлімет беріп отырған жоқ, сонымен бірге антропонимнің мағынасын да беріп отыр. М. Қашқаридың әрбір кісі есіміне берген түсініктемесі, қазіргі кездегі ғылыми теория бойынша антропонимнің семантикасы бола алды. Ал есімдердің алғашқы мағынасы оның төркінін танытады.

Куман-половец антропонимдердің этимологиясымен айналысқан келесі бір зерттеуші И. Г. Добродомов. И. Добродомов Аепа есімінің төркінін «ай» сөзіне немере «аға» мағынасындағы «апа» сөзінің қосарлана айтылуынан, Аклан есімінің төркінін «ақ» сөзіне «қырқи» мағынасын білдіретін «лан» сөзінің қосарлана айтылуынан, Алтунопа есімінің төркінін «алтун» сөзіне «немере аға, әке» мағыналарын білдіретін «апа» сөзінің қосарлана айтылуынан, Аръслан есімінің төркінін «арыстан» мағынасындағы «арислан» сөзіне «немере аға» мағынасындағы «апа» сөзінің қосарлана айтылуынан, Асень-Осень есімінің төркінін «аман-есен, бақуатты» мағыналарын білдіретін «есен» сөзінен, Багубарс есімінің төркінін «төбелерде өмір сүруші» мағынасын білдіретін «төбе» мағынасындағы «баку» сөзіне барс мағынасындағы «барс» сөзінің қосарлана айтылуынан, Белдюз есімінің төркінін «білдір, хабар бер» мағынасындағы «бил-дуз» сөзінен, Белкатгин есімінің төркінін «ақылды ханзада» мағынасын білдіретін «билге тегин» атауларынан, Боняк есімінің төркінін «туа біткен қал» мағынасындағы «бәнәк» сөзінен, Ельбег есімінің төркінін «мемлекет» мағынасындағы «ел» сөзіне «би, мырза» мағынасындағы «бек» сөзінің қосарлана айтылуынан, Сокал-Искал есімінің төркінін «сақал» атауынан, Сугр есімінің төркінін «суыр» атауының этимологиялык варианты - сугур атауынан, Тугортак-Тугоркан есімінің төркінін «туу» мағынасындағы «туг» сөзіне келер шақ есімшенің «ар» қосымшасының жалғануынан пайда болатын «тугар» сөзіне «тегин» атауының қосарлана айтылуынан, Ченегрепа есімінің төркінін ер адамдардың Чәнгар-Чингир есіміне «апа» атауының қосарлана айтылуынан пайда болған деп береді. Ал Куртък есімінің төркінін печенегтердің қорқыт тайпасының «коркут» атауынан және жәндік “құрт” мағынасындағы «курт» атауына кішірейткіш формадағы « ик » қосымшасының жалғануынан пайда болатын «куртик» сөзінен шығарады [2] .

Куман-половец есімдерінің этимологиясымен арнайы айналысқан көрнекті түркітанушы ғалым Н. А. Баскаков болды. Н. Баскаков 1971 ж. жарық көрген «К этимологии половецских собственных имен в Слове о полку Игореве» деген зерттеуінде аталмыш орыс жылнамасында кездесетін половец есімдерінің төркіндеріне талдау жасаса, ал «Имена половцев и названия половецких племен в русских летописях» дейтін зерттеуінде орыс жылнамаларындағы половец антропонимдері мен этнонимдері атқаратын қызметі тұрғысынан мынадай негізгі үш топқа бөлген: 1) есімдер, 2) отбасы-рулық лақап атау немесе рулық отбасына біріктіретін топтық атау, 3) тайпалық және ірі тайпалар бірлестіктерінің атаулары [3, 48 б. ] . Атқаратын қызметі тұрғысынан ең үлкен бірінші топқа жататын половец есімдері орыс жылнамаларында тек ер кісі атаулары ретінде кездеседі. Н. Баскаковтың пікірінше, екінші топқа жататын Билюк, Акочай, Боняк есімдерінен пайда болатын Билюковичи, Акочаевичи, Боняковичи және тағы басқа отбасы-рулық лақап атаулар - орыс тіліндегі тектік атауларды құрайтын қосымша суффикстер жалғанған кісі атаулары. Бұл отбасы-топтық немесе тектік атаулар, отбасы-рулық бірлестіктің түп атасының атауын, орыс тіліндегі тектік атауға (отчество) бейімдеп айту нәтижесінде пайда болған. Отбасы-рулық атаулар есім мен оба-опа дейтін патримоналдық бөлік сөзден тұратын половецтердің құранды атауларынан пайда болған. Атқаратын қызметі тұрғысынан үшінші топқа половецтердің Анджоглы, Бурджоглы, Башкырт, Джузан, Иета-Итлар, Кануоглы, Карабароглы, Куман секілді этнонимдері кіреді. Осындай типтердегі атауларға атау беру тәжірибесінде адамға ру-тайпа бірлестігінің атауын беру немесе, керісінше, ру-тайпа бірлестігіне кісі атауын беру әдет-ғұрпы болған. Мысал ретінде токсоба, башкурт, куман секілді ру-тайпа бірлестіктерінің атауларын адамдарға кісі атаулары ретінде қолданылғандығын келтіреді. Мұндай әдет-ғұрыптың половецтерден кейінгі түркілердің тайпалар бірлестігінде де сақталғандығын атап көрсетеді. Н. А. Баскаков половец есімдерін мынадай сегіз лексика-семантикалық топқа бөледі: 1) тайпа немесе тайпалар бірлестігінің атауы бойынша пайда болған есімдер; 2) туысқандық және достық қатынас атаулары бойынша пайда болған есімдер; 3) атақ-дәрежесі бойынша пайда болған есімдер; 4) фаунамен байланысты кісі атаулары (жануарлармен, құстармен және басқалармен, мүмкін тотем атауы) ; 5) дене мүшелерінің мағынасын білдіретін сөздер негізінде пайда болған кісі атаулары; 6) материалдар және әртүрлі тұрмыстық бұйымдар атаулары бойынша берілген есімдер; 7) сирек кездесетін есімдерге, көктегі жарықтардың мағынасын білдіретін кісі атауларын жатқызу керек; 8) половец есімдерінің арасында, негізінде, адам қасиетінің, құмарлығының, мамандығының және тағы басқа мағынасын беретін сөздер жататын кісі атаулары әжептеуір орын алады [3, 48-55 бб. ] . Сары қыпшақ есімдерін Н. А. Баскаковтың осылайша сегіз топқа бөлуі біздің қазіргі ұлттық танымымызға тура келе ме? Бұл сауалға жауап беру үшін осы сегіз топқа кіретін есімдердің төркінін тағы да тереңірек зерделеуді жөн санап отырмыз.

Н. А. Баскаков жоғарыда аталған еңбегінде кірген половец есімдерінен, сондай-ақ отбасы-рулық және ру-тайпалық атаулардан қысқаша этимологиялық сөздік жасаған. Сөздіктің әрбір бабы немесе атауы: 1) есім және оның орыс жылнамаларында кездесетін барша нұсқаларын; 2) белгілі бір есім немесе атау және олардың басқа есімдер мен атауларға қатысы туралы қысқаша мәліметтерді; 3) белгілі бір есімнің немесе атаудың жылнамаларда аталып көрсетілген жылы; 4) ОЖТЖ (ПСРЛ) бойынша сәйкес келетін жылнамаларға сілтемені; 5) мақала жазылған уақытқа дейін бар болған этимологияларды, 6) 1, 2, 3, және тағы басқа араб сандармен белгіленген жаңа этимологияларды қамтыған [3, 57 б. ] . Н. А. Баскаков жасаған қысқа этимологиялық сөздікке кірген половец есімдерінің төркіндерін және осы есімдерге өз тарабымыздан берілетін этимологияларды келесі тармақта талдап қарастырамыз.

Қазақ тіл білімінің алғашқы профессоры Қ. Жұбанов та «Из истории порядка слов в казахском языке» атты мақаласында біріккен тұлғалы кісі есімдерінің синтаксистік құрылысына ерекше назар аударып, жан-жақты талдау жасаған. Мақалада автор қазіргі қазақ тіліндегі сөз тіркестерінің ерекшелігіне сай зат есімнің алдында анықтауыш сөз келетіндігі заңдылық екеніне тоқталып, көне тіліміздегі сөздердің тіркесуінде үнемі осы тәртіптің сақтала бермейтіндігі аталып өтілген. Осымен байланысты қазіргі тілімізде кездесетін Күнсұлу, Таңсұлу, Таңжарық, Айжарық, Айсұлу, тағы басқа сөздердің тіркесу табиғатына көңіл бөлген [4, 32-75 бб. ] . Кісі есімдері туралы ғылыми пікірді профессор С. Аманжоловтың еңбектерінен де табамыз. Атап айтқанда, семасиология мәселелеріне қатысты ғалым кісі атаулары жасалуының біршама үлгілерін анықтап, антропонимдердің жасалу жолына қарай олардың 16 түрін атап көрсетеді: бай, тай, келді, ғали, хан, бек, сапа, айдар, қозы, ит, алды, берген, мерген, пейіс т. б. Түркі ономастикасындағы бұл мәселенің зерттелуінде қазақ тілші ғалымдарының еңбектері назар аударарлық. Ескі қыпшақ тіліндегі антропонимдермен төркіндес қазақ есімдерінің этимологиясын анықтау барысында ғалым Т. Жанұзақов куман-половецтердің Кунан-Құнан антропонимін қазақтардың Құнанбай есімімен сабақтастырса, ал кумандардың атақты көсемі Кутен-Котян есімінің төркінін қазақ тіліндегі күтпек етістігімен байланыстырады [5, 124 б. ] . Ғалымның қазіргі қазақ есімдерінің сыңарында кездесетін күл, құл-ғұл сөздерінің төркіндерін отқа табыну культімен байланыста қарастыруы да назар аударарлық [5, 127 б. ] . Т. Жанұзақов араб, иран, орыс тілдерінен қазақ тіліне енген түбір және туынды тұлғалы кісі аттарына біздің зерттеу тақырыбымызға қатысы бар екі есімді жатқызады: Жүсіп, Жақып т. б. Ғалымның пікірінше, Жүсіп есімі, о баста грек тілінен араб тіліне, араб тілінен Орта Азия халықтарының тіліне ауысқан, бұл есім грек тілінде Иосиф , өзбек, әзірбайжан тілдерінде Юсуп, ұйғыр тілінде Үсүп, Орхон-Енисей ескерткіштерінің тілінде Usup тұлғаларында кездеседі. Осыған орай Жүсіп есімінің төркінін еврей тіліндегі «үлкен», «зор», «қадірлі», «құдіретті» мағыналарын білдіретін Иосиф есімінен, ал Жақып есімінің төркінін Библейдің ең жоғарғы дін басының атынан, ескі еврей тіліндегі Якуб, араб тіліндегі Яғкуб немесе Таураттағы Яков есімінен шығарады [5, 152 б. ] . Ескі қыпшақ тілінде болған Итлар есімімен төркіндес Итбай есімін, көне дәуірде балаға көз тиюден немесе жын-шайтаннан сақтау мақсатында қойылатын елеусіз оғаш есімдерге жатқызса, ал Арыстан есімін жыртқыш аң атауымен, Барақ және Сырттан есімдерін тотемдік атауларымен байланыстырады.

Сонымен бірге ономаст-ғалымдар Т. Жанұзақов пен Қ. Рысбергеннің «Қазақ ономастикасы: жетістіктері мен болашағы» атты еңбектерінде «Антропонимия - социолингвистикалық зерттеу нысаны» дейтін тақырыппен осы ғылымның болашақтағы даму жолдары көрсетіліп, авторлар антропонимдердің тіл тарихы үшін ғана басты дерек емес, сондай-ақ халық тарихы, тегі үшін де аса құнды дерек екендігін атап көрсетеді [6, 128 б. ] .

Біздің зерттеу жұмысымызда қарастырылатын антропонимдермен төркіндес кісі атауларының уәжділігі мен семантикасы туралы Н. Ө. Асылбекова өзінің «Кісі есімдерінің уәжділігі және танымдық сипаты» дейтін диссертациялық зерттеуінде былай деп жазады: « Күл еркін сөзінің уәжі оның тарихи қалыптасуымен сабақтас қаралуы тиіс деп пайымдаймыз. Күл -«кейінгі», «кенже», «отау иесі» деген мағына арқылы уәжделсе, Еркін -«еркін адам», «ер адам» мағынасы арқылы уәжделуі мүмкін [7, 10 б. ] . Половецтерде болған Бегъбарыс антропонимімен төркіндес «Күлтегін» ескерткішінде кездесетін Барс бек есімінің уәжделуін Н. Асылбекова барс сөзімен тікелей байланыстырып: «Түркі халқының ұғымында барс ең күшті, мықты аң болған. Соған сәйкес Жолбарыс, Барысхан, Барсбек, Бибарыс сияқты есімдер қойылған», деп жазады [7, 10 б. ] . Демек, антропонимнің пайда болу себебін анықтайтын уәж атаудың семантикасымен байланысты, ал атаудың семантикасы оның этимологиясымен байланысты. Күл еркін және Барсбек атауларының пайда болу себептерін анықтау мақсатында Н. Асылбекова ұсынған уәждің қаншалықты дұрыс екендігін зерттеу жұмысының барысында қарастырамыз.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Қазақ және түрік антропонимдерінің мәнін, олардың этномәдени табиғатына тереңдеу арқылы тарихи сабақтастығын анықтау
XIV-XV ғасырдағы Қазақстан
11-15 ғасырдың бірінші жартысындағы Қазақстан аумағындағы мемлекеттер
Қазақстан аумағында этносаяси қауымдастықтың қалыптасуы
14-15 ғасырдың бірінші жартысындағы Қазақстан аумағындағы мемлекеттер
Рухани мәдениетті дамыту
«Қазақ» этнонимі
СОҢҒЫ ОРТА ҒАСЫРЛАРДАҒЫ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТАРИХНАМАСЫ ЖӘНЕ ДЕРЕКТЕМЕЛЕРІ
Алтын орданың рухани мәдениетінің тарихы
МАҢҒЫТТАРДЫҢ ШЫҒУ МӘСЕЛЕСІ
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz