Қазақ қолөнеріне байланысты фразеологизмдердің этномәдени аспектісі


Пән: Тілтану, Филология
Жұмыс түрі:  Курстық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 28 бет
Таңдаулыға:   

ӘОЖ 821. 512. 122' 367+745/749] (574) Қолжазба құқығында

ЕРЖАНОВА ЗОХРЕ

Қазақ қолөнеріне байланысты

фразеологизмдердің этномәдени аспектісі

10. 02. 02. - қазақ тілі

Филология ғылымдарының кандидаты

ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның

А В Т О Р Е Ф Е Р А Т Ы

Қазақстан Республикасы

Алматы, 2010

Жұмыс Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі

Ғылым комитеті А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында орындалды

Ғылыми жетекшісі: филология ғылымдарының

докторы Р. Н. Шойбеков

Ресми оппоненттері: филология ғылымдарының

докторы Қ. Айдарбек

филология ғылымдарының

кандидаты Ж. Сұлтан

Жетекші ұйым: Қазақ мемлекеттік Қыздар

педагогикалық университеті

Диссертация 2010 жылы «10» желтоқсан сағат 16. 00-де ҚР БжҒМ ҒМ А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты жанындағы 10. 02. 06 - түркі тілдері және 10. 02. 02 - қазақ тілі мамандықтары бойынша филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін диссертация қорғайтын Д. 53. 38. 01 диссертациялық кеңесінің мәжілісінде қорғалады (050010, Алматы қаласы, Құрманғазы көшесі, 29) .

Диссертациямен ҚР Білім және Ғылым министрлігінің Орталық ғылыми кітапханасында танысуға болады (050010, Алматы қаласы, Шевченко көшесі, 28) .

Автореферат 2010 жылы «10» қарашада таратылды.

Диссертациялық кеңестің

ғалым хатшысы, филология

ғылымдарының докторы,

профессор Ж. А. Манкеева

КІРІСПЕ

Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Тіл дүниетанымның құралы, ойлаудың ұғым, түсінік, пайымдау тәрізді түрлерінің обьективтенуі болып табылады. Әрбір тарихи кезеңдер мен қоғамдық-әлеуметтік құбылыстар сияқты ұлт қолөнерінің әрбір түрі тілде өз таңбасын қалдырып отырады. Тіл мәдени, тарихи, рухани, әлеуметтік өзгерістердің айнасы тәрізді. Осыған байланысты тілдік бірліктер (лексика-фразеологиялық жүйесі) тек тіл білімінің емес, мәдениеттану, елтану, әлеуметтану т. б. зерттеу нысанына айналды. Осымен байланысты қазіргі кезде лингвистика ғылымының да зертеу нысаны кеңейе түсті. Тіл білімінің лексикология, фразеология т. б. салаларын басқа ғылым салаларымен байланыстыра қарау лингвистиканың бүгінгі таңдағы кешенді сипатын көрсетеді.

Тілдің ұлттық табиғатын шынайы танудың бір бағыты тілдік бірліктерді, олардың мазмұны мен тұлғалық жағын тілдің өз ішінде лингвистикалық заңдылықтар негізінде қарастыру болса, екінші бағыты оларды тілдік емес мәнділіктермен, яғни ақиқат өмірмен, экстралингвистикалық факторлармен, адам танымымен байланыстыратын, антропоцентристік бағытта қарастырумен ерекшеленеді.

Қазақ тіл білімінде бұл бағыттың ғылыми-теориялық алғышарттары А. Байтұрсынұлы, Қ. Жұбанов еңбектерінен бастап Ә. Т. Қайдар, Р. Сыздық, Е. Жанпейісов, М. М. Копыленко, Т. Жанұзақов, Ж. Манкеева, Н. Уәли, Б. Қалиев, Р. Шойбеков т. б. зертеушілердің еңбектерінде жасалып, материалдық және рухани мәдениетке байланысты мол деректер жинақталды, құнды тұжырымдар жасалды.

Зерттеудің өзектілігі . Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері жаңғыру кезеңін бастан кешіп отырған бүгінгі күнде танымдық, эстетикалық, тәрбиелік мәні бар көптеген құбылыстарды, соның ішінде байырғы кәсіп, қолөнер түрлеріне байланысты аса маңызды құндылықтарды жинап-теріп, анықтап, қайта бағалау қажеттігі туындап отыр. Өйткені кеңестік идеологияның әсерінен “қазақ халқы мал шаруашылығымен ғана айналысып, басқа кәсіптерді игермеген” деген бір жақты қасаң көзқарас орын алғандығы белгілі. Мұндай стереотиптерді тарихшы, этнограф, өнертанушылардың зерттеулеріндегі тіл деректеріне сүйене отырып, қайта қарастыру қажет. Өйткені қазақ тілінің лексика-фразеологиясы жөнінде сөз болғанда, мал атауларына бай тіл деген қорытынды жасалады да, қолөнер бұйымдарына байланысты атаулар, олардың фразеологизмдерге ұйытқы болудағы орны елеусіз болып қалады. Қазақтың қолөнері тарихи-этнографиялық, археологиялық зерттеулердің, яки сақталған, кейбіреулері қолданылып келе жатқан бұйымдардың көмегімен ғана емес, тіл деректері арқылы анықталады.

Қазақ тіліндегі өзінің бейімділігімен, әлеуметтік мәнділігімен ерекшеленетін фразеологизмдерде халқымыздың тарихы мен салт-дәстүріне, ойлау жүйесіне, материалдық және рухани мәдениетіне байланысты мол ақпарат сақталған. Осыған байланысты қазақ тіл білімінде фразеологизмдер әртүрлі қырынан зерттеліп келе жатыр. Фразеологизмдерді тілдік тұрғыдан зерттеу бағытында көптеген жұмыстар жүргізілді. Атап айтқанда, І. Кеңесбаевтың, Ә. Қайдардың, Н. Уәлидің, С. Сәтенованың, Ғ. Смағұлованың т. б. еңбектері жарыққа шықты. Тұрақты тіркестерді тілдік тұрғыдан зерттеу барысында ондағы ұйытқы сөздерді негізге ала отырып, фразалық біліктер тақырыптық, лексика-семантикалық топтарға жіктеліп қарастырылды, олардың құрамындағы ұйтқы сөздердің мағыналары ашылып, этимологиялық талдаулар жасалды.

Соңғы жылдары фразеологизмдерді тілден тыс факторлармен байланыстырып қарастыруға ерекше көңіл бөлініп, олардың этнолингвистикалық, психолингвистикалық, танымдық қырларын зерттеу барысында бұрынғы құрылымдық бағыттан гөрі антропоцентристік бағыт басым бола бастады. Тілдік бірліктерді антропоцентристік бағытта зерттеудің қазақ ұлтының мәдениеті мен материалдық дүниесін түсінуде маңызы зор. Өйткені қазіргі заман талабына байланысты фразеологизмдерді тек тілдік жағынан қарастырудың жеткіліксіз екені белгілі болып отыр, себебі осындай бағыттағы зерттеулерде халықтың ұжымдық тәжірибесі, шаруашылығы, адамдардың бір-бірімен байланысы, қоғамдық қатынастар, дүниетанымдық ерекшеліктер, материалдық және рухани мәдениет назардан тыс қалып қояды. Сондықтан фразеологизмдердің қалыптасуының тарихи, мәдени негіздері, уәжділігінің этномәдени мәнділігі жағынан қарастыру халқымыздың өткен кезеңдердегі мәдениетін танып білуде аса нәтижелі болмақ. Осы тұрғыдан алғанда фразеологизмдердің шығу арналары тарихы мен танымдық қызметін қолөнері материалдары негізінде қарастырып отырған бұл зерттеу жұмысы Мемлекеттік “мәдени мұра” бағдарламасымен толық үйлеседі. Ал қолөнеріне байланысты атаулар мен оған байланысты қалыптасқан фразеологизмдер - қазақ халқының өзіндік ерекшелігін айқын көрсететін, баспанасы мен кәсіби-шаруашылық құралдары мен кәсіп, өнер түрлерінен, киімдері мен тұрмыстық бұйымдарынан, ата-бабамыздың табиғат байлығын игеру тәжірибесінен, дүниетанымынан, әлеуметтік реттеу құралы болған салт-дәстүрлерінен т. б. мол дерек беретін қайнар көздердің бірі ретінде құнды. Біздің зерттеуіміздің бағыт-бағдарын айқындайтын мұндай мәселелер зерттеу жұмысының өзектілігін көрсетеді.

Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Зерттеу жұмысының негізгі мақсаты шығу төркіні қолөнеріне байланысты қалыптасқан лексика-семантикалық, этнолингвистикалық, ономасиологиялық талдау арқылы танымдық сипатын, дүниенің тілдік бейнесін көрсетудегі әлеуетін айқындау. Бұл айтылған мақсаттарға жету үшін мынадай міндеттерді орындау көзделді:

- фразеологизмдердің қалыптасуына негіз болған кәсіп, өнер түрлеріне мәдени сипаттама беру;

- қолөнері негізінде қалыптасқан фразеологизмдердің жиналған көлемін көрсету үшін олардың тақырыптық, лексика-семантикалық топтарын анықтау;

- фразеологизмдерге негіз болып тұрған уәждік белгілерді ашып көрсету;

- қолөнеріне байланысты фразеологизмдердің ақиқат, бейақиқат дүниенің тілдік бейнесін жасаудағы орнын көрсету;

- қолөнеріне байланысты фразеологизмдердің «адам», «қоғам» ұғымдарына қатысын сипаттау арқылы әлеуметтанымдық, мәдениеттанымдық әлеуетін айқындау;

Зерттеудің нысаны мен пәні. Зерттеу жұмысының нысаны - қолөнеріне байланысты қалыптасқан фразеологизмдер; зерттеудің пәні - олардың тарихи қалыптасу негіздері, ономасиологиялық қырлары.

Зерттеу жұмысының материалдары. Зерттеу жұмысында белгілі бір кәсіпке, өнер түрімен байланысты қалыптасқан фразеологизмдер мен оларға тірек компонент болған атауларға интерпретация жасау үшін фразеологиялық, түсіндірме, аймақтық сөздіктердің және зерттеу жұмысының антропоцентристік бағытына сәйкес қазақ тіл біліміндегі материалдық мәдениет лексикасына қатысты жазылған Е. Жанпейісовтің, Ж. Манкееваның, Р. Шойбековтің, Ә. Алмауытованың, Оқа Ардақтың, Т. Жаубасованың, А. Әлімжанованың, Г. Исаеваның т. б. зерттеу жұмыстарының, сондай-ақ этнография, өнертану, мәдениеттану саласындағы Ә. Марғұлан, Х. Арғынбаев, С. Қасиманов, Ә. Тәжімұратов, А. Сейдімбеков, Ө. Жәнібеков, Д. Шоқпарұлы, Р. Бекназаров, С. Бекешов, Қ. Ахметжанов т. б. еңбектеріндегі этнографиялық материалдары, дереккөздері пайдаланылды.

Зерттеу әдістері. Зерттеу барысы мен дереккөздерді жинау барысында сұрыптау, жүйелеу, салыстыру, лексика-семантикалық және диахронды-синхронды талдау, ономасиологиялық, этнолингвистикалық талдау әдістері қолданылды.

Зерттеудің ғылыми жаңалығы мен нәтижелері. Қазақ қолөнерін этнографтар мен өнертанушылар, тілші ғалымдар тарапынан әртүрлі қырынан қарастырылып келе жатқанымен, оның фразеологизмдерді қалыптастырудағы мәні арнайы зерттеу нысаны болған емес. Осыған байланысты зерттеу жұмысының жаңылығы тұңғыш рет бірсыпыра фразеологизмдердің пайда болу негіздерінің белгілі бір кәсіп, өнер түрімен байланысты екендігін этнолингвистикалық, мәдениеттанымдық, ономасиологиялық, когнитивтік (танымдық) аспектіде қарастырылуы болып табылады. Атап айтқанда:

- қазақ халқының ежелден келе жатқан материалдық мәдениетінің болғанын айғақтайтын тарихи, археологиялық деректерге шолу жасау арқылы тілдік деректер талданды;

- фразеологизмдердің қалыптасу, шығу арналары анықталды;

- қолөнеріне байланысты фразеологизмдер жинақталып, өнер түріне байланысты топтастырылды;

- қолөнеріне байланысты фразеологизмдердің тақырыптық, лексика-семантикалық топтары анықталды;

- фразеологизмдерге негіз болған уәждік белгілер ашып көрсетілді;

- фразеологизмдер уәждік белгілері бойынша топтастырылды;

- қолөнеріне байланысты тұрақты тіркестердің қазақ фразеологиялық қорында алатын орны айқындалды;

- қолөнері негізінде қалыптасқан фразеологизмдердің рухани мәдениетпен байланысы этномәдени бірліктердің беймәлім болып келген мазмұнын ашып, көне наным-сенім, әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерге этнолингвистикалық талдау жасау арқылы көрсетілді.

Зерттеудің теориялық және практикалық маңызы. Зерттеу жұмысының нәтижелері мен тұжырымдары тіл мен дүниетаным, тіл мен мәдениет, тіл мен ұлт, тіл мен ойлау категорияларының сабақтастығын қарастыратын этнолингвистика, лингвомәдениттану, ономасиология салаларының теориялық ұстанымдарын толықтыра түсуге өзіндік үлес қосады. Фразеологизмдердің теориялық және практикалық мәселелерін қарастыру жолындағы әрі қарайғы ғылыми зерттеулерге мұрындық болады.

Аталған зерттеудің нәтижелері мен қорытындылары, материалдары жоғары оқу орындарында фразеология, лексикология, этнолингвистика, лингвомәдениттану, ономасиология, когнитивтік лингвистика теориясы бойынша оқытылатын лексикалық курстарда пайдаланылады. Сол сияқты осы пәндер бойынша оқу құралдары мен бағдарламалар жасауға, ал диссертацияның материалдары түсіндірме, фразеологиялық, аударма, тарихи сөздіктер жасау барысында да қолданылуы мүмкін.

Зерттеу жұмысы бойынша қорғауға ұсынылатын тұжырымдар:

- қолөнерге қатысты фразеологиялық лексика қазақ тілінің этномәдени тұрғыдан құнды әрі аса бай қабатын құрайды. Сондай-ақ, халқымыздың тыныс-тіршілігімен, эстетикалық талғамымен байланысты және қоршаған орта туралы халықтың білімдер жүйесі, рухани, адами құндылықтары жөнінде кодталған ақпараттарды құрайды;

  • қолөнерге байланысты фразеологизмдер тіл мен адамның, ұлттық мәдениет пен этникалық сананың сабақтастығын көрсетіп, объективті түрде ұлттың, дүниенің тілдік бейнесін қалыптастырады;
  • фразеологизмдердің мазмұнын тану және олардағы халықтық білімдер жүйесін меңгеру арқылы халқымыздың, өскелең ұрпақтың ұлттық сипаттағы білімдер қоры толыға әрі кеңейе түседі, нәтижесінде рухани-интеллектуалдық тұрғыдан өсуге, ұлттық менталитетті нығайта түсуге ықпал етеді;
  • қолөнерге қатысты фразеологизмдер ұлттық болмысты айшықтай түсетін идиоэтникалық семантикаға ие, сондықтан қазіргі әлемде кең етек алып отырған жаһандану жағдайында оларды тану арқылы қазақ халқының ұлттық болмысын түсінуге мол септігін тигізеді;
  • фразеологизмдерден халықтың кен байлығы, жер байлығы, жануарлар әлемі мен адам, қоғам, әлеуметтік-экономикалық қатынастарға қатысты білімі мен тәжірибесі көрінеді;
  • фразеологизмдердің лингвомәдени семантикасында қазақ халқының қазба байлық, тұрмыстық заттар, әшекей өнеріне қатысты көпғасырлық ұжымдық рухани-материалдық шығармашылығы, адамның табиғатпен, қоғаммен, қоршаған ортамен қарым-қатынасы көрініс тапқан, сондай-ақ, қолөнерге қатысты тұрақты тіркестер қазақтардың ежелгі замандардан бергі шаруашылық-экономикалық, қоғамдық-әлеуметтік тыныс-тіршілігінен хабардар етеді.

Зерттеу жұмысының талқылануы мен жариялануы. Зерттеудің негізгі мазмұны мен нәтижелері 2009 жылы өткен «Профессор Ф. Мұсабекова және тіл білімі мен әдістеме мәселелері» атты халықаралық ғылыми-теориялық және практикалық конференцияда, 2009 жылы өткен «ХХІ ғасырдағы жоғары кәсіби білімді мамандар даярлаудың мәселелері: кешегісі, бүгіні мен болашағы» атты халықаралық ғылыми практикалық конференцияда, 2010 жылы профессор Ж. А. Манкееваның 60 жылдығына арналған “Тіл және мәдениет: тілдің антропоөзектік парадигмасы” атты ғылыми-теориялық конференцияда және А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты жанындағы «Лингвистикалық жұма» атты семинарда (2010, қаңтар) баяндалды. Ғылыми басылымдарда 8 ғылыми мақала жарияланды.

Диссертацияның құрылымы кіріспеден, екі тараудан, қорытынды және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

НЕГІЗГІ БӨЛІМ

Зерттеу жұмысының кіріспе бөлімінде тақырыптың өзектілігі, зерттеу нысаны, мақсаты мен міндеттері айқындалып, жұмыстың ғылыми жаңалығы мен теориялық және практикалық маңызы, қорғауға ұсынылатын тұжырымдар, зерттеу барысында қолданылған әдістер, пайдаланылған тілдік дереккөздер баяндалып, жұмыстың талқылануы мен жариялануы туралы мәлімет беріледі.

Диссертацияның «Қазақ қолөнерімен байланысты қалыптасқан фразеологизмдердің этномәдени негіздері» деп аталатын бірінші тарауында қазақ тіліндегі фразеологизмдердің зерттелу жайы мен қазіргі бағыттары, фразеологизмдерге ұйтқы болған атаулардың бірнеше ғылымдар тоғысында зерттелуі, кәсіби фразеологизмдердің қалыптасу арналары сөз болады. Атап айтқанда, біздің зерттеу нысанымыз болып отырған фразеологизмдердің шығуының мәдени-тарихи негіздері, қалыптасу арналары болып табылатын қарапайым табиғи тастар мен асыл тас, алтын, күміс, темір тәрізді металдар, ағаш, тері т. б. материалдарды өңдеумен байланысты пайда болған бейнелі сөз орамдарына ұйтқы, тірек компонент болған атаулардың этномәдени мазмұны баяндалады.

1. 1. «Тас өңдеу өнерімен байланысты қалыптасқан кәсіби фразеологизмдер» атты тараушада тас өңдеу өнерінің тарихы мен тастан жасалған тұрмыстық, шаруашылық бұйымдары, сәулет-құрылыс нысандары мен олардың атаулары қарастырылады.

Тас қашау ісі тәрізді еңбек түрі жеке кәсіп ретінде тарихшы, этнографтар негізінде тек соңғы жылдарда ғана арнайы зерттеле бастады.

Қазақ даласындағы тас ескерткіштер ерте кездерден-ақ саяхатшылардың, әскери адамдардың, зерттеушілердің назарын аударған. Атап айтқанда, бейіт басындағы тас құрылыстар туралы алғашқы деректер араб саяхатшысы әрі елшісі Ахмет Ибн Фадланның (Х ғасыр), итальян елшісі Гильом де Рубруктың (ХІІІ ғасыр), ХҮ-ХҮІ ғасырдағы қазақ қолөнеріне байланысты дереккөздер Бұхар тарихшысы Фазлаллах Рузбиханның еңбектерінде кездеседі. ХҮІІІ ғасырдан бастап П. И. Рычков, И. П. Фальк, П. С. Паллас т. б. Ресей және Батыс Еуропа зерттеушілердің еңбектерінде қазақ жеріндегі көптеген археологиялық, сәулет ескерткіштері зерттеледі. ХІХ ғасырда қазақ жеріндегі діни сәулет құрылыстары, керуенсарайлар туралы А. И. Левшиннің, Маңғыстаудың тас құрылыстары туралы Ф. Ф. Бергтің, құрылыс тасы ретінде қолдануға болатын ұлулы әктасқа қатысты мәліметтер М. И. Иваниннің, тастан, сүйектен жасалған бұйымдар мен ойыншықтарға қатысты деректер, тасты өңдеуге байланысты мәселелер маңызды этнографиялық дереккөз болып табылатын Р. Карутцтың «Среди киргизов и туркменов на Мангышлаке» деп аталатын еңбегінде сөз болады.

ХХ ғасырдың екінші жартысында тас өңдеуге байланысты этномәдени деректер Т. К. Басенов, Ш. Уразбаев, М. Меңдіқұлов, Э. Масанов, Е. Әжіғали т. б. еңбектерінде кездеседі.

Қазақтардың тас өңдеу өнерін зерттеудің алғашқы қадамы болып саналатын Э. Масановтың «Заметки о резьбе по кости и камню у казахов (вторая половина ХІХ - начало ХХ века) » атты мақаласы [1] мен С. Қасимановтың «Қазақ халқының қолөнері» [2], Х. Арғынбаевтың «Қазақ халқының қолөнері» атты кітаптарында [3] арнайы бөлім беріліп, онда тас өңдеу өнеріне, тас шеберлерінің мамандануына байланысты атаулар келтіріліп, түрлі заттарға сипаттамалар беріледі. Р. Бекназаровтың 2005 жылы шыққан «Қазақтың дәстүрлі тас қашау өнері» атты монографиясы [4] тарихи-этнографиялық деректер мен экспедиция материалдары негізінде жазылған құнды зерттеу еңбегі болып табылады. Бұл еңбекте тас өңдеу шығармашылығы, атап айтқанда, тұрмыстық және сәндік қажеттіліктерді өтеуге арналған (тас құдықтар, астаулар, тас диірмендер, мемориалдық ескерткіштер, мүсін, құлпытас, сағанатам, кесене) нақты материалдар негізінде сипатталып, тас өңдеудің әдіс-тәсілдеріне де ерекше көңіл бөлінген.

Аталған еңбектің тас қашау өнерінің генезисін, даму жолдарын танып-білуде зор маңызы зор.

Жоғарыдағы еңбектерде тастың қасиеттері мен түрлері, оны өңдеп зат дайындау тәсілдері, қандай затқа қандай тастың жұмсалатыны, жасалған тұрмыстық, шаруашылық бұйымдарының формасы, көлемі, түр-түсі, олардың атқаратын қызметтері т. б. жан-жақты баяндалады. Жұмыста осындай еңбектердің тұжырымдары мен тілдік материалдарына сүйене отырып, қазақ тіліндегі бірсыпыра фразеологизмдердің шығу негізі тас өңдеу өнерімен байланысты қалыптасқандығы анықталды.

Атап айтқанда, «ұқсас, бір-бірінен айнымайды» деген мағынада жұмсалатын бір қалыпқа құйғандай//бір қалыптан шыққандай, «өте семіз» (түйе туралы) ұғымында қолданылатын жоны астаудай, қомы астаудай, «ірі денелі дөңкиген» мағынасында айтылатын төңкерілген астаудай, «шаруаға пысық болды, бәрін тындырды» дегенді аңғартатын диірмендей дөңгелетті, «біреуді, жұртты өзіне қаратты, игеріп алды» дегенді білдіретін ұршықтай иірді, «атын өшірмеді», «қадір-қасиетіне жетті, үмітін ақтады» деген мағынада қолданылатын басына ақ тас қойды, басына құлпытас қойды, басына көк тас қойды т. б. фразеологизмдеріне этнолингвистикалық талдау жасалады.

1. 2. «Ағаш өңдеу өнерімен байланысты қалыптасқан кәсіби фразеологизмдер» атты тараушада ағаш өңдеуді кәсіп еткен шеберлердің өндіретін бұйымдарына қарац үйші, ерші, арбашы, ұста (ағаш ұстасы) тәрізді мамандықтарға бөлінетіні, бұлардың әрқайсысы жеке-жеке өнер түріне айналғандығы, күнделікті тұрмыста ағаштан жасалған бұйымдардың өте көп болғандығы этнографиялық деректер негізінде баяндалып, киіз үйдің құрамдас бөліктерімен, жасау-жиһаздармен, тұрмыстық бұйымдармен, күш-көлік құралдарымен, музыкалық аспаптармен байланысты қалыптасқан фразеологизмдерге сипаттама беріледі. Мұндай фразеологизмдерге ұйтқы болған тірек компонент ретінде бірде материал атаулары, бірде өңдеу тәсілдерінің атаулары, кейде зат бөлшектерінің т. б. атаулары қолданылғанмен, олардың этномәдени негізі жағынан белгілі бір өнер, кәсіп түріне байланысты қалыптасқандығы анықталады.

Киіз үйдің сүйегі мен ішіндегі жасау-жиһаздарын (сандық, кебеже, адалбақан, келі-келсап, ыдыс-аяқ) ағаштан жасайтын шеберлер үйші деп аталған. Кейбір қалаға жақын отырықшы жерлерде, әсіресе ағашы мол жерлерде киіз үй сүйегін жасаушылардың өзі керегеші, уықшы, шаңырақшы деп аталатын мамандықтарға бөлінген [3, 19] .

Киіз үй мен оның құрамдас бөліктеріне байланысты қалыптасқан фразеологизмдерді былайша жіктеп көрсетуге болады:

Үйге қатысты фразеологизмдер: қалайылаған қасты орданың сырығы. - аса қадірлі, қымбатты, ел-жұрты бағалаған азамат. Бұл фразеологизм білдіретін мағынасы жағынан алтын ердің қасы еді ( Тайманның ұлы Исатай Ағайынның басы еді, Алтын ердің қасы еді - М. Өтемісұлы) фразасына жақын. Аталған фразеологизмді ХҮ ғасырда өмір сүрген Сүйінішұлы Қазтуған жыраудың мұрасынан кездестіреміз: «Сөйлесе қызыл тілдің шешені, Ұстаса Қашағанның ұзын құрығы, Қалайылаған қасты орданың сырығы» (Бес ғасыр жырлайды, 1 - том. Алматы:Жазушы, 1989, 28-б. ) .

Этнографиялық деректердің көрсетуі бойынша әлеуметтік жоғары топ өкілдері киіз үйдің кереге, уықтарын сырлап қоюды місе тұтпаған. Олар керегенің бастарын, уықтың алақаны мен қаламдарын күмістетіп, сүйектетіп, қалайылатып та әшекейлейтін болған. ХІХ ғасырдың бірінші жартысында Бөкей ордасының ханы Жәңгір осындай қымбат үйді бірінші Николай патшаға сыйға тартқан.

Керегенің халық тілінде күміс шапқан кереге, сүйекті кереге, қалайылаған кереге, қорғасындаған кереге деген атаулары келтірілген фразеологизмнің сырын түсінуге қажетті деректердің бірі деп санауға болады. Қалайылаған қасты орданың сырығы фразеологизмі тарихи жағынан алғанда киіз үй сүйектерін металмен және асыл тастармен безендірілгенін және осылай әшекейлеу қатардағы киіз үй емес, орда аталатын ерекше үйлерге тән екендігінен мәдениеттанымдық дерек береді. Қазіргі тілімізде қас сөзінің мағынасы көпшілікке түсініксіз. Көне түркі тілінде қаш «нефрит» мағынасында қолданылған. Былғары бұйымдардың бетіндегі күміс шытыра, күмбез тәрізді әшекей қас деп аталады [5, 48] .

Ертеде үйді орда, отау деп атағандығы да белгілі. Осындай атаулардың қатысуымен жасалған фразеологизмдер: үйіңде шымылдығың желбіреп тұр ма? (үйіңде жас келіншегің күтіп отыр ма?), еңсесі биік боз орда (хан, сұлтан отырған үй), басына үй тікті (отау тігіп үй болды, шаңырақ көтерді), ауыл-үй қонды (жақындасты, араласты, қоныстас болды), қызыл үй (қызы бар үй) . Қостанай жағында қатыны өлген қызыл үйге қарап жылайды деген фразеологизм сақталған.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Фразеологизмдердің уәжділік тұрғысынан зерттелуі
Тұрақты тіркестерді оқыту
Ұлттық әшекей бұйымдардың тілдегі көрінісі
Қолөнер атауларының семантикасы
Қазақ тіліндегі әйел қолөнеріне байланысты халықтық лексиканың этнолингвистикалық сипаты
Зат есімге тән антонимдер
Жазушы Әбіш Кекілбаев Үркер романының лексика-фразеологиялық ерекшеліктері
Нар түйеге байланысты тілімізде мадақтау сипатындағы фразеологизмдер баршылық
Асыл тас атауларының этимологиясы
Лингвомәдениет
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz