Электронды үкімет жеке тұлғаға не береді


Пән: Социология, Демография
Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 8 бет
Таңдаулыға:   

Электронды үкімет жеке тұлғаға не береді

Қазақстанда ақпараттық технологияны дамыту мақсатында қазіргі таңда инфрақұрылым қалыптастыру жағдайы қалай?

- Еліміз үшін экономикамыздың шикізаттық салаға тәуелділігін жоятын әлеуметтік және мемлекеттік басқару салаларындағы реформаларды ойдағыдай жүзеге асыру үшін Үкімет халыққа және бизнес құрылымдарға көрсетілетін мемлекеттік қызмет түрлерін автоматтандыруды қолға алған болатын. Соңғы жылдары біздің елімізде “электронды үкімет” құрудың инфрақұрылымын қалыптастыру, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдана отырып, интернет және басқа да каналдар арқылы электронды қызмет көрсету мәселелерін дамыту ерекше күн тәртібіне қойылды. Оны жан-жақты дамытуда елімізде қабылданған “Ақпараттандыру туралы”, “Электронды құжат және электронды сандық жеке қол қою үлгісі туралы” заңдар, сонымен бірге Қазақстан Республикасында 2005-2007 және 2008-2010 жылдарға арналған “электронды үкімет” құру туралы, 2007-2009 жылдары ақпараттық теңсіздік деңгейін төмендету туралы қабылданған мемлекеттік бағдарламалар игі ықпал етті.

Енді “электронды үкімет” механизмінің қалай жұмыс істейтіндігі туралы түсінік бере кетейік. Оның инфрақұрылымын қалыптастыру принципі “азаматтар үшін және олардың өміріне қажетті мәселелер төңірегінде” мемлекеттік органдардың жұмысын қамтамасыз ету болып табылады. Бұл жүйенің негізгі пайдаланушысы - “бір терезе” үлгісімен барлық дәрежедегі мемлекеттік қызмет көрсетілетін қарапайым азамат. Бұл ретте азаматтарға қызмет көрсетудің шешуші бөлігі халыққа қызмет көрсету ор­талықтары (ХҚКО) мен “электронды үкіметтің” интернет порталдарының үлесіне тиеді.

“Электронды үкімет” - бұл қарапайым ғана интернет сайт емес, керісінше, барлық мемлекеттік органдарды үйлестіруші және мемлекеттік органдардың электронды қызметіне қол жеткізетін орталық болып табылады. Барлық мемлекеттік және жергі­лікті атқарушы органдар арасындағы қызметті және мемлекеттік басқару аппаратының қызметін “электронды үкімет” шлюзі үйлестіріп отырады. Басқаша айт­сақ, бұл барлық мемлекеттік және жергілікті атқару органдарының ақпараттарын “электронды үкімет” порталына жіберіп отыратын арнайы қақпа рөлін атқарады. Мем­лекеттік қызмет механизмін одан әрі жетілдіре отырып, электронды портал арқылы төлем процестерін жүргізуге қол жеткізіледі. Бұл “электронды үкіметтің” (ЭҮ) төлем шлюздерін жасау арқылы мүмкін болды. Алдағы уақытта бұл жүйеге екінші деңгейлі банктер және еліміздегі барлық ұялы байланыс операторлары да қосылатын болады.

- Иә, қазір дүниенің кілті ақпаратқа тіреліп тұр ғой. Ақпарат ақшадан да қымбат болды. Сонда осы порталдар арқылы жіберілетін және қабылданатын ақпараттың дұрыстығы мен ақиқаттығына қалай баға береміз?

- Ақпараттың дұрыстығы мен ақиқаттығын қамтамасыз ету үшін әрбір ұйым және әрбір адам үшін жеке электронды сандық қол қою (ЭСҚ) үлгісі қалыптастырылған. Бұл қол қою үлгісін ұлттық анықтау-бекіту орталығынан алуға болады. Ол үшін кез келген азамат немесе ұйым осы орталыққа өзінің жеке құжаттарын көрсетіп арнайы өтініш жолдайды. Электронды банкинг жүйесіне енгізілген электронды сандық қол қою коммуналдық төлемдер төлеген кезде, электронды сауда және электронды мемлекеттік сатып алулар жүргізілген кезде пайдаланылады. Әрбір субъекті туралы ақпараттар арнайы жасалынған мемлекеттік деректер базасында сақталады. Бұл базадағы деректер жеке тұлғалардың және заңды тұлғалардың мемлекеттік база деректері болып бөлінеді.

Интернет жүйесіндегі ақпараттық ресурстарды ашық пайдаланумен қатар қызмет бабында ғана пайдаланатын ақпараттық ресурстар жүйесі де бар. Бұл жүйедегі ақ­параттарды тек мемлекеттік органдар өзінің қызмет бабында ғана пайдалана алады. Бұл жүйеден ақпарат алудың жылдамдығы мен қауіпсіздігі бірыңғай транспорттық орталық арқылы қамтамасыз етіледі. Қорыта айтқанда, бүгінде біздің елімізде “электронды үкімет” инфрақұрылымы қалыптасқан және жүйелі жұмыс істеп тұр.

- “Электронды үкімет” жұмысы моделінде ХҚКО-ларға жүктелетін міндет ауқымы қандай?

- “Бір терезе” үлгісімен жеке және заңды тұлғаларға мемлекеттік қызмет көрсететін бұл орталықтардың жұмыс ауқымы өте кең. Қазіргі күні халыққа қызмет көрсету орталықтарының бірыңғай ақпараттық жүйесін (ХҚКО БАЖ) құру жұмысы қолға алынды. Астана қаласындағы ХҚКО-лардың бірінде 4 мемлекеттік қызмет түрі бойын­ша бірыңғай ақпараттық жүйе жасалынды. ХҚКО БАЖ жұмысын өмірге енгізу орталықтардың қызметінің тиімділігін арттырып, жеке және заңды тұлғаларға көрсетілетін қызмет түрлерін жылдамдатады.

Бүгінде Қазақстанда 18 мемлекеттік орган жеке және заңды тұлғаларға лицензиялар беру жұмысымен айналысады. Лицензия беру процесін автоматтандыру мақсатымен 2008 жылы “Е - лицензиялау” ақпараттық жүйесі құрылды. Үш мемлекеттік лицензия беру органдарының қатысуымен қанатқақты жоба жұмыс істей бастады.

“Электронды үкімет” жұмысы механизмінің басты мақсаты бұл жүйеге жергілікті атқару органдарының ешқандай шығынсыз және жедел қосылуын жүзеге асыру бо­лып отыр. Бұл бағыттағы жұмыс қазір барынша қарқын алған. Бүгіннің өзінде бірқатар әкімдіктер өз жұмысының тиімді үлгісі - Е - әкімдік инфрақұрылымдарын құру міндетін қолға алды. Осындай игі істердің нәтижесінде еліміздің әрбір тұрғынына бүгінде мемлекеттік органдар тарапынан жедел де сапалы қызмет көрсетіледі. Алдағы уақытта ақпараттық технологияны өмірдің барлық жақтарына барынша кең пайдалану міндеті қойылып отыр. Қазір ұялы телефонды еліміздің кез келген тұрғыны пайдаланады. Сондықтан ұялы байланыс банкингін жасау ерекше тиімді мәселе болуда. Болашақта азаматтарға ұялы телефондары арқылы мемлекет­тік қызмет көрсету жүйесі де іс жүзіне асырылмақ. Сол сияқты азаматтар ұялы телефондар арқылы коммуналдық төлемдерді және басқа да кез келген операцияларды жасай алатын болады.

- Бұл ретте тұрғындардың ақпараттық сауаты жоғары деңгейде болуы қажет қой. Осыған байланысты еліміздің тұрғындарының ақпараттық білімін жетілдіру мақ­сатында қандай жұмыстар жүзеге асырылуда?

- Жаңа технологияларды және ақпараттық мүмкіндіктерді пайдалану азаматтардың осы саладағы білім деңгейі жоғары болғанда ғана тиісті тиімділік береді. Сондықтан елімізде тұрғындардың барлық топтарының ақпараттық технология саласында білімін көтеруге барынша жағдай жасалынуда. 2006 жылғы 13 қазанда Үкімет “Қазақстан Республикасында 2007-2009 жылдар аралығында ақпараттық теңсіздік деңгейін төмендету бағдарламасын” белгілеп, қабылдаған болатын. Бұл бағдарлама бойынша тұрғындардың әртүрлі топтарының компьютерлік сауатын ашып, жалпыға бірдей ақ­параттық-коммуникациялық технологияларға қолжетімділік жағдайын қалыптастыру міндеті қойылған.

Бағдарама іс жүзіне асырыла бастаған уақыттан бері Агенттік облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдіктерімен және мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, 2512 компьютерлік сынып ашты. Оның 512-сі тұрақты түрде және 2000-ы жаз айларында мектептерде бір ай мерзімде жұмыс істейтін арнайы сыныптар болып табылады. Бұл сыныптар компьютерлермен және ұйымдастыру техникаларымен, сонымен бірге тегін интернет жүйесімен қамтамасыз етілген. Тұрғындардың компью­терлік білімін жетілдіру үшін 1848 тренер-оқытушылар даярланды және жаз айларында мектептерде жұмыс істейтін 2 мың студент ақпараттық технология бойынша арнайы дайындықтан өтті.

Сонымен бірге алыстан оқытатын оқу консалтингтік орталықтар ашылды. Ақпарат және мәдениет, Индустрия және сауда, Әділет, Білім және ғылым, Денсаулық сақтау министрліктері, Ақпараттандыру және байланыс жөніндегі агенттік бірлесе отырып, 8 ақпараттық таным порталдарын ашты. Міне, осындай жұмыстардың нәти­жесінде Бағдарлама аясында 1 575 379 адам компьютерлік сауатын ашып, арнайы сертификаттар алды. Сертификат алғандардың құрамында мемлекеттік қызметкер­лер, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, әскери қызметкерлер, ұлттық компаниялардың жұмысшылары, балалар үйінің тәрбиешілері мен тәрбиеленушілері, кәсіптік-техникалық мектептердің, лицейлердің оқушылары бар. Бағдарламаға сәйкес компьютерлік білімін жетілдіру курстарында еліміздің барлық әлеуметтік топтарының мүшелері дәріс алды. Тұрғындарға жаппай компьютерлік білім беру мәселесі еліміздегі ақпараттандыру үрдісінің барынша жылдам дамуына игі ықпал етті. Еліміздің бәсекеге қабілеттілік деңгейін көтеру мақсатында ақпараттық техно­логиялар жүйесіне жүктелер жауапкершілік жүгі зор. Сондықтан халықты Қазақстанда жоғары қарқынмен дамып келе жатқан ақпараттық технологиялар үдерісіне барынша кеңінен тарту кезек күттірмес міндет. Бұл орайда Ақпарат­тандыру және байланыс жөніндегі агенттіктің атқарып отырған жұмысы ауқымды да жауапты.

ӨМІРДІҢ ЖАҢА МАЗМҰНЫ

“Электронды үкімет” қызметі қарқынды даму үстінде

Осыдан біраз жыл бұрын әлемде компьютерлік бағдарламалардың алдыңғы легі жасалып, интернет пайда болған кезде осы іске белсене үлес қосушы алғашқы компаниялардың басшыларының бірі “егер кімде-кім алдағы уақытта интернет шырмауығының сыртында қалатын болса, сол өмірдің де сыртында қалады” деген екен. Сол сабаздың айтқаны дәл келді. Бүгінгі өмірді компьютерсіз, ақпараттық технологияларсыз елестету қиын болып барады. Ал осы құралдарды тиімді пайдаланғандар біздің Қазақстанымызда оның рахатын көріп отыр деп айта аламыз.

Мәселен, менің курстасым астаналық кәсіпкер Жомарт Дүйсенбеков елімізде “Қазақтелеком” АҚ іске қосқан “мегалайн” қызметі арқылы өзінің Англияда “Болашақ” бағдарламасымен оқитын қызы Әсеммен күнбе-күн “он-лайн” режімі бойынша компьютер алдында жүздесіп, хабарласып, халін біліп отырады. Егер осы хабарды бұрынғыдай халықаралық телефон байланысы арқылы жүзеге асырар болса, оған айына бірнеше жүздеген доллар қаржы кеткен болар еді. Ал Жомарттың “мегалайн” қызметі үшін “Қазақтелекомға” төлейтін айлық төлемақысы 4-5 мың теңгенің айналасында ғана. Оның үстіне қанша хабарласып сөйлесемін десе де өз еркі. Екіншіден, Әсемнің дауысын ғана естіп қоймай, түрін де көріп отырады. Осы арқылы алыста жүрген баласына деген сағынышын басады. Рахат дегеніміз осы емес пе?

Бүгінгі күні мұндай мүмкіндікті тек Жомарт қана емес, еліміздегі мыңдаған адамдар пайдаланып отыр. Мұндай қызметтің рахатын көру үшін баланың міндетті түрде шетелде оқуы шарт емес. Қазіргі күні электронды түрде жүзеге асатын қызмет түрлері көптеп саналады. Салық төлеушілердің бірқатары соңғы кездері салық органдарына өз есептерін осы электронды қызмет арқылы тапсырып жүргендері де ақиқат. Ал егер сіз өзіңіздің жер теліміңіздің бар-жоғы туралы ақпарат алғыңыз келсе, мұны да осы қызмет бойынша жүзеге асырудың жолы айқындала түсуде. Қазіргі күні еліміздің Жер ресурстарын басқару агенттігі мен Ақпараттандыру және байланыс агенттігі арасында осындай қызмет түрін орнықтыру жөнінде жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Соңғы екі-үш жылдан бері елімізде “электронды үкімет” қызметін қалыптастырып, жандандыру бағытында жұмыстар жүргізілуде. “Электронды үкімет” дегеніміз не? Мұны қалай іске қосуға болады?

Біріншіден, ол осы уақытқа дейін қалыптасқан азаматтар мен бизнеске көрсетілетін мемлекеттік қызмет түрлерін электронды аяға көшіру болып табылады. Яғни, “электронды үкімет” дегеніміз қазіргі дәстүрлі үкімет түріне қосылатын немесе оны айырбастайтын қосымша немесе балама емес, тек қана дәстүрлі үкіметтің енді электронды сипатқа көшірілуі болып саналады. Мұндай жағдайда азаматтардың немесе бизнес өкілдерінің өздеріне қажетті ақпаратты алуы, сондай-ақ, берілетін есепті тапсыру үшін бұрынғыдай Үкіметтің өкілетті органдарына баруы саябырсиды. Ол енді электронды түрде көрсетілетін болды. Бұл қызметті атқаруға ақпараттық технологиялар көмектеседі.

Сөйтіп, “электронды үкімет” дегеніміз - мемлекеттік электронды түрде басқару. Мәліметтер базасының жүйесін құраушы веб-портал, куәландыратын орталық, үкіметтік және парламенттік құрылымдардағы электронды құжат айналымы және мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйесі мәлімет берудің бірыңғай жүйесіне айнала келе электронды қызмет көрсетудің ядросын құрайтын болады. Бір есептен алғанда, бұл дегеніңіз бұрынғы әкімшілік тұрғыдан басқарылудың енді сервистік қызмет аясына көшірілуі деген сөз. Ақылды, білікті адамдар бұл қызметтің артықшылықтарын барынша тиімді пайдалана алады. Мәселен, өз үйінен шықпай-ақ компьютер үстелінің басында отырып, көптеген ақпараттарды ала алады және өз қызметіне қатысты мемлекеттік органдарға жауап жөнелту, қызмет көрсету мүмкін­дігіне ие болады. Мұның өзі ақыр-аяғында уақытты барынша тиімді пайдалануға алып келеді және адамның қолын мейілінше ұзарта түседі. Ал Карл Маркс айтқандай, “уақыттан ұтқан адам, бәрінен де ұтатын болады”. Өйткені, өз кәсібінің шыңына жетіп, оны барынша тиімді пайдалана алатын адамдар уақыттың құны алтыннан да қымбат екендігін жақсы түсінеді.

“Электронды үкімет” инфрақұрылымдарын қалыптастырудың әлемдік тәжірибесін ескере отырып, бұл істі жүзеге асыру біздің елімізде төрт кезеңге бөлініп, қарастырылуда.

Бірінші кезеңі - ақпараттарды жариялау және тарату.

Екінші кезеңі - мемлекеттік қызметшінің назар аударуын қажет ететін қызмет түрлерін интерактивті байланыс арқылы жүзеге асыру. Дамудың бұл сатысында мемлекеттік қызметті көрсетуші мен оны пайдаланушы ақпараттық технологиялар арқылы бір-бірімен байланысқа шыға алады.

Үшінші кезеңі - үкіметтік портал арқылы қызметті пайдаланушының жеке басын куәландыруды қажет ететін қаржылық және заңдық операцияларды транзакциялық жолмен жүзеге асыру. Яғни, қазіргі қолданыстағы мөрмен немесе жеке басты куәландыратын құжаттардың алыс-берісін қамтамасыз ету.

Төртінші кезеңі - ақпараттық қоғамды қалыптастыру. Бұл кезеңде электронды қызмет түрі қазіргі қағаз бойынша дәлелденетін қызметтерден басым түсіп, адам өмірін барлық жағынан қамтуы тиіс. Яғни, бүкіл қоғам осы қызмет түрін тегіс және жан-жақты пайдаланатын болады.

Қазіргі күні Қазақстан “электронды үкіметті” дамытудың үшінші кезеңінде тұр деп айта аламыз. Өйткені, бізде қазір барлық облыстарда әкімдіктердің веб-сайттары құрылған. Олардан күнбе-күн неше түрлі жаңалықтарды, сондай-ақ бизнеске пайдалы құжаттарды алып отыруға болады. Қызметті пайдаланушы мен көрсетуші арасында да байланыс орнаған.

Елімізде “электронды үкіметті” дамытудың 2008-2010 жылдарға арналған бағдарламасы қабылданған болатын. Бұл бағдарлама азаматтардың неғұрлым қажет ететін мемлекеттік қызмет түрлерін электронды сипатқа көшіруді, осы ресурсқа және сервиске көпшіліктің қолжетімділігін қамтамасыз етуді көздейді. Сөйтіп, елімізде “электронды үкімет” қызметі жүйелі түрде және жақсы қарқынмен дамып келеді.

Сұңғат ӘЛІПБАЙ.

ЭЛЕКТРОНДЫ ҚОЛ ҚОЮ ҮЛГІСІ

Қазіргі таңда ақпараттық технология жүйесінің ерекше дамығандығы сонша, бұрын уақыт өткізіп, табан тоздырып атқаратын жұмыстарды электронды тетіктер арқылы бірден-ақ іс жүзіне асыруға болады. Елімізде жоғары қарқынмен дамып келе жатқан ақпараттық технологияның бүгінгі таңдағы локомотиві “мемлекеттік сатып алудың электронды жүйесі” десек артық емес. Мемлекетіміздің барлық өңірлеріндегі заңды тұлғалар мемлекеттік сатып алу жүйесін пайдаланады. Мемлекеттік сатып алу жүйесін электронды тәсілге көшіргеннен бері бұл жұмыстың тиімділігі де, сапасы да ерекше артты. Бұл жүйенің тағы бір артықшылығы, мемлекеттік сатып алу тәсілдерін жүргізген кезде адам факторының азаюына жағдай жасайды.

Электронды мемлекеттік сатып алу жүйесінің ең басты талаптарының бірі әрбір жеке және заңды тұлғаның жеке электронды қол қою үлгісінің болуы қажет. Ұлттық анықтау-бекіту орталығы беретін электронды қол қою үлгісін алуға ешқандай шек қойылмайды. Қазір еліміздің барлық облыс орталықтарында және Астана, Алматы, Семей қалаларында осындай 28 орталық жұмыс істейді. Ортақ жүйеге енгізілген электронды қол қою үлгісінің тиімділігі аса зор. Кез келген адам бір-екі секөнттің ішінде өзінің электронды қол қою үлгісін жіберіп, сатып алу операцияларын жүзеге асыра алады.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Кедендік Жүк декларациясы кедендік ресімдеуде қолданылатын негізгі құжат
Қазақстандағы электрондық банктік қызметтің дамуына талдау
Халыққа қызмет көрсету орталықтарының құқықтық негіздері
Қазақстан Республикасындағы төлем операцияларының маңызы
Чекпен есеп айырысу
Қазақстан Республикасының мемлекеттің биліктің жүйесі
Ұлттық идентификациялық жүйе
Ауқымды компьютерлік желі
Халыққа қызмет көрсету орталықтарының қалыптасуы
Баспасөз қызметінің ерекшеліктері
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz