Көркем тілді адамтану парадигмасы тұрғысынан зерттеу (Ж.Нәжімеденов өлеңдерінің тілі негізінде)


ӘОЖ 811. 512. 122’373 Қолжазба құқығында
САБИРОВА ГҮЛБАНУ НҰРЫМҚЫЗЫ
Көркем тілді адамтану парадигмасы тұрғысынан зерттеу
(Ж. Нәжімеденов өлеңдерінің тілі негізінде)
10. 02. 02 - қазақ тілі
Филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін
алу үшін дайындалған диссертацияның
а в т о р е ф е р а т ы
Қазақстан Республикасы
Алматы, 2010
Жұмыс Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында орындалды
Ғылыми жетекші: филология ғылымдарының
докторы, профессор Ж. Манкеева
Ресми оппоненттер: филология ғылымдарының
докторы А. Әділова
филология ғылымдарының
кандидаты С. Жусанбаева
Жетекші ұйым: Абай атындағы Қазақ ұлттық
педагогикалық университеті
Диссертация 2010 жылы «10» желтоқсанда сағат 14 00 -де ҚР БжҒМ ҒК А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты жанындағы 10. 02. 06 - түркі тілдері және 10. 02. 02 - қазақ тілі мамандықтары бойынша филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін диссертация қорғайтын Д 53. 38. 01 диссертациялық кеңестің мәжілісінде қорғалады (050010, Алматы қаласы, Құрманғазы көшесі, 29) .
Диссертациямен ҚР Білім және ғылым министрлігінің Орталық ғылыми кітапханасында танысуға болады (050010, Алматы қаласы, Шевченко көшесі, 28) .
Автореферат 2010 жылы «10» қарашада таратылды.
Диссертациялық кеңестің
ғалым хатшысы міндетін атқарушы,
филология ғылымдарының докторы Қ. Айдарбек
КІРІСПЕ
Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Қазақ өлеңі әлеміндегі көркем ой философиясын бағындырған қайталанбас тілдік тұлға Жұмекен Нәжімеденов өлеңдерінің тілі «ауырлығымен» байланысты күрделі, кешенді жүйе ретінде тілтанымдық адамтану (антрополингвистика) аспектісінен зерттеуді қажет етеді. Өйткені жұмекентану алдындағы Жұмекеннің «тереңіне жетпеу» мәселесі оның «күрделі» болмысына сай туындады. Және әлі күнге өз шешімін таппай отыр.
Ақын өлеңдерінің идеялық мазмұны мен тақырыптық, жанрлық-бейнелік ерекшеліктеріне әдебиеттанушы ғалымдар арнайы зерттеу арнамағанымен, кезінде ол туралы Ғ. Қайырбеков, Ә. Кекілбаев, Қ. Мырза әлі, т. б. сынды ақын-жазушылардың таным-таразысынан өткен пікірлері бар. Өкінішке қарай, өзектілігін жоймаса да, ғылыми еңбектердің (монография) ұстын-ұстанымы бола қойған жоқ. Сондықтан Жұмекеннің «тереңіне жету» кешеуілдеп келеді.
Ақынның «жұмбақ» атанып, жұмекентану саласының қалыптаспауының бір себебі - осыған дейін мәселе тек ақынның «қиынырақ қиысқан» өлеңінен ізделініп келді. Ол ақынның оқырман-адресат адресіне арнаған «өкпесін» («түсінетін құлақ - қыңыр, көз - надан») көрсетті де, біржақты бағаланды.
Ал, ол кездегі қоғамның рухани сұранысы, талабы назардан тыс қалды. Оны ескерудің қажеттілігі зор. Өйткені Жұмекенге қоғамының да «өкпелеп», түсінбегені белгілі. Оны ақын көре білген: «Күн сүймесе қайтейін, көнем мейлі».
Сайып келгенде, мұның бәрі ақынның ақындық ұстанымынан туындап отыр. Ал, Жұмекеннің ақындық позициясын толық түсіну үшін, ақынды қоғамымен қатар танылу тиіс. Жұмекен шығармашылы туралы сөздің толық болмауы, міне, ақынның «ауыр» болмысынан өзге мәселе қырларын көрмеу себебінен.
Осы олқылықты ақынның тілінен ғана емес, тілдік емес мәнділіктерден (экстралингвистика) де іздеп, ғылыми пікір білдіру - қазақ руханияты мен мәдениетінің мүддесі. Жұмыс осы бағытта орындалып отырғандықтан, бұл жұмыс тақырыбының соны әрі өзектілігін көрсетеді.
Ендеше, қазіргі тілтанымдық адамтану (антрополингвистика) бағытына сәйкес ұлттық санасы жоғары, ұлттың рухани мұрасын меңгеріп, ұлттық әдебиетті жаңа сапаға көтеруге өзіндік үлес қосқан Жұмекеннің тілін ұлттық құндылық ретінде зерттеу - ұлттық болмыс пен халықтың дүниетанымын танытуға қатысты көкейтесті мәселе.
Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Зерттеу жұмысының мақсаты - Жұмекеннің «жұмбағын», ерекше сөз өнерінің иесі ретінде қалыптасуын негіздеген тәрбиелік-танымдық тегі, рухани-әлеуметтік ортасы мен қоғамы арқылы ашылатын көркем тілін талдаулар негізінде дәйектеу. Аталған мақсатты орындау барысында төмендегідей міндеттерді шешу көзделді:
- тілтанымдық адамтану парадигмасы бойынша ақынның тілі арқылы танымын тануға мүмкіндік беретін әрі қазақ көркемсөзінің зерттелуін сипаттайтын теориялық, әдістемелік тұжырымдарды қарастыру;
- тілтанымдық адамтану өлшемі тұрғысынан ақынның сөз қолданыстық ерекшелігін көрсету;
- ақын және оқырман қатынасының интерпретациясын ұсыну;
- Жұмекеннің тілі негізінде ол өмір сүрген қоғамдық-әлеуметтік жағдай, оған ақынның қатынас-көзқарасын, прагматикалық ұстанымын анықтау;
- ақын санасындағы таным негізін қалыптастырып, ақындық ұстанымын белгілеуге әсер еткен танымдық-тәрбиелік тегін танумен қоса, оның тілдік көріністерін дәйектеу;
- Жұмекеннің прагматикалық діттемін (позиция) түсінбей, тәуелсіздікке дейін «түсініксіз» деп келген оқырманының (ақын-жазушы, сыншылардың мақала, рецензия түрінде жарық көрген) еңбектерін саралау;
- ақын жұмбағын дәйектеп, өлеңдерінің «жасырын» (астар) мағынасын сипаттайтын, Жұмекендегі астарлаудың әдіс-тәсілдерін айғақтайтын тілдік бірліктерді көрсету;
- Жұмекен қолданысындағы тарихи-мәдени контекстен ақпарат беретін «ескі» сөздердің мәнін ашып, түптеп келгенде, мағыналық құны (вербалды-семантика) тұрғысынан талдау жасау;
- Жұмекендегі ұлттық ой, ұлттық дүние бейнесін бейнелейтін көріктеуіш құралдарының жасалуы мен мағыналық мазмұнына түсінік беру;
- ақынның прагматикалық деңгейін көрсететін, мақсат-мұраттары көрініс табатын, әсіресе кейіптеуге құрылған өлең-сөз астарында жатқан уәжділікті адамтанымдық тұрғыдан бағамдау.
Зерттеу нысаны. Ақын Жұмекен Нәжімеденов өлеңдері тілінің мәдени-танымдық, прагматикалық сипаты.
Зерттеудің пәні. Көркем тілді зерттеудің адамтанымдық парадигмасы.
Зерттеудің дереккөздері ретінде Ж. Нәжімеденовтің әр жылдары жарық көрген жыр жинақтары: «Балауса» (1961), «Сыбызғы сыры» (1963), «Өз көзіммен» (1964), «Жарық пен жылу» (1966), «Күй кітабы» (1967), «Мезгіл әуендері» (1968), «Ұлым, саған айтам» (таңдамалы - 1969), «Гүл туралы баллада» (1971), «Жетібояу» (1979), «Ашық аспан» (1982), «Қыран-қия» (1984) пайдаланылды.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы. Ж. Нәжімеденов өлеңдері тілінің тілтану ғылымындағы тілтанымдық адамтану парадигамасы тұрғысынан тұңғыш рет талданып, зерттелуі - ізденісіміздің ғылыми жаңалығы. Зерттеудің осындай ғылыми жаңалығы төмендегідей нәтижелерге жетуге негіз болды:
- қазақ тіл біліміндегі қаламгер тілін зерттеген еңбектердің тұжырымдары негізінде, дәстүрлі-құрылымдық парадигма мен тілтанымдық адамтану парадигмаларын «бұрынғы», «жаңа» деп, бірінен-бірін ажыратпай, керісінше, бірін-бірі толықтыратын тұстары зерделенді;
- Жұмекеннің тілі ғана емес, тілі-ойының қозғаушы күштері - оқырман, ортасымен арасындағы қатынастың алғаш рет сөз болып, зерттелуі адамтану парадигмасының адамды тануға қызмет ететінін көрсетеді;
- Жұмекен танымында дүние бейнесінің қалыптасып, тілінің көркемдік жүйесіне ықпал еткен факторлар сараланып, аялық білімін көрсететін дүниелік білімі - сөзі арқылы айқындалды;
- Дүние бейнесін астарлап жеткізуге ақынның саналы түрде (прагматика) барғанын көрсететін әдіс-тәсілдері жіктеліп, ұлттың болмысынан ақпар беретін линвомәдени бірліктер мен теңеулерге мағыналық талдау жасалды;
- ақын танымының табиғатпен сабақтастығы тамыр, топырақ, жапырақ, маусым, жел, т. с. с. лексемалардың Жұмекен қолданысындағы көркемдік уәжі талданды;
- Жұмекенмен замандас қаламгерлердің сыни пікір, рецензия, мақалалары барысында айтқан қарама-қайшы көзқарастары алғаш рет сарапталып отыр.
Зерттеудің теориялық және әдіснамалық негіздері. Зерттеу барысында тіл ғылымының іргелі зерттеулері, соны бағыттары мен жаңалықтарының көрсеткіші ретінде қазақтың А. Байтұрсынұлы, Қ. Жұбанов, Ж. Аймауытов, М. Жұмабаев, М. Әуезов, Р. Сыздық, Қ. Өмірәлиев, Е. Жанпейісов, Н. Уәли, А. Әділова, т. б. сынды ғалымдарының, шетелдік ғалымдардан В. А. Маслова, Ю. Н. Караулов, И. Гальперин, т. б. сынды ғалымдар еңбектері басшылыққа алынды.
Зерттеу әдістері мен тәсілдері. Жұмекеннің туып-өскен ортасын тану үшін баяндау, сипаттау, тарихи-этнолингвистиалық әдіске сүйеніп, сөзін-дүниетанымын тану мақсатымен көркем сөзді мағыналық өрісте талдауда семантикалық әдіс пен концептуалдық, салыстыру, контекстік талдау әдістері пайдаланылды.
Зерттеу жұмысының теориялық маңызы. Ақын Ж. Нәжімеденовтің өлеңдерін тілдік тұрғыдан зерттеу барысында алынған нәтижелер, ұсынылған тұжырымдар қазақ тіл біліміндегі «тілдік тұлға», «дүние бейнесі» теориялары зерттелуін толықтыруға септігін тигізіп, прагмалингвистика, танымдық тіл білімі, мәтін лингвистикасы салаларының дамуына үлесін қосады.
Зерттеу жұмысының практикалық маңызы. Белгілі бір тілдік тұлға шығармашылығын талдауға арналған арнайы курстар мен семинарларда, практикалық дәрістерде («Көркем мәтінді лингвистикалық талдау», «Мәтін лингвистикасы», «Қазақ тілінің стилистикасы», «Когнитивтік лингвистика», «Тіл мәдениеті», т. б. ), Жұмекен тілінің сөздігін құрастыру ісіне пайдалануға болады.
Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар:
- тілтанымдық адамтану тұрғысынан ақын тілін зерттеу оның тіл білімі мәселесі болып қана қоймай, қоғаммен байланысып, халық сусаған рухани сұранысты өтеуіне мүмкіндік береді;
- тұлға тілге «таңбасын» салса, тіл - тұтынушы тұлғаның атрибуты ғана емес, тұлғаның өзі. Сондықтан тіл-тұлға деген нақтырақ;
- «Жұмекен жұмбағы» деген анықтама оның шығармашылық мұрасын жоққа шығару емес, өз кезінде жұмекенді тану әдістемесінің қалыптаспауына байланысты оның күрделі болмысын интуитивті түрде бағалаудан туған түсінік;
- Ж. Нәжімеденов өлеңдеріндегі көріктеуіш құралдар, лингвомәдени бірліктер қолданысының (өзіндік) сипаты ұлттық-мәдени болмысымен ерекшеленіп, астарлау тәсілі арқылы берілген имплицитті мағыналар оның саналы мақсатын (прагматикасын) көрсетеді;
- сөз қолданыс, сөз таңдау, сөз құбылту сияқты көріктеу құралдарының өзіндік дәйектері құм, дала, Темірқазық, Қошалақ т. б. атаулардың прецеденттік сипатымен айқындалады.
Жұмыстың талқылануы мен жариялануы: Зерттеу жұмысының негізгі тұжырымдары мен нәтижелері, сондай-ақ мазмұны бойынша «Тұғыры биік тұлға» атты халықаралық ғылыми-теориялық (Алматы, 2006), «Тіл және жаһандану: бүгіні мен болашағы» атты халықаралық ғылыми-теориялық (Алматы, 2008), «Н. Оралбай және тіл білімі мен әдістеме ілімі» атты халықаралық ғылыми-практикалық (Алматы, 2008), «Рухани-ғылыми мұра» тақырыбындағы республикалық ғылыми-теориялық (Алматы, 2008), «Әдеби тіл және қазақ тілінің өміршеңдігі» атты ғылыми-теориялық (Алматы, 2009), «Түркі тілдерінің грамматикасы: қазіргі ахуалы мен болашағы» атты халықаралық ғылыми-теориялық (Алматы, 2010) конференцияларында баяндалып, жарияланды. Сонымен қатар, ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің тізіміндегі А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының «Тілтаным» (Алматы, 2007. №4; 2008. №2) және «Қазақстанның ғылыми әлемі» (Шымкент, 2008. №6) атты ғылыми журналдарда 10 мақала түрінде жарық көрді. Жұмыс мазмұны ҚР БжҒМҒК А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты жанындағы Лингвистикалық семинарда баяндалды, лексикология бөлімінің кеңейтілген мәжілісінде талқыланып, қорғауға ұсынылды.
Зерттеу жұмысының құрылымы. Диссертация кіріспеден, екі тараудан, қорытынды және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Кіріспе бөлімінде зерттеу тақырыбының өзектілігі, зерттеудің нысаны, мақсаты мен міндеттері, зерттеу әдістері, ғылыми жаңалығы, теориялық және практикалық маңызы, қорғауға ұсынылатын тұжырымдар, зерттеу жұмысы барысында қолданылған әдістер, пайдаланылған дереккөз, жұмыстың жария табуы мен мақұлдануы, зерттеудің құрылымы туралы мәлімет беріледі.
Зерттеу жұмысының «Қаламгер тілін кешенді зерттеудің адамтанымдық негіздері» атты I тарауында қазақ тіл біліміндегі қаламгер тілінің зерттелу тарихы мен көркем тілді зерттеу теорияларының мәні сараланады.
Сондықтан адамтану тарихы әріден басталады, тіл ғылымындағы тілдегі адам, адамдағы тіл ұстанымы тұрғысынан жүзеге асатын тілтанымдық адамтану теориясы екінші кезектегі мәселе болып қалатынын ескеру керек.
1. 1. тарауша «Қазақ көркем сөзінің зерттелуі» деп аталады. Онда ізденуші зерттеу бағыттарындағы адамды тану мәселесінің қойылуына байланысты бұрынғы (дәстүрлі-құрылымдық), жаңа (антропоцентристік парадигма) деп аталатын анықтамаларды қолданудың қажеттілігіне сын айтады. Біріншіден, тіл арқылы адамды тану қағидасы ұлы Жаратушының адамды «әлемге артық етіп» жаратып, яғни санасы мен тілі негізінде адамның өзін-өзі тану арқылы иесін тануға мүмкіндік беруімен байланысты.
Екіншіден, тілді таныммен бірге, тұтастықта тексеруді 20-ғ. басындағы қазақ зиялылары жолға қойып кеткен. Үшіншіден, дәстүрлі-құрылымдық жүйенің тұсында да тілден адамды тану мәселесі мәтін→идея негізінде іске асты. Бұл ретте шығарманың ішкі пікір жағы шығарманың түрі әдебиеттану ғылымының зерттеу нысаны болса, тысқы тіл жағын тексеру - тіл ғылымының еншісі. Жазушы Ғ. Мүсірепов бағалағандай, тіл ғылымының «қаламгер қауымға жөн сілтеп отыратын, мойнында теориялық парызы бар туыстығы» - осымен байланысты шыққан жағдай.
« Жазушылық - адамтану ғылымы » десек, сайып келгенде, «тіл мамандары - жазушылар мен әдебиетшілердің егіз-қатар серігі, еңбектес сыңарлары» (М. Әуезов) жөнімен» адамтану ғылымының» дамуына үлес қосып, қоғамға қызмет етпек. Олай болса, тіл ғылымының көркем сөз, шығарманы тілтанымдық адамтану (антропоцентристік парадигма) теориясы тұрғысынан зерттелуі заңды.
Тіл мен танымды тұтастықта қарайтын «тіл мен таным біртұтас» қағидасына сай «тіл - халықтың жаны» (В. Гумбольдт) екенін қазақ көркем сөзі дәлелдеуді негіздеген XX ғ. басындағы қазақ зиялылары еді. Атап айтқанда, тілші-ғалымдар Құдайберген Жұбанов «Абай - қазақ әдебиетінің классигі», «Диуани хикметтің тілі туралы», Ахмет Байтұрсынов «Қазақтың бас ақыны», ақын-жазушылар Жүсіпбек Аймауытов «Мағжанның ақындығы туралы», Мағжан Жұмабаев «Ақан Сері», «Бернияз Күлеев», «Базар жырау», «Әбубәкір ақсақал Диваев», Мұхтар Әуезов «Қазақ шаруа жастар мектебіне арналған программа және түсінік хат» сияқты мақалаларын осы тұрғыда жазған.
Олардың қай-қайсы да көркем сөзді тексермес бұрын, жазушы адамның шыққан тегін, өскен ортасын, алған тәліміне мән берген немесе сөзінің айтар мағынасын қазіргі тілмен айтсақ, тілдік емес экстралингвистикалық мәнділік - тұлғаның әлеуметтік жағдайымен байланыстыра отырып ашқан.
Сондықтан тексеруші, сыншы ақын шығармасын тексергенде, ол ақын ба , қандай ақын, кімнің ақыны, нені жырлайды, қалай жырлайды деген сұрауларға жауап беруге тиісті. Бұл сөз иесінің кім екенін, қандай танымның жемісі екенін, ақынның күш-қуатын, шығармасының әлеуметтік мағынасын, әсемдік құнын ашуға, дәл, әділ бағалауда тиімді болмақ.
Сондықтан М. Жұмабаевтың тіл мен танымның тұтастығына қатысты «тіл - адам жанының тілмашы», М. Әуезовтің «сөз - ойдағы пікірдің құралы» атты пікірлері тіл философиясының негізін салған В. фон. Гумбольдтың «тіл - ұлттың рухы» деген тұжырымымен үндеседі.
Соған орай, біз қандай дана адам болмасын, ол сол кездегі өзінің туған, өскен ортасының жемісі еді деп білеміз. Бұл пікірді Сұлтанмахмұт бұдан да гөрі анықтаңқырап, былай дейді: «сезімнің сыртқа шықпас түсі бар ма, оны жасырар адамның күші бар ма? Біреу сөз, біреу пішін, біреу күймен, көрсетпейтін жүректің ісі бар ма?», - дейді. Және . . . ескісі болсын, жаңасы болсын - қандай әдебиет болса да, бәрібір - ілгеріде өткен қауымның өмір тіршілігін біздің көзімізге елестетпей қоймайды. Яғни, әдебиет сол қауымның саяси құрылысын, мәдениет халін, шаруашылық күйін, дүниетану көзқарасы дәрежесін, әдет-ғұрпын , қысқасы нені жақсы, нені жек көретінін бізден жасыра алмайды [1, 300] . Міне, Қ. Жұбановтың осы пікіріне қарағанда, көркем шығарма халық рухының көрініс есебінде зерттелуі керек. Бұл - түптеп келгенде, ұлт рухын тану, танытуды көздейтін зерттеу қыры. Алайда қазақ зиялыларының қазақ көркемсөзін бағамдаудағы осы сынды ұлттық бағыттағы зерттеу үрдісі кезеңдік саяси-әлеуметтік жағдаятқа байланысты жалғаспай қалды.
Осыдан кейін тіл білімінде қалыптасқан лингвистикалық стилистика саласының дамуы да тілдің табиғатын, соның ішінде қаламгер тілін зерттеуде белгілі дәрежеде жаңа деңгейге көтерілді. Қазақ тіл білімінде 70-жылдардың басына таман жарық көрген ғалым «Қазақ прозасының тілі» атты кітабында тілші-ғалым Е. Жанпейісов: «бұрынғы-соңғы лингвистикалық еңбектерді, не қолдағы бар әдебиеттік зерттеуелерді алсақ, қайсысында да көбінесе әдеби тіл туралы, оның пайда болу, даму, жетілу жолдары әңгімеленеді. Ал, жалпы көркем әдебиеттің, жеке жазушылардың тілі ішінаралап қана талданады» деген сын айтқан. Жеке жазушының тілін зерттеу дегенде ғалым Қ. Жұмалиев (Абайға дейінгі қазақ поэзиясы және Абай поэзиясының тілі. Алматы, 1948), М. Балақаев (Сөз және шеберлік. Алматы, 1948), Ғ. Мұсабаев (Поэзия жаны - көркем тіл. Алматы, 1958), Р. Сыздықова (Абай тілінің негізгі морфологиялық ерекшеліктері. Алматы, 1959), Б. Манасбаев (С. Мұқанов поэзиясының тілі, 1960) т. б. ғалымдардың есімдерін атайды [2, 5] .
Ғалым Қ. Өмірәлиев: «егер тіл білімі грамматикалық категориялардың анықтамалары мен ерекшеліктерінен ғана тұратын болса, онда бұл ғылым үшін қазақ әдебиетінің ұлы классиктері Абай мен Мұхтардың шығармаларына соқпай да, оларды мүлде ұмыт қалдырып та оқулықтар жасауға, осы оқулық талаптары сипатындағы монографияларды жазуға әбден болады» [3, 18] дегенді айтады.
Және осыдан шығудың жолдарын да көрсетті: «Адам санасына баға бергенде, олардың өздері жасаған дәуірдегі қоғамдық болмыстық тұрғысынан келіп баға беру керек болады. Олай болса, белгілі бір дәуірдегі қоғамдық болмыс адамдарға нені айтқыза алар еді деген тұрғыда келуіміз керек» [3, 10] . Академик Р. Сыздық тілімен тұжырымдасақ, «көркем туындының тілін лингвистикалық стилистика тұрғысынан талдау дегеніміз - тілдің жеке бөліктерін («единицаларын») түгендеп атау емес, сол бөліктердің қолданысы, қолданыстағы көрінісін зерттеу болмақ» [4, 5] деп, мәтін ішіндегі тұрмыс-тіршілікті сөз ету арқылы қаламгердің ұстанған мақсат-мүддесін тану жолға қойылды. Қазіргі көзқарас бойынша, сөздердің қолданысы қандай мақсатты өтеп, сол арқылы жазушының нені қалай суреттеп тұрғаны - қаламгердің діттемін пайымдайтын прагматикалық мәселе.
Бүгінгі зерттеулер мәтіндегі сөз қолданысын зерттеу ісін әрірек жылжытып, автор→ мәтін →оқырман үштігінің қатысынан қарастырып, тіл дің функционалдық мәні, яғни қолданыстағы сыр-сипаты, яки оның өмір сүру іне тікелей ықпал етуші - Адам мен байланысты зерттеуге [5, 7] ден қойды. Ол түптеп келгенде, шығармашыл адам тұлғасын оның тілімен тұтастықта қарайтын зерттеулердің тілдік тұлға мәселесіне келіп тірелерін тілтанымдық адамтану бағытынан байқауға болады.
«Ақын тілін оның адамтанымдық өлшемі ретінде талдау» 1. 2 тараушада ақынның ғылыми атауы - тілдік тұлға тіркесінің білдіретін ұғымы тіл мен тұлғаның теңдігіне ( тіл = тұлға) саярына сай оны «тіл-тұлға» деп атау ұсынылады.
Егер мәселе тіл мен тұлғаның теңдігінде жатса, оны тілдік тұлға дегеннен гөрі тіл-тұлға деп атау керек сияқты. Өйткені, біріншіден, тілдік тұлға теориясының көздейтіні - тілі арқылы тұлғаны тану мәселесі. Ендеше, тілдік тұлғаны тану бір күннің ісі емесін айтпағанда, ол тілтану ғылымының шеңберінде шешілетін мәселе емес. Айталық, тілтанымдық адамтану үшін тіл→қоғам, ұлт, мәдениеттің көрінісін социолингвистика, этнолингвистика, лингвомәдениеттаным (макрокомпонент) салалары және тіл→психология, физиология, гнесология сипатын психолингвистика, гендерлік лингвистика, когнитивтік лингвистика (микрокомпонент) тұрғысынан зерттеу адамның күрделі де кешенді жүйе болуымен байланысты керек болды. Немесе тіл иесі - тұлғаны тану мақсатында әдебиет, тарих дерегіне сүйеніп, психологиялық (ділінің) ерекшеліктерін әлеуметтік жағдайлармен тұтастықта қарастыру да осы себептен. Олай болса, тілдік тұлға - тіл-тұлға лингвист-тілшілер ғана қолданатын термин болмасқа керек. Сонда ол қолданыс аясын, сонымен қоса, тұлғаны танудың кеңістігін де кеңейтер еді.
Белгілі философ Ғ. Есім мәселені осылай қоюдың қажеттілігін айтады: «Мәселені қоюшы да, оны тарқатушы да, оны қажет етуші де - адам, сондықтан адамсыз Алла, керісінше Алласыз ешқандай мәнді сөз емес» [6, 146; 147] . Осы тұрғыдан келсек, тіл - жаратынды нәрсе. Оның танымдық сипаты жаратушының «адамды әлемге артық етуімен» байланысты. Ендеше, «адамдағы тіл, тілдегі адамды» бір-бірінен ажырату білімділік емес. Оны дүние түсінігіне ыңғайлап, түсіндіріп, зерттеу де, тілді тіл біліміне меншіктеп беру де - бергі мәселелер.
Тіл-тұлға - тілдің ғана емес, тіл бойындағы халықтың таным-мәдениеті мен дүниетанымының тұтынушысы. Әсіресе, тілді шығармашылық деңгейде меңгерген элитарлық тіл-тұлғаның басты ерекшелігі - бұл. Әдебиетші А. Әлім тілімен айтқанда, «қазақ жазушысына» қарағанда, «ұлт жазушысын» жоғары қоямыз. Ұлттық элитарлық тіл-тұлғаның айқын белгісі: уақыттың сынына төтеп беріп, қай уақыттың да талабына жауап бере алады.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz