Бастауыш мектеп оқушыларының сөйлеу дағдысын қалыптастыру әдiстемесi


Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетi
ӘОК 372. 881. 151. 212 Қолжазба құқығында
Бастауыш мектеп оқушыларының сөйлеу
дағдысын қалыптастыру әдiстемесi (1-2 сынып)
13. 00. 02. - Оқыту және тәрбиелеу мен әдiстемесi
(Бастауыш, орта және жоғары бiлiм беру жүйесiндегi қазақ тiлi)
Педагогика ғылымдарының кандитаты ғылыми дәрежесiн алу үшiн дайындалған
ДИССЕРТАЦИЯ
Ғылыми жетекшi:
Педагогика ғылымдарының
докторы Ф. Ш. Оразбаева
Филология ғылымдарының
кандидаты, доцент Қ. Молдабек
Алматы 2006 жыл
Мазмұны
Кiрiспе
Зерттеу жұмысының өзектiлiгi : Қазіргі кезде қоғамда түрлі экономикалық-әлеуметтік реформалар жүріп жатыр. Мұндай өзгерістерден орта мектептер де сырт қалмады, себебі бүгінгі күнде білім беру салаларынан тәрбиелі, ұлттық мәдениетті меңгерген, шығармашыл ойлай алатын жастарды даярлау талап етілуде. Осыған орай, мемлекет тарапынан білім беру салаларына реформалауға ерекше көңіл бөлінуде.
Елбасы Н. Назарбаев: «Білім беру реформасы - Қазақстанның бәсекеге нақтылы қабілеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін аса маңызды құралдардың бірі, »-екендігін атап айтты. Сондықтан « . . . экономикалық және қоғамдық жаңару қажеттіліктеріне сай келетін» жас өскелең ұрпақты тәрбиелеп шығару оқушылардың ана тілінде шешен сөйлеуі мен өз пікірін жүйелі жеткізуіне байланысты[1] . . Ал мұның іргетасы бастауыш сыныптарда қаланады.
Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейiнгi бiлiм берудi дамыту Тұжырымдамасында бастауыш мектепте бiлiм берудiң маңыздылығын атай келiп, қазақ тiлiн оқытудың басты ұстанымдарын: «Бастауыш мектептiң негiзгi мiндетi - баланың жеке басын бастапқы қалыптастыруды қамтамасыз ету, оның қабiлеттерiн анықтау және дамыту. Осы сатыдағы оқу мен тәрбие оң уәждi қалыптастыруға, оқу қызметiн бiлуге, оқу, жазу, санаудың берiк дағдыларын үйренуге, тiлдiң қарым-қатынастық қарапайым тәжiрибесiне, өзiн-өзi шығармашылық тұрғыдан таныта бiлуге бағдарланады», - деп белгiленген [2] .
Бастауыш мектептiң қазақ тiлi сабағында жеке тұлғаны қалыптастыру оқушының өз ой-пiкiрiн ана тiлiнде еркiн, дұрыс, түсiнiктi жеткiзе бiлуден басталады. Оқушы айтайын деген ойын, бiрiншiден, жасқанбай жеткiзе бiлуi; екiншiден, сөйлемдердi дұрыс та нақты құрастыра алуы; үшiншiден, сөйлеу мәдениетiнiң алғашқы қарапайым элементтерiн меңгеруi; төртiншiден, қоршаған ортаға сай қарым-қатынас жасай бiлуге тиiс. Сайып келгенде, осының бәрi, Тұжырымдамада көрсетiлгендей, тiлдiк қатынастың басты қағидалары мен ұстанымдарын менгерудi қажет етедi. Сондықтан бастауыш мектепте қазақ тiлiн Қазақстан Республикасының мемлекеттiк сұранысына орай оқытып, қатысым арқылы балалардың сөйлеу дағдысын қалыптастыру өзектi мәселеге айналып отыр.
Қазіргі кезеңде білім беру салаларында жаһандану үрдісі жүріп жатыр. Осыған орай бастауыш мектепте қазақ тілін оқыту әдістемесіне жаңа инновациялық технологиялар көптеп енуде. Әлемдік педагогиканың озық тәжірибелерін ұлттық педагогикада сапалы қолдану - бүгінгі күннің аса маңызды мәселелерінің бірі болып отыр. Осыған орай бастауыш мектеп оқушыларының сөйлеу дағдыларын интерактивті әдістер, диалогті оқыту және кейс стади технологиялары арқылы қалыптастыру мәселесі оқушылардың жеке тұлғалық қасиеттерін тәрбиелеумен, олардың пәнге деген қызығушылықтарын арттырумен сабақтасуда.
Бастауыш мектеп оқушыларының сөйлеу тіліне, олардың тілін дамыту мәселесіне ежелден көңіл бөлінуде. Бастауыш сынып оқушыларының тілін дамытудың ғылыми әдістемелік негіздері: С. Рахметова, Т. А. Ладыженская, М. Р. Львов, Г. Уаисова, Ә. Жұмабаева, М. Ермекбаев т. б. ғалымдардың еңбектерінде айқындалған. Дегенмен бастауыш мектеп оқушыларының сөйлеу дағдыларын қалыптастыру мәселесі әлі күнге дейін ғылыми тұрғыда қарастырылмаған. Осыған орай бастауыш мектеп оқушыларының сөйлеу дағдыларын қалыптастырудың ғылыми негіздерін айқындаудың, ұтымды әдіс-тәсілдерді анықтаудың маңызы зор. Мұның барлығы зерттеу тақырыбының өзектілігін көрсетеді.
Зерттеу нысанасы : Бастауыш мектепте Қазақ тiлi сабағында оқушылардың сөйлеу дағдысын қалыптастырудың ғылыми-әдiстемелiк негiздерi, оқушыларға сөйлеу дағдысын меңгертудiң ұтымды әдiстерi
Зерттеу пәнi : Бастауыш мектеп қазақ тiлi сабағында оқушылардың сөйлеу дағдысын қалыптастыру
Зерттеу мақсаты : Бастауыш мектеп қазақ тiлi сабағында оқушылардың сөйлеу дағдысын қалыптастырудың ұтымды жолдарын, әдiстемесiн ұсыну, оқушылардың сөйлеу дағдыларын қалыптастыру және соған арналған тапсырмалардың жүйесін белгілеу.
Зерттеу жұмысының мiндеттерi :
- Бастауыш мектепте қазақ тiлiн оқыту үрдiсiнде оқушылардың сөйлеу дағдылардың қалыптастырудың лингвистикалық, психологиялық, педагогикалық негiздерiн анықтау;
- Қазақ тiлi сабағында оқушылардың сөйлеу дағдыларын қалыптастырудың ұтымды әдiстерiн айқындау;
- Оқушыларға сөйлеу дағдыларын меңгертудiң тиiмдi жолдарын белгiлеу және олардың бастауыш сынып қазақ тiлiн оқытуда ұтымдылығын дәлелдеу;
- Бастауыш мектеп қазақ тiлi сабағында оқушылардың сөйлеу дағдыларын қалыптастыруға бағытталған жаттығулар мен тапсырмалар жүйесiн жасау;
- Ұсынылған әдiстеменiң тиiмдiлiгiн тәжiрибе жүзiнде дәлелдеу.
Зерттеу болжамы : Бастауыш мектеп оқушыларының жатық сөйлеу дағдыларын қалыптастырса, бiрiншiден, оқушылар қазақ тiлiнің заңдылықтарын тілдік қатынас кезінде орынды қолданады; екiншiден, жатық сөйлеуге үйренедi, сол арқылы мiнездерi тәрбиеленедi; үшiншiден, өз ойын әдеби тілмен жеткiзуге дағдыланады.
Жетекшi идея: Оқушылардың сөйлеу дағдылары бастауыш мектептен қалыптастырылса, онда оқушылардың жеке тұлға ретiнде дамуына, бiлiмдi жан-жақты меңгеруiне, тiлдiк қатынаста өз ойын дұрыс әрi толық жеткiзуiне игi ықпал етедi.
Зерттеудiң ғылыми-әдiснамалық негiзi : Бастауыш мектепте қазақ тiлiн оқыту әдiстемесi, оқушылардың тiлін дамыту жайлы ғылыми-әдiстемелiк, жас ерекшелiк психологиясы мен педагогикасы және бастауыш мектепте қазақ тілін оқыту барысында оқушылардың сөйлеу дағдыларын қалыптастыруға арналған еңбектер негізге алынды.
Зерттеу әдiстерi : Ғылыми зерттеу жұмысында баяндау, талдау, салыстылу, сараптау, жинақтау, жүйелеу, қорыту әдістері қолданылды. Сонымен қатар бастауыш мектеп оқушыларының сөйлеу дағдыларын қалыптастыруға арналған ғылыми еңбектер, педагогикалық, психологиялық және әдістемелік әдебиеттер салыстырмалы талдау әдісі арқылы сараланып, бастауыш мектеп мұғалімдерінің озат тәжірибелері жинақталып, сарапталынды, эксперимент нәтижелері тексеріліп жүйеленді, математикалық-статистикалық әдiс арқылы тексеріліп қорытындыланды.
Зерттеу үш кезеңде жүргiзiлдi:
Бiрiншi кезеңде (1997-1999 ж. ж. ) зерттеу тақырыбына байланысты библиографиялық жұмыс жүргiзiлдi. Тақырыпқа байланысты лингвистикалық, педагогикалық, психологиялық, әдiстемелiк еңбектер қарастырылып, бастауыш мектеп мұғалiмдерiне анкеталар берiлдi. Осының негiзiнде ғылыми зерттеу жұмысының мақсаты мен мiндеттерi, пәнi мен болжамы айқындалды. Бастауыш мектепте қазақ тiлi сабағында оқушылардың сөйлеу дағдысын қалыптастырудың жетекшi идеясы белгiлендi. Бастауыш мектепте оқушылардың сөйлеу дағдыларын қалыптастыруға арналған анықтау эксперименттері жүргізілді.
Екiншi кезеңде (1999-2002 ж. ж. ) ғылыми-әдiстемелiк әдебиеттер жүйелендi, озық тәжiрбиелi мұғалiмдер мен алдыңғы қатарлы әдiскерлердiң жұмыстарына сүйене отырып, оқушылардың сөйлеу дағдысын қалыптастырудың тиiмдi жолдары қарастырылды. Мектептерде бастауыш мектеп оқушыларының сөйлеу дағдыларын қалыптастыруға арналған оқыту эксперименттері өткізілді. Шәкiрттердiң сөйлеу дағдысын қалыптастыру тапсырмалары белгiленiп, жүйеге келтiрiлдi. Диалогты және монологты сөйлеуге үйрететiн тапсырмалардың, пiкiрталас сабақтарының тиiмдi түрлерi сұрыпталып алынды.
Үшiншi кезеңде (2002-2005 ж. ж. ) алдыңғы кезеңдерде анықталып сараланған, оқушылардың сөйлеу дағдыларын қалыптастыруға арналған әдістеме іске асырылды. Бастауыш мектепте қазақ тiлi сабағында оқушылардың сөйлеу дағдыларын қалыптастырудың тәжiрибе материалдары тексеруден өткiзiлiп, нәтижелерi жинақталып, қорытындыланды.
Ғылыми жұмыстың жаңалығы :
- Бастауыш мектеп оқушыларының сөйлеу дағдысын қалыптастырудың ғылыми-әдiстемелiк негiзi айқындалды;
- Қазақ тiлi сабағында оқушылардың жатық сөйлеу дағдысын қалыптастырудың әдiстемесi ұсынылды;
- Оқушылардың сөйлеу дағдысын қалыптастырудың тиiмдi жаңа инновациядық технологиялар: диалогты оқыту технологиясы, интерактивтi әдiстердi пайдалану технологиясы, оқытудың нақты жағдаяттар технологияларының өзiндiк белгiлерi айқындалды, негiзгi белгiлерi анықталды;
- Пiкiрталас, диалогты оқыту, кейс-стади сабақтарының оқушылардың шығармашылық қабiлетiн дамытуда ұтымдылығы айқындалды.
Зерттеу жұмысының теориялық және практикалық маңызы :
-Бастауыш мектеп қазақ тiлi сабағында оқушылардың сөйлеу дағдысын қалыптастыруға байланысты алынған тұжырымдар мен қорытындылар қазақ тiлiн оқыту әдiстемесiн теориялық тұрғыда толықтырады: Сөйлеу дағдыларын қалыптастыру мәселесiнде белгiленген ұстанымдар бастауыш мектепте тiл дамытудың қағидалары мен заңдылықтарын дамытуға игi әсер етедi.
-Зерттеу жұмысындағы нәтижелердi бастауыш мектеп мұғалiмдерi мен психологтар, әдiскер ғалымдар қолдана алады: Жұмыста ұсынылған тапсырмалар мен жаттығуларды, сабақ үлгiлерiн мектеп мұғалiмдерiнiң күнделiктi оқыту процесiнде пайдалануына болады.
Қорғауға ұсынылатын тұжырымдар :
- Бастауыш мектеп қазақ тiлi сабағында оқушылардың сөйлеу дағдысын қалыптастырудың ұтымдылығы;
- Оқушылардың сөйлеу дағдысын қалыптастыруға арналған тапсырмалар олардың тілін дамытып, білімін арттыратындығы; -
- Проблемалық жағдаяттардың оқушылардың ой өрiсiн кеңейтіп, жеке тұлғалық қасиеттерін дамытатындығы;
- Ұсынылған әдiс-тәсiлдер арқылы оқушылардың шығармашылық қабiлеттерiнiң артатындығы.
Зерттеу базалары ретінде Оңтүстік қазақстан облысы Шымкент қаласындағы №51 Төле би атындағы, №52 Махамбет Өтемісұлы атындағы, Шардара қаласындағы М. Әуезов атындағы және Шардара орта мектептері алынды.
Зерттеу жұмысының талқылануы мен жариялануы : Зерттеу жұмысы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетiнiң бастауыш мектепте ана тiлiн оқытудың теориясы мен әдiстемесi және қазiргi қазақ тiлi теориясы және әдiстемесi кафедраларының мәжiлiстерiнде, әдiстемелiк семинарларда талқыланды. Ғылыми жұмыстың нәтижелерi бойынша ғылыми-практикалық конференциялар материалдарында 7, республикалық әдiстемелiк журналдарда 10 мақала, барлығы 17 мақала жарияланды.
Зерттеу жұмысының құрылымы : Диссертациялық жұмыс кiрiспеден, екi тараудан, қорытындыдан, әдебиеттер тiзiмiнен және қосымшадан тұрады.
I БАСТАУЫШ МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫНЫҢ СӨЙЛЕУ ДАҒДЫСЫН ҚАЛЫПТАСТЫРУДЫҢ ҒЫЛЫМИ- ТЕОРИЯЛЫҚ НЕГIЗДЕРI.
1. 1. Бастауыш мектеп оқушыларының сөйлеу дағдысын қалыптастыру мәселесiнiң зерттелуi .
Қазақ тiлiн оқыту әдiстемесi өзiнiң ғылым ретiнде қалыптасу жолын ХIХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың бас кезiнен бастау алады. Бұл- қазақ халқының көрнектi ғалымдары, қоғам қайраткерлерi, ақындары мен жазушыларының өз ұлтының тағдырына немқұрайдылықпен қарамай, қазақ тiлiнiң өркендеуiне, тiлдiң өзiндiк ерекшелiктерiн айқындаудағы қажырлы еңбектерiнiң арқасы. Қазақ халқын сауаттандыру үшiн ұлтжанды азаматтар тiлдiң теориялық заңдылықтарын зерттеп, нәтижелерiн халыққа бiлiм беруде қолдануды өздерiне парыз санады. Ұлт мектептерiнде қазақ тiлiн оқыту әдiстемесi жөнiнде пiкiрлер сол кезеңдегi «Айқап», «Қазақ», «Шолпан», «Мұғалiм», «Сана» т. б басылымдарда жарияланып отырды. Сол жылдары жарық көрген А. Байтұрсынов, Қ. Жұбанов, М. Жұмабаев, Ж. Аймауытов, Ғ. Бегалиев, Т. Шонановтардың еңбектерiнде бастауыш мектепте қазақ тiлiн оқыту жөнiнде елеулi пiкiрлер, қазақ тiлi сабағының құрылымы және сабақта қолданылатын негiзгi әдiстер мен мұғалiмге қойылатын талаптар айқындалған [3], [4], [42], [43] . [5] .
Бастауыш мектепте қазақ тiлiн оқыту әдiстемесiнiң негiзiн қалаған ғалымдардың жоғарыда аталған еңбектерiнiң басты құндылығы: осы еңбектер арқылы мұғалiмдерге қазақ тiлiн қалай оқыту жөнiнде практикалық көмек берiлдi. Сондай-ақ бастауыш мектепте қазақ тiлiн оқыту әдiстемесiн теориялық және әдiстемелiк тұрғыдан зерттеп, оның жеке ғылым саласы болып қалыптасуына зор елеулi үлес қосты.
Кейiнгi жылдары осы мәселенi Ә. Сәдуақасов, С. Жиенбаев, Р. Әмiров, К. Бозжанова, С. Рахметова, М. Жазыбаев, И. Ұйықбаев, С. Қазыбаев, Г. Уайсова, Қ. Молдабек, Ә. Жұмабаева, М. Ермекбаев және т. б ары қарай тереңдетiп, келелi зерттеулермен, монографиялармен әдiстемелiк нұсқаулармен дамытты [7], [8], [12], [10], [11], [12], [11], [14], [76], [10], [15], [21], [80], [22], [25] .
Қазiргi кезеңде бастауыш мектепте қазақ тiлiн оқыту үшiн жаңа буын оқулықтары, оқыту кешендерi, дидактикалық материалдар мен әдiстемелiк нұсқаулар шыға бастады. Ғалымдар, әдiскерлер бастауыш мектепте қазақ тiлi саласын оқытуға, оқыту үрдiсiнде жаңа әдiстер мен технологияларды қолдануға аса назар аудара бастады. Бүгiнгi таңдағы осындай өзектi мәселелердiң бiрi - оқушылардың мәдениеттi сөйлеу дағдысын қалыптастыру, шәкiрттерге бiлiмдi теориялық тұрғыдан ғана меңгертпей, олардың осы бiлiмдi тiлдiк қатынаста еркiн пайдаланып, жатық сөйлеуге үйрету. Бастауыш мектепте қазақ тiлiн оқытуға арналған ғылыми жұмыстарда оқушылардың тiлiн дамыту, олардың байланыстырып сөйлеу дағдылары мен бiлiктерiн қалыптастыру туралы пiкiрлер айтылғанымен әлi күнге оқушылардың жатық сөйлеу дағдыларын қалыптастыру жөнiнде пiкiрлер бiр әдiстемелiк жүйеге түсiрiлмеген. Осыған орай ғылыми зерттеу жұмысы - осы мәселенi арнайы ғылыми тұрғыдан алғаш қарастырған жұмыс.
Бастауыш мектепке арналған еңбектерде «тiл ширату», «тiл жетiлдiру», «тiл ұстарту», «тiл дамыту», «байланыстырып сөйлеу дағдысы» секiлдi терминдер ұшырасады. Осы терминдердiң мағынасын алғаш рет айқындап, олардың өзiндiк ерекшелiктерiн белгiлеген ғалым - профессор С. Рахметова. С. Рахметова терминдердiң әрқайсысына мынадай түсiнiк берген: « . . . еңбегiмiзде, тiл дамыту» терминiн қолданып отырмыз, өйткенi «тiл ширату» балалардың бiлетiн пассив сөздерiн активтендiру мақсатын көздесе, «тiл жетiлдiру» (усовершенствование) көбiне баланың тiлiн түзету мағынасында қолданылады. Ал «сөз байлығын арттыру» - сөздiкке ғана қатысты. Бiздiң ойымызша, «тiл дамыту» терминi осылардың барлығын қамтиды [ 23] . Демек, оқушылардың тiлiн ширатуға, олардың тiлiн жетiлдiруге, шәкiрттердi байланыстырып сөйлеуге үйретуге арналған жұмыстардың барлығы балалардың тiлiн дамыту мақсатын көздейдi. Сондықтан, «байланыстырып сөйлеу» мен «сөйлеу дағдысын қалыптастыру» терминдерiнiң өзiндiк өзгешелiктерi бар екенiне назар аударған жөн. Оқушыларды байланыстырып сөйлеуге үйрету жұмыстары көбiнесе шығарма және мазмұндама, яғни оқушылардың мәтiн түзу дағдысын қалыптастыру жұмыстары болса, оқушылардың сөйлеу дағдысын қалыптастыру жұмыстарына «сөйлеудегi, жазудағы тiл жұмсаудың өнегелi үлгiлерi, сауаттылық, айқын ойлылық, iзеттiлiкке» [25. 4] үйрететiн жұмыстары жатқызылады. Оқушылардың сөйлеу дағдыларын қалыптастыру жұмыстарының тiл дамытумен ара-қатынасы жоқ деген ой тууы ағаттық. Қайта оқушылардың сөйлеу дағдыларын қалыптастыру жұмыстарының негiзiнде тiл дамытудың негiзгi заңдылықтары мен принциптерi тұрады.
Сондықтан оқушылардың сөйлеу дағдысын қалыптастыру дегенiмiз - шәкiрттердiң бiр-бiрiмен күнделiктi пiкiрлесуi ғана емес, олардың тiлдiк қатысым барысында өз ойын анық, дұрыс және түсiнiктi жеткiзуге, сөйлер сөзiнiң тiлдiк нормаларын сақтап, мәдениеттi, iзеттi сөйлеуге үйретуге арналған А. Байтұрсынов, Ғ. Бегалиев, Ә. Сәдуақасов, Р. Әмiров, К. Бозжанов, С. Рахметова т. б. ғалым-әдiскерлердiң жұмыстарын атауға болады.
Қазақ халқының прогресщіл ағартушысы Ы. Алтынсарин -қазақ тiлiн оқыту әдiстемесiнiң алғашқы туындылары «Қазақ хрестоматиясы» және «Мактубатының» авторы. Бүкiл ғұмырын халық санасын көтеруге, қара халықтың баласын оқытуға арнаған ағартушы қазақ жерiне жаңа үлгiдегi мектептер керек екенiн заманынан бұрын түсiнген. Ы. Алтынсариннiң «Мектеп-қазақтарға бiлiм берудiң басты құралы. Бiздiң барлық үмiтiмiз, қазақ халқының келешегi осында, тек осы мектептерде ғана», - деуi, оның қазақ халқының болашағын оқу-ағарту iстерiмен байланыстырғанын көрсетедi. Кейiнгi өмiр ағартушы ғалымның пiкiрi орынды екенiн дәлелдедi. [52] .
Ғалымның еңбектерiнде оқушылардың сөйлеу дағдыларын қалыптастыруға тiкелей практикалық маңызы бар тәсiлдер не әдiстер көрсетiлмегенiмен оқушылардың сөздiк қорын молайтуға және танымын жетiлдiруге арналған өлеңдерi, әңгiмелерi мен ертегiлерi баршылық. Бұл жерде ағартушы-педагогтiң «Кел, балалар, оқылық», «Өнер бiлiм бар жұрттар», «Бай баласы мен жарлы баласы», «Әке мен бала», «Талаптың пайдасы» т. б еңбектерiнен шәкiрттердiң жеке басын, олардың мәдениетiн қалыптастыруды мақсат еткенiн көруге болады.
Бастауыш мектептегi қазақ тiлiн оқыту әдiстемесiнде А. Байтұрсыновтың орны ерекше, А. Байтұрсыновтың мектептегi оқу -ағарту мәселелерiне арналған «Қай әдiс жақсы?». « . . . Жалқылау (айырыңқы) әдiс», «Жалқылаулы, жалпылаулы әдiс». «Бастауыш мектеп», «Тiл-құрал», «Оқу құралы» т. б. оқулықтары мен мақалаларында айтылған пiкiрлерi мен көзқарастары бүгiнгi күнге дейiн өз құнын жоймаған. Ғалымның еңбектерiнде оқушылардың сөйлеу дағдыларын қалыптастыруға ерекше ден қойылып, бастауыш мектеп мұғалiмдерiне тәжiрибе жүзiнде түсiндiрiлген. Ғалым Түркологтардың бүкiлодақтық бiрiншi сьезiнде жасаған баяндамасында қазақ тiлiнiң тазалығына, оның басқа тiлден енген сөздерден арылуы керектiгi жөнiнде: «Так как ни одна область культуры так тесно не связана с духовной жизнью как язык, то вместе с религией и письменностью стала проникать и литература и светского содержания, а вместе с последней незаметно заимствовались слова из чужого языка. Языки постепенно испещрялись, терялись природные особенности собственных языков», деп, тiл мәдениетiн жетiлдiру үшiн сөйлеу тiлi орфографиялық заңдылыққа сүйенуi қажеттiгiн атап көрсетедi [3. 420] .
Ғалым қазақ тiлi басқа елдерден енген кiрме, термин сөздердi қазақ тiлiнiң iшкi заңдылықтарына, оның табиғатына сай өзгертiлуi керектiгiне назар аударған. Сонымен қатар қазақ тiлiнiң варваризмдермен ластанбауы үшiн мынадай принциптерi қадағалау қажет дейдi:
а) Для терминов предпочтительно перед другими брать казахские слова с вполне соответствующим данному понятию значением;
б) в случае не соответствия в казахском языке подобного рода слов, заимствовать таковые из родственных казахскому языков.
в) Общеупотребительные мировые термины могут приниматься по соответствующими природой казахского языка изменениями.
г) Все неказахские слова, не согласующиеся с природой казахского языка, точно должны подвергаться изменениям соответственно казахскому говору [3. 422-423] .
Ғалымның ұсынған принциптерi бүгiнгi таңда кеңiнен қолданылып жүр. Бұған мысал кiрме сөздердi қазақ тiлiне аудару болып табылады. Таможня- кеден, вертолет- тiкұшақ, самолет - ұшақ т. б.
А. Байтұрсынов - қазақ елiнiң болашағына, тұрмыс-ахуалына жаны күйзелген алаш жұртының бiртуар азаматы. Ғалымның бастауыш мектеп жайында, оқыту жайында айтқан пiкiрлерi бүгiнгi күнде айрықша мәнге ие. Себебi ғалым керексiз нәрселердi үйретiп, балалардың өмiрiн босқа өткiзбес үшiн, үйретерге тиiстi бiлiмдi кем үйретпес үшiн, балалардың күшi жетпейтiндi өте алысқа сүйреп кетпес үшiн, бастауыш мектепке үйрететiн бiлiмiн алдын-ала жоспарлап, оқушылардың тұлғалық қабiлеттерiне сай жасалуы қажеттiгiн атап көрсеткен [3. 439] . Сөйтiп А. Байтұрсыновтың бастауыш мектепке арнаған оқулықтарында қазақ тiлiн оқыту әдiстемесiндегi дыбыстық жүйемен оқытудың негiзi оқушылардың жас ерекшелiктерiн ескере отырып, тiлдiк материалдарды жүйелеп беру жолдары, қазақ тiлiн оқытудың мақсаттары мен мiндеттерi, бастауыш мектепте қазақ тiлiн оытудың мазмұны ашылды.
Ғ. Бегалиев-бастауыш мектепте қазақ тiлiн оқытудың әдiстерi мен тәсiлдерiн саралаған ғалым. Ол оқушылардық сөйлеу дағдыларын түрлi жаттығулар мен тапсырмалар арқылы қалыптастыру жолдарын атаған. Ол оқушылардың сөздiк қорын байыту жолдарын ғана емес, сонымен қатар олардың ауызша және жазбаша сөйлеу дағдыларын қалыптастыру жолдарын да қарастырған.
Ғ. Бегалиев «Әрiп, дыбыс, буын» атты еңбегiнде оқушылардың сөйлеу дағдыларын мынадай жолдармен қалыптастыруға болатынын атап көрсетедi:
Оқушыларың тiлiн байыту үшiн iстелетiн жұмыстар үшке бөлiнедi.
Сөз запасын көбейту;
Өз пiкiрiн дұрыс айтуға жаттықтыру;
Өз пiкiрiн жазып түсiндiруге жаттықтыру, - деп олардың
әрқайсысына жеке-жеке тоқталады. Бұған қоса бастауыш мектеп оқушыларының сөйлеу дағдыларын қалыптастыру үшiн төмендегiдей жұмыстар орындатылуы керек дейдi:
1. Оқушылардың өз пiкiрiн дұрыс айтуға үйрету мақсатында дұрыс жауап алу;
а) Оқылған мақала бойынша оқушыларға сұрақтар қойып, қысқа, дұрыс жауап алу;
ә) Оқыған мақаланы, көрген-бiлгенiн, iстегенiн, сөйлегендерiн байқап отырып, қате айтқандарын соңынан түзету, дұрысы былай болады деп айтып беру;
б) Оқылған мақала туралы өз ара пiкiр алысуға оқушыларды үйрету, сұрауларды қалай беру, толықтыру, қарсы пiкiрiн бiлдiру жолдарын үйрету;
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz