Наурыз – қазақша жыл басы


* * *
Безендіріп жер жүзін тәңірім шебер,
Мейрбандық дүниеге нұрын төгер.
Анамыздай жер иіп емізгенде?
Бейне әкендей үстіңе аспан төнер.
Жаз жіберіп жан берген қара жерге,
Рахметіне Алланың көңіл сенер.
Мал семірер, ақ пенен ас көбейер,
Адамзаттың көңілі өсіп көтерілер.
Қара тастан басқаның бәрі жадырап,
Бір сараңнан басқаның пейілі енер.
Тамашалап қарасантәңір ісіне,
Бойың балқып, ериді іште жігер.
Кемпір шал шуақ іздеп, бала шулар,
Мал мазатсып, қуанып, аунап-қунар.
Жыршы құстар әуеде өлең айтып,
Қиқу салар көлдегі қаз бен қулар.
Наурыз мейрамы
Марттың 22 күні Наурыз мейрамы екенін қазақ баласының көбі біледі. Наурыз туралы көптен бері, жыл сайын газеттерде жазылып келеді. Бұл мейрам - дін мейрамы емес, ұлт мейрамы. Тегінде Наурыз ұлт мейрамы болғандығының үстіне оның тарихи маңызының тереңдігі бар. Ызғарлы қыстың кетіп, жан иесі өмір қуатын туғызған жыл, жаздың келетіндігіне барлық жаратылыспен қатар қазақ елі де қуанатын. «Қыс бойы өлімнің есігін күзетіп, үңгірде жатқан кәрі құйрық, мертік-шортықтар да қыбырлап дүниеде бар екендіктерін білгізе бастайтын, аурулар сауығамын деп, аттар тойынамын деп, жалаңаштар киімсіз де күн көремін» дегендей жұрттың бәріне үміт, әркім де жылы шырай сезіне бастап, « бәріміз де табиғаттың бергеніне ортақпыз» дегендей сағынышты көрісулері, жаленды құшақтасуларымен жаңаи жылды қарсы алатың. «Бүгінгі күні Самарқанның көк тасы да жібіпті» - десіп Наурыз күні бейілін кеңітпеген адамды тастан да қатты қылып шығарғысы келіп, аңыз қылысатын.
Еңбекші қазақ елі, шығынды тартаңнан аттарыңның басын тарта ұстап, тарихи мейрамдарың Наурызды жаңа тұрмысқа лайықты мейрамдап өткізудің жолына түсіндер. Жаңа жылға жаңа тілек, игі үмітпен шығуымыз керек.
Наурыз
Жеткен кезде наурызымыз жапан біткен жаңғырар,
Тұман орап, тау басын аспан үрпі салбырар.
Жансыздарға жан бітіп, әуен билеп манды бар,
Жер көгеріп, шөп қаулап, мерейін бір қандырар.
Күнге тосып арқасын жан-жануар албырар,
Аунап-қунап барлығы жерге түгін қалдырар.
Келе сала наурызым жоқ нәрсені бар қылар!
Жапан шөлін қандырып, нұр тарайды қуысқа,
Тақырларда қақ тұрып, су толады ыдысқа
Қозғағалғанның бәрі де бірі шебер, бірі ұста,
Бұлбұлт салса әніне, илеу салды құмырсқа,
Өз дауысын біреуі естіртуге тырысса,
Тумай жатып біреуі шығар сынды ұрысқа,
Келе сала наурызым өмір заңын жар қылар.
Бар тіршілік осылай жатқан кезде жаңғырып,
Мен отырмын оңаша, көніл жүдеп, әл құрып.
Ақиқатқа табынған өмір сүрер мәңгілік,
Махаббаттан ада жан - қалар түбі қаңғырып,
Көктем баста тұрғанда бәрі де бір әңгүдік,
Ертең көктем кеткен соң қаламыз ба санды ұрып,
Келе сала наурызым тәттіні де зәр қылар.
Мақмытқұлы, мұқалма, бұл фәнидің мақама,
Бәрі-бәрі баянсыз, сол жаныма батады.
Көншімейді көңілім, көкірегім қапалы,
Таусылғанмен төзінім, сөзім болғай опалы,
Қолды жайып, телміріп кімге берем батаны,
Аман болсын кейінгі, аман болсын Отаны,
Келген сайын наурызым адам басын даң қылар.
Дүйсенбек Қанатбаевтың
аудармасы.
НАУРЫЗ
Наурыз - қазақша жыл басы. Бұрынғы кезде һәр елде наурыз туғанда мейрам қылып бас асып, қазан-қазан көже істеп ауылдан ауылға, үйден үйге жүріп кәрі-жас, қатын-қалаш бәрі де мәз болып, көрісіп, араласып қалушы еді. Бұл кезде ол ғұрып қазақ арасында қалып бара жатқан секілді, хұты наурыздың қай айда, қай күні болуы хақында һәр түрлі сөйленеді. Біреулер Наурыз марттың бірінде, екіншілері тоғызында келеді деседі, һәр жұрттың белгілі күнде жаңа жылы туады, ескі жыл бітіп, жаңа жыл басталғанда: «Жаңа жыл қайырлы болсын! Жаңа бақыт кәсіп болсын!» деп құттықтасады, ол күнді мейрам қылып шаттықпен өткізеді.
Рустың жаңа жылы қыс ортасында, нағыз сақылдап тұрған суықта келеді; біздің Жаңа жылымыз - Наурыз марттың басында болсын, ортасында болсын, әйтеуір мартта келетін болса, шын мағынасымен Жаңа жыл деп айтуғалайық. Күн жылынып, қар еріп, жанжануар жаздың жақындағанын сезіп, көңілденген кез. Шаруа адамдарының бейнеттен қолы шешіліп, алты ай қыс баққан арықтарын үмітті күнге жеткізіп, демалып отырған кез. Ағаш шөптер қар астынан сілкініп шығып, гүлденіп жасаруға даярналып, күн де қыстай бір бүйірлеп жүруін қойып жоғары көтеріліп, бүтін ғаламда нұрын шашып, үйсізді үйлімен теңгеріп, бай мен жарлыға бірдей сәуле беруге тұрған кез. Міне, табиғаттың осындай көңілді өзгерісініңкезеңінде біздің Жаңа жылымыз - Наурыз туып, ата ғұрпымызды ұмытпай белгілі бір күнді жыл басы қылып алсақ үнамды іс болар еді.
НАУРЫЗ ЖАЙЫНДАҒЫ ӨЛЕҢДЕР.
Наурыз парсы тілі: Жаа күн деген сөз. Мұны қазақтар Бұхар, тәшкендік қожалардан үйренген. Ескі қазақта (ескі түрікте) Жаңа жыл күнінің аты - Ұлыс.
Қожа, молдалар ескі әдетті қалдырамыз деп, Құрбан, Ораза айттарын Ұлыс күні дегізіп, Ұлысты - Наурыз дегізген.
Жыл басының аты Ұлыс екенінің дәлелі мынау: «Ұлыс күні қазан толса, ол жылы ақ мол болар. Ұлы кісіден бата алса, сонда олжалы болар» - деген тіпті ескі мақал. Және:
Ұлыстың ұлы күнінде,
Бай шығады балбырап,
Қасында жас жеткіншек,
Тұлымшағы салбырап,
Бейбіше шығар балпиып,
Күндіктері қайқиып.
Келіншек шығар керіліп,
Сәукелесі саудырап,
Қыз шығады қылмиып,
Екі көзі жаудырап,
Бозбала шығар бұрқырап,
Ақбөкендей сырқырап.
Құл құтылар құрықтан,
Күн құтылар сырықтан.
Кетік ыдыс, шөміштің,
Түтіні шығар бұрқырап.
Сол күні құшақтасып көрісу туралы.
-Амансыз ба? Ұлыс оң болсын,
Ақ мол болсын,
Қайда барса, жол болсын!
Кейбірі:
- Ұлыс бақты болсын,
Төрт түлік ақты болсын! - деуші еді.
Кейбірі:
- Ұлыс береке берсін,
Бәле-жала жерге кірсін!
Және:
- Ұлыс күні кәрі-жас,
Құшақтасып көріскен.
Жаңа ағытқан қозыдай,
Жамырасып, өріскен,
Шалдар бата беріскен:
Сақтай көр деп терістен,
Кел таза Бақ кел десіп,
Ием, тілек бер десіп.
Көш Қайрақан көш десіп,
Көз көрмеске өш десіп.
Тағы бір өленіңде:
Есік алды қара су бойлағаным,
Жалғанның қызығына тоймағаным.
Көмілсем де кетер ме көңілімнен,
Қалқамен Ұлыс күні ойнағаным.
Және Наурызды қосқан ескінің бір өлеңі.
Кіші жүз Шақшақ Жәнібек кенже қызын бір досының баласына берген. Жәнібек өлгенде сол қызы келіп, әкесін жоқтапты. Ол көп жыр еді. Бірақ, Наурыз туралысың ғана айтайын:
Айналайын, әкекем,
Неге бердің кедейге.
Қанша ақылды десең де,
Кедейді-кедей демей ме.
Байға берсең, әкекем,
Қазысы қарыс айғырды,
Сүбесі сүйем қошқарды
Ұлыс күні соймас па ем,
Тамам сорлы, тоймас па ең.
Ұлыс сайын бастарына
Жұп шырақ жағып қоймас па ем!
ҚАЗАҚ ЕЛІ НАУРЫЗДЫ ҚАЛАЙ ҚАРСЫ АЛҒАН.
Қазақ елі Наурызды қалай қарсы алған? Қызыр түні Жаңа жыл табалдырық аттап, үйге енгенде, «жалғыз шала сәуле болмас» деп төрге қос шырақ жағылып қойылады. « Жаңа жыл мұнтаздай таза үйге кірсе, ол үй ауру-сырқаудан, пәле-жаладан амн болады» деген сеніммен Наурызға шейін үй ішіндегі жиһаз, мүліктің шаңы қағылып, жуылып тазартылады. «Береке басынан басталады» демекткші, «жал басы жақсы басталса, аяғы да жақсы болады». « Жыл бойы ақ мол, дән тасқын-тасқын, жауын-шашын көп болсын деп Қызыр түні ыдыс атаулыны ырысқа (бидай, тары, арпа, сұлы, жүгері т. б. ) аққа ) (сүт, айран, шұбат, шалап, уыз т. б. ) және қаусар бұлақ суына толтырады.
Халқымыздың мифологиялық түсінігі бойынша наураздың 21-і түні даланы Қызыр аралайды екен. Сол себепті осы түн «Қыдыр түні» деп аталады. Қызыр - адамдарға дәулет дарытып, бақ қондыратын, ақсақал кейпінде көзге көрінетін қиял-ғажайып бейне. Жақсылықтың жаршысы, жаңа түскен Күн нұрының символы - Қызыр ата даланы кезіп жүріп, назары жерге түссе, оның тоң кеудесін жібітеді, ал тасқа түссе, тасты ерітіп жібереді екен.
Күн сәулесі жер шарының шығыс бөлігінен таңғы сағат 6-да себезгілеп атқан кезде біздің өңірімізде бұл сәт түнгі сағат 3-ке тұспа-тұс келеді. Соңдықтан да қазақ халқы жаңа жылды наурыздың 22-сі күні таңғы сағат 3-те қарсы алады.
Бұл түні ауыл бойжеткендері өздері ұнатқан жігіттерге арнап соғымның соңғы етін уызға салып пісіріп, «ұйқыашар» деп аталаиын ерекше дәм дайындайды. Ал жігіттер мен бозбалалар болса қыздардың қолақысының қарымтасына айна, тарақ, иіссудан тұратын «селт еткізер», «дір еткізер» сыйлықтарын ұсынады. Бұл дәстүрлі сыйлықтағы айна - пәктік пен жастықтың, тарақ - әдемілік пен сұлулықтың, иіссу - буршігін жаңа жарған жауқазындай құлпырудың, жайнай түсудің белгісі.
Алдымен ауыл жастары бір асау тайыншаға ашамай ерттеп, үстіне жандықуыршақ мінгізіп, мойнына қонырау тағып, төбесіне бір шоқ құстың қауырсынын тағып дайындайды. Олар түнгі сағат үште қорадағы малды үркітіп, иттерді шулатып, елді ұйқыдан оятып, тайыншаның басын бос жібереді. Бұл тайынша мінген жандықуыршақ жерімізге келе жатқан жаңа жылдың бейнесі іспеттес. Ойын-күлкісіз, асыл-қалжыңсыз мереке мереке ме?! Той кезінде Сал сері, Хан, Ханша, Батыр, Диуана немесе халық ертегілерінің түрлі кейіпкерлері бейнесінде киініп бетпердесін тағынуға болады.
Ұлыс күні қазақ елі үшін әрқашан қасиетті. Ол күні қар не жаңбыр жауса, «нұр жауды», «туар жыл жақсы жыл болады» деп қуанған. Наурыз айында жауған қар басқа қарларға қарағанда ерекше әппақ, үлпіндек болады да, «ақша қар» аталады. Осыған орай тілімізде мінезі балдай, сұлу қызға айтылатын «Наурыздың ақша қарындай» деген теңеу бар. Ұлыс күні туған сәбилерге Наурызбай, Наурызбек, Мейрам, Мейрамгүл, Кіріс т. б. аттар қойылып, оларға бір жас қосылады.
Наурыз күні қуанышқа кенеліп, масайраған жұрт әппақ көйлек пен жаңа киімдерін, таза біркиерін үстеріне іледі.
Наурыз күнінің бір ерікшелігі - бұл күн көрісуден басталады. Ұлыс күнінде сәлемдесудің қалыптасқан дәстүрі бар, кісілер бір-бірімен кездескенде:
-Жасың құтты болсын!
Өмір жасың ұзақ болсын!
Ұлыс бақты болсын!
Ұлы кісіден бата алса,
Сонда олжалы жол болар», -
Деп айтылмақшы. Ұлыс күні жеті түрлі заттан - соғымнан қалған сүр, қойдың басы, сүт, езілген құрт, бидай, пияз және сәбізден қазан толы көпкөже пісіріледі.
НАУРЫЗ - ДУМАН.
Наурыз, Наурыз! Күні игі
Күні игі жердің түрі игі.
Бауырың жылып науат қар
Бабымен ғана жібиді.
Наурыз, наурыз, күні игі,
Күні игі жердің түрі игі.
Шашылып ырыс шанақтан
Шақырып бір үй бір үйді
Шаттанушы еді бір игі.
Қайырмасы:
Наурыз ай туғанда
Той болушы еді бұл маңда.
Сақталушы еді сыбаға
Сапарға кеткен ұлдарға,
Наурыз айы толғанда.
Осынау игі кең жерде
Наурыз тойы келгенде,
Наурыз айы туғанда
Келіп ем өмір-орманға.
Осынау игі кең жерге
Наурыз тойы келгенде,
Көрмегендер де арманда,
Арманда оны көрген де,
Наурыз тойы келгенде.
Қайырмасы.
АҚ МОЛ БОЛСЫН!
Қазақстанның өзге аймағын қайдам, біздің Сыр өңірінде Наурыз мерекесі ешқашан үзілген емес. Ол күні ауыл ақсақалы үлкен кішіні ертіп, дариядан бастау алып жатқан жапты аршитын. әйелдер жағы қыз-келіншекткрді ұйымдастырып, наурыз көженің қанымен болар еді. Түске таяу ауыл анасы Дәу Апа аттаған Меруерт апамыз тегешпен әкелген уыз көжені үлкен-кіші атаулы саптыаяқпен сүусіне сімірер еді. «Ақ мол болсын!» деп ақсақалдар бата жасайтын. Сонан соң-ақ құрт көже, сөк көже, езілген малта, ешкі уызына пісірілген бидай көже, уызға пісірілген жылқының сүрленген қазы-қартасы үй-үйден жұмыс жасап жатқан ауыл азаматтарына қарай ағылады. әрбір үйдің дәміне Әбжаппар, Сәдірқұл, Садық қариялар «Ақ мол болсын!», «Жер шүйгенді, мал күйлі болғай!», «Жаңа жыл қайырлы, шыққан шөп айырлы болсын!» деп дұға оқып, бата қайырады.
Түс әлетінде аршылған жапқа су жіберіледі. Ауыл ақсақалдары ырыс әкеледі деген ырыммен сол жылы қойешкісі көп егіз тапқан, биесі құлындап, сиыры бұзаулаған үй иесіне жаптың құлағын ашқызытын. Арықтың табанымен ауылға қарай жылжыған тіршілік көзі - ағын суға бәріміз қызықтай қарап, бала біткен жарыса жүгіретінбіз. Ақсақалдар бастаған ауыл азаматтары алдын-ала әзірлеген тал, терек, жиде ағаштарының көшеттерін жаптың бойына отырғызатын. Ауыл болып осы жұмыстарды атқарған соң барып, көпшілік үлкен үй атанған Әпжапар ақсақалдың үйіне беттеуші еді. Бүкіл ауыл жеті түрлі дәмнен жасаған наурыз көжесін Дәу Апаның тайқазанына әкеліп қосатын. Сонан соң кемінде 40-50 түрлі тағамдық қоспадан жасалған наурыз көжеге жұрт жаппай бас қояр еді. « Жақсы тамақ қалғанша, жаман қарын жарылсын» деп, балашағаға дейін көжесін тауысып ішу парыз болатын. «Жыл бойы осылай тоқ жүрейік» дейтін жадырай сөйлеген жайдармен әжелер, «Тоқшылық, толастама, Жаңа жыл жарылқа!» деп ақсақалдар бата жасайтын. Құдайдың құлағына шалынып, көп батаның көмегі тие ме, шөп шүйгінді, мал семіз, сүтті болушы еді. Есік алдынан ағын су да үзілмейтін.
Топырағы торқа болғыр дария кеуде сол қариялар бұл күнде бәрі де көз жұмған. Наурыз көжені ауыл әлі де жасайды. Біруқ жапты трактормен қазып, ауыз көже, сүт көже секілді ақ дәмге «ақынды» да қосып, алып қоямыз. Ағарғанның киесі ұрады-ау сәрі! Кейде мал ұрланып, сиыр суалып кетеді. Шөп те жаз ортасы ауа күйіп, есік алдына келетін су да тандырлап қалады.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz