Қазақ билерінің шешендік сөздері


Әйтеке бидің сыншылдығы.
Бірде Жоңғар ханы Қалдан Бошақту Әйтекеге:
- Мына астымдағы сымға тартқан күмістей, қанатты тұлпарымды сынап берші, - дейді.
- Мұның нағыз тұлпарға үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Есекке шатысы бар екен. Тұрпатына, төзімділігіне зейін аударыпсың. Құлын кезінде енесі өліп, сарттың саудагері есекке теліген екен. Әлгінде кісінегенде бақырған есектей дауысын созып, екі бүйірін солқылдатып, үні тарғылданып шықты. Ал шынайы тұлпар дауысын қоңыраудай сыңғырлатып, үзілтіп, әсерлі қайырып кісінейді, - дейді Әйтеке би. Әйтеке бидің біліктілігі мен көшелігіне қайран қалған қонтайшы Қалдан Бошақту жеңілгенің мойындапты.
Әйтеке бидің шешендігі.
Ашу бар жерде ақыл тұрмайды.
Алдын ашсаң, арқырар,
Ашу деген - ағын су,
Ақыл деген - дария,
Алдын тоссаң, тоқырар.
Кісіге бірге туыспау керек,
Туысқан соң сөз қуыспау керек.
Сөз қуған пәлеге жолығады,
Жол қуған олжаға жолығады.
Ағасы келсе, ардақтап атын байлағандай,
Қонағы келсе, құрметтеп жайлағандай,
Тындырымды інісі болса,
Қанат-құйрығы сай болып,
Көңілі жай болып,
Ағаның алар тынысы болса.
Інінің міндеті - басқару,
Ағаның реті - бас бағу емес пе?
Екі адам керіссе, оның арты - қызыл шоқ.
Әйтеке би
Суалмайтын суат жоқ
Тартылмайтын бұлақ жоқ,
Құйрығы суда тұрса да,
Уақытысы жеткенде
Қурамайтын құрақ жоқ.
Дүние деген фәни бұл,
Баласы жоқта мият жоқ.
Бәрінен де қиын сол екен,
Артында жанған шырақ жоқ . . . -
деп Әйтеке атынан айтылатын нақыл сөз де оның ойы терең, өмірден білген-түйгені мол, өз заманының ақылгөйі екенін аңғартады.
Төле би
Бір аңызда Төле Түлкі есімді жігіттің сұрақтарына былайша жауап береді:
- Ата, алты алаш деген кім? - дейді жігіт.
- Алты алаш - Алаша ханның балалары: Қазақ, Қарақалпақ, Қырғыз, Өзбек, Түрікмен, Жайылған, - дейді Төле.
- Үш жүз деген кім?
- Үш жүз - қазақтың ағайынды үш баласы.
- Ағайынды кісілердің өкпесі немен тарайды?
- Сағынысып көрісумен тарайды.
Төле би атынан айтылатын толғау үзінділер де аз емес. Соның бірі:
Жаңбыр жаумаса жер жетім,
Басшы болмаса ел жетім,
Ұқпасқа айтқан сөз жетім . . .
Атың жақсы болса,
Ер жігіттің пырағы.
Балаң жақсы болса,
Жан мен тәннің шырағы,
Әйелің жақсы болса,
Бірінші - иланың,
Екінші - жиғаның,
Үшінші - ырысыңның тұрағы . . .
Жиренше шешен
Әз Жәнібек ханның алпыс екі биі болған екен. Бір долы хан билеріне:«Дүниеде не өлмейді?» деп сұрақ қойғанда, алпыс бір биі бір ауыздан былай депті:
Ағын су өлмейді,
Асқар тау өлмейді.
Аспанда ай мен күн өлмейді,
Әлемде қара жер өлмейді.
Сонда Жиренше шешен бәріне қарсы шығып:
Ағын судың өлгені -
Алты ай қыста қатқаны.
Асқар таудың өлгені -
Басын бұлттың жапқаны.
Ай мен күннің өлгені -
Еңкейіп барып батқаны.
Қара жердің өлгені -
Қар астында жатқаны.
Ажал деген атқан оқ,
Бір алланың қақпаны.
Дүниеде не өлмейді?
Жақсының аты өлмейді,
Ғалымның хаты өлмейді, - дейді.
Қазыбек би
Төле би тоқсан жасқа келгенінде Қаз дауысты Қазыбек би сәлем бере барыпты. Елдің жақсылары, шешендер, ойшылдары жиналып, әңгімі-дүкен құрып отырғанында:
- Қаз дауысты Қазыбегім келді. Бәрің түгел жиналыңдар. Сендерге айтар он түрлі жұмбағым бар, соны шешіңдер, - дейді Төле би.
- Айтыңыз, Айтыңыз.
- Айтсам, он түрлі жұмбағым мынау: бір, екі, үш, төрт, бес, алты, жеті, сегіз, тоғыз, он.
Отырғандар таң-тамаша болады.
- Бұл не деген жұмбақ! Осындай да жұмбақ бола ма?
- Би-аға, бұл жұмбақты мен шешейін, рұқсат етіңіз? - дейді Қаз дауысты Қазыбек.
- Рұқсат, рұқсат.
- Бір дегеніміз - бірлігі кеткен ел жаман.
- Екі дегеніміз - егесіп өткен ер жаман.
- Үш дегеніміз - үш бұтақты шідерден шошынған ат жаман.
- Төрт дегеніміз - төсектен безген жас жаман.
- Бес дегеніміз - белсеніп шапқан жау жаман.
- Алты дегеніміз - асқынып кеткен дерт жаман.
- Жеті дегеніміз - жас келіншек жесір қалса, сол жаман.
- Сегіз дегеніміз - серпілмеген қайғы жаман.
- Тоғыз дегеніміз - торқалы той, топырақты өлімге бас көрсетпеген сол жаман.
- Он дегеніміз - оңалмас кәрілікке дауа болмас деген, - дейді Қаз дауысты Қазыбек.
- Рақмет, дәл тауып шештің. Ойы да, тілі де жүйрік тұлпарым, - деп Төле би Қазыбекке разы болыпты.
***
Қазыбек беріде елге белгілі болған кезде бір бала үшін дауласып, екі әйел алдына келіп жүгінеді. Әйелдердің бірі:
- Мынау баламды мен есін білмейтін жас күнінде жоғалттым, соны мынау әйел тауып алды ма, әлде ұрлап алды ма, оны білмеймін, әйтеуір асырап алыпты. Бүгін танып, сұрасам «өз балам» деп бермейді, - дейді.
Екінші әйел тұрып:
- Бала өзімдікі, өзім таптым. Мынау босқа жармасын тұр, - дейді. Қазыбек екі әйелдің сөздерін тыңдап болып, біраз ойланып отырып қалады. Содан кейін:
- Бірің балңды жоғалқаныңды, енді бірің тапқаныңды растап шығарлық мұнда басқа куә жоқ. Сондықтан мынадай билік еткім келеді, - дейді де, баланың екі қолын екі әйелге ұстатып қойып, қара балтаны ұстап көтеріп тұрып: «Екеуіңе бұл баланы қақ бөліп берейін, осыған ризасыңдар ма?» дейді. Сонда балаға ие болып жүрген әйел:
- Біреуге тірі кеткенше, жартысы болса да өзімде қалсын, бөлсең бөл! - деп безерленіп тұрып алады. Ал баланы таныған әйел:
- Ойбай, биеке-ай! Қайда жүрсе де тірі болсын, шаба көрмеңіз! - деп безек қағады. Содан барып Қазыбек:
- Бала мына жоғалтқан әйелдікі, өйткені ол баланың тірлігін тілеп тұр, баласын өзіне бер, - деп билік айтады.
***
Қазыбек бидің толғауы:
Өркенім өссін десең,
Кекшіл болма -
кесапаты тиер еліңе.
Елім өссін десең,
Өршіл болма -
өскеніңді өшірерсің.
Басына іс түсер пақырға
Қастық қылма -
қайғысы көшер басыңа.
Жанашыры жоқ жарлыға
Жәрдемші бол асыға,
Қиын-қыстау күндерде
Өзі келер қасыңа.
Бүгін сағы сынды деп,
Жақыныңды басынба!
Сырым батыр.
Сырым әрі батыр, әрі шешен, тапқыр, ақылды адам болған. Ол халық қамқоры, батыл да адал адам бейнесінде көрінеді. Бір мәжілісте Нұралы хан Сырымнан:
- Ханның құны не болады? - деп сұрапты. Сонда Сырым:
- Ханның құны - бір арба жібектің күлі, - дейді.
- Жібектің күлі болушы ма еді? - дейді хан. Сонда Сырым:
- Тақасыр, сіздей ханда құн болушы ма еді? - деген екен.
Бір күні біреу Сырымға:
- Қатты адамға мал тұрады деген не? Соны айтшы, - дейді Сонда Сырым:
- Қатты адамға мал тұрса, шөп шықпайтын тақыр-дағы, - депті.
Бірде екі адам дауласып, ханға келеді. Бұлармен Сырым да келеді. Хан дауды шеше алмайды. Сонда Сырым сөзге араласып:
- Су атасы - бұлақ, сөз атасы - құлақ, жол атасы - тұяқ. Бір тұяққа - тұяқ емес пе? - дейді ханға.
Хан сөзден жеңіліп, малдың тұяғына тұяқ, басына бас беріп, разы қылыпты.
Төле бидің шешендігі.
Атақты билер арқаға жиналыпты. Айтқан мезгілден Төле би кешігіп келеді. Оған шамданған қарт билер:
- Төле би келсе, орнымыздан тұрмайық, - деп әуелдеседі. Бірақ Төле би келгенде орындарынан тұрып кетеді. Тек екі-үш би ғана тұрмайды. Төле би көпшіліктен кешіккені үшін кешірім сұрайды. Әлгі тұрмай қалған билердің бірі сөзден ұту үшін сынай сұрақ қояды:
- Бақ дегеніміз не?
- Байлық дегеніміз не?
- Бала дегеніміз не?
Төле би орнына отырмай, түрегеп тұрған бойда:
Бақ - ұзатылған қыз,
Байлық - еритін мұз,
Бала - артта қалған із.
Өмірдің адамға ең жақсы сыйы -
Сыйласқан сіз бен біз, - дегенде, билердің бәрі орындарынан тұрып, құрмет көрсетіпті.
Қазыбек бидің елшілігі.
Бір жолғы елшілік сапарда Жоңғар ханы Қалдан Бошақту Қазақ елшілеріне:
- Иә, қазақтар, неменеге келдіңдер, айтатындарыңды айтыңдар да, елдеріңе қайтыңдар, - депті.
Сонда босаға жақта жайғасқан, жетелі жеткіншек Қазыбек лып ете көтеріліп кеп, қонтайшыға шоқтай жанған көздерімен тесіле қарап тұрып:
- Біз қазақ деген мал баққан елміз, бірақ ешкімге соқтықпай, жай жатқан елміз. Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп, найзаға үкі таққан елміз, ешбір дұшпан басынбаған елміз, басымыздың сөзді асырмаған елміз. Досымыздысақтай білген елміз, дәм-тұзды аяқтай білген елміз, асқақтаған хан болса, хан ордасын таптай білген елміз. Атадан ұл туса, құл боламын деп тумайды, анадан қыз туса, күң боламын деп тумайды. Ұл мен қызды қаматып отыра алмайтын елміз. Сен қалмақ та, біз қазақ, қарпысқалы келгенбіз. Қазақ, қалмақ баласы, табысқалы келгенбіз. Танымайтын жат елге танысқалы келгенбіз. Танысуға көнбесең, шабысқалы келгенбіз. Сен қабылан да, біз арыстан, алысқалы келгенбіз. Жаңа үйреткен жас тұлпар жарысқалы келгенбіз. Тұтқыр сары желімбіз, жабысқалы келгенбіз. Сен темір де, біз - көмір, еріткелі келгенбіз. Екі еліктің лағын теліткелі келгенбіз, егесетін ер шықса иілткелі келгенбіз. Берсең жөндеп бітіміңді айт, не тұрысатын жеріңді айт, - деп, келбетті келген жас бала сұңқардай саңқылдаған даусымен түйдекті, жалынды сөздерді меруерттей тізіп, бұршақтай жаудырыпты.
- Балам, атың кім? - дейді сонда Қалдан Бошақту.
- Атым - Қазыбек, әкем - Келдібек би. Ұлтым - қазақ, руым - қаракесек, - деп жауап беріпті.
- Ендеше, даусың қаздың даусындай қаңқылдап шығады екен, есімің Қаз дауысты Қазыбек боп қайта жаңғырсың - деп, оның қанаты бар тұлпар, өркеші бар нар, заңғары бар тау екендігін қабылан түсті қонтайшы түсініп, түсі жылып, шыбықтай иіліпті.
Сонымен екі жақ бітімшілік, бейбітшілікке уағдаласады.
Уыздай жас Қаз дауысты Қазыбектің тапқырлығы мен алғырлығы, зерделілігі мен саналылығы, батырлығы мен батылдығы арқасында қазақ елшілерінің жорытқанда жолы болып, айы оңынаң туып, атамекеніне қанаттанып қайтады.
Сағыныш сазы.
Шам шаһарында тұрғанда Әбу Насыр әл-Фараби бір жағынан шахтың бау-бақшасын күтіп-баптаса, екіншіден, қолы бос кезінде өлең жазумен шұғылданыпты.
Бақшадағы хауыз жанында, бағдат кілемше үстінде құс жастыққа шынтақтаған ол ой үстінде отырады. Мәуе ағаштарының бұтағына қонған бұлбұл құстар сайрап тұрады. Ол омырауына түскен салалы ақ сақалын сипап отырып, мына бір шумақтарды қағаз бетіне түсіріпті:
Кеткенім жоқ, елім, сенен атақ, бақыт, тақ іздеп,
Шықтым, жұртым, шалғай ғылым атты шам іздеп.
Ақтадым мен ақ сүтіңді келгенінше шамамның,
Ассамдағы сексен жастан сәбиіңмін, балаңмын.
Жүзім сынық, көңілсіз күйге түстім мен бүгін,
Саған деген серпе алмаймын ынтызарлық түндігін,
Айналайын атам қыпшақ, туған жерім, сағындым,
Өз атыңа, үрметіңе қайда жүрсем табындым.
Бұл жолдар әрі ғалым, әрі шайыр бабаның жасы сексеннен асқан шағындағы туған еліне деген сағыныш сазы болса керек.
Қарлығаш әулие.
Ел ауған «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» кезінде Төле киіз үйін жықпай, қасиетті жұртын қимапты. Сонда жоңғарлық қолбасы Төле биден көшпей қалуының сырын сұрапты.
- Шаңырағыма бір бейкүнә қарлығаш салып еді. Ол жер бетін топан суы басқанда Нұқ пайғамбардың кемесін сақтап қалған, адам баласын жылан шақпақ болғанда қызғыштай қорыған құс еді. Осындай киелі құстың ұясын бұзып, балапандарын зарлатып-сарнатып кете алмадым, - дейді дана Төле би.
«Бір ауыз сөзі мың ауыз сөзге татитын» Төленің ғажайып болмысын, әділ шешімін таныған жоңғар қолбасшысы:
- Шын әулиенің өзі екен, - деп өзіне де, еліне де көз алартпапты.
Асан қайғының Жерұйықты іздеуі.
Асан қайғы Желмаяға мініп, жиһан кезіп, «Жерұйық» дейтін ну орманды, көкорай шалғынды, қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын жайлы қоныс іздейді. Жүрген жерінде жақсы-жаман қонысқа баға беріп отырады.
Түркістанның қасында ескі қорған Сауранды көргенде: «Әттеген-ай, тақырдың бетіне, шөлдің өтіне салған екен. Сарқырап аққан суы жоқ, жайқалып тұрған нуы жоқ, түбі тұрақты қала бола алмас», - деген екен.
Асан қайғы Маңғыстауға үш барып, үш қайтыпты: «Түбінде,
Мал баққан шаруаға Маңғыстаудан жақсы жер болмас», - депті.
Жетісуды көргенде: «Мынау Жетісудың ағашының бұтағы сайын жеміс екен, шаруаға жайлы қоныс екен», - депті.
Баянауыл тауын көргенде: «Баянға жаймай, қой семірмес», - деп, Асан қазіргі Баянауылды өзіне жайлау етіпті.
Осы күнгі Мереке жеріндегі Аспараны көргенде: «Ей, Аспара, көршіңмен тату бол, шөбіңе суың жетер!» - деп жүріп кетіпті.
Шу өлкесін көргенде: «Ей, Шу, атыңды теріс қойыпты! Тегінде, бір шулыған болмасаң, мынау ну қамысың еліңді жұтқа бермес», - депті. Шудың аяғында Сарысу елі малға шөп шаппай, Шудың қамысын қыстап, жаз Арқаны жайлайды екен.
Әулиеатаның шығысында аққан Талас, батыс жағында сарқыраған Келес өзендерін көргенде: «Ей, екі Талас, бір Келес, малсыз күнің кенелмес, жеріңде жайылған малға жұт болмас!» - деген екен.
Жуалы жеріндегі Ауан дейтін қара топырақты егістік аймақты көргенде: «Шөбің семіз, қарың мол, топырағың май екен, қадіріңді егін салған ел білер» -депті.
Ақмешіт (Қызылорда) тұсындағы Сыр өлкесін көргенде: «Ей, Ақмешіт, жерің шаң екен, суың жар екен. Елің жұтамас, малыңның көзіне сақ бол!» - депті.
Қарсақбай аймағын көргенде: «Айналаң жапан дүз екен, тауыңның асты жез екен, екі тауың ел біткенді шақырар, басына байлық қонар, жұртың ашықпас!» - деп, жүріп кетіпті.
Шыңғырлау өзенін көргенде Асан Желмаясынан түсе қалып, көлігін суарады: «Жылқының өзі өскен жоқ, Шыңғырлау, сен өсірген екенсің!» - деп қонып кетіпті.
Бірақ Асан қайғы шұрайлы қоныс, нулы өлке таба алмай, Ұлытаудың бас жағына келіп дүниеден көшіпті.
Төле бидің жауабы.
Төле би өз тұсындағы хандардың, баһадүрлердің, билердің ұстазы, ақылшысы болған. Мысалы, Шақшақұлы Жәнібек:
- Түзу мылтық, ұшқыр құс, жүйрік ат, мақтаншақ жігіт, ұрыншақ ат жидым. Бозбала ерлік құрайын ба? Үлгі алып билік құрайын ба? Еліңде кәрің болса, жазулы тұрған хатың, жайлаған көліңнің алдында төбе болса, ерттеулі атың деуші еді, ақыл сұрай келдім, - депті. Сонда Төле би Бұдбұлша сайрапты:
- Өгізді өрге салма, қанатың талар, наданға көзіңді салма, сағың сынар. Досыңа өтірік айтпа, сенімің кетер, дұшпаныңы сырыңды айтпа, түбіңе жетер. Жал-құйрығы қаба деп жабыдан айғыр салма, жаугершілік туғанда жағдайлап мінер ат тумас. Жақыным деп жаманның малы үшін жақсының жағасынан алма, өрісің тарылар. Қару жисаң, мылтық жи, жаяу жүрсең таяқ, қарның ашса тамақ. Ит жүгіртіп, құс салсаң, әуейі боларсың. Мақтаншақ жігіт жисаң, ұятқа қалдырар. Ұрыншақ ат жаз жарға жығар, қыс қарға жығар. Тұмау түбі құрт болар, тұман түбі жұт болар, ақылдың түбі құт болар. Елге бай құт емес, би құт. Қабырғадан қар жауса, атан менен нарға күш. Ел шетіне жау келсе, қабырғалы биге күш. Қарап отырғанша, бір нәрсеге жарап отыр. Кәсіп болмай, нәсіп болмас! Менен ақыл сұрасаң, айтарым осы.
Төле би (1663-1756)
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz