Миссионерлік әдебиеттің қазақша аудармаларының тілі


Пән: Тілтану, Филология
Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 26 бет
Таңдаулыға:   

ӘОЖ 811. 512. 122’255. 4 (09) Қолжазба құқығында

АДАМБАЕВА ГҮЛБАРШЫН МІНБАРҚЫЗЫ

Миссионерлік әдебиеттің қазақша аудармаларының тілі

10. 02. 02 - қазақ тілі

Филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін

алу үшін дайындалған диссертацияның

А В Т О Р Е Ф Е Р А Т Ы

Қазақстан Республикасы

Алматы, 2010

Жұмыс Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігі Ғылым комитеті А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында орындалған

Ғылыми жетекшісі: филология ғылымдарының докторы,

профессор Б. Әбілқасымов

Ресми оппоненттер: филология ғылымдарының докторы,

профессор А. М. Алдашева

филология ғылымдарының

кандидаты О. Жұбаева

Жетекші ұйым: әл-Фараби атындағы Қазақ

Ұлттық университеті

Диссертация 2010 жылғы «14» мамырда сағат 16. 00-де ҚР БжҒМ ҒК А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты жанындағы 10. 02. 06 - түркі тілдері және 10. 02. 02 - қазақ тілі мамандықтары бойынша филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін диссертация қорғайтын Д. 53. 38. 01 диссертациялық кеңесінің мәжілісінде қорғалады. (050010, Алматы қаласы, Құрманғазы көшесі, 29) .

Диссертациямен ҚР Білім және Ғылым министрлігінің Орталық ғылыми кітапханасында танысуға болады (050010, Алматы қаласы, Шевченко көшесі, 28) .

Автореферат 2010 жылы «14» сәуірде таратылды.

Диссертациялық кеңестің ғалым

хатшысы, филология ғылымдарының

докторы, профессор Ж. А. Манкеева

КІРІСПЕ

Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Қазақ халқының тарихына қатысты көптеген қоғамдық-әлеуметтік мәселелердің кезінде саясатқа байланысты өз мәнінде ашылмағаны немесе зерттелмегені белгілі. Қазақ тіл білімінде назар аударылмай келген осындай мәселенің бірі−миссионерлік мақсатта қазақ тіліне аударылған діни әдебиет тілі.

Шын мәнінде, қазақ халқы мен өзге ұлттар арасындағы өзара саяси-экономикалық және мәдени-рухани байланыстары мен бір-біріне өзара қарым-қатынасының әсерін зерттеудің мәні зор.

XIX ғасырдың II жартысында қазақ халқының әлеуметтік, саяси-экономикалық өмірінде ірі тарихи өзгерістер болды. Ресейдің патша үкіметі бұған дейін Сібір, Еділ бойы, Орал өңірінде жүргізген орыстан өзге ұлттарды отарлау-шоқындыру саясатын енді Қазақстан мен Орта Азия елдеріне іске асыруды бастаған еді. Аталған саясаттың негізгі бағыт-бағдары− отарланып алынған елдерді христиан дініне шоқындыру арқылы орыстандыру саясатын жүзеге асырудың бірден-бір басты жолы отарланған халықтардың бұрыннан қолданып келе жатқан жазуын өзгертіп, оны кириллицаға ауыстыру, сол арқылы ол ұлттың тілін жою болатын. Ең бастысы, патша үкіметі саясатын астыртын жүргізді. Қазақтың кең даласына түрлі әскери бекіністер салып, орыс мұжықтарын қоныстандырып, әр түрлі деңгейдегі оқу орындары ашыла бастады. Қазақ даласына түрлі ғылым саласы бойынша зерттеушілер келіп, қазақтың жеріне, тарихына, этнографиясына, фольклорына, тіліне ден қойылып, олар қағаз бетіне түсе бастады. Патша үкіметінің жоспарындағы басты мақсат−қазақ халқының санасын христиан дінімен шырмап, дінін, тілін, ділін өзгерту, сөйтіп ұлан-ғайыр қазақ даласын қол астына кіргізу болды. Осы мүддені жүзеге асыру барысында басты қару ретінде дін алынса, ал ол дінге кіргізудің басты құралы етіп православие діні мазмұнындағы кітаптарды тарату мен оны аудару қолға алынды. Себебі сол кездегі сауатсыз, әріп танымайтын қалың бұқараға шіркеу тілін түсіну қиынға соқты. Оның үстіне қазақ даласына мұсылманша да оқу келе бастаған болатын. Осымен байланысты тарих сахнасында екі дін өзара бәсекеге түскен тұс деп көрсетілген XIX ғасырда дүниеге келген, қазақ топырағындағы аударманың алғашқы нұсқалары ретінде тануға болатын, қазақ жазуына орыс графикасын лайықтап алғаш енгізген және сол тұстағы қазақтың ауызекі сөйлеу тілін қағаз бетіне түсірген миссионерлік бағыттағы әдебиет тілін зерттеудің қазақ қоғамының тарихи-әлеуметтік-мәдени мәселелерімен қатар әдеби тілінің қалыптасу тарихына да тікелей қатысы бар.

Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Қазақ әдеби тілі тарихының дамуындағы ең маңызды кезеңнің бірі-XIX ғасырдың II жартысында жоғарыда сөз болған шоқындыру саясаты мақсатында пайда болған миссионерлік діни әдебиеттер аудармаларының тілі. Миссионерлік әдебиетті ғылыми негізде кешенді зерттеу−қазақ руханиятының өзіндік болмысын сыртқы отарлаушы ел мәдениеті мен әдебиеті, тілі мен дінінің экспансиясынан сақтап қала білудегі сөз өнерінің танымдық қуатын, қазақ тіліндегі христиандық мазмұндағы шығармалардың пайда болуының алғышарттарын, қазақ тіліне аударылуы мен таралуын айқындауға мүмкіндік береді. Орыс ағартушылығы мен миссионерлік әдебиеттің өзекті де кешенді мәселелері, XIX ғасырдың II жартысында қазақ өңірінде ағартушылық пен миссионерліктің ұштасуы, атап айтқанда ағарту ісіндегі Н. И. Ильминский жүйесі, Қазан академиясы жанындағы миссионерлік курс, Православ Миссионерлік Қоғамы жанындағы Аударма комиссиясының жұмысы және олардың бұратана халықтар арасына таратқан, соның ішінде қазақ тіліндегі миссионерлік христиандық аударма әдебиеттің сипаты ғылыми зерттеу нысаны тұрғысында біртұтас және жан-жақты қарастыруды, саралау мен талдауды қажет етеді. Осыған орай, миссионерлік әдебиеттің мазмұнын, тілін, аударманың дәрежесін, оның қазақ жазба әдеби тілінің қалыптасу кезеңіндегі орнын айрықша екшеу қажеттілігі туындайды. Отарлау саясатымен байланысты бұл мәселе тарихшы, саясаттанушы мамандардың зерттеулері мен мақалаларына арқау болғанымен де, қазақ тіл білімінде миссионерлік әдебиеттің аударма арқылы қазақ даласында таралуы, олардың қазақ әдеби тілінің қалыптасып, дамуына тигізген ықпалын қарастырған арнайы зерттеу жүргізілген емес.

Қазақ әдеби тілі тарихына қатысты зерттеушілер тарапынан тиісті дәрежеде тілдік талдауға түспеген миссионерлік әдебиет тілінің зерттеу нысанына алынуы−өзекті мәселе. Сонымен бірге, аталған кітаптардың көпшілікке арналып жазылған ғылыми-көпшілік әдебиеттер қатарына жататындығы және орыс тілінен аударылған аударма әдебиеттің алғашқы үлгілері ретінде олардың тіліндегі (орфографиясындағы, сөздік құрамы мен грамматикалық құрылысындағы) ерекшеліктер қарастырылуы да зерттеудің өзектілігін көрсетеді.

Тақырыптың зерттелу деңгейі . Әдеби тілдің қалыптасу тарихы өзінің даму барысында бірнеше кезеңдерге бөлініп қарастырылатыны белгілі. Осы тұрғыдан алып қарағанда XIX ғасырдың соңғы ширегі қазақ әдеби тілінің дамуында ерекше орын алады. Өйткені бұл кезеңде қазақ тілі тарихында фонетикалық, лексикалық және грамматикалық нормалар қалыптасып, бір жүйеге түсе бастаған еді. Аталған кезеңдегі қазақ әдеби тілінің тарихы және қалыптасу, даму жолдарының түрлі деңгейлері І. Кеңесбаев, Н. Сауранбаев, Ғ. Мұсабаев, С. Аманжоловтардың мақалаларында қарастырылады. Қазақ әдеби тілі тарихын жалпылама сипаттаумен қатар, оны танытатын нұсқаларды зерттеген ғылыми еңбектер де бар. Олардың қатарына Р. Сыздықова (Қазақ әдеби тілінің тарихы, Абай шығармаларының тілі), Б. Әбілқасымов (XIX ғасырдың II жартысындағы қазақ әдеби тілі), Е. Жанпейісов (XX ғасырдың басындағы қазақ прозасының тілі), Т. Қордабаев (XIX ғасырдағы жазбалары тілінің синтаксисі), С. Исаев (20-жылдардағы мерзімді баспасөз тілі), С. Хасанова (Ыбырай шығармаларының тілі), Ш. Мәжітаева (XX ғасырдағы қазақ әдеби тілі) зерттеу еңбектерін жатқызамыз.

Қазақ тіл білімінде XIX ғасырдың II жартысындағы кейбір баспа нұсқалардың тілін, сол тұстағы кейбір стильдерді зерттеген бірнеше монография, диссертация болғанымен, миссионерлік діни әдебиеттер тілі бөлек алынып, арнайы жеке-дара зерттеу нысаны болған жоқ. Р. Сыздықова мен Б. Әбілқасымовтың зерттеулерінде бұл әдебиеттер туралы жалпылама шолу ретінде ғана айтылып өтеді. Аударма саласында аталған кітаптардың аударма үлгілері екендігі З. Тұрарбековтың «Қазақ тіліндегі аударма тәжірибесінен» (XIX ғасыр аяғы мен XX ғасыр басы) атты диссертациялық еңбегінде, Ә. Сатыбалдиевтың «Рухани қазына» атты еңбегінде, Ө. Айтбаевтың «Алғашқы аударма үлгілері және олардың терминге қатысы» атты мақаласында, А. Алдашеваның «Аударматану: лингвистикалық және лингвомәдени мәселелер» атты еңбегінде қазақ тілінің терминологиялық жүйесін жасап, қалыптастырудағы алғашқы аударма үлгілерінің алатын орнын көрсетіледі.

Зерттеу жұмысының нысаны. Қазақ тіліндегі миссионерлік әдебиет аудармаларының тілі.

Зерттеу пәні. XIX ғасырдың II жартысында пайда болған қазақ тіліндегі миссионерлік әдебиеттер аудармалары.

Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Зерттеудің басты мақсаты-миссионерлік діни әдебиет аудармалары тілінің лексика-грамматикалық ерекшеліктерін зерттеп, аталған әдебиеттің қазақтың жазба әдеби тілі тарихында алатын орнын айқындау. Бұл мақсат төмендегідей міндеттерді шешу арқылы жүзеге асырылады:

- миссионерлік әдебиеттің пайда болуы, таралуын тарихи-әлеуметтік тұрғыдан сипаттау;

- бұл әдебиеттің қазақтың жазба әдеби тіл тарихында алатын орнын анықтау;

- аталған әдебиет тілінің лексикалық құрамы, фонетикалық жүйесі мен орфографиясы және грамматикалық құрылысындағы ерекшеліктерді талдау;

-миссионерлік әдебиет тілін алғашқы аударма үлгілері ретінде қарастыру;

-миссионерлік әдебиет тіліне лексика-грамматикалық сипаттама беру;

-қазақ жазуына орыс графикасын енгізудегі миссионерлік аударма әдебиеттің қызметін көрсету;

-аудармалардың стильдік сипатын дәйектейтін талдаулар жүргізу;

-аударма әдебиет тіліндегі қазақтың төлтума сөздерінің, сөзжасамдық жүйесінің, кірме сөздер (араб, парсы, орыс сөздері) мен баламасыз лексиканың қолданысын сипаттау;

-аударма әдебиет тілінің сөйлем құрылысындағы ерекшеліктерін түсіндіру.

Зерттеу жұмысының негізгі дереккөздері. Езгиликке уйротетин кнеге, 1892 ж, Іисус Христостын еткен кудреттери, 1893, Ақыл беретугун кнеге, 1894 ж, Езги князь Владимир тура динне озу де кириб, орус калкын-да киргизгени, 1894 ж, Марк жазган святой жаксылыкты жарья, 1894 ж, Ауруларды жазушы, азапқа шыдаушы езги Пантелеймонның омуру, 1898 ж, Святое Евангелие господа нашого Иисуса Христа, 1899 ж, Шын динне уйрототун кнеге, 1901 ж, Рассказы из житий святых, 1901 ж, Молитвеник - Тилек кнегеси, 1902 ж, Езги Катерина, 1902-1903 ж, Езги Йосиф прекрасный, 1902 ж, Айал жайында, 1903 ж, Езги Варвара, 1903 ж, Шестипсалмие, 1904 ж, Требник, 1904 ж, Іов, 1905 ж, Священная история Ветхого Завета, 1908 ж, Первоначальные сведения о православной христианской вере, 1886 ж, Езги Авраамъ, 1892 ж.

Зерттеудің әдіс-тәсілдері. Зерттеу жұмысының әдістемелік негізін жалпы танымдық және арнайы ғылыми әдістер құрайды. Тақырыпты зерттеу барысында сипаттама әдісі, тарихи-салыстыру әдістері қолданылды. Миссионерлік діни әдебиеттер жазба әдеби тілдің қалыптасу дәуірінде пайда болуы себепті, оның лексикалық құрамындағы, орфографиясы мен грамматикалық құрылысындағы ерекшеліктер сол кезеңдегі және қазіргі әдеби тілдік құбылыстармен салыстырылып қаралды.

Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы мен нәтижелері. Қазақ тіл білімінде бұрын арнайы зерттеу нысаны болмаған миссионерлік әдебиет аудармаларының тілін қарастыру барысында төмендегідей нәтижелерге қол жеткізілді:

- миссионерлік діни әдебиеттің пайда болып, таралуына әсер еткен экстралингвистикалық жағдайлар мен қоғамдық-әлеуметтік жағдаят сипатталды;

- аталған әдебиеттер тіліндегі орфографиялық, лексикалық, грамматикалық ерекшеліктерге сол кезеңдегі және қазіргі әдеби тіл тұрғысынан талдау жасалынды;

- ғылыми-көпшілік стильдің қалыптасуындағы миссионерлік әдебиеттің әсері қарастырылды;

- қазақтың ұлттық жазба әдеби тіліндегі алғашқы аударма үлгілері ретінде миссионерлік әдебиеттің орны анықталды;

- қазақ әдеби тілінің лексикалық қорының, терминдік жүйесінің молаюына аталған әдебиеттің әсері көрсетілді.

Зерттеудің теориялық және практикалық мәні. Диссертациялық жұмыстың қорытындылары мен тұжырымдары қазақ әдеби тілі тарихы, лексикологиясы, аударма теориясы мен тәжірибесіне, лексикография саласын дамытуға өзіндік үлесін қоса алады. Жұмыста жинақталған материалдарды, оларға берілген сипаттамалар мен жұмыстың теориялық пікірлерін жоғарғы оқу орындарының филология факультетерінде «Қазақ әдеби тілінің тарихы», «Аударма теориясы мен практикасы» атты ғылыми курстарда, арнаулы курстар мен семинарларда, сондай-ақ оқу құралдарын жазуда пайдалануға болады.

Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар:

- Миссионерлік әдебиет аудармасының қазақтың жазба әдеби тілін қалыптастыруда өзіндік белгілі орны бар;

- Миссионерлік діни әдебиет қазақтың сөйлеу тілінің нормаларын сақтай отырып, оны жазба әдеби тілмен ұштастырған.

- Аталған әдебиет тілінің лексикалық құрамы сол кезеңдегі сөздік қордың негізгі қабаттарын (қазақтың төлтума сөздері, араб және парсы сөздері, орыс сөздері) пайдалана отырып, халыққа түсінікті жаңадан бірсыпыра балама сөздерді қолданды;

- Сөйлем құрылысында кейбір жерлерде орыс тілінің әсері байқалғанымен, миссионерлік әдебиеттің грамматикалық құрылысы қазақ тілінің ішкі заңдылықтарын қатаң сақтаған;

- Зерттеліп отырған әдебиет аударманың алғашқы үлгілері ретінде анықталады;

- Миссионерлік әдебиеттің аудармалары ғылыми-көпшілік стилді қалыптастыруға өзіндік үлес қосты;

- Қазақ әдеби тілін қалыптастыру барысында сөздердің жазылуын бір ізге келтіруде, орфографиялық, пунктуациялық заңдылықтарды қалыптастыруға байланысты да деректері назар аударарлық.

Жұмыстың жариялануы мен мақұлдануы. Зерттеу жұмысының бағыт-бағдары, мазмұны, негізгі тұжырымдары мен басты нәтижелері бойынша «Ұлы суреткер ұлағаты» атты республикалық ғылыми-теориялық конференцияда (Алматы, 1997 ж), «Тілдік жүйе және құрылым» атты ғылыми-теориялық конференцияда (Алматы, 1997ж), «А. Байтұрсын оқулары» атты ғылыми-теориялық конференцияда (Астана, 2006ж), «Аударма теориясы мен тәжірибесінің және салыстырмалы әдебиеттанудың өзекті мәселелері» атты республикалық ғылыми- теориялық конференцияда (Алматы, 2006ж), «М. Әбдіхалықовтың әдеби мұрасы және рухани тәрбие мәселелері» атты республикалық ғылыми- теориялық конференцияда (Ақтау, 2007), «Қазіргі терминография мәселелері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда (Алматы, 2010), А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының жанындағы Лингвистикалық семинарда баяндалды. Диссертацияның мазмұны ғылыми басылымдарда 6 мақала түрінде жарияланды. Сондай-ақ, жұмыстың қолжазбасы А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының «Тіл тарихы және диалектологиясы» бөлімінің кеңейтілген мәжілісінде талқыланды.

Зерттеу жұмысының құрылымы. Диссертация кіріспе, екі тарау, қорытынды және әдебиеттер тізімінен тұрады.

НЕГІЗГІ БӨЛІМ

Диссертацияның кіріспесінде зерттеу тақырыбының өзектілігі негізделіп, зерттеу нысаны, пәні, мақсаты мен міндеттері айқындалып, жұмыстың ғылыми жаңалығы, теориялық және практикалық маңызы, қорғауға ұсынылатын тұжырымдар, зерттеу барысында қолданылған әдістер, пайдаланылған тілдік дереккөздер, жұмыстың жариялануы мен мақұлдануы, зерттеудің құрылымы туралы деректер келтірілді.

Миссионерлік әдебиет және оның аудармаларының қазақ әдеби тілін қалыптастырудағы орны атты бірінші тарауда Қазақстан тарихындағы көп жылдар бойы айтылмай келген жағдайлардың бірі−Ресейдің отарлау саясаты, соның ішінде ең күрмеуі көп бұратана халықтарды шоқындыру саясаты туралы мәселеге экстралингвистикалық фактор ретінде назар аударылып, сипатталады. Миссионерлік, жалпы алғанда, бүкіләлемдік діндерге тән белгі. Миссионерлердің басты мақсаты−басқа діндегі, басқа сенім мен көзқарастағы адамдарды өз діндеріне, сенімдеріне кіргізу. Миссионерлік қозғалыстың бастауы өте ертеде жатыр және бұл саясатты барлық діндегілер де ұстанған. Миссионерлік рух жеке діни құбылыс емес, ол ұлттық шеңбердің шегінен тыс кең түрдегі әлеуметтік-эконономикалық және саяси қозғалыстың діни аспектісі. Патшалы Ресей империясы өз қол астына енген бұратана халықтардың жазуы мен діни нанымын істен шығарып, мүлде шоқындырып жіберу саясатын тым ерте күннен бастаған әрекетін Х1У ғасырдағы мордва, чуваш, вотяк, коми халықтарының тарихынан көруге болады. Мысалы, коми халықтарынан шыққан священник Стефан 1383 жылы епископ дәрежесіне көтеріледі және орыс графикасы негізінде коми алфавитін жасап, миссионерлік қызмет атқарады. Ал, 1719 жылы сенатта Еділ бойы қалмақтарын дінге шоқындыру арқылы орыстандыру саясатын жүзеге асыру мәселесі қаралып мақұлданса, 1731 жылы Волга бойы халықтары үшін арнайы түрдегі "Новокрещенская контора" құрылған. Болашақ миссионерлерді даярлауға ерекше мән беріліп, бұрынғы Қазан діни семинариясы патша үкіметінің жарлығымен 1796 жылы Сан-Петербор академиясымен бірге Қазан діни академиясы болып қайтадан құрылып, 1818 жылға дейін жұмыс істеді [1; 25] . XIX ғасырдың орта тұсында Қазанда дінбасылық қызметте миссионерлік қозғалысты қолдаушы аса қасиетті Гурий болатын. Соның ұсынысы және қолдауы бойынша 1867 жылы қазан айында Қазан кафедралды соборында Қасиетті Гурий қауымдастығы ұйымдастырылып, шығыста миссионерлік қозғалыстың тың дәуірі басталады. Қауымдастықтың алғашқы жалпы жиналысында Қасиетті Гурий қауымдастығының жарғысы (Уставы) қабылданып, мұнда қауымдастықтың мақсаттары мен міндеттері айқындалып көрсетілді. Қауымдастықтың алғашқы 1868 жылға арналған бағдарламасында мектептерге және өз бетімен оқуға арналған православиелік діни кітаптарды бұратана халықтар тілінде құрастыру, басып шығару және тарату, сондай-ақ мұғалімдер мен пастырлерге арналған мұсылмандық пен пұтқа табынушылықты жоққа шығару мазмұнындағы көмекші құралдар шығару жоспарланып, татар, чуваш және басқа да бұратана халықтар тіліндегі діни мазмұндағы кітаптарды басып шығару жөнінде өтініш жасау және бұл кітаптарды Петербург цензурасына ұсынылмайтындай етіп құқық берулеріне өтініштерін көрсеткен [2; 10] . Сөйтіп, патша өкіметінің қолдауын арқа тұтқан орыс православиесі өзінің шоқындыру миссиясына құлшына кірісті. Қасиетті Гурий қауымдастығының белсенді мүшелерінің белгілі бір бөлігі қазақ жерінде 1869 жылы Түркістан епархиясын ашады. Қазақ жерінде ашылған діни қауымдастықтың құрамына сол кездегі Ресей патшалығының қазақ жерін басқарып отырған шенеуніктері мен дін басылары кіреді. Сондай-ақ патша өкіметі бұратана халықтарды игеруде қоныс аударушыларға көп үміт артты, сондықтан да 1868 жылы "Переселенческий комитет" құрылып, миссионерлік саясатты осы бағытта жандандырды. 1869 жылы 27 қарашада Консистория қаулы қабылдайды, онда қазақ даласындағы шоқындыру саясатының баяу жүргізіліп отырғандығы, сол себептен де қазақтар үшін православие дінін тарататын мекеме ашу керектігі айтылады [3; 6] .

Бұл ұсыныс тек 1881 жылы ғана орындалады. Осы жылы қазақ даласында Қасиетті Синодтың жарлығымен мұсылмандыққа қарсы "Киргизская духовная миссия" деген мекеме ашылып, 1883 жылдан бастап 14 миссионерлік стан құрылып, осы стандар жанынан миссионерлік мектептер жұмыстарын бастайды. Бұл миссияның алғашқы миссионері бұрын Алтай миссиясында қызметте болған Филарет Алексеевич Синьковский- Преосвященный Владимир, кейіннен Моздок пен Владикавказ епископы болды. Отарланған қазақ даласы мен Түркістан өлкесіндегі бұратана халықтарды идеологиялық жағынан меңгеріп алу үшін оларды шоқындыру және орыстандыруды мемлекеттік дәрежеге сай жүзеге асыру үшін Қасиетті Синод пен патша өкіметі миссионер − ғалымдарға үлкен сенім артты. Осы саясатты жүзеге асыру барысында миссионерлік топ мемлекет тарапынан керекті діни кітаптармен және басқа да материалдармен, қаржымен қамтамасыз етілді. Патша отаршылдары бодандыққа айналған бұратаналардың рухани болмысына терең бойлап ену үшін миссионер-ғалымдардың алдына ол елдің дініне қоса, сол елдің барлық ерекшелігін жан-жақты меңгеруді талап етті [4; 8] . Ал миссионер-ғалымдардың ең баса назар аударған және мұқият іске асырған мәселелерінің бірі - баспасөз арқылы миссионерлік идеяны таратып, насихаттау үшін арнаулы зерттеу жинақтарын, газет-журналдар, аударма кітаптар шығару болып табылды.

1. 2 Миссионерлік әдебиеттің қазақ тіліне аударылуы. Аталған саясатты жүзеге асыру үшін патша үкіметі мен орыс шіркеуі қазақ даласында христиан дінін уағыздайтын кітаптардың аудармаларын көптеп таратты. Олар православие дінінің қасиетті кітаптарын қазақ тіліне аударып, оны халық арасында үгіттеу жұмысымен айналысты. Осы мақсатта Ресейдің көптеген қалаларында және Қазанда, Астраханьда, Орынборда, Омбыда, Қырымда арнаулы баспаханалар ұйымдастырылды. Дьякон И. Смолиннің айтуынша, 1913 жылға дейін миссионерлікті насихаттайтын көлемді кітаптар саны 261-ге, көлемі кішкентай кітаптар 320-ға жетті [5; 38; ] . Осы дінді уағыздаушылар аударып, басылым көрген 307 кітаптың 288-і таза діни кітаптар болғандығын және 1860-1917 жылдар арасында қазақ тілінде православие дінінің 72 кітабы аударылғандығын татар библиографы А. Каримуллин атап көрсетеді [6; 158] . Қазақ сөздіктерінің тарихын зерттеген ғалым М. Малбақов Бауырластық құрылған кезден бастап, 1910 жылға дейін қазақ тілінде жарық көрген 77 еңбектің інжілді уағыздайтын орыс тілінен тәржімаланған кітапшалар екендігін айтады [7; 39] . «Евангелиенің» ең соңғы мың данасы Қазан баспаханасынан 1910 жылы басылып шықты.

Бірақ патша үкіметінің орыстандыру саясаты, миссионерлердің басты арманы-қазақ жазуына орыс алфавитін енгізу Кеңес үкіметі кезінде толықтай жүзеге асқаны белгілі.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Абай аудармаларының көркемдік сипаты
Диуани хикметтің тілі қай түрік тілінде
Қазақстандағы аударма өнерінің даму кезеңдері
Аударматану және Қ.Нұрмаханов шығармашылығы
Қазақ тілі білімдерінің негізін салушы ғалымдар
Абай мен Пушкин шығармаларындағы үндестік
Қазақ әдеби туындыларының аударылуы жайлы
Қазақ дәстүрлі жазба әдебиеті және кітаби ақындар шығармашылығы (ХІХ ғ. екінші жартысы мен ХХ ғ. басы)
АМАН АЯУЛЫ АЛМУХАМЕДҚЫЗЫ ШӘКӘРІМ ҚҰДАЙБЕРДІҰЛЫ АУДАРМАЛАРЫ
ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиеті және аударма саласының дамуы мен зерттелуі
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz