Қыпшақ Қойлыбай бақсы


Қыпшақ Қойлыбай бақсы
Автор: Мақсұтбек СҮЛЕЙМЕН
Ат бәйгесіне қобызын қосқан . . .
Қазақ халқы тылсым әлеммен байланыс жасай алатын, бойына тәуіптік, балгерлік, сәуегейлік, сиқыршылық қасиеттер қонған адамды бақсы деп атайды. Шағатай тілінде оның атауы - бақшы. Ертеде бақсылықпен әйелдер де айналысқан. Оларды «елті» дейді. Шығу тарихы отқа табыну мен шамандықпен тығыз байланысты бақсылардың ерекшелігі - сырқат адамдарды сол елдің салт-дәстүр, таным-түсінігіне сәйкес психологиялық тәсілмен емдеу. Қыпшақ Қойлыбай Әбурахпанұлы - атақты бақсы, таңғажайып тәуіп, керемет көріпкел, теңдесі жоқ қобызшы болған адам. Аңыздарда да, тарихи шығармаларда да Қорқыттан кейін Қойлыбайдың есімі еске алынады.
Халықтың ежелгі наным-сенімінде бақсылардың жақсылық істерін басқаратындары - аруақ, пе-
ріште, перизат, жамандық істерін басқаратындары - пері, шайтан, жын, албасты, жезтырнақ. Бақсылар осы тылсым әлеммен байланысқа түсіп, жаңағыдай түрлі рухтарды өз қызметіне пайдаланады. Бақсы қобызын зарлатып, зікір салып шақырған кезде бұл рухтар оның алдына шал, қыз, әйел тәріз-ді бейнеге еніп келеді де, бұйры-ғын орындайды, бақсы солардың көмегімен гипноздық өнер де көрсете алады. Бұл - ежелгі заманнан тарихқа ілесіп келе жатқан аңыздар. Осы аңыздарға назар аударсақ, қыпшақ Қойлыбай тәрізді бақсылар қай жағына қарай қолын сілтесе сол жақта 5-10 қадамдай жерде тұрған заттар қылышпен шапқандай қиылып түседі - мыс . . . Бақсылардың көзге көрінбейтін құдіретті күшінен кірпіш үйдің қа-бырғасы қақ айырылып, киіз үйдің туырлығы тілім-тілім болып қала-ды. Бақсылардың өмірін зерттеушілер мұны «жарғыш жындардың» әрекеті дейді. Әубәкір Диваевтың хатқа түсірген «Бақсы» жырындағы аңыз бойынша, қыпшақ Қойлыбай бақсының төрт батыр ұлы, бес мың жыны болған көрінеді . . .
Бақсылар туралы жазылған ес-телік, әңгімелерді оқып отырсақ, олар қылыштың жүзімен жүреді, шоқта қып-қызыл болып балқыған темірді тілімен жалайды, жұрттың көзінше құлақ, мұрынын кесіп тастаса, көп ұзамай денесі-нің ол мүшелері еш сызатсыз орнында тұрады, қобызын сарнатса, бозторғай шырылдаған тып-тыныш дала төсінде дауыл тұрғызып, найзағай ойнатып, жаңбыр жау-ғызады. Торғайлық ақын Хамитбек Мұсабай өзінің «Қойлыбайдың қоштасу күйі» деген дастанында бабамыздың тәңір берген киелі қасиеттері туралы былайша жыр толғайды:
. . . Қарт Қойлыбай - қобызшының абызы,
Шежіредей сайрап жатыр әр ізі.
Қатар жүрер қос анардай қашанда,
Замананың ақиқаты, аңызы.
Ол қобызбен - қара тасты сөйлеткен,
Ол қобызбен - тал бесікті
тербеткен.
Ол қобызбен - селді буып сұрапыл,
Ол қобызбен - шу асауды үйреткен.
Ол қобызбен - қара бұлтты қақ тілген,
Ол қобызбен - ақбоз үйді тіктірген.
Ол қобызбен - тілін кесіп жыланның,
Ол қобызбен - ханға тізе бүктірген.
Ол қобызбен - жанған өртті өшірген,
Жөнге салған ессіздерді есірген.
Киіз үйді жиһазымен жиюлы,
Арғы беттен - бергі бетке көшірген.
Ол қобызбен - қара нөсер жаудырған,
Ол қобызбен - жан ләззатын қандырған.
Ол қобызбен - тоқсан тоғыз күй шалып,
Ол қобызбен - мәңгіге атын қалдырған.
Ұлтымыздың ұлы ғалымы Шоқан Уәлиханов Қойлыбайды «бақсылардың бақсысы әрі пірі» деп бағаласа, Әлкей Марғұлан: «Қор-қыттың қобызын, оның сарынын ең алғаш рет мирас еткен кісі - Қойлы-бай бақсы. Ол Қорқыттың шәкірті болып саналады» деп жазады. Кезінде Мағжан Жұмабаев Шоқанның зерттеулерін негізге ала отырып «Қойлыбайдың қобызы» атты дас-
тан да жазып қалдырған-ды. Енді
мінеки Қойлыбайдың есімі Қазақ-станның ұлттық энциклопедиясының 6 томына еніп отыр.
Бақсылар, олардың өнері туралы деректер П. С. Паллас пен П. Рычковтың экспедиция жазбаларында (18 ғ. ), бурят ғалымы Доржи Банзаровтың (1823-55), қазақ ғалымы Ш. Уәлихановтың (1835-65), ағылшын философы Томас Карлейльдің (1795-1881) еңбектерінде бар. Осындай тарихи зерттеулерге арқа сүйесек, қазақтың ең атақты бақсысы - Қойлыбай, одан соң қалың елге белгілі бақсылар - Балақай, Жанақ, Шөмен аталарымыз. Ежелгі халықтың наным-сенімі бойынша, бақсылық тұқым қуалайды, бұл өнер жаны адал, тәні таза, иман-
ды адамдарға ғана қонады, оны дұрыс ұстай алмаса, басынан қасиеті таяды, немесе «бақсылық буып» кемтар болып қалады . . .
Құдіретті күш, жұмбаққа толы бақсылық өнері ертеде қыпшақтар арасында кең тараған. Бұл жөнінде Әлкей Марғұланның өзі былай деп жазады: «Ұлы бақсы, жыраулардың, қобызшылардың көп шыққан ортасы, әсіресе, қыпшақтар арасы (ХІІІ -ХІХ ғасыр) . Олардың ішінде 1299 жылы Византия тарихында жазылған Көкем бақсы, Римға, Мысырға елші болып барған Көсе бақсы, Беренде бақсы, Жарық бақсы. Бұлардың кейбіреуі Мысырға қобызын ала барып, Мысырдың суретшілері оларды суретке үсіріп алған. Қыпшақтың ең атақты қобызшыларының бірі - Барақ бақсы. Қобыз тартумен бірге ол қыпшақ тілінде эпикалық жыр айтып, кейде өлеңдер жазып жүрді. Тоқтағұл хан тұсында Иранға елші болып барды. Дешті Қыпшақтан шыққан бақсылардың ең құдіреттісі - Сары Салтақ. Бұл халық ішіндегі сәуегейлердің аса бір қадірлісі». Ал енді Рашид ад - Диннің шежіресінде қобыз сөзінің арғы түбірінің «Қыпшақ» сөзімен төркіндес екендігі айтылады. Олай болса, қыпшақ Қойлыбай Әбурахпанұлының қобызшы, бақсы болуы ата тегіне тартқандық.
Алайда осы уақытқа дейін тарихи еңбектерде Қойлыбайдың шыққан тегі - бағаналық деп қате жазылып келді. Қазақтың жақсы - жайсаңдары, тарихи тұлғалары бір рудың, бір жүздің ғана ұлы перзенттері емес, олар ұлтымызға ортақ мақтанышымыз, дарабоз, даналарымыз ғой. Бірақта «Ата-тегін айтқанның айыбы жоқ». Қойлыбай - қыпшақ, оның ішінде бұлтың. Кезінде бақсылар туралы еңбегінде Шоқан Уәлиханов Қойлыбайды бағаналық деп жазып, содан Әлкей Марғұлан да, Мағжан Жұмабаев та жаңылысқан. Кейін Шоқанның еңбектерін баспаға дайындаған ғалымдар мұның қате екенін түсініп, оның 1985 жылы шыққан еңбегіне түзету енгізді.
Бұл қателік не себепті орын алды? Ол жөнінде марқұм Қуаныш Ахметов өзінің «Ұлытау» атты кітабында мынандай ой айтады: « . . . Менің ойымша, жаңсақтық осы еңбек жазылған тұстағы заман ахуалынан, қоғамдық, әлеуметтік жағдайлар әсерінен кеткен. Кенесары көтерілісінің аяқ шенінде патша үкіметінің қудалауынан бой тасалаған қыпшақтардың ауыл -аймағымен, тайлы-таяғымен Ұлытау өңірінен Сыр бойына жаппай қоныс аударғаны жайлы құжаттар архивтерде тұнып тұр. Жалғыз қыпшақтар ғана емес, көтерілістен соң орыс әкімшілігі бұрын осы төңіректі жайлаған, өздері 1824-1832 жылдары болыстық құрылымға келтірген көптеген рулардың сайда санын, құмда ізін таба алмай қалған. Мысалы, сондай рулардың бірі - балталы болысына қараған халық.
Ұлытау төңірегін Жошы хан заманынан бері жайлап келе жат-қан бағаналықтар сол тұста осы аймақтың бірегей аборигендеріне (көне тұрғындарына), ал, Ұлытау және бағаналы сөздері бір мағы-надағы тіркеске (синонимге) айналды. Қойлыбай бабамыздың бейіті Ұлытау алқабының батыс бөктерін-де жатыр. Сондықтан Шоқанның бүгін біз жаңсақтық деп ұғып отыр-ған жазуын сол дәуірдің түсінігіне салсақ, одан пәлендей алып бара жатқан қайшылық көре алмаймыз. Мағжан Жұмабаевтің «Қойлыбай-дың қобызы» атты шығармасында
да жырдың Шоқанның ғылыми ең-бегі мен ел аузындағы әңгімелер әсерінен туғандығынан Қойлыбай бақсы бағаналық болып жүр» (Қ. Ахметов, Ұлытау, «Фолиант», Астана -
2006 ж, 171 бет) .
Қойлыбайдың шыққан тегінің - қыпшақ, оның ішінде бұлтың екендігіне нақты дәлел - Қазақтың Ұлттық ғылым академиясының тарих, археология және этнография институтының қолжазбалар қорында сақтаулы тұрған Қожаберген Толы-байұлының «Ер Қойлыбай» жыры. Орта жүз Ашамайлы Керейдің Көшебе руының Таузар әулетінің перзенті Қожаберген - әрі жырау, әрі батыр. Ол қазақ халқының шыққан тарихын жырға қосып, «Ата тек» деген дастан, 1723 жылғы қазақ халқының өміріндегі ауыр кезеңге арнап атақты «Елім-ай» дастандарын жазған. Ол өзінің «Ер Қойлыбай» дастанында (бізге үзінділері ғана жеткен) бақсы, қобызшы, сәуегей, тәуіп бабамызды былайша жырлап таныстырады:
«Ертеде Қыпшақта өткен Ер Қойлыбай,
Қолына жүрмейді екен қобыз алмай.
Болған соң сол асылдан
бізге мирас, -
Қобызды мен де жүрмін тастай алмай.
Біздерге жәрдем болып аруақ құдай,
Жауымды талқандадым соғыста ұдай.
Қыпшақта Қойлыбайды жырға
қос деп,
Түсімде аян берді әкем Толыбай.
Әкеміз көп сыйынған Қойлыбайға,
Жау қоршап қиын
болған бір жағдайда.
Қалмақты қысылшаңда
жеңіп шыққан, -
Болған соң зор қасиет Қойлыбайда.
Бөленген әкем Толыбай зор даңққа,
Бейітіне Қойлыбайдың түнеп әкем,
Мінгендей болған екен алтын таққа.
Дана екен Ер Қойлыбай шарапатты,
Тілесең шыныменен берер бақты.
Сауыққан зиратына түнеп науқас,
Болған соң емші-баба аруақты.
Қыпшақта Қойлыбайдың
бұлтың заты,
Басқадан артық болған парасаты.
Молда боп заманында аты шыққан
Әбурахпан әкесінің екен аты».
Зерттеушілердің пайымдауынша, қыпшақ Қойлыбай бақсы шамамен
XIV ғасырдың аяқ шенінде өмірге келген. Оның атақты бақсы, тәуіп, сәуегей, қобызшы ретінде есімінің алты алашқа кеңінен танылған ке-зі - XV ғасырдың алғашқы ширегі. Өздеріңізге мәлім, Мағжан Жұма-баевтың «Қойлыбайдың қобызы» атты дастанында ол Барақ батыр-
дың қолқалауымен ат жарысына қобызын қоспайды ма. Ал Қожа-бергеннің жырлауынша, оның әке-сі, атақты ат сыншысы Толыбай Қойлыбайдың аруағына сыйынып, бейітінің басына барып түнеген. Барақ есімді сұлтан, батырлардың ішінде Қойлыбайдың кезеңіне жақынырақ келетіні оның әкесі Әбурахпанның туған бажасы - Барақ сұлтан. Ол 1428 - 1429 жылдары Жайық бойындағы жорықта қайтыс болған. Негізінен, осы Барақ сұлтанды күрлеуіт қыпшақ Мағрипбектің өлтір-гендігі туралы тарихи деректер бар. Тіпті қазақтың ауыз әдебиетінде «Барақты атқан бармағым, бал ті-лейді тамағым» деген өлең айтылады. Оны әдебиетшілер Мағрипбектің сөзі дейді.
Қыпшақ Қойлыбай бақсының әке-сі - Әбурахпан белгілі діндар ғұлама, атақты атқамінер ұлық болған адам. Шежірешілердің бір тобы Қазақ хандығының негізін салушы Жәні-бек пен Керей сұлтандарға Қойлы-бай шеше жағынан туыстық қатысы бар деп, Керейт тайпасының текті бұтағынан шыққан екі қыздың бірі - Бопан Барақ сұлтанға ұзатылған, екінші қыз - Бопай - Әбурахпанның әйелі, яғни, Қойлыбайдың шешесі дейді.
Белгілі шығыстанушы ғалым, профессор Ә. Диваевтің (1856 - 1933) Ташкентте 1924 жылы басылып шыққан «Тарту» атты қазақ фольклоры нұсқаларының жинағы бар. Мұндағы «Бақсы» шығармасында Қойлыбайға қатысты деректер көп. Бұл дастанның авторы белгісіз. Жалпы, ежелгі бақсы сарындарында да:
Бағаналыда - Барлыбай,
Қыпшақта бар Қойлыбай.
Асан, Тоқпан, Мергентай,
Жыр шақырам осылай, -
деп айтылмайды ма. Мұның бәрі түсінде Қорқыт атадан бата алған Қойлыбай бақсыны пір тұтып, оның аруағына сыйынғандықтан. Әулиелілігі мен қасиеті күшті бол-ғандықтан, тірі пенде оған дауыс көтере алмаған. Ондай өнегесіздер болса, халықтың өзі оларды тәртіпке шақырып, жазасын берген. Ел аузында Тойшан деген әдепсіз бір байдың Қойлыбайды менсінбей елден қумақшы болғанында оның ата-мекенімен қобыз тартып хоштасқаны, оған ет-жүрегі елжіреген халықтың әлгі байдың өзін ауылдан қуып жібергендігі жөнінде аңыз әңгіме бар.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz