Балаларға арналған мәтіндердегі жай сөйлемдер құрылымының лингвостатистикалық сипаты


ӘОК 811. 512. 122′36:21 Қолжазба құқығында
НҰРЛЫБАЕВ НҰРЖАН МӘДІРАЙҰЛЫ
Балаларға арналған мәтіндердегі жай сөйлемдер
құрылымының лингвостатистикалық сипаты
10. 02. 02-қазақ тілі
Филология ғылымдарының кандидаты ғылыми
дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның
АВТОРЕФЕРАТЫ
Қазақстан Республикасы
Алматы, 2010 жыл
Жұмыс Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында орындалған.
Ғылыми жетекшілері: филология ғылымдарының докторы,
профессор А. Қ. Жұбанов
филология ғылымдарының кандидаты,
доцент Қ. Молдабек
Ресми оппоненттер: филология ғылымдарының докторы,
профессор Б. Шалабай
филология ғылымдарының кандидаты
А. Жаңабекова
Жетекші ұйым: Абай атындағы Қазақ ұлттық
педагогикалық университеті
Диссертация 2010 жылы «12» наурызда сағат 16-00-де ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты жанындағы 10. 02. 06 - түркі тілдері және 10. 02. 02 - қазақ тілі мамандықтары бойынша филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін диссертация қорғайтын Д 53. 38. 01 диссертациялық кеңестің мәжілісінде қорғалады (050010, Алматы қаласы, Құрманғазы көшесі, 29) .
Диссертациямен ҚР Білім және ғылым министрлігінің Орталық ғылыми кітапханасында танысуға болады (050010, Алматы қаласы, Құрманғазы көшесі, 29) .
Автореферат 2010 жылы 12 ақпанда таратылды.
Диссертациялық кеңестің
ғалым хатшысы, филология
ғылымдарының докторы, профессор Ж. А. Манкеева
ЖҰМЫСТЫҢ ЖАЛПЫ СИПАТТАМАСЫ
Қазіргі қазақ тіл білімі басқа ғылым салаларымен интеграциялану нәтижесінде өзара ықпалдаса келіп, ортақ мәселелерді бірге шешіп, біріге зерттеуде. Сондай ғылымдарға математика мен лингвистиканың ықпалдасуынан пайда болған математикалық лингвистиканы, компьютерлік лингвистиканы, статистикалық лингвистиканы және т. б. жатқызуға болады. Лингвостатистикалық әдістер арқылы тілдік фактілерді тек қана жалаң тұрғыда қарастырмай, математикалық әдістермен, соның ішінде статистикалық және ықтималдық әдістермен зерттеу қазақ лингвистикасында да жиі қолданыс табуда. Атап айтқанда, қазақстандық статолингвистика саласының негізін салушы филология ғылымдарының докторы, профессор Қ. Б. Бектаевтың жетекшілік етуімен әртүрлі стильдегі мәтіндер бойынша қазақ тілінің морфология саласына қатысты лингвостатистикалық зерттеулер жүргізген А. Ахабаев, А. Қ. Жұбанов, С. Мырзабеков, Д. Байтанаева, Қ. Молдабеков, А. Белботаев және т. б. ғалымдардың ғылыми ізденістерін айтуға болады. Қазақ тілінің синтаксис саласына қатысты лингвостатистикалық зерттеулер жоқтың қасы. Мұндай зерттеулер қатарына Б. Абикееваның қазақ тілінің әртүрлі стильдері негізінде статистикалық және модельдеу әдістері бойынша жүргізген ғылыми ізденістерін жатқызуға болады [1] . Ал қазақ тіліндегі балаларға арналған мәтіндердегі жай сөйлемдердің құрылымы лингвостатистикалық әдіс тұрғысынан осы жұмыста алғаш рет зерттеліп отыр.
Зерттеу жұмысының өзектілігі. Балаларға арналған мәтіндерде қолданылған жай сөйлемдер ұзындығының (сөзқолданысқа қатысты) оқушылардың жас ерекшелігіне қарай синтаксистік деңгейде айырым табуы, олардың дұрыс сөйлеуіне, мәтінді түсініп оқуына және сөз мағыналарын дұрыс ажырата білуіне тікелей әсер ететіні белгілі. Оқулық мәтіндерінде қолданылған сөйлем ұзындықтарын реттеу арқылы оқушылардың үлгерімін 10-12 пайызға арттыруға болатындығы ғалымдардың зерттеулерінде дәлелденген (Я. А. Микк, М. С. Марцковский, Ф. Ришар, Г. Де. Ландшер, Г. Анри) .
Мәтіндерде қолданылған жай сөйлемдердің ұзындықтары мен жиіліктерін анықтау және оларды жүйеге түсіру лингвостатистика әдістері бойынша ғана жүзеге асады. Қазіргі кезге дейінгі жарық көрген балалар әдебиеттеріндегі осындай қажетті статистикалық деректердің ескерілуін (не ескерілмеуін) айқындайтын зерттеулер жүргізу аса маңызды. Сондықтан қазақ тілінің синтаксистік құрылымын лингвостатистикалық әдіспен зерттеу сөздердің сөйлемдегі қолданылу заңдылықтарының ерекшелік тұстарын толық ашуға мүмкіндік туғызады. Қазақ тілі білімінде мұндай зерттеулердің саны мен сапасы әлде де болса арнайы көңіл бөлуді қажет етеді. Сонымен бірге ондай синтаксистік бірліктердің статистикалық деректерін айқындау көптеген қолданбалы мәселелерді шешуге ықпал етеді. Мысалы, қазақ тілінің машиналық аударма саласында - қазақ тілінен екінші бір тілге (немесе керісінше) компьютер көмегімен аудару әрекетінде алынған мәліметтер аса құнды деуге болады. Сондықтан «Балаларға арналған мәтіндердегі жай сөйлемдер құрылымының лингвостатистикалық сипаты» атты зерттеу бойынша алынған статистикалық нәтижелер аса маңызды және олар жұмыстың өзектілігін көрсетеді.
Зерттеу жұмысының мақсаты: Қазақ балаларына арналған мәтіндердегі жай сөйлем түрлерінің (хабарлы, сұраулы, лепті, бұйрықты және т. б. ) синтаксистік құрылымына лингвостатистикалық сипаттама беру. Аталған мақсатқа жету үшін мынадай міндеттер белгіленді:
- қазақ тілі мен басқа да тілдер бойынша морфология және синтаксис салаларына қатысты жүргізілген лингвостатистикалық зерттеу нәтижелеріне шолу жасау;
- жай сөйлемдер құрамындағы әріпке, түбірге, сөзқолданысқа түскен синтактикалық ақпараттар өлшемін анықтау;
- қазақ тіліндегі балаларға арналған мәтіндердегі жай сөйлемдердің лингвостатистикалық сипатын айқындау: жай сөйлемдердегі синтаксистік бірліктердің қолдану жиіліктері мен олардың сөйлем ішіндегі орын тәртібінің статистикасы және жай сөйлемдердің сөзқолданысқа қатысты ұзындығының статистикасын т. б. мәліметтер алу;
- жай сөйлемдердегі морфологиялық және синтаксистік бірліктердің барлық түрлеріне шартты түрдегі белгі-кодтарды сәйкестендіру;
- 1950-2009 жылдар аралығындағы балаларға арналған мәтіндердегі жай сөйлемдер құрылымының (сөзқолданысқа қатысты) қолданылу жиілігін және олардың әр жылдарға, кезеңдерге қатысты қолдану динамикасын (немесе қолдану ерекшелігін) анықтау;
- жай сөйлем түрлерінің (хабарлы, сұраулы, лепті, бұйрықты және т. б. ) қолдануындағы лингвостатистикалық ерекшеліктерін (абсолюттік, қатынастық жиіліктері мен олардың пайыздық салмақтары) анықтау.
Зерттеу нысаны: Қазақ тіліндегі балаларға арналған мәтіндердегі жай сөйлемдер құрылымының статистикасы.
Зерттеу әдістері: Жұмыста лингвистикалық статистика, сипаттау, талдау, жинақтау, салыстыру, математикалық статистика, құрылымдық топтау, жүйелеу, құрылымдық-грамматикалық, саралау әдіс-тәсілдері қолданылды.
Зерттеу жұмысының дереккөздері ретінде «Қазақ ертегілері» мен «Балдырған» журналы және 1950-1969, 1970-1999, 2000-2009 жылдар аралығында жарық көрген бастауыш мектеп оқулықтары (Әліппе, Ана тілі, Қазақ тілі) алынды.
Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы:
- қазақ тілінің морфология мен синтаксис салаларына қатысты жүргізілген лингвостатистикалық зерттеулерге жасалған шолу нәтижесінде синтаксистік бірліктердің морфология саласына қарағанда аз дәрежеде зерттелгені және ондай зерттеулердің синтаксистік деңгеймен қатыссыз жүргізілгені анықталды;
- балаларға арналған мәтіндердегі жай сөйлемдер құрамындағы әріпке, түбірге, сөзқолданысқа түскен синтактикалық ақпараттар өлшемі анықталды;
- қазақ тіл білімінде балаларға арналған мәтіндердегі жай сөйлемдердің лингвостатистикалық сипаты айқындалды: жай сөйлемдердегі синтаксистік бірліктердің қолдану жиіліктері мен олардың сөйлем ішіндегі орын тәртібінің статистикасы, жай сөйлемдердің сөзқолданысқа қатысты ұзындығы және т. б. статистикалық мәліметтер алынды;
- балаларға арналған мәтіндердегі жай сөйлемдердегі морфологиялық және синтаксистік бірліктердің барлық түрлеріне шартты түрдегі белгі-кодтар сәйкестендіру мәселесі өз шешімін тапты. Мұндай «кодтау» әрекетінің мәтіндерді компьютер жадына енгізу мен статистикасын анықтау кезінде ұтымды екендігі дәлелденді;
- 1950-2009 жылдар аралығындағы балаларға арналған мәтіндердегі жай сөйлемдер құрылымының қолданылу жиілігі нақтыланып көрсетілді;
- балаларға арналған мәтіндердегі жай және құрмалас сөйлемдердің әр кезеңдерге (1950-1969 жж. ; 1970-1999 жж. ; 2000-2009 жж. ) қатысты қолдану динамикасы анықталды;
- балаларға арналған мәтіндердегі жай сөйлем түрлерінің (хабарлы, сұраулы, лепті, бұйрықты және т. б. ) қолдануындағы статистикалық ерекшеліктер (абсолюттік, қатынастық жиіліктері мен олардың пайыздық салмақтары) айқындалды.
Зерттеу жұмысының теориялық және практикалық мәні. Балаларға арналған мәтіндердегі жай сөйлемдердің құрылымы мен қолданылу мүмкіндіктерін сандық негізде анықтау үшін жүргізілген лингвостатистикалық зерттеулер нәтижесінде алынған тұжырымдар мен қорытындыларды бастауыш сынып оқулықтарын құрастыру мен сыныптан тыс балалар әдебиеттеріне мәтін таңдауда кеңінен пайдалануға болады. Зерттеу жұмысының нәтижелерін қазақ тіл білімі саласындағы лингвостатистика мамандары, жоғары оқу орындарының оқытушылары және орта мектептерде дәріс беретін мұғалімдер қолдана алады. Мәтіндерде кездескен жай сөйлемдердің барлық түрлерін компьютермен өңдеуге қажетті шартты-белгілерді сәйкестендіру (кодтау) бағдарламасын компьютерлік лингвистика саласындағы зерттеуші-мамандар мен компьютер арқылы тіл үйретушілер (үйренушілер де) пайдалана алады.
Қорғауға ұсынылатын тұжырымдар:
- қазақ тілінің синтаксистік бірліктері морфология саласына қарағанда лингвостатистикалық әдіспен аз дәрежеде зерттелген және олар бір-біріне қатыссыз жүргізілген;
- балаларға арналған мәтіндердегі жай сөйлемдер құрамындағы әріпке, түбір сөзге, сөзформаға түсетін синтактикалық ақпараттар өлшемін анықтауға болады;
- қазақ тіл білімінде балаларға арналған мәтіндердегі жай сөйлемдер құрылымының қолдану жиіліктері мен жай сөйлемдердің сөзқолданысқа қатысты ұзындықтары бір-бірінен ерекшеленеді;
- балаларға арналған мәтіндердегі жай сөйлемдердегі морфологиялық және синтаксистік бірліктердің барлық түрлеріне шартты түрдегі белгі-кодтар сәйкестендіру (кодтау) тиімді;
- грамматикалық бірліктерді «кодтау» әрекетінің мәтіндерді компьютер жадына енгізу мен статистикасын анықтау үшін ұтымды;
- 1950-2009 жылдар аралығындағы балаларға арналған мәтіндердегі жай сөйлемдер құрылымының қолданылу жиілігі бірыңғай емес;
- лингвостатистикалық әдіспен зерттеу негізінде балаларға арналған мәтіндердегі жай сөйлемдердің әр кезеңдерге (1950-1969 жж. ; 1970-1999 жж. ; 2000-2009 жж. ) қатысты қолдану динамикасын анықтауға болады;
- балаларға арналған мәтіндердегі жай сөйлем түрлерінің (хабарлы, сұраулы, лепті, бұйрықты және т. б. ) қолдануындағы статистикалық ерекшеліктерін (абсолюттік, қатынастық жиіліктері мен олардың пайыздық салмақтары) айқындауға болады;
- балаларға арналған мәтіндердің синтаксистік құрылымының ерекшелігін квантитативтік (сандық) әдісті қолдану арқылы анықтаудың мүмкіндігі мол.
Зерттеу жұмысының жариялануы және талқылануы: Зерттеу жұмысының мазмұнын құрайтын негізгі тұжырымдар мен нәтижелер «Бүгінгі Қазақстандағы тілдік этнокоммуникация: зерттеудің инновациялық технологиялары» атты халықаралық ғылыми конференцияда (Шымкент-Москва, 2008), «ХХI ғасырдағы жоғары кәсіби білімді мамандар даярлаудың мәселелері: кешегісі, бүгіні және болашағы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда (Шымкент, 2009), «Қазіргі заман білімі мен ғылымының өзекті мәселелері» атты ғылыми-әдістемелік конференцияда (Тараз, 2009), «Қазақ тіл білімінің өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференцияда (Алматы, 2009), «Жұбанов тағылымы» VII (Ақтөбе, 2009) атты халықаралық, республикалық ғылыми-теориялық конференцияларда, сондай-ақ ҚР БжҒМ ҒК А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты жанындағы «Лингвистикалық жұма» атты ғылыми-әдістемелік лингвистикалық семинарда (Алматы, 2009) баяндалып, республикалық ғылыми басылымдарда жұмыстың өзекті мәселелері бойынша 6 мақала жарияланды. Диссертацияның қолжазбасы Қ. А. Яссауи атындағы Халықаралық Қазақ-түрік университетінің «Қазақ тіл білімі» кафедрасы мен Шымкент университетінің «Филологиялық пәндер» кафедрасының бірлескен мәжілісінде (Шымкент, 2008), ҚР БжҒМ ҒК А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Грамматика бөлімінің кеңейтілген мәжілісінде талқыланып, қорғауға ұсынылды.
Зерттеу жұмысының құрылымы: Жұмыс кіріспеден, екі тараудан, қорытынды және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Жұмыстың «Кіріспесінде» зерттеудің жалпы сипаттамасы, тақырыптың өзектілігі, зерттеу нысаны, негізгі мақсаты мен міндеттері айқындалып, жұмыстың ғылыми жаңалығы, теориялық және практикалық маңыздылығы, қорғауға ұсынылатын тұжырымдар, зерттеу барысында қолданылған әдістер, дереккөздер, жұмыстың жариялануы мен мақұлдануы, құрылымы туралы баяндалады.
«Қазақ тіл біліміндегі лингвостатистикалық әдіс» атты тарауда қазақ тіл біліміндегі морфология және синтаксис салаларының лингвостатистикалық әдіспен зерттелуі, қазақ мәтінінің ақпараттық өлшемі жайлы жан-жақты сипатталады.
1. 1 «Қазақ тіл біліміндегі морфология саласының лингвостатистикалық әдіспен зерттелуі». ХХ ғасырдың 50-60-жылдары лингвистика мен математика ғылымдарының аралығынан «математикалық лингвистика» атты жаңа пән пайда болды. Бұл пәннің пайда болуы мен қалыптасуы тіл білімінің барлық ішкі дамуының өзінен бұрыннан-ақ сезіле бастаған болатын. Жалпы тіл білімінде, оның ішінде қазақ тіл білімінде де, статистикалық лингвистика тілді зерттеудің тек әдісі не тәсілі болып қана қалмай, қазіргі кездегі тілтануда өз алдына бөлек ғылыми пән дәрежесіне көтеріліп отыр. Бұл пән тілдік бірліктердің сапалық және сандық (мөлшерлік) мәліметтерін тілдің табиғатына сай қарастырады, зерттейді.
Қазақ тіл білімінде жай сөйлемдердің құрылымын лингвостатистикалық әдіспен зерттеу мәселесін зерделеу алдымен осы тақырыпқа байланысты баспадан шыққан лингвистикалық, лингвостатистикалық еңбектерге шолу жасауды керек етеді. Бұл жерде атап өтетін мәселе: ХХ ғасырдың басынан бастап қазіргі күнге дейін жарық көрген лингвостатистикалық зерттеулерде тілші-ғалымдар балаларға арналған мәтіндердегі жай сөйлемдердің құрылымын лингвостатистикалық әдіс арқылы зерттеу мәселесін тікелей сөз етпеген. Бұрынырықта шыққан зерттеулер мен лингвостатистикалық еңбектерде қазақ мәтіндері жай сөйлемдерінің құрылымы қарастырылмаған деген пікір тумауы керек. Қазақ тіл білімінде лингвостатистикалық әдістің негізін қалаған ғалымдардың еңбектерінде жай сөйлемдердің құрылымын лингвостатистикалық зерттеуге арналған тұжырымдардың бірізділікке түспегеніне қарамастан, мәтіндер құрылымындағы тілдік бірліктерді анықтауға, тілдік бірліктердің сандық және сапалық ерекшеліктерін айқындауға арналған құнды пікірлер мен тұжырымдар жетерлік.
Қазақ тілі білімінде лингвостатистикалық әдістің қалыптасуы жайлы Қ. Қ. Жұбановтың зерттеулерінде тілді сандық деректер мен мәліметтер негізінде қараудың алғашқы нышандары бар. Демек қазіргі таңда тіл білімінің бір саласына айналып отырған лингвистикалық статистиканы ғалым сол кездің өзінде-ақ тани білген. Тілдің сандық сипатынан байқалатын сапалық қасиеттерін, оны зерттеуде пайдалануға болатын тиімді әдіс көздерінің бірі екенін байқаған. Сөйтіп, ол сандық деректердің негізінде тілге қатысты бірсыпыра жайларды (дыбыстар, буындар, сөздер, сөйлем мүшелерінің орны т. б. ) нақты анықтап, кейбір тың тұжырымдар жасаған. Олар қазіргі кезде бұл саладағы ізденуші-зерттеушілерге үлгі-тірек, бағыт-бағдар болып маңыздылығы арта түсті.
Қазақ тілі грамматикасының нормативті курсын жүйелеу мен жазу жұмысы профессор Қ. Жұбановтан кейін Н. Т. Сауранбаев, І. Кеңесбаев, М. Балақаев, А. Ысқақов, Ғ. Мұсабаев және т. б. ғалымдардың еңбектері арқылы жүзеге асты. Мысалы, І. Кеңесбаев қазақ тілінің дыбыстарын лингвостатистикалық тұрғыдан зерттеп, алынған нәтижелерін «Әліппе» оқулықтарын түзуде және Ғ. Мұсабаевпен бірлесе жазылған «Қазіргі қазақ тілі» оқулығының фонетика саласында пайдаланған. Сандық талдауларды профессор Ғ. Мұсабаевтың зерттеулерінен де кездестіруге болады. Аталған ғалымдардың сандық қатынасқа көңіл бөлуі тілдің ішкі табиғатына (сырына) қатысты туындаған жағдай екені даусыз. Дәстүрлі әдіспен тілді зерттейтін тілші-ғалымдардың бәрі бірдей лингвостатистикалық әдіс-тәсілдерді қолдай бермейді, бірақ өз ізденістерінде осы саланың көп, аз, мол, жиі, сирек, өнімді, өнімсіз тәрізді терминдерін барынша көп пайдаланғанымен олардың лингвостатистикалық ғылым саласына қатыстылығын көбіне-көп аңғара бермейді.
Белгілі ғалым, филология ғылымдарың докторы, профессор Қ. Б. Бектаевтың жетекшілік етуімен қазақ тілінің лексика-морфология саласына қатысты қолданбалы лингвистиканың жаңа саласы - математикалық лингвистика бағыты бойынша лингвостатистикалық зерттеулер жүргізген А. Ахабаев, А. Қ. Жұбанов, С. Мырзабеков, А. Жаңабекова, Д. Байтанаева, Қ. Молдабеков, А. Белботаев, А. Зекенова, Б. Қалыбеков және т. б. ғалымдардың ғылыми ізденістерін айтуға болады. Аталған ғалымдардың лингвостатистикаға арналған еңбектері қазақ тіл білімінде лингвостатистикалық әдісті қолданудың әдіс-тәсілдерін жан-жақты баяндап, анықтап беруінде ғана емес, жалпы қазақ тіл білімінде тілдік бірліктердің өзіндік ерекшеліктерін сандық сапа арқылы айқындағаны үшін елеулі орын алады.
1. 2 Қазақ тіл біліміндегі синтаксис саласының лингвостатистикалық әдіспен зерттелуі. Құрылымдық лингвистика мен математикалық лингвистика пәндері қазіргі қазақ тіл білімінің теориялық дамуына ең көп әсер етуде. Бұндай әсер қазіргі қазақ тіл білімінің синтаксис және семантика салаларында айтарлықтай көрініс тапты.
Жай сөйлемдерді лингвостатистикалық зерттеу тіл білімінде мына мәселелер бойынша қажет:
а) қазақ және басқа тілдердегі сөйлем құрылымын өзара салыстыру;
ә) жазба ескерткіштер мен мәтіндік материалдар қоры бойынша таңдама жұмыстарындағы сөйлем құрылымдарын анықтау;
б) тілдік материалдар арқылы сөйлем құрылымының модельдерін айқындау;
в) тілдік материалдарды жан-жақты сұрыптау, сөйлемдердің синтактикалық ақпараттық өлшемдерін нақтылау;
г) ақпараттық-типологиялық өлшемдер бойынша реестрлер, каталогтар сипаттамаларын жинақтау, тіл білімінде синтаксис ғылымының сандық негізін айқындау;
д) статистикалық, картографикалық, сұрыптау теориясы мен жүйелік талдау әдістерін қолдану.
Осы аталғандарды жүзеге асыру арқылы ғылыми жұмысты автоматтандыру үдерісінде құрастырылған жүйе негізінде тұтынушы маманға қажетті тарихи деңгейде зерттеу жүргізу үшін барынша толық энциклопедиялық білім және библиографиялық мәліметтер беріледі.
Жай сөйлем синтаксисі бойынша А. Байтұрсынұлының «Тіл - құрал» кітабынан бастап, Қ. Жұбанов, Р. Әміров, Т. Сайрамбаев, Б. Шалабай [2] т. б. ғалымдар еңбектерін зерделедік.
Лингвостатистикалық әдіс арқылы синтаксис саласының ерекшеліктерін айқындау жұмыстары тек қазақ тілінде ғана емес, сонымен қатар басқа тілдерде де зерттелінуде. Атап айтқанда, тіл білімінде математикалық әдістің қолдану жолдарын қарастырып, теориялық негіздерінің қалыптасуына үлес қосып, бұл мәселеге айрықша көңіл аударған лингвостатист-ғалымдар: Р. Г. Пиотровский, А. А. Пиотровская, Л. Н. Беляева, В. Е. Гмурман, Б. Я. Головин, А. В. Зубов, А. М. Кондратов, В. В. Налимов, Р. М. Фрумкина, М. А. Генкель және т. б. Түрлі стильдерде қолданылған жай сөйлемдердің лингвостатистикалық ерекшеліктерін арнайы зерттеген И. Ю. Русова, С. А. Щубик, В. Г. Адмони, С. В. Миронова және т. б. ғалымдардың сөйлем ұзындығы, мәтіндердегі сөйлемдер саны мен көлемі, сөйлем мүшелерінің кездесу жиілігі туралы ғылыми зерттеулері бар.
Татар ғалымы С. В. Миронова татар және орыс тідеріндегі сөйлемдерде қолданылған сын есімдерді санамалай отырып, сын есімдердің сөйлемдегі анықтауыштық қызметіне аса мән берсе, бірқатар ғалымдар таңдама мәтіндерде қолданылған сөйлемдердің ұзындықтарын есептеп шығарған. Ғалымдар оқулық мәтіндеріндегі сөйлемдердің ұзындықтарын есептеу арқылы оқулық түзу мәселесін оңтайландыруды мақсат еткен. Атап айтқанда, Я. А. Микктің зерттеу еңбегінен алынған мәлімет бойынша, эстон тілінің оқулық мәтіндерінің сөйлем ұзындығының орташа көрсеткіші бастауыш сыныптар үшін - 11 - 12 сөзқолданыс, ортаңғы сыныптар үшін - 11 - 12 сөзқолданыс, жоғары сыныптар үшін - 15 - 17 сөзқолданыс, ал ағылшын тіліндегі алтыншы сынып оқулықтарының орташа ұзындығы - 9, 2 сөз, жетінші сынып үшін орташа ұзындық - 10, 3 сөз қолданылған. В. Хиртенің зерттеу еңбегінен алынған мәлімет бойынша, неміс тілінің оқулық мәтіндерінің сөйлем ұзындығының орташа көрсеткіші - 10 - 15 сөз. Ф. М. Жерар және К. Рожьелердің зерттеу еңбегінен алынған мәлімет бойынша, француз тілінің оқулық мәтіндерінің сөйлем ұзындығының орташа көрсеткіші бастауыш сыныптар үшін - 6 - 7 сөзқолданыс, жоғары сыныптар үшін - 25 сөзқолданыс. В. Г. Адмони және С. А. Шубиктердің зерттеулері бойынша, неміс көркем шығармаларындағы сөйлем ұзындығы Х. Геллертте - 15, 2, И. Юнг - Штиллингте - 19, 5, И. Херместе-27, 0, И. В. Гетеде - 28, 0 сөзқолданыс. Н. А. Копачева мәтіндердерді мынадай ретпен алған: радиотехника құралдары - 400 сөйлем, есептеу техникасы және кибернетикалық құралдар - 800 сөйлем, тележүйе, байланыс, радиожелі - 320 сөйлем, автоматика және телемеханика - 480 сөйлем алған. Ғалым мәтіндерді оның әрқайсысында 100 сөйлемнен тұратын таңдама мәтінге бөліп, орташа есеппен жай сөйлемдердің қолдану жиілігі 62, 4 пайызды құрайтынын анықтаған. Ресей ғалымы Б. Н. Головин 14 таңдама мәтін құрамындағы жай сөйлемдердің жиілігін анықтаған. Ғалымның көрсетуі бойынша, таңдама мәтіндердегі жай сөйлемдердің кездесу жиілігі өте төмен, жай сөйлемдер 11 - 28 пайыз аралығында кездескен. Ғалым Н. Ю. Русова 40500 жай сөйлемдердерді лингвостатистикалық әдіс арқылы өңдеп, орыс тіліндегі ғылыми стильді еңбектерде жай сөйлемдердің кездесу жиілігі 76-90% құрайтынын атап көрсеткен.
Қазақ тіл білімінде зерттеуші Б. Әбікеева қазақ мәтіндерінің әртүрлі стильдері ішіндегі жай сөйлемдердің синтаксистік-морфологиялық модельдері мен олардың парадигмалық ерекшеліктерін анықтауды мақсат етіп, нәтижесінде әртүрлі стильдердегі құрмалас сөйлемдер жай сөйлемдерге қарағанда көп қолданылып, орташа есеппен 72 пайызды құрайтынын анықтаған. Бірақ Б. Әбікееваның жұмысы балаларға арналған мәтіндердегі жай сөйлемдердің лингвостатистикалық құрылымына арналмаған. Демек, бастауыш мектеп оқулықтарының сапасын жетілдіру үшін оқулық мәтіндеріндегі жай сөйлемдердің қолдану жиіліктерін анықтауға арналған зерттеу жүргізу қажет.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz