Сұлулық


Пән: Мәдениеттану
Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 31 бет
Таңдаулыға:   

Сұлулық [31 бет]

Көз» - тана көз, бота көз, бадана көз, айна көз, қарақаттай көз, жәудір көз, күлім көз, көген көз, қой көз, қоңырқай көз, тұнық, мөлдір көз, мойылдай көз, тұнжыр көз, нәркес көз, тостағандай жанары, елегізеген еліктің жанарындай, қос жұлдыздай қос жанары, т. б.

Аталған концептіге мәтін деңгейінде мысал келтірейік:

Дөңгелек ашық жүзінде әрлі-берлі берлі домалап жүрген жақұт моншақтай ойнақшыған қос жанары , үлбірек ерні, күлгенде сау етіп төгіле қалатындай көрінетін маржан тістері онсыз да қылықты сұлуды одан сайын жұмбақтандырып, одан сайын ынтықтыра түседі ( Ә. Кекілбаев. Елең-алаң) .

Үрей ұялаған қарақат көздері ботаның жанарындай мөлт-мөлт етеді (Д. Исабеков. Гауһартас) .

Әйел сұлулығын тануда көзге қатысты эпитет, теңеулер әр жазушы танымында ұлттық дүние суретіне сай, алайда алуан түрлі сөз өрнегімен өріледі. Мысалы, М. Әуезов сұлулық үлгісі ретінде «шошақтау біткен үлкен қой көз, нұрлы көз, ойлы көз, шұғылалы көзді» таныса, ал Ғ. Мүсірепов танымына «үлкен қара көз, бота көз, құралай көз, айна көз» сияқты эпитеттер жақын.

«Қас, кірпік» - қалам қас, қиғаш қас, имек қас, айдай боп қиылған жіп-жіңішке қас, жаңа туған айдай иілген қас, шағаланың қанатындай қиылған қас, шолпандай алтын кірпігі, найзадай ірі кірпігі, егіншінің қол орағындай қас, доғаланып жатқан өзен нобайындай жіңішке қас, т. б.

Қарлығаш қанатының ұшындай үп-үшкір боп, самайға қарай тартылған қас жүрекке шабар жендеттің жебесіндей . . . (М. Әуезов. Абай жолы. 1-кітап) .

«Мойын» - аққу мойын, алма мойын, ерекше аппақ мойын, аппақ жұмыр мойын, ақ торғындай мойын, қаз мойын, т. б.

Сұлу әйел мойнына байланысты тұрақты тіркес, теңеулердің сирек ұшырасуы халқымыздың сұлулықты сырт көзден жасырып, қымтап ұстайтынынан болса керек.

Ал қаз мойын тіркесі иілген әдемі мойынды білдіреді. Әуелде аттың сипатына байланысты, кейін сұлу қыз, көрікті әйелдің мойнына қатысты айтылатын тұрақты тіркеске айналған. Қаз бен аққудың кейбір ұқсастығы негізінде «кербездік», «сұлулық » концептісін бейнелейтін жағымды коннотация туған. Қазақ халқында «қаз» құсы жағымды ассоциация тудырса, орыс халқының танымында оның баламасы «гусь» жағымсыз мәнге ие (гусиная походка, ) .

Аққудай иілген мойны , жаңа туған айдай иіле біткен жіңішке қасы, жазық маңдайынан тура түскен әсем мұрны, ителгінің тамағындай аппақ, жұмыр иегі мен қымсынғанда қызыл арай теуіп тұратын нұрлы жүзі , бәрі-бәрі қолдан ойылып жасағандай ( Қ. Жұмаділов. Тағдыр)

«Шашы» - жібектей майда шаш, сүмбіледей қара шаш, қолаң жібек шаш, толқынды қою қара шаш, білектей-білектей қос бұрым, тізесіне төгілген білектей бұрым, жылтырап өрілген жуан бұрым, көмірдей шаш, т. б.

Көркем шығармада кездесетін мысалдардағы тілдік тұлғаның қазақ әйелінің сұлулығына қатысты сөздік қолданысы да халқымыздың мәдениетіне, ұлттық болмысына сәйкес келетінін байқатады.

Менің шашым, адыра қалғыр, айғырдың ту құйрығындай қалың , жуғанда болмаса құрғақ күйінде тарай алмаймын (Ғ. Мүсірепов. Ұлпан) .

Қос уыс бұрым арқада

Қос жылан болып жүреді ( М. Мақатаев. Соғады жүрек) .

«Белі» - қыпша бел, бұраң бел, қынай бел, құмырсқа бел, қылдырықтай бел, қылдай жіңішке бел, гүл жібектей бұралған бел, тал шыбықтай бұралған бел, белі нәзік талып тұр, т. б.

Сазды жерге шыққан талшыбықтай солқылдаған тал бойындағы қылдырықтай жіп-жіңішке, аш белі жеңсізбен қынағанда бір-ақ уыс боп үзіліп кеткелі тұр ( С. Сматаев. Елім-ай) .

« Мұрны »- пісте мұрын, қыр мұрын, кесек мұрын, бауырсақ мұрын, ұзындау келген мұрын, азырақ келтелеу келген қыр мұрын, т. б.

«Ерні, аузы» - қып-қызыл ерін, шиедей ерін, қаймақтай ерін, жұқалаң қызыл ерін, оймақтай ауыз, т. б.

Әсем басың әп-әдемі мүсініңе шақ қана,

Шиедейін еріндерің қызарып тұр шоқтана (М. Мақатаев. Соғады жүрек) .

«Тісі» - кірсіз тіс, маржан тіс, әдемі ақ тіс, мінсіз аппақ тістер, күріштей аппақ тіс, самаладай тістері, меруерттей тізілген тістер, қолмен қойғандай аппақ, майда тістер, жүгерідей тізілген т. б.

Бақытты күлкі ойнаған әсем еріндерінің ар жағынан көрінген аппақ әсем тістері төгіле кететін ақ маржан секілді тізіле қалған ( Д. Исабеков. Гауһартас) .

«Беті, жүзі» - бүйрек бет, алма бет, аққұба, бидай өңді, қызыл шырайлы, торғылт, қара сұр, үлбіреген қызыл бет, бәйшешек бетті, толған айдай, піскен алмадай, ашаң да ашық жүзді, қауызын жарып келе жатқан гүлдей, жаз дидарлы, иман жүзді, бүр ашқан қызыл қызғалдақтай, наурыздың ақша қарындай, аршыған жұмыртқадай, аршыған жауқазындай, зерен жүзді, т. б

Сонымен бірге авторлық қолданыста «қазақ әйелі » концептіне қатысты оның бет-жүзін суреттеуде төмендегідей мысалдарды кездестірдік:

Есенейдің табақтай жалпақ қара шұбар беті қыздың аққудың жұмыртқасындай аппақ бетіне жақындай берді (Ғ. Мүсірепов. Ұлпан) .

Аққу - сирек кездесетін, қазақ ұғымында құс патшасы саналатын, оны атқандар киесіне ұшырайтын қасиетті құс. Ондай киелі, ерекше ардақталатын құстың жұмыртқасы да айрықша болатыны белгілі.

Салтанаттың жүзі бал-бұл жанып, таңғы құлқайыр гүліндей құлпырып кетіпті (Д. Исабеков . Гауһартас) .

«Құлқайыр» сөзіне «жапырағы шоқтанып орналасқан, гүлі ақ, алқызыл, қоңыр қызыл, сары түсті көпжылдық өсімдік» деген түсінік берілген ( ҚТТС, 6-т., 461-б. ) . Кең далада өсіп, оның шүйгін шөбіне мал жайып, таза, саф ауасымен тыныстаған қазақ баласы құлқайырдың жусан, мыңбас, бетеге сияқты шөптермен бірге қой үшін жұғымды, жағымды болып табылатынын біледі. Сондай-ақ өзі күнде көріп жүрген сансыз шөп пен гүлдің ішінен дөп басып танып, ажырата алады. Аталған өсімдіктің гүл ашқан таңғы сәтіндегі сан бояумен құлпырып-құбылған түрін көз алдына келтіру қиындық туғызбайды.

«Сымбат, мүсіні, денесі» - талдырмаш, сұңғақ бойлы, кер маралдай керілген, сымға тартқан күмістей, өзеннің құба талындай, құмға шыққан құба тал, талшыбықтай майысқан, шынардай, теректей, Сырдың құба талындай, Жайықтың боз талындай, қамыстай тұлғасы, т. б.

Толықсыған тұла бойың шыбық па екен, тал ма екен . . . (М. Мақатаев. Соғады жүрек) .

Тақтайдай жауырыны бар, иығы тік,

Екі алма кеудесінде қисаймайды.

Сорақы ұзын да емес, қысқа да емес, Нәзік бел тал шыбықтай бұраңдайды (Абай. 1-т) .

Сұлулықтың бір шарты - әдемі жүріс-тұрысы. Көріктіге балаған әйел ербең- ербең етсе, қойқаң-қойқаң ойқастаса, оны сұлулардың қатарына қосу қиын. Ақылына көркі сай, көздері нұрлы, денесі сымбатты, жүрісі ұнасымды әйел кімді де болса, табындырады.

Қимыл-қозғалысы, жүрісі» - салалы қою кірпігін қағып, анда-санда көз астымен қарауы, көз қиығын серпе тастау, балдай шұбатылып, жібектей ширатылған, күлтеленіп жүреді, аяңшыл бедеудей аяғын кербездене басу, селт еткен маралдай, т. б.

Қамыс басының сыбдырын аңдыған елік лағындай, аяғын тықырсыз басып, елең қағып, ауыз қораның қақпасына жақындады. Тас бедерін шымшып басқан елік баласындай, бар денесінде сергек те ширақ сұлулық бар екен (Ғ. Мүсірепов. Оянған өлке) .

Жылдам басқанда дүрия көйлектің қос етегі дөңгелеп дірілдеп, жылтыр кебісінің кішкене іздерінен күреңсе белге өрнек салып кетіп барады (С. Сматаев. Елім-ай) .

«Күлкісі, дауысы, лебізі» - ерке күлкі, сыңғырлаған күлкі, сылқ-сылқ күлкі, мөлдір су бұлағындай күлкі, мөлдір суға маржан сепкендей күміс күлкі, күмістей сыңғырлаған үн, жас ботаның даусындай, күміс қоңыраудай, сиқырлы дауыс, періштедей сүйкімді дауыс, әнтек күрмеліп, шіңгірлеген құлыншақтың әлде түн ішінде көл жүзінде сыңқылдаған аққудың даусы, т. б.

- Келдім ғой, әрең шықтым, - деген қыз, үнін сыбызғыдай сызылтты (С. Сматаев. Елім-ай) .

«Мінезі»- ерке мінезді, сәби сезімді, уыздай таза, балға ашытқан қымыздай тәтті, жібектей сызылған, бұлтсыз күндей ашық, жаздай жайдары, нәзік жүректі, асқан парасатты, сөзге өткір, мінезге бай, жайдары, жарқын, т. б.

«Сұлулық» адамзат баласына ортақ категория болғанымен, оның эталоны әр халықта әр түрлі. Еуропада, әлемдік деңгейде өткізілетін сұлулық байқауларында қатысушы арулардың сыртқы келбеті мен сыр-сымбатына мән беріледі. Ал қызға, әйелге ең алдымен дүниеге ұрпақ әкелуші болашақ ана ретінде қарайтын халқымыз қыздардың бойынан парасатты ана болуға лайықты ғажайып мінез-құлық сұлулығын іздейді, сондай ізгі қасиеттерді дәріптейді.

Осы көзқарасқа қатысты мысалдарды түрлі сипаттағы мәтіндерден кездестіруге болады:

Әйелді естілік жеңсе сұлулығы да арта түседі . Сұлулығы жеңсе естілігі де, сұлулығы да солғындай түседі( /Ғ. Мүсірепов. Ой-сезім сәттері) .

Тән сұлулығы - сыртқы көз арбар көрініс,

Жан сұлулығы - бұл әйелдің ішкі дүниесі, сезім шынайылығы, мінез байлығы, пейіл кедігі, ар алдында адалдығы.

Тән сұлулығы - теңіз бетіндегі көпіршік. Жан сұлулығы - бұл тереңдегі ағын ( Д. Матайқызы. Ұрпаққа ұлағат) .

Әйел жақсы болмайды көркіменен,

Мінезіне көз жетпей, көңіл берме! (Абай) .

Сұлулығын қояйын, мінезі артық,

Ақылды, асыл жүрек, сөзі майда ( Сонда) .

Қазақ әйелінің бағасы мен сипатын, қадір-қасиетін дәл тауып, оны өзінің даналық сөздері, мақал-мәтелдері арқылы өрнектеп, ұрпақтарына мирас етуші халқымыздың бітім-болмысы, тұрмыс-тіршілігі, асылы мен жасығы туралы көзқарасы аталған теңдессіз мұраларында айқын көрініс тапқан . Мысалы, « Әйелдің әйелден артықшылығы - мінезінде», «Көріп алған көріктіден - Көрмей алған текті артық», « Қыз мінезді келсін, ұл өнерлі келсін» , « Жақсы әйел жаман еркекті адам қылады, жаман әйел жақсы еркекті надан қылады», «Жақсы әйел өміріңді ұзартады, жаман әйел үстіңе тұз артады» дейді халық даналығы.

Байқап отырғанымыздай, қазақ әйелінің «сұлулық» концептін құрайтын сөздер, тұрақты сөз тіркестері, теңеулерге тірек сөз ретінде халқымыз үшін, оның күнделікті тұрмыс-тіршілігіне, кәсібіне, таным-талғамы мен пайым-парасатына қатысты, тілді тұтынушылар үшін түсінікті, ортақ мағыналар алынған. Ғасырлар бойы негізгі тіршілігінің өзегі мал шаруашылығы боп танылған ат-бабаларымыз төрт түлік малды ерекше қастерлеп алғашқы орынға қойған. Сонымен бірге аңшылық, саятшылық, құсбегілік өнерді қасиетті санаған. Табиғатпен астас өмір сүрген көшпенді ата-бабаларымыз сұлулық пен әсемдікке тән белгі-сипаттарды табиғаттың төл перзенттері мен оның таңғажайып туындыларын (өсімдіктер мен жануарлар әлемі, т. б. ) ерекше сезімталдықпен көре білген. Өзге тіл, мәдениет өкілдері үшін күлкілі, миға сыймайтын, бастапқыда қисынсыз көрінетін «бота көз, тана көз, көген көз, қой көз, т. б. » тіркестері қазақ үшін етене жақын, аса ыстық, үйреншікті ассоциация тудырып, әрі сұлулық, әдемі-әсемдікті сипаттаудағы дәл, анық және баршаға түсінікті бейнелер болып табылады.

2. 3. 1 Абай өлеңдеріндегі «қазақ әйелі» концептісінің көрінісі

Зерттеуші В. А. Маслова концептілерді жеке тұлғалық концептілер, адамдардың жас ерекшеліктеріне байланысты концептілер,, жалпыұлттық концептілер деп бөлсе, Р. М. Фрумкина тілдік жүйедегі концептілерді әмбебап концептілер және ұлттық-мәдени мәнге ие концептілер деп ажыратады [29, c. 41] .

Осыған орай Абай өлеңдеріндегі «қазақ әйелі» концептісінің тілдік көрінісінің кейбір қырларын сипаттауға тырыстық .

Көркем туындыларда әйел бейнесін мүсіндеп, әйел сипатын бейнелегенде ұлттық салт-дәстүрдің, әдет-ғұрыптық ерекшеліктерімен бірге рухани дүниенің сырлары, эстетикалық сезімдері, ұлттық таным, болмыс, тәлім-тәрбие ерекше орын алатыны мәлім. Сол сияқты Абай өлеңдерінде де «әйел» концептісін білдіретін бірліктердің ұлттық дүниетанымға сай берілгені аңғарылады.

Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде «әйел» сөзінің 2 анықтамасы көрсетілген:

1. Адам баласының ұрғашы жыныстылары

2. Жұбай, зайып [ҚТТС, 1, 592] .

Ана тілімізде «әйел» сөзінің сөздікте көрсетілген екінші мағынасына сәйкес келетін жар, нақсүйер, сүйіктісі, алғаны, қосағы деген сөздердің қолданылатыны белгілі. «Алғаны» сөзінің қолданылуы ақынжыраулар шығармасы мен ХУІ-ХУІІІ ғасырлардағы оқиғаларды бейнелейтін тарихи романдар тілінде байқалады. Мысалы: Алғаның жақсы болса қара жердей,

Жақсыменен сырлассаң, шыққан өрдей ( Шал ақын. Бес ғасыр жырлайды ) ;

- Алғанымай! Бізді кімге қалдырып кеттің! Сабағыңнан үздіау! Сорлаттыау! Сормаңдай боп қалдым ау! (С. Сматаев. Елім - ай) .

Сонымен қатар өткен ғасыр басындағы алғашқы қазақ романдарында «жамағат» сөзінің «әйел, зайып» мағынасында жұмсалғанын М. Дулатовтың «Бақытсыз Жамал» романынан кездестірдік:

Бірақ мал жағынан көңілі қош болса да, Сәрсенбайдың жамағаты Қалампыр ғұмырында бала көтермей, бұл екеуі балаға мұқтаж еді.

Ал ақындық бастауында шығыстық дәстүрмен сусындаған Абайдың өлеңдерінде жоғарыдағы сөздердің арасынан «жар» деген сөз жиі жұмсалғаны байқалады. Абай тілін зерттеуші белгілі ғалым Р. Сыздықова ақын өлеңдерінде «жар» сөзін 39 рет қолданғанын атап көрсетеді [107, 64] .

Халық арасында «Ер жігіттің аты жақсы болса - бір бақыт, Алған жары жақсы болса - мың бақыт», «Балаң жақсы болса - екі көздің шырағы, Алған жарың жақсы болса - абыройыңның тұрағы» деген мақал-мәтелдердің айтылуы аталған сөздің жиі қолданылатынының дәлелі.

Ал Абай өлеңдерінде «жа » концептісі төмендегідей беріледі:

. . . Дүниеде, сірә, сендей маған жар жоқ,

Саған жар менен артық табылса да.

Сорлы асық сарғайса да, сағынса да,

Жар тайып, жақсы сөзден жаңылса да,

Шыдайды риза болып жар ісіне,

Қорлық пен мазағына табынса да ( /1-к., 103-б. ) .

Жоқ болса қатыныңның жат өсегі,

Болмаса мінезіңнің еш кесегі.

Майысқан, бейне гүлдей толықсыған,

Кем емес алтын тақтан жар төсегі ( 1-к., 56-б. ) .

Әйел болмысы, оның еркектен ерекшелігі, ең алдымен, әйелдің сұлулығынан көрінеді. Сұлулық - тек әйел затының өлшемі. Сондықтан, әрбір әйелдің сұлулыққа ұмтылуы, ал ақындардың бүкіл адамзат баласы секілді сұлулыққа құмарлығы, ынтықтығы - заңдылық.

Абайдың «сұлулық» концептісін сипаттауы төмендегі тіркестер арқылы көрінеді: кең маңдай, қолаң шаш, ақ тамақ, қызыл жүз, қара көз, имек қас, қараса жан тоймас, аузың бал, қызыл гүл, ақ тісің кір шалмас, иісің - гүл аңқыған, нұрың - күн шалқыған, үлбіреген ақ етті, ашық жүзді, , қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы, аласы аз қара көзі нұр жайнайды, ақша жүз, алқызыл бет, маңдайдан тура түскен қырлы мұрын, қолаң қара шашы бар жібек талды, торғындай толқын ұрып көз таңдайды, т. б. Аталған тіркестерден қазақ халқының сұлулық туралы ұғымына сай мағыналар айқын аңғарылады. Олардың бірқатары халық санасында бұрыннан қалыптасқан етене жақын тұрақты сөз тіркестері болса, енді бірқатары ақынның өз қолданысындағы сөз өрнектері.

«Сымбаттылық» концептісі Абайдың суреттеуінде былай көрінеді:

Бұраң бел, бойы сұлу, кішкене аяқ,

Болады осындай қыз некен- саяқ ( 1-к., 101-б. ) .

Тақтайдай жауырыны бар, иығы тік,

Екі алма кеудесінде қисаймайды.

Сорақы ұзын да емес, қысқа да емес,

Нәзік бел тал шыбықтай бұраңдайды ( 1-к., 44-б. ) .

Қыр мұрын, қыпша бел,

Солқылдар соқса жел ( 1-к. 132-б. ) .

Қыз - қылығымен» деп санайтын халқымыз әйелдің тек сыртқы сұлулығына ғана мән беріп қоймай, оның мінез байлығын, жан-жақты тартымдылығын, ішкі сұлулығын бағалап, жоғары қойған. Өмір сүру салты табиғатпен тығыз байланысты ата-бабаларымыз болашақ ұрпағын жарық дүниеге әкелуші, оны тәрбиелеуші болашақ анада табиғи қасиет-қабілеттердің үйлесімді болуына жете көңіл бөлген. Абай өлеңдерінде «қылықтылық » концепті төмендегідей берілген:

Қыз- келіншек үй тігер,

Бұрала басып былқылдап,

Ақ білегін сыбанып,

Әзілдесіп, сыңқылдап ( 1-к. , 64- б. ) .

Сөйлесе, сөзі әдепті, әм мағыналы

Күлкісі бейне бұлбұл құс сайрайды (1-к. , 44-б. ) .

Назына кім шыдар, Қылығыңда жоқ оғат,

Бұраңдап жүр шығар. Қарап тойман жүз қабат.

Қасқая күлгені, Ыстық тартып барасың,

Қылады тым құмар. Бір сағаттан бір сағат (1-к., 99-б. ) .

«Ісмерлік » концептісі :

Етіндей жас баланың білегі бар,

Әжімсіз ақ саусағы іске ыңғайлы (1-к., 44-б. ) .

Ал «мінезділік, тектілік » концептісін мына өлең жолдары айқын аңғартады:

Ақыл керек, ес керек, мінез керек,

Ері ұялар іс қылмас қатын зерек ( 1-к., 55-б. ) .

Әйел жақсы болмайды көркіменен,

Мінезіне көз жетпей, көңіл берме ! ( 1-к., 55-б. ) .

Сұлулығын қояйын, мінезі артық,

Ақылды, асыл жүрек, сөзі майда ( 1-к., 16-б) . /

Ері ақылды, қатыны мінезді боп,

Тату болса, риаз үстіндегі үй ( 1-к., 56-б. ) .

«Салақтық» концептісі сияқты әйелге тән жағымсыз мәндер де Абай өлеңдерінде көрініс тапқан. Мысалы,

Әйелің - Медет қызы, аты Ырым,

Айында бір жумайды беттің кірін ( 2-к., 63-б. ) .

Сырмақ қып астына

Байының тоқымын,

Отының басына

Төрінің қоқымын

Бүксітіп,

Бықсытып,

Қоқсытып келтірді (2- к., 8-б. ) .

Cондай-ақ Абайдың «Масғұт» поэмасынан түр-түс символына қатысты қолданыстарды кездестіруге болады: онда ақ түс ақыл, сары бақ-дәулет, ал қызыл жеміс әйел махаббатын білдіреді.

Ағын жесең, ақылың жаннан асар,

Сарыны алсаң, дәулетің судай тасар,

Егер де қызыл жеміс алып жесең,

Ұрғашыда жан болмас сенен қашар.

. . . Қызылды жесем, мені әйел сүйер ,

Арамдыққа жүрмесем, не жан күйер ?(2-к., 71-б. ) .

Абай өлеңдерінде халқымыздың өмір сүру үрдісінде берік қалыптасқан этномәдени стереотиптер де кездеседі. Қоғамда «ер адамның бойындағы жағымсыз қасиеттердің әйелден, ал әйелдің жағымды қасиеттері ерлерден дарыған» деген көзқарастың бар екені Абай өлеңдерінде де көрініс береді.

Әйелмісің, жылама,

Тәуекел қыл құдаға!

Өлең айт,

Үйге қайт! ( 1-к., 139- б. )

Қатынша тілмен шаптықпай,

Майданға шықса жарасар. ( 1-к., 127-б. !

Қартаң бай, қатты сақ бол, тілге көнсең,

Мүйіз шығар қатынның тіліне ерсең.

Тіпті оңбассың, өзіңе өзің мәз боп,

Дастарқан мен қатынды мақтан көрсең. (2-к. ., 4-б)

Абай поэтикасында «әйел» концептісіне қатысты тілдік деректердің арасында діни таным арқылы қалыптасқан этномәдени стереотиптерді аңғаруға болады. Бұлардың кейбірінің мәні прецедентті мәтін арқылы анықталуы мүмкін.

Абай поэтикасында «әйел» концептісіне қатысты тілдік деректердің арасында діни таным арқылы қалыптасқан этномәдени стереотиптерді аңғаруға болады. Бұлардың кейбірінің мәні прецедентті мәтін арқылы анықталуы мүмкін.

Ю. Караулов прецедентті мәтін деп аялық, танымдық білімнің тілдік тұлға дискурсында жаңғыруын айтады [108, 49] . Ал зерттеуші С. Жапақов « прецедентті мәтіндерге жұртшылыққа танымал аңыз-әңгімелерді, ал прецедентті феномендерге сондағы оқиғалар, кейіпкерлер, тарихи тұлғалар, эпикалық, ертегілік, фольклорлық кейіпкерлерді, т. б. » жатқызады [109, 98] . Мысалы: Атаңды анаң азғырып, Тұрғызбаған бейішке. Алласы оны жазғырып, Әкелді бастап кейіске . . . Әйелде ешбір опа жоқ, Бүгін - жалын, ертең - шоқ. . Аталған жолдардың мағынасын түсіну үшін Адам Ата мен Хауа ана туралы діни аңыздан хабардар болу керек. Діни аңыздан хабары жоқ, аялық білімінің шеңбері тар адам белгілі бір ұжым үшін, ұлт үшін маңызды лингвомәдени ақпаратты толық ұғынбайды. Мұндағы «білім аясы» ұғымын Ахманова О. С. : «тілді тұтынушының білімінде жиналған мәденитарихи деректер» деп анықтай келе, онсыз тілдік қарым-қатынастың болуы мүмкін еместігін алға тартады [110, 49] . Жоғарыда айтылған пікірлерге сүйенсек, аталған аңыз прецедентті мәтінге жатқызылса, ал Адам Ата мен Хауа Ана прецедентті феноменге мысал бола алады.

  1. Ғ. Мүсірепов шығармаларындағы «қазақ әйелі» концептісінің лингвомәдени сипаты

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Сұлулық концептісінің тілдегі көрінісі
Сұлулық байқаулары ұлттық
Сұлулық салонның ақпараттық жүйесін жобалау
Сұлулық салонының бизнес-жоспары
Самал сұлулық институты - Бизнес жоспар
Табиғаттағы сұлулық және өнердегі сұлулық
Өнер философиясы туралы
Мектепке дейінгі балаларды бейнелеу өнері сабақтарында бояу түстері арқылы сұлулыққа баулу
Бизнес-жоспар кәсіпорын қаржысын стратегиялық жоспарлау мен басқарудың құралы ретінде
Музыкалық эстетиканың қалыптасуын қазіргі мәдениеттің маңызды құрамдас бөлігі ретінде қарастыру
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz