Ғабит Мүсіреповтің өмірі және шығармашылығы, қазақ әдебиетіндегі орны


Жоспар
Кіріспе . . . 3-6
І тарау. 20-30 жылдар прозасының ерекшелігі
1. 1 20-30 жылдар прозасындағы астарлы мағына және құпия сырлар . . . 7-11
1. 2 Ғабит Мүсіреповтің өмірі және шығармашылығы, қазақ әдебиетіндегі орны . . . 11-17
1. 3 Қазақ әңгіме-повестеріндегі дискурс табиғаты . . . 17-23
2 тарау. Ғабит мүсіреповтың символдық әңгімелері
2. 1 «Қыран жыры» мен «Өмір жорығы» әңгімелеріндегі философиялық
түйін . . . 24-25
2. 2 Мүсірепов шығармаларындағы «қазақ әйелі» концептісінің лингвомәдени сипаты . . . 25-30
2. 3 «Сөз жоқ, соның іздері» - символдық әңгімесінің ерекшелігі . . . 31-32
3 тарау. Қорытынды . . . 33
Пайдаланылған әдебиеттер . . . 34-35
КІРІСПЕ
Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Қазан төңкерісінен кейін халықты, тіпті әдеби-мәдени өмірді мінбешіл, белсенді, басбұзар идеялар билеп төстегені белгілі. Саяси идеология адам рухын басып, жаншыды.
Қаламгер-қайраткерлердің төңкерістен кейінгі ахуалын А. Байтұрсынов дәл көрсетіп берген: «Қазақ баласын ұлтым, жұртым, бауырым деп үйреніп қалған қазақтың бауырмал қалам қайраткерлері Октябрь өзгерісі болғанда бірден интернационал (бейбауырмал) болып өзгере алмады, өзгелердей «алымсақтан бері» коммунист, интернационалист едім деп айтуға аузы бармады. Сондықтан бейбауырмалдық жолға қызмет қылып, басшылық қыла алмады. Бейбауырмалдық жолында қаламмен қайрат етуін бейбауырмалдық жолындағы үкімет хош көрмейтін болды. Сөйтіп, қазақ қалам қайраткерлерінің халінде дағдарыс болып, өзгерістен бұрынғы қарқындары қайтып, тартыңқырап қалды» [1] .
Тоталитарлы қоғамда жаңалық, өзгеріс дегеннің өзі ең алдымен іс арқылы емес, қауесет, дақпырт, өсек-аяң, дабыра, қаңқу сөз арқылы тарады. Осындай айламен басқарудың құпия механизмі іске қосылды. Адам бойында бір-бірінен көргенін, естігенін қайталау арқылы үрей мен қорқыныш, сенімсіздік дағдысы қалыптасты. 1920-30 жылдар прозасын осы тұрғыдан зерттеу шығармалардағы жасырын мағына, құпия сырларды ашуға көмектесетіні даусыз.
ХХ ғасырдың 20-жылдары - қаламгер-қайраткерлердің сөз өнеріне бірыңғай ден қойған, батыл бетбұрыс жасаған кезеңі. Бұл жылдардағы шығармаларды еске алсақ, жаңаша ойлау саясаты алға тартқан қоғамдық, идеялық шығармашылық мәселелердің күнгейі мен көлеңкелі тұстары, кеңес құрлысының қарқыны, әдебиеттің өркендеу жолындағы қилы көзқарас, заңсыздықтар мен дөрекі социологиялық таным таразыға өлшенеді.
Көркем әдебиет, бір есептен, мәтін, ал мәтін - автор, оқырман және мәдени контекст арасындағы диалог. Көркем шығарманы талдауда мәтінді танып-талдаудың философиясының маңызы ерекше болған, бола да бермек. « . . . прозадағы пәлсапалықтың ара салмағы мүмкіндігінше жоғары болуы тиіс. Егер ол төмен болса, онда тақырыптың сол сәттегі көкейкестілігін көрсететін шығарма уақыт өте келе өз қызығушылығын жоғалтады» [2, 58 б. ], - деп жазады Ш. Айтматов.
«Ең терең идеялар - қиын идеялар. Өнердің түбіне сорпа бетіндегі майдай қалқыған түсінікті идея жетеді. Жазушының бір міндеті - ол идеяны ашу емес, оны мұнартқа көміп, мұнармен бүркеу» [3, 28 б. ] . Демек, «жазушының айтайын дегенін оқушы қолына бірден ұстатуы мұрат емес. Әдебиетте ойды ым, тұспалдау, ишара меңзей арқылы білдіру әбден сыйымды.
Осы тұрғыдан М. Әуезов, Ж. Аймауытов, М. Жұмабаев, Б. Майлин шығармаларын оқығанда, олардың барлығы бірдей кедей-кепшіктің шашбауын көтеріп, белсенділігін мадақтауға арналмағанын аңғаруға болады. Аталмыш қаламгерлердің 1920-30 жылдары жазған шығармаларынан өздеріне дейінгі ұлттық прозадағы дәстүрлерде қайшылықты ойларды да анық көруге болады. Олар сол кезеңдегі әдебиетте қалыптасқан дәстүрге сабақтаса бермейтін дүниелер жазғанын, тіптен басқа көркемдік шешімдерге барғанын байқаймыз. Әңгіме жанрында қалам сілтеген қаламгерлер осы қиын-қыстау заманда ұлт тағдыры, елдегі саяси-әлеуметтік қайшылықтар, адам болмысы, оның ішкі жан дүниесінің айналасындағы ортамен қабыспауы, рухани жадаулық сияқты мәселелерді күн тәртібіне батыл қоя білді. Келер ұрпақ танып алар деген ниетпен астарлы мағына, құпия символдар қолданды. Мұның өзі талдауға өзек болып отырған кезең прозасының ерекшелігін байқатты.
Тақырыптың өзектілігі. 1920 жылдар - суреткер дүниетанымының бір сәт дағдарып, жан-жақтан туындаған сұрақтарға жауап іздеп аласұрған кезеңі. Ақ пен қызыл болып екіге жарыла бөлінген дүниенің қай жағына болсын сын көзбен қарай отырып, ұлт мүддесін бірінші кезекке қоя білген ұлтжанды азаматтар заман қайшылығын шығармаларына арқау етті. Осындай астан-кестен, аумалы-төкпелі заман тудырған, адамның ақылына сыймайтын, мағынасыз жаңа тәртіпті қабылдай алмаған суреткерлердің басты мақсатына модернистік бағыт қағидалары сәйкес келген еді. Себебі ұлт мүддесін қорғауды социалистік реализм әдісі аясында қарастыру қиын болатын. Сөйтіп, жаңа заман жағдайында өмір сүріп жатқан халықтың өткенінен қол үзіп, болашағы бұлдырлана бастағанын сезген жазушылар әр түрлі шартты поэтикалық тәсілдерге бара бастағанын зерделеуге болады. Осы орайда аталмыш жылдардағы қазақ прозасы әлемдік әдеби ағымдағы жетекші бағыттардың бір тармағы - экзистенциалистік дәстүрдің адам мәселесін шешудегі, соған ұмтылысындағы орнына да көңіл бөлді.
1920-30 жылдардағы қазақ прозасы тақырыптық-жанрлық тұрғыдан біршама талданып, ғылыми еңбектерде жан-жақты қарастырылғанымен, әлі де болса жаңаша бағамдауға зәру. Сондықтан ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы қазақ прозасындағы құпиялылық, ишара, астар мен символ, дискурс мәселелері туралы арнайы зерттеу жүргізіп, жете назар аударатын тұстар жеткілікті екендігі дау тудырмайды.
Тақырыптың зерттелу деңгейі. Әдебиеттану ғылымында осы уақытқа дейін өткен ғасырдың бас кезіндегі әдебиет тарихы аз сөз болған жоқ. Бүгінгі күнде көптеп жазылып жатқан зерттеулерді былай қойғанда, әдебиеттің осы кезеңіне деген қызығушылық, ізденіске деген талпыныстар ғасыр басында-ақ байқала бастаған еді. ХХ ғасырдың бас кезіндегі әдебиетке арналған алғашқы оқулық-зерттеу еңбек - С. Мұқановтың «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті» (1932) атты кітабы. Кейінгі жарық көрген еңбектердің ішінен ХХ ғасырдың бас кезіндегі әдебиетті танып білуде Е. Ысмайыловтың «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті» (1941), Б. Кенжебаевтың «Қазақ халқының ХХ ғасыр басындағы демократ жазушылары» (1958), «ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті» (1976), М. О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты шығарған «Қазақ әдебиетінің тарихы» (1965), «ХХ ғасыр бас кезіндегі қазақ әдебиеті» (1994), Б. Шалабаевтың «Қазақ прозасының тарихы» (1968), С. Қирабаевтың «Әдебиетіміздің ақтаңдақ беттері» (1995), Т. Кәкішевтің «Қазақ әдебиеті сынының тарихы» (1994), Ш. Елеукеновтың «Мағжан» (1995), Р. Нұрғалидің «Әуезов және Алаш» (1997), Т. Есембековтың «Драматизм и казахская проза» (1997), З. Бисенғалидің «ХХ ғасыр басындағы қазақ романы» (1997), А. Ісмақованың «Возвращение плеяды» (2002) тәрізді зерттеулердің маңызы бар.
Жалпы осы кезге дейін ХХ ғасырдың басындағы әдебиет жеке шығарма немесе жеке жазушы шығармашылығына өзіндік баға беру тұрғысынан көбірек зерттеліп келгені шындық. Әрине, әдебиеттегі зерттеу жалпыдан жалқыға, немесе керісінше жүретін үдеріс екені де анық. Көркемдік амал-тәсілдердің, бейне жасау мен тіл көркемдігінің жұмсалу аясын тереңірек қарастыру қазіргі әдебиеттану ғылымындағы өзекті мәселелердің бірі.
Көркем образдар жүйесіндегі символ туралы алғашқы тұжырымдарды ежелгі дүние және орта ғасыр ойшылдары Аристотель, Платон, әл-Фарабидің поэтика туралы ой-пікірлерінен табуға болады. Сол сияқты Г. В. Ф. Гегель, К. Г. Юнг, А. Ф. Лосев, Ц. Тодоров, А. Белый, К. Д. Бальмонт, Вяч. Иванов [5] және т. б. шетел және орыс ғалымдарының символ мен символизм теориясына қатысты әдеби-теориялық және философиялық еңбектерінде бұл көркемдік категория жан-жақты зерттеледі.
Қазақ әдебиеттануында символды көркемдік амал-тәсілдің бірі ретінде алғаш рет А. Байтұрсынов «Әдебиет танытқышында» [6] бөліп қарастырады. Осы құбылысқа берілген бағалы да құнды пікірлер Х. Досмұхамедов, Ж. Аймауытов, Қ. Жұмалиев, З. Қабдолов, З. Ахметов, Б. Майтанов, Х. Әдібаев, А. Жовтис, Б. Толмачевтің [7] еңбектерінде айтылады.
Символ-концепт туралы дербес қарастырған зерттеулердің қатарында А. Бақтыбаеваның [8], символ поэтикасы туралы Б. Жетпісбаеваның [9], символдың поэзияда көріну ерекшелігі туралы Л. Мұсалының [10] кандидаттық диссертацияларын атаған абзал. Ал символ турасында арнаулы жүйелі зерттеу ретінде Б. А. Жетпісбаеваның «Символ в движении литературы» [11] атты монографиясын атай аламыз. Ал, Ж. К. Қаракөзованың «Казахская культура и символ» [12] зерттеуінде символ мәдениеттану тұрғысынан қарастырылған.
Зерттеудің мақсаты. Ғ. Мүсіреповтың 1920-30 жылдардағы шығармалары бойынша көркем мәтіннің астарына бойлап, қазіргі теориялық тұжырымдар тұрғысынан талдауды мұрат еттік. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін төмендегі міндеттерді шешу көзделіп отыр:
- экспрессионизм, импрессионизм, экзистенциализм сияқты әдеби-эстетикалық жүйелердің 1920-30 жылдардағы қазақ прозасына әсер-ықпалын, қолданысын, олардың әр түрлі қатынастағы күрделі байланысын көрсету;
- 1920-жылдардағы шағын прозаның дамуындағы жаңашылдық үрдістерді анықтау;
- жетекші ұғымдардың астарлы қабаттарының әдеби шығармадағы көркемдік қызметін пайымдау;
- «Шолпанның күнәсі», «Оқыған азамат», «Қаралы сұлу» әңгімелеріндегі сананың кейіпкерге айналуының құпия мағыналарын қарастыру;
- символды жанр ретінде, яғни, әңгіменің символға айналуын Ғ. Мүсіреповтің «Қыран жыры», «Өмір жорығы» әңгімелері мысалында қарастыру;
Зерттеудің теориялық және әдіснамалық негізі ретінде отандық және шетел әдебиеттанушылардың дискурс пен символға қатысты еңбектері пайдаланылды.
Зерттеу нысаны. ХХ ғасырдың 20-30 жылдарында жазылған шағын проза үлгілері және Ғ. Мүсіреповтің жекелеген әңгімелері алынды.
Зерттеудің әдісі. Курстық жұмысты жазу барысында алға қойылған мақсат пен міндеттерді орындау үшін интертекстуалдық, салыстырмалы және типологиялық талдау әдістері қолданылды.
І тарау. 20-30 жылдар прозасының ерекшелігі
1. 1 20-30 жылдар прозасындағы астарлы мағына және құпия сырлар
20-жылдардағы қазақ әдебиеті толымды ізденістермен басталғаны белгілі. Патша цензурасы тыйым салып, ой-пікірі жарық көре алмаған қаламгерлердің бірқатары осы тұста сөз еркіндігін пайдаланды. Әдебиет дамуының бағдары, міндеттері жайында кең көлемде пікірлесу өріс алды. Ақын-жазушылар да қалаған, жанына жақын тақырыпқа шығармалар жазды. Алайда 1925 жылы «Партияның көркем әдебиет саласындағы саясаты туралы» қаулының шығуы, әдебиеттің партия ықпалына түсуі мұндай еркіндікке тез тұсау салды. Осы тұстағы әдебиет туралы ой-пікірлер де, бұрыннан бері бағасын ала алмай келген шығармалар да бүгін жаңаша бажайлауды керек етеді.
Ұлттық әдебиеттегі үдеріс төркінін, ондағы шығармашыл күштердің арақатынасын терең ұғынбай, әдеби шығармаға баға беру күрделі. Әдебиет адам баласына ой саларлық, көркем ғибрат берерлік мектеп болса, өз міндетін орындағаны. Әдебиет кеңес тұсында да тап осы міндетті атқаруға тиіс еді, бірақ белгілі ықпалдың күшімен таза идеологияға көбірек бой алдырды. Көркемдікпен ұғынылатын дүниелер тікелей үгітпен жасалды.
Қазақтың көркем прозасы, негізінен, 20-жылдардан туып, қалыптасты. Кезең ішіндегі тарихи оқиғалар легінің қабаттасуы, адам тағдырының күрделілігі, поэзияның ауқымына сыймастай өзгерістердің молдығы прозаның дамуын жеделдетті. 1917 жылғы төңкерістен кейін-ақ бұрын болмаған проза түрлерінің баспасөз беттерінде көріне бастауы, осы жылдары олардың қарқынмен өрістеуі бұған дәлел.
1920-30 жылдары өмірге келген көркем дүниелер қаламгерлер талантының қандай қатал тыйымдарға қарамастан, өз мүмкіндігін көрсетуге жол таба білді.
Осы дәуірдегі қазақ прозасын дамытуға алғашқы күннен бастап қызмет еткен, оның шағын жанрларын жетілдіруде зор еңбек сіңірген жазушы - Бейімбет Майлин. Б. Майлин шығармашылығы - 1920-30 жылдардағы ел өмірінің тұнып тұрған болмысы мен тарихы, алмағайып заманның трагедиясы. Реалист жазушы есебінде болған, кейбіреулер натурализмге жақындататын Биағаң прозасында мүлдем бөлек сипаттағы астарлы мағына көп.
Шығарманы символикалық сипат тұрғысынан зерттеуде жазушының «Қара шелек» әңгімесі мол мүмкіндік береді. Әңгімені тереңірек үңіліп оқысақ, астарында үлкен философиялық проблема жатқанын көреміз. «Қара шелек» - адам құқығын аяқ асты еткен, көшпелі және жартылай көшпелі қазақ шаруаларын жаппай босқынға, аштық пен қуғын-сүргінге ұшыратқан, зорлап отырықшылдандырып, соңында колхозға кіруден басқа жол қалдырмаған авторитарлық, деспоттық қылмыстық істі әшкерелейтін дүние. Әңгіме соңында біз «екі бүктеліп, түбі аламайымен сөгіліп жатқан қара шелекті» көреміз. Бұл - адамның жеке меншік малына, затына қол сұғудың нәтижесі. Осы бір ғана деталь арқылы Б. Майлин маңызды қоғамдық байламдар жасайды, колхоздастыруға деген ішкі қарсылығын астарлы түрде жеткізген.
М. Әуезов суреткер ретінде әлі де біз үшін жұмбақ, өйткені барлық нағыз дарынды бірден танып, түсініп кете алмайсыз: қаламгер шығармашылық тұлға ретінде қаншалықты дара болса, оған баға беру де соншалықты қиын. Жазушының «құпиялы» шығармаларының ішінде әлі де шешімін таппаған, әділ бағасын алмағаны «Қаралы сұлу», «Қасеннің құбылыстары», «Оқыған азамат» және «Қорғансыздың күні» әңгімелері болып табылады.
«Қорғансыздың күні» әңгімесінің атауынан-ақ қаламгердің қорғансыз адам тағдырын суреттейтінін, оның трагедиямен аяқталатынын іштей сезіп отырамыз. Жазушы шығарманың қалай аяқталатынын, яғни оқиға барысын, тұспалмен-ақ оқырманға алдын-ала білдіреді. Әдебиет зерттеушісі Ы. Дүйсенбаев қорғансыздар өміріне төнгелі тұрған қауіп туралы: « . . . Шағын кіріспенің өзінен-ақ қорқынышты оқиғаның төнгенін сезініп, дегбірсізденгендей боласыз. Күннің райы да, табиғат ерекшелігі де көңілдегі күдікті күшейте түседі» [13, 4-5 бб. ] .
М. Әуезовке дейін қазақ прозасында адам психологиясының автор идеалымен сабақтас келетін пейзаж жоқ еді. Зерттеуші Р. Нұрғали де: «Пейзажды, диалогты, монологты адам психологиясын ашудың ұтымды тәсілі ретінде пайдалану - Әуезовтің жазушылық ерекшеліктерінің бірі», [14, 7 б. ] - деп нақтылайды.
«М. Әуезовтің сомдаған әйел кейіпкерлер жүйесінен олардың өзіндік ерекшеліктері танылады. Жазушының «Қорғансыздың күні» шығармасында суреттелетін үш әйел - тағдыр тәлкегінің, ескілікті заманның құрбандары. Өзінің бейнелік айқындығымен, трагедиялық сипатының тереңдігімен Ғазиза Шекспирдің әйелдер бейнесімен, Островскийдің Катеринасымен қатар тұра алады» [15, 313 б. ] .
Әңгімедегі «кебін» - өлімге, қазаға байланысты ғана айтылады. Яғни, бұл үйдегі қорғансыз, қауқарсыз адамдардың еш шарасы, үміті жоқ екендігін осындай астарлы сөздер арқылы білдіреді. Ойын нақтылып айтпаса да, ишарамен, меңзеумен жеткізеді. Қорғансыз аруақ, қорғансыз мекен, қорғансыз жандар образы тұтасып, қорғансыз қалайын деп тұрған қазақ даласына деген автор көзқарасын айғақтайды.
Астарлы ойдың шығармадағы тағы бір көрінісі - бейіт, мола бейнесі. Автордың бейітке көңіл бөлуі шығармадағы астарлы ойдан хабар бергендей. Моланы, бейітті суреттеу қазақ салтындағы аруақ ұғымымен, аруақты пір тұту, аруаққа жалбарынумен тығыз байланысты.
Жаралы жандардың ауыр халін суреттеген жазушы Ғазиза өлімімен кедей ауылының ауыр тұрмысын қыстың аязды, боранды күндерімен қат-қабат алады.
«Қаралы сұлу» - қаламгердің өнер туындыларының ішіндегі үздігі, жауһарының бірі болып табылады. Әуезовтің Қарагөзі типтік бейне емес. «Қаралы сұлу» әңгімесінің тақырыбы дәстүрлі әйел теңсіздігін суреттеуден басқа. Рух пен тәннің күресі суреттелген шығарма жер, мал, меншік, билік туралы күрес жүріп жатқан дәуірде жарық көрді. Қазақ топырағында, көшпенді салт-санасында «Қаралы сұлудан» басқа әйелдің сезім иірімдеріне, құпия жан сырына тереңдеп барған шығарма жоқ шығар. Осы шығармадағыдай адамның жан азабын, ішкі күйзелісін, жұмбақ психологиясын нәзіктікпен, барынша әулиелікпен сезіне алу - кез-келген жазушының еншісіне тие бермейтіні рас. Қарагөздің бар болмысын сезініп-қабылдау таланттың кемелдігінің берген жемісі. Қарагөз трагедиясын М. Әуезов барынша табиғилықпен қабылдаған.
Қазіргі әдебиеттану ғылымында «топос», «эмблема» деген ұғымдар жатсынбай қолданысқа кіруде. Бұлар нақты, қалыпты жағдайлардан абстрактілі, терең, астарлы мән туғызады да, автордың дербес стилін танытады [16, 280 б. ] . Әңгіме бастауынан арна алатын «қара» түбіріне бітетін сөздер шығарманың өне бойында жиі қайталана орын алған. Түр-түске байланысты «қара» эпитеті әр алуан тіркестерде жаңа экспрессивті реңкті иеленіп, Қарагөз басындағы қасіретті күйдің сан орамды символына айналады. Аталмыш шығармадағы «қара жыланды» да нәпсінің, азғырудың символы деп қарастыруға болады. Автор бір жылан арқылы-ақ үлкен мағынаны меңзеп тұр. Әңгімеде Қарагөздің өзі де нәпсіні осылай атағанын айтады. Осы келтірілген мысалдардан автордың кейіпкер қиналысының себебін де осы нәпсімен түсіндіретінін көруге болады. Қара жыландай нәпсі мен Қарагөздің арпалысы - осы шығармадағы басты идеяны дамытатын негізгі ой көрінісі.
Зерттеуші А. Ісмақова: «Қазақ прозасында алғаш рет қоғамның қайшылығы, адам санасының патологиялық бейнесі, трагедиялық ахуалы, қырқысқан күштердің құрбандығы, адам сезімінің табиғилығы дағдарысты күйде бейнеленді. Адам концепциясының мұндай көрінісі өткен ғасырдағы Т. Манн, Г. Гессе, М. Әуезов шығармаларында көрініс беріп модернизм мен реализмнің ұштастығында бейнеленді», - деп жаңаша ой түйеді [17, 195 б. ] .
1920-30 жылдардағы қоғам болмысын М. Әуезов “оқығандар образы” («Оқыған азамат», «Сөніп-жану», «Кінәмшіл бойжеткен») арқылы да ашты. Қоғамдық-саяси, әлеуметтік шиеленістердің тіні Ақтай, Жұмағұл, Ғайша, Ғаббастар образымен астасып жатты. Шешілмей жатқан проблемалар, елдің мұң-мүддесі, ел басына күн туған кездегі дағдарыс осы әңгімелерде айқын ашылған.
Қазақ әдебиетінде осы тұста жарық көрген бірқатар шығармаларға оқыған, жаңа адамдардың бейнесі әр қырынан арқау болады. Мәселен, С. Садуақасовтың «Күлпәш», «Күміс қоңырау», «Салмақбай-Сағындық» сияқты әңгімелерінде қала мен ауыл өмірінің өзгеше сипаттары суреттеледі. Бұл жөнінде Смағұл Садуақасұлының ғұмырбаянын, әдеби-көсемсөздік мұрасын алғаш зерттеген ғалым Д. Қамзабекұлы былай дейді: « . . . қоғам түзелген шақта Смағұлдың прозалық шығармалары қайта баспа бетін көріп, талдана бастады. 1990 жылы «Жалын» журналының 3 санына филология ғылымының кандидаты Б. Дәрімбетов «Ағып өткен бір жұлдыз» деген мақала жазып, қайтаркердің ғұмырбаян деректеріне, артында қалған көсемсөздеріне, көркем шығармаларына шолу жасады. Зерттеуші Смаұлдың «Күміс қоңырау» повесімен халықты қайта қауыштырды. Сондай-ақ, 1993 жылы Б. Дәрімбетов Смағұлдың таңдамалы шығармаларын құрастырып, жазушының «Салмақбай-Сағындық», «Күлпәш» атты тағы екі прозалық туындысын қалың оқырманға жеткізді» [18, 86-87 бб. ] . Сейілбек пен Қошқарбай хаттары, Сәлиманың аянышты тағдыры «Күміс қоңырау» повесінің сюжеттік желісін құраған. Сәлима еркіндікті аңсаған қыз. Орысша оқып, күміс қоңыраулатып келген Сейілбектің етегінен ұстағанда Сәлима қолы бостандыққа жеткендей өзін еркін ұстайды. Бірақ ол үміті ұзаққа бармаған. Сейілбектің жылтыраған сыртқы көрінісіне алданған Сәлима жәбір көріп, ойлаған мақсатына жете алмай, орта жолда қалады.
Оқыған, қалада білім алған жігіттердің типтері әр алуан. Осындай оқыған азаматтың біреуі - «Сөніп-жану» әңгімесіндегі Сыздық. Оның ауылдағы әйелін ұмыттырып, сымбатты орыс әйеліне еліккен себебін зерттеуші М. Арнаудов көркем шығармада кездесетін басты кейіпкерлердің ішінде ұнамсыз мінез-құлықтылар да басты кейіпкер бола алатындығын айтады [19, 68 б. ] . М. Әуезовтің осы талдауға өзек болған шығармаларындағы кейіпкерлердің қай-қайсыда қоғамдық-әлеуметтік ортада тоғышар, пендешілік сипаттарымен танылады. 20-30 жылдардағы көркем туындыларда оқыған, көзі ашық азаматтардың орныққан бейнесі мүлдем жаңа сипатта өрістейді.
Символикалық сипат - әңгіме еңсесін биікке көтеретін факторлардың бірі. Мұнда қаламгер айтпақ ойын көзге ұрардай жарқыратып, ашып тастамайды, көлегейлеп, астарлап, символмен, меңзеумен, шағын деталь арқылы, астарлы метафора көмегімен, тұспалдап, ишарамен, емеурінмен ұсынады.
Қазақ прозасында ойды символикамен жеткізу әдісін батыл игерген жазушының бірі - Мұхтар Әуезов. Алғашқы әңгімесіндегі сарындар кейіннен Әуезовтің көптеген туындыларында қайта өрбіп, дамып отырады. Жазушылықтың бастапқы кезеңіндегі туындылардың ортақ сипаты - трагизм, әлеуметтік қақтығыстар, адамның ішкі әлеміндегі қайшылықтар - осының баршасында келісім, бірлік, ат кекілін кесіп кету, морт сыну, өліммен тыну бар. М. Әуезов қоғамдық-әлеуметтік құбылыстарды, антагонистік қайшылықтарды сұсты, реалистік, трагедиялық шығармалар арқылы шынайы бейнеледі. Сондай туындыларының бірі - «Көксерек» повесі. « . . . Біздің әдебиетімізде философиялық символика М. Әуезов шығармаларынан басталады. «Көксерек» - осы арнаның басы» [20, 120 б. ] деп, сыншы С. Әшімбаев айтқандай, ұлы қаламгердің бұл туындысы ойды символикамен жеткізу әдісін батыл игерудің жемісі іспетті. Автор ойын жарыққа шығарудың тәсілі ретінде символиканы қолдануы әбден заңды.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz