Әлеуметтану бойынша материалдар


Пән: Социология, Демография
Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 34 бет
Таңдаулыға:   

ХІ ТАРАУ. ӘЛЕУМЕТТІК ИНСТИТУТТАР МЕН ӘЛЕУМЕТТІК ҰЙЫМДАР

1. Әлеуметтік ұйымдар, олардың түрлері.

2. Әлеуметтік ұйымдардың қоғамдағы рөлі.

3. Әлеуметтік институт, оның мәні.

4. Әлеуметтік институттардың негізгі функциялары.

1. Тұлға, отбасы, топ, қауымдастық әлеуметтік құрылымның адами материалдары. Алайда адамдар қоғамда жай механикалық түрде біріге салмайды, белгілі бір жағдайда, белгілі бір қажеттілікпен ұйымдасады, біреуі басқарушылық функция атқарса, екіншісі - басқарылады, біреуі ой еңбегімен айналысса, екіншісі дене еңбегімен айналысады және т. б. Сөйтіп бірін бірі толықтырып, белгілі әлеуметтік бірлікті (единица) құрап, ұйым деген атқа ие болып әлеуметтік құрылымның маңызды элементіне айналады.

Ұйым түсінігінің әртүрлі мәні бар, бірақ негізінен үш мағынада қолданылады.

Біріншіден, ұйым деп белгілі әлеуметтік функция атқаратын мекемені атаймыз. Мысалы, мемлекеттік, саяси, қоғамдық, өндірістік, ауылшаруашылық, мәдени және т. б.

Екіншіден, ұйым деп құрылымның элементтерінің тәртіптелу деңгейі, объектінің ішкі құрылымын айтамыз. Бұл мағынада объектінің жоғары немесе төмен ұйымдасқандығы туралы айтады. Барлық әлеуметтік объектілердің өзінің ұйымы бар, яғни өзін құрайтын элементтердің байланыстары бар.

Үшіншіден, ұйым деп бір нәрсені ұйымдастыруға, әлеуметтік объектілер қызметін үйлестіруге бағытталған адамның қызметі түсіндіріледі. Бұл мағынада митингілерді, демонстрацияларды, спорттық кештерді және т. б. ұйымдастыруды айтады.

Бұл анықтамалардың барлығы кез келген әлеуметтік жүйенің әртүрлі аспектілерін, атап айтқанда, оның объективтілігін, құрылымдық күрделілігін және жеке ұйымдардың, сондайақ бүкіл қоғамның қызмет етуін қолдауға бағытталған мақсатты ісәрекетті береді. Сонымен әлеуметтік ұйымдар - әлеуметтік жүйенің маңызды элементтері ретінде қоғам мүшелері үшін әлеуметтік мәнді қатынастарды тәртіпке, ретке келтірудің, тиянақтаудың, оларды міндетті етудің негізінде қалыптасады.

Әлеуметтік ұйымдар дегеніміз белгілі бір әлеуметтік топтар мен индивидтердің мүддесін білдіріп, оны қорғайтын, алдына қойған әлеуметтік мақсатқа жету үшін ерікті түрде мүшелікке кірген, оған материалдық көмек көрсететін, мүшелерінің арасында еңбек бөлінісі жүзеге асқан, төменнен жоғарыға дейін тұрақты ұйымдық құрылымы бар, өзін-өзі басқаратын азаматтардың бірлестігі. Ұйымның барынша қарапайым анықтамасы бұл екі немесе одан көп индивидтер іс-әрекеттерінің саналы үйлестірілген жүйесі. Бұл анықтамада ұйымның екі маңызды сипаттамасы бар: әлеуметтік ортақтық, бірлік (әлеуметтік қауым белгілі мүшелері бар ұйымнан тұрады) және қауымдастықтың мақсатты қызметі.

Әлеуметтік ұйымдар арқылы миллиондаған адамдар өзін-өзі басқаруға белсенді қатысып, өмір мектебінен өтеді. Ұйымдық құрылымның негізгі өзегі билік басқару қатынастары болып табылады. Сондықтан бұл құрылымда басқарушы блок (басшы немесе тиісті функцияларымен, штатымен басшылар) және орындаушылар блогы болады. Әлеуметтік ұйымның ең жоғары формасы мемлекет болып табылады.

Ұйымдар әкімшілік, қоғамдық және формалды және формалды емес типтерге бөлінеді. Әкімшілік ұйымдар құрылымдарының қатаң және жоғары деңгейімен, директивті бекітілген мақсаттарымен ерекшеленеді. Қоғамдық ұйымдар адамдардың ерікті бірлестіктері болып саналады. Бұлардың басқаларға қарағанда демократиялылығы басымдау болады. Ал формалды ұйымдар - бұл функциялары, құқықтары және міндеттері қатаң белгілеген қоғамның әкімшілік негізі болып табылады. Неформалды ұйымдар кездейсоқ құрылған екі түрлі болады. Біріншісі мақсаттары айқын емес кездейсоқ құрылған адамдар жиыны да, екіншісі мақсаттары айқын, барлық талаптар мен орындаушылық тәртіппен ерекшеленген қылмыскерлердің болмаса діни ұйымдары.

Сонымен қатар әлеуметтік ұйымдар мынадай түрлерге де бөлінеді: 1. Қоғамдық-саяси мүдделерге сай құрылған ұйымдар. Бұған алдына саяси мақсаттар қойған ұйымдар жатады. 2. Экономикалық мүддеге қарай құрылған ұйымдар. 3. Таптық белгісіне сәйкес құрылған ұйымдар (кәсіподақтар, шаруалар одағы) . 4. Қызмет түріне қатысты құрылған ұйымдар (ғылыми-техникалық, оқу-ағарту, денсаулық сақтау, ұлттық-мәдени, спорттық, қорғаныс, діни және т. б. ) .

2. Әлеуметтік ұйымдардың қоғамда атқарар белгілі рөлдері бар. Ол олардың қызметтерінен туындайды:

1) . Бірлестік мүшелерінің мүдделері мен қажеттерін айқындау және қанағаттандыру;

2) . Әлеуметтік ынтымақтасу мен жұмылдыру функциясы. Топтар мүшесін және оларды қолдайтындарды белгілі бір мақсат төңірегінде біріктіру және ұйымдастыру;

3) . Әлеуметтендіру функциясы. Әлеуметтік ұйымдар өздерінің мүшелерін белгілі бір маңызды мәселелерді шешуге қатыстыра отырып, олардың белсенді қоғамдық позициясын қалыптастырады, белсенділігі мен мәдениетін көтереді, азаматтарды мемлекеттік және қоғамдық істерді басқаруға қатыстырады.

3. Әлеуметтік ұйымдар сияқты әлеуметтік жүйенің маңызды элементі әлеуметтік институттар. Ол қоғам мүшелері үшін әлеуметтік мәнді қатынастарды тәртіпке, ретке келтірудің, тиянақтаудың, оларды міндетті етудің негізінде қалыптасады. Нақты индивидтердің, адамдардың, әлеуметтік топтардың, жіктердің және басқа қауымдастықтардың әлеуметтік байланыстары, өзара әрекеттері және қатынастары негізінде әлеуметтік институт пайда болады.

Әлеуметтік институт - бұл адам баласының әлеуметтік ойының ұлы жемісі. Біздің тұрмысымыздың барлық маңызды салаларын қамтитын күнделікті өмірдің ұжымдық түрлері ондаған, тіпті жүздеген жылдар тұрақты қызмет етуге қабілетті. Әлеуметтік институтар адам өмірінде кездейсоқтық емес, тұрақтанған, сенімді әрекеттестік, жетекші рөл атқарады. Сол себепті де әлеуметтану үшін институттар талдаудың аса маңызды объектілердің бірі, ал олардың қызметін түсіндіру әлеуметтанудың өзегі болып саналады. Сол себепті де қазіргі әлеуметтану ғылымы институт проблемасына ерекше көңіл бөледі. Белгілі әлеуметтанушылар Г. Спенсер, и Э. Дюркгейм әлеуметтік институттарды әлеуметтік фабрика деп атаулары жайдан-жай емес.

Қоғамда жеке әлеуметтік институттар ерте заманнан қалыптасқан. Мысалы, отбасы, мемлекет, білім және т. б. Уақыттың сұранысына орай жаңа әлеуметтік институттар пайда болады. Мысалы, Қазақстандағы қазіргі нарықтық және демократиялық жағдайлардан туындаған нарықтық институттар, демократиялық институттар және т. б.

Күнделікті өмірде институтты әртүрлі әлеуметтік құрылым деп түсінеміз. Адамның қауіпсіздігі, оның білімі, денсаулығы, шаруашылық қызмет, демалыс, тағы басқа біздің күнделікті өміріміздің мәнін құрайтын құбылыстар институттық сипатқа ие болды. Бұл - институттанған, қалыптасқан, тәртіптелген, нығайтылған, жүйеге түскен әлеуметтік өмір. Мысалы, отбасы институты, білім институты, армия институты, дін институты, т. с. с.

Әлеуметтанушылар арасында әлеуметтік институт терминін түсіндіруде бірыңғай пікір жоқ. Дегенмен мынандай анықтамалар ұсынуға болады.

Әлеуметтік институт - бұл адамдардың мүдделерін қанағаттандыру мақсатында пайда болған, белгілі бір әлеуметтік мәні бар функцияларды атқаратын, әлеуметтік әрекеттестіктің тарихи қалыптасқан, нығайған, өзін-өзі тұрақты жаңартып отыратын, әлеуметтік жүйеде тығыз байланысқан, әлеуметтік нормалар мен ережелер, әлеуметтік рөлдер мен мәртебелер негізінде мақсатқа бірге қол жеткізетін адамдардың ұйымдасқан бірлестігінің түрі.

Әлеуметтік институт - бұл ең бірінші әлеуметтік құрылымның өмір сүруін қамтамасыз ететін әлдеқалай дәстүр, қоғамдық өмірдің уставы (жарғысы), адамдардың қызмет істейтін бірлестіктер және оларды ұжымдарға мақсатты біріктіретін ұйымдастырушы күш.

Әлеуметтік институт бұл адамдардың біріккен тірлігінің тарихи қалыптасқан тұрақты ұйымы, ісәрекеті мен өзара әрекеті, олардың қызметінің әртүрлі саласын, мінезқұлқын реттеуші және оларды әлеуметтік рөлдер мен мәртебелер жүйесіне жинақтаушы тұрақты ережелер, нормалар мен тәртіптер (установки) кешені.

Әлеуметтік институт - бұл дәстүрлер, нормалар және құндылықтарға негізделген адамдардың ұжымдық тірлігінің түрі, адамдарды ортақ мақсатқа жетуге күшжігерін ұйыстыратын ұйымның ерекше формасы.

Қоғамдық өмірдің экономикалық, саяси, құқықтық, адамгершілік, сондай-ақ адамдардың өмір сүруінің әлеуметтік ережелері мен мінез-құлқының нормаларын бойына сіңірген қоғамдық қызмет пен әлеуметтік қатынастардың белгілі ұйымы.

Әлеуметтік құрылым мен әлеуметтік қызмет соншалықты әр алуан болса, әлеуеттік институт та шексіз. Мысалы, отбасы институты, дін институты, білім, өнер, ғылым, мәдениет институты, өндіріс, банк, несие, рента, сауда институты және т. б. болып кете береді. Яғни адамдардың мінезқұлқын, ісәрекетін сипаттайтын кез келген тұрақты әлеуметтік құрылым әлеуметтік институт бола алады.

Институт дегеніміз не? Соның анықтамасына тоқтала кетелік. Институт («институтты» латыннан аударғанда орнату деген мағынаны береді) дегеніміз адамдардың аса маңызды қажеттіліктерін қанағаттандыру үдерісі тәртіпке келтірген, тұрақты сипаты бар, өзін-өзі жаңартып отыратын әлеуметтік әрекеттер мен өзара қарым-қатынастардың жиынтығы.

4. Әлеуметтік институттар өмірге қалай келеді және олардың ең мәнді сипаттары қандай? Әлеуметтік институттардың негізгі мақсаты - маңызды өмірлік қажеттілікті қанағаттандыру. Кез келген институт әлеуметтік қажеттіліктен туады, соған сай қызмет етеді. Мысал үшін отбасы институтын алайық. Ол, біріншіден, қоғамдық құндылықтар (махаббат, балаларға қатынас, отбасылық өмір) . Екіншіден, қоғамдық рәсімдер (процедуры) (балалардың тәрбиесі, олардың денсаулығы, денесінің өсуі жөніндегі қамқорлық, отбасылық ережелер мен міндеттер) . Үшіншіден, отбасындағы рөлдер мен мәртебелердің бір-бірімен араласып жатуы (отбасында ата мен ененің, әкенің, ананың, баланың, жас өспірімнің, аға мен қарындастардың рөлдері мен мәртебелері) . Осылардың көмегімен отбасылық өмір жүзеге асады. Қауіпсіздік пен әлеуметтік тәртіпті әлеуметтік Һәм саяси институттардың аса маңызды түрі мемлекет қамтамасыз етеді. Білім беру мен жас ұрпақтарды әлеуметтендіруге, кадрларды дайындауға қажеттілікті білім институты қамтамасыз етеді. Рухани, оның ішінде барлығынан бұрын өмірлік мағыналы проблемаларды дін институты қамтамасыз етеді.

Әлеуметтік институттар өздеріне тән әлеуметтік функцияларды атқарады. Бұл функциялар әртүрлі. Қызмет ету салаларына қарай әлеуметтік институттар 4 топқа бөлінеді:

1. Экономикалық институттар: меншік, нарық, ақша, еңбек ақы, т. б. Бұл институттар экономиканың тиімді дамуын қамтамасыз ету мақсатында шаруашылықты басқару мен ұйымдастыруды жүзеге асырады. Мәселен, меншік қатынастары жеке тұлғалардың материалдық және басқа да құндылықтарға ие болуына және оларды пайда көзіне айналдыруына мүмкіндік берсе, ақша тауар айырбасының жалпылама эквиваленті болып табылады. Еңбек ақы жұмысшының еңбегі үшін төленетін ақы.

2. Саяси институттар: мемлекет, сот, армия, парламент, саяси партиялар және т. б. Бұлар қоғамды билеу және басқару қызметтерін жүзеге асырады.

3. Рухани институттар: ғылым, білім, дін, мәдениет, тәрбие, моральдық ережелер, т. б. Бұл саланың институттары ғылым мен білімнің, өнердің дамуына және қоғамдағы моральдық құндылықтарды қолдауға ықпал етеді.

4. Отбасы саласындағы институттар: отбасы, ана, әке, неке, балалары, т. б. Бұл институттар әлеуметтік жүйенің негізгі және маңызды саласы. Отбасы саналы азаматтың қалыптасуында басты рөл атқарады. Отбасының берекелі де берік болуы тұтас қоғамның тұрақты болуын қамтамасыз етеді.

5. Денсаулық институты (медицина мекемелері, спорт және туризм) .

6. Ақпарат және коммуникация институты (коммуникация мен ақпараттың бұқаралық құралдары) .

Бұл әлеуметтік институттар арасында тығыз байланыс бар. Мәселен, мемлекет тек саяси билікті ғана жүзеге асырып қоймайды, сонымен қатар экономикалық, рухани және отбасы салаларының қызметтеріне де елеулі ықпал етіп отырады. Қоғам ілгерілеп дамыған сайын әлеуметтік институттар да дамып, жетіліп отырады.

Кез келген әлеуметтік институттардың негізгі мазмұндық қызметі әлеуметтік қажеттіліктерді қанағаттандыру, өйткені олар сол үшін құрылды және сол үшін өмір сүреді. Осы бағытта әлеуметтік институттар қанша болса, олардың соншалықты қызметтерін айтуға болады:

1. Кәсіби ісәрекеттің жалпы ережелерін жасау жолымен субъектілердің әлеуметтік қажеттіліктерін қамтамасыз ету.

2. Әлеуметтік функция. Бұл адамдар арасындағы байланыстар мен қатынастарды анықтайды, нығайтады және қайта пайда етеді. Әрбір институт өзінің мүшелерінің мінез-құлқын қалыпқа түсіреді, нығайту үшін құндылықтар жүйесін, мінез-құлық нормалары мен үлгілерін жасайды. Институт шеңберінде оның мүшелерінің қызметін, өзара байланысы мен қарым-қатынасын тәртіпке салып, реттеп отыратын белгілі әлеуметтік бақылау қалыптастырады.

3. Қоғамдық өмірдің тұрақтылығы мен бірқалыптылығын қамтамасыз етеді.

4. Біріктіруші функция. Бұл жалпы ережелерге байланысты әлеуметтік топтар, қауымдастықтардың бірігуі, бір-біріне бағыныштылығы, бір-біріне тәуелділік үдерістерін қамтиды, біріктіреді.

5. Коммуникативті, яғни байланыс функциясы. Бұл өзара әрекет және ақпарат алмасу негізінде жүзеге асады. Институт мүшелерінің байланысының өзіндік ерекшеліктері бар.

6. Трансляциялық функция. Бұл әлеуметтік тәжірибе ретінде көрінеді. Әрбір институттың өздерінің құндылықтары, нормалары мен мінез-құлықтары үлгілерін меңгеру негізінде индивидтерді әлеуметтендіретін белгілі тетіктері бар.

Сонымен әлеуметтік ұйымдар мен институтар қоғамда аса маңызды функцияларды атқарып, миллиондаған адамдар өзін-өзі басқаруға белсенді қатысып, өмір мектебінен өткізіп, оларды әлеуметтендіру үдерісінде айрықша рөл атқарады.

Бақылау сұрақтары

1. Әлеуметтік жүйенің маңызды элементтерін атаңыз?

2. Әлеуметтік ұйымдар дегеніміз не?

3. Әлеуметтік институт дегеніміз не?

4. Институт деп нені атаймыз?

5. Әлеуметтік институттардың негізгі мақсаты неде?

6. Экономикалық институттарға не жатады?

7. Саяси институттарға нелер жатады,

8. Рухани институттар: ғылым, білім, тәрбие, моральдық ережелер т. б.

9. Әлеуметтік институтар мен ұйымдардың әлеуметтендіру функциясы туралы не айта аласың?

XII ТАРАУ. ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӘЛЕУМЕТТАНУ

1. Экономикалық әлеуметтанудың пәні.

2. Экономикалық әлеуметтанудың зерттеу объектісі.

3. Экономикалық әлеуметтанудың функциялары.

4. Экономикалық әлеуметтену және еңбек етудің психологиялық факторлары

1. Экономикалық әлеуметтану жалпы әлеуметтанудың жүйешіктерінің бірі. Оның негізгі мақсаты экономика қаншалықты дәрежеде адамдардың әлеуметтік қажеттілігін қанағаттандырады, әлеуметтік институттардың қызметіне және адамдардың мінезқұлқына, сондайақ олардың әлеуметтік сапасының қоғамның экономикалық саласына қандай әсер ететінін анықтау болып саналады. Былайынша айтқанда, экономикалық әлеуметтану қоғамның экономикалық және әлеуметтік салаларының өзара қарымқатынасын, сондайақ олардың басқа салаларымен байланысын зерттейді, сол себепті экономикалық әлеуметтанудың зерттеу пәні экономикалық және әлеуметтік факторлардың өзара әрекеті мен әсерін талдау болып табылады.

Әлеуметтану ғылымының негізін салушы О. Конт бір ғана ғылымды, экономиканы зерттейтін әлеуметтануды ғана мойындады. Бұл идея француз әлеуметтанулық мектебінде жалғасын тапты. Француздың әйгілі әлеуметтанушысы Э. Дюркгейм қоғамтану ғылымының бір саласы ретінде экономикалық әлеуметтануды жасау идеясын ұсынған болатын. Германияда экономикалық әлеуметтану экономиканы, тарихты және әлеуметтануды біріктіретін сала ретінде қалыптасты.

Экономикалық әлеуметтанудың зерттеу пәнін түсіну үшін «экономика» және «экономикалық әлеуметтану» деген ұғымдардың мәнін аша кеткен жөн. «Экономика» ұғымының түп төркіні гректің oikonomia - шаруашылықты басқару деген сөзінен шыққан. Экономика өндіріс, өнімді айырбастау мен бөлу саласындағы қоғамдық қатынастардың жиынтығы; өндірістің белгілі салалары мен түрлерін қамтитын елдің халық шаруашылығы немесе шаруашылықтың белгілі бір саласын зерттейтін ғылым. Оның ұғымдары пайда, рентабілділік, рента, несие және т. б. болады да, мақсаты өндірісте барынша табысқа жету, әртүрлі ресурстардан барынша аз шығынымен өнім алу. Бұл мағынада адам да ресурстардың бірі болып саналады. Бұдан туатын ақиқат экономика адам болмысының саласы. Өйткені қоғамның экономикалық саласы өзөзінен дамымайды. Экономиканың ұдайы өсуіне ықпал ететін объективті жағдайлармен қатар субъективті факторлар бар. Яғни экономиканың дамуы адамдардың субъективті іс-әрекеттері - көңіл-күйі мен ықыласы, белсенділігіне байланысты. Сол себепті қандай да бір экономикалық құбылыс, үдеріс болмасын, оларды талдауды, анықтауды әр уақытта нақтылы жеке адамның, жеке топтың іс-әрекеті, қызметінің жемісі ретінде қарау қажет. Осы мағынада экономикалық әлеуметтану экономиканы дамытудың әлеуметтік тетіктерін және адамдардың әртүрлі қажеттіліктерін барынша толық қанағаттандырудың амалдарын зерттейді. Сондықтан экономикалық әлеуметтанулық зерттеудің негізгі салалары «еңбек ету себебі», «еңбекпен қанағаттану», «жұмысыздық», «әлеуметтік кепілдіктер», «әлеуметтік еңбек», «әлеуметтік мінезқұлық», «әлеуметтік ісәрекеттің экономикалық факторлары» және т. б. Басқаша сөзбен айтқанда, экономикалық әлеуметтанудың мақсаты - адам, оның қажеттіліктері, мұддесі, өмір сүруі, яғни экономикалық үдерістердің адами өлшемдері.

Міне, бұл жайттардан экономикалық әлеуметтанудың пәні деген мәселе алға шығады. М. Вебер экономика әлеуметтануының пәнін «әлеуметтік -экономикалық құбылыс» деп түсіндіреді. Ал әлеуметтік-экономикалық құбылыс дегеніміз адамның өзінің өмір сүруі үшін және идеалды қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін біріге және ұйымдаса тіршілік етуі.

Экономикалық әлеуметтанудың пәніне қоғамның экономикалық дамуының әлеуметтік аспектілері, экономикалық және әлеуметтік құбылыстар мен үдерістердің бір-бірімен тығыз байланысы және қарымқатынастары жатады.

Экономикалық дамудың әлеуметтік аспектілері дегеніміз не? Оған адамның ең жоғары қасиеттері - инабаттылығы, еңбек сүйгіштігі, ынталығы, ұқыптылығы, қайырымдылығы, әділеттілігі, жауапкершілігі, белсенділігі, шаруақорлығы және т. б. қоғамдық өндірісті дамытып, оның өнімін көбейтуге, сапалы тауарларды көп өңдіруге тікелей әсерін тигізіп отырады. Экономикалық әлеуметтану жұмысшылар мен қызметкерлердің білім деңгейі мен мамандығы, саналылығы, әділеттілігі, белсенділігі, жауапкершілігі және т. б. қасиеттері еңбек үдерісіне қалай әсер ететінін де зерттейді.

Ал экономикалық және әлеуметтік тұрғыда бір-бірімен тығыз байланысқан құбылыстар мен үдерістерге экономиканың алуан түрлі салалары, әлеуметтік институттар (фирмалар, акционерлік қоғамдар, корпорациялар, банктер, т. б. ), алуан түрлі адамдар бірлігі (мысалы, өндіріс, еңбек ұжымдары, өңдірістік бірлестіктер, топтар, бригадалар, т. б. ), экономикалық үдерістер, өндіріс саласыңдағы әлеуметтік қатынастар (үстемдік ету-бағыну, басқару-орыңдау), еңбеккерлердің өндірісті басқаруға қатынасуы, жұмыс күшінің тұрақсыздығы, ауысуы, миграция, мамандықты іріктеп алу, адам және алуан түрлі топтардың экономикалық іс-әрекеттерінің себеп-дәлелдері, экономикалық сана мен ойлау, экономикалық-материалдық жағдай, көңіл-күй, тәртіп, мұқтаждық, талап-тілек, әлеуметтік құндылықтардың еңбектің өнімділігіне, тауардың сапасына әсері және т. б. жатады.

Экономикалық әлеуметтанудың табиғатын таныпбілуде оның оъектісін айқындау маңызды. Экономикалық әлеуметтану өзінің зерттейтің басты мәселесі экономиканы өз алдына жүйе деп қарайды. Бұл жүйеде - өндіріс-бөлу - айырбастау - тұтыну жүзеге асырылады. Ал үдерістің нарықтық түрі: "Сұраныс және ұсыныс". Бұл екі үдеріс, яғни сұраныс пен ұсыныс қатар қолданылады, өйткені әлеуметтанушының басты назары ең алдымен мұндағы алуан түрлі адамдардың, топтардың мінез-құлқына, ісәрекетіне аударылады. Адам және оның топтары - жұмысшы, қызметкер, тұтынушы, айырбастаушы, сатушы, сатып алушы және т. б. ретінде қарастырылады.

2. Экономикалық әлеуметтану, бір жағынан, экономикалық алғышарттарды, қоғамдық топтардың мүддесін жүзеге асырудың мүмкіндігі мен шектеуін, екінші жағынан, әлеуметтік факторларды және экономиканың қызмет ету жағдайын зерттейді. Экономикалық әлеуметтанудың зерттеу объектісі экономиканы дамытуға қоғамның әлеуметтік сипатының әсерінің нақты жолдары мен әдістерін, ал экономиканың жағдайы мен дамуының әлеуметтік қатынастарға ықпалын айқындау болып табылады.

Экономикалық әлеуметтанудың бір ерекшелігі сол, ол экономикалық құбылыстар мен үдерістерді жеке адамның, топтың, оның ішінде жіктің экономикалық жағдайы, материалдық әл-ауқаты, мінез-құлқымен тығыз байланыстырады. Сөйтіп экономиканы реттеу, басқарудың әлеуметтік механизмдерін ашу, экономикалық сана, экономикалық ойлау, экономикалық ынта, ықылас, мәдениет және т. б. мәселелер - экономиканы әлеуметтік тұрғыдан зерттеудің ең басты мәселелері.

Экономикада адамның тәртібін басқарып, реттеп отыру өндірістегі жұмысты әлеуметтік ұйымдастыру, жоспарлау және ынталандыру құрал-әдістерін толық қамтиды. Ол өндірістегі адамдардың жұмысын, тәртібін, басқа да жағдайларын қадағалап отырады, бұларды бұзса, оларға құқық ережелерін қолданады, осылай еңбекке ынталандырудың бүтіндей жүйесін қалыптастырады. Сөйтіп ол өндірістегі еңбек ұжымын, жеке жұмысшы, қызметкердің, маманданған топтардың іс-әрекетін, жұмысын әр уақытта реттеп басқарады және өңдірісте еңбекті қажетті бағытта жүргізуге зор ықпал жасайды. Екінші жағынан, өндірістегі адам факторының оның дамуына, еңбек ұжымының тәртібіне, әсіресе, олардағы әлеуметтік реттеу, басқару құралдарына әсері күшті.

Еңбекті ұйымдастыру, өндіріс ұжымдарын басқарудың негізінде қызметкерлердің белгілі бір типі қалыптасады. Қалыптасқан тип, бір жағынан, ең жоғары адамгершілік қасиеттерді танытады. Оларға еңбек сүйгіштік, сенімділік, әділеттілік, еңбекке саналықпен қарау, еңбекті сапалы әрі тез істеу, адамның еңбек үдерісінде өзінше шешім қабылдауы, жауапкершілік, белсеңділік және т. б. жатады. Екінші жағынан, олардың кейбір жағымсыз қылықтары да ашылады. Кейбір еңбеккерлер мен қызметкерлер өзінің Отан, халық алдындағы борышына немқұрайлы қарайды, тапсырылған жұмысты, қызметті қалай болса солай істейді, өз міндеттеріне жауапсыздық танытады.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Огюст Конттың өмірі
Әлеуметтану пәні мен ғылымы
Әлеуметтанушылар туралы мәліметтер
Әлеуметтік зерттеудің тәсілдемесі мен тәсілдері
Әлеуметтану пәнінен дәрістер комплексі
ДҮНИЕЖҮЗІЛІК ӘЛЕУМЕТТАНУ ДАМУЫНДАҒЫ КЛАССИКАЛЫҚ КЕЗЕҢ
Әлеуметтану білімінің тарихи қажеттілігі
Теориялық әлеуметтану түсінігі
Огюст Конт - позитивтік әлеуметтануды негіздеуші
Қазақстан мен Ресейдің әлеуметтік теориялары
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz