Сахна тілі интонациясының дискурстық сипаты


ӘОЖ 811. 512. 122’342 Қолжазба құқығында
Альпатина СамАЛ БЕЙБІТШІЛІКҚЫЗЫ
Сахна тілі интонациясының дискурстық сипаты
(эксперименттік-фонетикалық зерттеу)
10. 02. 02 - қазақ тілі
Филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін
алу үшін дайындалған диссертацияның
АВТОРЕФЕРАТЫ
Қазақстан Республикасы
Алматы, 2010
Жұмыс Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында орындалған
филология ғылымдарының докторы, профессор Г. Әзімжанова
филология ғылымдарының
кандидаты А. Үдербаев
Диссертация 2010 жылдың «__» сағат 14. 00-де ҚР БжҒМ А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты жанындағы 10. 02. 06 - түркі тілдері және 10. 02. 02 - қазақ тілі мамандықтары бойынша филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін диссертация қорғайтын Д. 53. 38. 01 диссертациялық кеңестің мәжілісінде қорғалады. Мекен-жайы: 050010, Алматы қаласы, Құрманғазы көшесі, 29.
Диссертациямен ҚР Білім және ғылым министрлігінің Орталық ғылыми кітапханасында танысуға болады (050010, Алматы қаласы, Шевченко көшесі, 29) .
Автореферат 2010 жылы «__» таратылды.
Диссертациялық кеңестің
ғалым хатшысы, филология
ғылымдарының докторы, профессор Ж. А. Манкеева
КІРІСПЕ
Зерттеу жұмысының өзектілігі. Грек, Рим ойшылдарының ежелгі трактаттарында интонация шешендер сөзімен, көркемсөз оқушылар өнерімен байланысты қарастырылған. ХІ ғасырда жазылған шығыс ғалымы Кайкаустың «Кабуснама» еңбегінде, ХІІІ ғасырдағы сириялық Абу-әл Фарадждың «Айтулы оқиғалар кітабы» еңбегінде интонация туралы алғашқы сипаттама беріледі.
Интонация арқылы адамның қандай көңіл-күйде тұрғанын, сөйлеушіге қарым-қатынасын, оның мінезін, тіптен мамандығын да аңғаруға болады. Интонация сөздің синтаксистік реті, лексикалық құрамы және стилистикалық ерекшеліктерімен бірге қосылып, небір уақыт ішінде дауыс кідірістері мен екпін арқылы бөлшектенген негізгі тонның ең жоғарғы шамасы, дауыс күші мен ұзақтылығы тәріздес параметрлердің өзіндік дыбыстық құрылымы қалпында қабылданады. Интонация сезімнің құлаққа шалыну (есту) түйсіктерінде қандай болмасын коммуникативтік мәнге ие болған сөз әуені, дауыс реңкі, айтылу қарқыны мен ырғақ сияқты элементтердің құрылымдық бірлігі түрінде беріледі. Сахна тілінің интонациясы да қарым-қатынас жасау жағдаятындағы ерекшеліктер мен айтылған сөздің мағыналық мазмұнына қатысты анықталады. Қазақ тіл білімінде интонология саласында жазылған бірқатар еңбектер болғанымен, сахна тілінің интонациясының дискурстық сипаты суперсегменттік фонетика тұрғысынан қарастырылмаған.
Қазақ тіл білімінде сахна тіліндегі интонацияның дискурстық сипатын классикалық шығармалар негізінде жүйелеп арнайы қарастырып, оған интонологиялық талдау жасап, лингвистикалық сипаттама беру тақырыптың өзектілігі болып табылады. Суперсегментті фонетикада сахна тілінің дискурсын просодикалық тәсілдермен байланыстыра отыра прагмалингвистикалық аспектіде қарастыру, актерлердің сөйлеу әрекеттеріне интонология тұрғысынан сипаттама беру зерттеу тақырыбының өзектілігін арттырады.
Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Просодикалық тәсілдердің сахна тіліндегі дискурстық сипатын анықтау, актерлердің сөйлеу әрекетіндегі сөйлесім жағдаятын қазіргі тіл біліміндегі интонология тұрғысынан талқылап, интонациясының ерекшелігіне лингвистикалық тұрғыдан сипаттама беру зерттеудің басты мақсаты болып табылады. Осы мақсатқа жету үшін төмендегідей міндеттер қойылды:
- сахна тілінің дискурсында просодикалық тәсілдердің қызметін жан-жақты ашып көрсету;
- сахна тіліндегі просодикалық тәсілдердің дискурстық сипатын анықтауда эксперименттік-компьютерлік, интонологиялық әдіспен талдауды басшылыққа алу;
- сөйлеуші сөзінің интонациясына талдау жасау барысында мәтінді фразаларға жіктеу арқылы олардың әрбірінің әуенінің қозғалыс бағытын анықтау және суперсегментті тәсілдер арқылы сөйлеу толқынының бірлігіне лингвистикалық талдау жасау;
- сахна тіліндегі классикалық драмалық шығармалардың оқылуындағы просодикалық тәсілдердің өзгерісіне жеке-жеке тоқталу нәтижесінде синтагмалар мен ырғақты топтарға суперсегменттік бөлшек болып табылатын интонемалардың сегіз түріне инварианттар негізінде лингвистикалық сипаттама беру;
- сахна тілінің дискурсында актерлік шеберліктің негізін құрайтын сөйлеу техникасы мен сөйлеу мәдениетінің интонация компоненттерімен бірлігін анықтау;
- дүниежүзілік ұлы мәдениет қорында қазақ халқының еншісін қалыптастырған қазақ сахнасының классикалық қойылымдары Ғ. Мүсіреповтің «Қозы көрпеш-Баян сұлу» және «Ақан сері-Ақтоқты» пьесасынан алынған үзінділерге интонологиялық талдау жасау.
Зерттеу нысаны. Жұмыста Алматы қаласындағы Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік кинофото құжаттары мен дыбыстық жазбалар мұрағат қорының № 4820 деректерінің екінші, үшінші бөлімдеріндегі дыбыстық жазбадан алынған қазақ сахнасының үздік пьесалары, халықтың ұлттық мұрасына, рухани қазынасына айналған Ғ. Мүсіреповтің «Қозы көрпеш-Баян сұлу» және «Ақан сері -Ақтоқты» пьесасынан алынған үзінділер пайдаланылды.
Жұмыстың ғылыми жаңалығы. Зерттеу нысаны бойынша төмендегідей мәселелер ғылыми шешімін тапты:
- сахна тіліндегі просодикалық тәсілдердің дискурстық сипаты қазақ халқының мәдениетін әлемдік деңгейге танытқан классикалық үлгідегі драмалық шығармалардың негізінде тұңғыш рет қарастырылды;
- сахна тіліндегі интонациялық компоненттердің дискурстық ерекшелігі компьютерлік бағдарламаға салынған дерек негізінде интонологиялық талдау жасау арқылы анықталды;
- сахна тілінің дискурсында сөйлеу техникасының негізгі тәсілдерінің бірі ретінде қарастырылатын просодикалық тәсілдерге эксперименттік талдау арқылы суперсегментті фонетика тұрғысынан сипаттама берілді;
- сахна тілінің дискурсында интонация компоненттерінің функциясының сан қырлылығы актерлердің сөйлеу техникасының дұрыс қалыптасуына әсер ететін негізгі тәсіл екені анықталды;
- сахна тіліндегі әуен, дауыс реңкі, қарқын, үдемелік, кідіріс т. б. кейіпкердің ойын, ниетін сыртқа шығаратын, көрерменге мәтіннің оқылуын дұрыс қабылдауына қызмет ететін дискурс аясында қызмет атқаратыны төмендегідей айқындалды:
- пьесалар үзінділеріне эксперимент әдісіне негізделген интонологиялық талдау жасалып, қорытындысы сараланды;
- сахна тілінде интонация компоненттері дискурста жауап күттіретін түрткі ретінде қызмет атқарғаны, сөйлемнің мағыналық өзегі болып тұрған сөзді ерекше екпінмен айту - сахна тілі дискурсының ерекшелігі болып табылатындығы нақты анықталды;
- сахнадағы дискурста интонацияның жалпы әуенінің бағыттық қозғалысына әсер ететін фактор синтагмадағы логикалық маңызды сөзге түсетін ой екпінінің қызметін актер кейіпкердің психологиялық ішкі жан-дүниесін, толғанысын жеткізуде тиімді тәсіл ретінде пайдаланғаны нақты мысалдармен дәлелденді;
- ой екпіні ақпаратты жеткізуші арқылы хабарды баяндайтындығы және жаңа ақпараттың көздеген прагматикалық мақсатына жетуіне ықпал еткендігі эксперимент арқылы дәлелденіп, шешімін тапты;
- кейіпкердің эмоциялық жағдайына, қызулану, әсерленуіне байланысты сөйлемдегі негізгі тон жиілігі өскендігі, сөйлем соңындағы әуеннің төмендеуі, сахна тіліндегі эмоциялық кідірістің көлемінің артуы, қарқынның баяулығы актерлер мен көремендердің көңіл-күй байланысын күшейтіп отырғандығы айқындалды;
- сахна тілінде кейіпкерлердің әлеуметтік жағдайын, психологиялық ішкі жан-дүниесін, толғанысын жеткізуде психологиялық кідірістердің рөлі басым екені уақыттық параметрлер арқылы көрсетілді;
- актерлердің дауыс әуені вербалды және вербалды емес әрекеттермен үйлесе келе сөйлеу жағдаятымен толығып, образ сомдаудағы шеберліктерін арттырғандығы нақты дәлелденді.
Жұмыстың теориялық құндылығы. Зерттеу барысында алынған сипаттамалар нәтижесінде жасалған тұжырымдар мен қорытындылар интонология, сахна тілі, тіл мәдениеті, прагмалингвистика мәселелеріне арналған еңбектерге үлес қосуды көздейді. Жұмыс нәтижелерін лингвистика мәселелерінің түрлі салаларын сипаттайтын зерттеулерде пайдалануға болады.
Жұмыстың практикалық құндылығы. Зерттеу жұмысының нәтижелерін жоғарғы оқу орындарында сахна тілі, тіл мәдениеті, сөйлеу мәдениетіне, интонологияға арналған оқулықтар мен оқу құралдарын жазуда, сахна тілі мен қазақ тілі теориясы мен практикасына арналған арнайы курстар мен семинарларды өткізу үшін пайдалануға болады. Радио, телеарналарда сахна артистерінің, көркемсөз оқушылардың дауыс сазын дұрыс меңгеруіне көмегін тигізеді.
Зерттеудің әдіс-тәсілдері. Зерттеу барысында сахна тіліндегі просодикалық тәсілдердің рөлін анықтауда эксперименттік-компьютерлік, интонологиялық талдау, сипаттау, қорыту әдістері алынды.
Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар.
- Сахна дискурсында просодикалық тәсілдер сөйлеуші мен тыңдаушының арасындағы байланыстың прагматикалық мақсатқа жетуіне, бір-бірін түсінуін қамтамасыз ететін негізгі құралдардың бірі ретінде көрерменнің қойылымды дұрыс қабылдауына қызмет етеді;
- сахна тіліндегі интонация компоненттері пресуппозициялар теориясымен ұштасып, дискурстың прагматикалық аспектісін күшейтіп, мағына ажыратушы қызмет атқара алады;
- сахна тілі дискурсында интонеманың просодикалық тәсілдері сөйлемдердің әр алуан құрылымдық-коммуникативтік түрлерін жасап қана қоймай, олардың негізгі функцияларын төмендегідей бере алады:
- сөйлеушінің сезімін, ішкі ойын жеткізуге септігін тигізетін тілдік емес әрекеттерді (ым, қимыл, түрлі қозғалыс-әрекеттер, мимика, жест) тыңдаушыға, көрерменге сөзі түсінікті болу үшін сөйлеу әуенімен сабақтастыра отырып, дискурстағы актерлердің бет-пішіндерінің қозғалысы, жестері, ойды жеткізу кезіндегі орнығым түрленімдері ақпаратты жеткізуде және қабылдауда үлкен рөл атқарады;
- сахна тілін сөйлеу мәдениетімен бірлікте қарастырылатын, просодикалық тәсілдер - сөйлеу мәдениеті мен сөйлеу әрекетінің құралы; сахна тілінде әрбір оқылатын мәтін мазмұнына, құрылымына орай өзгеше дауыс әуенін қажет ететінін ескере отыра, сахна тіліндегі сөздің сапасын, сөз дұрыстығын, сөз байлығын, сөз тазалығын көрсету актер шеберлігімен сабақтас анықталады.
Зерттеу жұмысының жариялануы мен сыннан өтуі . Диссертациялық жұмыстың негізгі нәтижелері мен қорытындылары төмендегідей республикалық және халықаралық конференцияларда баяндалды: «Мемлекеттік тілдің ахуалы, проблемалары және шешу жолдары» халықаралық ғылыми-практикалық конференция (Өскемен, 2006), «Үздіксіз кәсіптік білім беру: мәселелері және дамуы» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция (Өскемен, 2009), «С. Аманжолов оқулары-2009» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция (Өскемен, 2009), «Әдеби тіл және қазақ тілінің өміршеңдігі» атты ғылыми-теориялық конференция (Алматы, 2009), «Қазақ тіл білімінің өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция (Алматы, 2009), «Үздіксіз кәсіптік білім беру: мәселелері және дамуы» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция (Өскемен, 2010) . Ғылыми жұмыс бойынша 4 мақала Қазақстан Республикасы Білім және ғылым саласындағы қадағалау және аттестаттау комитеті бекіткен ғылыми басылымдарда жарық көрді. Диссертация А. Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтында тұрақты жүргізілетін «Лингвистикалық жұма» атты семинардың 2009 жылдың 6 қарашасындағы отырысында және фонетика бөлімінің кеңейтілген мәжілісінде талқыланып, қорғауға ұсынылған.
Жұмыстың құрылымы . Зерттеу жұмысы кіріспеден, үш тараудан, қорытындыдан тұрады. Жұмыс соңында пайдаланылған әдебиеттер тізімі берілді.
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Жұмыстың кіріспе бөлімінде тіл біліміндегі интонация мен сахна тіліндегі мәселелердің зерттелу деңгейі жайында мәліметтер беріліп, зерттеудің өзектілігі, мақсаты мен міндеттері, нысаны, жұмыстың ғылыми жаңалығы, теориялық құндылығы, зерттеу әдістері, қорғауға ұсынылған негізгі тұжырымдары баяндалған.
«Тіл біліміндегі интонация мәселесі » деп аталатын бірінші тарауда интонация мәселесіне кеңінен тоқталдық. 1. 1 Просодикалық тәсілдердің дискурстық қызметі. Интонацияның дискурстық қызметі туралы алғашқы пікірлердің бірі ретінде ХІІІ ғасырдағы сириялық Абу-әл Фарадждың пайымдауын айтуымызға болады. Оның «Айтулы оқиғалар кітабы» еңбегінде: «Дауысын көтермей, ақырын, баяу сөйлеген адамның мұңға батып тұрғанын аңғаруымызға болады. Кейде адамның бұлай сөйлеуі оның еңбекқорлығын танытады» дей келе «дауыс» туралы пікірін: «кімде-кім әлсіз дауыспен сөйлесе-қозықа сияқты қорқақ, қатты және бейберекет сөйлеген адам-ешкі сияқты топас»-деп білдірген [1, 22 б. ] .
Осы уақытқа дейінгі интонация, дискурс теориясына қатысты Г. П. Торсуева, Е. В. Клюев, О. Я. Гойхман, О. М. Казарцева, Л. А. Кантер, Т. Милевская, М. Л. Макаров, Р. Сыздық, Н. Уәли, Ә. Жүнісбек, Ж. Абуов, З. М. Базарбаева, Г. Әзімжанова, З. Ш. Ерназарова, Б. Мурзалина еңбектерінде бұл мәселелер әр қырынан қарастырылады.
Дискурс француз тілінен аударғанда «сөйлеу» мағынасын білдіреді. «Дискурс - экстралингвистикалық, яғни парадигмалық, әлеуметтік, мәдени, психологиялық факторлармен байланысты болатын мәтін. Белгілі бір оқиғаны баяндайтын мәтін» [2, 7 б. ] .
Сахна тілінің дискурсының көрерменге ұғынықты қабылдануында просодикалық тәсілдердің қызметі басым. Егер әр актер оқылатын мәтінді әр түрлі интонациямен оқитын болса, онда дискурс қабылданбайды. Сахналық дискурстағы негізгі мәселелердің бірі сөйлеуші мен тыңдаушының бір-бірін түсінуі ғана емес, мәселе сахнада айтылған сөзді есту арқылы көрерменнің қабылдауында. Классикалық драматургияда дискурс мақсатқа жету үшін, кейіпкер бейнесін сомдап, ойды жеткізуде актер әрбір сөздің интонациясын дәл қойып, нақышына келтіріп оқи білу керек. Сахнадағы дискурс ыңғайында берілген сөйлесім актілері хабарлау, қарсылық білдіру, мақұлдау, келіспеу тағы басқа мақсаттарды жүзеге асыруда просодикалық тәсілдердің қызметі басым. Сахнадағы сөйлеу актісінде сөйлеуші де, тыңдаушы да, сөйлеу жағдаяты да бар. Сахналық дискурс тек қана актердің қатысуымен ғана жүзеге аспайды, онда автордың ойы, режиссердің идеясы, көрерменнің спектакльге деген көзқарасы жатыр. Интонация компоненттерінің сахна дискурсындағы қызметі барлық сыртқы факторлардың ықпалын ескере отырып жүргізіледі. Профессор Г. Әзімжанова: «Интонация мәтінде де үлкен рөл атқарады: Әр түрлі стиль мен жанр түрлерін әр түрлі ыңғайда безендіреді, мәтінді әр түрлі мағыналық бөлшектерге бөледі, тыңдаушыға эмоционалды - эстетикалық әсер ете алады, фразааралық байланысты қамтамасыз етеді» деп пайымдаған [3, 40 б. ] . Сахналық дискурста просодикалық тәсілдер тілдік емес мәнбірлермен толығып отырады. Сахналық дискурстағы просодикалық тәсілдердің қызметі сөйлеуші мен тыңдаушының арасындағы байланыстың мақсатқа жетуіне қызмет етеді.
1. 2 Интонация компоненттерінің жазу тіліндегі көрінісі. Бір нәрсені жазғанда, оқығанда, айтқанда ойды басқаға түсіндіру, сондай-ақ бөгде біреудің ойын түсіну үшін қолданылатын тыныс белгілері ережелерінің қағидасы басшылыққа алынып, сахна тіліндегі қызметі қарастырылды. Өткен ғасырдың екінші жартысы мен үстіміздегі ғасырдың бірінші жартысында көптеген зерттеушілер шешендердің немесе сахна өнеріндегі актерлардың орындауындағы көркем сөздің интонациясын жан-жақты қарастыра бастады. Олар өз зерттеулерінде сахна өнерпаздарының, артистердің сөйлеу мәнерлерін қарастырды. Олар мәтіндердің, яғни, жазу тілінің өздеріне тән заңдылықтары болу керек деген жорамалға келеді. Сондықтан ол заңдылықтардың өзіне лайық интонациясын, оның әуенін, қарқыны мен паузасын, синтагма шекараларын тыныс белгілері көрсететіне сенді [4, 6 б. ] .
Сахна артисі мәтінді өзінше оқып, оның сөздеріне басқаша мағына беріп, тыныс белгілерін орнынан жылжытып, паузаларды басқа жерге жасап, тыныс белгілерінің оқылу заңдылығын сақтамай оқыса, онда тілдің лексика-грамматикалық құрылысы мен интонациясы дұрыс берілмейді, екіншіден мазмұн өзгеріске түсіп, айтылар ой жеткізілмейтіні белгілі.
Зерттеу жұмысының екінші тарауы «Сахна тілінің қалыптасу, даму тарихы» деп аталады. 2. 1 Сахнадағы сөйлеу мәдениеті және сөйлеу техникасы . Жалпы сөз өнері, сөздің құдіреттілігі туралы мәселелер грек, рим ойшылдарының еңбектерінен басталады. ХІ ғасырдағы шығыс ғалымы Кайкаустың еңбегінде: « . . . Сөз төрт топқа бөлінеді. Біріншісі - білуге де, айтуға да қажеті жоқ сөздер. Екіншісі - білуге де, айтуға да қажетті сөздер. Үшіншісі - білуге қажеті жоқ, бірақ айтуға болатын сөздер. Төртіншісі - білу керек, бірақ айтуға қажетсіз сөздер. Негізінде, дүниенің бар жақсылығы - айту және білу үшін қажетті сөздерге тән қасиет. Бұл сөздер дүние үшін пайдалы болып, айтушыға да, тыңдаушыға да мән-мағынасымен әсерлі болуға тиіс» делінген [5, 29 б. ] .
Сахна тілі, сөйлеу мәдениеті, сөйлеу техникасы мәселелері Н. В. Черемисина, П. С. Пустованов, Т. А. Ладыженская, В. П. Чихачев, қазақ зерттеушілері М. Балақаев, Р. Сыздық, Н. Уәли, Ә. Сығай, Р. Нұрғали, Р. Қаныбаева, Д. Тұранқұлова, М. Байсеркенов, Д. Әлкебаеваның зерттеу еңбектерінде қарастырылады.
Сөйлеу мәдениеті - сахна тілінің бірден-бір негізгі элементі болып табылады деген қағида қалыптасқан. «Тіл мәдениеті сөздің тек нормаға сай жұмсалуын ғана емес, оның әсерлі, бейнелі, образды жұмсалуын да талап етеді. Айтушының сөзі әсерлі, бейнелі болу үшін: 1) өзінше ойлау, сөйлемдерді өз бетінше құру; 2) сөздің құрамындағы дыбыстардың айтылу ерекшелігіне көңіл бөлу, яғни мәнерлеп сөйлеу; 3) тілдің бейнелеуші, көркемдеуші тәсілдерін жақсы біліп, орынды қолдану; 4) сөздің стильдік реңкін ажырату тағы басқа шарттар жүзеге асу қажет» [6, 13 б. ] . Сахна тілі маманы, профессор Д. Тұранқұлова «Сөйлеу техникасы мен сөйлеу мәдениетін қатар меңгеру - дауыс сапасын жақсартудың бірден-бір жолы. Өйткені сөйлеу мәдениеті сөздерді білдірмек ойға дәл таңдай білу болса, сөйлеу техникасы - сол сөздерді тыңдаушысына жеткізе білетін дауыс құбылыстарын меңгеру болып табылады» деп тұжырымдаған [7, 30 б. ] . Демек, бұл мамандықтың иелері міндетті түрде сөздің қыр-сырын жете түсініп, соның ішінде интонацияның сөйлеудегі рөлін анық бағамдай білу керек.
2. 2 Сөйлеу техникасы және просодикалық тәсілдер. ХХ-ХХІ ғасырдағы тіл білімінің жаңа даму бағыттары лингвистика ғылымын жан-жақты зерттей бастады, бірақ сахна тіліндегі просодикалық тәсілдерінің қызметі тілдік тұрғыдан қарастырылмаған. Шын мәнінде, сахналық дискурста сөйлеу жағдаяты актердің тек сөйлеу әрекеті арқылы ғана жүзеге аспайды. Актер автордың ойын, спектакльдің идеясын жеткізуде сөйлеу әрекетін алуан түрлі тілдік емес әрекеттер арқылы толықтырып, әртүрлі эмоцияны танытуда просодикалық тәсілдер арқылы да ақпарат бере алады.
С. Аманжолов еңбегінде «Сөз, сөйлем дегеніміз адамның көңіліндегі ойының дыбыстау арқылы жарыққа шығуы екенін білеміз . . . Мұны бізде шамасы келгенше театр искусствосы көріп-біліп, көңіл-күйіне байланысты сөздің, сөйлемнің не алуан құбылыстарын беруге тырысуда . . . » делінген [8, 62 б. ] . Сахна тілінде актерлердің мәтінді оқу интонациясына талдау жасаған кезде біз алдымен мәтінді фразаларға жіктеп аламыз және олардың әрбірінің әуенінің қозғалыс бағытын анықтаймыз. Суперсегментті тәсілдер сөйлеу толқынының әрбір бірлігін әртүрлі анықтайды. Сөйлеу техникасы көбіне-көп өз дауысын меңгеруге байланысты. Ал өз даусын меңгеруі, оның тынысына, сөйлеу мүшелерінің қызметіне, интонацияға, сөйлеу шапшаңдығына, дикцияға байланысты болатыны сахна заңдылығында берілген. Сахна тілінің негізін сөйлеу техникасы құрайды.
2. 3 Сахнадағы сөйлеу актісінің дискурстық сипаты . Сахнадағы дискурс та прагматикалық қатынас арқылы жүзеге асады. Өйткені прагматиканың негізінде жасалатын тілдік таңбаларды сахнадағы сөйлеу коммуникациясы арқылы жеткізуге болады. Сондай-ақ тілдің прагматикалық аспектісі сөйлеуші мен тыңдаушының айтылған, естіген нәрсені ұғынуымен, түсінуімен байланысты. Яғни прагматика қарым-қатынас жасауда мағыналы сөздерді таңдап, ой елегінен өткізіп, байланыстыра білу керек екендігін көрсетіп, қандай мақсатта сөйлеп тұрғандығын да қарастырады.
«Құрылымы әлдеқайда күрделірек көркем шығарма дискурсының басты қызметі - эстетикалық ықпал етіп, адресат санасының интеллектуалдық- эмоциялық тұстарына қозғау салу» [9, 208 б. ] . Дискурстың бастауы, ортасы және соңы болатыны белгілі. Сахна тіліндегі дискурс дайындықсыз еркін түрде жүзеге аспайды. Сахна тілі эмоция мен экспрессияға бай болып келеді. Драмалық шығарманың мазмұндық ерекшелігіне орай әр түрлі мақсаттағы сөйлеу актілері жүзеге асады. Сахнадағы дискурста сөйлеуші де, тыңдаушы да, көрермен де, сөйлеу жағдаяты да бар. Дискурстағы сөйлеуші мен тыңдаушының қарым-қатынасындағы сөйлеу мақсатының жүзеге асуы кешенді түрде болады.
«Прагматика - стилистика, мәтін лингвистикасы, коммуникативті синтаксис, сөйлеу әрекетінің табиғатын ашуға көмектесетін, зерттеуге міндетті түрде басшылыққа алынуға тиіс ұстаным» дей келе, профессор З. Ерназарова прагматиканың алғашқы түсінігінің қазіргі түсіндірілумен зерттеу ауқымын салыстыруға келмейтіндігін айта келіп, «Прагматика адамның нақты жағдайда қандай мақсатпен сөйлеп тұрғанын қарастыратынына келісетіндігін білдіреді» деп ойын тұжырымдаған [10, 12 б. ] . ХХ-ХХІ ғ. лингвистикасының суперсегментті фонетикасында антропоцентристік бағыттағы мәселелерді просодикалық тәсілдермен байланыстыра отыра прагмалингвистикалық аспектіде қарастыру өзекті мәселе болып отыр. Сахнадағы әрбір айтылған орамды сөз сөйлеу мәдениеті мен байлығын сақтап, оны түсінуге, сөз қадірін ұғынуға, сөйлеу шеберлігін дамытуға ықпал етері сөзсіз.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz