Абай қара сөздерінің морфологиялық ерекшеліктері


Пән: Тілтану, Филология
Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 62 бет
Таңдаулыға:   

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

Қ. А. ЯСАУИ АТЫНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАЗАҚ-ТҮРІК УНИВЕРСИТЕТІ

АБАЙ ҚАРА СӨЗДЕРІНІҢ МОРФОЛОГИЯЛЫҚ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

ТҮРКІСТАН - 2013

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

Қ. А. ЯСАУИ АТЫНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАЗАҚ-ТҮРІК УНИВЕРСИТЕТІ

Қорғауға жіберілді:

Қазақ тілі кафедрасының

меңгерушісі, ф. ғ. к., д. м. а.

С. Мағжан

(қолы)

___»20__ж.

Дипломдық жұмыс

АБАЙ ҚАРА СӨЗДЕРІНІҢ МОРФОЛОГИЯЛЫҚ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

мамандығы: 050205- филология: қазақ тілі

Дипломшы М. Баймаханова

(қолы) (аты-жөні, тегі)

Ғылыми жетекшісі,

ф. ғ. к., доцент Г. Қ. Жылқыбай

(қолы) (аты-жөні, тегі)

ТҮРКІСТАН - 2013

Мазмұны

Кіріспе . . . . . . . . 4

Негізгі бөлім

І Абай қара сөздерінің морфологиялық сипаты

1. 1 Туынды сөздер . . . 8

1. 2 Кітаби тілдік (шағатайша) морфологиялық тәсілдер . . . 18

ІІ Морфологиялық тұлғалардың қызметі

2. 1 -мақ жұрнақты тұлға . . . 23

2. 2 -ар жұрнақты тұлға . . . 31

2. 3 -сы жұрнақты тұлға . . . 39

2. 4 Ортақ етіс тұлғасының көптік категорияны білдіруі . . . 40

ІІІ Морфологиялық тұлғалардың кейбір ерекшеліктері

3. 1 Шартты рай тұлғасының керек сөзімен тіркесі . . . 42

3. 2 Кейбір етістіктердің сөздерді меңгерудегі

ерекшеліктері . . . 43

3. 3 Кейбір морфологиялық тұлғалардың сыртқы

формасы жағынан варианттылығы . . . 45

3. 4 Абай және әдеби тіл нормалары . . . 51

Қорытынды . . . . . . … . . . 56

Пайдаланылған дереккөздер . . . ……. ………59

Кіріспе

Қазақстан қоғамы үшін әлеуметтік-экономикалық, саяси-мәдени өзгерістер мен бәсеке үдерісінде адам ресурсын сапалы дамытудың маңызы өте зор. Оны орындау үшін нарықтық экономикаға негізделген бәсекеге лайықты жаңа заманда жаңаша ойлайтын жеке тұлғаны дайындау шарт. Қазақстан Республикасының президенті - елбасы Н. Ә. Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында білім және кәсіби машық - заманауи білім беру жүйесінің, кадр даярлау мен қайта даярлаудың негізгі бағдары туралы: «Бәсекеге қабілетті дамыған мемлекет болу үшін біз сауаттылығы жоғары елге айналуымыз керек», - деп атап көрсетеді [1] .

Осымен байланысты Қазақстандағы жоғары білім беруге негізделген қазақ тілі маманын даярлау жүйесінің көздейтін мақсаты - жан-жақты дамыған, шығармашылық ойлау қабілеті жоғары, өз бетімен білімін жетілдіре алатын, мамандығы бойынша қажетті білім, іскерлік, дағдысы қалыптасқан терең білімді, білікті, ізгілікті маман даярлау.

Қазақстандағы соңғы жылдары болып жатқан әлеуметтік-саяси өзгерістер білім беру жүйесінің барлық салаларына қарқынды өзгерістер алып келді. «Білім туралы заң», «Жоғары білім туралы заң», «Қазақстан республикасы гуманитарлық білім беру бағдарламасы», «Қазақстан республикасында жоғары білімді дамыту стратегиясы», «Білім беру туралы мемлекеттік бағдарлама», «Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасы» т. б. мемлекеттік құжаттар білім беру мазмұнын анықтап беріп отыр. Аталмыш құжаттарға сәйкес жоғары білім беруді дамытуда көзделетін негізгі мақсат: «Оқытудың жоғары сапасын қамтамасыз етуге қабілетті және ғылым, мәдениет, білім беру процесін бірлікте тану негізінде жас ұрпақты тәрбиелейтін жоғары білім берудің тұңғыш жаңа ұлттық моделін қалыптастыру болып табылады» [2, 7] .

«Білім беру - қоғам мүшелерінің адамгершілік-интелектуалдық, мәдени және дене дамуы мен кәсіби біліктілігінің жоғары деңгейіне қол жеткізуді мақсат ететін үздіксіз тәрбиелеу мен оқыту процесі» [3, 180] .

Осыған сәйкес жоғары білім беру маманның болашақ қызметіне сәйкес біртұтас, жүйелі, іргелі білім, кәсіби іскерлік, дағдылармен қаруландыруды және арнайы шығармашылық және ғылыми ізденушілік қабілеттерін дамытуды көздейді. Осы мақсаттағы дипломдық жұмыстың тақырыбы « Абай қарасөздерінің морфологиялық ерекшеліктері» деп аталады.

Зерттеудің өзектілігі Бертіндегі жазу нұсқаларының, әсіресе жеке жазушы тілінің грамматикалық құрылысын сөз еткенде, классикалық грамматиканың тәртібімен бастан- аяқ барлық категорияларды суреттеп шығудың қажеттігі жоқ. Әдетте әңгіме «ерекшелік» болып түсетін грамматикалық тұлға тәсілдер айналасында болады. Ол ерекшеліктердің өзі әдеби тілдің қазіргі нормасымен салыстырылып айқындалады.

Өткен ғасырларда жазылып алынған ауыз әдебиеті үлгілерінің ( өлеңмен берілген эпостардан бастап, қара сөзбен айтылған қарапайым ертегі-аңыздарға шейін), сол кезде баспа бетін көрген жеке ақындар шығармаларының, екі тілдік сөздіктердің, ХІХ ғасырдың ІІ жартысындағы қазақ баспасөзінің тілдеріне және қазақ тілі грамматикасы туралы өткен ғасырда орыс ғалымдары жазған ғылыми мағлұматтарға қарағанда, қазақ тілінің негізгі грамматикалық тұлға-тәсілдері қазіргі кездегіден көп ажыратылмайтын сипатта қалыптасып үлгергені көрінеді. Әсіресе қазақ тіліндегі септеу, тәуелдеу, жіктеу жүйесі ХІХ ғасырдан да көп бұрын қазіргі нормада тұрақталған. Сондай-ақ етістік саласындағы біраз категориялар ( шақ, етіс, жекеше-көпшелік т. б. ) қазіргідей түрінде нормаланған. Әрине, бұдан ешбір айырма - өзгеріс жоқ деген тұжырым шығуы мүмкін емес. Мысалы, кейбір морфологиялық тәсілдің сыртқы тұлғалануы жағынан өзгешелеу болуы мүмкін: баратұғын ~ баратын, менен~ мен, дайын ~ дай т. т. Немесе бір грамматикалық мағына бірнеше амалмен берілуі мүмкін, айталық, қимыл қажеттілігін (осы күнгі бару керек тұлғасы) бірнеше тұлғамен беру: бармақ керек, бармаққа керек, барарға керек, барса керек, бару керек, баруға керек. Сондай-ақ сөз тудыру саласында едәуір өзгешелік болады: қазірде актив жұрнақтар өткен ғасырда әлі бұл дәрежеге жетпеген болу мүмкін, немесе белгілі бір жұрнақтың тудыратын мағынасы осы күнгіден өзгеше болып келеді. Сол сияқты проза тілінің синтаксисі соңғы жүз жылдың ішінде едәуір айырма - өзгерістерге ие болды. Ол өзгерістерді туғызған себеп-факторлар да әр алуан. Сайып келгенде барлығы да әдеби тілдің нормалану процесіне қатысты болғанмен, сол процесс жолында себепкер болған мотивтер түрліше болып келеді, оның ішінде ықшамдалу құбылысы да бар, дифференциация тенденциясы да бар ( қазірде -мақ жұрнақты тұлғаның қимыл есімі үшін ажыратылуы ), өзге тілдердің әсері де ( әсіресе синтаксистік құрылыста ) себепкер болады т. т. Сондықтан осылардың барлығы Абай тілінің грамматикалық құрылысын да сипаттап өтуді қажет етеді.

Осы айтылғандар зерттеу нысанына алынып отырған тақырыптың өзектілігін көрсетеді.

Зерттеу жұмысының мақсаттары мен міндеттері Зерттеуде көздейтін мақсатымыз -

ең алдымен, әдеби тіліміздің даму барысының бір дәуіріндегі - ХІХ ғасырдың ІІ жартысындағы- грамматикалық сипатын көрсету.

Екіншіден, грамматикалық тұлға-тәсілдерді активтендіру, нормалау ісіндегі Абайдың қызметін таныту.

Үшіншіден, грамматикалық тұлға - тәсілдердің қазақ поэзия тілі мен проза тілінде, соңғының әр алуан стильдеріне қарай дифференциялану актісін айқындау.

Бұл мақсатқа жету үшін төмендегі мәселелердің шешімін бағалау міндеттері қойылды:

- Абай қара сөздерінің морфологиялық сипаты;

- Морфологиялық тұлғалардың қызметі ( -мақ жұрнақты тұлға; -ар жұрнақты тұлға; ортақ етіс тұлғасының көптік категорияны білдіруі) ;

- Морфологиялық тұлғалардың кейбір ерекшеліктері (Шартты рай тұлғасының керек сөзімен тіркесі; Кейбір етістіктердің сөздерді меңгерудегі ерекшеліктері; Кейбір морфологиялық тұлғалардың сыртқы формасы жағынан варианттылығы; Абай және әдеби тіл нормалары) .

Зерттеу нысаны - Абайдың қара сөздері, тілдің грамматикалық құрылысына қатысты зерттеулер, пікірлер мен ізденістер.

Зерттеу әдістері мен тәсілдері Жұмысты жазу барысында сипаттама, талдау, жүйелеу, жинақтау, саралау, тарихи-салыстырмалы, сараптау, қорыту әдістері қолданылды.

Зерттеудің дереккөздері Абай тілін зерттеуде оның алдындағы, тұсындағы қаламгерлер тілі де қажетінше (әсіресе Ы. Алтынсарин) талданып отырылды. Бұл материалдар, сондай-ақ Абай тіліндегі кейбір жеке жайларға арналған мақалалар, «ХУІІІ-ХІХғ. қазақ ақындарының шығармалары» кітабы бойынша берілді, сондықтан мысалдардарда кітап беті ғана көрсетілді.

Зерттеу жұмысының теориялық және әдіснамалық негіздері проф. Қ. Жұмалиевтің[4], Р. Сыздықтың[5] еңбектері, Абай шығармаларының жинағы, сондай-ақ Абай тіліндегі кейбір жеке жайларға арналған баспа бетін көрген ғылыми мақалалар бұл жұмысымыздың орындалуына тікелей жәрдемін тигізіп, ғылыми тірек-таяныш болды. Абайдың өзінен келтірілген мысалдар оның екі томдық шығармалар жинағы бойынша [6] алынды.

Жұмыстың ғылыми жаңалығы Әдеби тіліміздің даму барысының бір дәуіріндегі - ХІХ ғасырдың ІІ жартысындағы- грамматикалық сипатын Абай тілі арқылы көрсетіліп, қазақ әдеби тілін дамытудағы қосқан үлесі, жаңалығы, орны анықталып, грамматикалық тұлға-тәсілдерді активтендіру, нормалау ісіндегі Абайдың қызметін танытылады.

Зерттеу жұмысының практикалық маңызы Зерттеуде алынған нәтижелер және зерттеу материалдары оқулықтар мен оқу құралдарын жасауда, морфология пәні, функционалды грамматика бойынша лекциялар курсында кеңінен қолданылады.

Зерттеу жұмысының құрылымы Диссертация кіріспе, үш тарау, қорытындыдан тұрады. Соңында пайдаланылған дереккөздер тізімі берілді.

1 Абай қара сөздерінің морфологиялық сипаты

1. 1 Туынды сөздер

Қара сөздер деп ат қойып алған прозалық шығармаларының өзін жақсылап танып алсақ. Абайдың қара сөздері жайында кеңінен сөз етіп, толық баға барген адам - М. Әуезов болатын. Ол өзінің монографиялық еңбегінде: «Қара сөздер көркем прозаның өзіне бөлек, бір алуаны болып қалыптасады. Бұлар сюжетті шығармалар емес. Бұрынғы жазушылар қолданған естегі, мемуар да емес. Стиль, мазмұн жағынан алғанда, осы шығармалар Абайдың өзі тапқан, бір алуан көркем сөздің түрі», - деп бағалады [7, 213] .

Туынды сөздер ыңғайында Абайда кездесетін сөз тудырушы жұрнақтарды және синтаксистік амалдарды регистрациялап шығу мақсатын көздейміз. Талдау үстінде кейбір аффикстердің қызметтері ғана емес, олардың актив-пассивтілігі, стильдік немесе басқа да мотивтерге орай пайдаланылғандығы қоса сөз болып отырады.

Талдау барысында бірінші орында сөз жасаудың морфологиялық тәсілі, яғни жұрнақ жалғау амалы тұратындығына, екінші орында синтаксистік тәсілдерден сөзді қосарлау және тіркестіру жолдары келетіндігіне қөз жеткізуге болады.

Абай тіліндегі ең өнімді жұрнақ -лық, (-лік, -дық, -дік, -тық, - тік) . -лық арқылы жасалатын сөздердің морфологиялық құрылымы біркелкі емес: ол негізгі түбір тұлғаға да ( первичная основа), туынды тұлғаға да (вторичная основа) жалғанған. Әрине, ең көп ұшырасатыны - бұл жұрнақтың тікелей түбірге жалғануы: адалдық, адамдық, азаматтық, азаттық, ақымақтық, аламандық, арамдық, байлық, балалық, балуандық, барлық, батырлық, беріктік, билік, болыстық, бірлік, дұшпандық, ездік, еркелік, жақсылық, жалғандық, жамандық, жастық, жомарттық, жоқтық, жүйріктік, жылмаңдық, жылылық, жігіттік, зарлық, зорлық, имандық, иттік, кәрілік, кедейлік, кедендік, кісілік, қарсылық, қастық, қаттылық, қомдық, қорлық, қулық, құдайлық, құмарлық, масқаралық, мастық, момындық, мырзалық, надандық, оңайлық, ортақтық, өрлік, паңдық, салғырттық, салдарлық, солдаттық, софылық, суықтық, тентектік, тоқтық, тірілік, шалқақтық, шеберлік, шешендік, хақтық, ұрлық, ұсақтық, үлкендік, ынтықтық т. б.

-лық жұрнағы жалғанған түбірлер төл сөздер де, араб-парсы сөздері де (ғашықтық, софылық, хақтық, растық), орыс сөздері де (солдаттық, болыстық) болып келеді.

Бұл жұрнақтың түбір сөзге жалғанғандағы беріп тұрған (Абай тілінде) мағыналары мен қызметтері мынадай:

  1. Абстракт ұғымдарды, яғни құбылыс, күй, сапа атауларын, адам өмірінің кезеңдерін т. б. білдіретін зат есімдер жасайды: адамдық, адалдық, байлық, кедейлік, балалық, жігіттік, кәрілік, достық, дұшпандық, иттік, қулық, құмарлық, надандық, растық, болыстық ( екі мағынада: бірі- әкімшілік инстанциясының жинақты-абстракт атауы, екіншісі - болысу етістігінен жасалған дерексіз ұғым аты) . Бұл тәсіл және осы көрсетілген мысалдар қазақтың жалпы халықтық тіліне тән, сондықтан оларды ауыз әдебиеті үлгілерінен де, өзге ақындардан да жиі кездестіреміз. Абайдың осы модельмен бірнеше жаңа сөз жасап әдеби тілге қосқанын жоғарыда айттық.
  2. -лықжұрнақты модельді Абай әсіресе аударма шығармаларында актив пайдаланған: Жанында суықтық бар бір жасырын [6, 104] - И царствует в душе какой-то холод тайный (Лермонтовтан) . Азаттық пен тыныштық көксегенім [6, 213] - Я ищу свободы и покоя (Лермонтовтан) . Кеудемде осы жүрек тұрған шақта, Жақсылық жоқ өзіме мен дәметер [6, 100] - Пока сердце в груди моей бьется, Не увидит блаженства оно (Лермонтовтан) . Жаның шошыр өрлігі жаннан бөлек, Кісіге балдан тәтті орны келген [6, 72] . Бұлардың барлығында да орыс тіліндегі түбір және туынды дерексіз есімдердің баламасын-лықжұрнақты туынды сөздермен берген [5, 190] .
  3. -лықжұрнағы арқылы жасалған сөздердің бір тобы нәрсе атауларын білдіретін зат есімдер болып келеді: ахиреттік (кебін), жарлық, қомдық, ішкілік. Бірақ бұл типті туындылар Абайда көп емес және барларының өзі халық тілінен алынғандар. Бұл үлгімен Абай өзі жаңа сөздер жасамаған. Бұл модельмен оқулық, сөздік, орталық (зат есім мағынасындағы) тәрізді көптеген жаңа сөздердің жасалуы соңғы екі - үш он жылдықтардың жемісі екені белгілі. Мысалы, жарлық- өте ертеден келе жатқан туынды сөз. Жалпы халық тілінде және Абай тілінде бұл сөз екі мағынада жұмсалған: а) хан, патша т. б. тәрізді өкімет иесінің бұйрығы, әмірі: Жарлықты кешіктірмей тез беріңіз[6, 134] . б) құдайдың «бұйрығы», «кесімі», «жазғаны» : Жарлығы күшті иенің.
  4. Қазіргідей аса актив болмаса да, -лықжұрнағының Абайда сын есім жасайтын сәттері бар. Ғашықтық сөзге жүйрік әсіресе [6, 72] . Құдайға туысқандық іс емес пе? [6, 86] . Құдайлық құдірет [6, 184] т. б. Бұл жұрнақ арқылы жасалған сын есімдер бұрыннан да бар болатын, бірақ, біріншіден, бұлар өте сирек, некен - саяқ кездесетін. Мысалы, біз ауыз әдебиеті үлгілері мен өткендегі ақындардан-лықжұрнақты сын есімнің мезгілдік шамаға қатысы жоқтарынан он шақтысын ғана таптық. Олар: Қорен айтқан тайлық оқ[«Қыз жібек», 1957, 25] . Тебінгілік жүні жоқ [сонда, 47] . Жаулық жолын сүймеңіз. Екіншіден, бұлардың барлығы еркін тіркестен гөрі тұрақты тіркеске жақын. Үшіншіден, -лық жұрнағы арқылы жасалған сын есімдердің белгілі бір система құрайтындары ( әрі жиірек қолданылатыны) сан есімдермен тіркескен мезгіл мәнді сөздерге ( ай, күн, жыл, түс) жалғанып келуі: қырық күндік ( ~ күншілік) шөл, бір жылдық азық.

Кейде мезгіл мәнді сөздер сан есімсіз жеке тұрып-ақ -лық жұрнақты сын есім болып келеді: Күндік жерден қарасын. «Түстік өмірің болса, күндік мал жи» (мақал) . Абайда бұл типтес туындылар да бар: бес күндік өмір [6, 190], бір күндік өмір [6, 162] .

Ал жоғарғы келтірілген ғашықтық сөз, дұспандық іс, құдайлық құдірет дегендер аз болса да, біріншіден, еркін тіркестер екенін танытады, екіншіден, -лық жұрнағының сын есім жасауда мезгілдік шаманы білдіру тәрізді нормадан асып, қызмет аясын кеңіте түскенін танытады. Сөйтіп, Абайдағы ғашықтық сөз дегендер осы күнгі туынды сын есімдердің өте активтенген түрлерінің алғашқы қарлығаштары (үлгілері) болып келеді.

Бұлар -лық аффиксінің түбір сөзге тікелей жалғанған түрлері мен қызметтері. Қалған жағдайларда -лық жұрнағы туынды түбірлерге жалғанған, яғни өзге аффикстермен тіркесте келеді. Олар: -шы+лық, -ар+ лық, -ды+лық, -сыз+дық қосындылары.

-шы+лық деген аффикстер тіркесі Абай тіркестерінде екі күйде кездеседі: бір ретте ол ажыратылмайтын жұрнақ болып келеді. Мысалы, жаманшылық, таршылық, жылшылық, қоршылық, адамшылық, қапашылық, құлшылық, құдайшылық, наданшылық, хүсідшілік, күншілік, кемшілік, әурешілік, тіршілік, кеңшілік, бұзақышылық, әдемішілік сөздеріндегі екінші компонентін кәсіп не мамандық иелерін білдіретін жұрнақ деп табуға болмайды [8, 213] .

Абай қолданған суретшілік, қайыршылық, тіленшілік, бәйітшілік, қойшылық сөздеріндегі жұрнақтар құрамын кәсіп, мамандықты білдіретін

-шы жұрнағы мен дерексіз ұғым атауын атауын жасайтын -лық жұрнақтарының қосындысы деп ажыратуға болады.

Сөйтіп, -шылық жұрнағының екі түрінің екеуін де Абайдың аса актив пайдаланып, онымен жасалған мынандай мағыналарды білдіретін сөздерді қолданған:

1) Адамға тән қасиет, белгі, күй, қылықтарлың атауы абстракт атауы: жаманшылық, өтірікшілік, адамшылық, құлшылық, наданшылық, күншілік, кемшілік, бұзықшылық т. б. Бұл жерде, -шылық аффиксі -лық аффиксінің дублеті тәрізді болып келеді. Абайда жамандық -жаманшылық, қорлық- қоршылық, адалдық- адалшылық, құдайлық- құдайшылық параллельлерін табамыз. Екі қатардың екеуі де абстракт ұғымдарды білдіреді. Айырмасы- бірінші қатары түбірдегі мағынаға қатысты жалпы абстракт ұғымды білдірсе (жамандық), екінші қатардағылар адамға тән қасиет, белгілердің абстракт атауын білдіреді: жаманшылық- адамның мінез-құлқындағы, жүріс-тұрысындағы атауы.

2) Белгілі күй, құбылыс атауы. Бұлар Абайда сан жағынан көп емес, олар: кеңшілік, тіршілік, таршылық, жоқшылық, ашаршылық, «алыс, қашық күй » мағынасындағы жылшылық (Екі көңіл арасы жылшылық жер- І, 200) . Соңғысынан басқалары жалпы халықтық тілде бар сөздер. Тіршілік пен тірлік Абайда да, өзгелерде де мағыналық айырмашылықтары жоқ тең дублеттер.

3) -шы +лық болып ажыратылатын түрімен жасалған сөздер адамның кәсібінің, мамандығының түрін білдіреді: Суретшілік, бәйітшілік, қойшылық. Абайда да, оның алдындағыларда да бұл жұрнақтар қосындысымен осы күнгі тіліміздегідей шаруашылық салаларын атау ( егіншілік, бақшашылық, шаруашылық) фактісі жоқ.

Келесі күрделі ( құранды) жұрнақтың бірі - лы +лық адамның ішкі қасиеттерін білдіретін дерексіз есімдерді жасайды: тоқтаулылық, шыдамдылық, арлылық, намыстылық, табандылық, талаптылық, рахымдылық, мейірбандылық, байлаулылық, естілік. -лы +лық аффикстері арқылы Абай көптеген жаңа сөздер жасаған: тоқтаулылық, байлаулылық, арлылық, намыстылық тәрізді сөздер халық тілінде потенциялды болғанмен, Абайдан өзге нұсқалардан көп кездеспейді[5, 193] .

-лы +лық аффикстер қосындысының антонимі -сыз+дық құрамасы. Бұл да активтенуі жағынан да жаңа туындылар жасау жағынан да Абайда -лы +лық жұрнағымен қатар тұрады: білімсіздік, жігерсіздік, ұятсыздық, қайратсыздық, қайғысыздық, тиянақсыздық т. б.

- лық жұрнағының бұлардан басқа есімше жұрнақтарымен (-ар, -ған) және етістіктің -мақ жұрнағымен қабаттаса қолданылғандары Абай тілінде орын алады. -Мақ+тық тұлғалы сөздер -мақ жалғанған қимыл иесінің есімінен дерексіз ұғым атауын жасайды: табылмақтық, танымақтық, айырмақтық, иланбақтық, сүймектік, қызықпақтық. Бірақ бұларда өзбек тіліндегідей қимылдың орындалу мүмкіндігін білдіретін оттенок жоқ. Бұл туынды сөз мағынасы жағынан -мақ немесе жұрнақты және -у+шы+лық жұрнақты тұлғалары сай келеді: сүймектік ~ сүймек ~сүю~ сүюшілік, - мақ пен жұрнақтарының өзі сөзге абстракциялық мән береді: жүру немесе жүрмек - жүру қимылының жалпы атауы (орысша хождение дегенді білдіреді) . Мұның үстіне -лық жұрнағы тіркескенде абстракция одан әрі күшейеді. Абай осы күнгі жұрнақты қимыл есімінің орнына көбінесе -мақ жұрнақты тұлғаны қолданғандықтан, оның етістік негіздерінің дерексіз ұғымдағы есім жасауда -мақ+тық қосындысын жиі пайдалануы түсінікті болып шығады. Әсіресе бұл тәсіл оның прозасының тіліне тән. Қазірде - мақ+тық түріндегі аффикстер қосындысынан туынды сөз жасау - өнімді тәсіл емес.

Есімшінің -ған жұрнақты түріне -лық аффиксін жалғап жасалған тұлғалар да Абай текстеріне жат емес: білгендік, үйден шықпағандық қылып, зор болғандық әсері, арызы жеткендік, сыйы өткендік, заман өзгергендіктен ескіріп, жан кеудеден шықпағандық, адам жаулағандық т. б.

Қазіргі қазақ тілінің нормативтік-ғылыми грамматикаларында мұндай тұлғаның (-ған+дық ) бар екендігі туралы ауызға алынбайды, ал шындығында бұл қазіргі нормамызда өнімді тәсіл бомаса да, тіл тәжірибесінде мүлде жоқ тұлға емес. Абай туынды сөздің бұл түрін өте актив қолданған, өткен шақтық есімшелерге -лық жұрнағын жалғау - есімшені субстантивтеудің, ал кей жерде адъективтеудің (зор болғандық әсері) грамматикалық тәсілі болып табылады.

Келер шақ есімшеге (-ар жұрнақты) -лық жұрнағын тіркеу арқылы жасалған тұлғалардың қызметі мен мағынасы бұдан гөрі өзгеше:

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Қазақ тілі сабағын Абай шығармашылығымен байланыстыру
Қазақ тіліндегі араб әдеби кірме сөздері
Грамматикалық мағына мен грамматикалық форма сәйкестігі
Қазақ сөзінің бапкері
Сан есімнің (күрделі) сөзжасамы
Қазақ поэзиясындағы есімдіктер
Сын есімнің зерттелу тарихынан мағлұмат
Сын есімнің семантикалық және граматиқалық сипаты
Функционалды-семантикалық өріс проблемасы
Одағай сөздердің этимологиялық негіздері
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz