Абай дүниетанымының экзистенциалдық сипаты


Пән: Әдебиет
Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 130 бет
Таңдаулыға:   

Абай дүниетанымының экзистенциалдық сипаты

Мазмұны

КІРІСПЕ 3

1 АБАЙ ДҮНИЕТАНЫМЫНЫҢ ЭКЗИСТЕНЦИАЛДЫҚ

СИПАТЫНЫҢ ТАРИХИ-ӘЛЕУМЕТТІК ЖӘНЕ РУХАНИ

СЕБЕПТЕРІ

1. 1 АБАЙ ДҮНИЕТАНЫМЫНЫҢ ЭКЗИСТЕНЦИАЛДЫҚ

СИПАТЫНЫҢ ТАРИХИ-ӘЛЕУМЕТТІК СЕБЕПТЕРІ 11

1. 2 ҚАЗАҚ РУХАНИ МӘДЕНИЕТІНІҢ АБАЙ

ДҮНИЕТАНЫМЫНА ӘСЕРІ . . 32

1. 3 ҰЛТТЫҚ ФИЛОСОФИЯ МЕН АБАЙ

ДҮНИЕТАНЫМЫНДАҒЫ ЭКЗИСТЕНЦИАЛДЫҚ

ҮНДЕСТІКТЕР 48

2 АБАЙ ДҮНИЕТАНЫМЫНЫҢ ЭКЗИСТЕНЦИАЛДЫҚ

СИПАТЫНЫҢ КӨРІНІСТЕРІ

2. 1 АБАЙ ПОЭЗИЯСЫНДАҒЫ ЭКЗИСТЕНЦИАЛДЫҚ

ТОЛҒАНЫСТАР 67

2. 2 АБАЙДЫҢ "ҚАРА СӨЗДЕРІ" - АДАМ БОЛУ

ЖӘНЕ ӨМІР КЕШУ ШАРТТАРЫНЫҢ ҚАҒИДАСЫ 77

2. 3 "ҚАРА СӨЗДЕРДЕГІ" АЛЛА МЕН АДАМ

БОЛМЫСЫНА ЭКЗИСТЕНЦИАЛДЫҚ САРАПТАМА 91

2. 4 АБАЙ ДҮНИЕТАНЫМЫНЫҢ ЭКЗИСТЕНЦИАЛДЫҚ

СИПАТЫМЕН БАТЫС ЭКЗИСТЕНЦИАЛИЗМІНЕ

САЛЫСТЫРМАЛЫ ТАЛДАУ 101

ҚОРЫТЫНДЫ 121

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ 123

Кіріспе

Зерттеу тақырыбының өзектілігі. "Экзистенция" - өмір сүру, тіршілік ету, күн кешу деген түсініктердің баламасы. Адам дүниеге не үшін келді? Адам өмірінде қандай мән бар? Ол өз ғұмырын қандай мұрат-мақсаттарға арнауы қажет? Алдына қойған мақсаттарға жету жолында нендей құндылықтарды ұстанып, тұтынуы керек? Нендей қасиеттер адам табиғатына сай келмейді? Осы тектес сан алуан сауалдар экзистенциалдық ізденістерге негіз болады және соларға жауап іздеуге мәжбүр етеді. Белгілі философ ғалымдар Әбдімәлік Нысанбаев, Ғарифолла Есім рухани еркіндік алған алғашқы жылдардан бастап-ақ "Қазақ философиясы адам, адамгершілік философиясы, адамның өмір сүру философиясы, экзистенциалдық философия деген пікірлер айта бастады [1] . Соңғы он жылдағы дүниеге келген философиялық туындылар осы пікірлердің дұрыстығын дәлелдей түскендей.

"Философиялық ағым ретінде экзистенциализм Батыс Еуропалық философияда ХХ ғасырда пайда болды, ал қазақ философиясына келсек, ол басынан бастап, экзистенциалдық сипатта болды деген тұжырым жасауға болады. Өмірдің мәні мен мазмұны, өмір мен өлім, мәңгілік мәселелері қазақ философиясының ерекше Қорқыт ата, Абай, Шәкәрім, Мағжан Жұмабаев философиялық жүйелерінің ұйытқысы болды" [2, 66 б. ] .

Қазақ дүниетанымы, дүние түсінігі адам өмірінің мағынасын, мәнін, тіршілік ету тәсілін айқындайтын өмір, өлім, намыс, ар-ұят, махаббат, ізгілік, адалдық, даналық, тағдыр, обал, тәубе, шүкірлік, сабырлық, қанағат, рахым, білім, өнеге секілді экзистенциалдық сарындағы ұғымдарға толы. Және де олар жалпылама моральдық-этикалық ойлар ретінде атүсті каралмайды, сонау Қорқыттан Абайға дейінгі аралықтағы қазақ философиясының тарихына тұғыр болып, өшпес із қалдырған, қазақтың ұлттық табиғатына, этникалық санасына еніп, рухани қайсарлығын байытып, ерекше менталитет құраған темір қазық, алтын діңгек іспеттес аталы түсініктер ретінде бағаланады.

Тағы бір айта кететін жайт, кейде кәсіби философтар қауымының алқасында экзистенциалдық философия жайынан әңгіме қозғалғанда, бұл философия тек XX ғасырға және де Еуропаға ғана тән рухани кұбылыс деп тану белең алған. Еуропацентрлік аурудан толық айыға алмай жүрген кейбір ғалымдарымыз экзистенциалдық философия өкілдері Къеркегор, Хайдеггер, Ясперс, Сартр, Камю, Аббаньяно ғана деген пайымдаудан да арыла алмай жүр. Шын мәнінде, экзистенциалдық сұрақтар адамзат тарихында өзінің адами табиғатын түсіне бастаған жай тұлғалардан бастап, Конфуций, Гаутама, Сократ, Платон, Аристотель, Фараби, Кант, Толстой, Абай секілді ғұлама ойшылдардың бәрін мазалап келгені сөзсіз.

Сондықтан Еуропаның XX ғасырдағы экзистенциализмі Батыс өркениетінің кезекті бір дағдарысының туындысы ретінде ғана қаралуы қажет. Және де бұл философия пессимистік сарынға жүгініп, сарыуайымға жол берген көзқарастар жиынтығы. Оның басты ұғымдарын келтірер болсақ, олар: үрей, қорқыныш, жаттану, күйзеліс, өлім, өмір, сенім, қайғы, азап, күншілдік, бақталастық, әділетсіздік, қатыгездік, бақытсыздық. Осындай сезімдер жайлаған мағынасыз өмірден кұтылудың жалғыз жолы - өлім. Адамның шын табиғаты, тек қана бір сәтте өлім аузында тұрған мезетте ғана айқындалады. Оған дейінгі бүкіл өмір жалған, жалған императивтерге мойынсұнып келеңсіз өмір кешу. Сондықтан бұл экзистенциализм толығымен пессимистік, сарыуайым сарындағы, адамды қоршаған дүниені ешбір мәні жоқ, абсурдқа айналдыратын дүниетаным түрі.

Экзистенциалдық сипаттағы қазақ философиясы мүлде өзгеше. Өзінің өсіп-өркендеу, даму сатыларында небір қиямет-қайым сәттерде белгілі халық жазушысы Әбіш Кекілбаев сөзімен айтқанда, қылпып жатқан қылыштың жүзін алақанымен сипап жүріп дәйім қыл көпірдің үстінде күн кешуге тура келген қазақ зердесінен бір мезгілде имандылықты, жауапкершілікті, сүйіспеншілікті, қайырымдылықты, қонақжайлылықты шығармай өмірге деген құштарлық қасиетін тік ұстап өткен халық.

Ұлттық философия сонау Анарыс, Фарабилерден бастау алып, ежелгі шығыс және грек дүниетаным жүйелерінен саналы түрде адами және әлеуметтік-этикалық сипаттағы "мәңгілік" мәселелерді өзіне арқау ете отырып, ойлау, саралау, талдау тақырыбына, объектісіне айналдырғаны даусыз.

Анарыстың грек білім беру жүйесін отандастарына танытып, скифтерді ең өркениетті ел қатарына қосу арманы, Фарабидің адам өмірінің мақсаты-бақытқа жету, ал қайырымды қала дегеніміз шынайы бақыт туралы нақты білімі бар және оған жету жолдарын айқын білетін, соған сәйкес іс-әрекет жасайтын адамдар қоғамдастығы деген пікірі, Баласағұнның адам өмірінің мақсаты-кісілік деңгейден көріну деген қағидасы, қазақ ойшылдарының тебіренісі оптимистік шеңберде, яғни, адамның адами табиғатына шексіз сенім білдірген идея аясында орын тебетінін көрсетеді.

Тағы бір ой алыбы Қожа Ахмет Ясауидың пайымдауынша, адамның басты мақсаты - кемел адам (Әл Нисан Әл Кәмил) деңгейіне жету болып табылады. Белгілі Ясауитанушы профессор А. Абуов өзінің Ясауи дүниетанымына арналған еңбегінде былай дейді: "Ясауи сопылығына тән нәрсе - адам өзіне ең жоғарғы сатылық мақсат қояды, ол мақсат құдаймен толық тұтасу, осы жолдарда ол құдайды неғұрлым шын сүйген сайын, соғұрлым оған жақындай түседі. Ол ұнатпайтын қасиеттерден арыла түседі" [3, 93 б. ] . Яғни, адами келбетін сақтап, өзін-өзі кемелдей түсу үшін нәпсілік, надандық, күнәһарлық пиғылдарын тыйып, Алла жолына түсу кажет. Дін ислам тарихында ондай муслимдердің болғанына дәлел ретінде Ясауи, пайғамбарымыз бен Мансүр Әл Халладж есімдерін келтіреді. Ясауидың өзі де осы кемел адамдар қатарына жатары сөзсіз.

Ясауидің "Даналық кітабына" өзек болған кемел адам ілімі Абай шығармашылығында көп талданатын толық адам идеясымен жалғасты. Екі данышпанның көп ой-тұжырымдары бірімен-бірі іліктесіп, сабақтасып, үндесіп жатады. Дегенмен, Абай дүниетанымындағы экзистенциалдық сауалдар қазіргі күн кешіп жатқан өткінші заман секілді қиын-қыстау кезеңде, халқының болашағын ойлап аһ ұрған, дүние құбылыстарын поэтикалық санамен өлшейтін өте сергек те сезімтал дана тұлғаның жүрек жарды тыныстары еді. Абай жанының күйзелісі, жалғыздығы, оның сөзін, терең, тұңғиық дүниетанымдық саптауларын түсінетін шәкірттерінің аздығы өзінше бөлек бір әңгіме.

"Қара сөздерінің" бірінші сөзіндегі: "Бұл жасқа келгенше жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе, әйтеуір біраз өмірімізді өткіздік, алыстық, жұлыстық, айтыстық, тартыстық - әурешілікті көре-көре келдік. Енді жер ортасы жасқа келдік: қажыдық, жалықтық, қылып жүрген ісіміздің бәрінің баянсызын, байлаусызын көрдік, бәрі қоршылық екенін білдік. Ал, енді қалған өмірімізді қайтып, не қылып өткіземіз?" [4, 89 б. ] деген экзистенциалдық сұрақ Абай дүниетанымын жаңа ой елегінен өткізуге ұмтылдырады.

Ішкі жан дүниесінің тебіренісін, өз ұлтынан бүгіп калмаған Абайды кейде уайымшыл, діншіл Абай деп те айтып жатады. Бірақ "үмітін үзбек -қайратсыздық", "қары қалың қыстан соң, көгі қалың, суы мол жаз келеді", - деп жырлаған ақынды болашаққа сенбеді деу жаңсақтық.

Хакім кешегіден де бүгінімізге қажет. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Абай мерейтойында сөйлеген сөзінде осы жайтты нықтап-нықтап айтқан болатын. "Абайды мұқият оқыған адам оның көзқарастары күні бүгінгі нарық экономикасымен де тікелей үндес екенін айқын аңғарар еді: Абай әлемі бізді жеті түнде адастырмас темір қазық іспетті. Соған қарап тірлігіміздің дұрыс-бұрысын сараптай аламыз. Өйткені жанды жегідей жеп жүрген көп сауалдың жауабын Абай әлдеқашан айтып кеткен. Абайды оқып отырып-ақ, көштің басын баяғыда-ақ жөнге салып алуға болатын еді. Сорлатқанда біреудің уақыты жетпейді, біреудің ұғымы жетпейді, біреудің атымен зауқы жоқ. Өз халқын "жұрт болсын, өссін, өнсін" дейтін әрбір азамат әуелі Абайды оқысын. Абайға құлақ ассын" [5] . Абайды оқып, данаға кұлақ ассақ экзистенциалдық ой-тұжырымдардың ең шүйлісін, оның кара сөздерінен, өлеңдерінен кездестіреміз.

Әр заманда момынның жоғын жоқтап, мұңын тыңдап, жағдайын жасауға тырысқан халық перзенттері ғаделет, рахым, қайрат, қажыр иелері болған. Абай сөздерінде ондай кісілерге тән қасиеттер мыналар: махаббат, шапағат, нысап, мархама, таза пиғыл, мағрифат, көкірегі-көңілі тірілік, имандылық, мұсылмандық, еңбекқорлық, адалдық, ұяттылық, бауырмалдық, мейірімділік, сезімталдық, ақылдылық. Адамшылық, адам табиғатына сай болу үш ғашықтықтан туады. Бірінші, дүниені, адамның өзін жаратқан Аллаға ғашықтық. Ғылым алланың бір сипаты болғандықтан, ғылымға ғашықтық. Алланың жолы хақиқат жолы болғандықтан, хақиқатқа, растыққа ғашықтық. Ал егер мал, мақтан, қадір, сый, құрмет, алланың ықрарымен, адамды өзі іздеп тапса, ол адамды бұзбайды, керісінше адамдыққа көрік береді.

Пендешіліктен туатын жағымсыз қасиеттер де көп болмаса, аз емес. Ондай қасиеттер бойын жайлаған адамдарды Абай жарым адам, жарым мұсылман деп атайды. Олар: надандық, еріншектік, зұлымдық, қиянатшылдық, ұятсыздық, арсыздық, менмендік, күндестік, мақтаншақтық, мансапқорлық, тәкаппарлық, жігерсіздік, талапсыздық, салғырттық, жеңілдік, әсемпаздық, ашуланшақтық, қапашылдық, маскүнемдік, тамыршылдық, қанағатсыздық. Бұл сүйкімсіз қасиеттердің бәрін Абай бір деңгейде қоймайды. Олардың біразы бірін-бірі тудырып, адамды азғындатып жатады. Жалғыз қазақ емес, жалпы адамға тән қасиеттер ретінде, хакім үшеуін атайды. "Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек. Әуелі - надандық, екінші - еріншектік, үшінші - залымдық деп білерсің [6, 212 б. ] . Қалғандары да тек қазақ табиғатына байланып, меншіктеніп, қалған сипаттар емес. "Қазақ тарихында қазақ ұялатын ештеңе жоқ" [7], - дейді Н. Назарбаев. Әрине солай.

Бірақ, Абай өмір сүрген дәуір ерекше кезең, қазір басымызға түсіп отырғандай, өтпелі кезең. Ол кезде қазақ өз тағдырын өзі айқындаудан айырылып, өзін өзі ұғыну, кабілетінен ажырап, әрі-сәрі болып болашағын болжай алмай рухани жұтаңдыққа кезіккен кезең болды. Абайды халықтан ажыратып қарауға болмайды, ол да сол заманның перзенті. Соның бәрін көрді, білді, сезді, жазды. Жазғанда жай жазған жоқ, жан айқайымен, тебірене, төгіле, таусыла жазды. Халқын, елін елең еткізу үшін ащы тілмен, аямай, жағымсыз жағдайын, қылығын бетке басып жазды. Сондықтан да халқымыздың ділін, яғни, менталитетін, дінін, тілін сөз қылғанда, тағылым іздегенде Абайдан алшақ кету қиын. Қазақ бүгін өз табиғатын сонау Абай арқылы түсініп отыр.

Сонымен Абай философиясының өзегі адам мәселесі болып, адамның өмір сүру тәсілі, тіршілік ету ерекшеліктері, діні, ділі, білімі, мінез-құлқы, мұрат-мақсаты және де басқа тылсым сырлары сарапқа салынып жатса, мұндай дүниетанымнан экзистенциалдық сипат іздеу біздің рухани тәуелсіздігіміздің бір көрінісі дер едік.

Диссертация тақырыбының зерттелу дәрежесі. Қазақстанда абайтану жолында қалам тартпаған философтар кемде-кем. Оның бірінші себебі "Абай - пайғамбардай пір тұтарлық ақыл-ой алыбы. Ондай құбылыстың құпиясына күллі болмыстың қыр-сырына түгел үңіліп барып түсінуге болады" [8] . Екінші себеп, ұлттық философияның ұлы тұлғаларының қайсыбірін болса да зерттегенде Абай дүниетанымын, шығармашылығын оралып өту қиын. Өйткені, Абай қазақ топырағындағы қалыптасқан ойшылдық үрдістің үлгісі, қазақ табиғатын, болмысын шынайы түсінудің әдістемелік кілті.

Ендеше, егемендік келгелі бері жарық көрген туындылар мыңдап саналады. Дегенмен, олардың арасында мерейтойларға байланысты науқанды сипатта жазылғандары да, арнайы жазылған байсалды, бағдарламалы, концептуалдық еңбектер де кездеседі.

Абайдың рухани қазынасын салиқалы, концептуалдық тұрғыдан зерттеген еңбектер қатарына Ә. Нысанбаев, М. Орынбеков, Ж. Молдабеков, Ғарифолла Есім, Г. Барлыбаева, Т. Айтқазин "Абайдың дүниетанымы мен философиясы" [9], Ғарифолла Есім "Хакім Абай" [10], М. Орынбеков, "Философские воззрения Абая" [11] шығармаларын жатқызар едік.

Жалпы адам мәселесін ғылыми талдауға әдістемелік негіз беретін жұмыстар қатарында белгілі ғалымдарымыз Ж. Алтаев, Ғ. Ақмамбектов, А. Абуов, А. Қасабек, С. Бөлекбаев, Н. Байтенова, Б. Нұржанов, Т. Ғабитов, Қ. Ғабдуллина, Ж. Бекбосынова, Н. Шаханова, К. Бегалинова, Б. Қазыханова, Д. Кішібеков, З. Мұқашев, С. Кенжебаев, А. Наурызбаева, Ә. Қасымжанова, С. Таңқаев, М. Сәбит, Р. Әбсаттаров, Т. Әбжанов, Ѓ. Телебаев, Қ. Рахматуллин туындылары бар.

Соңғы жылдары адамның өмір сүруі, өмір және өлім, әлеуметтік жауапкершілік мәселелеріне байланысты Н. Сейтахметов, Г. Соловьева, С. Колчигин, А. Қапышев, А. Камалиденова, А. Артемьевтың еңбектері жарық көрді.

Ұлттық философияның көптеген мәселелерін ұлттық тілде, жаңаша санамен қарастыру қажеттілігіне байланысты қомақты да терең диссертациялық зерттеулер пайда болды. Олардың қатарында Қ. Бейсенов, А. Тайжанов, Т. Рысқалиев, Т. Айтқазин, Н. Мұсаева, С. Нұрмұратов, Ш. Рысбековалардың жұмыстары бар.

Біздің басылымдарда жарық көрген жұмыстар арасында қазақ тарихындағы ұлы тұлғалардың мирастарына байланысты экзистенциализм ұғымын қолданған жағдайды үш рет қана кездестірдік. Біреуі, "Абай экзистенциалдық ойшыл" деген атпен хакімнің 150 жылдың мерейтойында басылған мақала. Авторлары - француз философтары Жоселин Перар және Маривонн Перро [12, 139-141 бб. ] . Қалған екеуі ғалым Г. Нұрышеваның қаламынан шыққан. "Махамбет ақынның экзистенциализмі", "Мақсат және еркіндік: Мағжан ақынның экзистенциализмі" - деген мақалалар.

Абай шығармашылығын қай тақырып бойынша зерттесек те белгілі аға буын әдебиетші - ғалымдарымыз М. Әуезов, С. Мұқанов, Ғ. Мүсірепов, Ә. Марғұлан, Ә. Қоңыратбаев, М. Ғабдуллин, Х. Сүйіншәлиев, Ж. Ысмаилов, М. Мырзахметов, М. Сильченко, Қ. Жұмалиев, С. Қасқабасов, С. Қирабаев, З. Ахметов, Қ. Мұхамедхановтардың қаламынан шыққан сүбелі ойларды есте сақтау қажет.

Әрине, экзистенциалдық уайым мен қайғы, өмірдің мәнсіздігі, оның алдындағы жеке адамның шарасыздығы, сол шарасыздықтан туған үрей мен қорқыныш белгілі батыс ойшылдарының шығармаларында терең талдауын тапқан мәселелер. Бірақ олардың еңбектерімен Абай таныс болған жоқ, олар Абайдан кейін өмір сүрген ғалым, жазушылар болғандықтан батыстық пессимистік сарын оған бейтаныс дүние. Сол себептен оларды Абаймен тек қана салыстырмалы, компаративистік түрде зерттеуге ғана негіз бар. Бүгінгі таңда қазақ философиясының немесе Абай дүниетанымының экзистенциалдық сипаты деген нақты тақырып ғылыми ізденіс объектісіне айнала қойған жоқ. Дегенмен, ғылыми ізденіс көп жағдайда белгілі ғылым қайраткерлерінің бағдарламалық сілтемелеріне сүйеніп туатынына байланысты, Ә. Нысанбаев, Ғарифолла Есім, А. Қасабек, М. Орынбеков сынды белгілі тұлғалардың пайымдауларын негіз ете отырып, алғашқы қадамдардың бірін жасауға талпыныс білдірдім.

Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері. Зерттеу мақсаты - Абай дүниетанымының экзистенциалдық сипатын оның поэзиясындағы кездесетін толғаныстары мен "Қара сөздеріндегі" адам болмысының тылсым құпиясына берілген сараптамасына сүйене отырып зерттеу.

Бұл мақсаттан мынадай міндеттер туындады:

- Абай дүниетанымының экзистенциалдық сипатын сол кезеңдегі қазақ қоғамының саяси, әлеуметтік, рухани дағдарысының сыншыл санадағы бейнесі ретінде қарастыру;

- Қазақ рухани мәдениетінің басты бағыттарының және қазақ фольклорының алтын қазынасының Абайдың дүниетанымының ерекшелігіне тигізген әсерін талдау;

- Ұлттық философияның басты өкілдерінің шығармалары мен Абай туындылары арасындағы экзистенциалдық үндестіктер мәселесін зерттеу;

- Абай поэзиясындағы экзистенциалдық толғаныстарға философиялық анықтама беру;

- "Қара сөздердегі" адам болмысы, адам және табиғат, адам мен қоғам

қатынасы, адам және Алла мәселелеріне экзистенциалдық түсініктер тұрғысынан сараптама жасау.

Зерттеу нысаны. Абай дүниетанымы және оның экзистенциалдық сипаты.

Зерттеу пәні - Қазақ дүниетанымының ерекшеліктері негізінде туған Абай дүниетанымының экзистенциалдық сипатын оның поэзиясымен “Қара сөздеріне” сүйене отырып, жүйелі түрде талдау.

Зерттеудің ғылыми жаңалығы - Абай философиясын белгілі бір қоғам қайшылықтарының айнасы ретінде қарастыру І. Қабылов, Ғ. Тоқжанов секілді ғалымдарға, кейініректе Қ. Бейсенбиев сынды зерттеушіге де тән. Бірақ замана талабына сай бұл мәселе сыңаржақ идеология тұрғысынан қаралып Абайға бір жақты баға беріліп отырды. Енді, егеменді Қазақстан жағдайында Абайдың дүниетанымын жан-жақты және тарихи шындық тарапынан қарастыруға мүмкіншілік туып отыр.

- Дәстүрлі қазақ мәдениетінің біртуар өкілдері Қорқыт, Асан Қайғы, Шалкиіз, Шал ақын, Жиренше шешен, Бұқар жырау, Төле, Қазыбек, Әйтеке билер мұраларымен Абай дүниетанымын экзистенциалдық үндестік тұрғысынан зерттеу:

- Бүкіл қазақ философиясының өзегі болып табылатын мәселелер - Адам және адамгершілік, адамдық және кісілік, даралық және имандылық, бақытқа және мұратқа жету жолдары - Фарабиге де, Баласағұнға да, Ясауиге де, Қашғариға да, Абайға да тән. Бірақ Абай дүниетанымы осы мәселелердің бәріне ерекше экзистенциалдық үнділік, бүкіладамзаттық мән берген рефлексия. Осы себептен олардың арасындағы сабақтастық, іліктілік, үндестік жағын ашу;

- Абай поэзиясын, оның "Қара сөздерге" дейін жазылған өлеңдері мен поэмаларын философиялық мәні, маңызы бар шығармалар санатында қарастыру ғылымда әлі орын алған жоқ. Бұл жұмыстағы ақын поэзиясын экзистенциалдық көзқарас тұрғысынан зерттеу алғашқы қадамдардың бірі. Сол себептен зерттеу деңгейі қай дәрежеде өтпесін, бұл жасалынатын белгілі бір қадам;

- Абай "Қара сөздері" философиялық туынды деген тұжырым қалыптаса бастағанына ондаған жыл өтті. Классикалық неміс философиясының категориялық аппаратын бұл еңбектен толық шығара алмай, шаршап, менсінбеушілікпен қарағандар да болды. Бірақ зерделі зерттеушілер "Қара сөздердің" мазмұнындағы диалектикалық ойлау жүйесін де, таным теориясын да, ақиқат мәселелерін де, табиғат және қоғам даму заңдылықтарын да аттап өте алған жоқ. Дегенмен, "Қара сөздерге" экзистенциалдық сараптама жасала қойған жоқ болатын. Ал, Абай және Батыс экзистенциализмдеріне компаративистік әдіс тұрғысынан талдау, жасау алғаш рет қолға алынып отыр.

Қорғауға алынған негізгі тұжырымдамалар:

- Абай сынды біртуар ойшыл өзі өмір сүрген тарихи кезеңнің қалыптасуына ықпалын тигізген маңызды мәселелерімен, қоғам өміріндегі әлеуметтік қарама-қайшылықтардан тыс қала алмады. Оның дүниетанымындағы экзистенциалдық сарындар ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы дәстүрлі қазақ қоғамының тұрмысындағы күрделі өзгерістерден, өзіне дейінгі қазақ философиясындағы адам мәселесін қарастыру ерекшеліктерін танып-білуден халқының болашаққа тартпайтын іс-әрекеттеріне күйзеліп, қамығудан туды.

- Абай Құнанбаевтың дүниетанымының қалыптасуына дәстүрлі қазақ мәдениетінің белгілі өкілдері Қорқыт, Асан Қайғы, Шалкиіз, Төле билердің шығыс мәдениетінің философиялық мәндегі поэзиясының, Батыс және орыс философиясының ықпалы айтарлықтай болды. Абай оқығанының бәрін сыншыл ойдың елегінен өткізе отырып, өзіндік ойлау формасын қалыптас-тырды. Адам болмысын, ұлт табиғатын өмір мәндік түсініктер тұрғысынан сараптап, бірегей дүниетаным жүйесін құрды.

- Абай дүниетанымын айқындауда оның поэзиясы ерекше орын алды. Ойшыл табиғатпен адам сезімдерінің үндестігін заңдылық ретінде ашып, қоршаған дүние суретін адамның ішкі жан дүниесімен байланыстыра білді. Ол өз қоғамының қыры мен сырын, қазақ болмысын, ұлт табиғатын қоғам мүшелерінің мінез-құлығы, ментальдық қасиеттері арқылы ашты. Абайдың гуманистігі мен ойлауының экзистенциалдық ерекшелігі жеке тұлға өмірін қайталанбайтын, қайтып келмейтін, баға жетпес құндылық есебінде қабылдауы болып табылды.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Адам өмірінің мәні
РЕСЕЙДІҢ 18-19 ҒАСЫРЛАРДАҒЫ ҚАЗАҚ ЖЕРІНЕ ЖҮРГІЗГЕН ДІНИ-ИДЕОЛОГИЯЛЫҚ САЯСАТЫ
Экзистенциализмнің көрнекті өкілі А.Камю философиясындағы болмыс мәселесі
А.Камю философиясындағы болмыс мәселесі
Қазақтың маркстік философиясы
Көшпелілер философы
ХХ ғасыр басындағы әдеби процесс және символизм
Зиялыларымыздың рухани тұлғасы ұлт болмысымен сабақтас
Бақыт ұғымының теориялық негізі
Қазақ философиясы әлем халықтар философиясының табиғи бір арнасы
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz