Жұмабаев Мағжанның тілдік тұлғасы


Пән: Әдебиет
Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 29 бет
Таңдаулыға:   

ӘОЖ 811. 512. 122'373 Қолжазба құқығында

ЕРМЕКОВА ЖАНАРГҮЛ БАЗАРБАЙҚЫЗЫ

Жұмабаев Мағжанның тілдік тұлғасы

10. 02. 02 - қазақ тілі

Филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның

а в т о р е ф е р а т ы

Қазақстан Республикасы

Алматы, 2010

Жұмыс Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында орындалған.

Ғылыми жетекші: филология ғылымдарының

докторы, профессор Ж. А. Манкеева

Ресми оппоненттер: филология ғылымдарының

докторы, доцент Қ. Б. Күдеринова

филология ғылымдарының

кандидаты Л. Ш. Құндақбаева

Жетекші ұйым: Абай атындағы Қазақ ұлттық

педагогикалық университеті

Диссертация 2010 жылы «12» қарашада сағат 16. 00-де ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты жанындағы 10. 02. 06 - түркі тілдері және 10. 02. 02 - қазақ тілі мамандықтары бойынша филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін диссертация қорғайтын Д 53. 38. 01 диссертациялық кеңестің мәжілісінде қорғалады (050010, Алматы қаласы, Құрманғазы көшесі, 29) .

Диссертациямен ҚР Білім және ғылым министрлігінің Орталық ғылыми кітапханасында танысуға болады (050010, Алматы қаласы, Шевченко көшесі, 28) .

Автореферат 2010 жылы 11 қазанда таратылды.

Диссертациялық кеңестің

ғалым хатшысы міндетін атқарушы,

филология ғылымдарының докторы Қ. Ж. Айдарбек

КІРІСПЕ

Тақырыптың өзектілігі. Қазіргі тіл білімінде адамзат қауымының ғасырлар бойғы тіл арқылы дүние бейнесін тануға ұмтылған талабынан келіп, шындық болмысты танудың белсенді формасы болып табылатын тілді тұтынушы, дүниетаным өзегі - тілдік тұлғаны зерттеу проблемасы бой көтерді. «Сөйлеуші адамның» табиғатын, болмысын тану әрекеті В. Гумбольдттің «халықтың рухы», «сана инстинкті» туралы, И. А. Бодуэн де Куртененің «тілдік түсінік», «халықтың тілді сезінуі» туралы пікірлерінен бастау алып, Л. В. Щербаның «лингвистикалық инстинкт», А. А. Леонтьев пен А. М. Шахнаровичтің «тілдік қабілеттілік», Г. И. Богин мен Ю. Н. Карауловтың «тілдік тұлға» туралы зерттеулері арқылы жалғасса, қазақ тіл білімінде арнайы ақын-жазушының тілін талдаған Р. Сыздықтың «Абай шығармаларының тілі» (Алматы, 1968 ж. ), Е. Жанпейісовтің «М. Әуезовтің «Абай жолы эпопеясының тілі» (Алматы, 1976 ж. ) сияқты еңбектерінде негізі салынған ғылыми үрдістің жалғасы қазіргі таңда Б. Нұрдәулетова, Г. Мұратова, Ш. Елемесова, Ш. Ниятова, Ф. Қожахметова, Г. Имашева және т. б. зерттеулері арқылы өзіндік сала ретіне дамып келеді.

Осы тектес жұмыстардың антропоөзектік бағытына сәйкес ұлттық мәдени құндылық ретіндегі ұлттық тілдік мұраны, ұлттық ділді, ұлттық психологияны терең меңгерген М. Жұмабаевтың тілдік тұлғасын зерттеу - ұлттық болмыс пен халықтың дүниетанымын тануда маңызы зор.

Екіншіден, әлемдік деңгейдегі философиялық, психологиялық теориялық біліммен қаруланған және оларды өз шығармашылығы арқылы таныта алған ақын М. Жұмабаевтың сөз сиқырын, көркемдік әлемін тану үшін оның шығармашылық тілін қазіргі лингвистикада белсенді дамып келе жатқан лингвомәдениеттану, когнитивті лингвистика, психолингвистика бағыттарымен байланыста кешенді сипатта қарастыру - көкейкесті мәселе.

Үшіншіден, қазақ тілінің даму, баю тарихындағы ірі тұлғалардың құнды мұралары қазақ мәдениеті, тілі мен әдебиетінің тұтастығын сипаттайды, сол себептен де осы сабақтастықтағы М. Жұмабаевтың орны мен рөлін тану да маңызды болып табылады. Бұл маңыздылық әсіресе зерттеу нысаны ретінде шығармашылық мұрасы өзіндік қайталанбас өрнегімен оқшауланып тұратын, тіл мен мәдениет дамуына елеулі үлес қосқан тілдік тұлға алынған кезде арта түседі.

М. Жұмабаев шығармаларының идеялық-мазмұндық мәні мен тақырыптық, жанрлық-бейнелік ерекшеліктері және тілінің лингвостилистикалық сипаты негізінен әдебиеттанушы ғалымдар тарапынан біршама зерттелген. Ол еңбектерде ақынның философиялық, эстетикалық, психологиялық қырларына назар аударылған тұстар бар. Дегенмен ақын шығармалары негізінде оның әлеуметтік және жеке мақсат-мүдделерінің сипатын, тілдік қабілеті мен оны шығармаларында қалыптастыру дағдыларының жиынтығы арқылы бейнеленген даралық қасиетін тұтастай ашу, соған сай шығармашылық ұстанымын айқындау нәтижесінде тілдік тұлғасын зерттеу өзекті болып табылады. Осыған орай ақын тілін кешенді түрде зерттеу, оның рухани құндылықтарын, дүниеге берген өзіндік бағасын бағамдауға мүмкіндік туғызатын тіліндегі «жеке ғалам бейнесін» қарастыру ерекше қызығушылық туғызады. Бұл мақсатқа жету үшін тіл тұтынушының тілдік қолданысы вербалды-семантикалық, лигвокогнитивтік, прагматикалық деңгейлерде анықталатын «тілдік тұлға» теориясының үшдеңгейлік әдісі тиімді болмақ.

Зерттеудің нысаны - Ақын М. Жұмабаев шығармалары тілінің мәдени-танымдық, прагматикалық сипаты.

Зерттеудің пәні - М. Жұмабаевтың көркем-поэтикалық жүйесі арқылы ашылатын тілдік тұлғасының концептілік өрісі мен дискурсындағы прагматикалық әлеует.

Зерттеудің мақсаты - М. Жұмабаевтың тілдік тұлғасының лингвокогнитивтік және прагматикалық ерекшеліктерін көрсететін концептілерді, тілдік құралдарды, жеке дүниетанымындағы көркемдік-эстетикалық, рухани құндылықтарды көркем дискурсы арқылы көрсету.

Зерттеудің міндеттері. Аталған мақсатқа жету жолында төмендегі міндеттерді шешу жобаланып отыр:

- М. Жұмабаев шығармашылығының зерттелуіне арналған ғылыми ақпараттарды және қазіргі тіл білімі ғылымындағы «тілдік тұлғаны» зерттеуге бағытталған теориялық, әдістемелік тұжырымдарды қарастыру;

- М. Жұмабаев тілдік тұлғасының қалыптасуына әсер еткен лингвистикалық және экстралингвистикалық факторларды саралау;

- М. Жұмабаев шығармалары тілі негізінде ол өмір сүрген кезеңдегі әлеуметтік жағдай мен қоғамдық ахуалды, оларға деген ақын көзқарасын, прагматикалық ұстанымын анықтау;

- М. Жұмабаев дискурсындағы көріктеу құралдарының, лингвомәдени бірліктердің мазмұнындағы «жеке ғалам бейнесін» «ұлттық ғалам бейнесімен» сабақтастықта бейнелеудегі ерекшелігін айқындау;

- М. Жұмабаев дискурсындағы кірме сөздердің, тарихи-мәдени контексті беретін сөздердің қолданылу мәнін анықтау арқылы оның тілдік тұлғасының вербалды-семантикалық деңгейіне талдау жасау;

- М. Жұмабаев тілдік тұлғасының дискурсындағы «жан», «өлім», «махаббат» концептілерінің когнитивтік модельдерін жүйелеп, олардың ақын тілдік тұлғасының лингвокогнитивтік деңгейін танытатын концептілік өрісіндегі мәнін ашу;

- М. Жұмабаев дискурсындағы паремиологиялық құрылымдардың, прецеденттік феномендердің, афоризмдердің прагматикалық қызметі мен мәдени ақпарат таныту сипатын анықтап, ақынның прагматикалық деңгейін көрсететін мақсат-мұраттарын бейнелейтін мәтіндерінің астарында жатқан уәжділікті бағамдау.

Зерттеу жұмысының дереккөздері. Жұмыстың дереккөзі ретінде Мағжан Жұмабаевтың 2005 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан үш томдық шығармалар жинағы, ақын шығармашылығы туралы зерттеулер және қазақ тілінің түсіндірме, фразеологиялық сөздіктері пайдаланылды.

Зерттеу жұмысында қолданылған әдістер. Диссертациялық жұмыста сипаттау, лексика-семантикалық талдау, когнитивтік-концептуалдық талдау әдістері, ішінара статистикалық және тезаурустық талдау тәсілдері қолданылды.

Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы мен нәтижелері:

- қазіргі таңдағы орыс және қазақ тіл біліміндегі тілдік тұлғаны қалдырған мұралары негізінде зерттеген еңбектердің бағыттары шартты түрде топтастырылып, М. Жұмабаев дискурсы «тілдік тұлға» теориясы аясында танымдық бағытта алғаш рет зерттеліп отырғандықтан, осы тұрғыда оның тілдік тұлғасындағы ғаламның тілдік бейнесінің «ұлттық» және «жеке» сипаты зерделенді;

- М. Жұмабаевтың тілдік тұлғасының қалыптасуына әсер еткен факторлар сараланып, оның аялық білімін көрсететін дискурсындағы басқа тілден енген сөздердің қолданылу ерекшелігі мен тарихи контексті беретін сөздер оның тұлғасын қалыптастырудағы мәніне байланысты айқындалды;

- М. Жұмабаевтың тілдік тұлғасының лингвокогнитивтік деңгейінде «жан», «өлім», «махаббат» концептілерінің философиялық, психологиялық, діни-мифологиялық түсініктермен тұтастықта және авторлық танымда вербалдану тәсілдері көрсетіліп, «махаббат» концептісінің интимдік сипатын беретін тезаурусы түзілді;

- М. Жұмабаевтың шығармаларында халықтық мақал-мәтелдерді түрлентіп қолданудағы мақсаты, афоризмдерді жасаудағы уәжі сараланды, ұлттық болмыстан ақпарат беретін лингвомәдени бірліктер мен теңеулер қаралды. М. Жұмабаев дискурсындағы прецеденттік мәтіндер мен есімдердің ақпараттық мазмұны, ақын тұлғасымен мағыналық сабақтастығы тұрғысынан қарастырылды.

Зерттеу жұмысының теориялық маңызы. М. Жұмабаевтың поэзиясы мен прозасы тілін зерттеу барысында алынған нәтижелер мен ұсынылған тұжырымдар қазақ тіл біліміндегі «тілдік тұлға» теориясы мен ғаламның тілдік бейнесінің зерттелуін толықтыруға септігін тигізіп, когнитивтік тіл білімі, мәтін лингвистикасы, прагмалингвистика салаларына өзіндік үлес қосады.

Зерттеу жұмысының практикалық маңызы. Жеке тілдік тұлға шығармашылығының тілін талдауға бағытталған арнайы курстар мен семинарларда, практикалық дәрістерде пайдалануға болады. Практикалық тұрғыдан ақынның тілдік тұлғасын зерттеу оның шығармаларының мәтінін тереңірек түсінуге көмектесіп, диссертация материалдарын М. Жұмабаевтың тезаурустық сөздігін құрастыру барысында пайдалануға болады.

Қорғауға ұсынылатын тұжырымдар:

- М. Жұмабаевтың шығармашылығы негізінде туған дискурс тек тілдік көрсеткіш ғана емес, сонымен бірге таным мен мәдениет сабақтастығын беретін ұлт тарихы мен мәдениетінің бір бөлшегі болғандықтан, оның тілдік тұлғасы тарихи категория ретінде танылып, қалыптасуына әсер еткен субъективті-психолингвистикалық, қоғамдық-әлеуметтік факторлар негізінде саралануы тиіс;

- М. Жұмабаев - қазақ әдебиеті мен тілінің даму сатысында өз орны бар, тілді қолдануға шығармашылық тұрғыдан келетін тілдік тұлға , аса білімді, мәдениетті, ой өрісі кең элитарлық тұлға , меңгерген білім дағдыларын, ғаламның тілдік бейнесіндегі ұрпақтан-ұрпаққа беріліп сақталған ұлттық таным мазмұнын келер ұрпаққа жеткізетін ұлттық тұлға;

- М. Жұмабаев тіліндегі «жан», «өлім», «махаббат» концептілері біртұтастықта ақынның жеке танымын сол концептілердің философиялық, психологиялық, діни-мифологиялық түсініктермен сабақтастықта бере алады. Демек, интеллектуалдық, әлеуметтік, психологиялық т. б. негіздеріне сай құрылған ракурста жеке тұлғаның болмысы жан-жақты ашылады.

- М. Жұмабаев шығармаларындағы көріктеуіш құралдар мен лингвомәдени бірліктердің окказионалдық сипаты ұлттық-мәдени ақпаратқа иелілігімен ерекшеленіп, прецеденттік мәтіндер мен афоризмдердегі имплициттік мағыналар мен олардың берілуіндегі уәжділік оның тілдік тұлғасының прагматикасын көрсетеді.

Зерттеу жұмысының жариялануы мен мақұлдануы. Зерттеудің негізгі мазмұны мен нәтижелері «Қазақ тілінің лексикология, лексикография, фольклортану мен көркем аударма мәселелері: қалыптасуы, дамуы мен болашағы» атты ғылыми-теориялық конференцияда (Алматы, 2007), «Қазақ тілі мен әдебиеті және инновация мәселелері» атты ғылыми-практикалық конференцияда (Алматы, 2008), «Гуманитарлық ғылымдар жүйесіндегі филология: дәстүр мен жаңашылдық» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференцияда (Қарағанды, 2008), А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты жанындағы лингвистикалық семинарда (Алматы, 2009) баяндалды.

Диссертацияның негізгі тұжырымдары республикалық ғылыми басылымдар мен ғылыми жинақтарда 6 мақала түрінде жарияланды.

Зерттеудің құрылымы. Диссертация кіріспеден, 2 тараудан, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

НЕГІЗГІ БӨЛІМ

Кіріспе бөлімінде тақырыптың өзектілігі, жұмыстың нысаны, негізгі мақсаты мен міндеттері, зерттеу әдістері, ғылыми жаңалығы, теориялық және практикалық маңыздылығы баяндалды.

1 М. Жұмабаев шығармашылығын тіл біліміндегі жаңа бағыттармен сабақтастықта зерттеу

1. 1 «Тілдік тұлға» теориясы аясындағы М. Жұмабаевтың тілдік тұлғасы. Тіл біліміне «тілдік тұлға» категориясының енгізілуі жалпы «тұлға» ұғымының жаңа мазмұнмен толығуына мүмкіндік жасап, тілді зерттеудің құрылымдық-функционалдық аспектісі аясынан шығып, адамның санасы, ойы мен рухани қызметімен тығыз байланыстағы антропологиялық тіл біліміне айналуына негіз жасалды. Соның әсерімен тіл ғылымында тілді тұтынушы адамға, шығармашылық тұлғаға деген қызығушылық күшейіп, қазіргі таңда жаңаша зерттеулердің өзегіне айналған, ғалым Ю. Н. Караулов еңбектерінде [1] жүйеленген «тілдік тұлға» теориясының орны бөлек.

Тілдік тұлғаның даралық сипатын оның шығармаларының ерекшелігін танытатын мәтіндер негізінде зерттеуге арналған еңбектер қатары көбейе түсуде. Осы тұрғыда тілдік тұлға мәселесі қазіргі орыс тіл білімі мен қазақ тіл білімінде төмендегідей бағыттарда қарастырылып келеді деп шартты түрде белгілейміз:1) нақты тұлғаның тілін оның когнитивтік және прагматикалық интенцияларын назарға ала отырып талдау; 2) көптеген ғылыми еңбектерде тарихи тұлғалар тілін диахрониялық тұрғыдан сараптау орын алған; 3) бөлек-бөлек мәтіндер негізінде тілдік тұлғаны модельдеуге арналған зерттеулер де пайда бола бастады; 4) шығармадағы кейіпкерлердің тілдік тұлғасын ашу арқылы шығарма авторының тілдік тұлғасына шығуды мақсат тұтқан зерттеулер де кездеседі; 5) тілдік тұлға бойындағы қасиеттерді оның ұлттық болмысына сай қарастырған еңбектер. М. Жұмабаевтың тілдік тұлғасын тануға арналған зерттеу жұмысымызды жоғарыда қарастырылған бағыттардың ішіндегі соңғы бағыт шеңберінде негіздеуге тырысатын боламыз.

Соңғы кездері тілдік тұлғаны түсіндіруге бірнеше бағытта келу үрдісі қалыптасқандығын байқауға болады:

1) тілдік тұлға болып табылатын жеке адам қалыптасуының негізгі жүйелерін анықтау (тегі, өмір сүрген ортасы, әдеби және тілдік, ұлттық-мәдени ықпал және т. б. ) ;

2) жеке адамның тілдік тұлғалық болмысын құрайтын жеке қасиеттерін танытатын ерекшеліктерді көрсету, яғни оны өз бетінше білім алу, өзін-өзі жетілдіру, тәрбиелеу , өз тілдік тәжірибесін ұрпақтарына мұра етіп қалдыруда жеке жауапкершілігін сезіну , білім дағдыларын игеру, шеберлік дағдыларын меңгеру, игерген білімдері мен тәжірибесін болмысты өзгерту үшін қолдану т. б. қасиеттерден тұратын күрделі, көпсатылы зерттеу нысаны ретінде оның тілінің ассоциативтік-вербалдық, лингвокогнитивтік, прагматикалық деңгейлерін сипаттаудан тұратын деңгейлік талдау арқылы қарастыру қажет екені айқындалды.

Көрсетілген деңгейлердегі жеке тұлғаның ұлттық болмысын ашудың маңыздылығы туралы ғалым Ж. А. Манкееваның пікірлеріне жүгінсек: «аталған деңгейлердің дамуының белгілі бір тілдік тұлғада көрініс табуы әртүрлі дәрежеде өрістеп, түрлі сипатта көрінеді. Оның шығармашылық танымдық мазмұны дүниетанымдық, мәдени құндылықтар жүйесінен тұрады. Сондықтан тілдік тұлғаны алдымен ұлттық тілдік тұлға ретінде түсінеміз. Себебі тілдік тұлға табиғаты тұлғаның ұлттық мәдени сатысымен тікелей байланысты», - [2, 281-284] болып шығады.

Сонымен бірге тұлғаның өмір сүруінің негізін құрайтын, оның мақсаттары, ниеттері мен ұстанымдарын белгілейтін шығармашылық қажеттіліктері туралы да айтуға болады. Тұлғаның қоршаған әлемге, айналадағы басқа адамдарға, өзіне деген қарым-қатынасы арқылы анықталынатын құндылықтар жүйесі , яғни адамның материалдық және рухани игіліктері мен мұраттары, белгілі бір әлеуметтік, мәдени және адамгершілік құндылықтарды таңдап алуының себептері оның танымындағы ғалам бейнесін ашу арқылы анықталынады. Ал танымы мен мақсат-мүдделерінің прагматикалық әлеуеті оның тілі арқылы көрініс табады.

Зерттеушілер тілдік тұлғаның қалыптасуы үш экстралингвистикалық фактордың: әлеуметтік, ұлттық-мәдени және психологиялық факторлардың ықпалына бағынатындығын атап көрсетеді. Жеке адам өмір сүретін кез келген жағдай алдымен қоғам реттеп отыратын нормалар мен заңдылықтарға бағынатын әлеуметтік жағдай болып табылады. Бір жағынан тілдік тұлға сол жағдайларға мойынсуға міндетті. Екінші жағынан алғанда өзі сол қоғамның мүшесі болып табылатындықтан, болып жатқан оқиғаларға деген жеке көзқарасын, тұлғалық ұстанымын білдіру үшін саналы түрде жалпы нормаларды бұзуға қабілетті.

Осыған орай М. Жұмабаев әлеуметтік процестерді қазақ халқының қоғамдық және рухани тәжірибесімен сусындаған өзіндік ой елегінен өткізіп, баға береді. Мысалы, ана тілі феномені ақынның тілдік тұлғасы қалыптасуында үлкен рөл атқарады. Ана тілді игеру арқылы адам бірте-бірте қарапайым заттардан бастап, ғаламның заңдылықтарына дейінгі өзін қоршаған ортаның болмысымен танысады, мәдениетке араласып, тілдің әлеуметтік қызметі мен дамуына қатысу арқылы тұлға болып қалыптасады. М. Жұмабаев «алтын күннен бағасыз белгі баба тілінің» сақталуын ұлттың ұлт ретінде өмір сүруінің басты өлшемі ретінде қарайды. «Педагогика» еңбегінде: «Тілсіз ұлт, тілінен айырылған ұлт, дүниеде ұлт болып жасай алмақ емес, ондай ұлт құрымақ. Ұлтының ұлт болуы үшін бірінші шарт - тілі болуы. Ұлттың тілі кеми бастауы ұлттың құри бастағанын көрсетеді . . . Бір ұлттың тілінде сол ұлттың жері, тарихы, тұрмысы, мінезі айнадай ашық көрініп тұрады. Қазақ тілінде қазақтың асықпайтын, саспайтын сабырлы мінезі - бәрі көрініп тұр» .

Демек, тіл арқылы бекітіліп, қоғамдық санада, сонымен қатар жеке тұлғаның санасында сақталатын ұлттық-мәдени тәжірибе сол жеке тұлғаның тілдік әрекетіне де өз таңбасын түсіреді.

Тілдік тұлғаның айқындалуы барысында адамды өзгелерден ерекшелеп тұратын өзіндік қасиет - жекелік фактор маңызды рөл атқарады. Жекелік фактор алдымен өзін-өзі танудан көрінеді. Адамның тілді өз деңгейінде игеруге қадам жасауына жеке өзіне байланысты себептер, белгілі бір мақсаттар, адамның қоғамдық жүйедегі өзінің орнын сезіну, жекелік және топтық сәйкестіктегі өзіндік «мен» проблемасы әсер етеді. М. Жұмабаев: «Не көрсем де алаш үшін көргенім, Маған атақ ұлтым үшін өлгенім!» - деп келетін өз позициясын адам жанының, психологиялық әлемінің құпия құбылыстарын суреттеу арқылы жеке адам мен ұлт тағдырын бірлікте қарастырып, түсіндіреді. Ендеше сол кезеңдегі ұлты үшін жан қиған ақынның ұраны халқын жетелеп, күш беріп, арманы, тілегі бүгінгі күнмен сабақтастықта жүзеге асып, ұлттық тұлғасы, оның тілдік шығармалары арқылы сомдалып, ұлттық тілдік тұлғаға айналды деп айтуға болады.

«Тілдік тұлға» ұғымын «интеллектуалдық қызмет» ұғымымен тікелей байланыста қарастырудың маңызы зор. Оның тарихи шығу тегін, өсуін, дамуын зерттей келе, оның психологиялық табиғатына үңілу - заңды құбылыс. Бізді қызықтыратыны - тілдік тұлғаның көркем мәтінде көрініс табатын тілдік әрекеті барысында белгілі бір лексемаларды таңдауы себебіне алып келетін психологиялық негіз, тұлғаның болып жатқан оқиғаларға деген қарым-қатынасын бейнелеу барысында қолданатын ассоциативтік байланыстары мен оларды қисындастыру ерекшеліктері. Адамның өзінің психикалық әлемі туралы пікірі - адамның өркениеттің әсері арқылы дамитын өз ішкі әлемін және басқа адамдардың ішкі әлемін түсіну тәсілін бейнелейтін мәдени-ғаламдық бейнесінің қалыптасуының маңызды бөлшегі.

Тілдік тұлға құрылымын саралау адамның тілі арқылы көрініс табатын дүниетанымы мен болмысын толықтай тануға мүмкіндік беретін кешенді зерттеу. Нақты айтқанда, ол - ақын тілімен жасалынған оның шығармаларының көркем контекстіндегі белгілі бір тілдік бірліктердің таңдалыну тетігін, мәтіннің лексикалық құрылымында жасырынған ақпаратты анықтау, сол арқылы автордың тілдік тұлғасының психологиялық ерекшеліктерін көру, интеллектуалдық жеке қабілетін тану.

М. Жұмабаев - өз шығармаларында тілдің жүйелік құралдары арқылы өзінің дүние туралы түсінігін және сол түсінікке сәйкес туындаған бағасын, мақсат-мүдделерін белгілеген тілдік тұлға . Ақын тұлғасын елдік мұрат-мүддемен, дәстүр, сабақтастық тұрғысынан зерделеуде, оның құндылықтар жүйесін, өмірлік ұстанымын айқындауда, дүниетанымын байыптауда осы мәселелерді негізге ала отырып қарастырудың маңызы зор.

1. 2 Тілдік тұлғаны танудағы дискурс пен мәтін мәселелері. Қазіргі лингвистикалық әдебиеттердегі дискурс ұғымы мәтінді түсінумен тығыз байланысты. Дискурс пен мәтін арасында айырмашылықтың барлығы күмәнсіз, дискурс және мәтін термині арқылы анықталынатындығына қарамастан, ол таза түрде мәтін болып табылмайды.

Тілдік тұлғаны зерттеуге қатысты жазылған еңбектердегі дискурстың сипатталу ретіне келетін болсақ: «Дискурс деңгейінде мәтін түзуші - мәтін - мәтінді қабылдаушы (сөйлеуші - сөз - тыңдаушы) - үш жақтың байланыстылығы мен бірлігі (бір-бірін түсіну, қабылдау) үрдісі жүзеге асырылады. Демек, дискурс жеке тұлғаның тіл әлемін (оған тұлғаның тілдік өресі, белгілі бір дүниетанымдық білім аясы енеді) танытатын кеңістік» [3, 6], - болып табылады.

Жалпы дәстүрлі тұрғыда жердің бетін жапқан қарды ақ көрпеге, ақ ұлпаға, ақ мамыққа теңеу орын алса, М. Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі» әңгімесінде - «жердің бетін аппақ кебіндей болып боз қырау жапқан» . Мұндай сөз айшықтары ақынның лексикалық жадығатты ойнатып, түрлендіріп қолдануының айқын көрінісі бола отырып, оның ассоциативтік ойлау жүйесіне сай «ғаламдық тілдік бейнесін» танытады. Әңгімені оқу барысында, басқаша айтсақ, қабылдаушы жасайтын дискурста жоғарыда берілген бейнелер мен басқа да бейнелер арасында жалпы мәтіннің жобасын құратын мәтінішілік мағыналық байланыстар пайда болады. Көркемдеу құралдарының негативтік мағынада жұмсалуы тілдік тұлғаның (М. Жұмабаевтың) жалпы дискурсының трагедиялық тақырыпты қамтуымен астасып жатыр.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Мағжан алдымен сыршыл ақын
Мағжан Жұмабаевтың шығармалары арқылы қазақ халқының рухының мықтылығын дәлелдеуі
Мағжанның жаңашылдығы
МАҒЖАН ӨЛЕҢДЕРІНІҢ ТҮР ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Мағжан Жұмабаев шығармалары
Етістік мағыналы фразеологизмдер
Ақындық тұлғаның лирикалық кейіпкерге қатысы
Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян» поэмасының көркемдік қабаты
Мағжан Жұмабаев шығармаларындағы кейіпкерлердің сипаттамасы
Мағжан Жұмабаевтың педагогикалық қызметі
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz