АБАЙДЫҢ ӘДЕБИ ОРТАСЫ Монография


ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ
С. АМАНЖОЛОВ АТЫНДАҒЫ ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН МЕМЛЕКЕТТІК УНИВЕРСИТЕТІ
Б. А. Ердембеков
АБАЙДЫҢ ӘДЕБИ ОРТАСЫ
Монография
Өскемен
2012
ББК 83. 3 (5 қаз. )
Е 65
С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан
мемлекеттік университетінің Ғылыми кеңесімен баспаға ұсынылды
Жауапты редакторы:
Еспенбетов А. С., филология ғылымдарының докторы, профессор
Пікір жазғандар:
Елеукенов Ш. Р., филология ғылымдарының докторы, профессор,
Ісімақова А. С., филология ғылымдарының докторы, профессор
Ердембеков Б. А.
Е 65 Абайдың әдеби ортасы: Монография . − Өскемен: С. Аманжолов атындағы ШҚМУ баспасы, 2012. − 306 б.
ISBN 9965-598-17-7
Монографияда Абайдың әдеби айналасы, ақынмен тікелей қарым-қатынаста болған әдеби орта өкілдері, олармен арадағы рухани байланыс көздері зерттеу нысанына алынып, ақын айналасының абайтану ғылымындағы орны айқындалды. Аға буын әдебиет өкілдерінің Абайға әсері және ізбасар шәкірттерді тәрбиелеудегі ақынның рөлі көрсетіліп, Абайдың ақындық мектебінің қазақ әдебиетіндегі тұғыры анықталды.
Кітап әдебиетші ғалымдарға, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттеріне және жалпы әдебиет сүйер қауымға арналған.
ББК 83. 3 (5 қаз. )
ISBN 9965-598-17-7 © С. Аманжолов атындағы ШҚМУ
© Ердембеков Б. А., 2012
КІРІСПЕ
Әр-бір қаламгерді әдеби ортасынан жеке-дара алып қарау, тану мүмкін емес. Ақын, немесе жазушы өз ортасында өсіп, шыңдалып қана қоймай, біте қайнасып, сол қауымның бір бөлшегіне айналады. Рухани дүниесі толысқан шақтан бастап айналасына ықпалды болған тұлғалар өз әдеби ортасын қалыптастырады. Демек, белгілі бір әдебиет өкілінің шығармашылық өсуіне ықпал ететін үрдістер және сол тұлғаның кемеліне келгеннен кейін өз айналасына, кейінгі буынға әсері деген мәселелер әдеби орта ұғымын тудырады.
Төл әдебиетіміздің тарихын жаңаша зерделеуге мүмкіндік туған бүгінгі тәуелсіз көзқарастар тынысы қандай да бір сөз зергерін оның әдеби ортасымен, айналасымен байланыста қарауға жол ашып отыр. Қазақ әдебиетінің дара тұлғасы А. Құнанбайұлының әдеби ортасын анықтап, ғылыми айналымға түсіру - бүгінгі абайтану ғылымының көкейкесті мәселесі.
Абайдың әдеби ортасы дегенде оны ақындық өнерге баулыған, рухани өсу жолында темірқазық бағдар бола білген ақын-жырауларды, би-шешендерді, кейіннен нағыз ақындық кемеліне жеткен тұлғаның өнеріне сусындап, әдебиеттегі дәстүрін жалғастырған ақын шәкірттерін, оның мұрасын халыққа насихаттаған өнерпаз буынды айтамыз.
Әдеби орта ұғымын мейілінше кең тұрғыда алу да бар. Ол өлшемге салсақ, ақынға әсер еткен рухани қайнар көздерге ұласатын алғышарттарды есепке аламыз. Бұл тұрғыда әдеби ортаны абайтанушы ғалымдар атап көрсететін ақынға әсер еткен шығыс, батыс және қазақтың төл әдебиеті сияқты рухани қайнар көздерімен байланыста қарауға болады. Осылайша әдеби ортаның құлашын кеңейтіп, ақын сусындаған әдеби дереккөздерге қатыстылығын ескерсек, Абайдың кітапханасы деген тақырыптың да әдеби ортамен бөлінбес бірлікте екенін аңғару қиын емес. Әдеби орта тек өзіне ықпал еткен ілгерідегі әдебиетпен ғана шектелмейді, енді ақынның өзгеге берген нәрі деген тұста қазақ әдебиетіндегі үлкен арна - Абайдың әдебиеттегі дәстүрі мәселесін қоса қамтиды. Шартты түрде осындай кең ауқымды қамтитын Абайдың әдеби ортасын біз мейілінше нақтылап, тарылтып ақынның айналасы, яғни Абаймен тікелей қарым-қатынаста, әдеби байланыста болған аға буын, замандас сөз зергерлері - ақын-жыраулар, би-шешендер және кейінгі ақынның тікелей тәрбиесін көрген ақын шәкірттерімен шектеп, шеңберлеп қарастыруды мақсат еттік. Әуезовтің сөзімен айтқанда «бергілер және дәл айналасы» [1, 19-б. ] зерттеу жұмысымыздың негізгі нысаны болып табылмақ.
Демек, үш қайнар көздің бірі - төл әдебиет пен ақын арасындағы байланыс Абайдың әдеби ортасының нақты шеңберін белгілеп, ақынның айналасы (ақындығының айналасы емес, бұл тіркес әдеби ортаны кеңірек алуға жетелейді), онымен тікелей қарым-қатынаста болған әдебиет өкілдерінің рөлін айқындайды. Жас өреннің өлеңге алғаш қадам жасаған шағынан бастап, ақындық жолда рухани толысуына алдымен әсер еткендер - оны қоршаған, қаумалаған жанындағы сөз майталмандары. «Абайдың үзік тұлғасын, арнайы арнасын, қазақы қалпын» (М. Әуезов) жасаған дәл осы ортаның, айналасының бағасын беру - бүгінгі абайтанудың негізгі міндеттерінің қатарынан.
Дәл осы тұрғыдан алғанда, әдеби орта ұғымы кез-келген әдебиет өкілінің, оның шығармашылық жолының қалыптасуында айтарлықтай рөл атқаратын өскен орта, яғни туған өлке деген ұғымдармен де аса жақын келетінін ескерген жөн. Туған топырақтың қасиеті қаламгер атаулының кіндігін өзінен бір сәт ажыратпай, оның шығармашылық жолына табиғи бояуын сіңдірер үзілмес желі боп тартылады. Кіндік қаны тамған туған жер адам болмысының қалыптасуына өз әсерін тигізері анық болса, рухани дүниеге ұмтылысы ерекше өнерге жақын жандардың табиғаты сол туған топырақтың құнарына да тәуелді. Қазақ даласын шалқытқан өнердің сан алуан түрі - ән мен күй, өлең мен жыр әр аймақтың сипатына қарай өзінше шырқалып, түрліше күмбірлейді. Жер табиғатының өзгеше өрнегі әр өлкедегі өлең-сөзге де өзіндік мақам-бояуларын сіңіреді. Шығыстың шертпе күйі батыс қазақтарына аса тән емес, оларда күйдің төкпе түрі кең жайылған. Жетісу ән мәнері де арқаның әндерінен бөлекше. Ақындық өнерде дәл мұндай ерекшеліктер анық байқалмағанмен, әр аймақтың өзіндік ақындық дәстүрі қалыптасып, дамып-жетілді. Қаратау шайырлары, Сыр сүлейлері немесе арқа ақындарының сал-серілік дәстүрі тағы басқаларды алсақ, әр аймақтың ақындық сөйлеу тілінде көзге ұрып тұрған айшықты айырмашылықтар болмады десек те, табиғат-тылсымы тереңге тығылған әр өлкеге тән ақындық дәстүр сақталған. Осы арады белгілі бір аймақтың ақындық дәстүрін, ерекшелігін, даралық сипаттарын зерттейтін әдеби өлкетану мәселесінің қазақ әдебиеттану ғылымында кенжелеп жатқандығын айта кетуіміз керек. Бұл сала, яғни, «Литературное краеведение» орыста да, батыста да әлдеқашан алдыға кеткен. Бүгінгі күннің өзінде де бұл тақырыптың астарында жершілдік, руға бөлінушілік жоқ па?- деген сияқты қате ұғым-түсініктің қалыптасуынан болар, сірә, аталмыш сала ұлттық әдебиеттану ғылымында соншалықты назарға ілінбей келеді. Ал, анығында қазақ жеріндегі қоғамдық-тарихи дәуірлердің ерекшеліктеріне орай, әсіресе ХХ ғасырдың басына дейінгі еліміздегі көшпелі мәдениетке тәуелді әдеби ахуалды ескере отырып, әр аймақтың әдеби дәстүрлерін жеке-дара зерттеп, екінші бір өлкенің әдеби үрдістерімен салыстыра қарағанда жалпы қазақ әдебиетінің тарихи жолын, көркемдік сипатының даму ерекшеліктерін толық тани түсуге мүмкіндік аламыз. Л. Толстойдың шығармашылық өмірбаянында Ясная Полянаға қаншалықты екпін түсіріліп назар аударылса, қазақ әдебиетіндегі тұлғалар туралы зерттеулерде Махамбеттің Нарынына, Шоқан дүниеге келген сұлу Сырымбетке де соншалықты мән берілу керек сияқты. Бөрілінің сұсты табиғаты М. Әуезовтің әңгімелеріне арқау болса, «Өмір мектебінің» алғашқы беттерін парақтағанда С. Мұқановтың туған жеріне саяхат жасайсың. Бірақ, туған жер мен сол өңірде, аймақта өскен тұлғаның арасын байланыстыра қарау ұлттық әдебиеттану ғылымында солғын екенін жасырудың реті жоқ.
Абай өмір сүрген дәуірдегі әлі де жазба поэзиясы қалыпты жолға түсе қоймаған көшпелі елдің әдебиетін сөз еткенде, айшықты мәселенің бірі ретінде белгілі бір аймақтың әдебиетін, ондағы әдеби ортаның рөлін баса көрсетсек, ең алдымен ұлттық әдебиетіміздің сол уақыттағы даму жолдарын айқындауға септігін тигізері анық.
Ақынды қоршаған әдеби орта, оның ішінде тікелей қарым-қатынаста болған айналасы туралы айтқанда батыс, орыс әдебиеттану ғылымы «контактные отношения» деген мәселеге көңіл қойған. Мағынасын қазақшаласақ - бір-біріне жолығып, түйісіп барып әдеби байланысқа түсу. Ф. Достоевский мен В. Соловьев, Л. Толстой мен Д. Мамин-Сибиряк сынды жазушылар арасындағы әдеби байланысты осы тұрғыдан қарастырған еңбектер де бар [2] .
Демек, әдеби орта дегенде ақынның туып-өскен ортасы, аймағы деген мәселені де естен шығармаған жөн. Ақындыққа көтерілу жолында өз ауылының, өлкесінің әдебиет өкілдерінен құнар жинаса, толысып, кемеліне келген шақта да алдымен өз айналасына рухани нәрін септі. Сол себепті де Абайдың әдеби ортасы туралы сөздің бісмилләсі оның айналасынан басталуы заңды. А. Құнанбайұлы Ертіс бойындағы Семей шаһары мен Шыңғыстау тауының аралығында ғұмыр кешті. Біз білетін тарихы Майқы билерге баратын қасиетті Шыңғыстың суын ішіп, топырағын еміп өсті. Ес біліп, ақыл тоқтатқан шаққа дейін өлең-сөздің, ақындықтың әліппесін Абай өз әулетінен, маңайындағы үлкенді-кішілі ақындар мен би-шешендерден үйренді. Дәл осы Шыңғыстаудың бауырынан шықпай отырып, қазақ өлеңін шырқау биікке аспандатса, сол өлең-сөзге алғаш баулыған әдеби ортаның орны айрықша. Кейіннен ақынның маңайына сөз ұғарлық өнерлі топ үйірілсе, олар да сол өңірдің жас өрендері-тін. Демек, қазақ әдебиетінде кеңінен қанат жайған Абай дәстүрінің бұлақ көзі алдымен осы ақын айналасына шоғырланған ақындардан бастау алады. Ал, Абайдың әдебиеттегі дәстүрінің қазақ даласында кеңінен сипат алуы ақын дүниеден өткеннен кейін барып жүзеге асты. Жасыратыны жоқ, көзі тірісінде Абайды жаңағы өзі өмір сүрген өлкесінен басқа алыстың қазағы танымады. «Біздің жұрт әлі күнге шейін мәдениет басқышының ең төменіне аяқ баса алмай тұр. Қазақ әдебиетінің атасы хакімінде тарихта аты алтынмен жазыларлық Абай Шыңғыс тауында 60 жылдық өмірін өткізіп, сол Шыңғыс тауында өлді. Туғанын, жасағанын, өлгенін өз елі Тобықтыдан басқа қалың қазақтың көп жері білмей де қалды» [3] , - деп қынжыла жазған М. Дулатовтың сөзі - ащы да болса шындық. Дәл осы қынжылысты Шәкәрім де білдірген болатын.
Ақынға тікелей әсер еткен, үлгі көрсеткен замандас аға буын ақындар, би-шешендер мен сол Абайдан үлгі алған ішінде ақыны бар, әншісі мен күйшісі бар өнерлі жастардан тұратын әдеби қауымды негізге ала отырып, М. Әуезов Абайдың айналасын, ақындық ортасын ақынның өзі алған нәрі және өзгеге берген нәрі деп екі салаға жіктейді. Өзі алған нәрі дегенде, сөз иелерінің ішінде ақындардың орны айрықша. Атап айтқанда, Абай жасынан Бұхар жырау, Шортанбай жырларына қанып өссе, өзі жүзбе-жүз кездескен Дулат, Сабырбай, Жанақ, Шөже, Балта, Байкөкше, Қуандық қыз, Бодау жырау, Мұрынбай жырау, Біржан сал сынды әдебиет өкілдерінің қай-қайсысынан да оның ақындық өсу жолын бөліп қарауға болмайды. Осы орайда академик С. Қирабаевтың пікіріне жүгінсек: «Абайдың ақындық жолы, ортасы күрделі болғаны белгілі, оның ақындылығы да сол ортада, өз дәуірінің шындығына орай қалыптасты. Сондықтан ақынның өзі туып өскен ортаның әдебиеттік үлгілерінен, қазақтың шешендік өнерінен (атақты би болғанын еске алыңыз!), аты белгілі (өзі атайтын Бұқар, Дулат, Шортанбай) ақындар өнегесінен тыс тууы мүмкін емес. Қайта Абай осылардың бәрін жақсы білді, жанына азық етті. Ұлттық рухани байлығын бойына сіңіре отырып, кейін шығыс, батыс үлгілерін еркін меңгеру арқылы бүкіл халықтық, жалпы адамзаттық ой-пікір деңгейіне көтерілді. Халықтық әдебиет сарындарын үлкен европалық үлгідегі ақындық жинақтаушылыққа (обобщение) ұластырды. Мұның өзі қазақ әдебиетінің Абай арқылы адамзат мәдениетінің көркемдік биігіне шығуын дәлелдейді» [4, 14-б. ] - дейді.
Екінші мәселе - ақынның өзгеге берген нәрі турасында. Бұл кеңірек түсінікті қажет ететін ақындық мектеп, қазақ әдебиетіндегі Абай дәстүрі деген ұғымдардың мәнін ашуға жетелейді.
«Абайдың ақындық мектебі» концепциясын М. Әуезов ұсынды. Әлем әдебиеті бойынша әдебиеттану ғылымында «мектеп» термині бар. Нақты «әдеби мектептің» анықтамасы болмағанмен, бұл ұғым батыс пен орыс әдебиетінде әдеби ағым, әдеби үйірме, әдеби топ дегендермен алмастырыла айтыла береді. Әсілі, әдеби мектеп - бір көзқарастағы, бір бағытта шығармалар жазатын, арман-мұраттары ортақ қаламгерлердің басын құрайтын ұғым. Көбінің бастаушысы, яғни сол мектепті құрушы ұстазы болып, қалғаны шәкірт саналады. Бірақ, батыс әдебиеттануындағы мектеп атаулының қай-қайсысында да ұстаз бен шәкірт арасындағы байланыс нақты айтылмайды да, әдебиеттегі ағымға қарай ауып кетеді. Әлем әдебиетіндегі мектептер, үйірмелер, әсіресе батыстың әдеби салон-клубтарының маңайына ақын шәкірттер жинап, тәрбиелеген Абайдың қарекетін еске түсіргенімен, екі түрлі қоғамдағы бұл әдеби топтардың табиғи нышандары қабыса бермейтінін де ескеруіміз керек. Нақты бір бағытты бетке алып, ортақ көзқараста, тіпті кей тұстарда бір ғана тақырыптың аясынан шықпай шығармашылық жолға түскен европалық үлгідегі бірлестік-клубтар мен бастау көзін сонау көшпелі түркі әдебиетінен алатын, әлі де ауызша әдебиеттің үстемдік алып тұрған қазақ даласында ақындыққа ебі бар өнерлі жастардың басын қосып, өлеңге баулып, нағыз сыншыл да, шыншыл поэзияның мектебін құрған Абай айналасын бір қалыпқа салып, ортақ анықтаманың аясында қарауға тағы болмайды. Батыс әдебиетіндегі мектептің ұстанған принциптері, ондағы басты белгілер мен өзіндік айшықтарды, сөз жоқ, Абай мектебінің табиғатына сәйкесе қоймайды. Бұл арада ұлттық әдебиетіміздің өзіндік ерекшеліктерімен санасқан жөн.
Абайдың ақындық мектебі - оның кейінгі әдебиетке әкелген жаңашыл дәстүрлері мен сол әдеби үлгі-өрнектерді жалғастырып, дамытушы ізбасар ақындардың әдебиеттегі орнын айқындайтын, сол арқылы кемеңгердің тағлым беруші ұстаздық қырын танытатын қазақ әдебиетіндегі ерекше құбылыс. Сонымен қатар, ақынның күнделікті қасында жүріп, тікелей тәрбиесін алушы, оның тапсырмасымен алуан тақырыпта шығармалар жазған айналасындағы шәкірттерді ғана бөліп алып, Абай мектебінің өкілдері деп қарастыру бар. М. Әуезов: «Тегінде әдебиеттік мектеп мағынасы тарихтық басы ашық, даусыз, деректі көлемде алу да бар. Онда «шәкірт» деп белгілі ақынның қасында, қатарында жүріп күнделік байланыс арқылы тақырып, үлгі, ұстаздық, сын-өнеге алып жүрген ақындар тобын даусыз «мектеп» деп айтуға болады» [5, 118-б. ] , - деген анықтама берген болатын.
Ал, Абай дәстүрі - біз сөз етіп отырған ақындық мектепті де ішіне сыйғызып жіберетін кең ұғым. Абай дәстүрі оның қасында жүрген шәкірттерімен шектелмейді. Қазақ әдебиетіндегі Абайдан кейінгі көрнекті тұлғалардың барлығы дәстүр жалғастырушылар десек, С. Торайғыров, М. Жұмабаев, А. Байтұрсынов, М. Дулатов, С. Сейфуллин, І. Жансүгіров, Б. Майлин сынды әдебиет қайраткерлері осы легтің алдыңғы толқыны ғана. Демек, кең мағынада алғанда дәстүр жалғастырушылардың бәрі дерлік Абайдың ақындық мектебінің өкілдері болып табылады. Алайда, Абайдың ақындық мектебі деген ұғымды нақтылап, оның маңайындағы ақын шәкірттерімен байланысын алып қарастырғанда, ақындық дәстүрден де басқа, ұстаз бен шәкірт арасындағы күнделікті қарым-қатынастардың нақтылы көріністері бой көрсетеді. Яғни, Абай поэзиясының кейіегіге әсер-ықпалы деген мәселеден басқа, Абайдың тікелей тәрбиесі, ұстаздық ұлағаты, тіпті оның өлең жазуға баулу, үйрету қарекеттері айқындалды.
1950 жылдардағы «Абайда мектеп болған ба, жоқ па»?- деген даудың тууына ақындық мектеп мәселесіне қатысты нақты меженің жоқтығы да себеп болды. Соның салдарынан біреулері Абай мектебін тар мағынада, яғни айналасындағы ақын шәкірттерімен шектесе, екінші зерттеушілер тобы мектеп мағынасын кеңейтіп, оның аясына дәстүр жалғастырушылардың барлығын кіргізді. Абайдың тікелей тәрбиесін көрген маңайындағы ақын шәкірттердің бәрі дерлік кеңестік идеологияның жаласына ұшырап, әдебиет тарихынан аластатылғаннан кейін, Абай шәкірттері, Абай мектебі деген ұғымдар дәстүр жалғастырушылар деген тақырыптың аясына сіңіп кетті.
Негізінен, Абайдың ақындық мектебі мәселесін сөз еткенде Абай мен оның тікелей тәрбиесінде болған ақын шәкірттер арасындағы байланыс бір бөлек, кемеңгер ақынның әдебиеттегі дәстүрі, яғни Абай дәстүрін жалғастырушылар жеке тақырып ретінде қарастырылғанда ғана Абайдың ұстаздық қарекеті мен жалпы ақындық өнерінің кейінгі әдебиетке әсері деген мәселелерді ажыратуға мүмкіндік туады. Сол себепті, ғылыми жұмыста ақындық мектеп аясындағы Абайдың алдын көрген ақын шәкірттер мен ұстаз арасындағы байланысқа баса назар аударылды. Яғни, әдебиеттегі дәстүр орнықтыруымен қатар, жанына бір топ ақынды жинап, әдеби жол көрсетіп (тақырып беріп, өлең жаздырып, сол жазғанын ортаға салып талдап, кемшін жерін түзеп) шын мәнінде осындай іс жосығын жүзеге асырған Абайдың ұстаздық қарекеті баса көрсетілді.
Ақынның әдеби ортасын өз айналасымен шектеп алғанда ондағы Абайдың орны деген мәселеге ерекше ден қойылды. Өзіне дейінгіден алып, кейінгіге ұсынды деген қасаң қағиданы ұстансақ, Абай тек дәстүрді жалғаушы, ұлттық әдебиетіміздің көркемдік құндылықтарын тасымалдаушы дәрежесінде ғана қалып қояды. Ал, Абайдың әдебиеттегі қайраткерлігі одан әлдеқайда биік. Қазақтың төл әдебиетін классикалық дәрежеге көтеруші ғана емес, кейінгі ізбасар буынға үлгі ұсынушы, өнер таратушы бола білді. Яки, Абай алдыңғысынан тек алып қана қойған жоқ, соның маржанын екшеп, арзанын сынға ала шыңдалды, өсті. Сол толысқан шағында өзінен кейінгі жастарға нағыз ақындық өнердің қыр-сырын үйретті. Бұл арада Абай өнер үйретуші ғана емес, сол үлгілі шәкірттердің кей өнеріне тәнті болды. Жақсы сөзіне сүйсініп, оны қабылдады, басқаға үлгі ретінде насихаттады. Міне, кемел ақынның әдеби айналасы осылайша қанаттанып, жетіліп үлкен бір әдебиеттің ордасына айналды. «Сөз түзелді, тыңдаушы сен де түзел» деп бүкіл бір ұлтқа жаңа меже көрсеткен ақын, хәкім, ұлы ұстаз деп тануымыз да содан Абайды.
Жеке ақынның әдеби ортасын, тікелей әсер еткен рухани айналасын танып, біліп болмай, сол тұлға туралы толымды пікір айту мүмкін емес. Абайдың әдеби ортасы тақырыбы - абайтану ғылымында зерттелу жағынан кенжелеп жатқан сала. Көп жылғы бодандық құрсауындағы Абай тұлғасы енді ғана өз биігінен көрініп, жаңа зерттеулерге бой ұсынып абайтануға тың міндеттер артқанына да аз уақыт болған жоқ. Десек те, Абайды ұлттық таным тұрғысынан бағалап, оның кемеңгерлігіне толымды баға беру ондаған жылдардың еншісіне сыя қоймайды. Әсіресе, кеңестік кезеңде өз заманынан, ортасынан, тіпті ұлтынан бөлініп, жеке-дара қарастырылған Абай есімі қайта, қайыра қарастырар жаңа пайымдауларға зәру. Академик З. Ахметов айтқандай: «Абай творчествосының өз заманымен, сол кездегі қоғамдық өмірімен байланысын, сол кезде қандай зор танымдық, тәрбиелік міндет атқарғанын, сөз өнеріне не жаңалық әкелгенін толық түсінсек, сонда ғана біз оның кейінгі кезеңдерде, қазіргі заманда қоғамдық ой-сананың, әдебиеттің өркендеуіне қандай ықпал жасап келе жатқанын толық аңғара аламыз» [6, 38-б. ] .
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz