Оқыту әдістері және тәрбие парадигмасы


Пән: Педагогика
Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 75 бет
Таңдаулыға:   

С. БАБАЕВ, Б. ДАУЛЕТБЕКОВА

ОҚЫТУ ӘДІСТЕРІ ЖӘНЕ ТӘРБИЕ ПАРАДИГМАСЫ

ТҮРКІСТАН, 2010ж.

Пікір жазғандар:

К. Ералин-педагогика ғылымдарының докторы, профессор

Ә. Жолдасбеков-педагогика ғылымдарының докторы, профессор

Жауапты редактор:

Ш. Оразов-педагогика ғылымдарының докторы, профессор

Бабаев Сабет Балтабайұлы. Кемел адам -тұлға қалыптасуы. Педагогикалық теория негіздері. Монография. Түркістан-2010, 334 бет.

Кітапта педагогиканың әдіснамалық негіздері өрнек тапты, шәкірттерді баулу, оларды тәлім жолына салып, біліммен қаруландырудың әдістері, принциптері және педагогикалық құрал-жабдық шараларын пайдаланудың жолдары кеңінен баяндалды. Педагогикалық үдерісте қолданым табатын дәстүрлі және жаңашыл технологияларға көңіл бөлініп, олардың психологиялық-педагогикалық ерекшеліктері айқындалды.

Еңбек толығымен тұлғалық бағытты педагогика арнасында өз баянын тапты. Дәстүрлі педагогика терминдері сын тұрғысынан талданып, бір мәнді нақты мазмұнға ие сөздермен ауыстырылды.

Еңбек ЖОО тәлім-тәрбие мамандығын таңдаған болашақ педагогтарға, мектеп мұғалімдеріне және барша педагогикалық қызметпен айналысатын оқырман қауымға арналады.

Кіріспе

Қай замандарда да мектеп қоғамның әлеуметтік, экономикалық және мәдени салаларындағы өзгерістерге икемделіп отырған. Әр кезеңге сай оқыту теориялары, оқыту үдерісін ұйымдастыру мәселелері де өзгеріп, жаңа сұраныстарға бейімделген.

Дәл қазір адамның ақыл-ой, шығармашылық мүмкіндіктеріне қойылатын талаптар артуда. Мұндай күрделі міндеттерді шешудегі орта мектептің бастауыш сатысының алар орны ерекше. Оқушылардың білім берудің барлық кейінгі сатыларында нәтижелі дамуын анықтайтын негіз бастауышта қалатындығы баршаға белгілі.

Қазақстан білім беру тұжырымдамасында "Білім беру үлгісіне орта білім беру деңгейінің өте жоғары болуы тән. Бұл ең алдымен барынша байыпты бастауыш мектеп арқылы жүзеге асырылады" - деген. Осыған орай, әр пәнді оқытудың ғылыми дәрежесі анағұрлым жоғары болуын, ғылым негіздерінің бәрі игерілуін, тәрбие жұмысының жақсартылуын қамтамасыз ету бағытында әр алуан шаруалар жүзеге асырылуда.

І. ОҚЫТУ ПРИНЦИПТЕРІ МЕН ӘДІСТЕРІ

1. 1 ОҚЫТУ ПРИНЦИПТЕРІ ЖАЙЛЫ ЖАЛПЫ МАҒЛҰМАТ

Біздің қоғамдағы нарықтық қатынастарды игеру, алдыңғы қатарлы дамыған елу елдің қатарына қосылу, үдемелі ақпараттар ағыны, ғаламдық компьютерлік жүйеге өту қазіргі заманда өмір сүріп отырған адамның өз білімін үнемі жетілдіруіне, жаңарып тұруына икемділігін тәрбиелеп отыруына көзін жеткізіп отыр. Осы күні мектепте әлеуметті жағынан белсенді, еркін ойлай алатын, өз бетінше жаңа ақпаратты меңгере білетін, саналы адамдар тәрбиелеуге талап қойылуда. Осыған байланысты қазіргі жағдайда мектеп оқушысының төменгі сыныптан бастап оқуға деген қызығушылығын, танымдық әрекет белсенділігін қалыптастыру үшін мұғалім өскелең оқытуға негізделген жаңа бағадарламамен оқыту қажет.

Қазақтың дарынды ұстазы Ахмет Байтұрсынов «Елді түзетуді - бала оқыту ісін түзетуден бастау керек» - деген. Ертең осы елге ие болып, тізгінін ұстар азаматтар - бүгінгі мектеп оқушылары болғандықтан қазақ тілінде оқытатын мектептердің бүгінгі жайы, даму бағыттары бүкіл қоғамның, мемлекеттің назарында.

Сондықтан да бүгінгі мұғалімдерге әсіресе, бастауыш сынып мұғалімдеріне қойылатын талаптың жүгі ауыр. Бұл міндетті іске асыру үшін кәсіби шеберлігін шыңдауға шаршамайтын, жаңалыққа жаны құмар мұғалім қажет.

Бастауыш мектеп - оқушыны тұлға етіп қалыптастырудың алғашқы баспалдағы. Көп пәнді бастауыш мектептің сан қырлы жақтарына төселе отырып, жеке пәнді оқытудың ерекшеліктерін, әр пәннің білім беру үлгісі мен оқытудың принциптерін меңгертудің тәрбиелік мәні зор [1] .

Осы мақсаттарды жүзеге асырудың негізінде оқытудың принциптерін дұрыс таңдай алып, оқушының пәнге деген қызығушылығын арттыруда білім берудің тиімді жолдарын қарастырып, оқытудың жаңа көп нұсқалық қағидасын бекітті. Оның өзіңе оңтайлысын таңдай білуді ұсынды. Кез-келген оқыту принциптерін қолдануда мұғалімнен терең теориялық білім мен үлкен педагогикалық шеберлік, жан-жақты ізденіс пен баланың жан дүниесін түсіне білетін психолог болуды талап етеді.

ХХ ғасырдың басындағы ұлттық ойшылдарымыздың бірі Жүсіпбек Аймауытов «Сабақ беру - үйреншікті жай ғана шеберлік емес, ол - жаңаны табатын өнер» - деген екен.

Білім беру саласындағы оқыту үдерісінің мәні өте зор, өйткені осы кездегі қоғамдық-өндірістік қатынастың дамуы оқытудың ғылыми-практикалық деңгейіне байланысты. Оқыту үдерісінің міндеттері, мазмұны, үлгілары, әдістері тұтас логикалық тізбек құрса, онда қарастырылып отырған байланыс заңдылықтары ақырғы немесе қорытынды нәтижені қамтамасыз етеді.

Оқыту үдерісінің заңдылықтары оның принциптерінде бейнеленеді. Принцип (латын сөзі) - басшылыққа алатын идея, негізгі талап, қағида.

Оқытуға қойылатын талаптардың бастапқы белгілі жүйесін оқыту үдерісінің принциптері деп атайды.

Дидактикалық принциптер - оқытудың мазмұнын, ұйымдастыру түрлерін, әдістерін, оқытудың мақсаты мен заңдылықтарына сай анықтайтын қағидалар жүйесі. Оқыту принциптері дидактиканың категорияларына жатады. Олар оқыту заңдарын және заңдылықтарын пайдалану әдістерін сипаттайды.

Дидактика тарихында зерттеушілер оқыту принциптерін, негізгі қағидаларды белгілеуге көп күш салды.

Дидактикалық принциптер нақтылы тарихи - әлеуметтік жағдайларға байланысты. Қоғамның оқытуға қойылатын талаптары өзгеріп отырғандықтан, кейбір принциптер ескіріп (табиғатқа сәйкестік, партиялық), кейбіреулері жаңадан пайда болады (кірістіру, ізгілендіру), Кейбір авторлар оқыту принциптерінің санын қысқартуды ұсынса, басқалары, керісінше, кеңейтуді ұсынып келеді. Заманауи принциптер оқу үдерісінің барлық құрамдас бөліктеріне (логикасына, мақсатына, міндеттеріне, мазмұнын қалыптастыруға, түрлері мен әдістерін таңдауға, ынталандыруға, нәтижелерді жоспарлау мен талдауға) өз талаптарын ұсынады.

Оқыту үдерісінде кез келген мұғалім дидактиканың принциптерін басшылыққа ала отырып оқытудың мазмұнын, амал - тәсілдерін және ұйымдастыру үлгіларын таңдап, шәкірттерін жоғары нәтижеге жеткізуі шарт. Мұғалім дидактикалық принциптерді дұрыс таңдаса және оқытуды дұрыс ұйымдастырса сабақ тиімді және нәтижелі болары даусыз.

Дидактикалық принциптердің қызметі: олардың негізінде оқушыларда оқытудың мақсатына сәйкес берілетін білім мазмұнын жүйелі, саналылықпен белсенді түрде меңгеруге деген қызығушылықтар пайда болады. Дидактика принциптері оқыту үдерісінің негізгі буыны ретінде бірімен-бірі логикалық өзара байланыста болады

Сонымен, ең негізгі, ғасырлар бойы педагогтар қауымы мойындаған оқыту үдерісінің бірнеше принциптер жүйесіне келсек,

-мақсаттылық ;

-ғылымилық;

-жүйелілік пен бірізділік;

- теория мен тәжірибенің байланыстылығы;

-саналылық пен белсенділік;

-беріктік;

-көңіл-күй ескеру;

-түсініктілік;

-сәйкестік принципі;

-көрнекілік.

Осы принциптерді талдаудан алдын принциптер мен ережелер байланысына тоқталайық.

Педагогикалық ереже - жалпы принциптерге негізделген белгілі жағдайдағы, белгілі мақсаттағы педагогтық қызметтің бейнеленуі. Ережелер оқыту принциптерін қолданудың тәжірибелік жақтарын көрсетеді, теориядан тәжірибеге көшу жолдарын айқындайды. Заңдылықтар мен принциптермен салыстырғанда ережелер мұғалімге нақты педагогтық жағдайда қандай да нақты шараларды пайдалану қажеттігін ұсынады.

Осы жерде айта кететін жайт: ережелерді қатаң, мүлтіксіз орындау ұстаздың қолын байлап қояды; ережелерге немқұрайлы қарау оқыту сапасын төмендетеді. Сондықтан, әрбір мұғалім дидактикалық ережелерді типтік, стандарттық жағдайларда тиімді пайдаланса, күрделі педагогтық жағдайларда дидактикалық принциптерге сүйеніп шығармашылық танытса қойылған мақсатына жетері сөзсіз.

Ережелер принциптерге сүйенеді, принциптер ережелер арқылы жүзеге асады. Ережелер педагогтық тәжірибенің қорытындысы ретінде дидактика принциптерін қолдану құралы болады. Сонымен, педагогтар оқытудың принциптеріне сай қалыптасқан белгілі ережелерге сүйеніп мақсат - міндеттерін іске асырады.

Біздің оқулықта арнайы қарастырылмаған принциптер көп, мысалы, мұғалімнің басшылық ролі; ынталандыру; проблемалық оқыту; дамыту, оқыту және тәрбиелеу бірлігі; ізгілендіру; жас және дара ерекшеліктерін назарға алу; кіріктіру принциптері.

Енді принциптер мен ережелердің мәнін ашу жолдарын қарастырайық.

Әрбір сабаққа дайындалу үшін ең алдымен оның мақсатын анықтайды. Мақсатсыз сабақ жақсы нәтиже бермейді. Өйткені оқыту әдістері олардың мақсаттарына байланысты. Осыған орай, әрбір баланың және ұжымның ерекшеліктерін еске алып, мұғалім оқыту жұмыстарының үлгіларын, мазмұнын, әдістерін іріктеп алады. Оқыту мен тәрбие жұмыстарын осындай мақсатпен ұйымдастыру мұғалім мен оқушылардың іс-әрекеттерінің үнемі жоспарлы түрде өтуіне игі әсер етеді.

Оқытудың ғылымилық принципіне орай оқушылар ғылыми білімдер мен ғылыми әдістерді меңгерту керек. Бұл принциптің астарында жатқан заңдылықтар: дүниені танып білуге болады, адам өмірінде ғылымның рөлі күннен - күнге өсуде, оқытудың ғылымилығы оқытудың мазмұны және мұғалімнің іс-әрекеті арқылы жүзеге асады [2] . Мысалы, педагог-ғaлым жаңалықтарын адам үшін қызмет ететінін түсіндіре отырып, оқушыларда дүниеге диалектикалық, ғылыми - материалистік көзқарас қалыптастырады.

Аталмыш принципті іске асыру үшін педагог орындайтын негізгі талаптар:

- Білім мазмұнын педагогика, психология ғылымдарының қазіргі даму дәрежесіне сәйкестендіру, жаңа әдістемелер мен жаңашыл ұстаздардың тәжірибесін қолдану.

- Оқушылардың ғылыми диалектикалық ойлау қабілетін дамыту, бастауыш мектептің өзінде тек индукциялық ғана емес, дедукциялық оқытуды енгізу.

- Шәкірттерге жаңа ғылыми ұғымдарды түсіндіру, жүйелі түрде қайталау, пайдалану, қолдану, іске асыру.

- Оқыту әдістері арқылы оқушыларды ғылыми әдістермен таныстыру, оларды ізденушілікке, шығармашылыққа баулу, зерттеу тәсілдерін пайдалану үшін кітаппен, анықтамалармен жұмыс істеуге ынталандыру.

- Әрбір ғылымның ашқан жаңалықтарын оқушылар санасына жүйелі түрде қарапайым ұғымдармен берік түрде жеткізу мұғалімнің негізгі міндеті.

- Ғылымдағы жаңалықтардың жан-жақты байланыстарын көрсетіп оқушылардың білім деңгейімен ұштастыру, жаңа пән сөздерді қолдану.

- Белгілі ғалымдардың өмірбаянымен, олардың қосқан үлесімен оқушыларды таныстыру.

Бұл принциптің өзекті негіздері: адам миында сыртқы дүниені бейнелейтін өзара байланысты түсініктер жүйесі қалыптасқанда ғана, оның білімі толық және шынайы болады; оқылатын оқу материалын белгілі реттілікпен оқушыларға жеткізгенде, олардың санасында ғылыми білімдер жүйесі қамтамасыз етіледі; ғылыми білімдер жүйесі оқу материалының ішкі логикасына және әрбір оқушының таным мүмкіндіктеріне бағынышты; оқушыларды логикалық ойлауға үйрету, дағдыларын жүйелі түрде шынықтыру, олардың тұлғасын үзіліссіз, кедергісіз дамыту.

Бұл принцип оқытудың ғылымилығы принципімен тығыз байланыста болғандықтан, ғылыми білімдер негізін оқушылардың жүйелі түрде және реттілікпен ұғынуы сабақтардың мазмұнының негізгі өзегі болуы тиіс [3] .

Әрбір мұғалім сабаққа әзірлену барысында не сабақ барысында жүйелілік пен бірізділік принципін жүзеге асыру үшін келесі ережелерді назарға алады.

- Оқу міндеттерін оқушылар түсініп, оқу материалын логикалық тұрғыда жүйелі қабылдауы мақсатында кесте, сызба, жоспарларды қолдану.

- Оқу мазмұны мен әдістерінің жүйелілігін сақтау, бастауыш пен орта, орта мен жоғары сыныптардағы оқу мазмұны мен әдістерінің бірізділігін қамтамасыз ету.

- Оқу пәні - ғылымның көшірмесі болғандықтан оқушыларға ғылымның жүйесін көрсетіп, пәнаралық байланыстарды пайдалану.

- Бұрын ұғындырған білімді жиі қайталау және жетілдіру; қысқы қорытындылауды сабақтың басында, барысында және аяғында өткізу.

- Тек тіл мұғалімдері емес, барлық педагогтар барлық сабақтарда оқушылардың ой білдіру әдістері мен түрлерін бақылау; үнемі оларды өз қателерін тауып, талдауға үйрету.

- Әрбір тақырып, бөлім, тарау, пән аяқталғанда қорытындылау және жүйелеу сабақтарын өткізу.

- Табиғатына байланысты, шәкірттер бірнеше сабақта меңгеретін материалды бір сабақта «айлақорлықпен» ұғындырмау.

- Оқушылардан әр тарау мен бүкіл бағдарлама бойынша білім, білік, дағды жүйесін меңгеруін талап ету.

Сонымен, жоғарыда сөз болған принцип Я. А. Коменскийдің «бүгінгі оқыту кешегіні бекітіп, ертеңгіге жол салады» өсиетін нақтылай түседі.

Бұл принцип философияның «тәжірибе - танымның ілкі бұлағы» қағидасына негізделген. Оның түбінде көптеген заңдылықтар жатыр: оқытудың сапасы мен тиімділігін тәжірибе көрсетеді, тексереді, анықтайды; тәжірибе - ақиқаттың көрсеткіші; тәрбие өмірмен, тәжірибемен тығыз байланысты; теория мен тәжірибе байланысы оқу мазмұнына, әдістеріне, түрлеріне тәуелді; оқушыларды мамандыққа бағдарлау сапасы жоғары болса, олар заманауи өндіріске тез икемделеді.

Осыған орай мұғалім орындайтын ережелерді атап өтейік.

- Оқу - өмір қажеттілігі екенін оқушыға түсіндіру, сездіру.

- Үнемі теория мен тәжірибе байланысын көрсету, адамзат тарихындағы ғылыми білімдердің мазмұнын ашу.

- Оқытуда оқушылар жалаң теориялық білім алып қана қоймай, сол алған білімдерін өмірде қолдана білуін қамтамасыз ету.

- Шәкірттерге өз білімдерін тәжірибеде қолдануды үйрету.

- Оқушыға проблемалық, ізденіс, зерттеу тапсырмаларын орындатып теория мен тәжірибе бірлігін дәлелдеу, өзіндік жұмысты орындауға және өз бетімен білім алуды үйрету.

- Әр сабақта оқушыларға политехникалық білім беру, туған жердің шаруашылығына лайықты мамандықтарға дайындау.

- Оқушының қоғамдық еңбегі тәлім-тәрбие, оқу мақсаттарына сай болуы керек.

- Тәжірибелік сабақтардың көмегі мен оқушылар теориялық қағидаларды, заңдар мен ережелерді іс жүзінде тексеріп, ғылыми білімдерді меңгеруге мүмкіншіліктерін жасау.

- Оқушылардың тәжірибелік әрекеттері тек мектеп, сынып шеңберінде қалып қоймай, мектептен тыс өмірмен, еңбекпен ұштасып отыруы шарт.

Бұл принципке негіз болатын заңдылықтар: тек өз ақылымен қабылдаған сапалы да, саналы білім адам білімінің шынайы өзегі болады; оқушылардың білімді саналы түрде меңгеруі таным әрекетінің белсенділігі мен оқуға ынталануына, мұғалім қолданатын әдістерге тәуелді, ғылыми білімдерді меңгеруде саналылық, әрі белсенділік танытқан оқушылар ғана оны терең және ойларына берік тоқулары сөзсіз.

Саналылық пен белсенділік принципін жүзеге асыру үшін мұғалім оқыту үдерісінде төмендегі оқыту ережелерін басшылыққа алады.

- Оқушы алдында тұрған мақсат пен міндеттерді анық түсінуі саналы оқытудың шарты боларын назарға алу.

- Оқушылардың оқу материалын тек жаттап қана алмай, олардың мән-мағынасын терең түсінуін қамтамасыз ету.

- Әрбір сөздің, сөйлемнің, ұғымның мәнін түсіндіру үшін оқушылардың білімі мен тәжірибесін негізге алу.

- Оқушылардың білім алуға деген ынтасын, белсенділігін арттыратындай тиімді әдістерді үнемі қолдану, бүгінгі белсенді шәкірт ертеңгі белсенді қоғам мүшесі екенін ұмытпау.

- Оқу материалын саналы түрде меңгерту үшін әлі бейтаныс мағлұматтарды бұрыннан белгілі ақпаратпен ұштастыра білу.

- Өз бетімен оқуды үйрету, таным әрекетінің тиімді әдістерімен таныстыру.

- Бас және қосалқы оқу материалын ажыратуды үйрету, назарларына негізгі ойларды алу.

- Оқушыларды ойлауға үйретіп, «неге» сұрағын жиі қоюға дағдыландыру.

- Әрбір оқушы тұлғасына қамқорлық жасау, оны оқу пәнін игеретін субъект ретінде қалыптастыру.

- Оқушы білімдерін тәжірибеде қолдануына көмектесу.

Оқытудың тиімділігін, сапасын жақсарту үшін оқушылардың білімдерінің берік болуы даусыз. Бұл принцип көптеген тәжірибелік және теориялық заңдылықтарға сүйенеді: оқушылардың білім мазмұнын меңгеруі мен танымдық дамуы, оқу үдерісінің өзара байланысты екі жағы: білім беріктігі оқушының мұғалімге, оқу пәніне, жалпы оқуға деген субъективті қатынасына тәуелді; оқушыларды білім беріктілі оқытудың ұйымдастырылуы, түрі, әдістері, уақыты арқылы қамтамасыз етіледі; қызықты және маңызды материал ұзақ әрі берік есте сақталады [4] .

Осы принципті іске асыру үшін мұғалім бірнеше ережелерді орындауы қажет.

- Оқушылар білімдерін сабақтар барысында; тақырып, тарауды оқыту аяқталған жағдайда; тоқсан мен оқу жылының басында, соңында қайталауды үнемі ұйымдастыру.

- Қазіргі мектеп жаттаудан ойлауға көшуіне байланысты оқушылардың жадын зорламай, білімді санасы мен сезімдерімен қабылдауды үйрету.

- Жақсы түсінбегенді оқушының есінде сақтауына жол бермей, тек саналы білімді жадында сақтату.

- Басты, негізгі идеялар мен ұғымдарды есте сақтауды қамтамасыз ету үшін оқушыларды анықтамалар мен, энциклопедиялармен жұмыс істеуге машықтандыру.

- Оқыту жүйесінде түрлі (ауызша, жазбаша, лабораториялық - практикалық жұмыстары) жаттығу жұмыстарын ұйымдастыру.

- Оқуға, білімге ынта - ықылас, қызығушылық, мұғалімнің өзіне сенімі болса, оқушылардың оқу - таным әрекеті ерікті, қуанышты болып, білімдері ұзақ уақытқа дейін сақталады.

- Білімнің беріктілігіне кедергі жасайтын сабаққа кешігу, келмеу, сабақ кезінде бос не басқа нәрселермен шұғылданып отыру, жалқаулыққа жол бермеу.

- Логикалық түрде берілген, алынған, қайталанған білімдер мен біліктер байланыссыз ақпаратпен салыстырғанда берік екенін ұмытпау.

- Оқушылардың ерікті және еріксіз зейінін тиімді пайдалану: тікелей ұсыныстың орнына қызықты тапсырма, тәртіпке шақыру орнына мысал, мақал-мәтелдерді қолдану.

- Оқушылардың алған білімдерінің беріктілігін нығайтудың әр түрлі әдіс - тәсілдерін (сезімге толы әңгіме, заманауи көрнекіліктер, техникалық құралдар, оқу ойындары, пікір таластар) іске асыру.

- Жаттығуларды орындаған кезінде оқушылар шаршауының алдын алу.

- Жаңа оқу материалын ескі, таныс ақпаратпен байланыстыру.

- Оқушыларды өз білімін алу мен тексеруге бейімдеу.

Оқытуды аталмыш ережелерге бағындыру - оқушылар білімінің ұзақ уақыт бойы есте сақталуын, сол білімді өз өмірінде пайдалануын қамтамасыз ету.

Көңіл-күй ескеру принципі бала табиғатының дамуы мен оның іс-әрекетіне байланысты туындайды. Ұнамды көңіл-күйден адам жаны нәр алады, ой өрісі сәуелелене түседі, оқу жеңіл, жылдам және жағымды сезіммен қабылданады. Егер оқушының кітап оқуға зауқы болмаса, оны ауыр да азапты еңбек сипатында қабылдаса, одан табысты нәтиже күтудің өзі болымсыз іс. Сондықтан да оқу алдында баланың ұнамды көңіл-күйін көтеріп, оны қуанышты оқиға ретінде қабылданатын дәріс жұмысына дайындау қажет. Ұнамды қатынас болмаған жерде оқу үдерісі өз ықпалының жартысын жояды. Ықыласы болмаған адамды оқыту - бос әурешілік. Көңілін қорқыныш, өшпенділік, жеккөрушілік жайлаған баланы оқыту оның санасына шынайы болмыс деректерін зорлап ендірумен бірдей. Мұндай жолмен қабылданған білім ұзаққа бармай ұмытылады, одан келер пайда болымсыз.

Сондықтан педагогтар бар шеберлігін қосып, мектептегі оқу еңбегі мен білім тартымдылығын көтеруге ат салысады. Олар бала еліктегендей ғажайып кейіп, перілерден бірде кем болмаған ұлағатты тұлға бейнесін жасайды. Бала жанын сенім шуағымен жылытып, оның алғашқы қадамдарына қолдау көрсетеді. Мектеп өмірін мұғалімдер жарқын да қызықты істер, оқиғалар мен толтырып отырса, олардың бәрі балалық шақтың балдәурені секілді оқушы есінде ұзаққа сақталады. Оқудың көңіл-күй принципінің талаптары осы. Ал бұл талаптарды іске асыруды мұғалімнің міндеттері:

- Әр сабаққа дайындалу барысында оқушылардың ұнамды көңіл-күйін қалыптастыру мен қолдау жолдарын ойластыру. Алдағы оқу жұмысы неғұрлым зеріктіргендей әрқилы болса, оқу материалы неғұрлым құрғақ әрі абстракт келсе, ұнамды көңіл-күйдің болуына пайда етудің мүмкіндіктерін іздестіріп бағу.

- Сынып босағасын көңіл жадыратар кейіппен аттап, балалармен әзілдесе, оларды жігерлендіретіндей сөз тауып, сабақты бастау.

- Демократиялық қарым-қатынас мәнерін ғана ұстану.

- Балалар болмысына, олардың істеріне қызыға қатынас жасап, араласын бару.

- Сыныпта қапелінде болып қалатын дау-дамайды әрқашан сабырлы, айқайсыз, тұрпайы және намысқа тиер сөздерсіз шешу.

- Күдер үзгендей әрі қиын жағдайлардан шығу үшін орайы келген әзіл-қалжыңды пайдалану.

- Сабақтың әсем, бейнелі, көңілді өткізілуі үшін оқу әрекетін танымдық ойындар, жарыстар, конкурстар мен сайыстарға толтыра жүргізу.

- Кіші оқушының ойлауын оның сезімдері мен толғаныстарынан ажыратпау: оқу-тәрбие үдерісінің эмоционал көрікті болу қажеттігі - бала ойының даму заңдылықтарынан туындаған талап.

- Әрдайымғы көңіл-күй көтеретіндей сәттерден ұнамды қалыпта өтетін тұрақты кейіп жағдайларына өту.

- Оқу материалдары, оқу әдістері мен танымдық еңбек ұйымдастыру үлгіларының ұнамды көңіл-күй молшылығын пайдалану.

- Оқушыларды жаңа материалды жарқын көңілмен қабылдауға дайындау.

- Қызығушылыққа кедергі болар жәйттардан сақтаныңыз, ол үшін жаттанды материалды кемітуге, құрғақ сөзді жұмыстарды қысқартуға, сабақ қарқынын бәсеңдетуге, жұмыс ұйымдастырудағы келеңсіздіктерге, мадақтау мен бағалауда бір үлгіға танылып қалмауға, бала толғаныстарының еленбеуіне жол бермеңіз.

- Балалардың шынайы табыс толғанысын басынан кешіп, оның нәтижелерімен қуантудың қамын жасау.

- Жақсы орындалған жұмыстан алған қанағат сезімін бекіту.

- Қатынас тілінің шабытты, бейнелеу мәнерлілігі, сөз көркемдігі, әсемдігі мен тазалығына мән беріп, қадағалау.

- Тосын, еліктіргендей тәсілдермен балаларды оқу тапсырмаларына қызықтырып, олардың көңіл көтеріңкілігін қамтамасыз ету.

- Мүмкін болғанынша дәрістер мен сыныптан тыс сабақтарды табиғат аясында өткізу.

- Сабақ барысында, сыныптан тыс оқу жұмыстарында жағымды көңіл-күй шарттарын жасау үшін ән-күйді пайдалану.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Білім берудің жаңа парадигмасы жағдайында оқушылардың шығармашылық қызығушылығын қалыптастырудың ерекшеліктері
В.М. Манаховтың оқыту технологиясы
Білім берудің жаңа парадигмасы жағдайында оқушылардың шығармашылық қызығушылығын қалыптастырудың дидактикалық негіздері
Білім берудің парадигмасы
Қазіргі педагогикалық теориялар мен тұжырымдамалар
Білім берудің жаңа парадигмасы жағдайында түрік лицейі оқушыларының зерттеушілік мәдениетін қалыптастыру
ПЕДАГОГИКАНЫҢ ӘДІСНАМАЛЫҚ ҚОРЫ
12 жылдық білім беру жағдайында жаңа тұрпатты тарихшы мұғалім дайындаудың мәселелері
Қазақстан Республикасының Білім туралы заңы. Білім беру мақсаттары
Білім берудегі қазіргі парадигма
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz