ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНЫҢ ҰЛЫ ҚАЙРАТКЕРІ – ҚАСЫМ ХАН


ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНЫҢ ҰЛЫ ҚАЙРАТКЕРІ - ҚАСЫМ ХАН
Азамат Жалғас Жанболатұлы
Е. А. Бөкетов атындағы ҚарМУ, Тарих факультеті, 1 курс студенті, Қарағанды қ.
Аманкелді Күмістай Рашидқызы
Е. А. Бөкетов атындағы ҚарМУ, Тарих факультеті, 1 курс студенті, Қарағанды қ.
Ғылыми жетекші: Ыбырайхан Марат Ыбырайханұлы, тарих магистры, оқытушы
Тарихта ұлы адамдар аса маңызды оқиғалар мен өте күрделі бетбұрыс кезеңдерде айқын көрінетіні белгілі. Өйткені олар белгілі бір тарихи дамулардағы ірі өзгерістерге белсене қатынаса отырьп, оқиғалардың даму барысының жетегінде кетпейді, керісінше, өзгерістердің тез немесе баяу дамуына, оқиғалардың объективті барысына, өрбу бағытына өзіндік жеке үлесін қосады. Олардың қоғам дамуына қосқан үлесі неғұрлым ауқымды, неғұрлым терең болса, соғұрлым олардың есімі халықтың тарихи санасында өшпестей болып сіңіп, уақыт өте ұрпақтар алдында биікке көтеріле береді. Қазақ халқының тарихында, әсіресе, хандық дәуірдегі кезеңде мұндай ұлы адамдар өте көп. Олардың қатарында 1511-1521 жылдар ішінде Қазақ хандығын билеген Қасым ханның алатын орны ерекше.
Қасым хан Қазақ Ордасының негізін салушы тарихи тұлғалардың бірі - Керей ханның немере інісі Әз-Жәнібек ханның бел баласы. Анасының есімі - Жаған-бегім Шайбани ханның інісі Махмұд сұлтанның шешесінің туған сіңілісі [1, 271 б. ] .
Қасым өмірінің алғашқы кезеңінде Керей ханның баласы, тақ иесі Бұрындық ханның әскерінің қолбасы, жаумен шайқастарда көзсіз ерліктер жасаған тарихи тұлға ретінде бейнеленеді. Сол кездердегі тарихи деректерде Қасымның тоғыз ағайынды болғандығы айтылады. Олар: Әдік, Қасым, Еренжі, Махмұд, Жаныш, Таныш, Қамбар, Ұснақ, Жәдік. «Бұлардың ішінде хандық дәрежеге жеткен Әдік пен Қасымнан басқалары, әрқайсысы елу мыңнан әскері бар кішігірім хандық дәрежесіндегі ұлысқа билік жүргізген. Ағайынды тоғыз сұлтан қазақ елінің айбыны болып, абыройын асырды. Бірақ олар ата салтымен хан көтерілген, бүкіл ұлыстың туын ұстаған Бұрындықтың алдынан кесе көлденең өтпеген екен. XVI ғасырдың бас кезінде тақсыз хан деп танылған дарынды Қасымның өзі Бұрындықа қарсы келмеген. Бұл турасында сол заманның тарихшыларының деректеріне сүйеніп жазушы М. Мағауин «Қазақ тарихының әлппесі» деген еңбегінде «Бір кезде өз әкесі Жәнібек Керей ханның билігіне бас ұрғаны сияқты, Қасым да Бұрындық ханды құрмет тұтқан» - деп жазады [2, 373 б. ] . Оның ел мұратын, халық мүддесін бәрінен де жоғары қойғандығы айтылады.
Ата мекенге біржола орнығу жолындағы күресте Әз-Жәнібек хан ұлдары Еренжі, Махмұд, Жаныш, Таныш сұлтандар айрықша көзге түседі. Eржүрек ағайындылар ішінде батырлығымен де, ақылымен де дара шыққан - Қазақ Ордасының болашақ ханы Қасым сұлтан болады [3, 124 б. ] .
Ол 1445 жыл шамасында дүниеге келген. Қол бастауда да, ел басқаруда да ежелгі ата-дәстүрін меңгерген Қасым сұлтан өзінің бар ғұмырын туған халқының болашағына арнады. Ел мұратынан бөтен тілегі, жұрт бақытынан бөтен мүддесі болмаған. Қазақ Ордасын ата қонысқа орнықтыру жолындағы қанды ұрыстарда жеке ерлігімен танылған Қасым сол кездегі тарихи әдебиетте Қыпшақ жұртының “белгілі сұлтаны, даңқты бахадұры’’ деп аталады. Бұрындық хан кезінде жеңімпаз қолбасы ретінде кеңінен танылады, жорықта жау бетінде, шабуылда найзаның ұшында болады. . Ұрыс даласында әскери қабілетімен дараланған Қасым сұлтан бейбіт кезде әділде, білгір елбасы ретінде жұрт құрметіне бөленеді. Қырықтың қырқасына шыққан кемеңгер Қасым 1500 жылдар шамасында қазақ даласының тақсыз ханы, айбарлы әміршісіне айналады. Белгілі тарихшы Махмұд бен Уәли өзінің ”Бахр әл-асрар”атты кітабында, 1504 жылдың оқиғаларын баяндай келе: ”Қазір бүкіл Дешті Қыпшақтың билігі Қасым ханға көшкен”, -деп жазады [4, 21 б. ] . Қасымның күш-қуатының артқаны соншалықты, ол бүкіл Мәуераннахр өңірі үшін үлкен қауып болып отыр дейді. Сол кездегі Қасым ханның басты қарсыласы Мұхаммед Шайбани хан XVI ғасыр басында алдымен қазақтарды экономикалық тәуелділікте ұстау үшін 1505 жылы арнайы жарлық шығарады. Жарлықта қазақтармен толық сауда-айырбасты тоқтату жөнінде айтылады және Орта Азияда жүрген қазақ саудагерлерін тонауға бұйрық беріледі. Бірақ бұл шара оған оң нәтиже бергізбейді, керісінше, Қазақ хандығы тарапынан қарсы әрекеттер туғызады. Шайбани хан өз әрекетін оң көрсету үшін мауреннахрлық дінбасыларына қазақтарды «дінсіздер» деп айтқызып, күреске Орта Азияның бүкіл мұсылмандарын жұмылдыруға күш жұмсайды.
Сөйтіп, ол 1505-1509 жылдар аралығында Қазақ хандығына қарсы үш рет жорық ұйымдастырды. Бұл үш жорық Шайбани хан үшін біршама нәтижелі аяқталды. Сыр өңіріндегі қазақ сұлтандарының ұлыстары талқандалып, мыңдаған мал мен жан олжаға түсіріледі. Ондай ұлыстардың бәрі Жәнібек хан ұлдарының ұлыстары болатын. 1509 жылдың қысында болған үшінші жорық кезінде Бұрындық хан жау шабуылын біле тұра, Жәнібек хан ұлдарына ешқандай көмек бермей, керісінше, өз басын аман сақтап, ұлысымен шегініп кеткен еді. Ханның бұл әрекеті бүкіл қазақ қоғамында оның беделін төмендетіп жібереді. Осы кезден бастап барлық күштер Қасым ханның төңірегінде топтаса бастайды. Өйткені Шайбани хан алғашқы үш жорықта қазақ елін бағындыруды мақсат еткенімен оған жете қоймаған еді. Сондықтан да болашақта түпкі мақсатқа жету үшін әлі де болса жорықтар болу қаупі зор болатын. Міне, осы тұста сыртқы жауға тойтарыс бере алатын және бүкіл қазақ елін соған жұмылдыра алатын жалғыз тұлға Қасым хан еді. Сыр өңірі үшін болған шайқастарда жинақталған тәжірибе мен атақ-абырой, қолбасшылық пен ұлыс билеушілік дәреже, хан әулетінің өкілі болуы Қасым ханды қиын-қыстау жағдайда қазақ елінің ең ірі мемлекет қайраткеріне айналдырады. 1510 жылы қыста Шайбани ханның әскерлері Ұлытау баурайындағы Қасым хан ұлысына шабуыл жасайды. Қасым хан олардың бетін қайтара алмайтынын түсініп, шегінеді, біраз уақыттан соң күтпеген жерден шабуыл жасап, өз қарсыласын жеңеді [5, 6 б. ] .
Бұрындық ханның ел ішінде беделі болмағандықтан , Самарқанға көшіп кетті. Бұдан кейін Бұрындықтың кезінде оның әскери қолбасшысы болған Жәнібек ханның баласы Қасым сұлтанның ел ішінде беделі күшті болған. Міне сол Қасым 1511 жылы хан болды [1, 272 б. ] .
Қасым хан ХVI ғасырдың басында ұлан-байтақ қазақ жерінің айтарлықтай бөлігін өзінің қол астына қаратты. Алғашқы кезде ханның саяси-әкімшілік және сауда-экономикалық орталығы Сырдарияның бойындағы Сығанақ қаласында болған. Қасым өзінің өмірінің соңғы кезінде астанасы Сарайшық қаласында билік жүргізген. Бұл кезде Сарайшық қаласы Ұлы Жібек жолының бойындағы басты қаланың бірі еді. Қалаға дүниенің төрт бұрышынан саудагерлер, елшіліктер келетін. Сондықтан Қазақ хандығы дүние жүзінің ірі елдерімен саяси қарым-қатынас жүргізе бастаған [1, 275 б. ] .
Қасым хан Моғолстан ханы Сұлтан Сайдпен достық қатынаста болды. 1513 жылы Сұлтан Сайд Ташкентке біріккен жорық ұйымдастыруды ұсынды, бірақ Қасым бұл ұсыныстан бас тартты. Өйткені ол кезде көршілес рулар мен тайпалар Қасым ханның атақ-даңқын, кемеңгерлігін естіп, өз еріктерімен келіп қосылып жатты. Оның қол астына қараған жер аумағы ұлғая берді. 1514 жылы Сұлтан Сайд Шығыс Түркістанға кеткен соң қазақ ханының Жетісудағы билігі нығая түсті. XVI ғасырдың екінші он жылдығында Қасым хан ұлан-байтақ қазақ территориясын өз қол астына қаратты. Бұл кезде қазақ хандығының шекарасы оңтүстікте Сырдария алабымен ұлғайып, Түркістан аймағындағы (Сырдария бойындағы) қалаларды өзіне қаратып алды. Шығыс оңтүстікте оған Жетісу жерінің дені (Шу, Талас, Қаратал, Іле өзендерінің алабы) қарады. Солтүстік және шығыс солтүстікте Ұлытау өңірі мен Балқаш көлінен асып, Қарқаралы тау тарамдарына дейін кеңейді, батыс солтүстікте Жайық өзенінің алабын қамтыды. (Жайық өзені бойындағы Сарайшық қаласы) Осылайша хандықтың шекарасы кеңейе түсті [6, 96 б. ] .
Қасым хан заманында Қазақ хандығы еуропалықтар арасында әйгілілік пен саяси қуаттылыққа қол жеткізген еді. Қазақ хандығымен алғашқы дипломатиялық байланыс орнатқан көршілес Мәскеу мемлекеті болды. Бұл князь Василий ІІІ билік құрған жылдары (1505-1533) жүзеге асты. Қазақ хандығының тағы бір ерекшелігі - бұл кезеңде қазақтар Батыс Еуропада жеке этникалық қауымдастық ретінде таныла бастады. Австриялық дипломат Зигмунд Герберштейн (1517 және 1526 жылдары Москвада болған) Еуропа оқымыстыларының арасында алғашқылардың бірі болып қазақтар туралы өзінің «Москвалық жазуларында» айтып өтеді [1, 275 б. ] .
Қасым хан алғашқы қазақ заңы - «Қасқа жолды» жарыққа шығарды. Бұл заң қазақ арасында бұрыннан қалыптасқан әдет-ғұрып ережелері негізінде жасалды. Аталған заң сол кезде мұсылман елдерінде жаппай қолданылып жүрген ислам дінінің (шариғат) заңынан өзгеше, көшпелі қазақ өміріне үйлесімді байырғы өмірге негізделген заң болды. Сондықтан, ол Қасым ханның атымен байланыстырылып: «Қасым ханның қасқа жолы» деп аталады.
Қасқа деп қазақ тілінде көшпенділердің тікелей өмірімен тығыз байланысты қасиетті жануар- жылқы малының дәл маңдайына орналасқан ақ теңбілді айтады. Өмірде жиі кездесетін «Жирен қасқа айғыр», «Торы қасқа бие», «Көк қасқа құнан», - деген атаулар қасқа сөзінің қандай мағанада қолданылатын көрсетеді. Осы мағананы негізге алар болсақ «Қасқа жол» деген сөз тіркесі ақ жол, халықты адастырмайтын тура жол, бақытқа жетелейтін сара жол деген мағана білдірсе керек. Міне сөздің құдіретін бағалайтын бабаларымыз Қасым ханның қазақ халқының мүддесіне сай шығарылған заңдар жинағын тура жолға, ақ жолға балап “Қасым ханның қасқа жолы” деген қысқа қайырған атау терең мән-мазмұн бергенін байқаймыз.
Ел басқару жүйесінде ата жолынан аумаған Қасым хан заман ерекшелігіне орай, жаңа низам жүйесін енгізеді. ”Қасым ханның қасқа жолы” аталатын бұл көне Жарғы сол кездегі қазақ қауымының қоғамдық және құқықтық заңдарын қалыптастырады, әдет-ғұрып тұрмыс-салт ережелерін заңдастырып, жеке адамдар арасындағы ру тайпалар мен қоғамдық топтар арасындағы қатынас жүйесін реттейді. Қасым хан әдет-ғұрыптық заңдарға арқа сүйеп, тарихқа «Қасым ханның қасқа жолы» деген атпен енген өзі дайындаған конституциялық құжаттың көмегімен ел басқарды. Бұл қазақ хандығында жасалған тұңғыш заң еді. Заң бес тараудан тұрды. Заңда Құран талаптарына қайшы келмейтін қазақи әдет-ғұрып ерекшеліктер сақталып, сол кездегі қазақ жұртының табиғатына сай етіп жасалған болатын. Қазіргі күні кейбір мәтелдер сол заңның тармақтарынан алынған. Қасым хан отырықшы елдердегі тәртіп-заңға ұқсамайтын көшпенді халықтың күнделікті тұрмыс-тіршілігіне, салт-санасына, ой-көзқарасына орай жаңа заң "Қасым ханның қасқа жолы" деп аталып кеткен тәртіп орнатты. Қазақ хандығының мемлекеттік негіздері де осы заңда көрініс тапты [4, 22 б. ] .
Қасым хан Мұхаммед Хайдардың деректеріне қарағанда, 1518 жылы қайтыс болған. Алайда, орыс деректеріне қарағанда Қасым хан 1521 жылы қыста Сарайшық қаласында қаза болған [1, 275 б. ] .
Қасым хан 1520 жыл шамасында Қазақстанның қиыр батысында, Жайық бойындағы сәнді, салтанатты қала Сарайшықта дүние салды. Сүйегі Алтын Орда хандарының ежелгі зиратына, жеке күмбезге жерленеді. Қазір бұл жерде тау-тау болып үйілген топырақ қана жатыр [4, 23 б. ] .
Қазіргі кезде Қасым ханның дүниеден өткені туралы ғалымдардың арасында пікірталас туындауда. Бірақ, тың мәліметтерге сүйене отырып, тарих ғылымдарының кандидаты Амантай Исин Қасым ханның қайтыс болу мерзіміне байланысты өзінің көзқарасын білдірді. «№1 Түрік елшілік кітабының» қолжазбасында («Книги посольские турецкие №1») Қасым ханның қайтыс болғандығы және Қазақ хандығындағы саяси жағдай туралы 1521 жылы жазылыпты. Ол қысқа мәтінде: «А казатцкого царя Касыма сее зимы не стало. А его два салтана, и они еще меж собою бронят, а на царство никто не сел» («Қазақтың Қасым ханы қайтыс болды. Оның екі сұлтаны өзара қақтығысуда, таққа ешкім отырған жоқ») . Бұл мәселеге қатысты екінші дереккөзі тыңшы Занка Зудовтың берген мәліметі. 1520-21 жылдың қыс айларында рязаньдық Занко Зудов Астраханда тұтқында болған. Ол 1521 жылдың сәуірінде Москваның ұлы князі ІІІ Василийге жіберген мәліметінде: «Осы жылы қыста қазақ патшасы қайтыс болды», - деп жазған. Айтылған дерекке сүйене отырып, біз Қасым ханның қайтыс болған уақыты 1521 ж. деген тұжырымға келеміз. Бірақ, бұл мәселе әлі де зерттеуді қажет етеді.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz