Алаш әдебиеттануын совет кезінде дамытқан ғалым


Пән: Әдебиет
Жұмыс түрі:  Курстық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 27 бет
Таңдаулыға:   

А. ІСІМАҚОВА,

филология ғылымдарының докторы, профессор

М. О. Әуезов атындағы

Әдебиет және өнер институтының

Абайтану және жаңа дәуір бөлімінің

бас ғылыми қызметкері

АЛАШ ӘДЕБИЕТТАНУЫН СОВЕТ КЕЗІНДЕ ДАМЫТҚАН ҒАЛЫМ

Әдебиетші ғалым Бейсембай Кенжебаев 1946 жылы «Сұлтанмахмұт Торайғыров творчествосы» деген тақырыпта кандидаттық, 1959 жылы «ХХ ғасыр басындағы қазақтың ағартушы-демократтары» деген монография бойынша докторлық диссертация қорғаған.

Әдебиеттану саласындағы ғалымның негізгі еңбектері: «Абай - қазақтың ұлы ақыны». Алматы: Қазақтың біріккен мемлекеттік баспасы. 1945; «Қазақ совет әдебиеті тарихының қысқаша нұсқасы». Алматы: ҚазССР ҒА-ның баспасы, 1949; «Қазақ баспасөзі тарихынан деректер». Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасы, 1956; «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті» (октябрь алдындағы кезең) . Алматы: Ғылым, 1970; «Қазақ әдебиеті тарихының мәселелері». Алматы: Ғылым, 1973; «Сөз туралы сөз» (Т. Қожакеевпен бірге) . Алматы: ҚазМУ, 1982. Ғалымның «Жиырмасыншы жылдардағы қазақ совет әдебиеті» (1958), «ХХ ғасыр басындағы қазақтың демократ жазушылары» (1958), «ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті» (1976, 1993), «Қазақ әдебиеті тарихын зерттеу мәселелері» (1974) . «Жылдар жемісі» (1984), «Әдебиет белестері» (1986), «Асау жүрек» (1994), т. б. ондаған ірі еңбектері мен оқулықтары, оқу құралдары әдебиет тарихын оқыту мен зерттеуде аса қажетті іргелі еңбектер болып табылады.

Б. Кенжебаевтың ең алғашқы әдебиеттанулық еңбегі Шығыс еңбекшілері коммунистік университетінде оқып жүргенде жазған «Абай» (1925) атты мақаласы болып саналады. Бұдан соң Б. Кенжебаев Ж. Аймауытұлынан кейін Сұлтанмахмұт Торайғыров шығармашылығын зерттеді. «Қазақтың ХХ ғасыр басындағы демократ жазушылары» (1958), «Шындық пен шеберлік» (1966), «Қазақ әдебиеті тарихының мәселелері» (1973), «Жылдар жемісі» (1984) атты еңбектері қазақ әдебиеттануына қосылған үлес. Б. Кенжебаев совет кезінде ұлттық әдебиетіміздің тарихын көне дәуірден бастап оқыту, ежелгі түркі жазба ескерткіштерін ғылыми айналымға қосу ісін алғашқы болып көтерген. Осы істі өзі бастап кейін шәкірттеріне нақты тақырыптар беріп бұл салада өз ғылыми мектебін қалыптастырып кеткен ғалым. Б. Кенжебаевтың шәкірттері Мырзатай Жолдасбеков Орхон-Енисей ескерткіштерін, ғалым Мұхтар Мағауин ХV-XVIII ғасырдағы ақын-жыраулардың мұрасын, профессор Алма Қыраубаева орта және ежелгі ғасырлардағы жазба мұраларды нақтылап, ғылыми айналымға енгізді. 1939 жылы қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерінің республикалық съезінде негізгі баяндаманы жасаған Б. Кенжебаев болды. Бұл баяндама «Кеңестік қазақстан» газетіне 1941 жылы 10 маусымда «Қазақ әдебиетін дәуірлеу мәселелері туралы» атты мақала болып жарияланды.

Соцреализм қазақ әдебиеттануына ерекше әсер етті. Идеологиялық мәселелерге арналған 1946-48 жылдардағы қаулылар орыстан басқа халықтардың рухани дүниесіне тереңдеп баруға болмайды деген ресми бұйрықты орнықтырды. Орта Азияда іліп алар тарих жоқ деген пікір үстем болды. Бұл ресми ескертуден кейін қазақ тарихы мен әдебиеттануының дамуы шектелді. Осыған қарамай Қажым Жұмалиев қазақ әдебиетінің тарихы XVIII ғасырдан Бұқар жыраудан басталады деген ғылыми тұжырымын мектеп оқулығына енгізді (1948) . Бұл тұжырым проза, драматургия және әдебиеттің басқа тегі мен жанрлары қазақта болған жоқ деген европоцентристік концепцияға батыл тойтарыс берді.

Қазақ әдебиеттану ғылымында 1980-жылдардың соңына дейін осы ресми пікір орын алды. 1960-67 жылдары шыққан 6 кітаптан тұратын «Қазақ әдебиетінің тарихы» осы көзқарасты ұстанған болатын.

Б. Кенжебаевтың қазақ әдебиеттануына қосқан нақты үлесі - қазақ әдебиетінің көне дәуірі бар екенін дәлелдеу еді. Осы ретте Алаш әдебиеттануын меңгерген Б. Кенжебаев былай деген екен: «Кейбір жолдастар Асан қайғы мен Сыпыра жырау тарихта болмаған, халық ойдан шығарған, әдебиетіміздің тарихын олардан бастамай, тарихта болғаны ақиқат Бұқар жыраудан - XVIII ғасырдан бастауымыз керек», -дейді. Бұл дұрыс емес, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүргендік болады», -деп батылдық көрсетті. Осы ретте Б. Кенжебаев А. Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқышындағы қазақ жазу дінмен бірге келгенін алға тартып «Ислам дінінің Орта ғасырлардан басталады», - деп әдебиеттің дінмен тікелей байланысты екенін ескертті.

«Қазақ әдебиетінің тарихы бар. Қазақ әдебиетінің тарихының басы - Бұқар жырау дейміз», -деген пікірді Қ. Жұмалиев 1948 жылғы «Қазақ әдебиеті» оқулығында ұсынғаны белгілі. Ғалым сол кездің өзінде бұл ғылыми концепциясын толық айғақтап берді. Бұл тұжырымның жеткіліксіз екенін ескертіп оған қарсы шыққан Б. Кенжебаев былай деген: « VII-IX ғасырлардан бері қазақ жерінде, сонымен шектес жерлерде, кейбір қазақ халқы құрамына енген рулар өкілдері, кейбірін қазақ жерін жайлаған басқа рулар мен халықтар өкілдері жасаған. Қай-қайсысы болсын, бүгінгі қазаққа түсінікті болған, қазақ қолданған тілдерде жасалған жазу-сызуларды, жазба әдебиет нұсқаларын қазақтікі деп айтуымызға, қазақ жазба әдебиетінің тарихына енгізуге әбден болады. Атап айтқанда, VIII-IX ғасырлардағы Талас-Шу бойында жасалған кітаптар - «Құтадғу білік», «Лұғат түрік», т. б. ; Х-ХІ ғасырларда Каспий теңізі жағалауларында жарыққа шыққан кітаптар - «Кодекс куманикус» («Қыпшақ тілінің сөздігі»), «Қисса сүл әнбия» т. б. ; ХІ-ХІІ ғасырларда қазақ жерінде жасаған Қожахмет Йассауи, Сүлеймен Бақырғани шығармалары - «Дивани Хикмет», «Хакім ата», «Бақырғани кітабы», «Ақырзаман», т. б., Алтын Орда тұсында Сырдария бойында, Арал маңында жасалған әдеби шығармалар - «Мұхаббатнаме», «Қобызнама», «Саяхатнама», «Жұмжұма», т. б. қазақ халқының ертедегі жазба әдебиет нұсқалары деп есептеліп, қазақ әдебиеті тарихында тексерілуге тиісті», - деп өз ғылыми концепциясын батыл алға тартты. Бұл пікірді әдебиеттанушылар Е. Ысмайылов пен В. М. Сидельников қоштаған. Аталған конференциядағы айтыс пікір 1960 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланды. Б. Кенжебаевтың «Қазақ халқының жазба әдебиетінің тарихы қайдан, кімнен басталады» мақаласына Қ. Жұмалиев «Қате пікір қағидаға айналмасын» деп жауап берді. Ғылыми пікірталас газет бетінде Ә. Марғұлан, М. Ақынжанов мақалаларымен де жалғасты.

Профессор Б. Кенжебаевтың 1975 жылы жариялаған «Қазақ әдебиеті тарихының мәселелері» деген зерттеуіндегі «Қазақ әдебиетінің тарихын дәуірлеу» атты бөлімінде дәуірлеудің жаңа нұсқасы ұсынылған. Ғалым 1968 жылға дейін айтылған «Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет» дейтін көзқарасын одан әріге апарып, енді бірінші дәуірді «Бұрынғы әдебиет» (V-XV ғасырлар арасы) деп тануды ұсынған әдебиетші бұл кезең бұкіл түрік ру-тайпаларына тән ортақ әдебиет» деп анықтады. Бұл ғылыми концепцияның дамуына Б. Кенжебаевтың шәкірті Алма Қыраубаева нақты үлес қосты.

Б. Кенжебаевтың ежелгі әдебиетті іштей түрік қағанаты, оғыз, ислам, Алтын Орда дәуірлеріндегі әдебиет деп қарастырғаны күні бүгін қолданылып келе жатқан ұстаным. Сондықтан Бейсенбай Кенжебаев А. Байтұрсынұлы мен Х. Досмұхамедұлылар бастап берген әдеби-тарихи мектептің негізін совет кезінде осылай айқындады.

Совет кезінде атылып кеткен Алаш әдебиеттануын атай алмаған Б. Кенжебаев С. Торайғыров пен М. Сералин мұрасын зерттеуге үлес қосты.

Х. Досмұхамедұлы сияқты Б. Кенжебаев әдебиеттің дамуын елдің саяси-әлеуметтік жағдайымен тікелей байланыстырды. Бұл ұстанымды әдебиетші ХХ ғасыр басындағы әдебиетке қатысты айтты. Ғалым 1956 жылғы «Жеке басқа табыну саясатының құрбандарын ақтау» жүріп жатқан кездегі идеологиялық науқан туралы былай деген: « . . . Идеология сараланған шайқасқа түскен заманда әртүрлі саяси идеологиялық көзқарастар да, әртүрлі көркемдік бағыт та болуы ықтимал. Түрлі саяси жол айрықта әртүрлі бағдар ұстауда - әркімнің өз ісі, әркімнің де дүниетанымнан туар тарихи қалауы, тарихи заңдылық. Ол үшін кім-кімді де күстаналау орынсыз-ақ».

Совет кезінде әдебиетші Б. Кенжебаев Ақмолла Ақмедияров, Әбубәкір Шоқанов, Мақыш Қалтаев, Нұржан Наушабаев, Шәді Жәңгіров, Мәшһүр-Жүсіп Көпеев, Бекет Өтетілеуов, Тайыр Жомартбаев, Әкірам Ғалымов, Әріп Тәңірбергенов, Ығылман Шөреков, Нарманбет Орманбетов, т. б. қаламгерлер туралы тұңғыш пікір айтып, оларды оқулыққа енгізді.

Ғалымның іргелі зерттеулерінде ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің аса көрнекті ірі өкілдері Ш. Құдайбердиев пен Ә. Бөкейхан, А. Байтұрсынұлы мен М. Дулатов, М. Жұмабаев пен Ж. Аймауытұлы бастаған алыптар тобы аталмаған.

Б. Кенжебаевтың «ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті» оқулығы (1993) күні бүгінгі күнге дейін Қазақстан Республикасының жоғары мектептерінде оқулық ретінде қолданылып келеді. Бұл кітапта «Қазақ» газетіне қатысты «Ұлы ағартушы, шын ғалым А. Байтұрсынұлы редакторлық еткен бұл газет деген сөздер Б. Кенжебаевтың Алаш әдебиеттануына деген адал пікірін білдіреді.

²Әдеби мұра және оны зерттеу. Алматы:Ғылым, 196. - 298б.

³Қазақ халқының ХХ ғасыр басындағы демократ жазушылары. Алматы, 1958.

Қазақ әдебиеттануында тарихи дәуірлеу мәселесі кеңес кезінде біржақты зерттелді. Осы әдебиеттануда Абайдан кейінгі совет қазақ әдебиеті бірден аталып, алдыңғы жағы айтылмайтын. Қазақ әдебиеті 1991 жылға дейін «младописьменный» әдебиеттер қатарында аталып келді. Совет кезеңіне дейін өз жазуы жоқ, тек совет кезінде ғана қалыптасқан жас әдебиет ретінде қарастырылатын. Мәскеуде 1988 жылы шыққан «История всемирной литературы» атты кітапта қазақ әдебиеті осылай берілген.

1973 жылы «Ғылым» баспасынан шыққан Б. Кенжебаевтың «Қазақ әдебиеті тарихының мәселелері» атты еңбегі «Қазақ әдебиетінің тарихи дәуірлеуі» деген зерттеумен ашылады. Осы он бір беттік мақалада әдебиеттанушы Б. Кенжебаев қазақ әдебиет тарихына қатысты дәуірлеу жүйесін батыл көтерген. Бұл дәуірлеу бойынша қазақ сөз өнері өз тарихы, бастау көздері, өз арналары бар жүйе ретінде айғақталған. Ғалымның бас әдебиеттанулық ұстанымы былай берілген: «Әдебиет тарихы халық тарихымен тығыз байланысты, соның бейнесі, көрінісі, сүрлеуі, ол қай кезде болсын халық тарихының ізімен жасалады. Демек, қазақ әдебиетінің ғылыми тарихы да қазақ халқы тарихының ізімен жасалуы тиіс»4. Осы орайда Б. Кенжебаев қазақ тарихшылары үндемей отырғандықтан елдің қалыптасу кезеңдері туралы сол кезде қажетті мәліметтер беріп кетеді. Тұрақты қазақ ру-тайпалары қандай ұлыстардан, қандай мекендерден құралған? Ғалым бұған былай дейді: «Қазақ халқының құрамына енген рулар ежелден, арғы заманнан осы күнгі Орта Азияны, Қазақстанды, Орталық Азияны, оңтүстік-шығыс Сібірді, орта, төмен Еділді, Каспий жағалауларын мекендеген. Сол жерлерді ертеде мекендеген көптеген түрік, монғол руларымен, кейін азербайжан, түрікпен, қарақалпақ, өзбек, қырғыз, ұйғыр, ойрат, тува, хакас, башқұрт, татар халықтарының құрамына енген ру-тайпалармен бірге, кейде қатар жасаған. Солардың біразымен кейде жауласып, қақтығысып, соғысып; кейде одақ құрып, қыз алысып, құда болып, әскери топ жасап, анда болып жүрген.

Біздіңше, тегі ерте уақыттарда арғы, бергі тарихтарда аталатын скиф, ғун, қаңлы, сақ, сармат, алан, карлух, хазар, оғыз, куман - бәрі де есте жоқ ерте замандардан Орталық Азия мен Византия аралығын мекендеген түрік, монғол рулары, солардың әр кездегі ру-ұлыстық, түрлі бірлестік, құдандалық аттары. Аталған жерлерді жайлаған түрік, монғол ру-тайпаларының қай-қайсысы да болмасын үнемі бір орында, өзі әуелі мекендеген жерінде отыра бермеген»5. «ертедегі қазақ ру-тайпалары бұрынғы уақытта, қазақ халқы, қазақ хандығы болып құрылғанға дейін Қытай, Рим аралығындағы аймақтар мен өлкелерді мекендеген түрік, монғол руларымен бірге болған, бірге тірлік еткен. Сондықтан бәрінің тарихи, қоғамдық, мәдени өмірі ұқсас болған»6.

Үйсін мемлекеті тек үйсіндердікі ғана емес, тұрік қағанаттары тек ұйғыр, ойрат руларынан ғана емес, Хорезм патшалығы тек өзбектердікі емес, Қыпшақ бірлестігі тек қарақалпақ руларынан құралған емес екенін осылай анықтайды. Ол халықтардың әдебиеті қалай дүниеге келді? Осыған байланысты б. Кенжебаев халықтардың: «Бірте-бірте наным-сенімі, ұғым-әдеті, салт-санасы, даналығы пайда болады; халық түрлі өнер, жазу-сызу ойлап шығарды»7, -дейді. Әдебиетші үшін: «Халық даналығы оның ауыз әдебиеті:еңбек, шаруа, әдет-ғұрып өлең-жырлары, жұмбақ, мақал-мәтелдер, ертектер, аңыз-әңгімелер» арқылы анықталады.

Қазақ ауыз әдебиетінің тегі мен түрлерін әдебиетші Б. Кенжебаев былай саралаған: «Қай халықтың болсын ауыз әдебиетіндегі төрт түлік мал, аң, құс, аңшылық, малшылық жөніндегі өлеі-жырлар, күн жайлату, жалыну, жалбарыну, арбау, сарнау, бәдік, тұрмыс-салт өлең жырлары осы ру-ұлыстық дәуірде, соның алғашқы кезінде туа бастайды. Бері келе тайпа, ұлыс өзінің басынан өткендерін, бұрын-соңды болған атақты ер, батыр адамдарын әңгіме, аңыз, жыр еткен. Олардың өлісін жоқтаған, тірісін мақтаған. Осыдан аңыз-әңгімелер, ертектер, батырлар жырлары келіп шыққан. Біз айтып отырған ру-тайпалардың ұлыстық дәуірдегі ондай туындылары: қиял-ғажайып ертектер, Алып батыр, Қорқыт жөніндегі аңыздар, Оғыз, Алпамыс, Күлтегін туралы жыр-дастандар деп айтуға болады»9.

Б. Кенжебаевтың осы мақаласында күні бүгін аса қажет ғылыми қағидалар бар. Б. Кенжебаев осы ретте мынадай тұжырымды түйіндейді: «Осы күні Алып, Қорқыт жөніндегі аңыздар, Оғыз, Алпамыс, Күлтегін жөніндегі жыр-дастандар қазіргі түркі текті халықтардың анасының әдебиетінде бар, мынасының әдебиетінде кездеседі; оларды бұл халықтар бірінен-бірі алып отырған деп түсіндіреміз. Кейде, тіпті, пәлен халық жасаған, басқасы сол халықтан үйренген деп дәлелдеуге тырысамыз.

4Кенжебаев Б. Қазақ әдебиеті тарихының мәселелері. Алматы: Ғылым, 1973, 3-б.

Анда - әрі әскери одақ, әрі құдандалық.

5Кенжебаев Б. Әдебиет белестері: зерттеулер, мақалалар. Алматы: жазушы, 1986, 5-б.

6Сонда, 5-б.

7Кенжебаев Б. Қазақ әдебиеті тарихының мәселелері. Алматы: Ғылым, 1973, 6-б.

8Сонда, 6-б.

9Сонда, 6-б.

Біздіңше, осының бәрі бекер. Себебі, айтылған аңыздар мен жыр-дастандар түркі тектес халықтар бірге, араласып, жиі қатынасып жүрген кезде жасалған, солардың бәріне ортақ, бәріне ортақ, бәріне бірдей туынды. Сондай-ақ, түркі ру-тайпаларының ру-ұлыстық дәуірде бәріне ортақ әліппесі, жазу-сызуы болған. Олар бұрынғы ұйғыр, арамей әліппелері, Орхон-Енисей, Талас, Шу жазулары деп аталады»10.

Б. Кенжебаевтың аталған ғылыми тұжырымдары тарих, археология ғылымдарының жетістіктерімен дәлелденіп отырылады.

Ислам келгенге дейінгі дәуірді ғалым былай нақтылайды: « . . . сөз болып отырған дәуірде түрік, монғол ру-тайпаларының да әдебиеті, өнері өркендеді, гректің әдебиетіндей өз дәуірінен озып кетпесе де, заманына лайық едәуір өркендеді деп айтуға әбден болады»¹¹.

Ғалым арабтардың осы күнгі Орта Азия, Қазақстан жерлеріне келуін, ислам дінінің жайылуын ХІ ғасырда басталатынын мәлім етеді және олардың әлеуметтік өмірін қоғамдық дамудың жаңа сатысына көтерілгенін мойындайды. Осы орайда автор былай дейді: « ІХ ғасырдың аяғы мен Х ғасырдың басынан өлкенің, ондағы халықтардың шаруашылығы, мәдениеті қайтадан өркендеді. Бұл кезде оқу, білім, өнер, әдебиет - бәрі де араб тілі, араб мәдениеті ықпалында дамыды»¹², - деп ғалым «Әдебиет танытқышты» ұстанған.

Ғалым Б. Кенжебаев түркі тектес халықтардың өз мәдениеті болғанын, жергілікті халықтардан шыққан кейбір ғұламаларды тек араб ғалымы, араб жазушысы деп атаудың дұрыс емес екенін осылай түсіндіріп кетеді: «Бұл жерде оларды түгел теріп отырмай, Мұхаммед Хорезмиді, Әбу Насыр әл-Фарабиді, Әбу Райхан әл-Бируниді, Әбу Али ибн-Синаны, Әбілқасым Фирдоусиді, Рабғузиді, Махмұт Қашқариды, Қожа Ахмет Йассауді, Омар Хаямды, баласағұндық Жүсіпті және солардың көркем шығармалары мен ғылыми еңбектерін атасақ, біздің әлгі пікірімізді толық дәлелдей алады»¹³. Бұл ойын ресей ғалымы В. В. Бартольдтың пікірімен дәлелдей түседі: «Бағдат шәһәрінде мұсылман елдерінің көптеген әдебиетшілері мен ғалымдары болған, олардың басым көпшілігі Таяу Шығыс пен Орта Азиядан еді»14.

Әдебиетші ғалым Б. Кенжебаев: «Араб әдебиеті мен ғылымының тарихилығы», «әл-Сығанаки», «әл-Түркістани», «әл-Қыпшаки», «Бин Түрік» деген есімдердің төркінін түсіндіре келе, былай дейді: «Рас, түрік ру-тайпаларының бұл тұстағы әдебиеті болып кетпеді. Өздерінің ежелгі әдебиетінің жалғасы, жаңа жағдайдағы жаңаша өсіп-дамуы болды»15.

Қазіргі дүние жүзілік әдебиеттануда зерттелген араб тілді испандық андалуссиялық поэзияның керемет екпінін, араб тілді африка-мағриб әдебиетін де осы қатарға қосуға болатыны белгілі. «Түрік тайпалары мен ұлыстарының ертедегі әдеби нұсқаларынан «Оғызнама», «Мұхаббатнама» деген шығармаларды зерттеген совет ғалымы А. М. Щербак: бұлардың алдыңғысы ХІ ғасырға, ұйғыр дәуіріне, екіншісі ХІІІ ғасырға, араб, монғол билеген дәуірге жатады. Бірақ екеуінің тілдік, әдебиеттік негізі бір. Екеуі бір әдеби дәстүрдің екі дәуірін сипаттайды дегенді айтады»16.

ХІІІ ғасыр Б. Кенжебаевтың айтуынша, Орта Азия мен қазақ жеріне жаңа төңкеріс әкелген, бұл Шығыстан келген Шыңғысхан бастаған монғол қозғалысы, қытай мен Рим аралығындағы ұлан-ғайыр жер жауланды. Онда Алтын Орда (Ақ Орда, Көк Орда) атты мемлекет құрылып, ол үш ғасырдай уақыт өмір сүрді. Осы тарихи дағдарыстың әсері қандай болды деген сауалға автор былай жауап бергендей: «Ол замандарда Орта Азия мен Қазақстанға, ондағы халықтарға қарағанда араб елінің, арабтардың мәдениеті жоғары еді, олар мәдениетті халық деп саналушы еді. Ал, моңғолдардың мәдени дәрежесі арабтарға қарағанда да, Орта Азия мен Қазақстан халықтарына қарағанда да біраз төмен болушы еді. Осы себепті, арабтар жаулап алған жерлері мен елдерінде ондай істей алған жоқ, сондықтан, мңғолдар билеп-төстеп тұрған кезде, Алтын Орда тұсында, ХІІІ-ХV ғасырлар арасында Орта Азия мен қазақстан өлкелерінің, ондағы халықтардың мәдениеті оншалықты өркендемеді.

10Сонда, 6-б.

11Сонда, 7-б.

12Кенжебаев Б. Қазақ әдебиеті тарихының мәселелері. Алматы: Ғылым, 1973, 8-б.

13Сонда, 8-б.

14Сонда, 8-б.

15Сонда, 10-б.

16Сонда, 9-б.

Бұрынғы қалпына келтірілген қала-кенттер, мәдениет орындары Алтын Орда ыдырағаннан кейінгі болған бірсыпыра хандар соғысыкезінде тағы қиратылды. Халықтың мәдениеті онша көтерілмеді»17.

Қазақ халқының сөз өнерінің бастаулары болып табылатын қиын-қыстау кезеңін ғалым Б. Кенжебаев осылай саралап шығады. Осыған орай бүгінгі күнге дейін арамызда орын алып жүрген пікірді де алға тартады: «Қазақтың бүгінгі бірді-екілі әдебиетші ғалымдары біз жоғарыда көрсеткен ертедегі әдеби, ғылыми шығармаларды, жазушылар мен ғалымдарды қазақтікі емес, қазаққа олардың тілдері түсініксіз, рухы жат дейді. Бұл дұрыс емес»18.

Неліктен дұрыс емес екенін де ғалым нақтылап береді: «Себебі, бірінші, қай халықтың болсын ерте замандардағы алғашқы әдебиеті, жазба әдебиет нұсқалары сол халықтың бүгінгі тілінде болуы шарт емес. Кейбір халықтардың ондай әдебиетінің басқа тілде, сол халыққа осы күнде түсініксіз тілде болуы, бірақ, сол халық жерінде, сол халық уәкілдері тарапынан жасалған, сол халықтың бір кездегі өмірін көрсететін әдебиет нұсқалары болуы ықтимал.

Бұған француз, орыс, белорус, украин халықтары жазба әдебиеттерінің тарихы куә бола алады. Француздың ертерек орта ғасырдағы жазба әдебиетінің басым көпшілігі француз тілінде жасалмай, латын тілінде, француз халқы үшін бөгде тілде жасалған; орыс, белорус, украин халықтары бұрынғы әдебиетінің көп нұсқалары ертедегі бұлғар тілінен өрбіген церковно-славян тілінде, қазіргі орыс, белорус, украин халқына түсініксіз тілде жасалған.

Екінші, көрсетілген әдеби, ғылыми шығармалардың бірқатары түрік, ұйғыр, шағатай тілдерінде, бірқатары бұрынғы түрік, шағатай, араб тілдерінде, көбірек шағатай тілінде жасалған. Ал, шағатай тілі араб, парсы сөздері араласқан, араб, парсы тілдеріндегі кітаптар стиліне түскен тұрік тілі, түрік ру-тайпаларының кітаби тілі еді.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
А. Байтұрсыновтың педагогикалық көзқарастары жайлы
Алаш жолы
Әдебиеттанудың философиялық әдістемелік мәселелері жайлы
Б. Кенжебаев - әдеби сын зерттеулерде
Қазақ газетінің зерттелуі
Әдеби портрет ұғымының әдебиетте қолданылуы
Аударма
Қазақ әдебиетін оқыту әдістемесінің алғашқы қадамдары
Сан қырлы Серік Қирабаев
Қазақ әдебиетін тарихи дәуірлеу
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz