Бастауыш сынып оқулықтарымен жұмыс істеуге болашақ мұғалімдерді даярлау («Ана тілі» және «Дүниетану» оқулықтары негізінде)


Бастауыш сынып оқулықтарымен жұмыс істеуге болашақ мұғалімдерді даярлау
Кіріспе
Зерттеудің көкейкестілігі. Қазақстан Республикасының Білім заңында және Білім беру тұжырымдамасында келешек қоғам мүшесі, болашақта оның белсенді қайраткері болатын ұрпақпен, олардың білім алып, дамуымен айналысатын мамандарды білімді де, парасатты, шебер де, іскер етіп даярлауға баса көңіл бөлу керектігі атап айтылған. Осы тұрғыдан алғанда, бастауыш сыныптарда білім беретін маман даярлау мәселесі қай кезде де ең өзекті істің бірі.
Адамның жеке тұлға болып қалыптасуындағы бүкіл болмысының негізі ұйытқысы осы бастауышта құрылатыны педагогтардың да, психологтардың да еңбектерінде атап айтылып келеді. Оқушы бойында білім негізін қалайтын, баланың жеке басының дамуын қамтамасыз ететін тұлға - мұғалім. Мұғалімнің білім беру барысында орынды қолданған әдіс-тәсілдері, қарым-қатынасы, әр түрлі іс-әрекеттері негізінде оқушының жеке бас қасиеті қалыптасады. Болашақ мамандардың мектеп оқушыларымен тіл тауып, бірден іске кірісіп кетуі оңай мәселе емес. Ондай икемділік үздіксіз жүргізілетін, ғылыми тұрғыда ұйымдастырылған педагогикалық білім мен дағдының негізінде жүзеге асады. Сондықтан да жоғары білімді мұғалімдер дайындайтын жоғары оқу орындарында әдістемелік пәндерде оқулықтардың алатын орны ерекше.
Педагогикалық процесте орын алып отырған өзекті мәселелерді тиімді жолмен шеше алатын, білімді де білікті маман даярлау-жоғары оқу орындарының міндеті. Қазіргі таңдағы білім беру жүйесіне ізгілендіру, демократияландыру бағыттарының енуімен байланысты болашақ ұстаздың әдістемелік-педагогикалық тұрғыдағы дайындықтарын, оның ішінде оқулықтың мазмұнымен жұмыс істей алу біліктілігін қалыптастыру басты мақсаттардың біріне айналып отыр. Бүгінгі таңда жаңа оқулықтармен оқу процесінің жүргізілуі және он екі жылдық жалпы білім беретін оқулықтарының эксперименттен, байқау сынағынан өтілуі мамандардан оқулықты шеберлікпен қолдана білуді талап етеді.
Қазақстан Республикасының білім стандарттары мен тұжырымдамалары-ның жарық көруі, осыған орай мектеп бағдарламалары мен оқулықтар мазмұнының түбегейлі өзгеруі, бастауыш сыныптарға жаңа оқулықтардың енуі, білім мазмұнын меңгертуге байланысты кіріктіре отырып оқытуды, оқушыларды дамыту мен шығармашылыққа жетелеуді міндеттеуі, болашақ маман даярлау ісіне өте жауапкершілікпен, ұқыптылықпен, зерттеушілікпен қарауды талап етіп отыр.
Педагог-мамандар дайындайтын жоғары оқу орындарында болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің теориялық білім алуымен қатар, ол алған білімін іс жүзінде қолдануына негіз салатын, кәсіптік шеберліктерін шыңдайтын, оқушылармен жүргізетін іс-шаралардың, олармен қарым -қатынасқа түсетін іс-әрекеттердің түрімен, әдіс-тәсілімен таныстыру да, үйрету де осы оқулықпен жұмыс арқылы шешіліп отырады.
Қоғамның дамуы, білім беру жүйесінің өзгеруіне байланысты оқулық мазмұнының дамытушылық бағытта жазылуы, ғалым Л. В. Занковтың қиындатып оқыту идеясын басшылыққа ұстау, болашақ мамандарға қойылатын талаптардың күрделенуіне әкеліп соғып отыр. Осы мәселелерді қарастыруда, ең алдымен, бастауыш сынып мұғалімі оқулық мазмұнын жақсы талдай білуі қажеттілігі туындайды. Бұл қажеттілік негізінде мұғалімдер оқулық мазмұны құрылымындағы мынандай жағдайларды:
- қоғамның дамуымен байланысты жастардың, жалпы оқушылардың сана-сезімінің өзгеруін;
- бастауыш сыныптар бойынша ғылым салаларынан берілетін пән мазмұндарын кіріктіре отырып оқыту арқылы оқушылардың шығармашылығын дамытуға, жеке бас қасиеттерін қалыптастыруға, тұлға тәрбиелеу жағына баса көңіл бөлу мәселесінің қойылуын;
- психологиялық тұрғыдан алғанда әлі де мінез-құлық қасиеттері тұрақталмаған, өзгергіш, еліктегіш, сенгіш, сезімтал, алғыр, көргенін тез қабылдайтын бастауыш сынып оқушыларына білім мен тәрбие беруде оқыту мазмұны, оны ұйымдастырудың әдіс-тәсілдерін білулері керек.
Жалпы оқулық мәселесіне келетін болсақ, оқулықтардың пайда болуының өзіндік тарихы бар. Ы. Алтынсарин екі оқу құралын - «Қазақ хрестоматиясы» және «Қазақтарға орыс тілін үйретудің бастауыш құралы» еңбегін жазып, бұларды орыс-қазақ мектептерінде төлтума оқулық ретінде ұсынды. Ал А. Байтұрсынұлы бұл істі жаңа сатыға көтерді. «Адамға тіл, құлақ қалай керек болса, бастауыш мектеп сондай керек» деп өткен ағартушы ғалым «Әліпби» оқу құралын жазады. Сонымен қатар, оқулық саласында 1920-1930 жылдары М. Жұмабаев, М. Дулатов, А. Байтұрсынұлы, Х. Досмұхамедов және т. б. авторлардын еңбектерін атап өтуге болады.
Қазақ мектептерінде А. Байтұрсынұлының «Қырық мысал», Т. Шонаұлымен бірігіп құрастырған «Оқу құралы», С. Көбеевтің «Үлгілі тәржіма» оқу кітаптары ретінде пайдаланылғаны белгілі. Бұл оқулықтардың бастауыш сыныптардың ұғымына оралымды, көкейіне қонымды, күнделікті қазақ өмірінен алынған тапсырмалар мен жаттығулардың берілуімен ерекшеленетіндігі байқалады, берілген тапсырмалардың тарихи кезеңмен - әлеуметтік мәселелермен, өмір тәжірибесімен байланысты болуы, сол уақыт деңгейінде түсініктілігі, яғни сол қоғамның талабына сай жазылғанын байқауға болады.
Білім беру жүйесіндегі бастауыш мектеп оқулықтары туралы жазылған ғылыми еңбектердің авторлары ХХ ғасырдың 40-жылдарынан бастап Ш. Сарыбаев, Ғ. Бегалиев, А. Садуақасов, С. Жиенбаев, Қ. Басымұлы, С. Аманжолов сияқты т. б. ғалымдардың ғылыми мақалалары мен еңбектерінде, әдістемелік құралдарында қарастырылады. Мектепке дейінгі және бастауыш мектеп оқушыларының тілін дамыту, оқу дағдыларын қалыптастыру мәселелері Х. Арғынов, М. Балақаев, М. Жұбанова, Б. Баймұратова, К. Бозжанова, Т. Әбдікәрім, С. Рахметова, Б. Қабатаева және т. б. ғалымдардың еңбектерінде зерттеу нысанына алынды.
Қазіргі таңда бастауыш сынып дүниетану оқулықтарының авторлары, ғалым-педагогтар, әдіскерлер Қ. Аймағамбетова, Ә. Бірмағанбетов, К. Жүнісова, Р. Әлімқұлованың еңбектерін атауға болады.
Авторлар өздерінің зерттеулерінде оқулық және оған қойылатын талаптарды атап өткен. Тәуелсіз Қазақстанда осы кезге дейін жарық көрген зерттеу нәтижелеріне зер салсақ, бастауыш сынып оқулықтарын пайдалануға болашақ мамандарды даярлау мәселесі жеке зерттеу нысаны болмағандығы байқалады.
Жалпы болашақ мамандардың кәсіби даярлығын қалыптастырудың теориялық, ғылыми, әдістемелік негіздерін айқындау мәселелерін Ш. А. Абдраман, А. Б. Абибуллаева, Б. А. Әбдікәрімов, С. А. Әбдіманапов, А. М. Әбдіров, Б. А. Әлмұханбетов, Н. А. Завалко, С. Т. Каргин, К. М. Кертаева, Б. Т. Кенжебеков, М. А. Лигай, А. С. Мағауова, М. С. Мәлібекова, Т. К. Мусалимов, О. Г. Мусабеков, Г. Ж. Меңлібекова, Б. К. Момынбаев, К. А. Нұрымжанова, А. П. Сейтешев, П. Б. Сейітқазы, Қ. А. Сарбасова және т. б. өз зерттеулеріне арқау еткен.
Тәжірибе барысында, педагогикалық жоғары оқу орындарында бастауыш сынып мұғалімдерін даярлауда жіберіліп отырған олқылықтардың көпшілігі студенттермен өткізілетін оқулықтың даму тарихын, мазмұнын, оның теориялық, әдістемелік және тәрбиелік жүйесіне байланысты ғылыми тұрғыда негізделген педагогикалық, психологиялық зерттеудің жетіспейтіндігінен байқалады. Ашығын айтсақ, осы кезге дейін бастауыш сынып оқулықтарының даму тарихын, онымен жұмыс істейтін мұғалімдердің қандай болу керектігін, оқулықтардың білімділік және тәрбиелік мәселелеріне арналып жүргізілген ғылыми зерттеу жұмыстарының аздығы.
Бастауыш сыныпта білім берудің көп пәнділігі, тәрбие жүйесінің ерекшеліктері, оқушылардың жас және психологиялық ерекшеліктері, жаңа оқулықтар, оқу-әдістемелік кешендердің мектеп өміріне енуі, педагогикалық жоғары оқу орындарында бастауыш сынып мұғалімдерін даярлау негізінде, оқулықпен жұмыс істеуді ғылыми тұрғыдан зерттеуді керек етеді.
Бастауыш сынып мұғалiмдерiн даярлау мәселелері бойынша С. Е. Архипова, Ю. К. Бабанский, Л. В. Занков, Р. М. Қоянбаев, А. И. Пискунов, Т. Ш. Домаев, Т. С. Сабыров‚ М. Н. Сарыбеков, Н. Д. Хмель және т. б. зерттеулерінде мұғалiмдердi кәсiби даярлаудың теориялық негiздерi қарастырылып, педагогикалық жоғары оқу орындарындағы оқу процесiнiң тиiмдiлiгiн арттыру жолдары айқындалады, ал О. А. Абдуллина, К. І. Аманқұлов, Н. К. Ахметов, Ғ. З. Әділғазинов, Г. Е. Берікханова, А. А. Калюжный, А. Ж. Қайдарова, К. Ә. Тілегенова және т. б. еңбектерінде педагогикалық шеберлікті дамыту, педагогикалық және әдістемелік іс-әрекетке даярлау мәселелері зерттелген.
Сонымен қатар бастауыш мектепті оқу-әдістемелік кешенмен қамтамасыз ету, соған сәйкес мұғалiмдердің кәсiби-педагогикалық және әдістемелік даярлығын қалыптастыру бойынша Қ. А. Аймағамбетова, А. Х. Аренова, А. Е. Әбілқасымова, Ж. Т. Қайыңбаев, Б. М. Қосанов, Ш. Х. Құрманалина, Т. Қ. Оспанов, С. Рахметова, С. О. Сатқанов және т. б. ғалымдар еңбектерінде ерекше мән берілген.
Теориялық, әдістемелік, педагогикалық, психологиялық тұрғыдан алғанда да педагогикалық жоғары оқу орындарында бастауыш сынып мұғалімдерін даярлаудың өзіндік ерекшелігі бар. Бұл ерекшеліктер бастауыш сыныптарға жоғары білімді маман даярлауға арналған білім стандарты мен типтік оқу жоспарының мазмұнынан туындайды.
Сонымен, оқулықтармен жұмыс істеуге бастауыш сынып мұғалімдерін даярлаудың педагогикалық теория мен практикада жеткіліксіз зерттелуі, бұл буындағы оқу-тәрбие жұмысының күрделілігі, мұғалімдердің кәсіби деңгейі мен білім беру барысында туындап отырған қарама-қайшылықтар анық байқалады. Осы қайшылықтардың шешімін табу үшін қазіргі заман талабына сай бастауыш сынып мұғалімдерін даярлауда оқулықтармен жұмыс істеу даярлығының зерттеу әдістерін айқындап, тақырыпты « Бастауыш сынып оқулықтарымен жұмыс істеуге болашақ мұғалімдерді даярлау («Ана тілі» және «Дүниетану» оқулықтары негізінде) » деп алуға негіз болды.
Зерттеудің мақсаты: бастауыш сынып оқулықтарымен жұмыс істеуге болашақ мұғалімдерді даярлауды теориялық тұрғыда негіздеу және практикалық түрде жүзеге асыру.
Зерттеудің нысаны: жоғары оқу орындарында болашақ бастауыш сынып мұғалімдерін даярлау процесі.
Зерттеудің пәні: жоғары оқу орындарында бастауыш сынып оқулықтарымен жұмыс істеуге болашақ мұғалімдерді даярлау мазмұны.
Зерттеудің ғылыми болжамы: егер жоғары оқу орнындағы оқу процесіне сәйкес бастауыш сынып оқулықтарымен жұмыс істеу арқылы болашақ мұғалімдерді даярлаудың ғылыми негіздемесі жасалса және бастауыш сынып оқулықтарымен жұмыс істеуге болашақ мұғалімдерді даярлаудың педагогикалық жүйесі оқу процесіне ендірілсе, онда болашақ мұғалімдердің бастауыш сынып оқулықтарымен жұмыс істеуі қазіргі талапқа сай және шығармашылық тұрғыда қолдануы нәтижелі болады, өйткені бүгінгі бастауыш мектепке өте білікті, қабілетті жоғары білімді кәсіби мамандар қажет.
Зерттеудің міндеттері:
- мектеп оқулықтары дамуының ғылымитеориялық негіздерін анықтау және бүгінгі таңда бастауыш сынып оқулықтарымен жұмыс істеуге болашақ мұғалімдерді даярлаудың жай-күйіне теориялық талдау жасау;
- бастауыш сынып оқулықтарымен жұмыс істеуге болашақ мұғалімдерді даярлаудың мүмкіндіктері мен жолдарын айқындау;
- бастауыш сынып оқулықтарымен жұмыс істеуге болашақ мұғалімдерді даярлаудың үлгісін жасау;
- үлгіге сәйкес бастауыш сынып оқулықтарымен жұмыс істеуге болашақ мұғалімдерді даярлаудың педагогикалық жүйесін жасау және оның тиімділігін эксперимент арқылы тексеру.
Зерттеудің жетекші идеясы бастауыш сынып оқулықтарымен жұмыс істеуге болашақ мұғалімдердің біліктілігі мен кәсіби шеберлігін қазіргі заман талабына сай қамтамасыз ету.
Зерттеудің әдіснамалық және теориялық негіздері: тұлға дамуының жалпы диалектикалық принциптері; жүйелілік қатынас теориясы; таным теориясы; ойлау әрекеттерiн сатылап қалыптастыру теориясы; тұтас педагогикалық процесс теориясы; қазіргі білім беру мазмұнының тұжырымдамасы; жоғары оқу орындарында оқыту және білім беру процесін ұйымдастыру теориясы; оқулықтарды зерттеу, талдау бойынша еңбектер.
Зерттеу көздерi: Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы, Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасы, зерттеу мәселесіне қатысты философтардың, психологтардың, педагогтардың, әдiскерлердiң еңбектерi, бiлiм беру мәселесiне арналған ресми құжаттар, оқу-әдiстемелiк кешен (оқулықтар, оқу бағдарламалары, оқу құралдары және т. б. ), бастауыш сынып мұғалiмдерiнiң iс-тәжiрибесi, сонымен бiрге автордың педагогикалық және зерттеушiлiк тәжiрибесi.
Зерттеу әдістері :
- талдау, жинақтау, салыстыру, баяндау және т. б. әдістер арқылы мектептегі және педагогикалық жоғары оқу орындарында білім беру мәселесіне байланысты жарық көрген мемлекеттік құжаттармен танысу;
- педагогикалық, психологиялық әдебиеттермен, зерттеу тақырыбына қатысты жүргізілген зерттеу жұмыстарымен және мерзімді баспасөз материалдарымен, бастауыш сыныптарға арналған бағдарлама, оқулықтар, әдістемелік нұсқаулармен танысу, оларға талдау жасау;
- бастауыш мектеп оқулықтарының даму тарихына талдау жасау;
- педагогикалық бақылау, жеке дара әңгімелесу және сауалнамалар жүргізу, бастауыш мектептегі оқу процесін бақылап, алдыңғы қатарлы әдіскерлердің іс-тәжірибелерімен танысу, педагогикалық жоғары оқу орындарындағы педагогикалық практикада алдын ала жүргізілетін жұмыстардың мазмұнымен танысу;
- педагогикалық эксперимент жүргізіп, оның нәтижесін қорыту және математикалық тұрғыда өңдеу.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы мен теориялық мәнділігі:
- мектеп оқулықтарының даму тарихы және бүгінгі таңда бастауыш сынып оқулықтарымен жұмыс істеуге болашақ мұғалімдерді даярлаудың мазмұны анықталды;
- бастауыш сынып оқулықтарымен жұмыс істеуге болашақ мұғалімдерді даярлаудың мүмкіндіктері мен жолдары айқындалды;
- бастауыш сынып оқулықтарымен жұмыс істеуге болашақ мұғалімдерді даярлаудың үлгісі жасалды;
- бастауыш сынып оқулықтарымен жұмыс істеуге болашақ мұғалімдерді даярлаудың педагогикалық жүйесі жасалынып, оны пайдаланудың әдістемесі ұсынылды.
Зерттеудің практикалық мәнділігі: зерттеу жұмысының нәтижесін жоғары және арнайы орта педагогикалық оқу орындарында бастауыш сынып мұғалімдерін дайындайтын бөлімдерде кеңінен қолданылуға болады, оқулықты қолдану әдістемесін, арнайы курс бағдарламасын осы мамандықты даярлауда жоғары оқу орны оқытушылары өз іс-тәжірибесінде пайдалана алады және бұл ұсыныстарды ұстаздардың білімін жетілдіру институттарының жұмыс барысында да кеңінен пайдалану мүмкіндігі бар.
Жоғары оқу орнында мұғалімдерді даярлауға практикалық көмек ретінде жасалынып, оқу процесіне енгізілген:
1. Қазақстан Республикасының мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты. (Жоғары кәсіптік білім беруден кейін. Магистратура 6N0102 «Бастауыш оқытудың педагогикасы мен әдістемесі»мамандығы. ҚР білім және ғылым министрлігі. - Астана; ЖБМС ҚР 3. 09. 254-2006-ЖБМС. ҚР 3. 09. 254-2007) ;
2. Оқу-әдістемелік құралы: Дүниетанудан дидактикалық материалдар.
3. Арнайы курс бағдарламасы: Бастауыш сынып оқулықтарының мазмұндық ерекшеліктері.
4. Әдістемелік нұсқау: Диплом жұмысын орындауға әдістемелік нұсқау.
5. Электронды оқулықтар:
- Бастауыш сынып оқулықтарының дидактикалық негіздері. Зияткерлік меншік обьектісін № 219 мемлекеттік тіркеу куәлігі, 2005;
- Оқыту теориясынан дәрістер. Зияткерлік меншік обьектісін № 345 мемлекеттік тіркеу куәлігі, 2005;
- Математика пәнінен ашық сабақтар. Зияткерлік меншік обьектісін № 322 мемлекеттік тіркеу куәлігі, 2005.
Зерттеудің нәтижелерінің дәлелділігі мен негізділігі: автордың педагогикалық зерттеуінің ғылыми негізімен, зерттеу тақырыбына сәйкес өзара байланыстағы әдіс-тәсілдердің нақты қолданылуымен, эксперимент бағдарламасының педагогикалық мақсатқа сәйкестілігімен, бастапқы және соңғы нәтижелердің қорытылуымен, олардың тиімділігінің бастауыш сынып мұғалімдерін даярлайтын мамандықтарда тексерілуімен қамтамасыз етіледі.
Зерттеудің нәтижелерін сынақтан өткізу және енгізу эксперимент жүргізу барысында жүзеге асты және халықаралық ғылыми-практикалық конференцияларда баяндалды, басылым көрген мақалаларда, бағдарламаларда, әдістемелік нұсқауларда, оқу-әдістемелік құралдарда және электронды оқулықтарда көрініс тапты.
Қорғауға ұсынылатын негізгі қағидалар:
- мектеп оқулықтары дамуының ғылымитеориялық негіздерімен бүгінгі таңда бастауыш сынып оқулықтарымен жұмыс істеуге болашақ мұғалімдерді даярлаудың жай-күйі және бастауыш сынып оқулықтарымен жұмыс істеуге болашақ мұғалімдерді даярлаудың мүмкіндіктері мен жолдары;
- бастауыш сынып оқулықтарымен жұмыс істеуге болашақ мұғалімдерді даярлаудың үлгісі;
- бастауыш сынып оқулықтарымен жұмыс істеудегі болашақ мұғалімдер даярлығының педагогикалық жүйесі;
- бастауыш сынып оқулықтарымен жұмыс істеуге болашақ мұғалімдерді даярлаудағы эксперимент нәтижелері.
Зерттеу жүргізілген тірек оқу орындары: Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, Еуразия гуманитарлық институты, Қарағанды қазіргі заман колледжінде өткізілді.
Зерттеудің негізгі кезеңдері:
Бірінші кезең (2002-2004) зерттеу тақырыбы және оның мақсаты мен міндеттері анықталады. Зерттеу тақырыбына байланысты әдебиеттер, ғылыми зерттеулер, педагогикалық, психологиялық ізденістермен танысып, олар бойынша тұжырымдамалар жасалды.
Екінші кезең (2005-2007) оқу жоспарлары, бағдарламалар, стандарттар, педагогикалық, оқу-әдiстемелiк құралдар талданды, зерттелiп отырған даярлықтың қалыптасу көрiнiсi нақтыланды, тәжiрибелiк-эксперименттiк жұмыстың мазмұны негiзделдi, жоғары оқу орындарының «Бастауыш оқытудың педагогикасы және әдістемесі» мамандығының оқу процесіне жасалынған электронды оқулықтар мен арнайы курс бағдарламасы сынақтан өткізілді. Бастауыш сынып мамандарын даярлау мәселесі, бастауыш сынып оқулықтарының даму тарихы зерттеліп, әдістемелік пәндерде оқулықтармен жүргізілетін жұмыс түрлері мен әдістері теориялық және әдістемелік тұрғыдан негізделді. Бастауыш сынып оқулықтарымен жұмыс істеуге болашақ мұғалімдердің даярлығын және педагогикалық жүйесінің тиімділігін айқындау мақсатында тәжірибелік-эксперимент жұмысы жүргізілді.
Үшінші кезең (2008-2009) зерттеу жұмысына байланысты жиналған материалдар теориялық тұрғыда талданып, эксперимент жұмысының нәтижесіне қорытынды жасалынды. Жалпы зерттеу барысында қол жеткен нәтижелер өңделіп, диссертацияның мазмұнына енгізілді.
Зерттеу нәтижелерінің талқылануы және жүзеге асырылуы:
Зерттеудің нәтижелері жалпы педагогика мәселелері бойынша өткізілетін университеттің ғылыми семинарларында талқыланды және аймақтық, республикалық және халықаралық, шетел ғылыми конференцияларда баяндалды: «Бастауыш сынып мұғалімдерін кәсіби даярлаудың мәселелері және келешегі»: аймақтық ғылыми-практикалық конференция (Қарағанды, 2003), «Қазақстан Республикасында жоғары білім беру сапасын жетілдіру және дамыту перспективаларының өзекті мәселелері»: жоғары оқу орын аралық ғылыми-әдістемелік конференция. (Қарағанды, 2004), «Жалпы және кәсіби педагогиканың өзекті мәселелері»: академик Е. А. Бөкетовтің 80 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция. (Қарағанды, 2005), «Образование в период детства: традиции, реальность, инновации»: международная научно-практическая конференция (Москва-Шадринск, 2007), «Тіл мен әдебиетті оқытудың теориясы мен әдістемесіндегі инновациялық технологиялар: мәселелер және шешу жолдары»: халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция. (Астана, 2009) және т. б. халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияларда баяндалды.
Зерттеу жұмысының мазмұны баспа беттерінде жарияланған 29 еңбекте көрініс тапты.
Диссертация құрылымы: диссертация кіріспеден, екі бөлімнен, қорытындыдан, әдебиеттер тізімі мен қосымшалардан тұрады.
Кіріспеде зерттеудің көкейкестілігі, ғылыми аппараты: мақсаты, нысаны, пәні, міндеттері, ғылыми болжамы, жетекші идеясы, әдiснамалық және теориялық негiздерi, әдістері мен негізгі кезеңдері беріліп, ғылыми жаңалығы мен теориялық мәнділігі, практикалық мәнділігі және қорғауға ұсынылатын қағидалар, зерттеу нәтижелерінің дәлелділігі мен негізділігі, талқылануы және жүзеге асырылуы баяндалады.
«Бастауыш сынып оқулықтарын оқу процесіне енгізудің ғылыми-теориялық негіздері» атты бірінші тарауда оқулықтарды даярлау мен оқу процесіне ендірудің тарихи аспектісіне талдау жасау арқылы оның ғылыми-теориялық негіздері анықталды, бастауыш сынып оқулықтарымен жұмыс істеуге болашақ мұғалімдерді даярлаудың мүмкіндіктерімен жолдары ашылып көрсетіледі және оқулықтардың дидактикалық негіздеріне талдау жасау негізінде бастауыш сынып мұғалімдерінің оқулықпен жұмыс істеу даярлығының үлгісі ұсынылады.
«Бастауыш сынып оқулықтарымен жұмыс істеуге болашақ мұғалімдерді даярлау бойынша жүргізілген тәжірибелік-эксперименттік жұмыстарының нәтижелері» атты екінші тарауда бастауыш сынып оқулықтарымен жұмыс істеуге болашақ мұғалімдерді даярлау бойынша тәжірибелік-эксперименттік жұмыс мазмұны мен нәтижелері көрсетілді. Бастауыш сынып мұғалімдерінің оқулықтарды пайдалану негізінде кәсіби шеберліктерін арттырудың әдіс-тәсілдері («Ана тілі» және «Дүниетану» оқулығы мысалында) қарастырылды, бастауыш сынып оқулықтарымен жұмыс істеуге мұғалімдері даярлаудың педагогикалық жүйесі берілді, тәжірибелік-эксперименттік жұмыстың нәтижелері талданады.
Қорытындыда теориялық және эксперименттік жұмыстың нәтижелеріне негізделген тұжырымдар мен ғылыми тұрғыдан ұсыныстар беріледі.
Қосымшада зерттеу жұмыстарында қолданылған электрондық оқулықтар бойынша зияткерлік меншік куәліктері, қолданылған оқып-үйрету бағдарламалары, зерттеу нәтижелерін оқу орындарында ендіру анықтамалары келтіріледі.
Негізгі бөлім
Бастауыш сынып мұғалімдерін даярлаудың күрделілігі мен өзіндік бір ерекшелігі - білім беру жүйесінің бастауыш буынының көп пәнділігінен туындайды. Егер, жоғары сынып мұғалімдері мектеп қабырғасында бір не екі ғана пәнді оқытуға дайындалса, ал бастауыш сынып мұғалімі мектепте сегіз не он пәнді оқытуға дайындалады. Осы ретте бастауыш сынып мұғалімі әр пәннен білімділік, тәрбиелік, дамытушылық мақсаттарын саралай білу кәсіби тұрғыда болуы тиіс.
Қазіргі таңда білім беруді демократияландыру, ізгілікендіру, даралап-саралап оқыту, білімді кіріктіре отырып беру, дамыту және оқушыларды шығармашылыққа баулу мәселелеріне баса көңіл аудару сияқты күрделі талаптар қойылуда. Осы мәселелердің бір саласы ретінде өз шешімін жаңа жолға қоюды керек ететін жағдай бастауыш сынып мұғалімдерін қазіргі талаптарға лайықты даярлау.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz