Қазығұрт өңірі топонимиясының этнолингвистикалық сипаты


Пән: Тілтану, Филология
Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 28 бет
Таңдаулыға:   

ӘОЖ 811. 512. 122’373. 21 Қолжазба құқығында

ТАСПОЛАТОВ БАҚЫТ ТОҚПОЛАТҰЛЫ

Қазығұрт өңірі топонимиясының этнолингвистикалық сипаты

10. 02. 02 - қазақ тілі

Филология ғылымдарының кандидаты

ғылыми дәрежесін алу үшін дайындаған диссертация

АВТОРЕФЕРАТЫ

Қазақстан Республикасы

Алматы, 2010

Жұмыс Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында орындалды

Ғылыми жетекшісі филология ғылымдарының докторы,

профессор, ҚР ҰҒА академигі Ә. Т. Қайдар

Ресми оппоненттер филология ғылымдарының докторы М. Атабаева

филология ғылымдарының кандидаты

З. Құламанова

Жетекші ұйым Қазақ мемлекеттік қыздар педагогика университеті

Диссертация 2010 жылы «02» шілдеде сағат 16 00 -де ҚР БжҒМ Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты жанындағы 10. 02. 06 - түркі тілдері және 10. 02. 02 - қазақ тілі мамандықтары бойынша филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін диссертация қорғайтын Д 53. 38. 01 диссертациялық кеңестің мәжілісінде қорғалады (050010, Алматы қаласы, Құрманғазы көшесі, 29) .

Диссертациямен ҚР Білім және ғылым министрлігінің Орталық ғылыми кітапханасында танысуға болады (050010, Алматы қаласы, Шевченко көшесі, 28) .

Автореферат 2010 жылы « 02 » маусымда таратылды

Диссертациялық кеңестің

ғалым хатшысы, филология

ғылымдарының докторы, профессор Манкеева Ж. А.

ЖҰМЫСТЫҢ ЖАЛПЫ СИПАТТАМАСЫ

Зерттеу жұмысының өзектілігі. Қазіргі қазақ тіл білімінде ұлт, тіл, мәдениет арақатынастарының, өзара байланысының жаңаша антропоцентристік парадигмада зерттелуі ономастикалық материалдарды кешенді түрде, яғни қазақ халқының санасымен, дүниетанымымен, өмір сүрген табиғи ортасымен, ғасырлар бойы қалыптасқан шаруашылығымен, т. б. тұрғыда қарастыруға үлкен мүмкіндіктер беріп отыр. Қазақ тіліндегі өте бай ономастикалық қорда, соның ішіндегі географиялық жалқы есімдер жүйесінде қазақ этносына қатысты орасан мол этнотанымдық ақпараттар жинақталған. Осындай мол ақпараттық байлықты антропоцентристік парадигма аясында қарастыру зерттеушілерге қазақ жалқы есімінің онтологиялық табиғатын, көп қырлы ерекшеліктерін тану мен сипаттауға жаңа жол ашады.

Антропоөзектік ұстанымда жүргізілетін лингвистикалық зерттеулердің бір нысаны ретінде қазақ топонимиясының аймақтық (регионалдық) жүйесін қарастыру белгілі бір шектеулі аймақ - жер-су аттарының сол өңірдің этномәдени, рухани тарихымен байланысын зерттеу болып табылады. Аймақтық топонимиялық материалдар сол аймаққа ғана тән лингвотарихи, этномәдени, этнотанымдық тарихына қатысты және сонымен бірге жалпы қазақ топонимиясына тән заңдылықтарды айшықтап, аражігін көрсетіп бере алады. Зерттеу тақырыбының осындай ауқымда таңдалуының өзі диссертациялық жұмыстың өзектілігін көрсетеді.

Қазығұрт тауы , Қазығұрт атауы қазақ тілі ономастикалық кеңістігіндегі түркі халқы мәдениетінде айрықша мәнге ие феномендік атау. Қазығұрт - адамзаттың алтын бесігі, ұлтымыздың бойтұмары десе болады.

Оңтүстік Қазақстан облысының топонимдік жүйесін зерттеуге үш диссертациялық жұмыс арналған.

Қ. Рысбергенова облыстық шөлейт батыс аудандарының жер-су атауларын тарихи-лингвистикалық тұрғыдан сипаттаса, Б. Тілеубердиев оның этномәдени ерекшеліктерін зерттеген.

Ж. Исмаилова облыс топонимдік жүйесінде бір ғасыр аралықта (1905-2005) болған өзгерістерді салыстырмалы-диахрондық бағытта сипаттаған.

Қазығұрт өңірінің топонимдік жүйесін зерттеудің өзектілігі, біріншіден, оның таулы, қыратты аймақта орналасуымен, осыған байланысты жергілікті топонимиканың қапыптасуында табиғи-географиялық фактор алға тартылады. Жер бедері мен флора, фауна ерекшелігімен айқындалады. Екіншіден, зерттеу өзектілігін арттыра түсетін басты себеп - Қазығұрт атауының мифологиялық таным жүйесіне сәйкес ерте заманнан қазақ халқының, жалпы түркі әлемінің рухани құндылықтар (аксиологиялық) жүйесінен мықтап орын алғандығы. Ал әріден алатын болсақ, жер бетін топан су басатын әлемдік аңызбен ұштасып, қазақ жеріндегі адамзат тарихымен ерте кезден сабақтастырып тұрған бірден-бір мәдени дерек.

Аңыздан туындаған тау төңірегінде көптеген ірілі-ұсақты топоним, микротопонимдер, тау, төбе, жота, бұлақ, елді мекен атаулары аңызға, ғажайып әнгімелерге толы. Сондықтан да Қазығұрт аймағы ерекше мәдени, феномендік шектеулі территория ретінде микротопонимдік аймақ құрайды. Қазақ ономастикасында микротопонимия мәселесі әлі күнге арнайы зерттеу нысаны болмағандығын ескерсек, осы жұмыста қазақ микротопонимиясының ғылыми-теориялық мәселесі алғаш рет қарастырылатындығы да зерттеу өзектілігін айқындайды.

Жұмыста қарастырылатын және зерттелетін аймақтық топонимдер жиынтығы мен жүйесінде көрініс беретін қазақ елінің әлеуметтік-рухани тарихы, өмір сүру жағдайы, шаруашылығы, дүниетанымы, т. б. мәдени мұра құндылықтары санатына жататындығы жұмыстың өзектілігін айқындай және арттыра түседі.

Зерттеу нысаны - Қазығұрт өңірі аймақтық топонимиялық жүйесінің жер-су, елді мекен аттары.

Зерттеудің мақсаты мен міндеттері . Жұмыстың негізгі мақсаты - Қазығұрт өңірі топонимиясына этнолингвистикалық сипаттама беру. Осы мақсатты орындау үшін төмендегідей міндеттер белгіленеді:

- Қазығұрт өңірі физика-географиялық жағдайының аймақтық топо-нимиялық жүйеде бейнеленуін анықтау;

- Қазығұрт аймақтық топонимиясының қалыптасуындағы этномәдени факторларға сипаттама беру;

- аймақ топонимиясы қалыптасуының тарихи негіздерін айқындау;

- этникалық дүниетанымның Қазығұрт өңірі топонимдеріндегі көрінісін сипаттау;

- Қазығұрт өлкесі топонимдеріне қатысты аңыз-әпсаналардың этно-танымдық ерекшеліктерін анықтау;

Қазығұрт феномені мен Қазығұрт прецеденттік топониміне этнолингвистикалық сипаттама беру.

Зерттеу пәні - Қазығұрт топонимиясының физика-географиялық, тарихи, этномәдени алғышарттары мен этнотанымдық негіздері.

Зерттеу материалдары . Зерттеу барысында негізгі дереккөздер ретінде Қазығұрт өңіріне қатысты топонимиялық деректемелер алынды. Топонимдік, энциклопедиялық сөздіктердегі, картографиялық өнімдер мен әкімшілік-аумақтың бөлінісі анықтамалардағы топонимдік деректер және көркем әдебиет, фольклорлық мәтіндер, Қазығұрт өңіріне жеке экспедиция барысында жиналған мәліметтер пайдаланылды.

Зерттеудің әдіс-тәсілдері . Диссертациялық жұмыста сипаттамалы, тарихи-салыстырмалы, типологиялық, сонымен қоса лексика-семантикалық, этнолингвистикалық талдау әдістері мен тәсілдері қолданылды.

Зерттеудің ғылыми жаңалығы мен нәтижелері

- белгілі бір өңір топонимдерінің жиынтығы аймақтық топонимиялық жүйе ретінде алғаш рет арнайы зерттелініп, этнолингвистикалық тұрғыдан қарастырылды;

- Қазығұрт өңірінің физика-географиялық жағдайларының аймақтық топонимиялық жүйедегі бейнеленуінің ерекшеліктері анықталды;

- Қазығұрт аймақтық топонимиясының қалыптасуындағы этномәдени экстралингвистикалық факторлардың рөлі айқындалды және оларға сипаттама берілді;

- аймақ топонимиясы қалыптасуының тарихи-хронологиялық негіздері айқындалды;

- этникалық дүниетаным түрлері мен формаларының Қазығұрт өңірі топонимиясындағы көріністері сипатталды;

- Қазығұрт өлкесі топонимдеріне қатысты аңыз-әпсаналардың этно-танымдық ерекшеліктері анықталды;

- Қазығұрт феномені мен Қазығұрт прецеденттік топониміне этно-лингвистикалық талдау жасалынып, сипаттама берілді.

Зерттеу жұмысының теориялық және практикалық мәні. Диссертациялық жұмыстың ғылыми нәтижелері мен қорытындылары өз деңгейінде қазақ топонимикасы, қазақ ономастика теориясы бойынша жаңа пайымдаулар мен шешімдер жасауға мүмкіншілік береді. Кешенді және пәнаралық тұрғыдан зерттелетін аймақтық топонимиялық материалдармен деректелетін болашақ зерттеу жұмыстарына осы ғылыми еңбектің кейбір теориялық ұстанымдары мен қисындары белгілі дәрежеде негіз бола алады. Зерттеу нәтижелері мен тұжырымдары қазақ этнолингвистикасы, ономастикасы, топонимиясы, лингвогеографиясына қатысты кейбір теориялық мәселелерді шешуде өз деңгейінде үлес қосады.

Диссертацияның нәтижелерін және кейбір материалдарын жоғары оқу орындарында арнайы оқытылатын лексикология, этнолингвистика, когнитивтік лингвистика, этнология, ономастика, топонимика пәндері бойынша оқулықтар мен оқу құралдарын жазуда, теориялық курстар мен арнайы семинарларда пайдалануға, сондай-ақ лексикографиялық тәжірибеде қолдануға болады.

Қорғауға ұсынылатын тұжырымдар

- аймақтық топонимияны тілдік (топонимиялық) жүйе ретінде қалыптастыратын және алғышарттары болып табылатындар: физика-географиялық, тарихи-хронологиялық және этномәдени факторлар;

- жергілікті табиғат ерекшеліктерінен көрініс беретін аймақ топонимдері мен микротопонимдері және өңірде орын алған этногенездік, тарихи, әлеуметтік, шаруашылық үрдістер мен құбылыстардың нәтижесінде қалыптасқан географиялық атаулар бірнеше этнотанымдық стратиграфиялық қабаттарды құрайды;

- Қазығұрт өңірі топонимиясының лингвоменталды (этнотанымдық) кеңістігі мифтік (мифологиялық), тарихи-топонимиялық қабаттар негізінде қалыптасқан;

- Қазығұрт өңірі топонимиясының этнотанымдық жүйесін арғықазақ (пратүркілік) мифологиясына тән «тас», «үңгір», «ағаш», «тау» ежелгі наным-сенімдері, ислам дінімен байланысты сопылар мен әулиелер культі және өңір батырлары мен тарихи тұлғаларға қатысты ұғымдар мен түсініктер құрайды.

- аймақтық топонимияның этноменталды ерекшеліктері мен сипатына арқау мен негіз болған тарихи-топонимиялық, жалпы топонимиялық, діни-мифологиялық аңыздар мен әпсаналар;

- Қазығұрт феномені қазақ мәдени кеңістігінде рухани эталон, әулиеліктің (киеліктің) бір метафорасы мен символы ретінде танылады; бұл феноменнің және оған қатысты Қазығұрт прецеденттік топонимнің мәдени-философиялық, тарихи-танымдық, діни, идеологиялық және аксиологиялық мәні өте жоғары.

Зерттеу жұмысының талқылануы мен жариялануы. Зерттеу жұмысының негізгі мазмұны мен нәтижелері «Әуезов оқулары-5»: «Қазақстанда гуманитарлық ілімдердің дамуы: ізденістер, даму перспективалары мен бағыттары» атты халықарарлық ғылыми-практикалық конференцияда (Шымкент, 2006), Ж. Баласағұн атындағы Қырғыз Ұлттық университетінің «Жарчы» журналында (Бішкек, 2006), «Мемлекеттік тіл саясаты: терминология, аударматану, ресми құжат тілі» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференцияда (Алматы, 2007), «Қазақ тілінің лексикология, лексикография, фольклортану мен көркем аударма мәселелері: қалыптасуы, дамуы мен болашағы» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференцияда (Алматы, 2007), «Қазақ тіл білімі мен түркітану мәселелері» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференцияда (Алматы, 2007), «М. Әуезов - жаңа дәуір данышпаны» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда (Шымкент, 2007) ; «Әуезов оқулары - 7: М. Әуезов және қазақтанудың өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда (Шымкент, 2008), «Әуезов оқулары - 8: М. Әуезов және қазақтанудың өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда, «Этнос және тіл» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференцияда (Алматы, 2009), сондай-ақ ҚР БжҒМ А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты жанындағы «Лингвистикалық жұма» атты ғылыми-әдістемелік лингвистикалық семинарда (2008 ж. ) баяндалды. ҚР БжҒМ Білім және ғылым саласындағы қадағалау және аттестаттау бақылау комитеті бекіткен тізімдегі республикалық ғылыми басылымдар мен жинақтарда диссертация тақырыбына сәйкес 3 мақала жарияланды.

Зерттеу жұмысының құрылымы. Диссертация кіріспеден, екі тараудан, қорытынды мен әдебиеттер тізімінен тұрады.

ЖҰМЫСТЫҢ НЕГІЗГІ МАЗМҰНЫ

Кіріспеде диссертация тақырыбының өзектілігі, жұмыстың мақсаты мен міндеттері, ғылыми жаңалығы, зерттеу әдістері, сарапталуы және қорғауға ұсынылатын тұжырымдар айқындалып көрсетілді.

Бірінші тарау “Қазығұрт өңіріндегі топонимиялық жүйенің қалыптасуының физикалық-географиялық, тарихи, этномәдени алғышарттары” деп аталады. Бұл тақырып үш тараушада сараланған.

Кез келген аймақтың (аумақтың, регионның, өңірдің, өлкенің) топонимиялық жүйесі ғасырлар бойы қалыптасқан: аймақтың табиғат жағдайларын, сол өлкені мекендеген халықтың көне және жаңа тарихын өн бойында сақтаған, ұлттың материалдық және рухани мәдениеттерінен көрініс бере алатын көптеген жалқы географиялық есімдер жиынтығы, кешені болып келеді.

«Аймақтық топонимиялық жүйе ұлттық топонимиялық жүйенің құрамдас бөлігі, сонымен қатар өзіндік аймақтық өзгешіліктері бар жүйелік топонимикалық құрылым болып табылады. Топонимиялық аймақтың межелері әкімшілік-экономикалық аумақтық межелерімен сәйкес келмеуі мүмкін, бірақ әкімшілік-экономикалық құрылыстың тарихи, саяси, шаруашылық, этномәдени факторлары аймақтық топонимиялық жүйені сипаттауда назарға алынады. Сонымен қатар жергілікті тіл ерекшеліктерінің де аймаққа қатысы ескерілмек» [1, 44 б. ] .

Біздің пікірімізше, белгілі бір аудан аумағындағы топонимдер жиынтығы аймақтық топонимиялық жүйесін құра алады, себебі кейбір аудан (барлығы емес) топонимиясы сол алғышарттар мен олардың топонимиялық көріністерінің байланысын аймақтық деңгейде паш етеді. Басқаша айтқанда, аймақтық сипат сол аудан көлеміндегі топонимиялық жүйеге тән, демек, аудан топонимиясы басқа аудандар, басқа өңірлер, өлкелер топонимиясынан өзгеше, өзіндік ерекшеліктерге ие.

Кіші аймақтық топонимияның тағы бір ерекшелігі - аудан тіпті белгілі бір ауыл әкімшілік (ұжымшар) территориясы көлемінде микротопонимдік жүйе құра алатындығы.

Микротопонимдерге тән тағы бір басты өзгешелігі - белгілі бір аса көлемді емес (шектеулі) аймақтың аудан, ауыл (ауыл іші немесе маңайы) микротопонимдік жүйесінде болуы. Осыған байланысты микротопоним шартты түрде азғана адамдарға мәлім, уәжділігі жергілікті тұрғындарға ғана белгілі және ұсақ нысан (объект) атауы ретінде карталарда белгіленбеген. Микротопонимдердің осындай сипаттары кіші аймақ (аудан) топонимдерге, яғни аудан аймақтық топонимиялық жүйе бірліктеріне тән деп айта аламыз.

1. 1 Қазығұрт өңірі физикалық-географиялық жағдайының аймақтық топонимиялық жүйеде бейнеленуі. Қазығұрт өңірі топонимиясының өзіндік, яғни аймақтық кейпін қалыптастырудағы географиялық фактордың мәні мен маңызы ерекше.

Қазығұрт өңірі Оңтүстік Қазақстан облысының таулы аймақтарына жатады, сол себепті тауалды, таулы ландшафттарының физикалық-географиялық жағдайлары аймақтық топонимдер мен микротопонимдердің бірқатарында өз көрінісін тапқан.

Жер бедерінің сипаты және ерекшеліктері Қазығұрт өңірі оронимиясында өзіндік белгілері бар. Қазақ тіліндегі көптеген оронимдер орографиялық терминдер арқылы жасалады. Мәселен, биік орографиялық нысанды атайтын «тау» термині арқылы Қазығұрт аймақтық топонимиясында Әлімтау мен Қаржантау оронимдері құралған.

Қазығұрт өңірі топонимиясында төбе термині арқылы жасалған орографиялық нысандар: Алтынтөбе, Әбдірәсіл төбе, Бекзаттөбе, Жаумен төбе, Көктөбе, Қытайтөбе, Төрткүлтөбе т. б.

Төбе термині арқылы жасалған орографиялық нысандардың физикалық-географиялық сипаттары аталмыш терминнің алдында тұрған анықтауыш сөздермен көрсетіледі.

Қазақ оронимиясында қолданылатын бел халықтық географиялық термині Қазығұрт аймақтық топонимиясында «тау жоталарындағы кең асу» мағынасына ие. Алайда кейбір оронимиялық атауларда аталмыш термин аса биік емес орографиялық нысандарды атау үшін де қолданылады. Қазығұрт топонимиясында (оронимиясында) Беласар, Бел, Көкібел атаулары кездеседі.

Кейбір халықтық географиялық терминдер жергілікті жер ерекшелігіне қарай семантикалық «ығысуға» ұшырайтындығы дәлелденді [2] .

Қазығұрт аймақтық топонимиясында ұшырасатын, жер бедерінің ерекшеліктерін айқындайтын оронимдер құрамында тас орографиялық термині де қолданылады. Сондай оронимдер қатарында Күйеутас, Келіншектас, Түсіктас, Тесіктас, Айнатас, Үйтас, Адам тас, Ата тас, Ана тас, Бесіктас, Емдік тас, Керегетас, Қаратас, Монтайтас, Түйетас, Тұғыртас, Шілде тас сынды атаулар. Құрамында тас термині бар оронимиялық атаулар айрықша көрініп тұратын жеке тастарға немесе қатты жыныстардан тұратын қалдық тауларға, төбелерге қатысты қойылған. Тас термині алдындағы анықтауыш сөздер орографиялық нысанның пішінін, түсін айғақтайды немесе ұқсату негізінде қойылады. Осындай оронимдердің кейбір анықтауыш сөздері елеулі этнолингвистикалық ақпараттарға ие.

Қазығұрт топонимиясында кен, қазба байлықтарға қатысты атаулар кездеседі: Көмірлісай, Алтынтөбе, Алтынтыққан, Алтынарық, Күмісбұлақ т. б.

Ежелгі замандардан бері (б. з. д. ІІ мыңжылдықтардан бастап) Орталық Қазақстан (Жезқазған) мен Оңтүстік Қазақстан (таулы аймақтар) өңірлерінде кен, металлургия орындары болған, зергерлік өнер дамыған. Академик Ә. Марғұланның пікірінше, кейбір көне атаулар геологиялық барлау жұмыстарында қосымша дереккөзі бола алады. Мәселен, Алтынтөбе, Алтынқазған, Мыңшұқыр, Шұрық, Кентөбе, Кеншоқы, Көктас сияқты топонимдер бұл өңірде ежелгі кен өндіру ісінің өркендегенінен хабар береді [3] .

Қазығұрт өңірі топонимиясында алтын сөзімен байланысты Алтынарық, Алтынтөбе, Алтынтыққан атаулары бар. Жергілікті тұрғындар осы атаулардың мағынасын, шығу себептерін көне кен орындарымен байланыстырмайды, кейбір топонимдердің этимологиясы халықтық, яғни жалған болып келеді.

Таулы аймақтар жер бедерінің ерекше көріністерінің бірі - тау шатқалдарының болуы. Әдетте, тау шатқалдары тар болып келеді, өткел, есік сипатында кездеседі. Қазақстан топонимиясында тау шатқалдары Қапшағай (моңғол тілінен енген), дар (дара) (иран (тәжік) тілінен енген), дарбаза (иран тілінен енген), қақпа терминдерімен беріледі.

Қазығұрт аймақтық топонимиясында Қақпақ - өзен аты, Қақпақ - ауыл аты, Қақпақ тас-тау қойнауындағы жер (тас) аты бар. Біздің ойымызша, таудың тар шатқалын меңзейтін қақпа термині өзен, ауыл аттарына негіз болған, яғни шатқал аты транстопонимизацияға ұшыраған.

Таулы аймақтардың (ландшафттардың) тағы бір көрінісі - үңгірлер. Үңгірлер әдетте тау баурайларында, биіктерінде, шатқалдарында орналасады.

Үңгір термині арқылы құралған спелеонимдер дара бір лексика-семантикалық топ құрайды, демек, Қазығұрт өңірі таулы ландшафттарының ерекшелігін бейнелейді.

Қазығұрт аймақтық топонимиясында аз болса да, «саз» термині арқылы жасалған топонимдер кездеседі: Тортасаз, Сопбексазы ауыл аттары.

Аймақтық топонимиялық жүйесінде географиялық ортаның жергілікті ерекшеліктерінен мағлұмат беретін және белгілі бір өңір топонимиясының тілдік сырларын ашатын борбас (Борбас) сынды халықтық географиялық терминдер мен топонимдер (микротопонимдер) болып табылады. Осы жайт, әсіресе, аймақтық микротопонимдерге тән. Өйткені көп жағдайда тек микротопонимдер ғана тарихи географияның бізге белгісіз деректерін, баяғыда ұмыт болған жергілікті географиялық терминдерді, сөз жасалудың көне үлгілерін бойында сақтап, осы кезге дейін жеткізеді [4] .

Мәселен, Қазығұрт өңірі микротопонимиясында аңқи деген жергілікті географиялық термин кездеседі. Оның семантикалық уәжділігі ұмыт болған, табиғи географиялық негіздері аңғарылмайды, сол себепті бұл термин (осы термин арқылы жасалған топоним) халықтық, яғни жалған этимологияға ұшыраған.

Ала қысырақ аңқи - Рабат ауыл әкімшілігі Аманкелді бөлімшесінде он шақырымдай батысындағы жер атауы. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бұл микротопонимнің этимологиясы былай түсіндіріледі: «Қатты қыста болған жұтта барлық жылқысынан айырылған бай аңқиып тұрған ала қысыр байталын көрген екен. Сол жер осы уақытқа дейін Ала қысырақ аңқи деп аталады».

Қазығұрт микротопонимиясында осы терминмен байланысты тағы бір атау кездесті - Аңқи-Ыза бұлақ .

Эндемикалық түрде, яғни басқа жерде кездеспейтін жергілікті географиялық терминдер заңды түрде диалект сөздері болып келеді. Қазақ тілінің диалектологиялық сөздігінде аңқи сөзі ұшыраспады, бірақ осы сөзбен түбірлес келетін географиялық мағынасы бар аң сөзі Сайрам, Қызылқұм аудандарында: 1. «шұңқыр, жыра жер»; 2. Түлкібас ауданында, «аңыз жер, егіндік жердің орны» мағыналарында қолданылады екен [5, 80 б. ] .

Аңқи жергілікті халықтық географиялық терминімен тағы бір түбірлес географиялық апеллятив-термин - аңғар .

Сонымен, аңқи терминімен түбірлес болып келетін аң, аңғар сөздерінің ортақ мағынасы мен құраушы семантикалық компоненттері тау аралығындағы аңғарды, сайды, кең шатқалды, тау жайлауын меңзейді (тау жайлаулары, әдетте, тау бөктеріне ұласатын тау етегіндегі немесе тау биігіндегі қыраттармен қоршалған алқаптардағы жайлаулар) . Аңқи термині және оронимдік атау, міне, осы мағыналарда қолданылған болуы керек деп топшылауға болады. Уақыт өте аңқи термині семантикалық редукцияға, десемантизацияға ұшыраған, бұрынғы (бастапқы) мағынасы ұмытылған және де басқа сөзге ( аңқиға ) ұқсатылып, халықтық (жалған) этимологияға ие болған.

Сонымен, аңқи таулы жайлауды атайтын термин (топонимі), болатын болса, анықтауыш сөз қысырақ сол жайлаудың сипатын, ерекшелігін көрсетуі керек. Демек, аңқи жайлау аты қысырақ сөзімен тіркескенде «тың», «соны», «малдың тісі тимеген» мағынадағы жайлау аты болғаны ( қысырақ жайлау ) . Қазақ тілінде жайлау терминологиясы өте дамыған. Тілші-ғалым Н. Уәлиев жайлаудың мерзімдік түрлері мен орналасу жағдайына қарай түрлерінің бірқатар атауларын көрсетеді: Қанжайлау, Саржайлау, етек жайлау, бөктер жайлау, тер жайлау, кер жайлау [6, 120 б. ] . Ала қысырақ аңқи атауындағы бірінші лексикалық компонент ала ала-құла түсін немесе «үлкен (кең) » мағынасында қолдануы мүмкін (салыстырыңыз: Алатау (үлкен, биік тау) .

Қазығұрт аймақтық топонимиясында кең тараған географиялық атаулардың түрі - бұлақ аттары. Оның себебі тау бөктерлері мен тауалды жазықтарында табиғи су көздері, бұлақтар молынан шоғырланады. Бұлақтардың таралу ареалы ландшафт ерекшелігіне, жердің физикалық-географиялық жағдайына байланысты болып келеді.

Бұлақ термині арқылы құралған микрогидронимиялық аймақтық атаулардың біразына қатысты ақпар диссертацияда берілді. Бұлақтар мен бастаулардың түрлі сипаттарын төменде берілген атаулардан да байқауымызға болады: Алты бұлақ, Ащы бұлақ, Бүлдіргенді бұлақ, Бөрішбұлақ, Басқыбұлақ, Дайрабайбұлақ, Жарбастау, Жылы бұлақ, Жылысу, Жалғызбастау, Жамау бұлағы, Жыландыбұлақ, Ембұлақ, Есбұлақ, Көмешбұлақ, Көздіката бұлағы, Күмісбұлақ, Кезенбұлақ, Көкбұлақ, Кемербастау, Көлбастау, Кекілікбастау және т. б. Қазығұрт топонимиясында өсімдік атауларымен байланысты төмендегідей жалқы географиялық есімдер бар: Алмалы, Бадам, Бүлдіргенді бұлақ, Доланалы сай, Жалғыз долана, Жалғыз тал, Жүзімдік, Көкжаңғақ, Кәтіреңкі әулие, Қауынбайсай, Пиязды, Талдыбұлақ, Қызылтал, Жиделі, Сарыалма т. б.

Қазығұрт аймақтық топонимиясында осы өңірде өсетін мынадай өсімдік атаулары кездеседі: бүлдірген, жаңғақ, алма, кәтіреңкі, күріш, терек, жүзім, бадам, пияз, тұт, тал, долана, жиде, ағаш.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Топонимдердегі түр-түс атауларының семантикасы
Солтүстік Қазақстан аймағы топонимдерінің ерекшеліктеріне шолу
Арқас - тарихи тау
Оңтүстік Қазақстанның географиялық атауларының шығу тегі мен мағыналық жүктемесінің физикалық-географиялық негіздері
Этнолингвистика және этимология
Топонимдегі ұлт пен мемлекет саясаты мен тарихының көрінісі
Қазақстан Республикасында топонимика ғылымының дамуындағы қазіргі теориялық мәселелер
Қазақ дүниетанымының ономастикалық концептілердің дүниенің тілдік бейнесінің этномәдени ерекшеліктерін айқындау
Қазақ тіліндегі жалқы есімдер
Орталық Қазақстан Бұқар жырау ауданы топонимдері
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz