Бастауыш білім беру сатысында қазақ халық дәстүрлерін тәрбие құралы ретінде пайдаланудың педагогикалық шарттары


Пән: Педагогика
Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 28 бет
Таңдаулыға:   

Бастауыш білім беру сатысында қазақ халық дәстүрлерін тәрбие құралы ретінде пайдаланудың педагогикалық шарттары





КІРІСПЕ

Зерттеудің көкейкестілігі . «Қазақстан Республикасында гуманитарлық білім беру тұжырымдамасында» (1994), «Қазақстан Республикасының Тіл туралы Заңында» (1996), «Қазақстан Республикасының Білім туралы Заңында» (1999, 2007) мемлекеттік тұрғыдан қазақ тілінің мәртебесі биіктетіліп, тәрбие мен білімнің құндылығын арттыратын бағыт-бағдарлар айқындалды. Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың «Қазақстан - 2030» атты Қазақстан халқына жолдауында « . . . біздің ұрпақтың келер ұрпақтар алдында орасан зор жауапкершілік жүгін арқалайтыны . . . » баса атап көрсетілген болатын. Қазақстан Республикасының 2007 жылы қабылданған Білім туралы Заңында: жас ұрпақты « . . . азаматтық пен патриотизмге, өз Отаны - Қазақстан Республикасына сүйіспеншілікке, мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге, халық дәстүрлерін қастерлеуге, Конституцияға қайшы және қоғамға жат кез келген көріністерге төзбеуге тәрбиелеу » қажеттігі айқын көрсетілген. Бұл республикамыздың ертеңгі қажетін өтейтін, елін, жерін сүйетін, отаншыл, адамгершілігі мол, білімді, парасатты, ана тілін, туған жерін қастерлей білетін азамат өсіруде ұстанатын басты құралымыз бағзы заманнан бері ұрпақ тәрбиесінің алтын діңгегіне айналған халық дәстүрлері, халық ауыз әдебиеті, ақын-жазушыларымыздың таңдаулы туындылары болуын міндеттейді. Сондықтан бастауыш білім беру сатысынан бастап оқушыларды халық дәстүрлерін қастерлеуге баулу бүгінгі күннің аса маңызды мәселесіне айналып отыр.

Әл-фараби, Шоқан, Абай, Ыбырай сынды шығыстың ұлы философ-ойшылдары мен ағартушыларын да адам тәрбиесі, яғни болашақ ұрпақ тәрбиесі проблемасы қатты толғандырған.

Тәрбие мен оқытудың теориясы мен практикасын дамытудың әр түрлі аспектілеріне, тәрбие принциптеріне, мазмұнына, жеке тұлғаны қалыптастырудағы тәрбиенің мүмкіндіктеріне адамзат тарихында өзіндік із қалдырған педагогтар, белгілі ғалымдар үнемі назар аударып отырған (Я. А. Коменский, К. Д. Ушинский, Ж. Ж. Руссо, И. Г. Песталоцци, А. С. Макаренко, В. А. Сухомлинский, А. П. Сейтешев, Н. Д. Хмель, Н. Н. Хан, М. Ә. Құдайқұлов, А. А. Бейсенбаева, Қ. К. Жампейісова Г. Т. Хайруллин, В. В. Трифонов, Р. М. Қоянбаев және т. б. ) .

XX ғасырдың 70-жылдары белгілі ғалым Г. Н. Волковтың көрегенділігі мен батылдығының, табандылығының арқасында халықтық тәрбие қағидалары сараланып, жинақталып, ғылыми тұрғыда жүйеленді. Ол этнопедагогиканың маңызды ғылыми білімдер жүйесін құрайтын дербес ғылым саласына айналып отыр.

Осы кезге дейін педагогика ғылымы дәстүрлі педагогикамен шектеліп келсе, енді ұлттық құндылықтарды қамту қажеттігі туындап отыр.

Қазақ этнопедагогикасы ғылым саласы ретінде алғаш рет XX ғасырдың 70- жылдарының басынан бастап зерттеле бастады (А. Х. Мухамбаева, И. Оршыбеков, С. С. Қалиев, Қ. Жарықбаев) . Қазіргі таңда бұл салада жарық көрген ондаған іргелі, қолданбалы зерттеулер, өңдемелер, ғылыми мақалалар, кітаптар мен қолжазбалар және т. б. бар.

Біз қазақ халық педагогикасы мен этнопедагогикалық зерттеулердегі проблемалардан өз зерттеуімізге қатысты мәселелерге баса назар аудардық. Олардың ішінен: Ж. Аймауытов, А. Байтұрсынов, М. Жұмабаев, Х. Досмұхамедов, М. Дулатов, Т. Тәжібаев, М. Ғабдуллин, К. Құнантаева, С. Ұзақбаева, Ж. Наурызбай, Т. Әлсатов, Ө. Озғанбай, Қ. Қожахметова, М. Балтабаев, Қ. Бөлеев, Ш. Құлманова, Р. Төлеубекова, З. Әбілова, Ә. Табылдиев, Е. Сағындықовтардың және т. б. қағидаларын ұстаным етіп алдық.

Халықтық тәрбие қағидаларын оқу-тәрбие үдерісіне енгізудің ғылыми-педагогикалық негіздері бойынша - Б. А. Әлмухамбетов, Т. Ә. Қоңыратбаева, К. Ж. Қожахметова, Р. К. Дүйсенбінова, Д. Ж. Сәкенов, Н. М. Кошеров; пәндерді оқыту барысында пайдалану әдістемесі бойынша - Л. К. Бөлеева, Т. Ш. Куанышев, А. С. Магауова, Ұ. М. Әбдіғапбарова, Ж. З. Утемисова, Г. Жолтаева, Т. Ж. Бекботчаев; тәрбие үдерісіне енгізу мәселелері бойынша - А. Қ. Қисымова, Ә. Табылдиев, А. Е. Дайрабаева, Ұ. О. Асанова, Е. Ш. Қозыбаев, К. Оразбекова, З. Әбілова, Ж. Б. Сәдірмекова, Х. Қ. Шалғынбаева, К. О. Жеделов, С. Иманбаевалар; бастауыш сыныпта оқыту мәселелері бойынша - Г. Бахтиярова, Қ. А. Сарбасова, Н. Албытова, Т. Ә. Қышқашбаев, М. А. Оразалиева, С. А. Жолдасбекова, Б. А. Тойлыбаев, С. Қ. Әбілдина, А. Қ. Айтбаева, О. Сатқанов, Р. Рысбекова, А. Едігеновалардың еңбектерінде тұжырымдалған ой-пікірлер ғылыми зерттеуіміздің басым бағыттарын анықтауға мүмкіндік берді.

Қоғам талабына сай елімізде ұлттық мектептер саны көбеюде. Осы орайда халық педагогикасының қағидалары мен материалдарын оқу-тәрбие жүйесіне енгізуге арналған «Балбөбек» (авторлары Б. Баймұратова, М. Сәтімбекова, т. б. ), «Атамекен» (М. Құрсабаев), «Кәусар бұлақ» (З. Ахметова), «Әдеп әліппесі» (А. Ашайұлы), «Қазақ тәлімінің тарихы» (Қ. Жарықбаев, С. Қалиев), «Әдеп әліппесі» (Ә. Табылдиев), «Ұлттық дүниетаным»(1-4сыныптар), (А. Құралұлы), «Дәстүр» (Ә. Сәдуақасов) атты бірнеше тәрбие бағдарламалары бар. Дегенмен, қазақстандық педагогикалық әдебиеттерде дәстүрлер жүйесіне ғылыми тұрғыда терең талдау, оларды тәрбиенің қуатты құралына айналдыру жеткіліксіз болып отыр. Сол себепті дәстүрлерді ұлттық тәрбие моделінің мазмұнына ендіру, олардың нәтижелері ретінде қалыптастырылатын жеке тұлға деңгейін анықтау терең талдауды қажет ететін көкейкесті мәселеге айналды.

Сондай-ақ, психологиялық-педагогикалық әдебиеттерге және озық педагогикалық тәжірибеге жасаған талдау қазақ халық дәстүрлерінің бастауыш білім беру сатысында бүгінгі таңға дейін тәрбие теориясында да, практикасында да өз деңгейінде зерттелмегендігін, нақтырақ айтқанда, бастауыш білім беру сатысы оқушыларын қазақ халық дәстүрлері арқылы тәрбиелеудің мүмкіндіктерінің анықталмағанын; бірегей жүйесінің жасалмағанын, тиімді әдіс-тәсілдерінің, педагогикалық шарттарының, амал-жолдарының айқындалмағанын; ғылыми-әдістемелік нұсқаулардың толыққанды жасалмағанын көрсетті. Демек, бастауыш білім беру сатысы оқушыларын қазақ халық дәстүрлері негізінде тәрбиелеудегі қоғамның сұранысы мен оның жүзеге асырылмауы арасында; қазақ халық дәстүрлерінің тәрбиелік мүмкіндіктерінің жоғарылығы мен мектепте оларға деген сұраныстың аз болуы арасында; оларды көпсалалы мектеп тәжірибесінде бірізді жүйемен пайдалануды ұйымдастыру қажеттілігі мен оны жүзеге асыратындай әдістемелік кешеннің жоқтығы арасында қайшылық бары анық байқалады. Осы қарама-қайшылықтарды шешуге байланысты бүгінгі қоғам талабына сай бастауыш білім беру сатысы оқушыларын тәрбиелеуде қазақ халық дәстүрлерін тәрбие құралы ретінде пайдалануды қамтамасыз етудің жолдары мен педагогикалық шарттарын қарастыру біздің зерттеу проблемамызды анықтауға және тақырыпты: « Бастауыш білім беру сатысында қазақ халық дәстүрлерін тәрбие құралы ретінде пайдаланудың педагогикалық шарттары » деп таңдауымызға негіз болды.

Зерттеудің нысаны: бастауыш мектептің оқу-тәрбие үдерісіндегі қазақ халық дәстүрлер жүйесі

З ерттеу пәні: бастауыш оқу-тәрбие үдерісінде қазақ халық дәстүрлері бастауларын (жеті ата шежіресі мен қазақ дастарқаны) пайдалану жолдары

Зерттеудің мақсаты: бастауыш білім беру сатысы оқушыларын қазақ халық дәстүрлері (жеті ата шежіресі мен дастарқан) арқылы тәрбиелеуді теориялық тұрғыдан негіздеу және оның әдістемесін жасау.

Зерттеудің ғылыми болжамы: егер қазақ халық дәстүрлері жөніндегі білім бастауыш білім беру сатысы оқушыларына жүйелі бірізділікпен меңгертілсе, олар әр түрлі іс-әрекеттерге тартылса және әр түрлі жұмыс формалары, әдіс-тәсілдері, амал- жолдары тиімді қолданылса, ғылымға негізделген бағдарламалар мен әдістемелік нұсқаулар, сондай-ақ тәрбиелеудің жаңа технологиясы (интерактивті ойын технологиясының электрондық нұсқасы) дайындалып, тәжірибеге ендірілсе, онда бастауыш білім беру сатысы оқушыларының қазақ халық дәстүрлері туралы теориялық білімдері кеңейеді, олардың бойында ұлттық, қоғамдық сана-сезімдері, адамгершілік көзқарастар мен ізгілікті қасиеттері қалыптасады, өйткені халықтық дәстүрлер ұлттық ділдің тірегі болып саналады.

Зерттеу міндеттері:

- қазақ халық дәстүрлерінің педагогикалық-теориялық мәні мен мазмұнын ашып көрсету;

- бастауыш білім беру сатысы оқушыларын қазақ халқының жеті ата шежіресі мен дастарқан дәстүрлері арқылы тәрбиелеудің педагогикалық шарттарын айқындау;

- бастауыш білім беру сатысы оқушыларын қазақ халқының жеті ата шежіресі мен дастарқан дәстүрлері арқылы тәрбиелеуді теориялық тұрғыдан негіздеу және оның моделін жасау;

- қазақ халқының жеті ата шежіресі мен дастарқан дәстүрлерін пайдалана отырып, бастауыш білім беру сатысы оқушыларын тәрбиелеудің әдістемесін жасау және оны тәжірибелік-эксперимент жұмысы арқылы дәйектеу.

Зерттеудің жетекші идеясы: қазақ халқының жеті ата шежіресі мен дастарқан дәстүрлері бастауыш білім беру сатысы оқушыларының ұлттық сана-сезімін қалыптастыратын тәрбие құралы болып табылады.

Зерттеудің әдіснамалық және теориялық негіздерін халық дәстүрлері жөніндегі философиялық, этнопедагогикалық, психологиялық, педагогикалық тұжырымдар мен идеялар, жеке тұлғаға бағдарланған іс-әрекет, тұтас педагогикалық үдеріс және тәрбие теориялары, қазақ халық педагогикасының негізгі қағидалары құрайды.

Зерттеу көздері болып жеке тұлғаны дамыту және тәрбиелеу мәселелеріне арналған философиялық, этнопедагогикалық, педагогикалық және психологиялық еңбектер; Қазақстан Республикасының ресми құжаттары: Конституция, Білім туралы заң, тұжырымдамалар, стандарт, оқу жоспарлары, оқулықтар, оқу-әдістемелік құралдар кешені және әртүрлі бағыттағы ұлттық тәрбие жөніндегі бағдарламалар; бастауыш мектеп оқушыларын аға ұрпақ дәстүрлерінде тәрбиелеудің озық тәжірибелері алынды.

Зерттеу әдістері: зерттеу мәселесіне байланысты философиялық, әлеуметтану, тарихи-этнографиялық, этнопедагогикалық, психологиялық, ғылыми-педагогикалық, әдістемелік әдебиеттерге талдау; бастауыш мектеп мұғалімдерінің озық тәжірибелерін зерттеу, бақылау, әңгімелесу, сауалнамалар жүргізу, жинақтау және қорытындылау; эксперимент жүргізу, алынған нәтижелерді сұрыптау, математикалық тұрғыда өңдеу әдістері.

Зерттеудің теориялық мәні және ғылыми жаңалығы:

- қазақ халқының жеті ата шежіресі мен дастарқан дәстүрлерінің мәні мен мазмұны педагогикалық-теориялық тұрғыдан айқындалды;

- бастауыш білім беру сатысы оқушыларының қазақ халқының жеті ата шежіресі мен дастарқан дәстүрлері арқылы тәрбиелеудің тиімділігін арттыратын педагогикалық шарттар айқындалды: мотивациялық-мақсаттылық, интеллектуалды-эмоциялық, тұлғалық, танымдық-шығармашылық, әлеуметтік;

- бастауыш білім беру сатысы оқушыларын қазақ халқының жеті ата шежіресі мен дастарқан дәстүрлері арқылы тәрбиелеудің мазмұны айқындалып, моделі жасалды;

- қазақ халқының жеті ата шежіресі мен дастарқан дәстүрлері арқылы бастауыш білім беру сатысы оқушыларын тәрбиелеудің әдістемесі жасалды.

Зерттеудің практикалық маңызы: зерттеудің басты қағидалары мен материалдарына негізделген қазақ халқының жеті ата шежіресі мен дастарқан дәстүрлері арқылы бастауыш білім беру сатысы оқушыларын тәрбиелеудің әдістемесі, «Ата дәстүр - асыл қазынаң» атты бағдарламаның тақырыптық үлгі жоспары, «Қазақ халық дәстүрлері» электрондық оқу құралы жасалып, бастауыш мектеп практикасына ендірілді.

Зерттеу материалдарын бастауыш сынып мұғалімдерін даярлайтын арнайы орта және жоғары оқу орындарында, мұғалімдердің білімін жетілдіру, қайта даярлау институттарында пайдалануға болады.

Қорғауға ұсынылатын қағидалар:

- бастауыш білім беру сатысы оқушыларының қазақ халқының жеті ата шежіресі мен дастарқан дәстүрлерін меңгеруі тұлғаның мінез-құлықтары мен рухани-адамгершілік қасиеттерінің қалыптасуының негізі болып табылады;

- бастауыш білім беру сатысы оқушыларын қазақ халқының жеті ата шежіресі мен дастарқан дәстүрлері арқылы тәрбиелеуді тиімді ұйымдастырудың педагогикалық шарттары;

- бастауыш білім беру сатысы оқушыларын қазақ халқының жеті ата шежіресі мен дастарқан дәстүрлері арқылы тәрбиелеудің моделі;

- бастауыш білім беру сатысы оқушыларын қазақ халқының жеті ата шежіресі мен дастарқан дәстүрлері арқылы тәрбиелеудің кезеңдік әдістемесі.

Зерттеудің негізгі кезеңдері:

Бірінші кезеңде (1991-1996ж. ж. ) зерттелетін проблеманың ғылыми бағыттары айқындалып, мектеп тәжірибесіндегі жайы қарастырылды. Нақты айтқанда, зерттеу тақырыбына байланысты ғылыми әдебиеттерге талдау жасалды, бастауыш оқу-тәрбие үдерісінде ұлттық салт-дәстүрлерді пайдалану жағдайы анықталды, жеті ата шежіресі мен қазақ дастарқаны дәстүрлерін оқу-тәрбие үдерісінде пайдалану жолдары көрсетіліп, болашақ зерттеудің негізгі бағыттары мен тұжырымдары нақтыланды.

Екінші кезеңде (1996-2002 ж. ж. ) зерттеу жұмысының негізіне алынатын қағидалар, жетекші идеялар дәйектелді; қазақ халқының жеті ата шежіресі мен дастарқаны дәстүрлерін меңгертудің шарттары анықталып, ол қалыптастырушы тәжірибе материалдары негізіне алынды; бастауыш білім беру сатысы оқушыларын қазақ халқының жеті ата шежіресі мен дастарқан дәстүрлері арқылы тәрбиелеудің моделі анықталды; Жеті ата шежіресі мен қазақ дастарқаны дәстүрлерін оқу-тәрбие үдерісінде пайдаланудың бағдарламасы, бағдарламаға сәйкес тапсырмалар жүйесі жасалды және сол бағдарлама материалдары тәжірибелік сынақтан өткізілді.

Үшінші кезеңде (2002-2007 ж. ж. ) зерттеу нәтижелері бір жүйеге түсіріліп, жинақталды, қорытындыланды. Анықтаушы және қалыптастырушы эксперименттің нәтижелеріне салыстырмалы талдау жасалды, сонымен қатар оқу-тәрбие үдерісінде қазақ халқының жеті ата шежіресі мен дастарқаны дәстүрлерін пайдалануға арналған тапсырмалар жүйесі жасалып, алынған нәтижелер сараланып, нақты тұжырымдар мен ұсыныстар дайындалды.

Зерттеу нәтижелерінің дәлелділігі мен негізділігі автордың педагогикалық зерттеуінің ғылыми негізділігімен, зерттеу пәніне сәйкес өзара байланысты кешенді зерттеу әдіс-тәсілдердің қолданылуымен, эксперимент бағдарламасының педагогикалық мақсатқа сәйкестілігімен, зерттеу жұмысына байланысты нәтижесін тәжірибе жүзінде тексеруімен, олардың тиімділігін практикаға енгізуімен қамтамасыз етіледі.

Зерттеудің базасы . Тәжірибе жұмысы Алматы қаласындағы Ш. Уәлиханов атындағы № 12 көпсалалы гимназияда, С. Байжанов атындағы № 162 көп салалы мектеп-гимназиясында, Алматы облысы Іле ауданы Комсомол ауылындағы орта мектепте жүргізілді. Аталған мектептерде тәжірибе жұмыстарына барлығы 240 оқушы тартылды. Оның 125-сі - тәжірибе тобында, 115-cі бақылау тобында болды.

Зерттеу нәтижелерін сынақтан өткізу және ендіру . Зерттеудің негізгі тұжырымдары халықаралық (Алматы, 2006, 2007, 2008), республикалық (2007) Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің профессорлары мен оқытушыларының ғылыми-теориялық және әдістемелік конференцияларында (1991-2008) баяндалды, эксперимент жүргізу барысында жүзеге асты, сондай-ақ мерзімді басылымдарда жарық көрген ғылыми мақалаларда, әдістемелік нұсқаулар мен бағдарламаларда көрініс тапты. Барлығы - 13 мақала, 1 электрондық оқулық дайындалды.

Диссертацияның құрылымы: Диссертациялық жұмыс кіріспеден, екі тараудан, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен және қосымшадан тұрады.

Кіріспеде зерттеудің көкейкестілігі, мақсаты, нысанасы, пәні, міндеттері, болжамы, әдіснамалық негіздері, әдістер мен негізгі кезеңдері беріледі, ғылыми жаңалығы, практикалық мәні, қорғауға ұсынылатын қағидалар мазмұндалады.

«Бастауыш білім беру сатысында қазақ халық дәстүрлерін пайдаланудың ғылыми-теориялық негіздері» атты бірінші тарауда қазақ халық дәстүрлерінің теориялық мәні мен мазмұны және олардың өзара байланысы мен тәрбиелік мүмкіндіктері қарастырылады, қазақ халық дәстүрлері бастауларын (жеті ата шежіресі мен дастарқаны) тәрбие құралы ретінде пайдалануды қамтамасыз етудің педагогикалық шарттары, бастауыш білім беру сатысы оқушыларын тәрбиелеудің моделі ғылыми тұрғыда негізделеді.

«Қазақ халқының жеті ата шежіресі және дастарқаны дәстүрлерін бастауыш білім беру сатысының оқу-тәрбие үдерісінде пайдалану әдістемесі» атты екінші тарауда зерттеу проблемасының бүгінгі жағдайы баяндалып, бастауыш сынып оқушыларын қазақ халқының жеті ата шежіресі мен дастарқан дәстүрлері арқылы тәрбиелеудің формалары мен әдістері көрсетіліп, мұғалімдерге арналған әдістемелік ұсыныстар, тәжірибелік эксперимент жұмыстарының әрбір кезеңдегі нәтижелері мазмұндалады.

Қорытындыда зерттеудің нәтижелері тұжырымдалып, ғылыми-әдістемелік ұсыныстар беріледі.

Қосымшада бастауыш білім беру сатысы оқушыларын қазақ халқының жеті ата шежіресі мен дастарқаны дәстүрлері арқылы тәрбиелеудің үлгі тақырыптары, қалыптастырушы эксперимент кезеңдерінде пайдаланылған тапсырмалар жүйесі берілген.

НЕГІЗГІ БӨЛІМ

Халқымыздың рухани мұрасын зерттеп-зерделеуге көңіл бөлініп, тәлімдік, тағылымдық әдет-ғұрыптарымыз, салт-дәстүрлеріміз ұлттық өнеріміз педагогика ғылымы тұрғысынан қарастырылып, этнопедагогика өз алдына дербес сала ретінде қалыптаса бастағаны баршамызға мәлім.

Қай заманда болмасын адамзат баласының алдында тұратын ұлы мақсат-мұраттарының ең бастысы - өзінің өмірін, тәжірибесін жалғастыратын салауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу . Себебі ұрпақ тәрбиесі келешегін берік ететін басты фактор болып саналады.

Адамзат қоғамы даму тарихында қалыптасқан тәрбие мен оқыту, теориясы және практикасын дамыту саласындағы маңызы мен тәрбиелік мүмкіндіктері жайлы Я. А. Коменский, К. Д. Ушинский, В. Г. Белинский, Н. К. Крупская, А. В. Луначарский, С. Т. Шацкий, А. С. Макаренко, В. А. Сухомлинский, Ш. Уәлиханов, Ы. Алтынсарин, А. Құнанбаев, А. П. Сейтешев, Н. Д. Хмель Н. Н. Хан, М. Ә. Құдайқұлов, А. А. Бейсенбаева, Қ. К. Жампейісова Г. Т. Хайруллин, В. В. Трифоновтар маңызды педагогикалық ой-пікірлер қалдырды.

Сондай-ақ халықтың қалыптасқан тәрбие тәжірибесін оқу-тәрбие үдерісінде пайдалану туралы Г. Н. Волков, Я. И. Ханбиков, М. Сейфуллаева, А. Ш. Гашимов, Т. Г. Тимошина, М. И. Стельмакович, Н. Сафаров, С. Қ. Қалиев, М. Х. Балтабаев, Қ. Б. Жарықбаев, Ә. Табылдиев, С. А. Ұзақбаева, Р. К. Толеубекова, К. К. Қожахметова, Ж. Ж. Наурызбай, Р. К. Дүйсенбінова, Қ. Қ. Шалғынбаева, С. Қ. Әбілдиналар өз еңбектерінде тұжырымдады.

Бүгінгі күні де бала тәрбиесі айырықша мәнге ие. ХХІ ғасырдағы тасқындаған толассыз ақпараттар, қоғамдағы күрделі өзгерістер аясында өмір сүріп жатқан жас ұрпақты тәрбиелеудің күрмеуі қиын күрделі мәселелері жеткілікті. Ғаламдану өріс алған қазіргі заманның тәрбие жүйесіне ұлттық тәрбиені дарыту одан да өзекті болып отыр. Осы тұрғыдан алғанда, қазақ халқының ғасырлар бойы жинақтап, уақыт тезінен өткен тәрбие тәжірибесінің ауқымды бір саласын ұлттық дәстүрлер жүйесі құрайды.

Ғылыми зерттеулерді талдау барысында дәстүр ұғымына әр қырынан анықтама берілгендігін байқадық. Мәселен, «Қазақ кеңес энциклопедиясында»: «Дәстүр дегеніміз ұрпақтан-ұрпаққа көшетін тарихи қалыптасқан әлеуметтік нормалар мен принциптер. Дәстүр - қоғамдық ұйымдар мен халықтың мінез-құлқы мен іс-әрекеттерінің рухани негізі» делінсе, философиялық сөздікте: «дәстүр (traditio- жапсыру, жалғастыру) - тарих барысында қалыптасып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып отыратын әдет-ғұрыптар, салт-сана, қоғамдық тәртіп, заң, мұрат пен игілік, мінез-құлық қалыптары және т. б. қоғамда, ұлтта немесе жекелеген әлеуметтік топтарда ұзақ уақыт бойы сақталатын әлеуметтік-мәдени мұра элементтері» - деп тұжырымдалады. Ал «Педагогика және психология» қазақ тілі терминдерінің салалық ғылыми түсіндірме сөздігінде: “Дәстүр - тарихи тұрғыда қалыптасқан және ұрпақтан ұрпаққа беріліп отыратын қарекет пен мінез-құлық нысандары, сондай-ақ оларға ілеспе астасқан ғұрыптар, қағидалар, құндылықтар, түсініктер жатады. Дәстүрлер өзінің қоғамдық маңыздылығын және тұлғалық пайдалылығын талай рет дәлелдеген қарекет нысандарының негізінде қалыптасады. Белгілі бір қауымның дамуының әлеуметтік жағдаяты өзгеруіне орай дәстүрлер ыдырауы, басқадай болып өзгеруі не алмасуы мүмкін. Дәстүр адамдардың өмірлік қарекетін реттеудің маңызды факторы болып қызмет етіп, тәрбие негізі болып табылады”, - делінген.

Философ ғалым Н. Сәрсенбаев: «Әдет-ғұрып, дәстүр және қоғамдық өмір» атты еңбегінде: «Дәстүрге әдет-ғұрыптың өткен қоғамнан қалған озық түрлері мен тұрмыстық формалары, ырым-жоралары, рәсімдер жиынтығы кіреді, қоғамда және белгілі бір ұжымдық ортада қалыптасқан дәстүр өзінің өмір сүру заңдылығына толық ие болғаннан кейін сол ұжымдық ортада, қоғамда жалғасын табады да, тұрақты орын алады. Сондай-ақ, дәстүр көпшілік қауымға ортақ мәдениетті түрде қолданыс табатын әдет-ғұрыптың жинақталған түрлері мен рәсімдерін де қамтиды», - деген ойды білдіреді. .

Педагог ғалым Р. К. Төлеубекова: «Халықтық педагогика мұрасының бірі - дәстүр. Дәстүр - адамдардың рухани тұлғасынан бөлінбейтін құбылыс. Дәстүр қоғамдық сананың барлық формаларынан орын алады. Олар: саясатта, қоғамдық өмірдегі дәстүрде, халықтар арасындағы ынтымақтастықта, теңдікте, бостандықта, өзара көмек дәстүрінде, қарым-қатынас дәстүрінде, ғылыми дәстүрде, оқу-білім ғылымындағы дәстүрде, отбасы-жанұялық дәстүрінде, еңбек дәстүрінде», - десе, Ә. Садуақасов өзінің зерттеу жұмысында халық дәстүрлерін тұрмыстық дәстүрлер, кәсіптік дәстүрлер, мерекелік дәстүрлер, бала қуанышы дәстүрлері, құдандалық дәстүрлер, жерлеу дәстүрлері, әскери-ұландық дәстүрлері, мәдени дәстүрлер, діни дәстүрлер, жаңа дәстүрлер деп жіктеген.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Бaстaуыш білім беру сaтысындa қaзaқ хaлық дәстүрлерін тәрбие құрaлы ретінде пaйдaлaнудың педaгогикaлық шaрттaры туралы
Бастауыш білім беру сатысында қазақ халық дәстүрлерін рухани құндылықтарын пайдаланудың ғылыми-теориялық негіздері
Қазақ мектептерінде халық педагогикасы дәстүрлерін пайдалануды ұйымдастыру шарттары
Қазақ балаларының тәрбиесін қазақ этнопедагогикасы арқылы дамытудың моделін жасау
Бастауыш мектептің математика сабақтарында ұлттық және дидактикалық мазмұнды ойын есептерін қолдану арқылы оқушылардың ой-өрісін дамыту жайлы
Бастауыш сынып оқушыларының тілін дамытуда этнопедагогика материалдарын пайдалану жолдары
Қазақ этнопедагогикасындағы бала жасына қарай кезеңге бөлудің ғылыми-педагогикалық негіздері
Математиканы оқытудың дәстүрлі әдістемесінің кейбір түрлерін көрсету
Бастауыш сынып оқушыларының тілін дамытуда этнопедагогикалық материалдарды пайдалану
Тұлғаны қалыптастырудағы адамгершілік тәрбиесінің маңызы
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz