Қазақ тілі грамматикалық категорияларының антропоөзектілігі



КІРІСПЕ

Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Бүгінгі таңда тіл білімінде антропоөзектік бағыт үстемдік алып, адам факторына ерекше мән беріліп отыр. Зерттеу парадигмасының антропоөзектік ұстанымы тілдің диалектикалық бірліктегі ең маңызды екі қызметін, атап айтқанда, танымдық (когнитивтік) және коммуникативтік қызметін терең ашуға бағытталады. Антропоөзекті зерттеулерде ұлттық сананың тілдегі көрінісі бейнеленеді.
Тілден тыс болмыс сөйлеушілердің тілінде бейнеленумен қатар, бір тілде сөйлесушілердің ойлау жүйесі де ортақ болады. Ғаламның тілдік бейнесін түзуде грамматикалық категориялардың өзіндік орны бар. Қоғам дамуына байланысты грамматикада да өзгерістер болып тұрады. Алайда ол лексикамен салыстырғанда, өте баяу жүреді.
Зерттеудің өзектілігі. Қазіргі тіл біліміндегі антропоөзектік бағытқа сәйкес тілдің адамның ойлау жүйесі мен іс-әрекетіне ықпалы, сонымен қатар адамның тілге әсері, тілдегі адам факторына ерекше мән берілуде. Осы тұрғыдан қарағанда, грамматикалық категориялардың қалыптасуында адам болмысы, мінезі, көзқарасы, коммуникативті актіге қатысушылардың т.б. антропоөзекті сипатының объективті жағдаятқа қатысы байқалады. Соның нәтижесі ретінде грамматикалық категориялар түрлі формада тілдік бірліктер арқылы тұрпатталады. Оған негіз болатын грамматикалық қатынастар санада мазмұнданып, осымен байланысты морфологиялық категорияларды таным әрекетімен, концептуалдау және категориялау үдерістерімен тығыз байланыста қарастыру қажеттігі туындайды. Соған сәйкес жүргізілетін талдау тілдік құбылыстарды антропоөзектік тұрғыдан айқындайды. Мұнда адам екі түрлі бағытта сипатталады: 1) адамның тілдегі көрінісі; 2) адамның тілді тұтынуы. Бірінші бағытқа сәйкес адамның дүниетанымы байқалады. Мысалы, адамның соматикалық бейнесінің концептуализациясы нәтижесінде адамның физикалық қабілеті, зияткерлік (интеллектуалдық) қабілеті, эмоциясы, әлеуметтік «мен»-і көрінеді, адам сөйлеу-ойлау әрекетіне қатысушы тұлға ретінде көрінеді. Адамның тілдегі көрінісі негізінен лексика мен фразеологияда айқын көрініс тапқан, сондай-ақ грамматикалық категориялардан да оның өзіндік ерекшеліктерін байқауға болады. Ол үшін грамматикалық категорияларды жеке-дара, оқшау қарастырмай, коммуникация мен когниция талаптарын ескере отырып, тілді когнитивті жүйе ретінде тұтас қарастыру қажеттігі байқалады. Зерттеу жұмысының өзектілігін осы тұрғыдан негіздеуге болады.
Екіншіден, зерттеу жұмысында тіл мен адам өзара байланыста қарастырылып, адамның грамматикалық категорияларды танушы және атаушы субъект ретіндегі және концептуалдаушы, коммуникативті діттеміне (интенция сөзінің баламасы, Н.Уәли термині) байланысты коммуникация әрекетіне енгізуші, тілді тұтынушы тұлға ретіндегі қызметіне ерекше назар аударылады. Бұл орайда

Пән: Тілтану, Филология
Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 53 бет
Таңдаулыға:   
ӘОЖ 811.512.122`366.5 + 811.512.122`37 Қолжазба
құқығында

ЖҰБАЕВА ОРЫНАЙ САҒЫНҒАЛИҚЫЗЫ

Қазақ тілі грамматикалық категорияларының антропоөзектілігі

10.02.02 – қазақ тілі

Филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған
диссертацияның

АВТОРЕФЕРАТЫ

Қазақстан Республикасы
Алматы, 2010

Жұмыс Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында орындалған.

Ғылыми кеңесші: филология ғылымдарының докторы, профессор
З.Ахметжанова

Ғылыми оппоненттер: филология ғылымдарының докторы, профессор
Б.Момынова

филология ғылымдарының докторы Қ.Айдарбек

филология ғылымдарының докторы К.Садирова

Жетекші ұйым: Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық
университеті

Диссертация 2010 жылы 21 желтоқсан сағат 14 00-де ҚР БжҒМ Ғылым
комитетінің А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты жанындағы
10.02.06 – түркі тілдері және 10.02.02 – қазақ тілі мамандықтары бойынша
филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін диссертация
қорғайтын Д 53.38.01 диссертациялық кеңестің мәжілісінде қорғалады
(мекенжайы: 050010, Алматы қаласы, Құрманғазы көшесі, 29).

Диссертациямен ҚР Білім және ғылым министірлігінің Орталық ғылыми
кітапханасында танысуға болады.

Автореферат 2010 жылы 21 қарашада таратылды.

Диссертациялық кеңестің
ғалым хатшысы, филология
ғылымдарының докторы, профессор Ж.Манкеева

КІРІСПЕ

Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Бүгінгі таңда тіл білімінде антропоөзектік
бағыт үстемдік алып, адам факторына ерекше мән беріліп отыр. Зерттеу
парадигмасының антропоөзектік ұстанымы тілдің диалектикалық бірліктегі ең
маңызды екі қызметін, атап айтқанда, танымдық (когнитивтік) және
коммуникативтік қызметін терең ашуға бағытталады. Антропоөзекті
зерттеулерде ұлттық сананың тілдегі көрінісі бейнеленеді.
Тілден тыс болмыс сөйлеушілердің тілінде бейнеленумен қатар, бір тілде
сөйлесушілердің ойлау жүйесі де ортақ болады. Ғаламның тілдік бейнесін
түзуде грамматикалық категориялардың өзіндік орны бар. Қоғам дамуына
байланысты грамматикада да өзгерістер болып тұрады. Алайда ол лексикамен
салыстырғанда, өте баяу жүреді.
Зерттеудің өзектілігі. Қазіргі тіл біліміндегі антропоөзектік бағытқа
сәйкес тілдің адамның ойлау жүйесі мен іс-әрекетіне ықпалы, сонымен қатар
адамның тілге әсері, тілдегі адам факторына ерекше мән берілуде. Осы
тұрғыдан қарағанда, грамматикалық категориялардың қалыптасуында адам
болмысы, мінезі, көзқарасы, коммуникативті актіге қатысушылардың т.б.
антропоөзекті сипатының объективті жағдаятқа қатысы байқалады. Соның
нәтижесі ретінде грамматикалық категориялар түрлі формада тілдік бірліктер
арқылы тұрпатталады. Оған негіз болатын грамматикалық қатынастар санада
мазмұнданып, осымен байланысты морфологиялық категорияларды таным
әрекетімен, концептуалдау және категориялау үдерістерімен тығыз байланыста
қарастыру қажеттігі туындайды. Соған сәйкес жүргізілетін талдау тілдік
құбылыстарды антропоөзектік тұрғыдан айқындайды. Мұнда адам екі түрлі
бағытта сипатталады: 1) адамның тілдегі көрінісі; 2) адамның тілді тұтынуы.
Бірінші бағытқа сәйкес адамның дүниетанымы байқалады. Мысалы, адамның
соматикалық бейнесінің концептуализациясы нәтижесінде адамның физикалық
қабілеті, зияткерлік (интеллектуалдық) қабілеті, эмоциясы, әлеуметтік мен-
і көрінеді, адам сөйлеу-ойлау әрекетіне қатысушы тұлға ретінде көрінеді.
Адамның тілдегі көрінісі негізінен лексика мен фразеологияда айқын көрініс
тапқан, сондай-ақ грамматикалық категориялардан да оның өзіндік
ерекшеліктерін байқауға болады. Ол үшін грамматикалық категорияларды жеке-
дара, оқшау қарастырмай, коммуникация мен когниция талаптарын ескере
отырып, тілді когнитивті жүйе ретінде тұтас қарастыру қажеттігі байқалады.
Зерттеу жұмысының өзектілігін осы тұрғыдан негіздеуге болады.
Екіншіден, зерттеу жұмысында тіл мен адам өзара байланыста
қарастырылып, адамның грамматикалық категорияларды танушы және атаушы
субъект ретіндегі және концептуалдаушы, коммуникативті діттеміне (интенция
сөзінің баламасы, Н.Уәли термині) байланысты коммуникация әрекетіне
енгізуші, тілді тұтынушы тұлға ретіндегі қызметіне ерекше назар аударылады.
Бұл орайда тіл қарым-қатынас құралы, әлемді тану құралы, білімнің
шоғырлану құралы, білімді жеткізуші құрал болып табылады. Осымен байланысты
қазақ тіліндегі морфологиялық категорияларды тілде концептуалды мазмұнды
репрезентациялайтын құрал ретінде алғаш рет кешенді түрде қарастыру зерттеу
жұмысының өзектілігін көрсетеді. Грамматикалық жүйедегі тілдік
репрезентацияның антропоөзектік тұрғыдан сипатталуы қазақ тілін үйренушілер
үшін де ерекше маңызды болып табылады. Сайып келгенде, белгілі бір ұлттық
ұжымда қалыптасқан тіл тұтынушының тілдік санасындағы грамматикалық
құрылымнан әр тілдің өзіндік ерекшелігі, ұлттық дүниетанымы көрінеді.
Көтерген мәселенің өзектілігі осыдан көрінеді.
Қазақ тіл білімінің қалыптасып, дамуына елеулі үлес қосқан ғалымдарды
элитарлық тұлға ретінде сипаттай отырып, тіл білімінің қалыптасқан
кезеңінен бүгінгі таңдағы еңбектерге дейін хронологиялық тұрғыдан сипаттау,
бір жағынан, жекелеген категориялардың танылу үрдісінен хабар беріп, ұлттық
тіл білімінің қалыптасу, даму ерекшелігін көрсетсе, екінші жағынан, әр
кезеңде тіл білімі саласында еңбек еткен ғалымдардың бүгінгі таңдағы ғылым
жетістіктерімен, жаңа бағыттармен сабақтастығын сипаттай келіп, тіл
деректері мен қазақ тіл білімінің дамуындағы түрлі бағыттарды анықтау
қалыптасқан тұжырымдарға жаңа қырынан қарастыруға жол ашады.
Зерттеудің мақсаты – қазақ тіліндегі грамматикалық категориялардың
мазмұндық және коммуникативтік негізіндегі антропоөзектік сипаты мен
антропоөзектіліктің көріну деңгейін анықтау: адамның тілдегі көрінісі мен
тұтынушы ретіндегі тілді қолдану ерекшеліктерін көрсету.
Аталған мақсатқа жету үшін төмендегідей міндеттер көзделді:
- грамматикалық категориялар концептуалдау және категориялау
үдерістерінің нәтижесі екенін көрсету;
- предикативті негізді грамматикалық категориялардың (жақ, рай, шақ)
антропоөзектілік сипатын ашып, көріну деңгейі мен қолданылу ерекшеліктерін
айқындау;
- қатынас негізіндегі грамматикалық категориялардың (етіс, септік)
антропоөзектілік сипатын ашып, көріну деңгейі мен қолданылу ерекшеліктерін
айқындау;
- сан-мөлшер мәнді грамматикалық категориялардың (жекелік-көптік,
шырай) антропоөзектілік сипатын ашып, көріну деңгейі мен қолданылу
ерекшеліктерін айқындау;
- морфологиялық категориялардың үш тобын (предикативті негізді,
қатынас, сан-мөлшер) талдай отырып, олардағы антропоөзектіліктің берілу
ерекшеліктерін, ұқсастықтары мен айырмашылықтарын көрсету;
- морфологиялық категорияларға негіз болған әмбебап (ядролық)
концептілерді анықтау;
- морфологиялық репрезентация арқылы грамматикалық категориялардағы
ұлттық тілдің өзіндік ерекшеліктерін айқындау;
- грамматикалық категориялардың көркем әдебиеттегі, киноаударма,
ғылыми әдебиет пен публицистикадағы қолданылу сипатын талдай отырып,
грамматикалық категория көрсеткіштерінің функционалды және семантикалық
вариативтілігін ашу;
- түрлі әлеуметтік-демографиялық топтан құралған информанттар
арасында эксперименттер жүргізу арқылы жекелеген грамматикалық
категорияларды (етіс) сөйлеушілердің қабылдау ерекшелігін, етіс
семантикасының тілдік санадағы көрінісін, түсінік деңгейін
анықтау;
- элитарлық тілдік тұлға ұғымын нақтылау және тіл білімінің дамуына
елеулі үлес қосқан ғалымдарды элитарлық тілдік тұлға ретінде тани отырып,
олардың теориялық тұжырымдарын талдау арқылы қазақ тіліндегі грамматикалық
категориялардың қабылдану ерекшеліктерін айқындау;
- қазақ тіл біліміндегі элитарлық тілдік тұлғалар мен қазақ тілінің
бүгінгі тұтынушыларының ұстанымдарын салыстыра отырып, қазақ тіліндегі
грамматикалық категориялар туралы тұжырымдардағы өзгерістерді анықтау.
Зерттеу нысаны – қазақ тіліндегі антропоөзектік факторларды анықтауға
мүмкіндік беретін, онтологиялық категориялардың ұжымдық санадағы бейнесін
көрсететін морфологиялық категориялар.
Зерттеу пәні – қазақ тіліндегі тілдік білімді сипаттайтын
морфологиялық категориялардың грамматикалық мазмұны мен қолданысы.
Зерттеудің дереккөздері ретінде ақын-жыраулар шығармаларынан (Қазтуған
жырау, Шалкиіз жырау, Марқасқа жырау, Бұқар жырау, Ақтанберді жырау,
Үмбетей жырау, Шал ақын, Жанақ ақын, Дулат Бабатайұлы, Абай Құнанбайұлы,
Махамбет Өтемісұлы, Шернияз Жарылғасұлы, Шөже Қаржаубайұлы, Шортанбай
Қанайұлы, Майлықожа Сұлтанқожаұлы, Мұрат Мөңкеұлы, Кердері Әбубәкір);
тарихи жырлар мен батырлар жыры (Алпамыс батыр, Қобыланды батыр, Ер
Тарғын, Ер Қосай, Қыз Жібек т.с.с.); көркем әдебиет мәтіндері
(Ж.Аймауытұлы, М.Әуезов, Қ.Кемеңгерұлы, С.Мұқанов, О.Бөкей, Т.Ахтанов,
Ә.Нұрпейісов, Ә.Кекілбаев т.с.с.), бұқаралық ақпарат құралдарынан (Қазақ
әдебиеті, Ана тілі, Егемен Қазақстан, Түркістан т.б.) жинақталған
мәтіндер, киноаударма мәтіндері, сөздік мәтіндері (қазақ тілінің он томдық
түсіндірме сөздігі, І.Кеңесбаев Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі,
Т.Жанұзақ Қазақ тілінің сөздігі, Қазақ тілінің аймақтық сөздігі,
Синонимдер сөздігі, Қазақ әдеби тілінің сөздігі), түрлі салалық
сөздіктер, ғылыми әдебиеттен жинақталған мәтіндер (Қазақстан ұлттық
энциклопедиясы, Қазақтың тәлімдік ойлар антологиясы, қазақ тілі
грамматикалық ілімінің дамуына өзіндік үлес қосқан зерттеуші-ғалымдардың
еңбектерінің мәтіндері, Қазақ грамматикасы, етіс тұлғаларының мағынасы
мен қызметін анықтауға арналған эксперимент материалдары.
Талдауға түскен тілдік материалдың жалпы саны – 7 000-нан астам,
көркем әдебиет бойынша жинақталған материал (5000-ға жуық), 1000-нан астам
кинодискурс мәтіндері, бұқаралық ақпарат құралдары бойынша жинақталған
мәтіндер (1000-нан астам), эксперимент материалдары (2 940).
Зерттеудің әдістанымдық негізі. Зерттеудің әдістанымдық негізі
ретінде қазақ тіл білімінің негізін қалаушы А.Байтұрсынұлы, Қ.Кемеңгерұлы,
Т.Шонанов, Қ.Жұбанов еңбектерімен қатар грамматикалық категориялардың
сипаты туралы І.Кеңесбаев, М.Балақаев, Н.Сауранбаев, Ы.Маманов, А.Ысқақов,
С.Исаев еңбектері;
- таным теориясы, тіл мен мәдениет, тіл мен сананың қатынасы туралы
В. фон Гумбольдт, А.Я.Гуревич, С.Д.Кацнельсон, Г.В.Колшанский,
В.Г.Костомаров, Е.С. Кубрякова, Н. Б. Мечковская, А.А.Потебня,
Э.Сепир, Б.А.Серебренников, Р.М.Фрумкина, В.Г.Адмони, Н. Ф.
Алефиренко, Р.Сыздық, Н.Уәли, Ж.Манкеева еңбектері;
- психолингвистикалық бағыттағы Л.С.Выготский, А.А.Леонтьев,
А.А.Залевская, Р.М.Фрумкина, Ю.А.Сорокин т.б. еңбектері;
- лингвистикалық және когнитивті семантика туралы Н.Ф.Алефиренко,
Ю.Д.Апресян, Н.Д.Арутюнова, Н.Н.Болдырев, Н.А.Беседина,
В.В.Виноградов, И.М.Кобозева, Е. С. Кубрякова, О.Н.Прохорова,
И.А.Стернин, Ж.Манкеева, А.Ислам еңбектері;
- лингвомәдениеттаным, этнолингвистика бағытындағы зерттеулерге
қатысты В.А.Маслова, В.В.Красных, Е.М.Верещагин, В.Г.Костомаров,
Ә.Т.Қайдар, Е.Жанпейісов, М.М.Копыленко, З.К.Ахметжанова,
Ж.Манкеева және т.б. ғалымдардың еңбектері;
- функционалды грамматика және функционалды-семантикалық өріс,
коммуникативті синтаксис теориясына қатысты А.В.Бондарко,
М.А.Шелякин, З.К.Ахметжанова, Қ.Рысалды, Ф.Оразбаева, З.Ерназарова,
М.Жолшаева, А.Жаңабекова, С.Құлманов және т.б. зерттеуші-
ғалымдардың еңбектері;
- когнитивті лингвистикаға қатысты Ю.Н.Караулов, Н.Ф.Алефиренко,
Э.Д.Сулейменова, Қ.Жаманбаева, Н.Ж.Шаймерденова, Э.Оразалиева т.б.
ғалымдардың еңбектері негізге алынды.
Зерттеу әдістері. Зерттеу жұмысында когнитивті-репрезентативті әдіс,
салыстыру, талдау, саралау және жалпылау әдістері, коммуникативті әдіс,
когнитивті талдау, сипаттама, құрылымдық-семантикалық талдаумен қатар
когнитивті-прагматикалық интерпретация, трансформация, эксперимент, жүйелеу
әдістері қолданылды.
Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы:
- қазақ тіл білімінде алғаш рет грамматикалық категориялардың
концептуалдау және категориялау үдерістерінің нәтижесінде
түзілетіні, яғни әр грамматикалық категорияның негізінде когнитивті
концепт жататыны анықталды, грамматикалық категорияларға негіз
болған ұғымдар математикадағы, философиядағы және психологиядағы
т.с.с. түсініктермен, таным үдерісімен салыстырылып, оның тілдік
категориядағы орны айқындалды;
- алғаш рет предикативті сипаттағы грамматикалық категориялардың (жақ,
рай, шақ) антропоөзектілік көрінісі айқындалып, жақ категориясына
–персоналдылық, рай категориясына – модальділік, шақ категориясына – уақыт
концептілері негіз болатыны анықталды;
- қазақ тілінде алғаш рет қатынас мәнінің антропоөзектілігі етіс,
септік категориялары арқылы берілетіні көрсетілді;
- алғаш рет жекелік-көптік, шырай категорияларының сан-мөлшер мәнінің
антропоөзектілік сипатын берудегі қызметі айқындалды;
- қазақ тіліндегі әмбебап сипаттағы негізгі концептілер анықталып,
олардың ұғымдық, бейнелі-ассоциативтік, құндылық мәндері болатыны
көрсетіліп, бейнелі-ассоциативтік, құндылық мәндері сипатталды;
- қазақ тіл білімінде алғаш рет предикативті негізді, қатынас, сан-
мөлшер мәнді морфологиялық категориялардың концептуалды мазмұндары өзара
салыстырылып, ұлттық діл ерекшеліктеріне байланысты антропоөзектіліктің
көріну сипаты анықталды;
- көркем әдебиет, киноаударма, ғылыми әдебиет пен публицистикалық
мәтіндердегі грамматикалық категориялардың қолданысы талданып, қазақ
тіліндегі грамматикалық категориялардың синтагмалық және парадигмалық
мәндері көрсетілді;
- етіс категориясының тілдік санадағы көрінісі мен етіс категориясы
туралы түсініктерді пайымдау мақсатымен түрлі эксперименттер
жүргізілді;
- элитарлық тілдік тұлға ұғымы нақтыланып, тіл білімінің дамуында
өзіндік орны бар ғалымдар элитарлық тілдік тұлға ретінде
сипатталып, ғалымдардың тұжырымдары талданып, етіс категориясына
(әсіресе өзгелік етіс), жақ категориясына қатысты (әсіресе анайы,
сыпайы түрге жіктеуде) қазақ тіл білімінде әлі де басы ашыла
қоймаған талас мәселелер (кез келген етістіктен өзгелік етіс жасала
бермейтіні, өзгелік етіс тұлғалары сабақты етіске жалғанғанда ғана
өзгелік етіс жасалатыны, салт етістікке жалғанса, ол сабақты етіс
тудыратыны; бірінші жақ жіктеу есімдіктерінің көпше түрі болмайтыны
(мен – мендер); көптік жалғауды жұрнақтар қатарында тану т.с.с.)
анықталды;
- ұлттық тіл білімі қалыптаса бастаған кезеңде еңбек еткен
А.Байтұрсынұлы, Қ.Кемеңгерұлы, Т.Шонанов, Қ.Жұбанов т.с.с. ғалымдардың
ұстанымдары мен бүгінгі таңдағы ғылым жетістіктері, грамматикалық
категорияларды танудағы түрлі көзқарастар сарапталып, грамматикалық
категорияларды танудағы сабақтастық көрсетілді, болашақ зерттеулердің
болжамы көрсетілді.
Зерттеу жұмысының теориялық құндылығы. Диссертациялық жұмыс қазақ
тілі антропоөзекті грамматикасының негізін қалыптастырады. Жұмыста қазақ
тіліндегі негізгі грамматикалық категориялардың антропоөзектілігі жан-жақты
сипатталып, түрлі формада берілетіні анықталды. Зерттеу жұмысы қазақ тіл
біліміндегі тілдік тұлға, когнитивті лингвистика, коммуникативті
лингвистиканың дамуына үлес қосады, тілтанымдағы функционалдық бағыттағы
зерттеулерге, толық шешімін таппаған грамматикалық категориялардың тілдік
сипаты мен категориалдық мәртебесін анықтауға, грамматикалық
категориялардың ұлттық ерекшеліктерін айқындауға жол ашады. Диссертациялық
жұмыс жүйелі-құрылымдық, функционалды бағыттағы зерттеулерге иек арта
отырып, морфологиялық категориялардың мазмұнын, морфологияның тіл жүйесі
мен сөйлеу-ойлау әрекетіндегі орнын айқындауға, морфологиялық
категориялардың тілішілік сипатын, концептуалды мазмұнның тілдегі
репрезентациясын анықтауға мүмкіндік береді. Сол арқылы морфологиялық
категориялар негізгі танымдық үдерістер тұрғысынан, концептуалды деңгейде
сипатталады. Бұл қалыптасқан тұжырымдарға жаңа қырынан үңіліп, әр
категорияның өзіндік ерекшелігін басқа категориялармен, таным әрекетімен
байланыста сипаттауға жол ашады.
Ұлттық тілдің табиғатын толық ашып көрсету, тілдік санадағы кодтарды
ашу, интерпретациялау мақсатында тілді функционалды тұрғыдан сипаттай
отырып, тілдік бірліктердің тұлғасы мен мазмұндық жағын саралауға
бағытталған жұмыс корпустық лингвистика бағытындағы зерттеулер үшін де
ерекше маңызды болмақ. Зерттеу жұмысы код түрінде тілдік бірліктерде
жинақталған білім мазмұнын танып-түсінуге жол ашады. Зерттеу ғылым туралы
ғылым саласына, қазақ тіл білімінің қалыптасып, дамуы туралы да мол ақпарат
береді.
Зерттеу жұмысының практикалық маңызы. Зерттеу нәтижелері жоғары оқу
орындарында Қазақ тілінің антропоөзекті грамматикасы атты арнайы курсқа
негіз бола алады. Зерттеу жұмысының нәтижелерін лексикалық семантика,
синтаксис, мәтін лингвистикасы бойынша жазылған еңбектерде,
прагмалингвистика, коммуникативті лингвистика мәселелерінің түрлі
салаларының өзара байланысын сипаттайтын еңбектерде пайдалануға болады.
Сондай-ақ қазақ тілінде когнитивті бағыттағы зерттеулерді, тілтанымдағы
функционалдық бағыттағы зерттеулерді теориялық жағынан толықтыруға және
грамматика теориясын дамытуға өзіндік деңгейде үлесін қосады. Сонымен
қатар жоғары оқу орындарында қазақ тілі грамматикасы, қазақ тілінің
функционалды грамматикасы, морфология, лингвистикалық семантика және қазақ
тілі грамматикасының өзекті мәселелері бойынша жүргізілетін курстарда
пайдалануға болады.
Қорғауға ұсынылатын тұжырымдар:
- Грамматикалық категориялар концептуалдау және категориялау
үдерістерінің нәтижесінде түзіледі. Морфологиялық категориялар мен
тұлғалар концептуалды деңгейде негізгі танымдық үдерістер қатарында
сипатталады. Морфологияның категориялау үдерістерімен байланысы
морфологияның ғалам туралы білімді қалай объективтендіріп,
топтастыратынын да көрсете алады. Морфологияда тілдік жүйе үшін
маңызды болатын, ғаламның концептуалды бейнесін репрезентациялайтын
концептілер көрініс табады. Сөйлеушінің ментальді ерекшеліктері
уақыт, модальділік, персоналдылық, қатынас, сан-мөлшер т.б. негізгі
(ядролық) концептілерде көрінеді.
- Предикативті қатынас жақ, рай, шақ категориялары негізінде құралады.
Персоналдылық жақ категориясына, модальділік рай категориясына, уақыт шақ
категориясына негіз болған. Жақ категориясы сөйлеуге қатысушылардың бір-
біріне қатысын, көбінесе сөйлеушінің қатысын білдіреді. Антропоөзектілік
тұрғыдан алғанда, жақ категориясында сөйлесушілердің бір-біріне қатысы,
өзара ілтипаты, сыйластығы, қарым-қатынас ерекшеліктері байқалады. Қазақ
тіліндегі жақ категориясының анайысыпайы түрге жіктелуі ментальдылықтың
көрсеткіші бола алады. Модальділік концептінің мазмұнында шынайылық,
жалғандық сияқты сипаттар түзіледі. Ол шынайы болмыспен сәйкес келу
(объективті модальділік), шынайы болмыспен сәйкес келмеу (субъективті
модальділік) түрінде көрініс тауып, рай категориясына негіз болады. Уақыт
тікелей концептуалданбайды, оған жанама түрде оқиғалар, кеңістік пен
қозғалыс атаулары уәж болады. Оның мазмұны энциклопедиялық білімдерді:
уақыттың философиялық және физикалық сипаттарымен қатар тілдік білімді,
яғни шақ категориясының мәні мен қолданысы туралы білімді қамтиды. Уақыт
концепті осы шақ, келер шақ, өткен шақ мәндеріне жіктеледі. Уақыт мәнін
репрезентациялауда сөйлеуші сөйлеу сәтін меже ретінде ұстанады. Сөйлеу сәті
сөйлесушілердің коммуникацияға түскен уақыты болып табылады. Шақ, рай
категорияларында сөйлеушілердің дүниені, ақиқат болмысты қабылдау
ерекшеліктері көрініс тапса, жақ категориясында олардың тілді тұтыну
ерекшеліктері көрінеді.
- Қазақ тілінде қатынас мәнінің концептуалды мәні етіс және септік
грамматикалық категориялары арқылы репрезентацияланады. Етіс, септік
категориялары субъектілі-предикаттық, объектілік, меншіктілік қатынас,
мекендік-мезгілдік, көлемдік т.с.с. қатынастарды білдіріп, сөйлеушілердің
ақиқат болмысқа деген көзқарасын көрсетеді.
- Сан-мөлшер мәні жекелік-көптік, шырай категорияларының көмегімен
беріледі. Сан-мөлшер категориясы арқылы ақиқат болмыстың тілдік тұлға
санасындағы көрінісі байқалады. Сонымен қатар сан-мөлшер категориясы тіл
тұтынушыларының тілді қолдану ерекшеліктерінен де хабар береді.
- Әмбебап сипаттағы негізгі (ядролық) концептілер – мазмұн және тұрпат
межесі бар грамматикалық жүйе бірлігі болып табылады. Мазмұн межесі
ойлаудың түрлі формаларына, концептуалдауға, сондай-ақ сөйленістегі
сөздердің түрлі коммуникативті қызметіне байланысты болады, ал тұрпат
межесі грамматикалық категориялар, көрсеткіштер арқылы көрініс табады.
Морфологиялық категориялар мен көрсеткіштер концептуалды мазмұнның
құрылымдалу тәсілі болып табылады. Морфологиялық репрезентация концепт
қалыптастыратын тұрақты элементтерді, маңызды бөлшектерді айқындауға
мүмкіндік береді. Әмбебап сипаттағы негізгі (ядролық) концептілер
концептуалды мазмұн мен репрезентацияланатын тұлғалардың бірлігінен
құралады.
- Грамматикалық категорияларда ұлттық тілдің өзіндік ерекшеліктері
көрініс табады. Морфологиялық категорияларда ұлттық болмыс, ұлттық
дүниетаным, адамдар арасындағы қатынас айқын көрінеді. Морфологиялық
бірліктердің когнитивті қызметі ойлау үдерісімен, ұлттық ділмен, ақпаратты
өңдеу, сақтау, жіктеу ерекшеліктерімен байланысты болады.
- Грамматикалық категориялардың қызметі әр форманың өзіне ғана тән
семантикалық белгілері арқылы айқындалады. Мысалы, жақ категориясының
І жақ жекеше түрінің инвариант мәні сөйлеу актіне нақты сөйлеу авторы
ретінде қатысатын жеке адам, белгі иесі – субъект (агенс не пациенс)
сияқты семантикалық белгілерден тұрады, синтагмалық деңгейде ауыспалы мәнге
ғана ие болып, жалпыланған жақпен сәйкес келуі, адресатпен сәйкес келуі,
персонификация сияқты вариант мәндерге ие болады.
- Қазақ тілді сөйлеушілердің тілдік санасында өздік, ырықсыз, ортақ
етіс мазмұн межесі мен тұрпат межесі тұрғысынан толық қалыптасқан, ал
өзгелік етіс тұлғалары тілдік санада әлі орныға қоймаған. Ол өзгелік етіс
қосымшаларының сабақты етіс қосымшаларымен ұқсастығына байланысты.
- Элитарлық тілдік тұлға – ұлттық тілдің жанрлық-стилистикалық
ерекшеліктерін толық меңгерген, оларды орынды қолданатын, лексикалық,
фразеологиялық, паремиологиялық бірліктердің семантикасын жан-жақты
түсініп, орнымен қолдана алатын, коммуникативті стратегиялар мен
тактикаларды, вербалды және бейвербалды қатынас талаптарын толыққанды
меңгерген, ұлттық тіл мен мәдениет концептосферасын құрайтын концептілердің
ұғымдық, бейнелі-ассоциативтік, құндылық сипатын білетін тілдік тұлға.
Элитарлық тілдік тұлғаға ақын-жазушы, филолог, журналистермен қатар тіл
білімінің дамуына үлес қосқан ғалымдарды да жатқызуға болады. Элитарлық
тілдік тұлғалардың ғылыми тұжырымдарын талдау арқылы қазақ тіліндегі
грамматикалық категориялардың қолданыс сипаты анықталады.
- Ұлттық тіл білімінің қалыптаса бастаған кезеңіндегі ғалымдардың
(А.Байтұрсынұлы, Қ.Кемеңгерұлы, Қ.Жұбанов, Қ.Басымұлы, Т.Шонанов т.с.с.)
еңбектерінде грамматикалық категориялардың антропоөзектілігі, функционалды
грамматика, коммуникативті лингвистика бағытындағы зерттеулердің негізі
қаланған. Алайда ғалымдардың репрессиялануына байланысты ой-тұжырымдары
кейінгі еңбектерде сабақтастық таппай қалған.
- Қазақ тіліндегі грамматикалық категорияларда әлі де басы ашылмаған
мәселелер баршылық. Ол жақ категориясын анайы және сыпайы түрге жіктелуіне,
көптік жалғаудың статусы, болжалдық сан есімдерге, етіс категориясының
танылуына т.с.с. қатысты.
Зерттеу жұмысының талқылануы мен жарияланымы. Зерттеудің негізгі
тұжырымдары мен қорытындылары А.Байтұрсынұлы және қазақ филологиясы
мәселелері атты халықаралық ғылыми-теориялық конференцияда (Алматы, 2003),
С.Аманжолов және қазақ тіл білімінің өзекті мәселелері атты халықаралық
ғылыми-теориялық конференцияда (Алматы, 2003), Академик Ә.Қайдар және тіл
білімінің мәселелері атты халықаралық конференцияда (Алматы, 2004),
Мәдени мұралардың танымдық негіздері атты республикалық ғылыми-теориялық
конференцияда (Ақтау, 2004), Кемеңгеров тағылымы атты халықаралық ғылыми-
практикалық конференцияда (Павлодар, 2006), Мемлекеттік тіл саясаты:
терминология, аударматану, ресми құжат тілі атты халықаралық ғылыми-
теориялық конференцияда (Алматы, 2007), Қазақ тілінің лексикологиясы,
лексикография, фольклортану мен көркем аударма мәселелері: қалыптасуы,
дамуы мен болашағы атты халықаралық ғылыми-теориялық конференцияда
(Алматы, 2007), Қазақ тіл біліміндегі функционалдық бағыт атты
республикалық ғылыми-теориялық конференцияда (Алматы, 2007), Профессор
С.М.Исаев: қазақ тіл білімі мен әдебиеттанудың теориялық және әдістемелік
мәселелері атты халықаралық ғылыми-теориялық конференцияда (Алматы, 2008),
Жаратылыстану-гуманитарлық ғылымдары және олардың Қазақстан
Республикасының индустриалды-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге
асырудағы рөлі атты ІV халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда
(Алматы, 2009), 5-халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда (Przemisl,
2009), Ақпараттық-инновациялық парадигмасының қалыптасуы жағдайында
Қазақстанның қоғамдық ғылымдары атты халықаралық ғылыми-теориялық
конференцияда (Алматы, 2009), Қазақ тіл білімінің өзекті мәселелері атты
халықаралық ғылыми-теориялық конференцияда (Алматы, 2009), Этнос және тіл
атты халықаралық конференцияда (Алматы, 2009), Білім беру және ғылым: даму
көкжиегі халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда (Алматы, 2010),
Қазақ тілін коммуникативтік функционалды бағытта зерттеу және оқытудың
инновациялық технологиялары атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік
конференцияда (Алматы, 2010), Әбіш Кекілбаев шығармашылығы – әлеуметтік-
гуманитарлық ғылымдар контексінде атты халықаралық ғылыми-теориялық
конференцияда (Ақтау, 2010), Тіл және мәдениет: тілдің антропоөзектік
парадигмасы атты республикалық ғылыми-теориялық конференцияда (Алматы,
2010), ХХІ ғасыр білім беру жүйесі: бәсекеге қабілетті маман даярлау
мәселелері атты халықаралық ғылыми-теориялық конференцияда (Шымкент,
2010), Түркі тілдерінің грамматикасы: қазіргі ахуалы мен болашағы атты
халықаралық ғылыми-теориялық конференцияда (Алматы, 2010), Қазіргі білім
берудегі ізгілендіру үдерістері және жаңаша оқытудың өзекті мәселелері
атты халықаралық ғылыми-теориялық конференцияда (Шымкент, 2010), Қазақ
тілі Еуразия континентіндегі елдердің тілдік саясаты контексінде атты
халықаралық симпозиумда (Көкшетау, 2010), Научное творчество ХХІ века
атты Бүкілресейлік ғылыми конференцияда (Красноярск, 2010), В мире научных
открытий атты Бүкілресейлік ғылыми конференцияда (Коряжма, 2010), Қазіргі
қазақ грамматикасы мен терминологиясын зерттеудің негізгі бағыттары атты
халықаралық ғылыми-теориялық конференцияда (Алматы, 2010) баяндалды.
Зерттеудің негізгі тұжырымдары мен қорытындылары Қазақстан
Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының Хабарларында, Тілтаным, Жалын,
Қазақ тілі мен әдебиеті журналдарында, Қайнар университетінің
хабаршысында, Абылай хан атындағы Халықаралық қатынастар және Әлем тілдер
университетінің хабаршысында, Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік
университетінің хабаршысында, Туған тіл еларалық қоғамдық-саяси, әдеби-
ғылыми альманахында, сондай-ақ Қытай Халық Республикасының Іле ағартуы,
Қырғызстан Республикасында Известия вузов, Социальные и гуманитарные
науки, Өзбекстан Республикасында Теоретические и практические аспекты
обучения языкам и литературы, Башқұртстан Республикасындағы
Филологические науки: Современность и перспективы сияқты шетелдегі ғылыми
басылымдарда ғылыми-көпшілік және ғылыми мақалалар түрінде Қазақстан
энциклопедиясы, Қазақ грамматикасының өзекті мәселелері, Тілтанымдық
зерттеулер сияқты ғылыми жинақтарда жарық көрді. Жұмыстың жалпы мазмұны
ғылыми-теориялық, ғылыми-практикалық конференцияларда баяндалып, ғылыми
басылымдар мен жинақтарда 50-ден астам мақала жарияланды.
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында Лингвистикалық
жұма айдарымен өтетін ғылыми-теориялық семинарда баяндама жасалды
(2010 жыл, 16 сәуір, №7 хаттама) және жұмыстың қолжазбасы осы институттың
Грамматика және Лексикология бөлімдерінің кеңейтілген мәжілісінде (2010
жыл, 16 қыркүйек, №16 хаттама) талқыланып, қорғауға ұсынылды.
Зерттеу жұмысының құрылымы. Жұмыс кіріспе, 4 тарау және қорытындыдан
тұрады. Жұмыс соңында пайдаланылған ғылыми әдебиеттер мен көркем
әдебиеттер тізімі берілген.

Негізгі бөлім

Грамматикалық жүйе құрылымының антропоөзектік негізі атты бірінші
тарау үш тараушадан тұрады. Онда зерттеудің теориялық негіздері, тілді
когнитивті тұрғыдан зерттеу ерекшеліктері, басты ұстанымдар, тіл мен
танымның арақатынасы, концептуалдау, категориялау үдерістерінің сипаты,
морфологиялық репрезентацияның когнитивті және тілдік механизмдері
қарастырылды.
1.1 Зерттеудің теориялық алғышарттары. Бүгінгі таңда адам факторы мен
тілдік бірлік қызметі лингвистика ғылымында бірінші кезекке шығып, өзекті
болуына байланысты тілді когнитивтік тұрғыдан зерттеуге ерекше көңіл
бөлініп келеді. Ғылыми зерттеулер сипаттама лингвистикадан функционалды
бағыттағы зерттеулерге ойысып, тілді динамикалы, үнемі өзгеріп, дамып
отыратын құбылыс ретінде қарастыра бастады. Соңғы жылдары тілдегі адам
мәселесі ерекше маңызға ие болып келеді. Адамды тілінен тыс сипаттау мүмкін
емес, тілдің мәні мен өзіндік ерекшеліктерін адам және оның әлемге қатынасы
арқылы толық сипаттауға болады. Тіл адамға таным құралы, қарым-қатынас
құралы ретінде қызмет етеді. Антропоөзектік бағыттағы зерттеулерде адам
сөйлермен, өзіндік әлемі, өзіндік дүниетанымы бар саналы жан ретінде
сипатталады. Әсіресе адамның ойлау және сөйлеу қабілеттерінің терең
үдерістерін зерттеуде когнитивтік лингвистиканың орны ерекше. Тіл ақиқат
болмысты тану барысында жинақталған әлем туралы білімді жеткізудің негізгі
құралы болып табылады. Когнитивтік бағыт тілдің ақиқат болмыс туралы
білімді сақтап, жеткізуші ретіндегі қызметін ескере отырып, тілдік
категориялар мен олардың құрылымдарын жаңаша сипаттауға мүмкіндік береді.
Тіл таным нәтижесінде түзілген әлем туралы біліммен, оның адам
санасындағы көрінісімен тығыз байланысты. Сана тіл арқылы көрініс табумен
қатар, тіл арқылы қалыптасады. Сол себепті А.Байтұрсынұлы былай деп жазады:
Сөз өнері адам санасының үш негізіне тіреледі: 1) ақылға, 2) қиялға, 3)
көңілге. Ақыл ісі – аңдау, яғни нәрселердің жайын ұғыну, тану, ақылға салып
ойлау, қиял ісі – меңзеу, яғни ойдағы нәрселерді белгілі нәрселердің
тұрпатына, бейнесіне ұқсату, бейнелеу, суреттеп ойлау; көңіл ісі – түю,
талғау. Тілдің міндеті – ақылдың аңдауын аңдағанынша, қиялдың меңзеуін
меңзегенінше, көңілдің түюін түйгенінше айтуға жарау. Мұның бәріне жұмсай
білетін адамы табылса, тіл шама-қадарынша жарайды. Бірақ тілді жұмсай
білетін адам табылуы қиын. Ойын ойлаған қалпында, қиялын меңзеген түрінде
көңілдің түйгенін түйген күйінде тілмен айтып, басқаларға айтпай білдіруге
көп шеберлік керек [1, 343 б.].
Тарихи даму барысында танымның екі түрі – сезімдік және логикалық
таным қалыптасқан. Сезімдік таным адамның сезім мүшелері арқылы қабылдау,
түйсіну қызметімен байланысты болса, логикалық таным ойлау нәтижесінде
қандай да бір құбылыстардың мәнін, өзіндік ерекшеліктерін, заңдылықтарын
айқындауға бағыттаған. Адам бейнесі тіл семантикасында көрініс табады. Бұл
орайда адамның өзі емес, адамның тілдегі бейнесі ерекше маңызды болады.
Тілді зерттеу арқылы адамзат өзін өзі танып, түйсінеді. Тіл арқылы адам өзі
де ескере бермейтін құпиялар ашылады. Адам алған әсерін өзі арқылы
сипаттайды. Бұл орайда Қ.Жұбанов тұжырымдары назар аударарлық: Адам
баласының табиғатында әуелі басқаны біліп алып, өзін кейіннен білу қасиеті
бар. Мысалы: адам фотографияны танып білгеннен кейін ғана өзінің басқа
заттарға ат қоятыны өзін сол басқаларға ұқсата атайтыны – өз басын кіші
дүние деп біліп, оны ана үлкен дүниеге ұқсатуынан болған. Осы таным тілге
де әсер еткен. Мысалы, орысша небо – аспан, небо – таңдай; қазақ тіліндегі
таң=адам әлемінің аты, яғни жоғары жаққа тән қасиеттің иесі; таңдай=адам
денесінің жоғары жағы... Адамның жекелеген бөлшектердің белгілерін түйсіну
арқылы атрибутивті портрет қалыптастыра отырып, ғаламды таниды...
Таңырқады – таңқалды; таңыр=таң+ыр=тәңір; Таң=аспан бөлегі; ір – аспан.
Бұрын адам өзін кішкене дүние деп есептеген. Бет-ауызды аспанға ұқсатқан
бет – таң атып келе жатыр. Таң қалу деген тіркесі кейде қысқартып
таңырқау дейміз. Ұятсыз деуді бетсіз деуіміз де осы конкреттік бар. Бұл
қолданыстың да ым тілінен шыққандығы байқалады (бетін сызу – ым тілінен
қалған қалдық; заттық көрсеткіші (материальное выражение) [2, Б. 94-120].
Ғалым тілдік құбылыстарды адамның (сөйлерменнің) категориялау және
концептуалдау үрдістерімен байланыста сипаттағанын көреміз, яғни затқа
берілген атауларды адамға қатысты түсіндіре отырып, адамды негізгі меже
ретінде алған.
Ғаламның тілдік бейнесі негізінен субъективті сипатта, себебі онда
нақты бір адамның көзқарасы, дүниетанымы көрінеді. Ол атадан балаға
берілетін категориялар жүйесі арқылы белгілі бір код құрап, дайын күйінде
қабылданылып отырады. Адам өзіне дейінгі жинақталған білім қорын қабылдау
арқылы этномәдени қауымдастықтың өмір тәжірибелерін де қабылдайды.
Жастардың үлкендердің сөзін түсіне алмауы немесе ақын-жазушылардың
шығармаларын түсіне алмауы этномәдени кодты игере алмау салдарынан
туындайды. Осыған байланысты З.Қ.Ахметжанова: Қазақ тілінің концептуалды
жүйесін білмегендіктен, жастар қазақ халқының салт-дәстүрін ескіліктің
сарқыншағы ретінде қабылдап, теріс бағалайды. Жалпыадамзаттық, әлемдік
мәдениеттің бөлшегі болып табылатын ұлттық мәдениеттің терең, философиялық
мәнін жас буын өкілдері түсіне алмай жүр, – деп жазады [3, 175б.].
Адамның танымдық әрекеті – ақиқат болмысты тануға, қоршаған ортаны
түйсініп, жинақталған білімдер негізінде әлемдегі орнын түсінуіне
бағытталады. Адам қашанда әлемді танып, ондағы өз орнын айқындауға
талаптанады. Тіл – сөйлермендердің дүниетаным ерекшеліктерін бейнелейтін
құрал, ерекше ұлттық ділдің көрсеткіші, мәдениеттің негізі. Адамның
когнитивті қызметінің нәтижесінде тіл қоршаған орта туралы әсерді ғана
жинақтап қоймай, сонымен қатар халықтың зерттеушілік ойларын да жеткізіп,
халықтың ұжымдық, этномәдени санасында қалыптасқан ғалам бейнесін сақтайды.
Осыған байланысты С.Исаев: Тіл – қоғамдағы адамдар арасындағы аса маңызды
қатынас құралы. Осы себептен де, ол бір жағынан, ойлаумен, екінші жағынан,
сол арқылы санамен тікелей байланысты және қоғамдық өмірде белгілі бір
қызметтер (коммуникативтік, эстетикалық-экспрессивтік т.б.) атқарады. Тіл,
ең алдымен, ойды жарыққа шығарып, жетілдірудің құралы болу арқылы ойлаумен
тікелей байланысты. Сондықтан тілдің негізгі единицалары ойлаудың басты
категорияларымен сәйкес келіп жатады. Мысалы, сөз ұғымды білдіріп, соның
тілдік көрсеткіші болса, ойды білдірудің бірден-бір тілдік көрінісі сөйлем
болып табылады. Сондай-ақ тілдік единицалардың бұдан басқа да өзіндік
мәндері, атқаратын қызметтері бар. Міне, осы қасиеттері арқылы тіл
айналадағы дүние, объективтік шындық туралы адамның санасын қалыптастырады,
оларды есте сақтауға негіз болады, – деп жазады [4, 4 б.].
Ғалам бейнесі – адам дүниетанымының басты элементі. Онда адамның
дүниені тануының негізгі көріністері жинақталған. Тілдік семантика халықтың
ғаламды танып-түйсіну тәсілі және болмыс туралы білімнің кодталу жолы болып
табылады, сол арқылы ғаламның тілдік бейнесі түзіледі. Осыған байланысты
А.Ислам былай дейді: Адам қоршаған ортаны ойлау арқылы танып біледі және
ол адам санасында көрініс табады. Адамның шындықты танып білуі, ой арқылы
жүзеге асса, тіл – ойдың бейнелеу қызметінің нәтижесін бекітудің құралы
ретінде қызмет етеді. Бұл – жалпыға ортақ таным, өйткені табиғаты жағынан
адамзат бірдей болса, таным қызметі де, оның механизмдері де ортақ құбылыс
екені де мәлім. Қандай да тіл өзіндік тілдік құрылымы және тілдік үлгілері
жағынан әртүрлі болғанымен, тілдік болмысты түсінуге келген ортақ танымдық
дүниелерден тұрады [5, 13 б.]. Яғни коммуникация сәтті болуы үшін сөйленім
әрекетінің субъектілері – сөйлеуші мен тыңдаушы, қабылдаушы атадан балаға
беріліп отыратын кодтарды меңгеріп қана қоймай, дұрыс қолдана білуі қажет.
Қазіргі кезде зерттеулерде ғалам бейнесі түрліше сипатталады.
В.И.Постовалова ғалам бейнесі адам дүниетанымының көрінісі екенін айта
келіп, адам баласы қай қырынан сипаттаса, ғалам бейнесі де соншалық
құбылып, өзгеріп тұратынын ескертеді [6, 32-33 б.]. Бұл орайда ғалам
бейнесінің екі түрін – тікелей және жанама – ажыратып алу керек. Тікелей
ғалам бейнесі – адамның болмысты тікелей танып, қабылдауының нәтижесінде
түзілген ғалам бейнесі. Мұнда адам сезім мүшелері абстрактілі ойлау арқылы
айналасын таниды. Ол дүниетаныммен тікелей байланысты. Алайда екеуін
теңестіруге болмайды. Тікелей ғалам бейнесі мазмұнға ие білім болса,
дүниетаным – әлемді тану әдістердің жүйесі болып табылады.
Тікелей ғалам бейнесі болмыс туралы мазмұнды, концептуалды біліммен
қатар, болмыстан танытатын ментальді стереотиптер жиынтығын да қамтиды.
Ғалам бейнесінің бұл түрі когнитивті деп аталады. Ол когниция (таным)
нәтижесі болып табылады. Тікелей ғалам бейнесі когнитивті сана қызметінің
нәтижесі болып табылады және белгілі бір жүйеге келтірілген білімдер
жиынтығына – концептосфераға негізделеді. Адам болмысты, өзін тіл арқылы
таниды. Тілде жалпыадамзаттық және ұлттық құндылық ретінде қоғамдық-тарихи
тәжірибе көрініс табады. Тілдің ерекшелігіне байланысты сөйлермен санасында
белгілі бір ғалам бейнесі қалыптасады, адам сол арқылы әлемді таниды, бұл
ғаламның жанама бейнесі деп аталады. Ғаламның жанама бейнесі –
концептосфераның екінші таңбалар жүйесі арқылы көрінуі. Олар санадағы
ғаламның тікелей бейнесін жарыққа шығарады. Яғни тілдік формада көрініс
тапқан білімдер жиынтығы ғаламның тілдік бейнесін түзеді.
Бүгінгі таңда ғалам туралы білімдер кешені лексикалық және
грамматикалық семантикада, сондай-ақ этномәдениеттің ментальді әлемінде
қалай көрініс табатыны ерекше маңызды болып отыр. Сонда қазіргі кезде
адамның әлемді концептуалдау, категориялау ерекшеліктері, тілдегі
концептуалды мазмұн, адамның әлем туралы білімінің көрсеткіші ретінде
көрінеді. Ғалам туралы адамның барлық білімі шартты түрде тілдік және
тілдік емес болып жіктеледі, яғни болмыстың құрылымдары туралы жалпы
энциклопедиялық білім олардың сипаты туралы және тілдік бірліктер мен
ойларының мәндері (нақты тілдік мағына) туралы білім болып табылады. Ғалам
туралы білім сияқты тілдік бірліктер туралы білім де жадымызда категориалды
формада сақталады. Соған байланысты тіл – категориалды түзілім болып
табылады. Тіл адамның болмыстың нақты жағдаяттарын концептуалдау үдерісін
бейнелейді. Яғни концептуалды жүйеде алынған ақпараттарды өңдеу, сөйлеу-
ойлау әрекеттерінде адам тұтынған көптеген концептілер мен білімнің басқа
да құрылымдарын қамтиды. Сол себепті оған табиғи нысан концептілері де,
нақты тілдік концептілер де енеді. Б.Момынова тілдің когнитивті қызметі
туралы айта келіп: Когнитивтік лингвистикада тіл адамның когнитивтік іс-
әрекетінің бір түрі, когницияның құралы саналады. Адам тілдің көмегімен
тілдік бірліктер арқылы жинақталған информацияларды кодтайды немесе
бейкодтайды (декодирует). Өйткені ойлау құрылымдары өзімен өзі томаға тұйық
өмір сүрмейді, белгілі бір формасы бар таңбалар ретінде болмысқа айналады,
болмыстанады (материализацияланады). Тілдің осындай екі жақтылығы оны
адамның өзге когнитивтік іс-әрекетінен айрықшаландырып тұрады, – дейді [7,
125-126 б.].
Тілдегі концептуалдау үдерісінің әрбір тілдік деңгейдегі өзіндік
ерекшеліктері болады. Лексика санада көрініс тапқан заттар мен
құбылыстардың ерекшелігін зерделеп, белгілі бір тілде сөйлейтін, нақты
тілдік ұжым танып, игерген ғалам бейнесін репрезентациялайды. Ғалам
бейнесін тану оны жекелеген құрауыштарын (заттар мен құбылыстарды) ғана
емес, сонымен қатар олардың арасындағы байланысты да түйсінуді қажет етеді.
Синтаксис ғаламның бөлшектенетін құрауыштарының байланыстарын тексереді.
Когнитивті тұрғыдан алғанда, морфологияның негізгі бірлігі –
морфологиялық категория болып табылады, ол сөз тұлғаларында көрініс тауып,
парадигмаға бірігеді. Морфологияны морфема деңгейіне қатысты ғана емес,
сөздердің түрлі топтарын репрезентациялайтын тұтас морфологиялық құрылымдар
деңгейінде қарастыру қажет. Морфологиялық категориялар мен тұлғалар
концептуалды деңгейде, негізгі танымдық үдерістер қатарында сипатталады.
Морфологияның ғалам туралы білімді тіркеп, жіктеуі, категорияларға бөлуі
осыған байланысты болады. Морфологияның категориялау үдерістерімен
байланысы морфологияның ғалам туралы білімді қалай объективтендіріп,
топтастыратынын да көрсете алады. Морфологиялық бірліктердің когнитивті
қызметі ойлау үдерісімен, адамның интеллектуалды және ментальді қызметімен,
ақпаратты өңдеу, сақтау, жіктеуімен байланысты болады.
Морфологиялық концепт термині екі түрлі мәнде қолданылады: біріншіден,
ол – тілдің морфологиялық құрылымы білдіретін ментальді сананың бірлігі
болса, екінші жағынан, морфологиялық концептілер сипатталатын ғылымның
ұғымдары. Морфологиялық концепт сөйлеушілердің дайындықсыз сезімінде жүзеге
асады, ол тіл жүйесінде морфологиялық көрсеткіштер арқылы көрініс табады.
Морфологиялық концептілер сөйлесім әрекетін реттеп, тілде көрініс
табады, ал метатілдік концептілер лингвистикалық зерттеулерде тілдік
құрылымындағы морфологиялық концепт ретінде сипатталады. Метатілдік
морфологиялық концептілер грамматикалық теориялар дамуы барысында
қалыптасып, терминологияда бекіп, ғылыми зерттеулерде, грамматикаларда
қолданылды. Ф. де Соссюр сөйлесім әрекетіне қатысушылардың дайындықсыз
әрекеті мен тілші ғалымдардың дайындалған әрекеттерінің арақатынасын
сөз еткен болатын [8, 54 б.]. Сөйлесім әрекетіне қатысушылардың
дайындықсыз әрекеттері морфологиялық концептосферамен байланысты, онда
морфологиялық концептілер қолданады, ал тілші ғалымдардың саналы
әрекеттері нәтижесінде морфологиялық метаконцептілер айқындалып, тілдік
фактілерді сипаттау үшін қолданады.
Н.Уәли тілдік ортада мәдени-тілдік дәстүрдің, оның нормаларының
қалыптасуына тілдік тұлға әсер ететінін айта келіп, М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов
сынды жұртшылық идеал тұтатын біртуар жазушы-ғалымдарды элитарлық топтың
өкілдеріне жатқызады. Ғалым тілдік тұлғалардың әдеби тілді игеру, пайдалану
деңгейі бірдей емес екенін ескерте келіп, тілдік тұлғаларды төрт типке
бөледі:
1) әдеби тілді шығармашылық деңгейде тұтынатын тип. Бұлар – элитарлық
тілдік тұлғалар;
2) әдеби тілдің ауызша, жазбаша нормаларын сақтай білетін, ара-тұра
кодификацияланған нормадан қате жіберетін, сөйлеу тілі мен кітаби тіл
элементтерін кей тұста айқын аңғара алмайтын мәдени-тілдік орташа тип. Сан
жағынан басымы да осы орташа әдеби тип;
3) негізінен әдеби сөйлеу тілін қолданатын, арасында қарапайым сөйлеу
тіліне тән элементтерді қосып сөйлейтін тілдік-мәдени тип. Сан жағынан,
шамамен, орташа типтен кейінгі орында;
4) қарапайым сөйлеу тілімен сөйлейтін, бейәдеби элементтер мен
диалектизмдерді қолдана беретін коммуниканттар [9, 94 б.].
Жұмысымызда ғалымның тілдік тұлғаларды жіктеуін басшылыққа ала отырып,
тіл білімінің дамуына өзіндік үлес қосқан, қазақ тіліндегі грамматикалық
категорияларды танып-танытуда өзіндік орны бар ғалымдарды элитарлық тілдік
тұлға ретінде сипаттаймыз. Элитарлық тілдік тұлға – ұлттық тілдің жанрлық-
стилистикалық ерекшеліктерін толық меңгерген, оларды орынды қолданатын,
лексикалық, фразеологиялық, паремиологиялық бірліктердің семантикасын жан-
жақты түсініп, орнымен қолдана алатын, коммуникативті стратегиялар мен
тактикаларды, вербалды және бейвербалды қатынас талаптарын толыққанды
меңгерген, ұлттық тіл мен мәдениет концептосферасын құрайтын концептілердің
ұғымдық, бейнелі-ассоциативтік, құндылық сипатын білетін тілдік тұлға.
Зерттеуші-ғалымдар ұстанымы өз кезеңінің, белгілі бір дәуірдің, тілтанымдық
білімнің деңгейімен айқындалады.
1.2 Морфологиядағы тілдік білімнің концептуалдануы. Концептуалдау
когнитивті тіл біліміндегі негізгі іргелі ұғымдардың бірі болып табылады.
Ол адамның негізгі когнитивті қабілеттерімен байланысты, сонымен қатар
адамның ес, жады, назар сияқты танымдық әрекеттеріне тікелей қатысты. Сол
себепті концептуалдау тіл білімінің ғана емес, сонымен қатар
психолингвистика, когнитивті психологияның да зерттеу нысаны болып
табылады. Адамның болмысты түсінуі таным әрекетінің маңызды үдерістерінің
бірі – концептуалдаумен тығыз байланысты. Концептуалдау адамның негізгі
танымдық қызметіне негізделеді, ол адамның түрлі арна бойынша (тіл арқылы
да) алған ақпаратын зерделеп, әрі қарай жүйелейді. Ол жаңа мәндер түзіліп,
адамның концептуалды жүйесі мен білімнің мазмұнды оперативті бірліктері
ретінде концептілердің қалыптасуына жол ашады. Концептуалдау ақпарат
ағымын жіктеп, зерделей отырып, жаңа мағыналар түзеді, ол адамзат
тәжірибесінің мазмұндық тұрғыдан сипаттауды мақсат етеді. Концептуалдау
арқылы адам болмыс құбылыстары мен адамның ішкі әлемін таниды, адам ғалам
туралы білімін қалыптастырып, белгілі бір жүйеге түсіреді, олар тілде
көрініс табады. Концептуалдау – екі жақты құбылыс: бір жағынан, ол адамның
ішкі және сыртқы ғаламындағы мәнділіктерді зерделеп, түйсінуге жол ашса,
екінші жағынан, зерделенген мәнділіктер мен құбылыстар туралы концепт
қалыптастырып, білімді құрылымдайды. Сол себепті концептуалдау үдеріс
ретінде және адамның ақпаратты когнитивті өңдеуінің нәтижесі ретінде
динамикалы сипатта болады.
Концептуалды және семантикалық деңгейлердің өзара байланысы бірнеше
фактілерге байланысты:
1. Тілде концептуалдау үдерісінің нәтижесі бейнеленеді, сондықтан
концептуалды мазмұн тілде көрініс табады.
Тіл ғалам туралы білімнің қалыптасып, жинақталуында, құрылымдалуында
(яғни концептуалдау үдерісінде) және концептуалды жүйенің түзіліп,
кеңеюінде маңызды қызмет атқарады. Бұл семантиканың екі жақты ерекшелігіне
байланысты, яғни семантика концептуалды жүйеге де, тілдік жүйеге де
қатысты. Сол себепті семантика тілдік жүйе мен концептуалды жүйені
байланыстырушы дәнекер іспетті болады.
Тілді меңгермей тұрып, адам белгілі бір деңгейде ғаламмен танысады,
сезім мүшелері арқылы болмыстағы құбылыстардың сырын түсіне отырып, ол
туралы ақпарат жинақтайды, заттардың ұқсастықтары мен айырмашылықтарын
анықтайды. Бұрынғы мәліметтер жаңадан алынған ақпараттар жүйесімен толыға
отырып, адамның ғалам туралы ақпараттар жүйесі, яғни концептуалды жүйе
түзіледі. Адам белгілі бір құрылымдарға жіктейтін концептуалды жүйе
индивидтің танымдық қызметін бейнелейтін ғалам туралы ақпараттар жүйесі
болып табылады. Концептуалды жүйе сөйлеуші санасында сақталатын,
ақпараттарды өңдейтін, оларды қалыптастырып, өзара байланыстыратын, тілде
қолданысқа түсіретін бірқатар механизмдерден құралған концептілер жүйесі
болып табылады. Яғни концептуалды жүйе – адамның ғалам туралы түсініктер
жүйесі.
Концептуалды жүйе туралы тұжырымдарды жинақтай келіп, былайша тұжыруға
болады:
1. Тілге дейін пайда болған концептуалды құрылымдар болмыстағы
құбылыстарды тікелей қабылдау, әсерлену нәтижесінде түзіледі.
2. Бастапқы концептілер концептуалды жүйе құрауда маңызды орын алып, жаңа
концептілерді меңгеруде анализатор, интерпретатор қызметін атқарады.
3. Тілдің көмегімен түзілген концептуалды құрылымдар концептуалды жүйеге
тілдің көмегінсіз енгізуге болмайтын ақпараттар жүйесін құрайды.
Концептуалды мазмұн мен тіл екіжақты байланыста болады. Тілсіз
концептуалды мазмұнды талдау мүмкін емес. Себебі санадағы құбылыстарды,
таным әрекеттерін тілден басқа жолдармен бейнелеу мүмкін емес. Сонымен
қатар концептуалды мазмұнды талдамайынша, тілдік формалардың қолданыс
ерекшеліктерін түсіндіріп беру де мүмкін емес. Сөздің лексикалық және
грамматикалық мағыналары адамның ғалам туралы түсініктерімен, концептуалды
жүйемен тығыз байланысты болады. Түрлі деңгейдегі концептілер мен білімнің
түрлі форматтарын, білімнің ұйымдасу тәсілдерін түсіну арқылы ғана адам
тілдің қолданысын толыққанды түсіне алады.
Концептуалды және семантикалық деңгейлердің өзара байланысы
нәтижесінде концептуалды жүйеде тілдік бірліктер қолданылады. Концептуалды
ақпараттың маңызды бөлігі, тіл үшін маңызды болатын мағыналар тілдің
грамматикасында, әсіресе морфологиясында көрініс табады. Бұл табиғи,
логикалық сұрыптау негізінде жүзеге асады. Алдымен барлық мағыналар лексика
деңгейінде көрініс тауып, кейін олардың ішіндегі ең маңыздылары ғана
морфология, грамматика деңгейіне өтеді. Морфология концептуалды жүйенің ең
негізгі концептілерін, яғни концептуалды кеңістік құрайтын концептілерін
репрезентациялайды, сол себепті олар әмбебап сипатта болады.
Тілдік тұрғыдан ерекше маңызды болатын мағыналар грамматикада айқын
көрініс табады. Грамматика концептуалды жүйенің ең маңызды бөліктерін
көрсетеді, грамматикалық категориялар категориалды мәндерінің ерекше
деңгейлерінің репрезентациялану, объективтену құралы болып табылады.
Грамматикада көрініс тапқан категориялар міндетті болатындықтан,
морфологияны когнитивті тұрғыдан зерттеуде белгілі бір тіл үшін маңызды
болатын, сөйлеуші назарынан тыс қала алмайтын бөліктері ғаламның тілдік
бейнесінде көрініс тауып, жіктелгенін анықтауға болады.
Тілдік емес бірліктермен қатар болмыс нысандарының бірі ретінде тіл де
концептуалданады. Тілдік білімнің концептуалдану жолдарының бірі –
морфология. Морфология деңгейіндегі концептуалдау ерекшелігі – ол білімді
құрылымдай отырып, лексикалық жолмен берілген концептуалды материал үшін
қабат, тор түзіп, белгілі бір деңгейде лексиканың қажетін өтейді. Осыған
байланысты тілдік деңгейде морфология мен лексика өзара байланыста болады.
Белгілі бір тілдік құралдардың көмегімен берілген концепт адам санасында
негізгі концептінің сипаттарының негізде қалыптасып, құрылымға енеді. Сол
арқылы концептуалды жүйе үздіксіз сипат алып, бұрыннан бар концептілер
жүйесінің көмегімен жаңа мағыналық құрылымдар түзіледі. Концептуалдаудың
әр деңгейінде концептуалды мазмұнның тілдік бірліктері адамның ғаламды
қалай зерделейтінін, ғаламның қандай сипаттары тілдік формаларда көрініс
табатынын айқындайды. Яғни түрлі деңгейдегі тілдік құралдар ғаламның
тілдегі концептуалдану жолдарын көрсетеді.
Әмбебап сипаттағы негізгі концепт – ең жоғарғы деңгейдегі жалпылау
нәтижесі болып табылады. Сол арқылы тілдің лексикалық жүйесінде
грамматикалық топтар, яғни сөз таптары, лексика-грамматикалық топтар,
жіктер түзіледі. Грамматикалық ұғымдар лексикалық концептосфераға үстеледі.
Сол себепті қандай да бір сөз табына қатысты болмайтын сөз жоқ. Ендеше,
тілдің грамматикалық құрамының концептосферасы адамның тілдік санасының
ажырамас бөлшегі болып табылады.
Когнитивтік құбылыс ретінде сөз таптары адамның әлемді тану, қабылдау,
түсіну ерекшеліктерін көрсетеді. Сол арқылы таным иесі – ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Етістіктердің семантикалық құрылымы
Тіл қарым-қатынас құралы
Есім сөздерге жалғанғанда, жіктік жалғаулары заттың кім
САТЫЛАЙ КЕШЕНДІ МОРФОЛОГИЯЛЫҚ ТАЛДАУДЫҢ ТЕОРИЯЛЫҚ НЕГІЗІ
Зат есімнің грамматикалық категорияларын оқыту
Қазақ тілінде грамматика ілімінің қалыптасу кезеңдері, негізгі бағыттары
Етістік күрделі грамматикалық категория
Бастауыш сыныпта қазақ тілі сабақтарында грамматикалық жаттығуды тиімді орындау тәсілдері
Етістіктің аналитикалық форманттары пәнінен лекциялар жинағы
Қазақ тілі сабақтарында сөз таптарын меңгертудің жолдары
Пәндер