Болашақ кәсіби оқыту баклаврын құзыреттілік тұрғы негізінде жобалау іс-әрекетіне даярлау


ӘОЖ 371. 13 [574] Қолжазба құқында
Өтебаев Исатай Сейітұлы
Болашақ кәсіби оқыту баклаврын құзыреттілік тұрғы негізінде жобалау іс-әрекетіне даярлау
13. 00. 08 - Кәсіби білім берудің теориясы мен әдістемесі
Педагогика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның
авторефераты
Қазақстан Республикасы
Қарағанды, 2010
Жұмыс Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде орындалған.
Ғылыми жетекші: Каргин С. Т., педагогика ғылымдарының докторы, профессор
Ресми оппоненттер: Абдраман Ш. А., педагогика ғылымдарының докторы, профессор
Тұрсынова Ж. Ж., педагогика ғылымдарының кандидаты
Жетекші ұйым: Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті
Диссертация 2010 жылы күні сағат Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті жанындағы педагогика ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін қорғау жөніндегі БД 14. 50. 05 біріккен диссертациялық кеңесінің мәжілісінде қорғалады (100028, Қарағанды қаласы, Университет көшесі, 28, 1 кеңейтілген дәрісхана) .
Диссертациямен Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің кітапханасында танысуға болады (100028, Қарағанды қаласы, Университет көшесі, 28) .
Автореферат 2010 жылы «» таратылды.
Біріккен диссертациялық кеңестің
ғалым хатшысы Н. Ә. Мыңжанов
Кіріспе
Зерттеу жұмысының көкейкестілігі. Кез келген елдің реформаларға, әлеуметтік-экономикалық құрылымды түбірімен өзгертуге бет бұрған кезеңде білім беру жүйесін де қайта құру қажеттігі туындайтыны сөзсіз. Ал ол реформалар өз кезегінде білім беру саласында жиналған мол оң тәжірибені сақтай отырып оның әрі қарай дамуына жағдайлар жасауы керек. Қазақстан Республикасының алдында тәуелсіздік алған уақыттан бастап білім беру саласында қайта құрулар жүргізу қажеттігі тұрды.
Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында білім беру саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі принциптері қатарында білім беру жүйесін дамытудың басымдығы; әрбір адамның зияткерлік дамуы, психикалық-физиологиялық және жеке ерекшеліктері ескеріле отырып, халықтың барлық деңгейдегі білімге қолжетімділігі; жеке адамның білімдарлығын ынталандыру және дарындылығын дамыту көрсетіледі. Ал бұл принциптердің іс жүзіне асуы білім беру мазмұнын жаңартумен тығыз байланысты. Білім беру мазмұнын жаңарту білім беру жүйесінің барлық деңгейлерін қамту керек. Мамандарды кәсіби даярлау жүйесінің де бұл процестен тыс қала алмайтыны түсінікті. Себебі, «жоғары білім берудің кәсіптік оқу бағдарламалары біліктілікті бере отырып мамандар даярлауға, олардың кәсіптік даярлығының деңгейін дәйектілікпен арттыруға бағытталады».
Осы айтылғандарды дәйекті түрде жүзеге асыру үшін адам ресурстарын даярлау сапасын арттыру, жеке тұлға мен қоғамның қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін Қазақстан Республикасының 2010 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарының басымдықтары негізінде көп деңгейлі білім берудің ұлттық жүйесін жаңғырту мақсаты Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасын жасауға мұрындық болды.
Бұл Бағдарламада «кәсіби міндеттерін дербес әрі шығармашылық тұрғыдан шешуге, кәсіби қызметтің тұлғалық және қоғамдық маңызын түсінуге, оның нәтижелері үшін жауап беруге қабілетті кәсіби құзыретті жеке тұлғаны, бәсекеге қабілетті маманды қалыптастыруды қамтамасыз ететін білім беруді басқарудың тиімді жүйесі құрылатыны» ерекше көрсетілген.
Білім беру жүйесін жетілдіру - елдің одан әрі дамуы тәуелді болатын саяси және жалпы ұлттық міндет. Білім беру жүйесін жетілдіру мақсаты - заманауи білім сапасын қамтамасыз ету негізінде білім беру жүйесінің тұрақты дамуының механизмін құру болып табылады. Қазақстанда білім беру жүйесін тиімді жетілдіру білім берудің іргелілігін сақтаған және тұлғаның, қоғамның және мемлекеттің көкейкесті және перспективалы сұраныстарына сәйкес болған жағдайда жүзеге асады. Бұл алдына қойылған кәсіби міндеттерді шеше алатын мамандар даярлағанда, сол мамандар даярлау жүйесін қайта құрғанда мүмкін болады.
Әлемдік практика көрсетіп отырғандай, педагог мамандарға жоғары деңгейдегі моральдық және біліктіліктік талаптары қойылуы тиіс. Педагог мамандар заман ағымына қарай әртекті болатын және күрделене түсетін кәсіби міндеттерді шеше алатын болуы керек. Мұндай талаптар кәсіби оқыту бакалаврларына да қойылады.
Жалпы, кәсіби білім беру мәселелері әр уақытта да ғалымдардың назарынан тыс қалмаған. Мәселен, Ш. А. Абдраман, Қ. Ж. Аганина, Қ. М. Арынғазин, С. И. Архангельский, Г. К. Ахметова, Б. Әбдікәрімұлы, Г. З. Әділғазинов, Ю. К. Бабанский, А. П. Беляева, В. П. Беспалько, Е. И. Бурдина, Б. С. Гершунский, Б. А. Жетпісбаева, Н. А. Завалко, С. Т. Каргин, К. М. Кертаева, Н. П. Ким, С. З. Қоқанбаев, В. В. Краевский, А. Қ. Құсаинов, Ш. М. Мұхтарова, Н. А. Мыңжанов, А. Қ. Нұрғалиева, А. П. Сейтешев, М. Н. Скаткин, В. А. Сластенин, Г. О. Тәжіғұлова, Ә. Ә. Усманов, Н. Д. Хмель, Л. А. Шкутина, т. б. кәсіби білім берудің түрлі аспектілерін зерттеген. Бұл еңбектердің ішінде болашақ кәсіби оқыту педагогтарын кәсіби іс-әрекетке даярлау мәселесіне арналған зерттеулер де аз емес.
Ғылыми білімдердің көлемінің артуы, әлеуметтік ортаның талаптарының күшеюі жағдайында кез келген сала маманын, оның ішінде кәсіби оқыту педагогтарын даярлау процесі үшін құзыреттілік тұрғыдан келудің маңызы арта түседі. Ғылыми әдебиетті талдау құзыреттілік мәселесінің маманның кәсіби мәдениетінің және оның тұлғалық қасиеттерінің қалыптасуымен және дамуымен, таным процесінің динамикасымен тығыз байланысты екендігін көрсетті.
Бүгінгі күнге дейін кәсіби құзыреттілік туралы ғылыми көзқарастар ішінде оның мәнін, құрылымын анықтау бойынша бірнеше бағыттар қалыптасты. Олардың ішінде негізгі екі бағытты: тұлғалық-профессиографиялық және тұлғалық-іс-әрекеттік бағыттарды ерекше бөліп көрсетуге болады. Бұл бағыттардың екеуі де кеңестік психологтар Л. С. Выготский, П. Я. Гальперин, В. В. Давыдов, А. А. Запорожец, А. Н. Леонтьев, В. А. Петровский, С. Л. Рубинштейн, Д. И. Фельдштейн, т. б. қалыптастырған іс-әрекеттің психологиялық теориясына негізделеді.
Кәсіби құзыреттілік мәселесін зерттеудің жалпытеориялық негіздерін құруда М. В. Аверин, А. Г. Асмолов, И. В. Бестужев-Лада, Е. В. Бондаревская, И. А. Ильин, В. А. Кан-Калик, Б. Т. Кенжебеков, Л. Н. Коган, Н. В. Кузьмина, И. Я. Лернер, В. Я. Ляудис, А. К. Маркова, Н. В. Мирза, т. б. ғалымдардың еңбектері ерекше мәнге ие.
Сол сияқты А. М. Аронов, В. Байденко, В. А. Болотов, В. В. Сериков, Э. Ф. Зеер, т. б. құзыреттілік тұрғы негізінде білім беруді жетілдіру мәселесі бойынша ғылыми зерттеулер жүргізді.
Бірқатар еңбектерде (Г. И. Аксенова, Г. Әбілқасымова, И. Б. Васильев, В. В. Готтинг, И. Ф. Исаев, Ш. Құрманалина, Е. А. Лобынцева, Н. Лифинцева, А. И. Мищенко, А. Ш. Манабаева, К. Өстеміров, Л. С. Подымова, М. В. Семенова, В. А. Сластенин, Ж. Ж. Тұрсынова, Н. Р. Шаметов, Г. С. Шрайманова, т. б. ) құзыреттілік оқыту және тәрбиелеу барысында дамитын тұлға қасиеті ретінде қарастырылады.
В. С. Безрукова, А. А. Деркач, Э. Ф. Зеер, Л. М. Митина, т. б. ғалымдар құзыреттіліктердің түрлерін жіктеу және оларға сипаттама беру арқылы оны құрылымдауға өз үлестерін қосты.
Білім беру жүйесін реформалау негізінде шығатын педагогқа қойылатын жаңа талаптар болашақ мамандарды кәсіби даярлау жүйесі алдына инновациялық іс-әрекетке дайын, зерттеу іс-әрекетіне белсенді қатысуға даяр маман қалыптастыру міндетін қояды. Жалпы білім беретін орта мектептің жоғары сатысында бейіндік оқытуға көшу жағдайында мамандарды жобалау іс-әрекетіне даярлау қажеттігі туындап отыр. Яғни, жаңа заман педагогы білім беру практикасында бұрыннан белгілі педагогикалық мәселелерді шешу тәсілдерін меңгеріп қана қоймай, өзі де белсенді түрде оларды жобалай алуы керек. Мұғалім даярлаудың бұл ерекшеліктеріне мемлекеттік білім беру стандарттарында да ерекше көңіл бөлуі тегін емес. Сондықтан 050120 - Кәсіби оқыту мамандығының мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартында осы мамандық бойынша білім алған бакалаврдың кәсіби қызмет функциясының бірі ретінде жобалау көрсетілген. Сондықтан қазіргі таңда болашақ кәсіби оқыту бакалаврын жобалау іс-әрекетіне даярлау көкейкесті мәселе болып отыр. Ал бұл мәселенің құзыреттілік тұрғы негізінде тиімді шешілетіні айқын.
Солай бола тұра, ғылыми әдебиеттерді талдау кәсіби оқыту педагогын жобалау іс-әрекетіне даярлау мәселесінің жеке зерттеу пәні болмағандығын көрсетті. Яғни, болашақ кәсіби оқыту бакалаврын құзыреттілік тұрғы негізінде жобалау іс-әрекетіне даярлауға педагогикалық практиканың сұранысы мен оның педагогика теориясында жеткілікті қарастырылмағаны арасында қайшылық туындап отыр. Осы қайшылықтың шешімін табу оны қалыптастырудың арнайы әдістемесін жасау қажеттігін айқындаған біздің зерттеу жұмысымыздың проблемасын анықтап, зерттеу жұмысының тақырыбын « Болашақ кәсіби оқыту баклаврын құзыреттілік тұрғы негізінде жобалау іс-әрекетіне даярлау » деп алуға негіз болды.
Зерттеудің нысаны: ЖОО педагогикалық процесі.
Зерттеудің пәні: болашақ кәсіби оқыту бакалаврын жобалау іс-әрекетіне даярлау.
Зерттеудің мақсаты: болашақ кәсіби оқыту бакалаврының жобалау іс-әрекетіне даярлау әдістемесін теориялық негіздеу және практикалық құрастыру.
Зерттеудің ғылыми болжамы: егер болашақ маманды жобалау іс-әрекетіне даярлау ғылыми тұрғыда негізделіп, практикалық түрде іске асырылса, онда маманның даярлығы білім беру жүйесі алдына қойылып отырған жаңа талаптарға жауап береді, өйткені бұл оның жоғары кәсіби біліктілігін, құзыреттілігі мен бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етеді.
Зерттеудің міндеттері:
1) болашақ кәсіби оқыту бакалаврын құзыреттілік тұрғы негізінде жобалау іс-әрекетіне даярлаудың мәні мен ерекшеліктерін анықтау;
2) болашақ маманды құзыреттілік тұрғы негізінде жобалау іс-әрекетіне даярлау үлгісін жасау;
3) болашақ кәсіби оқыту бакалаврын жобалау іс-әрекетіне даярлау критерийлері мен көрсеткіштерін және деңгейлерін анықтау;
4) болашақ кәсіби оқыту бакалаврын жобалау іс-әрекетіне даярлау әдістемесін құрастыру;
5) болашақ кәсіби оқыту бакалаврын жобалау іс-әрекетіне даярлау әдістемесін эксперименттік сынақтан өткізу.
Зерттеудің жетекші идеясы: бүгінгі күн талабына сәйкес жобалау іс-әрекетіне даярлығының жоғары деңгейін игерген педагог тұлғасын қалыптастыру оның жобалау іс-әрекетіне даярлау мазмұнынан тәуелді.
Зерттеу жұмысының әдіснамалық және теориялық негіздері: тұлғаның дамуы, оның дамуындағы іс-әрекеттің ролі туралы философиялық, психологиялық және педагогикалық тұжырымдамалар, зерттелетін құбылыстар мен процестерге құзыреттілік тұрғыдан келу тұжырымдамалары, таным теориясы; тұтастық, жүйелілік, ақпараттық және тұлғалық тұрғылардың жалпы әдіснамалық тұжырымдамалары; тұтас педагогикалық процесс теориясы; кәсіби білім беру теориясы мен әдістемесіне қатысты ілімдер.
Зерттеудің көздері: Қазақстан Республикасының Конституциясы, Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы, Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасы, зерттеу проблемасына қатысты философтардың, психологтардың, педагогтардың, әдіскерлердің еңбектері, білім беру мәселесіне арналған ресми құжаттар, жалпыға міндетті білім беру стандарттары, оқу-әдістемелік кешендер, оқу бағдарламалары.
Зерттеудің әдістері:
Зерттеу жұмысында алдыға қойылған міндеттерді шешу және болжамды тексеру үшін әдістер кешені қолданылды. Теориялық деңгейде талдау, синтездеу, жіктеу, жүйелеу, үлгілеу, тәжірибені қорыту әдістері; эмпирикалық деңгейде сауалнама, әңгіме, сұхбат, бақылау, тестілеу, іс-әрекет өнімдерін зерттеу әдістері; зерттеу нәтижелерін қорыту барысында математикалық-статистикалық әдістер пайдаланылды.
Зерттеудің негізгі кезеңдері:
Бірінші кезеңде (2005-2006 жж. ) зерттеу проблемасы бойынша философиялық, психологиялық-педагогикалық әдебиеттер, ғылыми-әдістемелік, диссертациялық жұмыстар талданып, зерттеу пәні туралы жалпы теориялық және нақты теориялық түсінік алынды. Зерттеудің ғылыми аппараты (болжам, мақсаты, міндеттері, нысаны, пәні) қалыптасты, базалық ұғымдар нақтыланды, кәсіби оқыту бакалаврын құзыреттілік тұрғы негізінде жобалау іс-әрекетіне даярлау үлгісі жасалып, болашақ кәсіби оқыту бакалаврын жобалау іс-әрекетіне даярлау критерийлері мен көрсеткіштері, деңгейлері анықталды және негізделді, бітіруші курс студенттерімен айқындаушы эксперимент өткізілді, алынған нәтижелер сарапталынды.
Екінші кезеңде (2006-2009 жж. ) ұсынылған үлгі негізінде болашақ кәсіби оқыту бакалаврын жобалау іс-әрекетіне даярлау әдістемесі жасалып, қалыптастырушы эксперимент өткізілді, жобалау іс-әрекетіне даярлаудың мазмұны айқындалып, жасалған әдістеме практика жүзінде тексерілді.
Үшінші кезеңде (2009-2010 жж. ) болашақ кәсіби оқыту бакалаврын жобалау іс-әрекетіне даярлау әдістемесін қолдану және енгізу тиімділігі бойынша эксперимент мәліметтері талданды және өңделді. Алынған нәтижелер салыстырылып, жалпылама қорытындылар, ұсыныстар жасалды, диссертациялық зерттеу материалдары рәсімделді.
Зерттеудің негізгі базасы: Эксперименттiк жұмыс Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің кәсіби-көркемсурет факультетінде өткізілді.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы және теориялық мәнділігі:
1) «болашақ кәсіби оқыту бакалаврын жобалау іс-әрекетіне даярлау» ұғымының мәні нақтыланды;
2) болашақ кәсіби оқыту бакалаврын құзыреттілік тұрғы негізінде жобалау іс-әрекетіне даярлау үлгісі құрастырылды;
3) болашақ кәсіби оқыту бакалаврын жобалау іс-әрекетіне даярлау критерийлері мен көрсеткіштері және деңгейлері анықталды;
4) болашақ кәсіби оқыту бакалаврын жобалау іс-әрекетіне даярлау әдістемесі жасалды;
5) болашақ кәсіби оқыту бакалаврын жобалау іс-әрекетіне даярлау әдістемесін жоғары оқу орнының оқыту процесіне енгізу арқылы оның тиімділігі педагогикалық эксперимент арқылы дәлелденді.
Зерттеудің практикалық мәнділігі:
Жоғары оқу орнында кәсіби оқыту бакалаврларын даярлауға практикалық көмек ретінде болашақ кәсіби оқыту бакалаврының жобалау құзыреттілігін қалыптастыру әдістемесі жасалынып, оқу процесіне енгізілді. Ұсынылған әдістеме мазмұны:
1) оқытушылардың әдістемелік дайындығын жетілдіруге арналған «Болашақ кәсіби оқыту педагогтарының жобалау құзыреттілігін қалыптастыру әдістемесі» арнайы семинары;
2) «Кәсіби педагогика», «Мамандыққа кіріспе», «Машинатанудың теориялық негіздері» пәндерінің мазмұнына толықтырулар мен қосымшалар;
3) «Жобалау іс-әрекетінің негіздері» арнайы курсын қамтиды.
Зерттеу нәтижелерi мен қорытындылары осы тектес проблемалар бойынша болашақта жүргiзiлетiн ғылыми iзденiстерге негiз бола алады. Сонымен қатар ұсынылып отырған арнайы курс бағдарламасын, арнайы семинарды жоғары және орта кәсіптік оқу орындары оқу жұмыстарында, педагог мамандардың бiлiктiлiгiн арттыру iсiнде пайдалану мүмкіндігі бар.
Ұсынылған болашақ кәсіби оқыту бакалаврын жобалау іс-әрекетіне даярлау әдістемесі кәсіптік білім беру процесінде туыстас салалар бойынша қолданылуы мүмкін.
Қорғауға ұсынылатын қағидалар:
1. Болашақ педагогты жобалау іс-әрекетіне даярлау - педагогикалық жүйені, объектіні немесе үлгіні құру (жасау, жоспарлау, құрастыру) жөніндегі кәсіптік міндеттерді жүзеге асыруға қажет білімдер мен іскерліктерді, дағдыларды тұлғалық қасиеттерге айналдыра отырып меңгерту, оның түпкі нәтижесі - жобалау іс-әрекетіне даярлығының қалыптасқандығы болып табылады.
2. Болашақ кәсіби оқыту бакалаврын құзыреттілік тұрғы негізінде жобалау іс-әрекетіне даярлау үлгісі оның компоненттерінің бір-бірімен өзара логикалық байланыстылығын қамтамасыз ете отырып, жобалау іс-әрекетіне даярлықты қалыптастыруға қызмет етеді.
3. Болашақ кәсіби оқыту бакалаврын жобалау іс-әрекетіне даярлау мотивациялық-құндылықтық, мазмұндық, операциялық-іс-әрекеттік және рефлексиялық компоненттерден тұрады және олардың критерийлері болып іс-әрекет түріне қызығушылық, жобалау іс-әрекетіне құндылықтық қатынас, жобалау іс-әрекеті туралы білімдер, жобалау іс-әрекетін іске асыру іскерліктері және жобалау іс-әрекетінің рефлексиясы табылады, оларды объективті бағалау үшін болашақ маманда жобалау іс-әрекетіне даярлығының қалыптасқандығының үш деңгейін (төмен, орта, жоғары) бөліп көрсету қажет.
4. Мақсаттық, мазмұндық, технологиялық және нәтижелік бөліктерден құралған болашақ кәсіби оқыту бакалаврын жобалау іс-әрекетіне даярлау әдістемесі.
Зерттеу нәтижелерінің дәлелдігі және негізділігі талапқа сай теориялық және әдіснамалық қағидалармен, зерттеу пәніне сәйкес әдістерді қолданумен, тәжірибелік-педагогикалық зерттеу бағдарламаларының педагогикалық мақсатқа сәйкестілігімен, бастапқы және соңғы нәтижелерін салыстырып қорытындылаумен, ұсынылған әдістеменің тиімділігімен, жоғары оқу орны оқу-тәрбие процесіне ендірілуімен қамтамасыз етіледі.
Зерттеу нәтижелерін сынақтан өткізу және енгізу Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің кәсіби-көркемсурет факультетінің «050120 - Кәсіптік оқыту» мамандығы топтарында эксперимент жүргізу барысында жүзеге асты.
Зерттеу нәтижелерінің талқылануы және жүзеге асырылуы: з ерттеудің негізгі қағидалары жалпытехникалық пәндер және еңбекке баулу әдістемесі кафедрасының отырысында, жалпы педагогика және кәсіби білім беру проблемалары бойынша ғылыми семинарда талқыланды және халықаралық, республикалық, аймақтық конференцияларда баяндалды (Қарағанды, 2001, 2002, 2003, 2004, 2005; Астана, 2005; Көкшетау, 2007; Пенза, 2008; Болгария, 2010) ; «ҚарМУ хабаршысы», «Ұлт тағылымы», «Ізденіс» ғылыми журналдарында ғылыми мақалалар түрінде баяндалды, сонымен қатар Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің жұмыс тәжірибесіне енгізілді.
Диссертация құрылымы: диссертация кіріспеден, екі тараудан, қорытындыдан, әдебиеттер тізімінен тұрады.
Кіріспе бөлімінде зерттеудің көкейкестілігі, ғылыми аппараты: мақсаты, нысаны, пәні, міндеттері, ғылыми болжамы, жетекші идеясы, әдіснамалық және теориялық негіздері, әдістері мен негізгі кезеңдері беріліп, ғылыми жаңалығы мен теориялық мәнділігі, практикалық мәнділігі және негізділігі, талқылануы мен жүзеге асырылуы баяндалды.
«Болашақ кәсіби оқыту баклаврын құзыреттілік тұрғы негізінде жобалау іс-әрекетіне даярлаудың ғылыми-теориялық негіздері» деп аталған бірінші тарауда болашақ педагогтарды жобалау іс-әрекетіне даярлау педагогикалық проблема ретінде негізделіп, болашақ педагогтарды кәсіби даярлаудағы құзыреттілік тұрғының орны анықталды. Сонымен бірге болашақ кәсіби оқыту педагогын құзыреттілік тұрғы негізінде жобалау іс-әрекетіне даярлау жағдайы талданып, құзыреттілік тұрғы негізінде болашақ кәсіби оқыту бакалаврын жобалау іс-әрекетіне даярлаудың үлгісі, өлшемдері мен көрсеткіштері жасалды.
« Студенттерді құзыреттілік тұрғы негізінде жобалау іс-әрекетіне даярлау бойынша тәжірибелік-педагогикалық жұмыс » деп аталатын екінші тарауда болашақ кәсіби оқыту бакалаврының жобалау құзыреттілігін қалыптастыру әдістемесі ұсынылып, құзыреттілік тұрғы негізінде болашақ кәсіби оқыту бакалаврын жобалау іс-әрекетіне даярлау мазмұны ашылған және болашақ кәсіби оқыту бакалаврын жобалау іс-әрекетіне даярлау әдістемесінің тиімділігін анықтау бойынша эксперименттік-тәжірибелік жұмыстың нәтижелері талданған.
Қорытындыда теориялық және эксперименттік жұмыстың нәтижелеріне негізделген тұжырымдар мен ғылыми тұрғыдан ұсыныстар берілген.
Негізгі бөлім
Болашақ педагогтарды кәсіби даярлау процесінде олардың жобалау іс-әрекетіне даярлығын қалыптастыру мәселесінің орны ерекше. Себебі, жалаң «білімдер, іскерліктер және дағдылар» қалыптастырудан құзыреттіліктер қалыптастыруға көшіп отырған бүгінгі күнгі білім парадигмасына сәйкес ең алдымен педагогты шығармашылықпен жұмыс жасауға дайындау қажеттігі туады. Ал оның шығармашылықпен жұмыс жасай алуы оның аталған даярлықтың, яғни жобалау іс-әрекетіне дайындығының қалыптасуымен тығыз байланысты.
«Жобалау» сөзі қазақтың «жоба» деген сөзінен жасалынған, мағынасы - жаңа нәрсенің жобасын, сұлбасын жасау. Ғылымда ол тек қана жаңа нәрсенің жобасын жасау ғана емес, сонымен қатар оны негіздеу, басқадан айырмашылығын көрсетуді білдіреді. Бұл термин алғашында құрылыс, техника саласында қолданылды. Өткен ғасырдың орта шенінен бастап гуманитарлық ғылымдарда да қолданыс таба бастады.
Жобалау мәселесіне қатысты жасалған теориялық талдауларға сүйене отырып, педагогикалық жобалаудың белгілі бір жағдайларда педагогикалық процесті жетілдіруге мақсатты түрде бағытталған іс-әрекет екенін көруге болады, ал оның мазмұндық компоненттері мақсат қою іс-әрекеті; үлгілеу іс-әрекеті; жоспарлау іс-әрекеті; ұйымдастыру іс-әрекеті; мониторингілеу және реттеу іс-әрекеті; рефлексия іс-әрекеті болып табылады.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz