«ҒАЗАУАТ СҰЛТАН» ҚИССАСЫНЫҢ ТАҚЫРЫПТЫҚ, КӨРКЕМДІК ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ


ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ
Қ. А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті
Қолжазба құқығында
ӘОЖ 801. 95:818. 992 71
БАКИРОВА ЗАКИРА АБУЖУСИПОВНА
«ҒАЗАУАТ СҰЛТАН» ҚИССАСЫНЫҢ ТАҚЫРЫПТЫҚ, КӨРКЕМДІК ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Мамандығы 6N0205-«филология»: қазақ тілі мен әдебиеті
Филология магистрі академиялық дәрежесін алу үшін дайындалған диссертация
Ғылыми жетекші: ф. ғ. к., доцент С. Ергөбек
Түркістан
2012
МАЗМҰНЫ
КІРІСПЕ (Жұмыстың жалпы сипаттамасы) . . . 3-9
1 Қазақ әдебиетіндегі діни-ағартушылық бағыт және мұсылмандық жиһад-ғазауаттың жырлануы (ХІХ-ХХ ғ. ғ. )
1. 1 Діни ағартушылық бағыт және мұсылмандық жиһад-ғазауат мәселесі . . . 10-38
1. 2 Әділетті ғазауат соғыстарының жырлануы . . . 38-62
2 «Ғазауат Сұлтан» қиссасының тақырыптық, композициялық және көркемдік ерекшеліктері
2. 1 «Ғазауат Сұлтан» қиссасының тақырыптық және композициялық сипаты . . . 63-80
2. 2 «Ғазауат Сұлтан» қиссасының мәтіндік, көркемдік ерекшеліктері . . . 80-99
Қорытынды . . . 100-103
Пайдаланылған әдебиеттер . . . 104-105
Кіріспе
(Жұмыстың жалпы сипаттамасы)
Зерттеу жұмысының өзектілігі. ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиеті алдыңғы кезең әдебиетімен салыстырғанда көп өскен, көркейген әдебиет болды. Жаңа өркениетті дамуға бет бұрған кезең әдебиетінде бір жағынан бұрынғы дәстүрлі жыраулық поэзия өзінің шын мәніндегі өмірлік, қоғамдық мәнін, саяси қызметін толық сақтай алмаса да, қалыпты дамуын, шығармашылық дәстүрін одан ары жалғады. Екінші жағынан, қазақ өмірі жырлауда жаңа бағыт ұстанған ақындық поэзия дамыды. Сол секілді қазақ елінің орыс патшалығына бодан болуы, сол елмен түрлі қарым-қатынасқа түсуіне байланысты орыс әдебиетінің де ықпал-әсері аңғарыла бастады. Қазақ әдебиеті өкілдері қатары шығармашылығын орыс әдебиетімен тығыз сабақтастықта өрбіткен қаламгерлермен толықты. Олардың алдыңғы легі ұлы ағартушы ойшылдар Шоқан, Ыбырай, Абай болды. Олардың шығармашылықтары арқылы кезең әдебиеті поэзиялық, прозалық, публицистикалық үлгідегі жаңа жанрлармен, сол жанрлардағы шығармалармен толысты. Бұл ұлы қаламгерлер шоғырын берген орыстың әдебиеті мен өнерінің алтын ғасыры аталған ХІХ ғасырдағы орыс әдебиетінің шынайы ықпалы еді. Демек, ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиеті іштей түлеу, даму арқылы және өзге елдер әдебиеттерімен байланысқа түсуі арқылы осы кезеңде дамудың жаңа сатысына көтерілді, өсті, өркен жайды. Бұл тек қазақ әдебиетіне ғана тән жағдай емес, әлем халықтары өркениеті мен өнерінің туу, қалыптасу, даму жолына тән, бір-бірімен сабақтастықта, үлгі үйреністе дамып отыратын әлемдік өркениеттік құбылыс. Сондықтан да С. Сейфуллин ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті жайлы «Қазақтың көркем әдебиеті туралы» атты мақаласында: «қазақ тұрмысының . . . өзгеруіне қарай және 1905 жылғы төңкеріс дүмпуімен қазақ әдебиеті де . . . ұлттық рухымен өсе бастады. Үлгісі енді мүлде ноғай мен орыс әдебиеті болды . . . Қазіргі қазақ әдебиетінің үлгісі - орыстікі», - деген болатын [1, 49] .
ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің өзіндік, кезеңдік ерекшелігі мол. әдебиеттегі өзіндік ерекшелік, әлбетте, кезең әдебиетінің тақырыптық, жанрлық, көркемдік мәселелері тұрғысында өсуі болмақ. Мысалы, зар заман сарынының діни ағартушылыққа ұласуы, айтыс жанрының ауызша дәстүрінің жазбаша үлгімен аралас келе бастауы ақындық поэзияның сазгерлікпен, орындаушылықпен ұштасып жатуы, түрлі жаңа жанрлардың енуі сияқты. Кезең әдебиетіндегі ерекше көрінген жайдың бірі - қисса-дастан жанрының дамуы еді. Бұл жанрдың қазақ әдебиетінде көрініс беруі ежелгі дәуірлерге жол тартып жатуы даусыз. Десек те, оның мол көрініс берген кезеңі - ХІХ ғасыр. Яғни, шығармашылығы діни-ағартушылық, сопылық іліммен, ой-идеямен өрілген, «Құран» сюжеттерін, «Мың бір түн», «Тотынама», «Шаһнама», «Кәлилә мен Димнә» ертегілерін өзек етіп нәзиралық туындылар жаратқан кітаби ақындар шоғыры осы кезеңде - ХІХ ғасырдың соңғы ширегі мен ХХ ғасыр басында шығармашылық етті.
ХІХ ғасырдың соңғы ширегі мен ХХ ғасыр басында шығармашылық еткен бірқатар ақындарды бүгінгі әдебиеттану ғылымында кітаби ақын, шайыр, қиссашыл ақын секілді бірнеше атаулармен береді. Оның себебі: олардың тәрбие алған негізгі бастауы қазақ фольклоры мен жыраулық, ақындық поэзия болғанымен, мектеп, медреселерде білім алып, мұсылманша жақсы сауатты болған ақындар. Олар өз шығармаларын негізінен жазбаша шығарған деуге болады. Діни оқу орындарында оқып, араб, парсы, шағатай тілдерін біліп, сол тілдерде жарық көрген Орта Азия, Қазақстан аймағына тараған шығыс әдебиеті үлгілерімен діни тақырыптағы шығармалардағы сюжеттерді пайдаланып, хисса, хикаялар жазған, классикалық, һәм діндарлық шығармаларды аударған. Шығыстың классикалық шығармаларымен таныстырып, насихаттауда кітаби ақандардың елеулі ролі болды. ХХ ғасыр басындағы кітаби ақын-шайырлар қатарында М. Қалтайұлы, Шәді Жәңгірұлы, Ақылбек Сабалұлы, Жүсіпбек Шайхысламұлы, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Нұралы Нысанбайұлы, Мұсабек Байзақұлы, Маңғыстау Тыныштықұлы т. б. ақындарды атауға болады. Осы ақындар шығармашылығының үлкен бөлігі шығыс фольклоры мен классикалық әдебиетімен әлемдік дәрежедегі ұлы туындылар «Шаһнама», «Мың бір түн», «Кәлилә мен Димнә», «Тотынама» үлгілерімен байытқан ғажайып қаламгерлер болды. Олар кітаби ақын, шайыр ретінде ХХ ғасыр басындағы қазақ фольклорының асыл үлгілерінің хатқа түсуі, кітап боп басылуы, қайта жырлануы т. т. мәселелерінде қажымай, талмай мол еңбек етті. Оның үстіне Құран сюжеттерін, Пайғамбарлар өмірі мен ұрпақтары, діни, тарихи тұлғалар мен оқиғалар, әсіресе мұсылмандық жиһад соғысы жорықтары т. т. көп жырлаған, сол арқылы қазақ әдебиетін діни тақырыптармен, діни сюжеттермен т. б. байытқан кезең әдебиетіне мол үлес қосқан ақындар. Сондай әдеби үдерістің бір жемісті көрінісі - «Ғазауат Сұлтан» қиссасы. Қиссаны тақырыптас өзге шығармалармен тақырыптық, жанрлық, көркемдік сабақтастықта арнайы қарастыру кезең әдебиетінің назардан тыс қалып келе жатқан үлкен бір саласын ғылыми айналымға қосады.
Тақырыптың зерттелу деңгейі. Зерттеу жұмысымызда ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті мен шығыс әдебиетінің байланысы, «Шаһнама», «Мың бір түн», «Кәлилә мен Димнә», «Тотынама» үлгілері, Құран сюжеттері, Пайғамбарлар өмірі мен ұрпақтары, діни, тарихи тұлғалар мен оқиғалар, әсіресе мұсылмандық жиһад соғысы жорықтарының жырлануы, сол арқылы қазақ әдебиетінің шығыс әдебиеті және діни тақырыптармен, діни сюжеттермен баю, толысу процесі және қазақ ақындарының жырлау ерекшеліктері әдебиеттану ғылымының әдебиет тарихы және әдеби байланыс саласында қазақ әдебиеті мен өзге әдебиеттерді салыстыра зерттеудің өзіндік жолы мен жүйесінің қалыптасқан. Бұл мәселеде А. Байтұрсынов, М. Әуезов, С. Сейфуллин, Ә. Марғұлан, Б. Кенжебаев, М. Қаратаев, Ш. Сәтбаева, Б. Ысқақов, З. Ахметов, С. Қирабаев, Р. Бердібай, Ә. Дербісәлин, Т. Әбдірахманов, С. Қасқабасов, Р. Нұрғалиев, М. Мырзахметов, Ә. Дербісәлиев, Н. Келімбетов, Ө. Күмісбаев, А. Қыраубаева, А. Егеубаев, Б. Әзібаева, Т. Еңсегенов, Х. Мәдібай, М. Салқынбаев және т. б. ғалымдардың зерттеу еңбектерінде қазақ әдебиеті мен өзге әдебиеттердің арасындағы байланысы сараланып, салмақты ғылыми тұжырымдар жасалған. Аталған ғалымдар еңбектерінде қазақ-шығыс әдеби байланыстары мен діни әдебиеттің дамуы жөнінде түрлі мәселелердің басын ашып, жіктеп, саралау барысында ғылыми зерттеу жұмыстары жасалды. Сонымен бірге кеңестік кезеңде коммунистік идеологияның салқынымен арнайы зерттеу нысанына алынбаған көптеген ақын-жазушылардың әдеби шығармашылығы кейінгі жылдарда жаңаша көзқараспен ғылыми тұрғыда қарастырылуда. Кезең әдебиетіне қатысты түрлі көкейтесті мәселелер зерттелу барысында жалғасын таба береді.
Жұмыстың ғылыми жаңалығы . ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетінде діни тақырыптардың жырлануы, оның ішінде, мұсылмандық жиһад-ғазауат соғыстары туралы жырланған қазақ қиссаларының тақырып ауқымы кең. Бұл тақырыптағы қазақ қиссалары Мұхаммет Пайғамбардың пайғамбарлық өмірі мен жүргізген түрлі ғазауат соғыстарын да қамтиды. Демек, мұсылмандық жиһад-ғазауат соғыстары мәселесі Пайғамбардың өмір сүрген дәуірінен бастау алады. Бұл тақырыптағы қиссалардың біршамасы Әмір Әмзе ерлігін жырлауға арналады. Бұл дәстүр Әзірет Әлінің түрлі ерліктерін, азаматтық, қайраткерлік іс-әрекеттерін жырлауға ұласады. Сол секілді бұл тақырып Әзірет Әлі ұрпақтарының дін жолындағы ерлік күрестерін, ғазауат соғыстарын жырлауда онан әрі жалғасты. Сондай ерекше жырланған Әзірет Әлі ұрпақтары - Мұхаммет Ханафия мен Сейітбаттал. Зерттеу еңбекте осы тақырыптағы қиссалар тақырыптық, мәтіндік және көркемдік тұрғыдан арнайы қарастырылады. Олардың қазақ әдебиеті тарихындағы өзіндік орны айқындалады.
Арабтардың ұзаққа созылған жорықтары, ислам дінін тарату мен орнықтырудағы күресі көптеген батырлардың тұлғасын тудырды. Кейін олар ондаған қисса-дастандардың кейіпкерлеріне айналды. Сондай шығармалардың тобына «Әмір Әмзе», «Зарқұм», «Қисса Салсал», «Әзірет Әлидің соғысы», «Дариға қыз», «Қаһарман», «Мұхаммед Ханафия», «Сейітбаттал» секілді Мұхаммед Пайғамбар мен Әзірет Әлінің және олардың ұрпақтарының мұсылмандық жиһад соғыстарын жырлайтын қазақ қиссалары жатады. Зерттеу жұмысында ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетінде мұсылмандық шығыс, дін тақырыбына көп барған және осы салада мол жеміс беріп, көптеген қазақ қиссаларын дүниеге әкелген кітаби ақындардың шығармашылығы тақырыптық, жанрлық, көркемдік тұрғыдан арнайы қарастырылады. Кезең әдебиеті туралы бұрын-соңды жазылған ғылыми зерттеу еңбектеріне барынша зер салып, ғылыми және кезеңнің көркем туындыларын қайта қарап, кезең әдебиетінің сан қырлы ерекшелігі, сонымен бірге ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің шығыс халықтары фольклоры мен классикалық әдебиеті үлгілерін оқып, танып өсу және олардың біршама үлгілерін қазақ тілінде назира дәстүрде қайта жырлау әдеби үдерісінің өзіндік ерекшеліктері және тақырып табиғатын, қырларын ашу, бұған дейін қазақ әдебиетінде баспа бетін көрмей, зерттелмей келген мұсылмандық жиһад (ғазауат) соғысы туралы жырланған қазақ қиссалары «Әмір Әмзе», «Зарқұм», «Қисса Салсал», «Әзірет Әлидің соғысы», «Дариға қыз», «Қаһарман», «Мұхаммед Ханафия», «Сейітбаттал» секілді Мұхаммед Пайғамбар мен Әзірет Әлінің және олардың ұрпақтарының мұсылмандық жиһад соғыстарын жырлайтын қазақ қиссаларын, оның ішінде «Ғазауат Сұлтан» қиссасының жанрлық, тақырыптық және көркемдік ерекшеліктерін қарастыру, ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасыр басында өмір сүрген және шығармашылық еткен діни әрі кітаби ақын Маңғыстау Тыныштықұлының шығармашылық ерекшеліктерін тақырып аясында, дәстүр сабақтастығында тану - осы диссертациялық жұмыстың ғылыми жаңалығы болып саналады.
Зерттеудің теориялық және әдістемелік негіздері. А . Байтұрсынов, М. Әуезов, Б. Кенжебаев, Ә. Марғұлан, Ш. Сәтбаева, Ә. Дербісәлин, Б. Ысқақов, З. Ахметов, С. Қирабаев, Р. Бердібаев, А. Қыраубаева, С. Қасқабасов, Р. Нұрғалиев, М. Мырзахметов, Н. Келімбетов, Ө. Күмісбаев, Ә. Дербісәлиев, Б. Әзібаева, М. Маданова, А. Жақсылықов, М. Салқынбаев т. б. ғалымдардың зерттеулеріндегі теориялық тұжырымдар мен ғылыми ойлар зерттеудің теориялық және әдістемелік негізі болды.
Зерттеудің нысаны және деректемелік негізі. Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттерін орындау үшін, ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасыр басында шығармашылық еткен діни, кітаби ақындардың қиссалары мен «Ғазауат Сұлтан» қиссасының Мәулекей Юмашықов және Маңғыстау Тыныштықұлы нұсқалары т. б. алынды.
Тақырыптың теориялық, практикалық маңызы. Зерттеу жұмысының ХІХ ғасыр, ХХ ғасыр басындағы әдебиеттің даму мәселелерін қарастыру арқылы ХІХ ғасыр, ХХ ғасыр басындағы әдебиет тарихы мен теориясына қосары бар деп білеміз.
Зерттеудің мақсат, міндеттері. Жұмыстың негізгі мақсаты -мұсылмандық жиһад (ғазауат) соғысының қаһарманы Жағыпар Құсайынұлы (Сейітбаттал-Ғазауат Сұлтан) туралы жырланған «Ғазауат Сұлтан» қиссасын жанрлық, тақырыптық және көркемдік тұрғыда қарастыру; осы тұрғыда бұл шығармамен тақырыптас қазақ қиссалары «Әмір Әмзе», «Зарқұм», «Қисса Салсал», «Әзірет Әлидің соғысы», «Дариға қыз», «Қаһарман», «Мұхаммед Ханафия», «Сейітбаттал» секілді Мұхаммед Пайғамбар мен Әзірет Әлінің және олардың ұрпақтарының мұсылмандық жиһад соғыстарын жырлайтын қазақ қиссаларын, олардың жанрлық, тақырыптық және көркемдік ерекшеліктерін қарастыру. Осы мақсатқа сай мынадай міндеттер көзделеді:
- Діни ағартушылық ағым және оның өкілдері-кітаби ақындардың шығармашылық ерекшеліктерін кезең әдебиеті мен тақырып аясында саралау;
- Діни ағартушылық ағым және оның өкілдері-кітаби ақындардың әдеби мұрасының жанрлық ерекшеліктері мен тақырып мәселелері тұрғысында қарастыру;
- ХІХ ғасыр мен ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетіндегі діни ағартушылық бағыт және мұсылмандық жиһад туралы жалпы мағлұматтар беру;
- «Әмір Әмзе», «Зарқұм», «Қисса Салсал», «Әзірет Әлидің соғысы», «Дариға қыз», «Қаһарман», «Мұхаммед Ханафия», «Сейітбаттал» секілді Мұхаммед Пайғамбар мен Әзірет Әлінің және олардың ұрпақтарының мұсылмандық жиһад соғыстарын жырлайтын қазақ қиссаларының тақырыптық, жанрлық, көркемдік ерекшеліктерін нақтылау;
- Жағыпар сұлтан (Сейітбаттал-Ғазауат Сұлтан) туралы жырланған қазақ қиссаларының тақырыптық, мазмұндық және мәтіндік ерекшеліктерін айқындау.
- «Сейітбаттал», «Ғазауат Сұлтан» қиссаларының композициялық және көркемдік ерекшеліктерін қарастыру.
Қорғауға ұсынылатын тұжырымдар:
- ХІХ ғасыр мен ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің үлкен саласы діни ағартушылық бағытта дамыды. Бұл бағыт өкілдері мұсылманша оқыған, соған орай бүкіл шығармашылығы ислам дінімен, мұсылмандық шығыс фольклоры, классикалық әдебиетімен сабақтастықта дамыған кітаби ақындар болды.
- ХІХ-ХХ ғасырлардағы қазақ әдебиетіндегі діни ағартушылық ағым өкілдері -кітаби ақындар - қазақ жазба әдебиетінің дамуына мол үлес қосқан жазба ақындар, шайырлар, жазба әдебиет өкілдері.
- Діни ағартушылық ағым өкілдері - кітаби ақындар мұрасы - ежелгі түркі жазба әдебиетінің, шағатай әдебиетінің, ортағасырлық сопылық әдебиеттің дәстүрлі жалғасы.
- Қисса жанры - жазба әдебиет жанры. Қазақ қиссалары - қазақ жазба әдебиеті туындылары. ХІХ-ХХ ғасырлардағы қазақ қиссалары - кейінгі қазақ поэмаларының бастауында тұрған, сол жаңа поэзиялық жанрдың дамуына мол үлес болып қосылған жанр.
- Қисса жанры туындысының жазбаша дүниеге келе тұра не кітап болып басылған, не қолжазба үлгіде ел ішінде қайта көшірілуі немесе ауызша, жатқа айтылуы, яғни жазба туындының фольклорлық мұраға айналу үдерісін жоққа шығаруға болмайды.
- Қазақ қиссалары - араб, иран, шағатай әдебиеті туындыларын нәзиралық дәстүрде қайта жырлау арқылы дүниеге келген шығармалар. Сондықтан қазақ қиссалары - қазақ әдебиетінің тарихында европалық, орысша үлгідегі шынайы әдеби аударма жанры дүниеге келгенге дейін сол жанрдың жүгін көтеріп, қызметін атқарып келген жанр. Бұл, әрине, кітаби ақындардың өзіндік шығармашылық ерекшелігі, шығармашылық қызметі болып табылады;
- Кітаби ақындардың араб, иран, шағатай әдебиеті туындыларын нәзиралық дәстүрде қайта жырлап отыруы шынайы қазақ қиссаларының дүниеге келуіне жол ашқан. Мысалы, «Жүсіп-Зылиха», «Таһир-Зуһра», «Сейфулмәлік» секілді шығармаларды жырлаған ақындар келесі сәтте қазақ тарихи тұлғалары, қайраткерлері жайлы («Қисса Кенехан һәм Наурызбай», «Қисса Наурызбай төре Қасым ұғлы» т. б. ) тарихи оқиғалар, әңгімелер және қазақ фольклорлық туындылары негізінде жаңа туындылар, қиссалар жазды. Бұл әдеби үдеріс кейінгі кезең поэмасының бастауында тұрған шығармашылық мәселе.
- Кітаби ақындар - ХІХ ғасыр мен ХХ ғасыр басындағы қазақ фольклорының асыл үлгілерінің хатқа түсуі, кітап боп басылуы, қайта жырлануы мәселелерінде қажымай, талмай мол еңбек етіп, Құран сюжеттерін, Пайғамбарлар өмірі мен ұрпақтары, діни, тарихи тұлғалар мен оқиғалар, әсіресе мұсылмандық жиһад соғысы жорықтары т. т. көп жырлаған, сол арқылы қазақ әдебиетін діни тақырыптармен, діни сюжеттермен т. б. байытқан кезең әдебиетіне мол үлес қосқан шығармашылық өкілдері.
- Мұсылмандар да өзге халықтар тәрізді өз дінін ғана нағыз ақиқат дін деп санады. Мұсылман еместерді «кәпір» деп қарап, мұсылманшылыққа тарту, дінді қабылдату әділетті де, қасиетті іс делінді. Өзінің бар мүмкіндігін күш-қайратын ислам дінінің игілігіне жұмсау, оның кең таралып, салтанат құруына сарп ету әрбір мұсылманның басты борышы болып есептелді. Құранда осы сенім жолында өзін кім құрбан етсе, оны мәңгілік пейіш қызығы күтетіндігі туралы айтылған. Исламның орнығуы мен нығаюы үшін қиян-кескі соғыстар жүргізілгені тарихтан белгілі. Сондай жорықтарды сипаттайтын шығармалар діни дастандардың төртінші бір тобын құрайды.
- ХІХ ғасыр мен ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетіндегі діни ағартушылық бағыт және мұсылмандық жиһад туралы жырланған «Әмір Әмзе», «Зарқұм», «Қисса Салсал», «Әзірет Әлидің соғысы», «Дариға қыз», «Қаһарман», «Мұхаммед Ханафия», «Сейітбаттал» секілді Мұхаммед Пайғамбар мен Әзірет Әлінің және олардың ұрпақтарының мұсылмандық жиһад соғыстарын жырлайтын қазақ қиссалары - жанрлық, тақырыптық, көркемдік ерекшеліктері бар туындылар.
- Жағыпар сұлтан (Сейітбаттал-Ғазауат Сұлтан) туралы жырланған «Сейітбаттал», «Ғазауат Сұлтан» қиссалары - тақырыптық, мазмұндық және мәтіндік ерекшеліктері тұрғысынан кезең әдебиеті дамуынан мол хабар беретін көркем туынды.
- «Сейітбаттал», «Ғазауат Сұлтан» қиссалары - өзіндік дербес құрылымы бар тізбекті жырлардан тұратын циклды өзіндік композициялық және көркемдік ерекшелігі бар діни көркем туынды.
Диссертациялық жұмыстың сыннан өтуі мен жариялануы.
Зерттеу жұмысының негізгі мәселелері мен ғылыми тұжырымдары мына басылымдарда жарияланды :
1. «Ғазауат Сұлтан» қиссасының тақырыптық және жырлану ерекшелігі // З. Қабдолов оқулары. әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті ұйымд. халықаралық ғыл. -теор. конф. материалдары. Алматы, 2012, 159-164бб
2. Мұсылмандық жиһад тақырыбындағы қиссалар және «Ғазауат Сұлтан» // Қазақстанның ғылыми әлемі. Халықаралық ғылыми журнал. №1, 2012;
3. Қожа Ахмет Ясауи хикметтері мен «Ғазауат Сұлтан» қиссасындағы шығармашылық үндестік // «Ясауи» жинағы. 3-кітап. Түркістан, 2012 (баспада)
Жұмыстың құрылымы. Зерттеу жұмысы кіріспе, екі тараудан, қорытынды, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
1 ХІХ ғасыр мен ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетіндегі діни ағартушылық бағыт және мұсылмандық ғазауат (жиһад) тақырыбы
1. 1 Діни ағартушылық бағыт және мұсылмандық жиһад-ғазауат мәселесі
ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің бітім-болмысы, саяси-тарихи жағдайлары Х. Досмұхамедұлы [2], М. Әуезов [3], С. Мұқанов [4], Қ. Жұмалиев [5], Ы. Дүйсенбаев [6], Ә. Қоңыратбаев [7], Б. Кенжебаев [8], Х. Сүйіншәлиев [9], С. Қирабаев [10], Т. Кәкішов [11], Р. Бердібаев [12], М. Мырзахметов [13], М. Мағауин [14], Б. Омарұлы [15], Мәдібай Қ. [16] т. б. ғалымдар еңбектерінде жан-жақты қарастырылды. Ұзақ жылдар бойы бұл әдебиет түрлі ағым-бағыт жөнінде, көркемдік құндылықтар жағынан қарастырылып келеді. ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасыр басында қазақ жерінде, елінде ағартушылық ой өріс алды, дамыды. Қазақ даласындағы ағартушылықтың дамуына басты-басты екі-үш себеп болды деуге болады. Біріншісі, Қазақ хандықтарының жаппай жойылуы мемлекеттік ойдың көмескіленуіне жол ашты. Қазақ жерінің жаппай тартып алынуы, қазақ даласында әскери бекініс-қалалар тізбегінің, жүйесінің жүзеге асуы арқылы болды. Қазақ даласында сенімді орнығып алған соң, елдің тұрмыс-салтының ұлттық болмысының, танымының қазығы - дініне ауыз салды. Ғасырлар бойы ұстанып келген мұсылман діні, мұсылман жазуына қатер төнді. Қазақ даласында орысша оқу, шоқындыру өріс алды. Бұл үшін қазақ даласында миссионерлер, миссионер ғалымдар жұмыс жасады. Ғалым М. Мырзахметұлы өзінің «Қазақ қалай орыстандырылды» атты еңбегінде [17, 7-34] күні кешеге дейін ұлы ағартушы аталып жүрген Ильминский секілді орыс отарлығының зымиян саясаткерлерінің миссионерлік қызметін жан-жақты ашып көрсетті. Қазақ еліне арналып орыс кириллицасымен басылған христиан дінін уағыздайтын миссионерлік кітаптар көптеп шығып, ел ішіне таралып жатты. Мысалы, «Құдай үшін көп азап тартқан Евстафий Плакиданың, оның қосағының, екі ұлының өмірі. Жизнь и страдания Святого великомученика Евстафия Плакиды с семейством. На киргизском языке. Издание Православного миссионерского общества, Казань, Тип. В. М. Ключникова, 1886, 1890, 1894. Орыс әрпімен қазақ тілінде жазылған, Первоначальное сведение о православной христианской вере… Казань, 1886.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz