Сурет салу өнері


Пән: Өнер, музыка
Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 47 бет
Таңдаулыға:   

Автопортрет

Біздің көз алдымыхзда бір ерге тартқан кісінің дидары тұр. Оның көруші жүзіне үңілген байсалды жанарында әлде бір тұңғиық мұң бар. Шытыныңқы қабатында шытырман ойлар таңбасы жатқандай, бірақ біз оның шабытты, тәуекелге берік, сабырлы жан екенін қапысыз танып тұрғанымыздай.

Бұл - Рембоадтың автопортреті, немесе суретшінің өзін бейнелеген шығармасы. Ол айнаға қарап, өзінің бет-әлпетін әбден қадағалай зерттеп отырып кескіндеген.

Суретшілер адамдардың портретін («Портрет» деген мақаланы оқы) салады. Сонда олар қандай мақсат көздейді? Белгілі бір жандардың дидары кейінгі ұрпақтың көз алдында тұрсын дей ме екен? Жоқ, тек ол ғана емес. Портретте суретші адамның жан дүниесін, оның мінезін, ой-сезімін жарқырата ашып беруді мұрат етеді.

Кейде біреу кенет ойға шомса, не күліп жіберсе, біз оның бет-әлпетінен бұрын-соңды байқала қоймаған жаңа бір сипат көргендей боламыз ғой. Суретші де өзі бейнелеп отырған адамның жан-дүниесін жете тану үшін осындай тосын сәттерді аңдиды. Кенеп бетіне өзі реттеп отырған кескіннің әлгіндей ең басты, ең маңызды деген сипаттарын ғана түсіреді. Сондықтан да портрет өзі кескіндеп отырған адамның сыртқы ұқсастықтарын дәл жеткізумен шектелмейді.

XVII ғасырда өмір сүрген ұлы голланд суретшісі Рембрандт ван Рейн көптеген автопортреттер тудырған. Оларға қарап отырып, суретшінің күллі өмір жолына, ойлары мен бастан кешкен сан алуан көңіл-күйіне әбден қаныққандай боласыз.

Міне, ол өзінің жап жас жары Саскияның қасында. Өне бойы күш кернеген, тепсе темір үзетін жас жігіт. Оған өмірдің өзі бар мейірін аяусыз төгіп тұрғандай: сүйікті жар, сүйкімді балалар, ел танитын атақ-даңқ - бәрі бір басында. Сондықтан ол бұл автопортретте ешқандай уайым-мұңсыз, жадырай күлімдеп, жайбарақат тұр.

Бірақ жылдар өтіп, егде тартқан сайын Рембрандтың бет-әлпеті сан қилы құбылады: бірде ол өзіне-өзі нық сенетін байсалды қалып танытса, екінші бір жолы әбден қажыған қаяу кейіп байқатады, ал үшінші автопортретте әлденені, әлдекімді кекете күлімдейді.

Рембрандт өзінің қартайған кезін талай рет бейнелеген. Ол тұстағы шығармаларынан бастан кешірген қайғы-азаптарының лебі еседі.

Суретшілердің өз портреттерін салмағаны жоқ деуге болады.

Әйгілі «Помпейдің ақырғы күні» картинасының авторы Карл Брюллов өзін айықпас ауруға шалдыққан кезінде бейнелеген. Әбден сүлдері құрып, шалқақ сәкіге шалқалай құлаған; қолдарынан да әл кеткен былқ-сылқ; картинаның нарт қызыл фонында әлсіз кісінің құп-қу солғын өңі бозарады. Бұл шығармаға қарап отырып, көз алдыңыздағы адамның әбден можаған ауру адам екенін айтпай-ақ білесіз.

Ал, Валентин Серовтың автопортретінде ойға шомған жас жігітті көреміз. Оның бет-әлпетінде байыппен қарайтын қырағы жанар ерекше көзге түседі.

Серов әр алуан адамдардың көптеген портретін аслған. Өз шығармаларында кейіпкерінің бойындағы жағымды-жағымсыз мінез, сипаттардың ешқайсысын мүлт жібермей дәл ашқан. Сондықтан да оған портретін жасатқысы келген адамдар: «Серовқа суретіңді салдыру өте қауіпті», - дейді екен.

Ол тек тамаша суретші ғана емес, өмірде де еш маймөңкелікті білмейтін мейлінше шыншыл адам болыпты.

Акварель

«АКВАРЕЛЬ» деген атау латынның «aqua» («су») дейтін сөзінен шыққан.

Бұл сөз суға езілетін бояуды да, сол бояумен салынатын шығармаларды да білдіреді.

Акварель бояу қағаз бетіне мөлдіреп түседі, сол мөлдірлік акварель туындыларының ең басты құнды қасиеті болып табылады. Суреттің бояу мөлдір жағылған жерлерінде қағаздың өз түсі көрініп жатады.

Бояуды қалың жағу керек тұстарға, әлденеше бояу қабаты түсіріледі, бірақ суретші сонда да мөлдірлікті жоғалтпауға тырысады.

Көптеген суретшілер бір түс пен екінші түстің арасында кереқар айырмашылық болмауы үшін де акварель бояуларын пайдаланады: олар бір-біріне жігін білдірмей жалғасып, өте бір биязы жұмсақ реңк танытады.

Әр түсті бояулардың мұндай жымдаса астасуы акварельге өте-мөте тән.

Орыс суретшілері М. Врубель, В. Серов және көптеген совет суретшілері акварельді сүйсіне қолданған.

Міне, шыны стаканға салынған райхан гүлі. Шыны да, су да, фон да күміс түстес, меруерт сынды мөлдір бояулармен салынған. Райхан гүлдерден стол бетіне күңгірт қызыл сәуле шашырапты.

М. Врубельдің осынау акварелінің тұла бойы тұнып тұрған поэзия.

Өнер туындыларының қандай болмасын үлкен-үлкен көрмелеріне арнайы каталогтар шығарылады. Онда шығармалары көрмеге қойылатын суретшілердің атақ-жөндері мен туындыларының аты жазылады. Ал, шығарманың атынан кейін әдетте «акварель», «майлы бояу», «гуашь» деп, оның қандай бояумен салынғаны көрсетіледі.

Ондай жазулар шығармаға жапсырылған жарлықтарда да ұшырасады.

Анималист

ЖИДЕК іздеп орманды шарлап-шарлап әбден шаршаған кішкене қонжық кенет отыра кетті. Суретшінің шебер қолы қонжықтың ұйпа-тұйпа мамық жүнін, таңқала қараған аңғал көзін айнытпай жеткізген. Бұл - Евгений Иванович Чарушиннің суреті.

Кейбір суретшілердің туындыларының басты кейіпкері біріңғай аңдар мен құстар болып келеді. Ондай суретшілерді анималистер деп атайды. Ол латынның «animal» («хайуанат») деген сөзінен шыққан.

Хайуанат дүниесі - мейлінше әр алуан әрі әсем дүние. Мәселен, кейбір құстар мен көбелектердің қанатында не бір әдемі бояулар сан құбылып, көздің жауын алады.

Бірақ осынау әдемі хайуанаттарды бейнелеу оңайға түспейді. Олар адамдар секілді суретшілердің алдына кеп, тапжылмастан сағаттар бойы отыра алмайды. Анималист суретшіге хайуанаттарды, олардың мінездері мен қылықтарын көз жазбай қадағалап жүруге тура келді.

Біз тұратын жерлерде жан-жануарлардың бәрі ұшыраса бермейді, сондықтан да оларды еркін жүрген жерлерінен де, хайуанаттар бақшасында тұрған жерінен де қадағаламаса болмайды. Міне, темір тордың ішінде тарғыл жолбарыс ерсілі-қарсылы сенделіп жүр. Аяқ басқаны сондай мап-майда, азуын ақсита ашқан басы да онша үлкен емес.

Ал, анау ордың ар жағындағы төбешікте еңгезердей піл тұр. Оның бұжыр-бұжыр күлгін көн терісі мойыны мен екі тізесінің тұсында қатпарланып кетіпті.

Адамдар жан-жануарларды ежелден бері бейнелеп келеді. А. Дюрердің шығармасындағы өне бойына болат сауыт киіп алған мүйіз тұмсық қандай ғажап!

Валентин Серовтың Крылов мысалдарына салған суреттері арасында аузына ірімшік тістеген аңғал қарға да, айлакер түлкі де, сайқымазақ маймыл, Есек, Теке, маймақ Аюлар да бар. Суретші өзі кейіпкер етіп отырған жануарлардың әрқайсысына адамға тән әр қилы мінез-құлық бітіріп бейнелеген.

Белгілі совет суретшісі Василий Алексеевич Ватагин жан-жануарлар бейнесін салып қана қоймай, ағаштан ойып, тасқа қашап та бейнелеген. Оның шеберхенасына кірсеңіз, жан-жағыңыздан тастан, ағаштан қашалған жолбарыстар, арыстандар, сілеусіндер, морждар және кісі күлерлік маймылдар анталай қоршап тұра қалар еді.

Барельеф

МҮСІН өнерінің бір түрін рельеф деп атайды. («Мүсін» бөлімін қара) . Оған бір тегіс аядан бөліне шығып тұратын бедерлі мүсіндер жатады. Рельефтің екі түрі болады. Егер әлгі тұлғалар кеңістіктен өз қалыңдығының жарым-жартысындай ғана шығып тұрса, онда ондай бейнені барельеф дейді; ал жарым-жартысынан гөрі көбірек шығып тұрса, горельеф дейді.

Москвада Николай Васильевич Гогольге қойылған екі ескерткіш бар. Оның біреуін мүсінші Н. Андреев жасаған. Ол Гогольді тұңғиық ойға батырып отырған қалпында кескіндеген. Айналасында - жазушының кейіпкерлері. Ескерткіш қойылатын тұғыр тастың жан-жағынан бәріне «Өлі жандар», «Ревизор», «Диканька маңындағы хутордағы кештер» кейіпкерлері қашап салынған. Олардың арасында жуан дуанбасы да, Хлестакков та, дуанбасының әйелі мен сылқымсынған қыздары да жүр. Міне, бұл барельеф.

Ежелгі Мысырдың Александрия қаласында он қолынан өнер тамған шеберлер асыл тастарға қашап өте ұсақ бедер өрнектер, суреттер салған. Ондай рельефтерді камея дейді. Мынау суретте дүние жүзіндегі ең ірі әсем камея - Гонзаг камеясы бейнеленген. Ол арасында сардонике деп аталатын сүттей ақ таңдақтары бар тарғыл тастан жасалған. Сопақша қалақ тасқа біздің дәуірімізге дейінгі ІІІ ғасырда өмір сүрген Птолемей ІІ патша мен әйелі Арсинояның қырын қарап отырған бет-әлпеттері бейнеленген. Тастың нәзік көгілдір қабатынан қашап салынған дидарларынан бір жұмсақ сәуле төгілетіндей.

Гонзаг камеясы Эрмитажда сақталынады.

Әдетте ғимараттар, театрлар, музейлер мен клубтар рельефтермен әшекейленеді. Ол ескерткіш тақталарға да салынады. Ескерткіш тақта деп көрнекті қайраткерлердің өздері тұрған үйлерінің қабырғаларына орнатылған мәр-мәрден, тастап немесе қоладан жасалған шағын ескерткіштер аталады.

Бюст

АДАМДАРДЫҢ кеудеден жоғарғы тұлғасын ғана бейнелейтін мәрмәр, қола немесе ағаш мүсіндерді бюст деп атайды. Ежелгі заман мемлекет қайраткерлері, ғалымдары, философтары, жазушылары мен қолбасшыларының мәрмәр және қола мүсіндері біздің тұсымызға дейін жетіп отыр.

Біз Сократтың аса ажарлы бола қоймағанымен, ақыл тұнған бет-әлпетін, император Каракалланың ызғар шашқан қатыгез көздерін, Афин билеушісі Периклдің сабырға толы парасатты жүзін өз көзімізбен көре аламыз.

Третьяков галереясы залдарының біріне қойылған академик А. Н. Крылов бюсі неткен ғажап! Оны совет мүсіншісі В. Мухина күңгірт қатты ағаштан қашап жасаған.

Біз оқымыстының көзін қыса қарайтын дана жүзіне қарап, өмірде де дәл осындай болғанына кәміл сенеміз.

Витраж

МЫНАУ суретте қандай таңғажайып аңдар мен құстар бейнеленген десеңші! Бояулары неткен ашық, неткен анық!

Ол суретшінің қиялынан ғана туған. Бұл - өте бір ерекше шығарма. Ол бояумен салынбаған, арасына жіңішкелеп қорғасын жалатқан алуан түсті шыны кесінділерінен құрастырылған. Бұл шығарма Эрфурт деген неміс қаласындағы бір көне собордың терезесін безендіріп тұр.

Терезеге салынған мұндай шытыра суретті - витраж дейді. Ол француздың «Vitre» - «терезе әйнегі» деген сөзінен шыққан.

Витраж - өнердің ең көне түрі. Оның қай дәуірде жарыққа келгенін ешкім білмейді, бірақ ерекше етек жайған кезі орта ғасырлар тұсы.

Орта ғасырларда салынған соборлардың барлығы дерлік витраждарымен ерекшеленеді.

Терезе қондырылатын биік тар тесіктерге күн көзі түсті-ақ, әйнек шам жаққандай жарқырап қоя береді. Ашық түске боялған алуан түрлі шынылар асыл тастардай қырық құлпырып, көздің жауын алады.

Түрлі-түсті шынылар осы заманғы ауа мен жарыққа толы қарапайым әсем үйлерге де өте келісіп кетеді екен.

Соғыс тұсында фашистер Причюпис деген литван селосын өртеп жіберді. Сол жерде құрбан болғандарға ескерткіш ретінде мектеп-музей салынды. Оның бір қабырғасы түгелімен дерлік витраж. Жан-жағынан жанып жатқан алау оттай ал қызыл шынылармен көмкерген осынау шығармада төрт фигура - бойжеткен, бала құшақтаған кәрі әйел және жанары кекке толы, жұдырығын тас қып түйіп алған ызалы ақ бас кәрия бейнеленген.

Ежелгі дәуір өнері

БІЗДІҢ заманымыздан бірнеше ғасыр бұрын Бағзы Греция мен оны жаулап алған Римде қазір «Ежелгі дәуір өнері» деп аталатын сан алуан көркем өнер түрлері ерекше көркейіп өскен. Греция мемлекетінің алғаш пайда болған кезеңінен Рим мемлекеті құлаған біздің заманымыздың V ғасырына дейін мың жарым жылдық кезең Ежелгі дәуір деп аталады. Ежелгі дәуір өнері өмір қуанышына, адамның ұлылығы мен сұлулығына деген сенімге толы.

Мұндай өнерді тек азат адамдар, ежелгі грек қалалары - республикаларда тұратын азат азаматтар ғана тудыра алатын-ды. Олар тән тұлулығына жан сұлулығы жарасқан жан-жақты жетілген азамат адамның бейнесін жасауды мұрат тұтты.

Ежелгі шеберлер өз шабытына грек және рим мифологиясын арқау етті. Ғимараттар, алаңдар мен көшелер құдайлардың тас мүсіндері мен безендірілді. Олар тұлға-тұрпатында ешқандай мін жоқ сұлу адамдар боп кескінделетін. Мифтегі құдайлар іс-әрекеттері жағынан адамдарға ұқсайтын-ды. Олардың ұғымынша, құдайлар да өліп-өшіп сүйе біледі, жан-тәндерімен жек көре біледі. Кез келген грек пен римдік құдайларды көз алдына сұлу, парасатты, ер жүрек, абзал адамдар қалпында ғана елестете алатын-ды.

Ежелгі дәуір өнері, әсіресе, біздің заманымызға дейінгі V ғасырда өте-мөте гүлденеді. Сол тұста Афин шаһарынан ортасындағы биік шоқының ортасындағы биік шоқының басына мәрмәрден Акрополь салынды. Оның алдыртпас тас қорғанына қауіп-қатер төнгенде афиндықтар барып паналайды екен. Мұнда Ежелгі Грецияның ең әдемі ғимараттары, олардың ішінде қаланың жебеушісі Афине-Парфеностың (Афинебикештің) құрметіне салынған Парфенон орналасқан. Оның ақ мәрмәрден қаланған қабырғалары мен бағаналары көгілдір аспан аясында ерекше көз тартып тұрады.

Қатыгез уақыт осы ғимаратты салған Иктин мен Калликкраттың тамаша көркінен хабар бергендей Парфенон алдындағы кең алаңның қақ ортасында Жиһангер әйел Афинаның Афина-Промахостың қола мүсіні тұратын-ды. Олар күнге шағылысып, қаланың қай түкпірінен де мен мұндалап көзге ұрып тұратын-ды. Оны көргенде, Афина тәңірі қала халқының тыныштығын көз жазбай қадағалап тұрғандай әсерге бөленетінсің.

Парфенон ішінде әлгі тәңірінің тағы бір мүсіні бар-ды. Ол ағаштан, піл сүйегі мен алтыннан жасалған-ды. Оның екі жанарына күн түссе болды жарқ ете қалатын екі кесек меруерт тас орнатылған-ды. Бұл екі мүсіннің екеуін де гректің әйгілі мүсіншісі Фидий жасаған-ды. Бірақ, осынау ұлы екі ескерткіштің екуі де біздің дәуірімізге дейін жеткен жоқ. Олар туралы көре қалған, біле қалған көне көздердің естеліктерінен ғана, Грецияны Римдіктер жаулап алған тұста жасалған көшірмелерден ғана білеміз.

Бұл тағдыр ежелгі дәуір шеберлерінің қолынан туған талай ескерткіштердің басында болған. Алайда, бізге ғасырлар түкпірінен Фидий, Мирон, Поликлет, Аппелес сынды ежелгі заман шеберлерінің аттары жетті.

Археологтар көне ғимараттар, мүсіндер мен ежелгі ескерткіштердің бағзы ажар-көркін қайта табуына көп жәрдемдесті. Дүние жүзінің ең әйгілі музейлері ежелгі заман ескерткіштерін ерекше қастер тұтып, қақ төрінен орын береді.

Рим музейлерінің бірінен осыдан екі мың жарым жыл бұрын жасалған әйгілі «Тікен алып отырған бала» атты қола ескерткішті көре аласыз. Мүсіннің тұла бойы тұнған табиғилық пен шынайылық.

Аңыздың айтуынша, ол жолындағы тікенектерге қыңбастан жарыстан бірінші боп келген әйгілі спарталыққа арналса керек. Кішкентай жүйрік табанындағы қан қақсатқан жарақатқа қарамастан мәреге жетіп тынғанша, жарыс жолын тастап кеткен жоқ. Ерлікпен мақсатына жетпей қоймайтын нар тәуекелді ғана адам бойындағы ең асыл қасиет деп бағалаған замандастары оған өте риза боп, ескерткіш орнатты.

Ескрткіш

САЛТ аттының тегеурінді қолы құз-құяның ұшар басына жете бере асаудың басын әзер тартып тоқтатты. Екінші қолын алыс қиярларға қарай сілтепті. Басын ұстауынан, отырысынан алапат күш пен ұлан-ғайыр жігер сезіледі. Бұл - Бірінші Петрдің ескерткіші.

Ескерткіш - Белгілі бір атақты адам мен тарихи оқиғаның құрметіне қойылған монументтік тас мүсін. («Мүсін өнерін» қараңыз) . Ол әлгі адам мен әлгі оқиғаны есте қалдыруға қызмет етеді.

Бірінші Петрдің ескерткішін атақты франфуз мүсіншісі Этьен Фальконе жасаған. Ол 1766 жылы ІІ Екатеринаның шақыруымен арбамен жол жүріп Парижден Петербургқа келді. Онымен бірге шәкірті, мүсінші әйел Мария Калло да келді.

Оларға берілген кішкене шеберханада бірден қызу жұмыс басталды. Фальконе Петрдің өмірін зерттеді, портреттерімен танысты, олардан көшірме суреттер салды. Оның өтініші бойынша арнайы жастар жасалып, оған сол замандағы шабандоз жігіттер атпен шауып шығып, құзға құлай бере атын тоқтатып көрсетеді. Алдыңғы аяғымен көкке шапшып әзер тоқтаған сыңар езу аттарды, оның үстіндегі жүрек жұтқан шабандоздың отырысын мүсінші ерінбей зерттеп, суретке түсіре береді.

Мүсінші ескерткіш жобасын жасау үстінде Бірінші Петрдің басын кеғлтіре алмағанын байқады. Оны жасап көруді өзінің шәкіртіне тапсырды. Талантты бойжеткен оны бір түннің ішінде жасап шықты. Ол жасаған Петрдің от пен жігерге толы дидары соншалықты әдемі, соншалықты әсерлі!

Мүсінші белгілі бір адамның ескерткішін жасағанда, оның басқа адамдарға ұқсамайтын, тек өзіне ғана тән, ала бөтен ерекшеліктерін қарастырып бағады. Фальконе де Петрді Россияның ұлы өзгертушісі етіп бейнеледі.

Екі қолын артына ұстап, басын сал еңкейтіп, ойға шомған Пушкин біздің көз алдымызда тұр. Ол құдды бір өзінің болашақ жарының таңғажайып ырғағына елтігендей, тұңғиық ой үстінде. Бұл - Москвадағы ақын атындағы алаңға қойылған атақты ескерткіш. Оны жасаған мүсінші А. М. Опекушин. Ол ақынның сырт келбетін де, ішкі жан дүниесін де айнытпай жеткізе білген.

Москвадағы Қызыл алаңда Василий Блаженный храмының қасында Кремльге қарап И. П. Мартостың Минин мен Пожарскийге қойған ескерткіші тұр.

Мүсінші тарихты тыңғылықты зерттеп, Россияны поляк басқыншыларынан азат еткен нағыз ерлердің кісі тамсанарлық бейнесін жасай білді.

Мартос бұл ескерткішті жасауға 14 жыл уақыт жіберді. Екі мүсін жасалып болған соң Петербургтен су жолы арқылы Москваға әкелінеді. 1818 жылы 20 февральда ескерткіш салтанатты жағдайда ашылды.

Жанр

СУРЕТШІЛЕР әр қилы шығармалар тудырады. Біреуі табиғатты, екіншісі адамды бейнелесе, үшіншісі күнде көріп жүрген қарапайым заттарды кесеіндейді. Міне, шығармаларды сол нені бейнелегеніне қарап, жанрға бөлінетін болған.

Василий Иванович Суриков орыс тарихына құмар-тын. Оның «Стрелецтерді дарға асқан күңгі таң», «Меншиков Березовода», «Боярина Морозова» және де басқа шығармалары өткен ғасырлар оқиғаларына арналған. Сондықтан да біз оларды тарихи жанрдың туындылары деп санаймыз.

Теңіз көріністерін салуды сүйетін суретшілерді латынның «marinus» - теңіз деген сөзінен шығарып маринистер деп атайды. Орыс маринистерінен ең көрнектісі И. К. Айвазовский болды. Ол өмір бақи бірде бұрқан-талқан тулап, бірде моп-момақан тыныш жататын теңіз жазирасын бейнелеп өтті.

Кей суреттерде ұрыс даласындағы шайқастарды көреміз. Ондай шығармалар батальдық жанрға жатады. Батальдық тақырыпта шығармалар тудыратын суретшіні «баталист» деп атайды. Орыс суретшісі В. В. Верещагин мен совет суретшісі М. Б. Греков, міне, осындай баталистер еді. Әйгілі «Тачанканы» қай-қайсыңыз да жақсы білетін шығарсыз.

Ендеше, көз алдыңызға мына бір суретті ұсынайық: шамасы, шеберханаға келінкіремейтін кішкене бөлме. Мольберт алдында жас-өспірім бала отыр. Қолы сидиған ұзын; оған үстіндегі көкірекшесі әлдеқашан симай қалған. Ол қарсы алдында отырған қызғылт көйлекті кішкене қыздың суретін салып отыр. Қимылынан, отырысынан, қол сілтесінен шабыт сезіледі. Терезеден түскен жұмсақ нұр кішкене бөлмеге жарық беріп, суретші баланың арқасына, шашына, қыл қалам ұстаған қолына ерекше сәуле төгеді. Өмірдің өзінен ойып алынған осы бір «Жас суретші» деп аталатын шығарманың өне бойы нәзік сырға, жырға толы. Оның авторы - XVIII ғасырдағы талантты орыс суретшісі И. Фирсов.

Бұл тектес шығармалар тұрмыстық жанрға жатады. Оларды көбіне көп «жанрлық бейнелеу өнері» деп те атайды. Голланд суретшісі Питер Брейгельдің «Шаруалар биі» картинасы да - тұрмыстық жанр туындысы.

Бұлардан басқа да жанрлар бар. Олар туралы «Интерьер», «Натюрморт», «Пейзаж», «Портрет» деген мақалалардан оқисыздар.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Мектеп жасына дейінгі балалардың бейнелеу өнері сабағы арқылы қиялын дамыту
Болашақ бейнелеу өнері мұғалімдерін мектепте графиканы оқытуға даярлау
Бейнелеу өнерінен сыныптан тыс жұмыстарды ұйымдастыру әдістері
Бейнелеу өнері туралы мәліметтер
Бейнелеу өнерінің оқу курсы
Естиярлар тобында сурет салуға оқытудың әдістемесі
Бейнелеу өнері сабағында акварель техникасын қолдану арқылы оқушылардың шығармашылық әрекетін қалыптастырудың педагогикалық тиімді шарттарын теориялық тұрғыдан негіздеп, әдістемелік ұсыныстар жасау
БЕЙНЕЛЕУ ӨНЕРІН ОҚЫТУ ӘДІСТЕМЕСІ
Бейнелеу өнері пәні барысында бастауыш сынып оқушыларының дүниетанымын қалыптастыру
Табиғат көріністерін бейнелеуге оқушыларды үйретудің тиімді әдістері
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz