Бунақденелілердің сыртқы құрылысы


1-ші ДӘРІС (ЛЕКЦИЯ)
ТАҚЫРЫБЫ: Бунақденелілердің сыртқы құрылысы
Насекомның (бунақденелілердің) денесі бас, кеуде және құрсақ, - деп аталатын 3 бөлімнен, ал олардың әрқайсысы әр түрлі қосалқы мүшелермен жабдықталған бірнеше бунақтардан тұрады.
1. Бас және оның қосалқы мүшелері. Бас - тканьдері тығыздалған және мидың сауаты болып есептеледі. Онда симметриялы орналасқан 1 жұп күрделі көз, қарапайым көздер (1-3) және қозғалмалы мұртшалар мен ауыз мүшелері болады.
Бас сауытының өзі бір-бірімен тігіс арқылы ажырайтын бірнеше бөлшектерден құралады. Бастың алдыңғы жағындағы кеңірек келген маңдай бөлігі үстіңгі жағына қарай төбе, одан соң желке (шүйде), - деп аталатын бөлімдерден жалғасады. Бет жоғарғы жақпен жалғасады.
Мұртшалар немесе антенналар. Мұртшалар маңдайдың екі жағында, көз аралығында орналасқан бірнеше буыннан тұрады. Иіс және сезім мүшелерінің қызметін атқарады. Насекомдар мұртшаларының құрылысы қандай түрлерге немесе топтарға жататынына байланысты әр түрлі болады. Сондықтан бұл белгі насеком түрлерін анықтау үшін кең пайдаланылады. Аталық бұнақденелілердің мұртшалары ұрғашы насекомға қарағанда жақсы жетілген.
Қоректік заттардың түрлеріне және қоректену тәсілдеріне байланысты әр түрлі топқа жататын насекомдардың ауыз мүшелері құрылысы әр түрлі болып келеді. Ауыз мүшесі негізінен кеміргіш және сорғыш болып екі топқа бөлінеді. Кеміргіш ауыз өсімдіктердің әртүрлі мүшелері, тұқымдары және органикалық қалдықтар сияқты қоректік заттардың қатты түрлерімен қоректенуге бейімделген. Ол шығу тегі жағынан ауыз мүшелерінің ішіндегі ең байырғысы және сорғыш ауыз мүшелері тұрғысынан қарағанда алғашқы түрі.
Бунақденелілердің жеке бір топтарының сұйық қорекпен (гүл шырыны, өсімдік ұлпасының шырыны, жануарлардың қаны) қоректенуге көшуіне байланысты сорғыш ауыз мүшелері типінің түрленген өзгерістері пайда болған.
Кеміргіш ауыз бунақталмаған бір жұп жоғары жақтан, бунақталған бір жұп төменгі жақтан және бунақталған төменгі еріннен тұрады. Ауыз мүшелерінің мұндай түрі тарақандарға, тура қанаттыларға, қоңыздарға, тор қанаттылар мен жарғақ қанаттылардың кейбіреулеріне, көбелектердің жұлдыз құрттарына және көптеген басқа насекомдардың дернәсілдеріне тән.
Сорғыш ауыз мүшелері едәуір өзгерістерге ұшыраған, бірақ соған қарамастан көпшілік жағдайларда кеміргіш ауыз мүшелері типіне тән жалпы белгілер оларда сақталып қалған. Мысалы, жалап-кеміргіш ауыз мүшелерінің (бал арасы, жабайы ара) төменгі жақтары және төменгі еріні ұзын тұмсыққа айналған. Олардың жеке бөлшектері өте ұзарған. Қандалалардың шаншып-сорғыш ауыз мүшелерінің жоғарғы және төменгі жақ бөлімдері өте жіңішке және ұзын шаншығыш қылшықтарға айналған. Олар көп бунақталған ұзын тұмсықтың ішінде орналасады.
Ауыз мүшелерінің сыртқы шығыңқы бөліктерінің орналасуына қарай насекомдардың басын үш типке бөледі: гипогнаттық, прогнаттық және опистогнаттық бас. Гипогнаттық баста ауыз бөлімшелері төмен қарай бағытталған (шегіртке, қандала, қоңыздардың көптеген түрлері), прогнаттық баста ауыз бөліктері алдына қарай бағытталған (барылдақ қоңыздар, алтын көзділердің дернәсілдері), опистогнаттық баста ауыз бөліктері төмен және артқа қарай бағытталған (бітелер, бүрге, шіркей, цикада) .
2. Кеуде. Бунақденелердің кеуде бөлімі - алдыңғы, ортаңғы, артқы кеуде, - деп, аталатын 3 бунақтан түзілген. Бунақтардың әрқайсысы арқа, немесе тергит - деп, аталатын жоғарғы жарты сақинадан, төс, немесе стернит - деп, аталатын төменгі жарты сақинадан және плейрит - деп, аталатын бүйір жағындағы бөліктерден тұрады.
Кеуде бөліктің әрбір бунағында бір жұп аяқ (барлығы 3 жұп аяқ), ал ортаңғы және артқы көкіректе бір жұптан (барлығы 2 жұп) қанат болады. Бұнақденелілердің аяғы жамбас (төспен жалғасқан), ұршық, сан, жіліншік (сирақ), табан деп аталатын бірнеше бунақтардан тұрады. Табан бунақтарының саны қандай түрге, топқа жататынына байланысты 1-5 дейін болады. Табанның ең соңғы бунағы арасында 1-3 төмпешік орналасқан, ол көбінесе бір немесе екі тырнақшамен бітеді.
Тіршілік ету жағдайларына және жеке топтардың мамандану дәрежесіне байланысты насекомдардың аяқтарын бірнеше типке бөледі. Мысалы, тарақан, барылдақ қоңыз, қандала сияқты жылдам жүгіретін насекомдарға жіңішкерген ұзын сирақты аяқ тән. Тіршілік жағдайларына немесе қозғалу тәсілдеріне бейімделу алдыңғы немесе артқы аяқтардың мамандануына себеп болған. Мысалы, бұзаубастың, зауза қоңыздың жетіліп дамуы ұзақ уақыт топырақ арасында өтуіне байланысты алдыңғы аяғы жерді қазуға, дәуіттің алдыңғы аяғы құрбанын шап беріп ұстауға, шегірткенің артқы аяғы секіруге, суды мекендейтін насекомдардың (жүзгіш қоңыз т. б. ) артқы аяғы жүзуге, араның артқы аяғы гүл тозаңдарын жинауға бейімделген. Осы айтылғандарға сәйкес насекомдарда қазғыш, ұстағыш, секіргіш, жинағыш аяқ типтері пайда болған.
Насекомдарға әдетте 2 жұп қанат болады. Алайда кейбіреулерінде тек қана алдыңғы жұп қанат (қос қанаттылар немесе шыбындар, кокцидтердің біраз түрлерінде) кейде артқы жұп қанат (желпіуіш қанаттылардың еркегінде) дамыған.
3. Құрсақ. Құрсақ бұнақденелілердің денесінің үшінші бөлігі, ол азды-көпті өзара ұқсас бірқатар бунақтардан тұрады. Ересек насекомның құрсақ бунақтарында аяқ болмайды. Ең қарапайым насекомдардың құрсағы ІІ бунақтан тұрады (протуралар) . Жойылып немесе жекеленген мүшелерінің қосылып кетуіне байланысты, көзге көрінетін бунақтардың саны 9-10 (тура қанаттыларда) немесе әуелі 4-6 (жарғақ қанаттыларда, қос қанаттыларда) шамасына дейін қысқарған. Көптеген насекомдардың жекелеген бунақтарында қосалқы мүшелер болады. Жыныс қосалқы мүшелері VІІІ және ІХ құрсақ сегменттерінде орналасқандықтан, оларды генитальдық бунақтар деп, І-VІІІ бунақтарды прегенитальдық , ал Х-ХІ бунақтарды постгенитальдық бунақтар деп атайды. Прегенитальдық сегменттерде қосалқы мүшелердің болуы тек алғашқы қанатсыздар класс тармағының өкілдеріне ғана тән. Мысалы, құрсақ аяқтарының қалдығы протуралардың І-VІІІ бунақтарында сақталған: аяқ құйрықтылардың І - бунағында құрсақ түтігі, ІІІ - бунағында ілгек және ІV бунағында секіргіш айыр болады.
Жыныстық қосалқы мүшелеріне ұрғашы насекомның жұмыртқа қынабы және еркек насекомның сыртқы жыныс мүшелері жатады. Жұмыртқа қынабы тура қанаттылар (әсіресе шекшектер мен шілделіктерде өте ұзын) мен жарғақ қанаттыларда (шаншарларда) жақсы жетілген. Ара және басқа да шағып алатын насекомдардың жұмыртқа салғышы бізгекке айналған. Аталық насекомның сыртқы жыныс құралы копулятивті мүшеден және әр түрлі құрылысты бірнеше қосалқы мүшелерден тұрады.
Постгенитальдық қосалқы мүшесі бар насекомдардың кейбір топтарында церкі және грифель деп аталатын қосалқы мүшелер жақсы жетілген. Мысалы, тарақандікі - бунақталған жұпты. Грифельдер жоғары сатылы насекомдардың ішінде тек қана шекшектер мен тарақандардың еркектерінде сақталған.
Құрсақ артқы көкірекпен тұтаса жалғасады. Құрсақтың мұндай түрін қондырма құрсақ дейді. Жарғақ қанаттылардың көптеген түрлерінің құрсағы көкірек пен түрі өзгерген ІІ және ІІІ құрсақ бунақтары болып саналатын сабақша арқылы жалғасады. Бұл жағдайда сабақша қысқа болса, онда аспа құрсақ (арада, түкті арада) ал ұзын болса сабақшалы құрсақ (құмырсқада, шаншарда) деп аталады.
4. Тері жамылғысы. Бунақденелілердің тіршілігі үшін тері жамылғысының маңызы зор. Ол бұлшық ет жүйесінің тірегі бола отырып, дененің ылғал режимін реттеуді қамтамасыз етеді. Сонымен қатар тыныс алу, зәр шығару, денені механикалық зақымданудан және зиянды заттардың енуінен қорғау қызметтерін де атқарады. Насекомдардың түсінің де әр түрлі болуы осы тері жамылғысына байланысты. Тері қабаттың туындылары болып есептелінетін сыртқы қосалқы мүшелер (түк, қылшы қабыршақ) ішкі немесе эндоскелеттік, өсінділер және әр түрлі бездері (балауыз шығаратын, лак беретін, иіс шығаратын және тағы басқалар) маңызды роль атқарады.
Тері жамылғысы кутикула , гиподерма және өте жұқа базаль жарғағы -деп, аталатын 3 компоненттен тұрады.
Кутикула тері жамылғысының ең сыртқы бөлігі клетка құрылысты емес. Кутикуланың өзі екі қабаттан тұрады: сыртқы және ішкі қабаттар. Сыртқы қабат немесе эпикутикула өте жұқа. Бірақ эпикутикула табиғаты липоидтық болу себебінен, майда еритін улар үшін тосқауылдық қызмет атқара алмайды. Протикуланың , әсіресе оның үстіңгі қабаты - экзакутикуланың түсі қара-қоңыр және ол, құрамында дубилді (тері илеуге пайдаланатын) заттар және қосылыс түзетін хитин мен белоктардың мол болуынан әжептеуір қатыңқы келеді. Эндокутикула да (прокутикуланың астыңғы қабаты) өте серпімді келеді де, насекомның тері жамылғысының созылғыштығын қамтамасыз етеді.
Гиподерма цилиндр немесе текше пішінді эпителия клеткаларының қабатынан тұрады. Гиподерма клеткалары кутикуланы жасайтын заттарды, сонымен қатар насекомның әрбір түлеуі алдында кутикуланың астыңғы қабатын ерітетін заттарды бөліп шығарады.
Базаль жарғағы гиподерма клеткаларының төсенші ретінде тері жамылғысы мен дене қуысының арасындағы шекара қызметін атқарады. Онда клеткалық құрылым болады. 2-ші ДӘРІС (ЛЕКЦИЯ)
ТАҚЫРЫБЫ: Бунақденелілердің (насекомдар) ішкі құрылысы
1. Бұлшық ет жүйесі . Бұнақденелілердің бұлшық еттері жақсы жетіліп, барынша жетіліп бөлінген. Мысалы, кейбір көбелектердің жұлдызқұрттарындағы бұлшық еттер саны 2000-ға жетеді. Жетілген бұлшық ет насекомның кеуде бөлігінде орналасқан. Бұл жақсы ұшатын насекомдарға тән. Мұндай бұлшық ет насекомдардың ұшу жылдамдығын ұлғайтады, қанат қағу жиілігін арттыруға мүмкіндік туғызады. Мысалы, бал арасы қанатын секундына 450 рет, шыбындардың кейбір түрлері шамасы1000 ретке дейін қағады, ал инеліктердің кейбір түрлері сағатына 144 км жылдамдықпен ұша алады. Салыстырмалы күші өте зор. Мысалы, қи қоңызы өз салмағынан 90 есе артық жүкті қозғалтып жылжыта алады, ал бүрге өз денесінің ұзындығынан 80 есе ұзын қашықтыққа секіре алатындығы белгілі.
2. Ас қорыту жүйесі. Бұнақденелілердің ас қорыту жүйесі ішектен және қызметі жағынан сонымен байланысты сілекей бездерінен тұрады. Ішек ауыз қуысынан басталып, дене бойымен өтеді де құрсақ соңындағы артқы тесікпен аяқталады. Ішек үш бөлімнен тұрады: алдыңғы ішек, ортаңғы ішек және артқы ішек. Алдыңғы ішек пен артқы ішек ұрықтың дамуы кезеңінде сыртқы ұрық жапырағынан (эктодермадан) пайда болған. Ортаңғы ішек ішкі ұрық жапырағынан (эндодермадан) пайда болған. Алдыңғы және артқы ішектерден тағы бір айырмашылығы оның етінің қабаты сақиналы еттерден, ал сыртқысы салалы еттерден тұрады.
Алдыңғы ішек жұтқыншақ, өңеш, жемсау және алдыңғы қарын немесе етті қарын деп аталатын 4 бөлікке бөлінеді. Өңеш - айқын шекарасыз едәуір көлемі жемсаумен ұштасатын ұзын түтікше. Жемсауда тамақ уақытша жиналып, алдын ала қорытыла бастайыды. Бірақ, ішектің бұл бөлімінде тамақтың сіңірілу процесі жүрмейді. Етті қарында (егер ол жақсы жетілген болса) күшті бұлшық еттер бар және оның ішкі керегелері хитинді тістермен жабдықталған.
Ортаңғы ішек - ас қорыту жүйесінің ең негізгі бөлімі. Ол қи қоңызы және өлексе шыбыны сияқты қиынырақ қорытылатын заттарымен қоректенетін насекомдарға өте ұзын болады да, иіріліп орналасады. Сонымен қатар ортаңғы ішектің сіңіру аумағы ұштары бітеу қосымша тармақтар мен қатпарлар есебінен де ұлғая түседі. Азды-көпті қант ерітіндісі бар артқы ішекке өтіп, одан жабысқақ тәтті шырын немесе бал шығы түрінде сыртқа шығарылады. Ал белоктар және басқа жоғары молекулалы қосылыстар осында тоқталып жиналады да одан ортаңғы ішекке өтеді.
Ортаңғы ішекте ас қорыту ферменттері бөлініп шығады және қорытылған тамақ сіңіріледі. Артқы ішек - мальпиги түтікшелері келіп қиылысатын, қысқа бөліктен және аш ішек пен тура ішектен тұрады. Артқы ішекте тамақ қалдықтарында болатын судың сорылу процесі жүреді. Оған кейбір насекомдардың тура ішегінде болатын ректаль бездері де көмектеседі. Экскременттің біржола қалыптасуы және оның сыртқа шығарылуы артқы тесік арқылы іске асырылады.
Бұнақденелілердің 3-4 жұп, кейде одан да көп, сілекей бездері болады. Олар әдетте жоғарғы ерінмен және жоғарғы жақпен, төменгі жақпен байланысты болады да түтікшелер арқылы алдыңғы ауыз қуысына ашылады. Сілекей бездері мен ортаңғы ішек қорытылуы ас қорыту түзілетін орын. Ферменттер тамақтың қорытылуы үшін өте қажет.
Қоректік заттардың әуелі ішекке түсуінен бұрынырақ ферменттердің көмегімен қорытыла бастауы жиі байқалады. Мұны ішектен тыс қорытылу дейді. Мысалы, бақашық қандала астықтың дәнін тұмсығымен шаншыған кезде оған сілекей ферментін құяды. Фермент дән ішінде биохимиялық өзгерістер жасап, оны соруды жеңілдетеді. Ішектен тыс қорытылу әсіресе жыртқыш насекомдарда өте айқын байқалады.
3. Қан айналу жүйесі . Бұнақденелердің қан айналу жүйесі ашық. Ол құрсақтың үстіңгі жағына орналасқан арқа тамырдан немесе жүректен, одан алға қарай барып, бас қуысына ашылатын қолқадан тұрады. Жүрек бірнеше камераға (қуысқа) бөлінеді. Әр камерада бір жұптан бүйір тесіктері устьицалар бар. Камера кеңейген кезде олар арқылы қан ішке сорылады. Жүректің камералары кезекпен бірінен соң бірі жиырылып қанды алға қарай (қолқаға) айдайды. Қолқадан шыққан қан бас қуысына, одан соң ішкі дене қуысына құйылады. Құрсақта қан өкпе қапшықтарын және трахея жүйесін аралап өтіп, оттегімен қанығып, одан соң қайтадан жүрекке барады. Қанның дене қуыстарын және ондағы ішкі мүшелерді аралап айналып шығуына белгілі дәрежеде арқа және құрсақ диафрагмалары көмектеседі. Жүректің соғу саны (камералардың ауық-ауық жиырылуы) насекомның қандай түрге жататындығына, оның физиологиялық күйіне және сыртқы орта жағдайларына байланысты минутына 15-30 шамасынан 150 аралығында құбылып тұрады.
Бұнақденелілердің қаны сұйық фазадан (немесе гемолимфадан) және қан клеткаларынан (немесе гемоцидтерден) тұрады. Гемолимфа құрамы омыртқалылардың гемоглобиніне жақын заттың болуынан қызыл түске боялады. Қан қоректік заттарды тасымалдайды, олармен дене тканьдарын қамтамасыз етеді, зат алмасу процесінде пайда болған сұйық заттарды сіңіріп мальпиги түтікшелеріне жеткізеді, көптеген физиологиялық процесстерді реттейтін гормондарды тасымалдайды.
Гемолимфада денеге енген микроорганизмдерді құртуға көмектесетін клеткалар - фагоциттер де болады. Гемоглобиннің жоқтығынан гемолимфаның сыйымдылығы онша зор емес және онда еріген оттегінің мөлшері өте аз, сондықтан қанның тыныс алу қызметіне қатысы шамалы ғана.
4. Тыныстану жүйесі. Бұнақденелілердің тыныстануы денесінің өн бойына жеткізетін диаметрі 1 мкм-ден де кіші өте ұсақ капиллярларға-трахеолдарға тармақталған. Трахеялар сыртқы дененің екі жақ бүйіріне орналасқан жұпты тыныс тесіктері арқылы ашылады. Әдетте 10 жұп тыныс тесігі болады. Оның 2 жұбы дененің кеуде бөлігінде және 8 жұбы құрсақта орналасады. Кейде олардың оннан аз болуы немесе біржола жоқ болуы (алғашқы қанатсыздарда, суда және паразиттік тіршілік ететін насекомдардың личинкаларында) мүмкін. Ауа трахея жүйесіне құрсақтың қимылдау әрекеті нәтижесінде қарқынды түрде енеді. Осы кезде тыныс тесіктерінің біреуі ашылып, екіншісі жабылып тұрады да дем алу немесе дем шығару қызметі орындалады.
Тыныстану дегеніміз - ауадағы оттегін пайдалану және сонымен бірге көмір қышқыл газын бөліп шығару түрінде жүретін табиғи процесс. Қосылыстардың ыдырауының ең соңында көмір қышқыл газы мен судың түзілуімен, ал белоктар ыдырап, организм үшін қауіпсіз мочевина және оның тұздары тектес қосылыстардың, яғни ыдырау продуктыларының түзілуімен аяқталады. Сөйтіп тыныс алу газ алмасумен бірге жүреді.
5. Зәр шығару жүйесі . Зәр шығару экскреция, секреция және инкреция (немесе ішкі секреция) деп аталатын 3 түрлі процестен тұрады.
Экскреция - зат алмасу кезінде ас қорыту жүйесінен тыс жерде пайда болатын процесс. Организм үшін зиянды және керексіз заттарды - экскреттерді денеден шығару процесі. Экскреттерге несеп қышқылы және оның тұздары, сонымен қатар калий, натрий, кальций, магний катиондары, қымыздық қышқылы мен фосфор қышқылы және басқа азот алмасуының ерітінді түріндегі өнімдері жатады. Экскреттерді бөліп шығаратын мүшелерге мальпиги түтікшелері, алғашқы қанатсыздардың төменгі ерін бездері және майлы дененің клеткалары жатады.
Мальпиги түтікшелері - зәр шығару жүйесінің негізгі мүшесі. Түтікшелердің бос жатқан бір ұшы болады да, екінші ұшы ішекпен жалғасады. Олардың саны 2 шамасынан (сымыларда) 150 шамасына дейін (араларда) құбылып тұрады.
Мальпиги түтікшелері атқараратын қызметі жағынан омыртқалы жануарлардың бүйрегіне ұқсас. Несеп қышқылды кальций және натрий тұздарының судағы ерітіндісі (ураттар) түтікшенің ішін шайып өтетін гемолимфадан бөлінеді де, түтікшенің ақырғы бөлімінің қуысына өтеді. Сол кезде түтікшедегі бос көмір қышқылы ураттардан несеп қышқылын ығыстырады. Осының нәтижесінде көмір қышқылының сілтісі және бос несеп қышқылы түзіледі. Несеп қышқылы концентрацияның көтерілуіне орай ұсақ кристалдарға айналады да түтікшеден ішекке, одан соң артқы ішектегі экскременттермен бірге аналь тесігі арқылы сыртқа шығарылады. Оңай еритін көмір қышқылының сілтілері сумен түтікшенің керегесі арқылы қайтадан қанға өтеді, онда несеп қышқылмен кездесіп, қайтадан түтікше қуысына өтетін ураттарды түзеді. Ылғалды ортада тіршілік ететін немесе суы көп қоректік заттармен қоректенетін насекомдарда мальпиги түтікшелері гемолимфадан артық суды да бөліп шығарады. Кейде бұл процесс өте жылдам жүреді.
Секреция-организмге қажетті заттардың, яғни секреттердің шығу процесі. Секреттерді экзокрин деп атайтын әр түрлі бездер шығарады. Оларға ас қорыту ферменттерін бөліп шығаратын сілекей бездері мен ортаңғы ішектің бездері, сонымен қатар денені механикалық зақымданудан қорғайтын заттарды бөліп шығаратын бездер жатады.
Кейбір бездер басқа жануарларға химиялық жолмен әсер ететін телергон деп аталатын активті заттарды бөліп шығарады. Олар жануарлардың басқа түрлеріне әсер ететін гетеротелергон және өз түрінің басқаларына әсер ететін гомотелергон немесе феромон деп аталатын екі топқа бөлінеді.
Феромондардың практикалық маңызы зор. Әсіресе жыныс феромоны немесе жыныс аттрактанты жақсы зерттелген. Олар өте аз мөлшерде, бірақ басқа жынысты насекомды өзіне тарта алатындай дәрежеде бөлінеді. Мысалы, бір ұрғашы насекомның беретін секреті одан ондаған, кейде жүздеген метр қашықтықта орналасқан сол түрдің еркектерін өзіне тартып жинау үшін жеткілікті. Феромондардың кейбіреулері синтезделіп күресу және олардың сан мөлшерін есепке алу үшін пайдаланылады.
Инкреция-өткізгіш түтікшелері жоқ эндокриндік бездердің секреттерінің тікелей бірден қанға өту процесі. Ондай секреттерді гормондар деп атайды. Олар қан мен дененің барлық бөлімдеріне таралып, зат алмасу процессі мен насекомның дамуын реттейді. Әсіресе, бас миының нейросекретор клеткалары, алдыңғы көкірек немесе проторокаль бездері және «жатқан денелер» (прилежащие) деп аталатын 3 жұп без өте жақсы дамыған.
Мидың нейросекретор клеткалары эндокрин бездерінің әрекетін күшейтетін активті гормон бөледі. Бұл гормонның бөлінуі тоқталса насекомдардың личинкалары мен қуыршақтары дамуын тоқтатып, диапаузаға кетеді.
6. Жүйке жүйесі. Бұнақденелілерде үш түрлі жүйке жүйесі болады: орталық, шеткі және симпатикалық нерв жүйелері. Орталық нерв жүйесінің негізін бунақ аралық ұзын тәжілермен жалғасқан нерв түйіндері (немесе ганглиялар) құрайды. Орталық жүйке жүйесі бас және құрсақ бөлімінен тұрады. Бас бөлімге өңештің үстінде орналасқан өте жақсы жетілген «жұтқыншақ үсті» түйін (немесе бас миы) және одан гөрі нашар жетілген өңеш астында орналасқан «жұтқыншақ асты» түйін жатады. Құрсақ бөлімі құрсақ нерв тізбегін құратын бірқатар ганглиялардан тұрады.
Мидың құрлысы өте күрделі: өзара тұтаса біріккен үш ганглиядан тұрады. Алдыңғы бөлімі (протоцеребрум) басқаларына қарағанда жақсы жетілген және ол күрделі көздер мен бір сабақшалы немесе саңырауқұлақ тәрізді, денелерді нервтендіретін 2 көру төмпешігін өзіне қосып алған. Мидың ортаңғы бөлігі (дейтоцеребум) мұртшаларды, ал артқы бөлімі (тритоцеребум) - жоғары ерінді нервтендіреді және симпатикалық нерв жүйесімен байланысты болады.
«Жұтқыншақ асты» түйін бастың жақ бөлімінің 3 ганглиясының тұтасып қосылуы нәтижесінде пайда болған. Ол ауыз мүшелері мен ішек түтігінің алдыңғы бөлімін нервтендіреді.
Құрсақ нерв тізбегі қарапайым насекомда 3 жұп көкірек және 8 жұп құрсақ ганглияларынан тұрады. Бунақденелердің жүйке жүйесінің ең негізгі ерекшеліктерінің бірі-құрсақ нерв тізбегі ганглияларының кейбіреулерінің тұтаса бірігіп кету ықтималдығында.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz