Д.Исабеков повестеріндегі ұлттық мінез сипаты


Пән: Әдебиет
Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 111 бет
Таңдаулыға:   

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

АБАЙ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ

ӘОЖ 82. 08:82-31 (092) Қолжазба құқығында

НЕТАЛИЕВА ДАРМИЯ ҚАЙЫРБАЙҚЫЗЫ

Д. Исабеков повестеріндегі ұлттық мінез сипаты

10. 01. 02- қазақ әдебиеті

Филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін

дайындалған диссертация

Ғылыми жетекші:

филология ғылымдарының

кандидаты С. Мақпырұлы

Қазақстан Республикасы

Алматы, 2007

М А З М Ұ Н Ы

КІРІСПЕ 3

1 ҰЛТТЫҚ МІНЕЗДІҢ БЕЙНЕЛЕНУІНДЕГІ ДӘСТҮР ЖӘНЕ

ЖАЛҒАСТЫҚ 16

2 Д. ИСАБЕКОВ ПОВЕСТЕРІНДЕГІ КЕЙІПКЕРДІҢ ҰЛТТЫҚ

СИПАТЫ 64

ҚОРЫТЫНДЫ 134

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ 141

К І Р І С П Е

XX ғасырдың 60-90 жылдары кеңестік қазақ әдебиетінің жаңаша дәуірлеген кезеңі болып тарихқа енді. Қоғамды қайта құрғысы келген КСРО басшысы М. С. Горбачев қасаң қағиданы бұзып, СОКП-ның соңғы съезіндегі пікірі арқылы көркем өнердегі бюрократиялық жүйеге төңкеріс жасады. Шындықтың сыңаржақ баяндалып жүргені белгілі болып, әдебиетке жаңа талаптар қойылды. Әр құбылыстың күнгейін ғана суреттемей, көлеңкесіне үңілуді міндеттеді. Сөйтіп, драматизм мен романтизмнің орны анықталып, социалистік реализм әдісімен бейнелеуде бетбұрыстар жасалды. Тұмшаланған саяси бет-пердесін сыпыра бастаған әдебиет жетпіс жыл бойғы тоңын жібітіп, кейіпкері арқылы танытуға мәжбүр болған идеологиялық көзқарас, үгіт-насихаттан арылды. 1926-28 жылдардағы «байшыл-ұлтшыл» атанған оппозиция мен КазАПП-тың айтысына айналған ұлттық ерекшелік, қасиеттердің бейнеленуі осы дәуірде жалғасын тауып, өзіне тән сипатпен белең алды және кең тұрғыда суреттеуге мүмкіндік берілді. Бұл дәуірдің жаңа буындары Ә. Кекілбаев, Қ. Жұмаділов, М. Мағауин, Ә. Тарази, О. Бөкеев, Т. Әбдіков, Б. Нұржекеев, А. Сейдімбеков, Д. Исабеков т. б. қоғам дамуын ұлттық ұғым-түсінікпен ашып беруді мақсат етті. Реалистік өнерді дамытып, оны адамның тұрмыс-тіршілігінің қиын жақтарын суреттеумен өрістетті. Қоғам мен адам, жеке адам дамуының қайшылықтарын саяси тұрғыдан емес, әлеуметтік аяда шешіп, көркемдік деңгейін жетілдірді. Психологиялық талдауды өрістетіп, эстетикалық идеал бола алатын жаңа қаһарманды дүниеге келтірді. Ол -кеңес халқының өкілі деген аттан ада, барлық әрекеті ұлттың жан әлемімен тұлғаландырылған бейне.

Жоғарыда аталған жазушылар кейіпкер диалектикасын қоғам дамуымен қатысты алып, өмірдің әділетсіз жағына көп үңіледі. Бұл бағытта тереңірек жазған Д. Исабеков те әдебиетке болмысы өзгеше бейнелер әкелді. Таптаурын болған тап күресі, социализм үшін күрестен айырмашылығы - ол күрескерлер адамдық үшін тартысқа түсті. Көзбен көруден гөрі, оймен сезілетін мұндай күрестің қаһармандарының әрекетсіздігіндей көрінетін оқиғаларға мол орын берілді. Сол себепті олар сыншы-ғалымдар тарапынан әр түрлі бағаға ие болып жатты. Дегенмен, қарымды қаламгер Д. Исабеков тағдыры ауыр кейіпкер арқылы адам жанының құпиясын ашып, философиялық, әлеуметтік, адамгершілік мәселелерін ұлттық дүниетаным-мен астастыра білді.

Зерттеу жұмысының өзектілігі . Ұлттық мінез - өзіндік болмысы, жеке психологиялық ерекшелігі бар кейіпкердің ұлттық сипаты. Идеологиялық майданның негізгі факторы болған кеңес дәуіріндегі әдебиетте халықтық, интернационалдық сипатқа баса назар аударылып, ұлттық ерекшелікке көңіл бөлінбей, оны жалпы ұлттық белгілермен байланыстыра қарау орын алды. Кеңес дәуірінде қай шығарманың да ұлттық бояуы болғанмен, арнайы зерделенгені сирек болды. Өйткені бұл категория ол кезеңде негізгі мәнге әлі ие бола қоймаған еді. Бұған сталиндік жылымықтан кейінгі ел жағдайының әдеби процеске әсері де себеп болса керек. КСРО әдебиетінің қалыптасуы толық аяқталған алпысыншы жылдары ғана көркем әдеби шығармалардың ұлттық ерекшелігін бағамдау үшін ғылыми айтыстар басталып, ғылым ұлттық арнаға бет бұра бастаған. Сол пікірталастың ең өзектісі - кеңес одағында ұлттық мінездің болған-болмағандығы туралы ой талқы. В. Оскоцкий Кеңес Одағының 40 жылы социалистік кеңес халқының ұлттық ерекшелігінің жойылуы үшін жеткілікті болғандығын айтады[1, 261-б. ] . Ал бұл пікірді зерттеуші К. Бязарти екі жақты процесс ретінде қабылдап, былай түсіндіреді: «Аталған жағдай халықтар әдебиетінде ортақтықтар пайда болуына әкеледі және ұлттық ерекшелікті байытып, дамытады»[2, 257-б. ] . В. Оскоцкий өнер мен өмірді шындық тұрғысынан қарап, кеңестік көзқараспен ой білдіреді. Ал К. Бязарти дәлелінің жаны бар. Кеңестік мінез - сол кезең үшін жаңа мінез. Ол мінез көпұлттылық мәнін ашты. Дегенмен, бұл жамалған жанама мінез болғанын уақыт дәлелдеді. Өз топырағынан тамыр жайған ұлттық сипат қана тереңге бойлап, жүйелене береді екен. Қанша өзгеріс болса да, әдебиеттің ұлттық ерекшелігі сақталады. Ұлттық мінез мәселесі орыс, қазақ, шетел әдебиетін зерттеушілерін ертеден қызықтырады.

Орыс әдебиеттану ғылымында ұлттық мінез мәселесі туралы кең тараған қызу пікірталастың бір саласы ұлттық мінез табиғатын анықтауға арналады. «Ұлттық ерекшелік ұлттық мінезбен анықталынады, ұлттық мінез ұлттық ерекшелікте көрінеді»[1, 262-б. ], - дейді В. Оскоцкий. Кейіпкерді мінез белгілері емес, оның қалай көрінуі ерекшелейтіндігін анықтады. Ұлттық мінез мәселесі әр ғылым тұрғысынан қарастырылған. Әлеуметтанушы И. С. Кон “Ұлттық мінез: миф әлде шындық?” - деген сұрақ қойып, соған жауап іздейді. ”Егер ұлттық мінез белгілі бір ұлттың барлығына тән және басқа этникалық топтардан айрықшалайтын, әлеуметтік сипатын анықтайтын, өзгермейтін мән болса, ғылыми тұрғыдан миф деп түсіндіріледі. Бірақ әрбір әлеуметтік-психологиялық миф ретінде ол белгілі бір тарихи шындықты бейнелейді»[3, 228-б. ], - дейді. И. С. Кон жантану, әлеуметтану ғылымдары тұрғысынан әр түрлі әлеуметтік зерттеулер нәтижесінде миф те, шындық та деген тоқтамға келеді. Біз де бұл пікірге қосыламыз. Белгілі бір мінез нышандары ұлт болуымен бірге қалыптасып, өзіндік мінез-болмысқа айналып, ұлттық мінез болған да, бола да береді. Ал кейбір ұлттың психикалық пішіні барлық халықтарда кездесе беруі мүмкін. Демек, «этнопсихология - ұлттық мінез» деген байлам жасауының толық негізі бар. «Ұлттық мінез әлеуметтік өмірге әсері бар күрделі жүйені бейнелейді. Олар өзара тығыз байланысты» [4, 15-б. ], - дейді әдебиеттану ғылымында орыс ұлттық мінезін зерттеуші Гвоздей В. Н. Ежелгі берік белгілердің қайта қалыптасқан ұлттық белгілерге ықпалы болатындығын анықтайды. Сол себепті ұлттық мінезді әлеуметтік тарихи ғана емес, әлеуметтік-жантану құбылысы ретінде де қарауды ұсынады. Бұл пікір И. С. Кон идеясымен ұштасып жатыр. Адам қабылдауымен бір мінез екінші мінезге өзгеріс әкеледі. Кейіпкердің жан дүниесіндегі қайшылықты суреттерде де жазушы осыны ескереді. Ұлттық мінездің құбылмалы сан қатпарлы болуы осыған саяды. Ұлттық мінез бен ұлттық сана байланысын ашады. Оны ұлттық психологиялық сипаттардың ауысып отыруымен сабақтастырады және ұлттық мінезді ұлттық сана жүйесімен қарым-қатынаста зерттеу керектігін ұсынады.

Көркем шығармадағы әр әдеби кейіпкердің толық мәнінде ұлттық мінез екеніне де ерекше назар аударады. «Нақты бір бейнеде көрініс табатын ұлттық мінез белгілі бір ұлт өкілдеріне тән ортақ белгілерді бейнелейтін, кейіпкердің суреттелуінде танылатын жинақтық ұғым» [4, 27-б. ], - дейді Гвоздей В. Н. Мұны зерттеуші Н. И. Утехин де қолдайды: “Әдеби кейіпкер мінезі өзі қалыптасқан ұлттық әлеммен бірлікте ғана түсінікті болады” [5, 33-б. ], - дейді. В. Н. Гвоздей А. П. Чехов шығармаларындағы ұлттық мінезді ашуға реалистік характер жасайтын құралдар қызмет етеді деп табады. Ұлттық мінез А. П. Чехов шығармаларында кейіпкер іс-әрекетінен, эмоционалды-психикалық жағдайынан көрінетіндігін айтады[4, 242-б. ] . Жазушы орыс ұлттық мінезінің ерекшелігін славян жанының жұмбақтығынан емес, орыс халқының тарихи ерекшелігінен, әлеуметтік сипатынан, табиғи жаратылыс жағдайынан іздейтіндігіне көз жеткізеді [4, 177-б. ] .

М. Чимпой:«Кейіпкердің ұлттық бет-бейнесін ашуда халықтың рухани, моральдық тәжірибесін бейнелейтін өмірлік материалды жазушының эстетикалық тұрғыдан игеруі үлкен роль атқарады. Барлығы жазушының эстетикалық шеберлігіне, сезімталдығына байланысты»[6, 270-б. ], -дейді. Егер халықтың моральдық, психикалық өмірін көркем тұрғыда көрсете алмаса, халықтың ұлттық, әлеуметтік, интернационалдық сипатын да ашып бере алмайтындығын айтады. Кейіпкер мінезінде ұлттық белгі болатыны туралы В. Оскоцкийдің пікірін методологиялық қателік деп есептейді. Бұл жерде Гвоздей В. Н. пікірімен қайшылық бар. Шындығында, өмірде әр ұлттың өзіне тән мінезі болғанымен, көркем шығармадағы ұлттық кейіпкер бейнесін жасайтын - жазушы. Ол өзінің көркемдік танымымен шығарманы жазып шығуға, өз көркемдік әлеміндегі ұлттық мінезді танытып беруге құқығы бар деп есептейміз. Әдебиеттегі ұлттық мінез - суреткердің көркем ойлау кілті. Демек, өмірдегі ұлттық мінез мен әдебиеттегі ұлттық мінез бірдей деп санай алмаймыз. Өмірдегі ұлттық мінез қандайда болсын ұлттың қалыптасқан мінез-құлқы. Ал сөз өнеріндегі ұлттық мінез кейіпкердің тұлға ретінде қалыптасуындағы психикалық ерекшелігі немесе психикалық, эмоционалдық, философиялық, педагогикалық қасиетінің жиынтығын құрайтын кейіпкер.

М. Чимпой ұлттық мінезді көркем ойлаумен байланыстыру арқылы әр жазушы суреттеп отырған ұлт өкілінің психологиясын ашады деген тұжырымға келеді.

Бурсов Б. : «Ұлттық мінез мәселесінде жұмбақ ешнәрсе жоқ» [7, 11-б. ], -дейді. Ұлттық мінез тарихи өмірдің күрделі жағдайында пайда болады. Сондықтан да ол басқа ұлт мінездерімен ұқсас болып жатады. Өйткені адамзат тарихы -диалектикалық сипаттағы процесс. Бұл тұрғыда әр ұлттық мінез жекелеген жалпы адамзаттық белгілерді білдіреді. Үнемі дамып, өзгеріп отырады[6, 11-б. ] . Бірақ жалпы адамзаттық белгіден өрбитіндігіне толық келісуге болмайды. Кеңес Одағында ортақ тарих болғанмен әр елдегі жағдайдың ішкі себептеріне үңіле түсу керек. Ұлттық мінездің өзіндік те, өзгелік те белгісі болады.

Орыс ұлттық мінезі түсінігі - тарихи, философиялық, әлеуметтік психологиялық, адамгершілік, эстетикалық түсініктер жүйесі [6, 11-б. ] . Егер біз бұл түсінікті көркем әдебиет саласына аударсақ, Пушкин, Гоголь, Горький, Маяковский, Чеховқа дейін және одан кейін жасалған образдар көз алдымыздан өтеді.

Орыс ойлауының мінездік бір белгісі талап қоюмен келіспеушілігі. Мұны түрлі ғылым тұрғысынан зерттеушілер орыс адамдарының батырлығымен, ерлігімен байланыстырады. Орыс ерлігі XIX ғасырда дінмен байланысын сақтады. Талаппен келіспеушілік орыста аскетизм сияқты белгіні тудырады.

Эв. Сокол ұлттықты интернационалдықтың құрамды бөлігі ретінде қарайды. Ол “интернационалдықты толықтырады» [8, 4-б. ] деп зерделейді. Біз әрбір ұлттық бейне интернационалдықты өз ерекшелігімен толықтыратынын толық қолдаймыз. Бүгінгі жаһанданудың кеңестік үлгісі болған көпұлттылық белгілер әр халықтың ұнамды-ұнамсыз бейнелерінің жиынтығына айналған. Ықпалы басым ұлттардың қасиеті, өмір сүру салты екінші ұлттың бойына өзіндік нышандарын сіңіріп, жаңа әдеби қаһармандар туғызуы да соның белгісі.

Суровцев Ю. И. «Ұлттық ерекшелік ұлттық мінезге тәуелді»[9, 24-б. ], - дейді. Ұлттық мінезді өнердің ұлттық ерекшелігін анықтаушы санайды. Себебі әр халықтың өзіндік ерекшеліктері ұлттық мінезді құрайды. Ұлттық мінез болу үшін айырма болатын мінез біліністері, тілі, дәстүр-салты, наным-сенімі т. б. болуы қажет. Суреткер осы ерекшеліктерді ескерсе ғана, шығарма ұлттық мазмұн бере алатынына көз жеткізе отырып, біз автор пікірінің мәні бар деп санаймыз. Сондай-ақ зерттеуші: «Таптық қоғамда ұлттық мінез белгілі бір тарихи жағдайдағы әлеуметтік күрес процесінде әр түрлі әлеуметтік күштер ықпалымен қалыптасады»[9, 35-б. ], - дейді. Орыс әдебиетінің ұлттық сипатын зерделеген ғалым Б. Бурсов та осылай ойлайды.

Орыстың психикалық сипатының қалыптасуына әлеуметтік ішкі толқулар ғана емес, монғолдарға қарсы күрес, «қилы заман» жеңісі, Отан соғысы т. б септігін тигізетіндігін алға тартады.

«Ұлттық психика жалпы адамзаттық белгілерді бойына жинақтайды»[9, 49-б. ] деген тоқтамға келіп, бір халықты белгілі бір қасиетімен екіншісінен ерекшелеуге қарсы шығады. Бұл пікірмен келісуге болмайды. Ұлттар өзара тығыз байланыста болғанмен, ортақтығымен қатар өзіндік айырым белгілері де болады. Соның негізінде ғана ұлттық психика қалыптасады.

Ұлттық мінез бен халықтық мінез жайында Крившенко С. Ф. : «Олар бірінсіз бірі көрініс таппайды, бұлардың әрбірінде өзіне тән ерекшеліктен гөрі, ортақтықтар біршама» [10, 15-б. ], - деп таниды, А. О. Большев халықтық мінез ұғымын «ұлттық мінез» бен «ұнамды қаһарман» категорияларының тоғысынан табылатындығын, олардың негізгі ерекшеліктерін бойына жинақтайтын құбылыс екендігін алға тартады [11, 7-б. ] . Бір-бірімен үйлесім тапқан авторлар ойын біз де қостаймыз. Өйткені халықтық ерекшеліктердің ұлттық айырмашылықтардың қалыптасуында ықпалы болады. Бірақ түбегейлі өзгеріс жасай алмайды. Кейіпкердің ұлттық мінез белгілерін бойына жиюы да осыдан туындайды. Бұл ойымызды екі тілді жазушылар шығармаларының ұлттық сипатын зерттеген Канафина К. Д. нақтылай түседі. Ол авторлардың (Ә. Әлімжанов, О. Сүлейменов, И. Друцэ, Т. Пулатова) өзге тілде жазса да, бірнеше әдеби дәстүрді бағдар етсе де, бірінші кезекте өз топырағына тән ұлттық кейіпкерді сомдауды мақсат еткендерін баса айтады [12] .

Ал Серебрякова З. А. ұлттық мінез бен әдеби тип арақатынасын анықтайды. «Әдеби типке қарағанда ұлттық мінез кең ұғым» [13, 6-б. ], -дейді. Ұлттық мінездің әр түрлілігі әдебиеттегі типологиясына қарағанда бай екендігін пайымдайды. Ұлттық мінездің типтік емес болуы да мүмкін екендігін ескертеді. Ұлттық белгілер қайталанып, тұрақтылыққа ие болса, тип болып табылады деп белгілейді. Ұлттық кейіпкер типтерін ұлттық дәстүрге қатысына қарай дәстүрлі және қазіргі мінез деп бөледі. Адамгершілік құндылықтарына орай ұлттық мінез типтері мыналар деп таниды:1. Парыз адамдары, адал еңбеккерлер. 2. Материалдық игіліктерді ойлайтын кейіпкер. 3. Таным, білімге құмартқан кейіпкер. 4. Шығармашылық сипаттағы кейіпкер. 5. Бағдарды жоғалтып алған бейне. З. А. Серебрякованың жоғарыдағы жіктеуін ұлттық мінез типтері емес, ұлттық тип түрлері деп атауға болады. Біздіңше, Ю. И. Суровцев, Б. Бурсов айтқан жалпыадамзаттық белгілердің өзін ұлттық тип түрлері деген атаумен алмастырып қолдануға болады. Екеуі - бір ұғым, себебі әрбір адамзат - белгілі бір ұлттың өкілі. Ол сол ұлттың танымымен өмір сүреді.

В. Оскоцкий кейіпкердің ұлттық мінезінен әдебиеттің ұлттық ерекшелігі басталады деген тұжырымды қолдайды. Әдеби шығарманың ұлттық ерешелігін зерттеуде әлеуметтік-тарихи талдау тұрғысынан қарау қажеттігіне көңіл бөледі. Ұлттық мінезді жағымсыз бейнелер де білдіреді деген пікір айтады. Бұл оймен келісеміз. Шынында да, “Бір аттан ала да туады, құла да туады”. Олай болмаса көркем шығармада тартыс та болмас еді. 50 - жылдары тартыссыздық теориясының қалыптасуына да ұлттық мінездің тек жағымды жағынан суреттелуі де белгілі бір деңгейде әсер етсе керек.

Ұлттық мінез мәселесі түркі халықтарының әдебиеттану ғылымында да біршама қарастырылған. А. И. Мусаев [14] қырғыз прозасындағы өзге ұлттық мінездерге талдау жасайды. Жазушылардың ұлттық сипатты кейіпкердің сыртқы экзотикалық өзгермелі белгілерінен іздейтіндігіне сын айтып, ұлттық мінезді ашуда нақты тарихи принципке сүйену керектігін ескертеді. Оны Т. Сыдықбеков, Ш. Айтматов шығармалары арқылы дәлелдеп береді. А. Мамедова [15] азербайжан тарихи прозасындағы ұлттық мінезді зерттейді. Ұлттық мінездің жағымды жағымен қатар жағымсыз жағы барлығын да И. Шихлы, А. Джафарзаде т. б шығармалары арқылы ашады.

Сонымен орыс әдебиеттану ғылымындағы ұлттық мінез мәселесі бойынша пікірлерді сараптай келе мынадай қорытындылар жасаймыз:

1. Ұлттық сипат заманға сәйкес өзгеріп, толығып, дамып отырады. Саяси-тарихи, әлеуметтік-эмоционалды психикалық жағдайлар ұлттық мінездің қалыптасуына өз ықпалын тигізеді.

2. Тарихи диалектикалық процесс болғандықтан, ол сол процесті бастан кешіріп отырған халықтардың бәріне ортақ. Сол себепті де бір ұлттық мінез өзге ұлтта да кездесіп отырады және жекелеген жалпыадамзаттық белгілерден туындайды. Бірақ адамзат тарихы ортақ еместігін ескере отырып, соған орай ұлттық мінездің түрленетініне назар аударылу керек.

3. Кейіпкердің ұлттық сипаты жазушының көркем ойлауымен тығыз байланысты. Суреткер ұлттық кейіпкерді өз эстетикалық сүзгісінен өткізеді.

4. Ұлттық мінез ұлттық сана, ұлттық психикалық сипатпен тығыз байланысты. Бірақ бір категория емес.

5. Ұлттық мінез екі жақты: жағымды жағы да, жағымсыз жағы да болады.

6. Ұлттық мінез тұрақты сипатты иемденсе, ұлттық тип пайда болады.

7. Көркем туындыда ұлттық мінез ұқсастығын оның шығармада бейнелену жүйесімен, кейіпкер бойында көріну ерекшелігімен айырып, айрықшалауға болады.

Жоғарыда айтылғандарды былай тұжырымдауға болады: ұлттық мінез ұлттық сипат-белгілердің жиынтығы ғана емес, ұлттық психология, ұлттық сана, ұлттық ойлау, ұлттық сезім т. б белгілерді жан дүниесімен қабылдайтын, тарихи-әлеуметтік жағдай әсерінен өзгермелі сипатқа ие болатын, көркем қиялдың қарымымен танылатын кейіпкердің өзіндік ерекшелігі.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Д. Исабеков прозасының көркемдік әлемі
Дулат Исабеков – роман жазушы, суреткер. Жазушының Қарғын романының көркемдік құрылымы
Жазушы және өмір шындығы
Дулат Исабеков
О.Бөкеев, Д.Исабеков повестеріндегі подтекст мәселесі
Д. Исабеков шығармаларының көркемдік ерекшеліктері
Тақырып идеяға тартылған жол
Қазақ повестеріндегі көркем уақыт пен кеңістік
ДУЛАТ ИСАБЕКОВ ПРОЗАСЫНДА ПСИХОЛОГИЗМНІҢ КӨРІНУ ЖОЛДАРЫ
Дулат Исабековтың өмір жолы
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz