Көркем мәтін тіліндегі сөз-символ қолданысы


Пән: Әдебиет
Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 123 бет
Таңдаулыға:   

Қанапина Сәуле Ғалымбекқызы

Көркем мәтін тіліндегі сөз-символ қолданысы

(оқу құралы)

Қостанай

2010

Әдістемелік құралдың авторы:

Қанапина Сәуле Ғалымбекқызы

Филология ғылымдарының кандидаты

Пікір жазғандар:

Смағұлова Гүлдархан Нұрғазықызы

филология ғылымдарының докторы, профессор

Есіркепова Кенжегүл Қабылғазықызы

филология ғылымдарының кандидаты

Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының Ғылыми кеңесінің шешімімен баспаға ұсынылды

Көркем мәтін тіліндегі сөз-символдарды зерттеу, шығарма тілінің бейнелілігін, жазушының ерекше сөз қолданысын талдауға зор мүмкіндік береді.

Осыған сәйкес жүргізілген зерттеудің нәтижелері мен тұжырымдары лексикология, фразеология, этнолингвистика, лингвомәдениеттану салаларының теориялық курстарын толықтыруға өзіндік үлесін қосады.

Аталған оқу құралы жоғары оқу орындарындағы филология факультеттерінде оқытылатын «Стилистика», «Көркем мәтінді лингвистикалық талдау», «Қазақ әдеби тілінің тарихы», «Қазақ тілінің лексикологиясы», «Когнитивтік лингвистика» пәндері мен арнаулы курстарға қосымша әдебиет ретінде пайдалануға болады.

Сонымен бірге, филология факультетінің студенттері мен магистранттарына арналған.

МАЗМҰНЫ

Кіріспе . . . 3

1 Қазақ тіл біліміндегі сөз-символдың зерттелу жайы

1. 1 «Символ» терминінің ғылымға енуі . . . 5

Пайдаланылған әдебиеттер . . . 13

Бақылау сұрақтары мен тапсырмалар . . . 14

Тест сұрақтары . . . 15

1. 2 Поэзия тіліндегі сөз-символдың қолданыс ерекшелігі . . . 17

Пайдаланылған әдебиеттер . . . 30

Бақылау сұрақтары мен тапсырмалар . . . 30

Тест сұрақтары . . . 31

1. 3 Проза тіліндегі сөз-символдың зерттелуі туралы . . . 33

Пайдаланылған әдебиеттер . . . 46

Бақылау сұрақтары мен тапсырмалар . . . 46

Тест сұрақтары . . . 47

2 Жазушы Т. Ахтановтың «Шырағың сөнбесін» шығармасы тіліндегі сөз-символдың стильдік қызметі

2. 1 «Бала» ұғымын білдіретін сөз-символдардың қолданысы (шырақ, періште, өмір тілдік бірліктері арқылы берілуі) . . . 49

Пайдаланылған әдебиеттер . . . 54

Бақылау сұрақтары мен тапсырмалар . . . 54

Тест сұрақтары . . . 55

2. 2 «Туған жер» ұғымын білдіретін сөз-символдардың қолданыс ерекшелігі (дала, ауыл, жер, ұя лексемалары арқылы берілуі) . . . 57

Пайдаланылған әдебиеттер . . . 60

Бақылау сұрақтары мен тапсырмалар . . . 61

Тест сұрақтары . . . 62

  1. Түр-түс символикасының шығармадағы көрінісі . . . 63

Пайдаланылған әдебиеттер . . . 88

Бақылау сұрақтары мен тапсырмалар . . . 89

Тест сұрақтары . . . 90

  1. Жан-жануарлар символикасының берілуі . . . 91

Пайдаланылған әдебиеттер . . . 97

Бақылау сұрақтары мен тапсырмалар . . . 97

Тест сұрақтары . . . 98

3 Студент өз бетімен орындауға арналған практикалық

тапсырмалар . . . 100

Студенттің білімін жетілдіруге арналған тапсырмалар . . . 117

Қорытынды . . . 118

Тест тапсырмаларының жауаптары . . . 121

Қосымша әдебиеттер тізімі… . . . 122

КІРІСПЕ

Қазіргі таңда, мәдени өркениетке, әсіресе, ұлттық дәстүрге, ұлттық жан дүниемізге өз туындыларымен айтулы үлес қосқан қаламгерлердің шығармаларын зерттеп, солардың қаламынан шыққан туындылардың көркемдік сапасын ажырату, талдау, таразылау бүгінгі күннің сұранысы екендігі дау туғызбайды.

Жалпы көркем шығармаға қойылатын басты талап - тіл шеберлігі. Әрбір жазушының өзіндік ерекшелігі тілі арқылы көрінеді. Бұл ретте көркем әдебиет стилінің дамуында өзіндік қолтаңбасымен, қаламгерлік ерекшелігімен көрінген белгілі жазушы - Т. Ахтанов. Оның «Шырағың сөнбесін» шығармасы қазақ тіл білімінде бірнеше ғылыми зерттеулерге өзек болғанымен де, суреткердің шығармасында қолданыс тапқан сөз-символдардың стильдік қызметін анықтау мәселесі сөз етілген емес. Автордың қолданысындағы сөз-символдарды ғылыми зерттеулерге сүйене отырып, дүниенің тілдік суретінің құрамдас бөлігі болып табылатын символдар қаншалықты және қалай пайдаланғандығын, қазақ халқының тіл мәдениетін дамытуға қосқан үлесін анықтауға ұмтылу жұмыстың өзектілігін танытады.

Т. Ахтановтың «Шырағың сөнбесін» романы тіліндегі сөз-символдардың стильдік қызметін анықтау поэзия, проза тіліндегі әр түрлі символдық мағынада қолданылған сөздерді тауып, ұлттық танымдық мағынасын ашу зерттеу жұмысының негізгі нысаны болып табылады.

Зерттеу жұмысының екінші тарауында Т. Ахтановтың «Шырағың сөнбесін» шығармасындағы, сөз-символ қолданысы әдеби тіл фактілерге сүйене отырып талданды, сөз-символдардың шебер қолданысы шығарманың мазмұнымен сабақтас өрілгені нақты көрсетілді, шығармадағы жазушының ұлттық танымының тереңдігін дәлелдейтін әр түрлі символдық мағынадағы сөздер айқындалды.

Қаламгер қолданысындағы сөз-символдардың қандай мақсатта жұмсалғандығы көрсетіліп, жүйеленіп, шығарма мазмұнына сәйкес мәндері анықталды.

1. Қазақ тіл біліміндегі сөз-символдың зерттелу жайы

1. 1 «Символ» терминінің қазақ тіл білімінде қолданыс ерекшелігі

Адам санасының дамуымен байланысты дүниетанымның тереңдеуінің нәтижесі болып табылатын ерекше танымдық белгі символ екені белгілі. Символ мәселесі ғылым нысанасына ежелден енген. Алайда қалыптасу тарихы тым арыда жатса да, бүгінгі күні “символ” ұғымының ауқымы кеңейіп лингвистика, философия, семиотика, психология, әдебиеттану, мәдениеттану т. б. ғылым салаларының негізгі нысанына айналған. Символдың зерттелу жайы туралы тілші-ғалым Қ. Т. Қаирбаева «Қазақ тіліндегі этномәдени атаулардың символдық мәні» атты еңбегінде сөз етеді. Яғни «Символды» тану ХІХ ғасырдың соңғы ширегінде дүниеге келген «символизм» ағымынан әлдеқайда ерте туған. Символ туралы ой қозғау, тұжырым айту Аристотель мен Платоннан бастау алып, Кант, Шлегель, Шеллинг, Гете, Гегель т. б. философтардың еңбектерінде сипатталған» деп, символдың зерттелуін сонау Аристотель, Платон ғалымдарынан бастау алғандығын көрсетеді [1, 6б] .

Сонымен қатар ғалым Р. Т. Лауланбекова өзінің диссертациялық жұмысында, яғни «Түр-түс компонентті күрделі аталымдардың танымдық сипаты (сын есім+зат есім бойынша) » деген еңбегінде де символдың көне гректердің сөзінен шыққандығын айтады. «Тіл біліміндегі символика о баста көне гректердің «символ» (symbolon - «белгілі бір қоғам мүшелері мен әлеуметтік топтар үшін ғана түсінікті шартты белгілер») сөзінен шығып, бүгінде «әр түрлі идеяны, түсінікті, ұғымды, ойды, сезімді, іс-әрекетті білдіретін шартты белгілердің жиынтығы» деген мағына береді» [2, 11б] .

Әрине, символ табиғатын талдап түсіндіргенде көне ғылыми таныммен, пікір-тұжырымдармен шектелмеуге тиіспіз. Бүгінде символдың теориялық мәселелері А. Ф. Лосев, Л. В. Уваров, А. А. Потебня, Ю. А. Лотман т. б. сияқты зерттеушілердің еңбектерінде баян етіледі. Ал қазақ тіл білімінде символды зерттеу Ш. Уәлиханов, А. Байтұрсынұлы, Қ. Жұбанов, Ә. Марғұлан, М. Әуезов, С. Мұқанов еңбектерінен бастау алады. Осыған жалғас ғылыми көзқарастарды тілші-ғалымдар І. Кеңесбаев, Ә. Т. Қайдаров, Е. Н. Жанпейісов, К. Ш. Хұсайынов, Т. Жанұзақов, Н. Уәлиев, Р. Сыздықова, Ж. А. Манкеева, Г. Н. Смағұлова, Ш. Бекмағанбетов, Р. Ә. Авакова, Г. Сағидолда, Қ. Ғабитханұлы, С. Е. Жанпейісова, И. Айбарша, Б. Ақбердиева, Қ. С. Дүсіпбаева, А. Қ. Сейілхан сынды қазақ тілі мамандарының зерттеу жұмыстарынан көруге болады.

Мәселен, И. Айбаршаның конференция материалында жарияланған «Қазақ мәдениетінің тілде көрініс тапқан символдар астары» мақаласы. Қандай халықтың символдар жүйесін алып қарастырсақ та, жалпы адамзатқа ортақ символдарды кездестіреміз. Алайда ғалым белгілі бір шығармашылық процесс кезінде туындаған авторлық қолданыстағы символдардың да кездесетіндігін айтып өтеді. Осы мәселені кеңінен қарастырған мақаласында зерттеуші, сондай-ақ қазақ мәдениетінің тілде көрініс тапқан ұлттық таңбаларға (символдарға) да тоқталады. Ғалым «шырақ» сөзінің символдық мәнін айқындап, оған қысқаша түсінік береді, яғни «қазақ кең көлемде алғанда түркі мәдениетіндегі маңызды мәдени символ-концептілердің бірі - шырақ тәңірлік дүниетанымға ұласар өмір және ұрпақ жалғастығының символдық мәніне ие. «Шырағың сөнбесін» бата-тілекте «шырақ», «бала», «ұрпақ» мағынасында қолданылған» [3, 16б] . Ал келесі мына тұжырымдамасында «босаға» сөзінің қазақ мәдениетінде алар орны жоғары екендігі жайлы сөз етеді: «Қазіргі заманда қазақ ұлттық тіл мен ұлттық мәдениет иелері босағаның киелі екендігін өз бойларына сақтаған. Босағаны оң аяқпен аттау, босағаны теппеу т. б. ұлттық ділімізде сақталған, ғасырдан-ғасырға, ұрпақтан-ұрпаққа берілер рухани құндылықтарымыз». Қорытындылай келе, И. Айбарша орыс ғалымы Ю. М. Лотман еңбегіне сүйене отырып, «символ өзгеріссіз ұрпақтан-ұрпаққа берілер «мәдени жады» деген пікірді ұстанады [3, 16-17б] .

Осыған жалғас этнограф-ғалымдар Х. Арғынбаев, Ө. Жәнібеков, С. Қасиманов, А. Сейдімбек еңбектері тілдік деректердің уәждемесін анықтауға көмектесіп қана қоймай, қазақ мәдениетіндегі ұлттық символдар табиғатын тануға, саралауға жол ашады. Бұл еңбектерде «символ» терминінің орнына кейде «белгі», «нышан», «рәміз» сөздері қолданғанын, осылайша әрбір таным-түсініктің символдық мәнін көрсетіп отырғанын айта кеткен жөн.

Алайда осы жоғарыда аталған зерттеулерде «символ» терминіне беріліп жүрген анықтама әр түрлі. Қазақ тіл білімінің негізін қалаған А. Байтұрсыновтың символға берген анықтамасын қарасақ. Ол өзінің «Әдебиеттанытқыш» еңбегінде символды «бернелеу» деп атайды. Ол бернелеуді: «Бір нәрсенің, көбінесе адамның мінезін, құлқын, амалын екінші нәрсенің мысалында көрсетіп айту бернелеу болады. Қазақтың бернемен сөйлеп отыр дегені - осы бернелеу. Бейнелеу бернелеумен екі арасы жақын. Бейнелеу де, бернелеу де екі ұқсас нәрсенің бірін бірінің орнында айтудан шығады. Бейнелеу ұлғайғанда бернелеуге айналып кетеді», - деп түсіндіреді [4, 161б] . Сондай-ақ ғалым Р. Сыздықова да «Абайдың сөз өрнегі» атты монографиясында лингвистикалық поэтика саласында «символ» терминіне беріліп жүрген анықтаманың әр түрлілігін айтады. Мәселен, Р. Сыздықова «орыс поэтикасына қатысты зерттеулерде «символ» термині суреткердің (ақынның) белгілі бір ұғымды, идеяны заттық образбен (оның атауымен) білдіруін атайды» деп көрсетеді [5, 89б] . Демек, поэтикалық образдың заттық белгісі, яғни символ - белгілі бір заттың атауы түрінде білдірілген поэтикалық образ. Символ терминін бұдан өзгеше мағынада ұсынушылық та бар. Мысалы, академик В. В. Виноградов: «символ - поэтикалық тілдің семантикалық единицасы (дүниесі) » деп таниды [6, 15с] .

Орыс ғалымы В. П. Григорьев «Символ» терминіне мағына жағынан өзгелер қолданатын «стильдік белгілер», «поэтикалық тәсілдер», «әдеби тәсілдер», «стильдік единицалар», «поэтикалық тілдік элементтер», «образ құрайтын элементтер», «көркемдеу құралдары» деген терминдер сай келетінін көрсетеді [7, 386с] .

Ал «қазақ поэзия тілін зерттеушілер» арасында ол бірде перифраз, бірде кейіптеу, бірде сөз мағынасын құбылтудың бір түрі, бірде балама бейне үлгісінде сипатталып жүр. Мысалы, ғалым Қ. Жұмалиев Абайдың қолдан ұшқан ақ сұңқар деп Әбдірахманды бейнелеп атауын символ дейді [8, 125б], ал бұл - кәдімгі перифраз.

Әдебиет теориясына арналған еңбектерде символды көркемдік мақсатпен сөз мағынасын құбылтып қолданатын тәсілдердің бір түрі деп есептеп, оған орыс ғылымында берілген анықтама ұсынылады. «Образ тура өз мағынасында емес, бейнелеу мағынасында айтылса, символдық образ немесе символ деп аталады» деп түсіндіріліп, бұған М. Горькийдің дауыл дегені революцияның, дауылпазы - оны басқарушылардың символы деп мысал келтіреді [8, 125б] . Ал дәл осы мысалды әдебиет теориясын зерттеуші ғалым З. Қабдолов кейіптеу (жансыз заттарды жандылардың қасиет, қимыл, әрекетін беріп суреттеу) деп келтіреді [9, 234б] . Символды бұл зерттеуші ғалым астарлау деп атап, оған толығырақ анықтама береді: «Құбылтудың бір түрі астарлау, яки символ, бір нәрсені не құбылысты тура суреттемей, бұларға ұқсас басқа бір нәрсеге не құбылысқа құпия теліп, жасыра жарыстырып, бүкпелей бейнелеу, ойды да ашық айтпай, тартымды тұспалмен түсіндіру» [9, 236б] . Зерттеуші қазақ ақындарынан мысалдар келтіреді: Әбділда Тәжібаевтың бір өлеңінде теңіз - өмірдің символы, Қасым Аманжоловтың бір өлеңінде құз - терең ой үстіндегі ақынның (ойлы адамның) символы деп дұрыс көрсеткен. Көркемдеу тәсілінің бірі символ мен әдеби ағым символизмді шатастырмау керек екендігін де жақсы айтқан.

Нәтижесінде, ғалым Р. Сыздықова әдебиет теоретигі Зәки Ахметовтің «Символ дегеніміз - балама бейне. Оған негізгі ойды, айтқалы отырған нәрсені, құбылысты сол балама бейне, сурет арқылы тұспалдап көрсету тән» [10, 22б] деген көзқарасын қолдай отырып, « . . . символ - идеяның заттық нышаны, астарлы образы» деп тұжырымдайды [5, 90б] .

Енді бір зерттеулердің көпшілігінде дерлік символ табиғатына толыққанды теориялық талдау жасалынбаған, тек символдың жеке категорияларына қатысты сөз қозғалады. Ғалым Қ. Т. Қаирбаеваның “Қазақ тіліндегі этномәдени атаулардың символдық мәні” атты кандидаттық диссертациясында символдың лингвостилистикалық сипаты жөнінде баяндалады. Мұнда ол символдың лингвистикалық сипаты, тілде қалыптасқан символдық жүйе - ғаламның тілдік бейнесі және символ - мәдениет тілі деген тараулар аясында қарастырады [1] . теориялық тұрғыдан анықтама беріледі, мысалы: «Ішкі терең қажеттіліктер символдар арқылы оянады. Сана сыртқы факторларға таңдаулы түрдегі тәуелділігін немесе ішкі өсу, жетілу қажеттілігін белгілі бір модельдің, форманың бойына жинақтау арқылы шешеді» деген ой айтады [11, 8б] . Ғалым С. А. Өткелбаеваның «Қазақ тіліндегі дыбыстық символика құбылысы» еңбегінде қазақ тіл дыбыстарының символикалық мәнін ашу мәселесі қарастырылса [12], материалдық мәдениет лексикасына қатысты символдық сипаттағы этноатауларды ғалым Ж. А. Манкееваның “Қазақ тілінің заттық мәдениет лексикасы” атты монографиясынан көруге болады [13] . Ғалым Ш. Бекмағанбетовтың «Тілдік таным негіздері және тілдік символдар» атты еңбегінде тілдің пайда болуы, сөзжасам, дыбыстаным проблемалары, тіл тарихы, тіл генеологиясы жан-жақты сөз етілген [14] .

Түр-түс атауларының символдық мәнін анықтауға арналған еңбектер де баршылық. Атап айтсақ, Ә. Т. Қайдаровтың “Қазақ тілінің өзекті мәселелері” [15], Б. Өмірбеков, З. Т. Ахтамбердиевалармен авторлық бірлестіктегі ”Түр-түстердің тілдегі көрінісі” [16] және басқа да көптеген еңбектерінде кейбір этнографизмдер мен түр-түс атауларының символдық мағынасы айқындалған. Мысалы, жас ғалым Ұ. Б. Серікбаеваның «Қазақ тіліндегі «ақ» және «қара» түр-түс атауларының этнолингвистикалық сипаты» атты кандидаттық диссертация жұмысында аталған екі түстің мағыналық даму шеңбері, қарама-қарсы жүйеде қолданылуы, қолданыс аясы анықталса [17], ал Н. Н. Аитованың «Қазақ тіліндегі түр-түс атауларының когнитивтік семантикасы» атты еңбегінде түр-түс атауларының тарихи сипаты, архетиптік бейнесі, түр-түстегі ғаламның тілдік бейнесі және т. б. мәселелер қарастырылумен қатар сол түр-түстердің символикалық табиғаты жайында да сөз етіледі. Мәселен, «Көк - символикалық жағынан тыныш теңізді, ұстамдылықты, ақшыл көк немесе көгілдір - үлкен сезімді, нәзіктікті, бейбітшілікті білдіреді» [18, 10б] . «Ақ-қара» - жұбы бар мен жоқ, тірі мен өлі, жақсы мен жаман символы» [18, 10б] деп беріледі. Осы және басқа қазақ тіліндегі негізгі түр-түс атаулары - ақ, сары, қоңыр, қызыл, жасыл түр-түстері қатысатын лексика-фразеологиялық бірліктер, мақал-мәтелдер, қанатты сөздер, көркем шығармадағы қолданыстар зерттеу жұмысының нысанына алынады. Яғни қара аспанды төндіру, аузына ақ ит кіріп көк ит шығу, көк долы, ала құйын, ақты ақтай, көкті көктей сапыру, қаны қараю секілді тіркестердегі түр-түстердің когнитивтік семантикасы жөнінде баяндалады. Алдында аталған ғылыми еңбектерден кейін қорғалған кандидаттық диссертацияда, яки Р. Т. Лауланбекованың «Түр-түс номинативті күрделі аталымдардың танымдық сипаты (сын есім + зат есім бойынша) » еңбегінде түр-түс компонентті күрделі аталымдардағы ұлттық дүниетанымның тілдік көрінісі және оның мағынасы мен таңбалық қызметі қарастырылады. «Тіліміздегі түр-түстер өздерінің символикалық қасиеттері арқылы түр-түске мүлдем қатысы жоқ не одан бүгінде тым алыстап кеткен ұғым-түсініктерді, мән-мағыналарды білдіреді» деп зерттеуші өз жұмысында осындай қорытынды жасайды [2, 27б] .

Тілдік құбылыстарды зерттеудегі этнолингвистикалық аспект қазақ тілінің сөз байлығындағы әлі де бұрын-соңды зерттелмеген лексикалық топ - қазақ тілінің сакральды (киелі) лексикасы болып табылады. Қазақ тілінің сакральды лексикасын киелі семантикасы мен қызметі бар магиялық сөздер, магиялық, киелі денотаттар атайтын адамдардың, заттардың, географиялық және ғарыштық нысаналардың, дене мүшелерінің, жануарлар мен құстардың атаулары құрайды.

Осы киелі сөздерге этнолингвистикалық сипаттама беру жұмысын тілші А. Керімбаев өзінің диссертациялық зерттеуінде кеңінен қарастырады. Оның «Қазақ тіліндегі сакральды атаулардың этнолингвистикалық сипаты» атты еңбегінде сол киелі сөздердің семантикасы біздің қарастырып отырған символикалық мағыналары арқылы да қалыптасатыны жөнінде айтылған. Мысалы соның ішінде ғалым қазақтардың төрт түлік малдарының киелілігіне қатысты әр түрлі әдет-ғұрыптардың, салт-дәстүрлердің таңбалық мағыналарын анықтаған. Төрт-түлік малдың бірі - жылқының символикасы өте бай және алуан түрлі. «Киелі ат», «тұлпар» ұғымдарына қатысты сөздердің киелі семантикасының этномәдени мәні әдет-ғұрыптар, салт-дәстүрлерде айқындала түседі: ат тұлдау, аттың басын кебіндеу, бәсіре мал, баланы үзеңгіден өткізу, боз биенің сүтіне шомылу және басқа. Сондай-ақ сан атаулары да қазақ тілінің киелі лексикасында ерекше орын алады. Ғалым бұл жөнінде «қазақтардың сандық символикасында әлемнің мифологиялық тік және көлденең моделі, болмыстың маңызды заңдылықтары орныққан түрде бейнеленеді, сондықтан да бірқатар сандар киелі болып табылады» [19, 24б] деп, ондай сандарды фразеологизмдерде, мақал-мәтелдерде, жұмбақтарда, қазақ халқының ойындарында тұрақтанғанын сөз етеді. Мәселен, «бір саны даралықты, жалғыздықты, бірегейлікті, ерекшелікті, бүтіндікті, бірлікті, яғни Аллаға тән қасиеттер мен сипаттарды танытады. Бір санының осы мәндері мына сөз тіркестерінде көрініс тапқан: бір құдайға сыйынды, бірлік бар жерде тірлік бар, хақ бір, сегіз қырлы, бір сырлы, жалғыздық құдайға жарасқан, бір кіндіктен және т. б. » [19, 17б] . Бір саны туралы осындай тұжырым айтса, ал екі саны жайында: «Екі саны «таным кілтін» символдайды, себебі әлем мен оның заңдарын тану екі полярлық, қарама-қарсы жақтарды, әлем, болмыс, құбылыстар қасиеттерін, белгілерін, негіздерін танып-білу арқылы жүзеге асырылады. Мысалы, ақ пен қараны ажырататын адам, оң-солын танитын адам өмір көрген, осы өмірде тіршілік ете білетін адам болып саналады» дейді [19, 17-18б] . Осымен қатар емшілік сипаттағы киелі мәтіндердің, табу сөздердің, материалдық (заттық) киелі нысандардың атаулардың және т. б. да сөздердің сакральдығын айқындаған.

Символ мәселесіне байланысты зерттеулер мақалаларда да сөз етілген. Мысалы, Ж. Жампейісованың «Ақ», «Қара» концептілерінің кумулятивтік қызметі» [20], Б. Сарбасовтың «Оғыз қаған» жырындағы бөрі символикасы» [21], А. Ш. Жылқыбаеваның «Түркі тілдеріндегі тағам атауларының символдық мәні» [22], А. Смайыловтың «Фразеологиялық бірліктердегі «әйел» бейнесінің символдық мәні» тәрізді мақалаларда да символдың әр түрлі категориялары қарастырылған.

Түркітануда тағамға қатысты символикаға аса назар аудартады, себебі тілдің басқа лексикалық топтарына қарағанда, аталмыш тақырыптық топта символдар өте жиі қолданыс тапқан. Осы мәселенің аясында зерттеу жүргізген зерттеуші А. Ш. Жылқыбаева түркі тілдеріндегі тағам символикасын 2 кешенге бөліп көрсетеді. Біріншісі - ішкі этникалық. Бұл тағамның коммуникативтік, ритуалдық және киелік кешені. Екіншісі - тағам жүйесінің этнотаңбалық қызметімен байланыстылығы. «Түркі тілдерінің тағам жүйесінде әсіресе сүт және сүт тағамдарына қатысты лексика үлкен символдық мағынаға ие. Аталмыш тілдерде олардың жалпы атауы «ақ» лексемасы. «Ақ» түркі халықтарында «пәктіктің, тазалықтың» символы» [22, 171б] . Бұл тұста түркі халықтарында қасиетті сусын ретінде саналатын «қымыз» сөзі талдауға түседі. «Түркі халықтарында қымызбен жуу рәсімі болған. Мәселен, «Манас жырында»:

Ажалым жетіп өлген соң,

Көзім жұмылып кеткен соң

Қымызбен мені жуыңдар », -

бұл жерден қымыздың тазартушы қасиетін байқауға болады [22, 171б] . Бұған қоса мақалада түркі халықтарының төстік, яғни «төс табағы» - аралық әлемдегі өмір символы, «шашу» - тәтті өмірдің символы, «нан» - молшылықтың, ұзақ өмірдің символы болып табылатыны жөнінде анықталады.

Ал А. Смайыловтың ҚазҰУ-нің Хабаршысында жарық көрген мақаласы әйел лексемасына қатысты фразеологизмдердің символикасын қарастыруға арналған. Мақалада тілімізде сұлулықты, көркемдікті білдіретін тұрақты тіркестердің ішінде жоғарыда аталған әйел лексемасына байланысты сөздер көрсетілген. Мысалы:

- «күн» мен «ай» сөздеріне байланысты тұрақты тіркестер: күндей көрік, күндей сәулелі, ай десе аузы бар, күн десе көзі бар, ай қабақ, ай мен күндей, айдай сұлу т. б.

- «ақ» сөзіне байланысты тұрақты тіркестер: ақ жарқын, ақ жүрек, ақ көңіл, ақ иық т. б.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Жасанды тілдерде символ таңбамен бірдей, тең ұғым
Көркем образ жасаудағы кейіпкер тілі туралы
Тілдегі символдық мағынаның қалыптасуы
Міржақып Дулатұлы шығармаларындағы «Ғаламның тілдік бейнесі»
Көркем мәтіндегі мәтінтүзуші фоносемантикалық және лексика-семантикалық факторлар
Ұлттық публицистика дәстүрі
Б. СОҚПАҚБАЕВ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ОНЫҢ КӨРКЕМДІК ЕРЕКШЕЛІГІ
Теңеу – ерекше стилистикалық тәсіл
Тарихи ономастикалық кеңістік (Х-ХІV ғғ. түркі жазба ескерткіштері негізінде)
Әбіш Кекілбаевтың тілдік тұлғасы
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz