Қазақ тіліндегі мақал-мәтелдердің танымдық бейнелілігі (Ғ.Мұстафин, С.Мұқанов шығармалары негізінде)


Қанапина Сәуле Ғалымбекқызы
Қазақ тіліндегі мақал-мәтелдердің танымдық бейнелілігі
(Ғ. Мұстафин, С. Мұқанов шығармалары негізінде)
Ғылыми монографияның авторы:
Қанапина Сәуле Ғалымбекқызы
Филология ғылымдарының кандидаты, доцент
Пікір жазғандар:
Шалабай Бердібай Шалабайұлы
филология ғылымдарының докторы, профессор
Смағұлова Гүлдархан Нұрғазықызы
филология ғылымдарының докторы, профессор
Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының Ғылыми кеңесінің шешімімен баспаға ұсынылды.
Қазақ мақал-мәтелдерінің қадір-қасиеті біздің дәуірімізде одан әрі арта түсуде. Қазіргі кезде Қазақстан егеменді ел болып, өркендеп жатқанда, бұл ортақ қазына өзінің тектестігін, стильдік ұқсастығын, тақырыптық үндестігін сақтап, жол сілтеп тұрған Темірқазық жұлдызы іспеттес.
Осыған сәйкес жүргізілген зерттеудің нәтижелері мен тұжырымдары паремиология, лексикология, фразеология, этнолингвистика, лингвомәдениеттану салаларының теориялық курстарын толықтыруға өзіндік үлесін қосады.
Сонымен бірге, жоғары оқу орындарындағы филология факультеттерінде оқытылатын «Стилистика», «Көркем мәтінді лингвистикалық талдау», «Қазақ әдеби тілінің тарихы», «Қазақ тілінің лексика- фразеологиясы», «Когнитивтік лингвистика» пәндері мен арнаулы курстарға қосымша әдебиет ретінде пайдалануға болады.
Кіріспе
Тіл өз халқының мәдениетін, өркениетін, әлеуметтік құрылысын, дүниетанымын бейнелеп қоймай, келер ұрпақты қалыптастыруда маңызды және шешуші рөл атқарады.
Тілдің осы паремиологиялық қорында ұлттың мұң-мұқтажы мен тұрмыстық жағдайлары көрініс табады. Себебі, мақал-мәтелдер халықтың рухани өмірімен, өткен тарихымен тығыз байланысты және мақал-мәтелсіз тілдегі ұлттық нақышты, дүниенің тілдік бейнесінің ұлттық ерекшелігін толық сипаттау мүмкін емес.
Бүгінгі күнде халықтың алтын тұғыры, рухани-мәдени қазынасы ретіндегі тілді зерттеудің жалаң түрдегі лингвистика ғылымының зерттеу ауқымы кеңейіп, өркені өсіп отыр. Оған себеп, тілдің өз бойында бүкіл тарихты, төл мәдениетті, ұлттық таным мен талғамды, мінез бен көзқарасты, сана мен салтты, дәстүр мен даналықты, сенім мен нанымды сақтап, берік тұтуында. Басқаша айтқанда, әр тіл - өз ұлтының бойтұмары іспетті тұнып тұрған қасиетін белгілейтін таңбалық жүйе. Осымен байланысты тілдік жүйенің құрылымдық бірліктері тек дәстүрлі лингвистиканың ғана емес, этнолингвистика, социолингвистика, лингвомәдениеттану, психолингвистика, когнитивтік лингвистика т. б. ғылым салаларының зерттеу нысанасына айналып отыр. Мұның өзі тіл табиғатына терең бойлап, жан-жақты қарастыру нәтижесінде тілдік жүйе құрылымының сипатын айқын тануға жол ашты. Сондықтан да тілді қарапайым таңбалық жүйе деп қарастыру ол туралы түсінікке кереғар әсер етеді. Және зерттеу мүмкіндіктерін шектейді. Тіл, көнеден айтылып келе жатқандай, таңбалар жүйесі ғана емес, ол осы жүйені көмкерген мәдениет. Сондықтан да қазіргі тіл білімінің антропоцентристік бағытына сәйкес, ол - әр халықтың ұлы мұрасы, ұлттық тарихи жетістігі. Тілдегі мақал-мәтелдер - мәдениетті тану кілті, рухани және материалдық мәдениеттің қалыптасуына қатысатын үлкен күш, мәдени ескерткіші, ұлт өмірінің айнасы. Ол мәдениеттің жалпы сипатын анықтайды, негізгі ақпаратты жинайды, сақтайды және жеткізеді. Осыған сай тіл әрбір этнос мәдениетінің өзгешелігін, екінші жағынан, тіл шеңберінде мәдениеттің ұрпақтан-ұрпаққа жалғасуын қамтамасыз етеді. Тіл, сонын ішінде мақал-мәтелдер, қазіргі, келер ұрпақты үлкен бір тарихи арнаға, бүтіндікке байланыстырады.
Қазақтың белгілі паремиолог - ғалымы Ә. Қайдар мақал-мәтел туралы былай дейді: «Қазақ мақал-мәтелдерінің халықтың өткен өмірі мен бүгінгі болмысын танып білуде дүниетанымдық, логикалық, этнолингвистикалық жағынан мәні өте зор. Себебі, дүниеде, қоғамда, табиғатта қалыптасқан құбылыстардың бәріне мақал-мәтелдердің қатысы бар. Дүние болмысының өзінде о бастан-ақ қалыптасқан табиғи реттілік бар. Ол реттілік барша заттар мен құбылыстарды үлкен үш салаға топтастырып, ішкі жүйесі мен мағынасына қарай шоғырландырып қарағанда ғана көрінеді» [1, 142б] . Сондықтан академик Ә. Қайдар оларды шартты түрде «Адам», «Қоғам» және «Табиғат» деп атауды ұсынады. Бұлай үш салаға бөліп қараудың ұстанған принципі - барлық құбылысты түгел қамту дегендік деп түсінеміз.
Мақал-мәтелдің табиғатына тән ерекшеліктердің қатарына, ең алдымен, олардың жанр түрінде іштей жіктелуін, өмір-тіршілігіміздің сан-саласын қамтитын көп тақырыптылығын жатқызуға болады. Сондай-ақ, мақал-мәтелдер өзінің өте көнелігімен де, ғасырлар асып, бізге жеткен өзіндік дәстүрімен де ерекшеленетін, ой мен тілдің өзара түйісуі негізінде дүниеге келіп, жанр ретінде қалыптасқан құбылыс ретінде де назар аударады. Осы ерекшеліктеріне байланысты мақал-мәтелдер ауыз әдебиетінің әрі көркем сөз өрнегі, үлгісі, көркем мәтіннің тілі ретінде лингвистиканың зерттеу объектісі бола алады. Сонымен қатар, мақал-мәтелдер этнолингвистиканың да ең бір құнарлы объектісі болып саналады. Өйткені, мақал-мәтел табиғаты халқымыздың барша болмысымен қат-қабат астарласып жатыр, мақал-мәтел жасаудың принциптері мен мотивтік негіздері ұлттық менталитетке, ежелден қалыптасқан салт-дәстүрге, дүниетанымға, болмыстағы заттар мен құбылыстарды абстракция, салыстыру, ұқсату, теңеу, қарама-қарсы қою т. б. тәсілдер арқылы танып-білуге ыңғайлы объект болып саналады.
Алайда, бұлардың бәрін айқындау, ғылыми тұрғыдан зерделеу тек жүйелі түрде, белгілі бір ізділікпен қарастырғанда ғана нәтижелі болмақшы. Бұл - ғылыми зерттеудің басты принципі мен тәсілі болып саналады.
Түркі халықтары мақал-мәтелдерді «аталар сөзі», «даналық сөздер», «нақыл сөздер», «ақыл сөздер» деп атап, «Ақылың бар ма - ақылға ер, ақылың жоқ па - нақылға ер», «Атаңның сақалына қарама, айтқан мақалына қара», «Мақал - мәтел маржан сөз» деуі - халықтың берген әділ бағасы.
Мақал-мәтелдер айтылатын ойдың бағытына қарай - тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін білдіріп, тыңдаушысына ой салады.
Демек, бүгінгі қазақ халқының ауыз әдебиетінде сақталған және толассыз толығып, дамып бізге жеткен мақал-мәтелдердің тамыры мен жасалу тәсілдері тереңде жатқан, бастауын сонау көне замандардан алған құнарлы да өзіндік ерекшелігі мол жанр санатына жатады. Мақал-мәтел, ауыз әдебиетінің басқа кіші жанры сияқты, дайын күйінде қолданылатын туынды және жұртқа берер тәлім-тағылымы мол, логикалық жүйеге құрылған өзіне қатысты объектілерді бейнелер (образдар) арқылы суреттейтін құнарлы тіл байлығы. Мұнда тек ұйқас, сюжет, образ ғана емес, сонымен қатар логикалық ойдың жүйелі көрінісі, нақтылық, тапқырлық, астарлы пікір, ұлттық дүниетанымның өзіндік бір тәсілдері мен сөзжасам модельдерінің қат-қабаты араласып, мақал мен мәтелдің күрделі де көркем табиғатын сипаттап тұрады. Сондықтан, мақал-мәтелдер де тіл тұрғысынан зерттеуге тиісті қызықты да өзіндік ерекшеліктері мол күрделі мағыналық бірлікке жатады. Сондай-ақ мақал-мәтел табиғатына тән бұл ерекшеліктердің бәрі этнотілтаным, лингвомәдениеттаным, психолингвистика, когнитивті лингвистика тұрғысынан зерттеуді талап етеді.
Қазіргі кезеңде «Тіл мен мәдениет» мәселесіне қатысты тіл біліміндегі көптеген зерттеу жұмыстары тілдегі ұлттық сипатты, ұлттық танымды, ұлттық рухты тануға, танытуға негізделген. Дегенмен, мәдениеттің дерегі ретінде тілдегі мақал-мәтелдер әлі де жеткіліксіз қарастырылуда. Мақал - мәтелдер шығармашылықтың нәтижесінде ғана дүниеге келіп, ұлттық болмыстың барлық саласына қатысты ұлттық дүниетанымның тілдегі бір көрінісі болып келеді. Осылардың бәрін мақал-мәтел фактілеріне талдау жасай отыра белгілі бір жүйемен қарастыру тақырыптың тың және өзекті екендігін көрсетеді. Зерттеу жұмысының өзектілігін арттыра түсетін тағы бір фактор - қазақ мақалдарының жасалуындағы бейнелілік пен тілдік ерекшеліктерінің зерттелуі, мақал-мәтелдердің көркем мәтіндегі орны туралы пайымдап, мақал-мәтелдегі этномәдени белгілердің символдық мәнін ашуға талпыныс жасалғандығы. Осыған сай мақал-мәтелдегі мәдениеттің айқын үлгілері, әсем өрнектері ажарланған ұлттық символдар болмысын мақал-мәтел арқылы ашуды «тіл - мәдениет - ойлау» үштағанының айналасындағы зерттеулердің бір бөлігі деуге болады. Символдардың әмбебап категория екені белгілі, дегенмен, біздің жұмысымызда тілдегі мақал-мәтелдегі символдың табиғаты мәдениет шегінде қаралады. Мақал-мәтелдегі символ - халықтық дүниенің түйсінуінен хабар беретін қойма, яғни дүниенің тілдік бейнесі ретінде ұлттың эстетикалық таным-талғамын, шаруашылық кәсібін, мінез-құлқын, ырым-нанымын, салт-дәстүрін, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухты тек тілде ғана жан-жақты танытады. Сонымен қатар, мақал-мәтелдердің, авторлық афоризмдердің кейіпкер тілінде қолданылуы мен автор бейнесін берудегі тілдік-стильдік көрінісін айқындау тақырыптың өзектілігін арта түседі.
1 МАҚАЛ-МӘТЕЛДЕРДЕГІ БЕЙНЕЛЕГІШ - КӨРКЕМДЕГІШ ТӘСІЛДЕРДІҢ ТІЛДІК ҚЫЗМЕТІ
1. 1 Мақал-мәтелдегі антоним, синоним, омоним сөздердің қолданысы
Қазақ тіл білімі ғылымында Қ. Аханов, Ә. Болғанбаев, Ж. Мусин, Ғ. Мұсабаев, І. Кеңесбаев, Ғ. Қалиев т. б. ғалымдардың еңбектерінде антонимдер әр түрлі зерттеу саласында көрініс тапқан.
Тіл көркемдігін арттыруда антонимдердің қызметі зор. Сондықтан да болар антонимдер халық ауыз әдебиетінен бастап бүгінгі кез келген ақын, жазушы шығармаларында көп қолданыста. Антонимдерді әсіресе нақыл сөздерден, мақал-мәтелдерден жиі кездестіруге болады.
Ж. Мусин «Қазақ тілінің антонимдер сөздігі» атты еңбегінде, антонимдерге әр түрлі бағыттағы анықтама берген:
«1. Әдетте мағыналары бір-біріне қарама-қарсы сөздер - антоним деп аталады.
2. Антонимдік мағына сапалық ұғымдарға тән болады деген пікір жиі қолданады.
3. Антоним сөздердің қарама-қарсылықты мәні, олар бір сөйлем ішінде қатар қолданғанда айқын аңғарылады. Мұндайда антоним сөздердің мағыналық қарама-қарсылығы айрықша баса көрсетіліп, ерекше көзге түседі» [2, 27б] .
Зерттеуші-ғалым Ә. Болғанбаев «Қазақ тілінің лексикологиясы» атты еңбегінде антонимге мынадай тұжырым жасайды: «Антонимдер дүниедегі заттардың, құбылыстардың сын-сапасын, артық, кем қасиетін, мөлшер-көлемін салыстырып, бір-біріне қарама-қарсы қоюдан шығады» [3, 21б] .
Антонимдер дүниедегі, әлемдегі құбылыста, сондай-ақ адам бойындағы өмір мен өлім, жақсы мен жаман, күн мен түн, жұмсақ пен қатты, тірі мен өлі, қайғы мен шат, әділет пен қиянат түрінде кереғар ұғымдардың жиынтығы.
Мысалы: Батырлық-ерлік, қорқақтық туралы мақал-мәтелдердегі антонимдер:
« Батырдың бір ісі тепетек, қорқақтың екі ісі тентек»; « Ер бір рет өледі, қорқақ мың рет өледі»; « Қорқақты көп қусаң, батыр болар»; «Ер жігіт үйде туып, түзде өлер »; «Ер жігіт елі үшін туады, елі үшін өледі »; «Ер жігітке өлім бар да, қорлық жоқ »; «Қорлық өмірден, ерлік өлім артық».
Мақал-мәтел - өмір шындығы, әлемнің басталуы мен аяқталуы, адамзат баласының дүниеге келуі мен қайтуы, күннің шығуы мен батуы бар сияқты дүниедегі барлық заттардың, құбылыстардың қарама-қарсы ұғымнан туатынын көрсетеді.
Батырлық-ерлік, қорқақтық туралы мақал-мәтелдерде: батырлық пен қорқақтық, өмір мен өлім, ерлік пен қорлық антонимдері адам сезіміндегі, мінезіндегі, құбылысты философиялық ой түйінімен, ұғымымен ұштастырып, өзіндік ерекшелігін көрсетіп тұр. Сондай-ақ өмір мен өлім сөздері мәңгі тіршіліктің өлшемі ретінде айтылған. Әр уақытта әлемдегі құбылыстарды бірде шендестіріп, бірде салыстырып, бірде нақты ұғымды тереңдету үшін де қолданылатындығын аңғаруға болады. Мысалы: Отбасына байланысты мақал-мәтелдердегі антонимдер:
«Ерлі-қатын тату болса, шырағы жанар, ерлі-қатын араз болса, өмірден көңілі қалар»; «Екі жарты - бір бүтін »; « Жақсы әке жаман балаға - қырық жылдық азық»; « Жақсы әйел жаман еркектің басын төрге сүйрейді»; « Жақсы адам қартайса, жазып қойған хаттай, жаман адам қартайса, бықсып жанған шамдай»; «Қызға қараған күн - айсыз қараңғы түн »; « Жақсы әйел ырыс, жаман әйел ұрыс»; «Үйлену оңай, үй болу қиын »; «Түнде жүрген күндіз қуанар, жасында үйленген қартайғанда қуанар»; « Жақсы әйел өміріңді ұзартады, жаман әйел үстіне тұз артады»; «Екі жасты қосқанның - сауабы бар, екі жасты айырғанның - обалы бар».
Жоғарыда келтірілген тату-араз, жарты-бүтін, аш-тоқ, жақсы-жаман антонимдері заттың сын сипатын, қасиетін анықтайтын сын есімдік антонимдер. Ал, туады-өледі іс әрекеттің даму барысындағы қарама-қарсылық процесін қамтитын етістік антонимдер.
Отан, туған жер, ел туралы мақал-мәтелдердегі антонимдер:
«Туған жердің күні де ыстық, түні де ыстық»; « Бөтен жердің гүлінен, туған жердің тікені артық»; «Елді іс біріктіреді , сөз бұзады »; « Жат елдің қаршығасынан, өз елінің қарғасы артық»; «Елдестірмек елшіден, жауластырмақ жаушыдан»; «Елге ел қосылса - құт, елден ел айрылса - жұт»; «Елдің сырты жаудан аман болсын, елдің іші даудан аман болсын».
Туыс, ағайын, азамат туралы мақал-мәтелдегі антонимдер:
«Ағайын ащы, мал тұщы »; «Ағайын туыс кімде жоқ, сыйласпаса жат жуық»; « Жаттан жеген майлы астан, жақынның жұдырығы артық»;
«Үйдің жылы суығын - қыс түскенде білерсің, кімнің алыс, жақынын - іс түскенде білерсің»; «Ер жігіт үш ақ үй, үш қара үй тігеді».
Жолдас, құда, қонақ, көрші туралы мақал-мәтелдердегі антонимдер:
«Жолдасың жақсы болса, жолым ұзақ деме, жолдасың жаман болса, қолым ұзын деме»; « Бай мен бай құда болса, ортасында жорға жүреді, жарлы мен жарлы құда болса, ортасында дорба жүреді, Бай мен кедей құда болса, өзара зорға-зорға жүреді»; «Қонақ келсе - құт , қарақшы келсе - жұт »; « Жаман көрші асыңды бағалар, жақсы көрші басыңды бағалар».
Базар, сауда, ақша, олжа, байлық туралы мақал-мәтелдердегі антонимдер:
«Базар бай, алушы кедей»; «Арзан менен қымбаттың, базар берер нарқы бар, жақсы менен жаманның, адам берер парқы бар»; «Барлық не жегізбес, жоқтық не дегізбес»; « Бай тойғанынан кекіреді, кедей аштықтан секіреді». Осындағы барлық-жоқтық, адалдық-арамдық, жақсы-жаман дегендер жақсылық пен жаманшылықтың, әділдік-әділетсіздіктің кереғар ұғымдары бір-біріне қарама-қарсы қойылып айтылып тұр. Екі жағының салмақ-мөлшері бірі артық, бірі кем емес, нақ бірдей, тепе-тең.
Пендешілік көлеңкелері туралы мақал-мәтелдердегі антонимдер:
Мақал-мәтелдердегі антоним сөздер бірнеше стильдік мақсатта қолданылады. Мақал-мәтелдердегі антонимдер бір сөйлемнің өз ішінде салыстырылып та айтылады. Мәселен, «Екі жарты бір бүтін» дегендегі антоним сөздер кейде бір сөйлемнің ішінде келіп салыстырылады. «Аңқау астына қарайды, арамза үстіне қарайды»; « Бар мақтанса табылар, жоқ мақтанса шабылар»; « Жақс ы кісі мақтанса, жаманнан қалдым дер, жаман кісі мақтанса, жақсының жағасынан алдым дер»; «Жапалақ құс мақтанса, жардан тышқан алдым дер, жаман адам мақтанса, жақсылық аяғын шалдым дер». Жазушы Мұқанов та өз шығармасында антонимге құрылған мақалды ұтымды қолдана білген, мысалы:
«-Сен осындай ер жігіт екенсің ғой, шырағым!. .
-Қайдағы ерлік?
-Ерлік те адамдық та, - деді Айбарша, - сіз үлкен адам екенсіз ғой, аға!. .
-Көзіне мақтамас болар, -деді Дәулет.
-Неге? - деді Сырбай, - жүдә болады. Айтпады ма бұрынғылар:« Жақсының жақсылығын айт нұры тассын, жаманның жамандығын айт-құты қашсын » деп. Жақсының жақсылығын неге айпасқа, жүдә?». . ( «Сырдария» 524 б) .
Антонимдер әр түрлі жұрнақ, жалғаулар қабылдап, солар арқылы жаңа сөз өрбітіп, өріс аумағын кеңейтіп, мағыналық қырларын молайта отырып та тіл шұрайлығына қызмет етеді.
Әсіресе сын есімді антонимдер мақал-мәтелдерде жиі кездеседі. Сын есімді антонимдердің қолданылуының табысы мынада:
а) заттың сапасын, қасиетін анықтауда;
ә) адамның мінез-құлқының, көңіл-күйінің қасиетін танып білуге жәрдемдесуде;
б) заттың сыр-сипаты мен белгілерін анықтауда;
в) зат пен құбылыстың түр-түсінің реңін танытуда;
г) заттың, құбылыстың дәмін, сипатын, құрамын танытуда осы антоним сөздер жиі пайдаланып, тіл көркемдігін, ой көркемдігіне жетелеп, айтылған ойдың эстетикалық сипатын, сымбатын танытуға жәрдемдеседі.
Дүниедегі заттар мен құбылыстардың сапасын, қасиетін, мөлшерін салыстырып және қарама-қарсы қою, өмір мен өлім, жақсылық пен жамандық, адалдық пен арамдық, ақ пен қара, жақсы мен жаман сияқты кереғар ұғымдарды көрсету арқылы философиялық ой түйінін, өмірге көзқарасын халқымыз мақал-мәтелдерде антонимдерді қолдану арқылы, яғни контраст суреттер беруде жиі пайдаланады.
Антонимдердің стильдік қызметі туралы орыс ғалымы В. Виноградов: «Антонимы как стилистическое средство широко используются в языке художественной литературы и публицистики.
Антонимы служат для подчеркивания, выделения наиболее важных моментов речи» [4, 293б] десе, ғалым К. Аханов: «Антонимдердің стилистикалық қызметі өте күшті. Қарама-қарсы құбылыстарды салыстыруда, оларды бір-бірімен қатар қойып шендестіруде және осы тәсіл арқылы айтылатын ойды тайға таңба басқандай етіп түсіндіруде антонимдер айрықша қызмет атқарады. Антонимдерді шебер қолданудың нәтижесінде айтылатын ой мейлінше ашық-айқын, мейлінше мәнерлі болып келеді» деген [5, 328б] .
Мақал-мәтелдердегі антонимдер дүниедегі құбылыстардың сын-сапасын, артық-кем қасиетін, мөлшер көлемін салыстырып, бір-біріне қарама-қарсы қоюдан шығады. Антонимдер өзара алшақ қарама-қарсы ұғымды білдіретіндіктен, бұлардың әр сөз табына қатысы нақ бірдей емес:
- Мақал-мәтелдердегі антонимдерді саралай келе зат есім мен сын есімнен жасалған антоним сөздердің соншама молдығы ұлттық танымдық мағынаны беретін сөздердің өмірмен тығыз байланысты екендігін, сабақтастығын көрсетеді де іргелес сөйлемде қарама-қарсы қойылып шендестіріледі. Мұндағы антоним сөздер ойды қысқартып, ықшамдап беру арқылы астарлы үлкен мәнді білдіреді. Қарама-қарсы түрінде берілген сөздерде халықтың дүниетанымдық ой сүрлеуі жатыр.
- Антонимдер іргелес сөйлемде қарама-қарсы қойылып шендестіріледі. Мысалы: «Ер біррет өледі, қорқақ мыңрет өледі», «Ашбала, тоқбаламен ойнамайды, тоқ бала аш болам деп ойламайды», «Алысжермен құда болсаң, түйе-түйе ас келер, жақынжермен құда болсаң, түйе-түйе сөз келер».
Мақал-мәтелдердегі антонимдер ойды жинақтап айту үшін қолданылады. «Алдау - зұлымдық , алдану - аңғырттық », «Жаман адам мақтанса, жақсылық аяғын шалдым дер», «Анығын айту адалдық , ала сөйлеу арамдық». Мұндағы «зұлымдық» , « аңғырттық» , «адалдық», «арамдық», «жаман», «жақсылық» деген сөздердің әрқайсысының беретін мағынасы бар, бірақ мұнда қарама-қарсы мәні бар сөздер жинақтау мәнде қолданылып тұр.
Сонымен бірге мақал-мәтелдердегі сын есім сөздер бірыңғай мүше ретінде келіп, абстракті ұғымды береді. Мысалы, «Үйдің жылы, суығын -қыс түскенде білерсің, кімнің алыс, жақынын - іс түскенде білерсің».
Қатар қолданылатын антонимдер сөйлем бойында бірге келіп, үнемі адам іс-әрекетінің айнасы ретінде беріліп, өмір бойы болып жатқан кереғар ұғымдар беріп, мәтінге үлкен мағына үстеп, ой әсерін күшейтіп отырады.
Сын есім антонимдердің негізінде танымдық идеясы беріліп, дүниедегі ұғымдарды бірімен-бірін салыстырып, шеңдестіріп береді. Сын есімдерден берілген антонимдер анық, айқын, оқырманына түсінікті жұмсалады. Қайшылығы мол өмір, сол қайшылықты тудыратын құбылыстың бірі - адамдардың тұрақсыздығы, күншіл, көрсе қызар, жалтақ, жағымпаз іс-әрекеттерінің тайыз, төмендігі, осыған қарама-қарсы ұғымдағы ізгі-ниет қасиеттерді бағалауды мақсат етуді, осындай өмірдің кереғар тіршілік тынысын беруде антонимдер өте ұтымды қолданылған.
Мақал-мәтелдердегі етістіктен келетін антонимдер де қарама-қайшылық құбылысты жеткізуде қимыл- әрекет процесін көрсетуге бейім екендігі байқалады. Мысалы, «Елді іс біріктіреді, сөз бұзады», «Елдестірмек елшіден, жауластырмақ жаушыдан». Етістіктен болған антоним сөздердің қимыл-әрекет динамикалығын әсерлі жеткізу мүмкіндіктері молдығын, әрі сөз жасау қабілеті бар тұлғалар екендігін анықтауға болады.
Жазушы Ғ. Мұстафиннің мына бір авторлық афоризімінде де жылы - суық антонимдері үлкен мағынаны үстеп тұрғанын көреміз, мысалы:
« - Бәрі бұзық!
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz