Табиғат лирикасының қазақ әдебиетіндегі көріністері


Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі
Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институты
«Қорғауға жіберілді»
«Қазақ, орыс тілдері мен әдебиеті» кафедрасының
меңгерушісі, ф. ғ. к. Б. А. Рахметова
Диплом жұмысы
Тақырыбы: « Табиғат лирикасының қазақ әдебиетіндегі көріністері»
Мамандығы 050117 - «Қазақ тілі мен әдебиеті»
Орындаған Ерлан А.
Ғылыми жетекшісі ф. ғ. к Рахметова Б. А.
Арқалық, 2010
Мазмұны
Кіріспе 3
1 Поэзия - сөз өнерінің алтын тәжі
1. 1 Лирика - сезім сыры 6
2 Табиғат лирикасының қазақ әдебиетіндегі көріністері
2. 1 1960-жылдан кейін табиғат лирикасының жырлануы 12
2. 2 Табиғат лирикасындағы лирикалық кейіпкер және лирикалық
қаһарман 34
2. 3 Табиғат лирикасындағы көркемдеуіш құралдар 40
Қорытынды 57
Пайдаланған әдебиеттер тізімі 59
Кіріспе
Жер бетіндегі тіршілік атаулының бәрі табиғат құрсауында пайда болған. Миллиондаған жылдар бойы ол өз перзенттерін төл бесігінде тербетіп, өсіп өнуіне, дамып жетілуіне жағдай жасады. Бүкіл тіршілік иелерінің үйлесімді дамуы осы ортада, яғни табиғат аясында бөлінбес бірлікте өтті. Сондықтан да қазіргі ғылыми техникалық прогрестің арқасында өзі шыққан тарихи тамырынан ажырай бастаған адамзат ұрпағына табиғат ананың қасиетін түсіндіру, табиғат адамға емес, керісінше тіршілік ету үшін адам табиғатқа тәуелді екенін баланың жас кезінен санасына сіңіру бүгінгі күннің өзекті мәселесінің бірі болып отыр. Бұл тек әдебиетке ғана емес өнер мен ғылымның барша саласына қатысты екендігін де жоққа шығара алмаймыз. Өйткені, бүкіл тіршілік атаулының болашақ тағдыры бүгінде экологиялық апат алдында тұрғандығы. Оған бірден-бір жауапты саналы адам баласы екендігі де бәрімізге белгілі.
Табиғат мәселесіне күллі адамзат ақыл-ойы мән беріп отырған тұста одан көркем әдебиеттің шет қалуы, оған соқпай бұрылып өтуі мүмкін емес. Қай кезде де елден ерек құлағы түрік жүретін қаламгерлер қауымы да өздерінің шығармашылығында бұл тақырыпқа назар аударары сөзсіз.
Сондай-ақ табиғатынан сұлулыққа, әсемдікке жаны құмар нәзік, сезімтал ақындар айналадағы табиғаттың көз тартар келбетіне де сүйсініп жүректерін жарып шыққан жырларын арнаған. Осылайша қазақ әдебиетінде табиғат лирикасы туып, күннен күнге дамып, өркендеп отырған.
Тақырыптың өзектілігі: Қазақ әдебиетінде табиғат лирикасы әр ғасырда әр деңгейде көтеріліп отырған тақырыптардың бірі. Табиғат лирикасы, соның ішінде 1960 жылдан кейінгі қазақ әдебиетіндегі табиғат лирикасының дипломдық жұмысқа арқау болуы тақырыптың өзектілігін білдіреді.
Тақырыптың ғылыми жаңашылдығы: Табиғат лирикасын жырлаған ақындардың шығармалары ғылыми-теориялық тұрғыда талданады. Дәстүр жалғастығы, көркемдік ізденістері, ақындық шеберліктері зерделенеді.
Зерттеу жұмысының практикалық маңыздылығы: Табиғат лирикасын талдау, саралау барысында айтылған ой - тұжырымдарды, нәтижелерді мектеп оқулықтарына, арнайы курстарда пайдалануға болады.
Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері: Қазақ әдебиетіндегі табиғат лирикасының қалыптасуымен және адам баласынан ажырамас осы тақырып төңірегінде сыр шерткен ақындардың өлеңімен таныса отырып, оның
поэзиядағы алар орнын айқындау. Осы мақсатты айқындау үшін алдымызға
мынандай міндеттер қойдық:
- Лирика, соның ішінде табиғат лирикасына қатысты материалдар жинақтау;
- Табиғат лирикасын жырлаған ақындардың өлеңдерімен танысу;
- Табиғат лирикасындағы лирикалық кейіпкер мен лирикалық қаһарманның бейнесін ашу;
- Табиғат лирикасындағы көркемдеуіш тәсілдерді саралау.
Зерттеу жұмысының нысаны: Қазіргі қазақ поэзиясының көрнекті ақындарының табиғат жайлы өлеңдері зерттеу нысанына алынды.
Зерттеудің теориялық және әдіснамалық негіздері: Зерттеу жұмысында поэзияға, табиғат лирикасына қатысты пікір айтқан зерттеуші ғалымдардың еңбектері басшылыққа алынды.
Зерттеу жұмысының құрылымы: Зерттеу жұмысы кіріспеден, негізгі бөлімнен, қорытынды және пайдаланған әдебиеттер тізімінен тұрады.
1 Поэзия - сөз өнерінің алтын тәжі
Поэзия халық ауыз әдебиетінен бері сақталып, дамып келе жатқан әдебиеттің үлкен бір сырға толы саласы. "Поэзия" термині бізге грек тіліндегі "piesis" сөзінен енген. "Жасаймын", "тудырамын, " "шығарамын" деген мағынаны білдіреді.
Леонардо да Винчи поэзияға мынандай анықтама берген: «Көркемсурет тілсіз поэзия, ал поэзия көрінбейтін көркемсурет» [1] .
Поэзия - өлең үлгісіндегі әдеби туындылар. Түркі тектес халықтардың әдебиетінде, әсіресе, солардың ішінде қазақ әдебиетінде поэзия сөздің ырғақтық құрылысына, ұйқасына негізделеді.
Поэзия ұғымы өлеңмен жазылған шығармаларды көркем прозадан ажырату үшін қолданылады. Поэзия мен прозаның айырмасы тек сыртқы белгісіне қарап анықталмайды, сапасында да өзіндік ерекшелік бар. Поэзиялық туындыларда баяндау, бейнелеу жағы басым болып келсе, ал поэзиялық туындыларға «ақынның ішкі дүниесінің сыртқы себептермен, жалпы ақиқат шындықтың әсерімен аса қатты толқуы, автордың өз басының алуан-алуан нәзік түйсіктері, күйініш-сүйініші тән болып келеді» [2] .
Поэзияда көркемдік тәсілдер мен бейнелеу құралдарын, тілдің ырғақтық, интонациялық байлығын қолдануда өзіне ғана тән ерекшеліктері бар. Поэзиялық шығармаларға тән айырықша тағы бір қасиет - өмір құбылыстарын терең эмоциялық сезімталдықпен қабылдап, соған орай әсерлі, тартым ды көркем бейнелеу. Алайда поэзияда адамның ой-сезімі әдейі сырттай көркемделмейді.
«Поэзия -әлемдік өмірдің қан тамырының соғуы, сол өмірдің қаны мен оты, жарығы мен күні» [3] .
Әр заман поэзиясының өзіне лайық күйі мен үні бар. Адам баласының бүкіл
тарих бойына ілгері өсіп дамуы қаншалықты тынымсыз, толассыз жүріп жатқан процесс болса көркем бейне жүйесімен ойлау, дүниені образбен танып баяндау,
суреттеу өнері де тоқтаусыз жүріп жатқан құбылыс. Қоғамдық сананың бір түрі ретінде көркем әдебиет қай ғасырда болса да сол заманғы адамдардың бір-біріне деген қатынасын, ой-арманын, дүние танымын байқатпақ. Соның ішінде поэзияның ғана құдіреті келетін, тек өлең ғана айта алатын тебіреніс бар. Ол заман күйі, тіршілік еткен жанның мұңы мен зары, ішкі арманы мен сезімі, қуанышы мен күйініші.
«Поэзияның және де поэтикалық ойдың негізі бола білген алты діңгекті басқа ешқандай да өнер дәл сондай етіп суреттеп бере алмайды» [3] .
Тәптіштеу, баяндау орнына өлеңнің бейнемен, суреттеу мен адам халінің көп жайларын білдіре алатын қасиеті өнерлі халықтың көкейіне қонған. Әсіресе, қазіргі заман поэзиясы сыры мен қыры мол, алып көркем дүние болып табылады.
Қазақ халқының бай ауыз әдебиеті мұрасының барлығы да поэзиялық туындылар. Оның дәлелі ретінде ауыз әдебиетінен бүгінге мирас болып қалған өлең, толғау, ғашықтық жырлар, батырлар жыры, қисса-дастандар, тіпті мақал-мәтел, жұмбақтарды айтуымызға болады. Сондай-ақ поэзияның құлаштап дамуына қазақ әдебиетіндегі жыраулар да өзіндік үлес қосты.
Ә. Тәжібаев: "Поэзияның негізі - халық өлеңдерінде, әсіресе сал-сері атанған: Ақан, Біржан, Жаяу Муса, Үкілі Ыбырай, Әсеттерде жатыр" [4] - дейді. Шынында да, осындай сан ғасырды басынан өткерген қазақ поэзиясы Абайдың тұсында биік деңгейге көтерілді.
Қазақ поэзиясының тыңнан түлеп, құлаштап өркен жайған кезі - Ұлы Октябрь төңкерісінен кейінгі кезең. Қазақ даласына енген жаңа заман соны жаңалыққа, соны серпінге толы өршіл, қуаты мол жаңашыл поэзиясын әкелді.
Бүгінгі қазақ поэзиясы - кемеліне келген, кең тынысты, сан-салалы, озық ойлы, сан қырлы әлемдік деңгейге көтерілген өскелең әдебиеттің үлкен саласы.
Поэзия - көңілдің толқыны, жүректің лүпілі және өмір құбылыстарын танып білудегі қуатты құрал, ой мен сезімнің тамырын терең салған бағыналы бәйтерек.
Жалпы айтқанда, поэзия - әдебиеттің ерте де қалыптасқан көне саласы.
М. Базарбаев айтқандай « . . . жасаған сайын жасара түсетін жанды саласы» [5] .
1. 1 Лирика - сезім сыры
Лирика - көркем әдебиет жанрының бір түрі. "Лирика" термині грек тілінен енген, "лира аспабының сүйемелдеуімен айтылатын" деген мағынаны білдіреді. «Қазақ көркем өнерінде лирика жанрынын алатын орны үлкен. Тіпті қазақ әдебиеттану ілімінің дені поэзия зерттеуінен тұратыны да бізді ойландыруы тиіс» [6] .
Көркем әдебиеттің басқа жанрларынан қарағанда лириканың басты ерекшелігі - адамның көңіл-күйін, сезім дүниесін тікелей бейнелеп көрсетеді.
Лирикалық шығарма үнемі өлеңмен жазылады. Онда автордың немесе лирикалық кейіпкердің дүниеге көзқарасы, оның сезімін, әсерлеп бейнелеу арқылы көрсетіледі. «Кез келген сезініс мен толғаныс лирика тудыра алмайды, әлеуметтік толғаныстар ғана лирика тудыра алады» [7] .
Эпика жанры баяндауға негізделсе, лирика жанры адамның түрлі құбылыстан алған әсерін бейнелеп жеткізу шеберлігімен ұштасады. Әр халықты алып қарасақ та, олардың лирикалық өлеңдері ауыз әдебиетінен басталады. Мәселен, қазақ лирикасының басы тұрмыс-салт өлеңдерінде - тойбастар мен жар-жарда, сыңсу мен беташарда, мұң-шер өлеңдерінде немесе қоштасу мен көңіл айтуда, естірту мен жоқтауда жатыр. Онан бергі қазақ поэзиясында Қазтуған, Ақтанберді, Шалкиіз, Махамбет толғауларында лирикалық толғаныстар арқылы бүкіл қазақ халқының аңсаған арман мұраттары көрсетілген.
Лириканың бас қаһарманы - ақынның өзі. Ақын ең алдымен өз жайын, мұңын, арманын, қуаныш сезімін жыр етуі арқылы халықтың тағдырын, қайғысын, күйзелісін, қуаныш - шаттығын, тілек - мақсаттарын білдіреді.
Нағыз классикалық туындылар жеке адамның жан дүниесін, толғаныс, тағдырын бейнелеп, сол арқылы бүкіл бір ортаны, қоғамды, заманды сипаттап береді. Лирика көлемі жағынан өте ықшам келеді. Оқиғадан гөрі отты сезім басымдау, күллі сурет сол сезім маңына, бас-аяғы тұжырымды бірер философиялық ой маңына жинақталады.
Белинский лириканың қасиеттерін басшылыққа ала отырып, өзіндік пікір ұсынған. Мәселен, Белинскийше лирикалық шығармалар мәңгі бай бола тұрса да, ешбір мағынасы жоқ тәрізді болып келмек: сондықтан олар, сөзсіз музыканың әуеніндей бүкіл жұлын-жүйемізді тебіренткенмен де, мазмұны тіпті айтып беруге көнбек емес. Эпикалық шығармалардың мазмұнын өз сөзіңізбен айтып беруіңіз мүмкін, ал лирикалық шығармаларды оқып шыққаныңызбен де, оның мазмұнын еш уақытта толық ұстап қалуға болмайтындықтан, өзгеге айтып беруге болмайды, айтып бергеніңізбен де әсер ете алмайсыз. Демек, лирикалық шығармалардың мазмұнын өзгеге әсерлі түрде жеткізу үшін басқаша емес, ақынның қаламынан қандайлықты боп шықса, сол қалпында оқып беруіңіз керек, себебі, сөзбен айтылған лирикалық шығарма әсер ететін қасиетін түгел жоймақ. Бұл Белинскийдің лирикаға берген бірінші сипаттамасы.
Екінші сипаттамасы бойынша, лирикадағы затта өз бетінше баға болмақ емес, жырлайтын затына ақын қандайлық мән берсе, сол лирикаға мазмұн болмақ, барлығы соның ырқында болуы керек.
Үшінші сипаттамасына қарағанда, лирикалық шығарма тезбе-тез түйсіктен шыққанмен де, өте ұзақ болмауға тиіс, ондай болған жағдайда ол тартымсыз және сылбыр болып кетпек. Оқырманға ләззат бермек тұғыл, титықтатып, жалықтырып жібермек. Егерде лирикалық шығарманы оқып беру үшін бірнеше минуттан артық уақыт керек болмайтын болса, мұндай минуттік шабыттың жемісі біздің бүкіл жұлын-жүйкемізді тебірентіп, сана-сезімімізді баурап алып көп уақыт жадымызды жүрмек.
Лирикалық шығармалар кейде шығарманың тақырыбына, мазмұнына қарай бөлінеді. Атап айтсақ: саяси-азаматттық лирика, махаббат лирикасы, философиялық лирика, көңіл-күй лирикасы, табиғат лирикасы.
Табиғат лирикасы - лирика жанрының бір түрі, ақынның ішкі жан-дүниесі, оның айналасындағы әр түрлі табиғат құбылыстарын сезінуі. сезінген көрінісін бейнелеп суреттеуі арқылы танылатын өлең-жырлар. Табиғат лирикасының алғашқы белгі, нышандарын фольклорлық поэзиядан кездестіреміз.
Қашанда адамзат табиғатпен етене жақын, бір-бірімен тығыз байланыста. Сондықтан да айнала қоршаған орта және оның әр түрлі жаратылыс сырлары адамның назарын өзіне аудармай қоймаған. Әсіресе сұлулыққа жаны құмар, айналасына ойлы көзбен қарап, нәзік түйсікпен қабылдайтын ақындардың ерекше назар аударары сөзсіз. Осындай жағдайда ақындар табиғатқа арнап лирикалық өлеңдер жазып отырған. Біреулер табиғаттың пейзаждық суреттерін жасаса, енді бір топ ақындар сол табиғатты жырына арқау ету арқылы қоғамдық өмірді, адамның ішкі көңіл-күйін астастыра жырлаған.
Табиғат лирикасын сөз еткенде ең алдымен ойымызға ұлы Абай ақын оралады. Ол табиғат лирикасының негізін салушы. Абайдың жылдың төрт мезгіліне арнап жазған өлеңдері осы уақытқа дейін өз оқырманын тамсандырып келеді. Абай ақын өлеңдерінде жансыз таби-ғатқа жан кіргізіп, тірі адам кейпінде суреттеген. Мысалға, ақынның "Қыс" өлеңіне назар аударсақ:
«Ақ киімді денелі, ақ сақалды,
Соқыр мылқау танымас тірі жанды.
Үсті-басы ақ қырау түсі суық,
Басқан жері сықырлап келіп қалды . . . » [8], -
деп қысты ақ киімді, ақ сақалды адамға теңеп, жансыз табиғатқа жан кіргізе адам кейпінде суреттейді.
Абайдан соңғы қазақ ақындары да табиғат лирикасына көптеп қалам
тербеді. С. Сейфуллин, М. Жұмабаев, І. Жансүгіров поэзиясы бұл сөзіміздің дәлелі бола алады.
Сұлулық атаулыға ғашық жүрекпен құлаған, ұшқыр қиял, мөлдір сезім, өткір ойдың ақыны Сәкен Сейфуллин Көкшетау табиғатынан өзінің әсем мұраттарын, сұлулық идеяларын тапқан еді. Сәкен Көкшетаудың сұлулықтарын сырттай тамсанып, құр тамашалаушы ғана емес, ол бұл атыраптың ой-қырын, өзен-көлін, тоғай-орманын, тау-тасын түгел аралап көзбен көргенін көңілмен сезіне отырып суреттеген. Мысалға:
«Арқаның кербез сұлу Көкшетауы,
Дамылсыз сұлу бетін жуған жауын.
Жан-жақтан ертелі-кеш бұлттар келіп,
Жүреді біліп кетіп есен-сауын . . . » [9], -
деген жолы поэтикалық бейнеге толы. Жансыз табиғатқа жан бітіре, қас сұлудың шомылғанын, үлкен кісіге сәлем бере келуді ишаратпен, табиғатпен астастыра білдіріп отыр. Ақын Көкшетаудың көкке бойлаған қарағайын, көк желекті аппақ қайыңын, басынан мұнар кетпес шыңына қонған көк қаршығаны, алтын кесе - сексен көлін, дертке ауа, жұпар иісті ауасын жырына қосады.
Ал Мағжан ақын тау туралы толғансын, не дархан даланың кеңдігін жырласын, тіпті көл немесе жазғы таңды, қысқы кешті, егінді, не жер күн, айды суреттесін, бірінші кезекте өзінің дүние түсінігі, ішкі жан-күйі тұрады, сонысымен айнала әлемді бірге толғандырып, бірге тебіренеді. Ақынның «Көкшетау», «Жазғы түнде», «Қысқы жол», «Қайың», «Орман», «Жел» тағы басқа да өлеңдері соның куәсі.
Ақын жырларында табиғат пен адамның жан-дүниесі бірге өріліп, бірге астасып жатады. Әлем құбылысы санамен, көңілмен үндесіп, сұлу, сырлы, тіпті, кейде ақыл-ойға сыймайтын фантастикалық суреттер көз алдыңа келеді. Сөз көбіне ойдың білінер-білінбес сыртқы қауызы ғана сияқты көрінеді де, ақынның құдіретті шабытымен кестеленген түпкі мағына сурет болып санаңа еніп, сезіміңді қалай билеп алғанын білмей де қаласың. Ақынның «Жазғы жолда» деген өлеңіне көңіл аударалық:
«Дала, Дала. Сыр дала,
Жапан түзде бір қара . . .
Шілде. Оттай ыстық күн,
Дала - өлік. Жоқ бір күн.
Жер де жатыр тұншығып.
Жол жыландай иірілген,
Шаң ерініп, үйірілген,
Еш бір леп жоқ, тып-тымық . . . » [10] .
Қарапайым ғана көріністер мол сырға ие болып, жол, дала, аспан, бұлт -
бәріне де жан бітіп, адамның өзімен тілдескендей әсер қалдырады. Өзіміз оны көзбен көріп, құлақпен естігендей боламыз. Адам мен табиғат арасы ақын өлеңінде ажырамас бірлікте, тоғысқан күйде, яғни айнала өмір, ақынның оны қабылдауы сырлы сөз күшімен әсерлі сурет береді. Ал «Қысқы жол» деген өлеңінен мына жолдарды оқып қаралық:
« . . . Ызғарлы жел долданып,
Екі иінінен дем алып,
Ішін тартып осқырып,
Кейде қатты ысқырып,
Аңдай ұлып бір мезгіл,
Екі санын шапақтап,
Біресе сақ-сақ күледі . . . » [11] .
Мұндағы «екі иінінен дем алып», «ішін тартып», «екі санын шапақтап», «сақ-сақ күліп» деген тіркестер қыс, аяз туралы өлеңге қаншама әр беріп тұрғаны түсінікті. Аяздың ызғарлы болуы, аңдай ұлуы, тіпті сақ-сақ күлуі жаңалық емес, ол бұрыннан бар нәрсе, Абай дәстүрінің жалғастығы десек те болады.
Қазақ поэзиясында Абай қалыптастырған табиғат лирикасының ілгері өрістеуін Ілияс есімімен байланыстырамыз.
Табиғаттың дәстүрлі маусымдарына арналған ақынның алғашқы өлеңдерінің бірі «Жазғы салымданы» оқып көрейік:
«Күркіреп, күңіреніп, ұласып аспан,
Сіркіреп бұлт тұмшалап, жаңбыр жауар.
Дүркіреп жауқазындар, жарар гүлін,
Үлбіреп өсер шөпетр, құлпырар қыр.
Жалтылдап жүнін тастар тай - тайлағы,
Бақылдап көлде қиқу - шағала, қаз.
Былқылдап малға толар қырдың қойны,
Сылқылдап әзілдесер, күлер сық-сық . . . » [12] .
Осы бір буынды тармақтың әдеттегі өлеңдей соңғы бунақтары емес, бастапқы сөздері ұйқасқан, бұрын қазақ поэзиясында сирек кездескен жаңа форма. Тіршілік оянуын, табиғаттағы жаңғыруды жан-жануар, құстың, адамдардың әрекет-қимылы арқылы бейнелейтін бұл өлеңдегі көркемдік принцип ақынның табиғат лирикасына түгелдей тән.
Ақын табиғат пен адам байланысын көрінісін көрсететін шығармалар шоғырын дүниеге әкелді. Бұлардың ішінде балалар талғамын ескеріп жазған, ырғақты, сөздері ойнақы «Жазғытұрым», «Жазғы шілде», «Күз» өлеңдерінде жыл мезгілдері, табиғаттағы өзгерістер еңбек әрекеттерімен сабақтас бейнеленеді. Осы тәсіл қазақ үшін ең бір қаһарлы маусымды бейнелейтін «Қыс» өлеңінде де қолданылған.
« . . . Ойда омбы, мұз, қырау, қылау - жерді көміп,
Жылымық, мұздақ болса - қырғындағы.
Қатындар қалтырасып судан қайтқан,
Қарғанып қыдырғанға қырдың шалы . . . » [11] , -
деп басталған шығармада бірте-бірте тұрмыс харакеттері, шаруаның көңілсіз күйі, әлеуметтік теңсіздік айтылады.
Табиғат лирикасындағы ақын ізденістері сан алуан. Ақынның пәлсапалық сипаттағы, қоршаған ортаның сесті көріністерін, табиғаттың ерекше құбылыстарын адам басындағы жағдайлармен, қоғамдық істермен сарындастыра, астастыра, символикалық сипат бере бейнелейтін «Желді күн», «Бұлақ бойында», «Көлге», «Ауылдың алды» сияқты туындылары бар.
Ілиястың пейзаж лирикасының ішіндегі ұлттық бояуы айырықша қанық, қазақ тілінің бейнелеу қуатының керемет күшін көрсеткен, ерекше бітімді, стильдік-көркемдік тұрғыдан айрықша табиғи туындысы - «Жетісу суреттері».
«Жалпы сын», «Тау суреті», «Жетісуда су суреті», «Жетісу жәндігі», «Жер түгі» деп аталатын тараулардан тұратын бұл шығарма асқан шебердің қолынан шыққан. «Құлпырып жайнаған мың сан майлы бояумен салынған картиналар сериясынан тұратын кескін өнерінің кемел полотносындай әсер етеді» [13] .
Қазақ халқының мыңдаған жылдар мекен еткен алтын ұя, құт мекені - Жетісудың асқар тау, ну тоғай, қоғалы көл, қоңыр құмдарын мадақтаған ақын аттарының өзі образ болып сөйлеп тұрған биік тұғыр, көкке шаншылған шың, қатпар-қатпар тұрпатын келісті бейнелеп береді. Тарбағатай, Алтай, Жоңғар, Алатау сілеміндегі белгілі-белгілі таулардан сөз суретіне түспеген бірде-бірі қалмайды.
Тау кескінінен ақын бірде адам мінезін көрсе, бірде тұрмыс суретін аңғарады. Кейде сұсты, қаһарлы, кейде күлкілі, сәулелі бейнелер туады. Эпитет, теңеу, келісті метафора шығарманың өн бойынан көз тұндырады. Әйгілі Қарқара жайлауының суреті:
« . . . Қарқара қалың қазақ көбесіндей,
Албанның албырт, ерке енесіндей.
Қарағай қапталдағы, жыныс арша,
Қыдырлы малдың құтты енесіндей . . . » [11] .
Абай, Ілияс, Мағжан, Сәкен дәстүрлерінен үлгі ала отырып, бүгінгі жаңа заман әдебиетінде табиғат жайлы жазбаған ақын кемде кем. Осылардың өзі қазақ поэзиясында табиғаттың мәңгілік жырлана беретін тақырып екенін айғақтайды.
2 Табиғат лирикасының қазақ әдебиетіндегі көріністері
2. 1 1960-жылдан кейін табиғат лирикасының жырлануы
Қазақ әдебиетінде Абай негізін қалаған, қалыптасқан дәстүрлі тақырыптың бірі - туған жер, туған елдің әсем де көз тартарлық табиғаты.
Бұл - тақырып ХХ ғасырдың ортасынан бастап биік сатыға, үлкен бір белеске көтерілді. Абай салып кеткен дәстүрді жалғастырушылар - Мұқағали Мақатаев, Қасым Аманжолов, Ғали Орманов, Қадыр Мырзалиев, Фариза Оңғарсынова, Күлаш Ахметова, Марфуға Айтқожина, Ұлыбек Есдәулетов, Кәкімбек Салықов, Сырбай Мәуленов, Есенғали Раушанов, Музафар Әлімбаев, Тұманбай Молдағалиев, Кеңшілік Мырзабеков, Мұхтар Шаханов т. б.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz