Зерттеу өзектілігі



Мазмұны

Кіріспе
Зерттеу өзектілігі. Адамзат аударма арқылы араласып - құраласады. Біз өмір сүріп жатқан әлемнің іштей белгілі бір жүйеге құрылғандығы, адам тіршілігінің кез келген қимыл-әректі өзінше шағын жүйе екендігі, онсыз әлемнің тұтас жүйесі жасалмайтындығы белгілі. Әлем халықтары тілдерінің арасында да қарым-қатынастың өз жүйесі, яғни трансляторы болуы керек. Тілдер арасындағы осындай байланыстырушы жүйенің ең қарапайым шешімі - аударма. Бұл тұрғыдан қарағанда аударма адамзатты біріктіріп тұрған факторлардың бірі деуге де болады.
Көркем аударма - аударматанудағы ең бір күрделі де күрмеулі сала. Көптеген зерттеушілердің аударма теориясы тұрғысынан көркем аударманы "Жалпы аударма" курсының дербес пәні ретінде қарастыруды ұсынатыны тегін емес.
Олай дейтініміз - көркем аудармада шығармашылық белгі-сипаттарының лингвистикалық және мәдениеттанушылық қырлары аударманың өзге түрлеріне қарағанда айрықша бедерленіп көрінеді. Ал көркем шығармаларды аударуда ерекше жауапкершілік жүктелетіндіктен, аудармашыдан лингвистика мен аударма теориясы саласында жеткілікті дайындықпен қатар, әдебиетшілік, мәдениеттанушы­лық, стилистік дарын да талап етіледі.
Ағылшын тілінде жазылған көркем шығармаларды қазақ тіліне аударуда шығарманы аудармашының оқырманға тұтастай жеткізуі мен автор мен аудармашының арасында тіл үндестігі мен рухани үндестігінің сәйкес болуы.
Зерттеу нысаны. Тіл табиғатын, сөз мағынасы мен қызметін анықтауға бағытталған аударма зерттеушілерінің танымдық тұжырымдары негізінде зерделенген көркем шығарманы аудару теориясының басты қағидалары мен ұстанымдары.
Зерттеудің мақсаты - көркем шығарманы аудару теориясының концептуалдық жүйесі мен когнитивтік парадигмасын тіл білімінің аудармалық сипатын танытар әрі әлемдік қордың маңызды ғылыми арнасын құрар қағидалар тізбегі ретінде анықтап-талдау. Ол үшін төмендегідей міндеттерді шешу көзделді:
1. ағылшын тіл біліміндегі аударматану теориясының даму ерекшелігін зерттеу, оның негізгі кезеңдері мен бағыттарына сипаттама беру;
2. шетел ғалымдарының тілдік тұлғасын ағылшын тілі мен мәдениетінің, әлемдік құндылықтарының негізгі бірліктерін жан-жақты меңгерген зерттеушілер ретінде бағалау;
3. ағылшын тілінен көркем шығарманы аударудың концептуалды және когнитивтік тұжырымдамалық қорын дәстүрлі және тың бағытта негіздеп талдау;
4. аударматану теориясының танымдық негізде қалыптасып даму бағытын уәждейтін ұғымдық бірліктерді жүйелеу, олардың халықтық дүниетаныммен сабақтастығын, идеялық және мағыналық болмысын түсіндіру;
5. көркем шығарманы аударудың әдіснамалық негізі мен когнитивтік парадигмасын анықтау, сол арқылы тіл білімінің аудармалық сипатын таныту;
Зерттеудің ғылыми жаңалығы мен нәтижелері. Ағылшын тілінің рухани қоры мен мұрагерлік қазынасынан бастау ала отырып, бүгінгі танымдық ұстанымдарға үйлесе жалғасқан көркем шығарманы аудару теориясының ғылыми негіздерін анықтап талдау арқылы өзекті мәселелерді шешу, көркем шығарманы аудару теориясының өзіндік даму бағыты қазақ ұлтының заңды динамикалық өсуінің, өркениетті өрлеуінің жемісі, қоршаған дүниені тануға талпынған болмысының тілдегі көрінісі ретінде танылды және көркем шығарманы аударуды жан-жақты меңгеруге ықпал ететін терминдер бір жүйеге келтіріліп, оларға ғылыми негізде түсініктеме берілуі.
Зерттеу дереккөздері. Ағылшын тілінен көркем шығарманы аудару теориясының даму сипатын айқындау, оның когнитивтік лингвистика ұстанымдарымен сабақтасар тұстарын зерделеу үшін ХХ ғасырдың 20-жылдарынан бастап аударма саласында дүниеге келген зерттеу жұмыстары, арнайы когнитология саласында жазылған ізденістер мен лексикографиялық еңбектер негізге алынды. Сонымен қатар осы тақырыпты зерттеу кезінде В.Н.Комиссаровтың, І.Кенесбаевтың, Ж.А. Жақыповтың, Г. Жұмайқызының, А.Семеновтың, А.В.Федоровтың, Н.К.Гарбовскийдің, Т.А Казакованың еңбектеріне сүйендік.
Зерттеудің теориялық маңыздылығы. Көркем шығарманы аудару теориясының ғылыми негізін анықтау арқылы, оның универсалды ұстанымдары мен ұғымдарын талдап көрсету негізінде жалпы лингвистика салаларының даму сипатын жүйелеу мүмкіндігі пайда болады. Зерттеудің нәтижелері, теориялық тұжырымдары мен ғылыми ұстанымдары көркем шығарманы аудару теориясы туралы маңызды қорытындылар жасауға мүмкіндік береді.
Зерттеудің практикалық мәнділігі. Жұмыста ұсынылған көзқарастар мен пікірлер аударматану пәнін оқытуда, жоғарғы оқу орындарына арналған оқулықтар мен әдістемелік құралдар дайындауда, арнайы курстар мен семинарлардың жаңа бағдарламаларын жасап жинақтау барысында, сонымен қатар көркем шығарманы аударудың тарихы мен аударма мәтінінің стилистикалық, лексикалық сараптамасын меңгеруіне жан-жақтан қарастыру үшін пайдалануға болады.
Зерттеудің әдістері мен тәсілдері. Зерттеу барысында жинақтау, сипаттау, жүйелеу, салыстыру, дедуктивті-индуктивті тұрғыдан жіктеу, талдау, қорытындылау әдіс-тәсілдері кеңінен қолданыс тапты.
Зерттеу жұмысының құрылымы. Зерттеу кіріспеден, әрқайсысы бірнеше бөлімдер мен тармақшалардан топталған екі тараудан, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

І. Аударма теориясының негізгі ұғымдары
1.1 Аударматанудың ғылым ретінде қалыптасуының алғышарттары
Адамдар аударма жасаумен өте ерте кезден бастап айналыса бастаған, сол кездің өзінде-ақ олар басқа тілдерде сөйлеушілермен қарым-қатынас орнату мен оларды түсінісудің қажеттігін жақсы ұғына білген. Алайда, алғашқы қауымының тілі бір болмағаны айғақ. Осындай жағдайда адамдардың түрлі топтары арасында қарым-қатынас орнату үшін тез түсінетін, жылдам ойлай алатын, есте сақтау қабілеттері жақсы, сөйлеушіні түсініп, оның айтқанын аударып бере алатын адамдар болғаны белгілі.
Осылайша, аударманың бастапқы қарапайым түрі жазу пайда болғанға дейін шыққандығын болжауға болады. Олай болса, аудармашылықты ең көне кәсіптердің бірі деп есептеуге негіз бар.
Белгілі Ресей аударматанушысы В.Н.Комиссаров Современное переводоведение атты еңбегінде төмендегідей қызықты деректер келтіреді:* Аударманың мыңжылдық тарихы бар екендігіне көптеген деректер куә. Ежелгі Вавилон мен Ассирияда әміршінің айтқандарын бағынушы халыққа жеткізетін аудармашы топтары болған. Жалпы, тілдері бөлек халықтарды жаулап алу нәтижесінде пайда болған ежелгі империялар аудармашылардың көмегінсіз құрылуы мүмкін емес еді. Ал Ежелгі Египетте көрші елдермен байланыс орнату үшін аудармашыларды даярлайтын арнайы мектептер болған [Комиссаров: 2002. Б.84-85].
В.Н.Комиссаровтың ғылыми болжамы бойынша, алғашқы қауымда өзге диалектілерді зерттеудің алғашқы ұстаздары мен мамандары әйел адамдар болса керек. Тұтқынға түскен немесе басқа тайпа өкіліне тұрмысқа шыққан олар еріксіз басқа тайпа тілін үйренуге мәжбүр болып, қарым-қатынас пен өзара түсіністік орнату мақсатында делдал аудармашы қызметін атқарған. Сонымен қатар, олар балаларын да өздерінің ана тіліне үйреткен. Сөйтіп, оларда алғашқы қостілділік қалыптаса бастаған.
Аудармашылық қызмет әртүрлі тілдерде сөйлейтін қоғамдастықтағы адамдардың арасындағы қажеттіліктің негізінде туындады. Мұндай қарым-қатынастың аясы әртүрлі болды: сауда-саттық, саясат, елшілік, мәдениет және т.б. Осы байланыстардың дамуында Александрия, Рим, Иерусалим, Константинополь, Самарқанд және көптеген басқа да қалалар үлкен рөл атқарды. Бұл аймақтады экономикалық және саяси себептерге байланысты әртүрлі халық өкілдері мекендеді. Оларға арнайы делдалдар, яғни аудармашылар қызмет көрсетті.
Аудармашылық қызметтің көне жәдігерлері Месопотамия қалашығынан (бірнеше тілдегі сөздердің тізімі берілген қыш тақтайшалардағы кестелер), Көне Мысырдан (аудармашылардың іс-әрекеттері бейнеленген тастағы барельефтер) табылған.
Жазу пайда болғаннан кейін ауызша тілмаштарға ресми, діни және іскери сипаттағы мәтіндерді жазбаша тәржімелейтін аудармашылар қосылды. Ежелден-ақ аударма адамдардың тіларалық қатынасын жүзеге асыра отырып, маңызды әлеуметтік рөл атқарған. Жазбаша аудармалардың таралуы адамдарға басқа халықтардың мәдени мұрасына қол жеткізуге мүмкіндік берді.
Аударма ғылымының алғашқы теоретиктері аудармашылардың өздері болды. Әр кезеңнің аудармашылары өздерінің тәржімелік ұстанымдары туралы баяндағаны белгілі, дегенмен, олардың айтқан ойлары ғылымның қазіргі талаптарына, дәлелдеріне жауап бермесе де, бірізді теориялық тұжырымдамаға жүйеленбесе де, сондай бірқатар ойлар қазіргі таңда қызығушылық тудырып отырғаны сөзсіз.
Грек-рим өркениеті кезеңінде алғаш рет аударманың негізін құрайтын кейбір ұстанымдары анықталып, оның ағартушылық қызметі таныла бастады. Көне дәуірден бастап аударма Еуропа, Таяу және Орта Шығыс, сондай-ақ Үндістан өркениеттерінің арасындағы делдал пайда бола бастады. Кейінірек ІX-X ғғ. көне грек және ислам өркениеттерінің арасындағы делдал қызметін Бағдаттағы аудармашылық мектеп атқарды. Ал XІІ-XІІІ ғғ. Испанияда арабша аудармалар жасала бастады. Бұл дәуірде негізінен медицина, математика, астрономия бойынша трактаттар аударылды.
Аталған кезеңдерде көбінесе аударманың екі түрі орын алған. Олар: 1) сөзбе-сөз аударма - аударма тілінің ерекшеліктерін ескерместен, түпнұсқаны өзге тілде көшіруге; 2) еркін аударма - өз тілінің талаптары мен нормаларын қадағалауды көздеп, түпнұсқаның мәнін, рухын жеткізуге негізделеді.
Діни мәтіндерді аудару барысында бұрмалаушылықтың орын алуы ықтимал немесе тілдер арасындағы өзгешеліктер сөзбе-сөз аударманың пайда болуына түрткі болған еді.
Еркін аударма діни емес мәтіндерді аударуда жиі қолданылды. Оның міндеттерінің теориялық тұжырымдарын грек тілінен латын тіліне аударушы Цицеронда (б.з.д. І ғ.), Библия мәтінін ежелгі еврей түпнұсқасынан латын тіліне аударуды жүзеге асырушы Иеронимде (б.з.д. ІҮ ғ.) кездеседі. Кейініректе Рожер Бекон (ХІІІ ғ.) мәтін мазмұнын дұрыс беруге мүмкіндік беретін түрлі тілдер мен ғылымды білу негізінде ғана аудармаға саналы түрде келу талабын ұсынды.
Сөзбе-сөз аударманы шеттетіп, мәтін мазмұны бойынша аударуға жоғары баға беретін осы сияқты пайымдаулардың арқасында аудармаға сыни пікірлер пайда бола бастады, бұдан былай ол күрделі тұжырымдардың бастамасы болды.
Қайта Өрлеу (Ренессанс) дәуірінен бастап Еуропаның Мартин Лютер (M.Luther), Этьен Доле (E.Dolet) және т.б. аудармашыларының есімдері танымал бола бастады.
Діни және философиялық әдебиеттерді аудару туралы екі түрлі тәсілдің жақтаушылары арасындағы күрес зор саяси шиеленіс тудырды. Мәселен, француз ойшылы, ақын әрі аудармашы Этьен Доле (1509-1546) шіркеу сотының шешімімен өлім жазасына кесіліп, Платон шығармаларындағы Сократтың сөзін еркін аударғаны үшін отқа өртелді.
Этьен Доле аудару кезінде төмендегі бес негізгі ұстанымды қадағалау керек деп есептеді:
1) аударылып отырған мәтін мазмұны мен оның авторының ойын жетік түсіну;
2) пайдаланылып отырған тілдердің қай-қайсысын болса да жетік білу;
3) сөзбе-сөз аударудан аулақ болу, өйткені аударманың бұл түрі түпнұсқа мазмұнын бұрмалап, оның пішін көркемдігін жояды;
4) аударма барысында тілдің жалпы қолданыстағы формаларын пайдалану;
5) сөздерді дұрыс таңдап, олардың сөйлемдегі орын тәртібін қадағалай отырып, түпнұсқа беретін жалпы әсер қалдыру.
Сондай-ақ, діни қызметкер Мартин Лютер (Германия) сөзбе-сөз аудармаға үзілді-кесілді қарсы шықты. Ол қалың көпшілікке мәтіні түсінікті болсын деген мақсатта Библияны неміс тілінде сөйлетті (1522-1534). Бұл аударманы қоғамдық тұрғыдан танудың бір ғана мысалы.
Кейінірек ХҮІІ-ХҮІІІ ғасырларда еркін аударма кең қанат жая бастады.
ХҮІІІ ғасыр аударма әлеміне ерекше құбылыс алып келді. Бұл кезеңде түпнұсқаларды дәуір талаптарына толықтай бейімдейтін еуропалық әдебиеттердегі аудармалардың үстемдік етуі, басқаша айтқанда, аудармаларды қайта безендіру ұйғарылды.
Аударманың мұндай тәсілінде түпнұсқаның ұлттық және дербес ерекшеліктері ескерілмеді (мәселен, француз аудармаларында Шекспир шығармаларының өрескел бұрмалануы, оның трагедиясының композициясы мен құрылымының, сюжетінің өзгеруі сияқты қателіктерге әкеліп соқты).
Аударманың А.Ф.Тайтлер (A.F.Tytler) сияқты ірі ағылшын теоретигі түпнұсқаны безендіруде еркін аударманың орындылығын таныған, алайда, сонымен қатар ол түпнұсқа мазмұнының дәл жеткізілуі мен өзіндік авторлық нақышын ұстануды талап еткен.
1791 жылы А.Ф.Тайтлердің Аударма принциптері туралы эссе [Tytler: 1791] атты кітабында аудармаға қойылатын жалпы талаптар төмендегі қалыпта берілген:
· аударма толығымен түпнұсқа идеясын жеткізуге міндетті;
· аудармадағы баяндау стилі мен мәнері түпнұсқадағыдай болуы шарт;
· аударма түпнұсқа шығармалар сияқты жеңіл оқылуы керек.
Ал, ХІХ ғасырда аударма өнеріне деген түбегейлі қарама-қайшы жаңа көзқарас, яғни түпнұсқаны аударуда ұлттық ерекшелікті ескеру керек деген ұмтылыс пайда болды. Аударманың жаңа ұстанымы үстемдік ете бастады да, безендіру тәсілі біртіндеп қала бастады.
Жалпы осы кезеңдердің қай-қайсысын алып қарасақ та, аудармашылық тәжірибе аударма теориясынан әлдеқайда озық дамыды. Аударма оған деген қоғамдық қажеттіліктің туындауынан пайда болған. Аудармашы жұмыстарының шынайылығы әрқалай еді, өйткені олар көп жағдайда аударманың түрлі нұсқаларының арасынан ішкі сезімдеріне (интуицияларына) жүгіне отырып таңдауға мәжбүр болды. Сондықтан аударманың алғашқы теоретиктері ретінде өздерінің жеке тәжірибелерін шыңдауға тырысқан аудармашылардың өздерін айтуға болады.
Осылайша, антикалық дүниенің аудармашылары, әсіресе діни мәтіндер аудармасының түпнұсқаға жақындық деңгейін, сөзбе-сөз немесе еркін аударма жасау қажеттігі туралы мәселелерді кеңінен талқылады.
Кейінірек жекелеген аудармашылар жақсы аударма немесе жақсы аудармашы жауап беруге міндетті бірқатар талаптарды баяндай отырып, аударманың нормативті теориясын қалыптастыруға тырысты.
Ал, аударма теориясының ғылыми негіздері тек жиырмасыншы ғасырдың ортасына таман қалыптаса бастады, бұл кезде тіл мамандары өздерінің аудармашылық қызметке деген қатынасын толығымен өзгертіп, оны жүйелі түрде зерттеуге мәжбүр болды.
Бұл кезеңде алдыңғы қатарға автордың жеке стиль ерекшеліктері ескеріле бермейтін саяси, коммерциялық, ғылыми-техникалық және тағы басқа іскери материалдардың аудармалары шықты. Осыған байланысты аударманың негізгі қиындықтары мен аударма процесінің бар сипаты осы үдеріске қатысатын тілдердің құрылымдары мен қызмет атқару ерекшеліктерімен ескерілетіні айқындала түсті.
Бұған қоса, аударма дәлдігіне қойылатын талаптардың өсуі тілдік бірліктердің рөлін арттырды. Осы іспеттес материалдарды аудару барысында аударманың жалпы дұрыстығымен, түпнұсқа мен аударманың оқырманға беретін әсерінің сәйкестігімен қанағаттану жеткіліксіз еді.
Аударма жекелеген сөздердің мағыналарына дейін ақпараттың толық жеткізілуін қамтамасыз етуі қажет болды. Аудармашылық процестің тілдік негізі айқындала түсті. Бұл үдерістің лингвистикалық болмысы неде екенін, қандай дәрежеде ол жеке тілдік факторлармен анықталатын, мұндай факторлардың қандай деңгейде ақпараттың дәлдігін шектейтінін анықтау қажет болды.
Аудармашыларға деген зор қажеттілікті өтеу үшін, көптеген елдерде аудармашылық мектептер, факультеттер мен институттар ашылды.
Аудармашы мамандарды жаппай дайындау барысында аудару үшін екі тілді және тіл нысанын білу жеткілікті деген дәстүрлі формуланың толық еместігі анықталды. Шындығына келгенде, бұл формулада көрсетілген факторлар өз алдына аудару дағдысын қамтамасыз ете алмайтындығы, екі тілді біліп қана қоймай, бір тіл бірліктерінен екінші тіл бірліктеріне көшу ережелері мен шарттарын білу қажеттігі белгілі болды.
Аудармаға қойылатын талаптардың өсуі оның қиыншылықтарын сезінуді шиеленістірді, сонымен қатар ол теориялық тұрғыдан алып қарағанда, принципті аударымдылық аударуға келмеушілік туралы талас-тартысқа да әсерін тигізді.

1.2 Аударманың жалпы, жеке және арнайы теориялары
Ғылыми әдебиетте аударма терминінің 30-дан астам анықтамасы бар.
Белгілі кеңес аударматанушысы А.В.Федоров перевод (аударма,ағ.translatіon) терминініңекі мағынасы бар деп көрсеткен.
1) бір тілден екінші тілге аудару ісі; жүргізілетін процесс (Мыс., Мен аудармамен айналысып жүрмін);
2) бір тілден екінші тілге аударылған еңбек, туынды; яғни іс-әрекеттің нәтижесі (Мыс., Оның сұрағаны А.Фадеевтің Жас гвардия атты романының аудармасы С. Мұқанов).
Аударматану тәржіметану (ағ. translatology, translation studies, theory of translation, орыс. переводоведениепереводология) - Аударманыүдеріс ретінде де, мәтін ретінде де қарастыратын, сондай-ақ аударма тарихын, оның жалпы, жеке және арнайы теориялық негіздерін, аударма үдерісінің техникасы мен әдістемесін, екі тілді жағдаяттағы тілдік әрекеттің күрделі түрлері ретіндегі аудармашылық дағдылар мен қабілеттерді зерттейтін ғылым.
Аударманың жалпы теориясының мақсаты - аударма ісінің жалпы заңдылықтары мен ерекшеліктерін анықтау (осы саланы зерттеген ғалымдар: В.Н.Комиссаров, Я.И.Рецкер, Ю.Найда, Р.К.Миньяр-Белоручев, С.В.Тюленев, т.б.).
Аударманың жеке теорияларының мақсаты - бір тілден екінші (үшінші) тілге аудару кезіндегі заңдылықтарды анықтау. Мыс., қазақша - орысша, орысша - немісше - қазақша аудармасының теориялары (мысалы, аударманың жеке теорияларын зерттеген ғалымдар: А.М.Алдашева орысша-қазақша, В.Г.Гак французша-орысша, Л.К.Латышев орысша-немісше).
Аударманың арнайы теорияларының мақсаты - аударманың әр алуан жанрлары мен стильдерінің ерекшеліктерін, заңдылықтарын анықтау. Мыс., көркем аударманың теориясы, ілеспе аударманың теориясы, ғылыми аударманың теориясы.
Аударматану саласының теоретигі В.Н.Комиссаров аударматану саласына төмендегідей талаптар қояды:
1) аударманың жалпылингвистикалық негіздерін ашу және сипаттау, яғни аударма процесінің негізінде тіл жүйесінің қандай ерекшеліктері мен тілдің жұмсалымдық заңдылығы жататындығын анықтау;
2) аударманы лингвистикалық зерттеудің нысаны ретінде қарастыру, тілдік зерттеулердің басқа түрлерінен оның айырмашылығын көрсету;
3) аударма қызметі түрлерін жіктеудің негізін жасау;
4) түпнұсқа мен аударма мәтіндерінің коммуникативтік теңдігі ретіндегі аударма процесіндегі баламалылықтың мәнін ашу;
5) аударма ғылымының жеке және арнайы теориясын жасаудың жалпы ұстанымдары мен ерекшеліктерін талдау;
6) түпнұсқа мәтінді аударма мәтінге айналдырудағы аудармашының іс-әрекеті ретіндегі аударма процесінің жалпы ғылыми ұстанымдарын жасау;
7) прагматикалық және әлеуметтік факторлардың аударма процесіне тигізетін әсерін ашып көрсету;
8) аударма нормасы ұғымын анықтау және аударманы бағалау ұстанымдарын жасау. Аударматану теориясына қойылатын бұл талаптар толық орындалып, жалпы аударма процесінің ерекшеліктері, аудармашы мен аудармаға қойылған міндет-мақсаттар сақталған жағдайда шынайы аударма жасалады деуге болады.
Аталмыш міндеттерден аударматану теориясының төмендегі түрлері туындайды: денотативті, трансформациялық, семантикалық, балама деңгейлер туралы теория. Мұндағы денотативті теория ұқсас, сәйкес жағдаяттарды сипаттауды, трансформациялық теория түпнұсқа мен аударманың синтаксистік құрылымының семантикалық жуықтығын (инварианттылығын), семантикалық теория мазмұндық (астырт) категориялардың сәйкестігін және балама бірліктердің семантикалық белгілерінің жиынтығының барынша сәйкес келуін, ал балама деңгейлер туралы теория түпнұсқа мен аударма мәтіндерінің сәйкес келетін деңгейлері арасындағы аударма қызметінің үлгісін (модель) қарастырады [4, 61-62-бб.]. Аударматану саласының аталған теориялық бағыттарының барлығының мақсаты - аударма жанрының қалыптасып, дамуына қызмет ету. Алайда аударматану саласымен ғылыми тұрғыдан айналысатын ізденуші бұл мәліметтермен шектеліп қалмай, батыстық, орыс және қазақ аударма теоретиктерінің еңбектерін талмай, танбай оқып, игеруі қажет.

ІІ. Аағылшын тілінен қазақ тіліне аудару ерекшеліктері және аударманың басқа ғылым салаларымен байланысы
2.1. Аударманың лингвистикалық теориясы бойынша алғашқы еңбектер
Аудармаға лингвистикалық тұрғыдан қарауға тырысқан алғашқы еңбектер Америка Құрама Штаттарында басқа батыс елдеріне қарағанда ертерек пайда болды. Бұған, бір жағынан, американдық тілшілердің әліппесі жоқ тілдерді меңгеруге қызығушылықтары ықпал етті. Тілші-этнографтар тіл иелерінің көмегімен жаңа тілдің сөздік қоры мен грамматикалық құрылымы жайында түсінік қалыптастыру үшін, жеке бірліктер мен сөздердің аудармасын алуға тырысқан. Зерттеудің осы бағытымен 50-жылдардың басында аударма туралы мақалалар пайда болды, мысалы, Ч.Ф.Веглиннің (C.F. Voegelіn) Көпсатылы аударма (1954) атты мақаласы, мұнда автор тіл иесі көмегімен алынған аударманы жетілдірудің күрделі 8 сатылы процедурасын ұсынады [Voegelіn:1954].
Американдық лингвистердің аудармаға деген қызығушылықтарының пайда болғанына Дж.Касагранденің (J.B. Casagrande) Аударманың мақсаттары атты мақаласы дәлел бола алады. Аударманың сипаты оның мақсатымен анықталатындығын айта келе, ол аударманы 4 түрге бөлуді ұсынады: 1. Прагматикалық аударма, оның мақсаты - хабарламаны барынша дәл жеткізу. 2. Эстетикалық-поэтикалық аударма, оның мақсаты - әдеби немесе эстетикалық тұрпатты жеткізу. 3. Этнографиялық аударма, мақсаты - түпнұсқаның мәдени контексін түсіндіру. 4. Лингвистикалық аударма, мақсаты - түпнұсқа морфемаларының мағыналарын көрсету [Casagrande: 1954].
Осы тәрізді аудармалардың дәлдігі туралы мәселені On Translatіon (1959 ж.) жинақта Мағына және аударма атты мақала жариялаған У.Куайн (W.Quіne) толығырақ қарастырды. Оның ойынша, кез келген тілде сөйлемнің мағынасын, оны басқа тілге аудару арқылы, яғни тілдік құралдарына назар аудармай-ақ көрсетуге болады. Басқаша айтсақ, сөйлемнің мағынасы - сөйлемді басқа тілге аударғанда сақталып қалатын бөлшегі [Quіne: 1959].
On Translatіon жинағы аударманың лингвистикалық теориясының қалыптасу тарихында маңызды рөл атқарды, бірақ ондағы еңбектердің көпшілігінде аударма - әдеби шығармашылық түрі ретінде әдебиеттанушылық тұрғыдан қарастырылған болатын. Бұған, ең біріншіден, Р.Якобсонның Аударманың лингвистикалық аспектілері туралы атты мақаласы әсер етті[Jakobson:1959]. Аталған еңбек аударманың лингвистикалық теориясының негізіне айналды және өзінің ғылыми-теориялық маңызын әлі күнге дейін сақтап келеді. Р.Якобсон аударманы тіл ғылымының объектісі ретінде бекітетін, бірқатар ережелерді қалыптастырды.
Қорыта келе, Р.Якобсон аударма процесіне қатысатын тілдің әрқайсысында міндетті түрде орын алатын мағына элементтері арасындағы айырмашылықтарға байланысты аудармада таза тілдік себептердің арқасында туындайтын қиындықтарға бірнеше мысал келтірген. Оның тілдер бір-бірінен не білдіре алатындығына байланысты емес, нені міндетті түрде білдіруге тиіс екендіктеріне қарай ажыратылады деген түйінінің құндылығы зор болды.
Ю. Найда еңбектеріндегі аударма теориясы.
Тек АҚШ-ғы ғана емес, бүкіл дүниежүзіндегі аударманың лингвистикалық теориясының дамуына белгілі американ лингвисі Ю.Найда үлкен үлес қосты. Юджин Альберт Найда (E.Nіda) көптеген классикалық және қазіргі тілдермен айналысқан, семантика және синтаксис мәселелеріне қатысты бірқатар еңбектер жариялаған. Ол өзінің Американдық інжілдік қоғамдағы (the Amerіcan Bіble Socіety) көпжылдық қызметінің арқасында аударма мәселелеріне көңіл бөлді. Мұнда ол Інжілді әлемнің жетпіс бес елінің 200 тіліне аударумен айналысатын Аудармалар бөлімінің Атқарушы хатшысы және ғылыми кеңесшісі қызметтерін атқарған. Осы жұмысында алған тәжірибесінің негізінде, Ю.Найда аудармашылық қызметтің көптеген маңызды бағыттары қарастырылатын, бірқатар кітаптар мен мақалалар жазды. Лингвистикалық аударматанудың дамуында, оның Аудару ғылымына қосымша деп аталатын 1964 ж. жарық көрген кітабы маңызды рөл атқарды.
Ю.Найданың еңбегі - бұл аудармашылық мәселеге лингвистикалық көзқарасты әзірлеуге бағытталған бірінші елеулі талпыныс. 1959 жылғы Библияны аудару мысалы негізіндегі аударма ұстанымдары атты мақаласының өзінде, ол аударманың негізінде тілдік жүйелерге тән басты ерекшеліктер жататындығын айтқан: 1) тілдік белгілердің жүйелілігі; 2) аталған затқа қатысты тілдік белгінің тәуелсіздігі; 3) шындықты тілдік және сөйлеу белгілерімен мүшелеудің еркіндігі; 4) әртүрлі тілдердің мағыналас мазмұнды білдіру үшін белгілерді ұйымдастыра алуы [Nіda:1959]. Бұдан шығатын қорытынды - аударманың негізгі мәселелері тілдік семантика саласында байқалады.
Бұл идея оның Аудару ғылымына қосымша кітабында жан-жақты талданған. Лингвистикалық мағынаны анықтау үшін, аударманың мынадай процедурасын ұсынады: (1) түпнұсқаны қарапайым құрылымдарға келтіру; (2) осы қарапайым құрылымдар деңгейінде мағынаны аударма тіліне жеткізу; (3) ядролық құрылымдарды аударма тілінде стилистикалық қолайлы құрылымдар ретінде қайта құру [Nіda: 1964] .Кейіннен Ю.Найда аудармашылық процестің осы үш кезеңін талдау, тасымалдау және құрылымды қайта құру деп атады.
Аударманың лингвистикалық теориясының ары қарай дамуында Ю.Найда баяндаған аудармашылық баламалылық тұжырымдамасы маңызды рөл атқарды. Баламалылықтың екі түрі бар: формалды және динамикалық. Ю.Найданың анықтауынша, формалды баламалылық түпнұсқаға ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Ғылыми жұмыс кіріспенің жобасы
Жоғары мектепте оқытудың сабақтан тыс формалары
Педагогикалық зерттеудің қисындық құрылымы
Тақырыптың ғылыми көкейкестілігін негіздеу
Тұрғын үй нарығын жетілдіру бойынша ғылыми-теориялық және тәжірибелік ұсыныстар дайындау
Оқушылардың атқарған қызметі
Меңдекеш Сатыбалдиев өлеңдеріндегі тақырыбына шолу
Қобалжудың психологиялық және физиологиялық көріністері
Шығармашылық жоба
Жаһандану трендтері
Пәндер