Есімшелердің қалыптасу тарихы


Есімшелердің қалыптасу тарихы
Қазіргі қазақ тілінде есімшелердің -ған (-ген, -қан, -кен), -ар (-ер, -р, -е) , -атын (-етін, -итын, -йтын), -ушы (-уші), -мақ (-мек, -бақ, -бек, -пақ, -пек) жұрнақтарының бар екендігі белгілі [12, 300 б. ] . Бұлардың бәрі бірден қалыптаса қалған жоқ. Қазіргі қазақ тілінде қолданып жүрген туынды түбір етістіктерді жинақтап, оларды жасайтын жұрнақтарды саралай келіп, барлық фонетикалық варианттарымен қоса есептегенде 200-ге жуық аффикстердің қатысы бар екендігі байқалады [13, 141 б. ] .
Есімше тұлғаларының Орхон Енисей жазбаларында кездесетіндігін көп зерттеушілер байқаған. Айталық, есімшенің өткен шақ тұлғалары -мыш, -міш, -дұқ, -дүк ескерткіште баяндауыштық қызметте жұмсалады. Қазақ тіл білімін алғаш зерттеушілердің бірі. П. Я. Мелиоранский түркі тілдерінде -ған тұлғасы мен -мыш тұлғасы қатар жұмсалып келе жатқан тұлғалар екендігін анықтаған.
Қазақ тілінің грамматикасын бірінші рет тәртіптеген белгілі тюрколог (бірінші бөлімі (фонетика және этимология) 1894 жылы, екінші бөлімі (синтаксис, 1897 жылы) Санк-Петербургта басылып шықты) есімшелерді шақтық мағынасы бойынша екіге бөлініп тәртіптейді:
1) Өткен шақтық есімшелер: оларға «-ған, -ген» аффикстері арқылы жасалатын формалар жатқызылған (оқыған) ;
2) Келер шақтық есімшелер: оларға «-ар, -ер, -р» аффикстері арқылы жасалатын формалар жатқызылған.
Есімшелердің осы шағы туралы ол кісі жазбайды. Мұнымен қатар, мағынасына қарай бөліп, міндет мәнді есімше (долженствовательное причастие) терминімен келер шақтық есімшенің екінші түрін келтіреді. Бұған жатқызылғандар «-тұғын, -тын» түрлері ( алатұғын, алатын ) [14, 54 б. ] .
Автор мұнда қазақ тілі есімшелерінің шағы бойынша бөлінуін дұрыс көрсеткенмен, семантикалық мағынасы бойынша бөлінуінде кемшілік жіберген.
Түрік тілдерінің тұңғыш грамматикасының бірі - «Общая грамматика турецко-татарского языка» деген еңбегінде профессор Қазем-Бек есімшелік формалардың бәрін райлардың негізі деп көрсеткен. Бірақ кесте бойынша былай болғанмен, анатолы түрік тілінде автордың нақты амалдық формалар деп қарайтыны «-мыш» (бақмыш) «-ар, ер» (бақар) формалы есімшелер. Демек, есімшелерді септелмейтін, септелетін деп екі түрге бөледі де, етістіктердің райларын жасау жөнінде септелетін есімшені септелмейтін есімшеден бөліп қарайды. Мысалы, септелмейтін есімшелердің рай жасаудағы қызметін айта келіп, септелетін есімшелер туралы: «Мұны септелетін есімшелер туралы айтуға болмайды. Олардың қолданылуы сын есімдердің қолданылуы қандай болса, сондай», - деген пікір айтады [15, 12 б. ] . Көне қолданыстағы -мыш, -дук тұлғалары қазіргі қазақ тіліндегі -ған, -ген формаларына жұмсалым жағынан жақын. Мысалы, Ұзә көк тәңірі, асра яғыз иер қылындунда екін ара кіши ұғлы қылынмыш - жоғарыда көк тәңірі, төменде қара жер жаратылғанда, екі арасында адам баласы жаратылған .
Біздің ойымызша -мыш тұлғасы -ған тұлғасына қарағанда көнелеу болып табылады. Орта ғасыр жазбаларында екі тұлға жарыса қолданылады:
Тіле йоқ дұр - дигеним,
Жалған сөзни білмәди
Көзи йоқ дигәним,
Намахра мыш көрмәди (Бақырғани)
Мұндай қатар қолданыстар Бақырғани шығармаларымен қатар Навои және Яссауи шығармаларында да көптеп кездеседі.
Есімшенің -ған (-ген, -қан, -кен) жұрнақтары түрінде түбірге жалғанатын -қан, -кен және -ан, -ен жұрнақтарымен омонимдес келеді. А. Хасенованың айтуынша, бұл жұрнақ құранды: -қа, -ке аффикстеріне өздік етіс мағынасын беретін -л, -н аффикстерімен бірігіп жасалған. Мысалы, буырқан (буырқанып, буырқанған) , жиіреніп (жиркеніп, жиіркенген), сескен (сескеніп, сескенген) және т. б. [16, 77 б. ] .
Бірдей тұлғада келген есімше жұрнақтары мен сөз тудырушы жұрнақтардың омоним екендігін және бір-бірінен айырмашылығын Ы. Маманов бөлген етістіктің синтагмалық құрамына қарап анықтауға болады:
- Түбір 3. Модификациялық
- Негізгі түбір 4. Функциялы [17, 73 б. ] .
Ы. Мамановтың көрсетуіндегі функциялық жұрнақтар өзара синтагма түзе алмайды. Яғни есімше, көсемше жұрнақтарының орны болымсыз етістік жұрнағы мен жіктік жалғауының ортасы. Айтушының мақсатына қарай бұлардың бір тұлғасы ғана қолданыла алады. Ал буырқанған дегендегі -қан, -ған жұрнақтарының бірі етістік тудырушы, бірі есімше жұрнақтарына жатады да, Ы. Маманов көрсеткен етістіктің синтагмалық құрамының бірі негізгі түбір жағына бірі функциялық жұрнақтар тобына кіреді. Яғни екеуі функциялық жұрнақтарды бөліп тұратын дәнекер көпір болымсыз етістік жұрнағының екі жағында орналасады. Бұның өзі оларды ажыратудың формалды белгісіне жатады деуге болады.
Есімшелер функциялық жұрнақ болғандықтан, шаққа қатысты түркітанушылар еңбегінде айтылған пікірлердің барлығында есімше жұрнақтары жөнінде сөз болып отырады. Салыстырыңыз, қазақ тіліндегі шақ категорияларынан -ған, -ген, -атын, -етін, -ар, -ер, -р; қарақалпақ тіліндегі - ған, -ген, -ар, -ер, -туғын; ноғай тілінде -ған, -ген, -ар, -ер; татар тілінде -ған, -ген, -ар, -әр, -аган, -әгән; башқұрт тілінде -ған, -ген, -ар, -ер, -әсак, -асак; өзбек тілінде -ған, -ген, -диган, -дигон, -ар, -ер: ұйғыр тіліндегі -ған, -гән, -ар, -әр; түркімен тіліндегі -ан, -ен, -ер, -ар, -жақ, -жек т. б. [18, 103 б. ] .
Ескі түркі әдебиеті жазу нұсқаларында -ар, -ер аффикстерінің синонимдері ретінде осы шақтың мағынасына жуық -асы, -есі формалары ұшырайды. Дегенмен шығыс түрік тілдерінің материалдары бойынша атрибутивтік қызметі -ар, -ер формасынан көп алшақ емес. (мысал үшін барасы йер - барар жер деген тізбектерді салыстырыңыз) . Қазақ тіліндегі -асы, -есі формасының қазіргі қалдығына қарағанда, соңғыға (атрибутивтік формаға сәйкеседі. Мысалы, аласы ақша, бересі ақша. Субстантивтенген түрі: аласым бар, бересім бар .
Сібір тайпаларының тілін зерттеген Д. Г. Тумашева -ған тұлғасының үш парадигмалық қатары бар екендігін көрсетеді: алған - мын алған - пыс
алған - сың алған - сыс
алған - алға - нар [19, 63 б. ]
-ған, -ген тұлғасы туралы А. Н. Баскаковтың пікірі мынадай: «Форма на -ғъан, -ген исторический относилось к группе форм, составляющие пассивные результаты действия, которые позже были приосмыслены в значении законченного, завершенного факта действия, а затем получили семантику причастия прошедшего времени, сохранившего еще однако, семантическую связь с прежним своим значениям завершенного факта действия безотносительно к категории времени» [20, 438 б. ] . М. Оразовтың ойынша А. Н. Баскаковтың пікірі логикалық жақтан алғанда дұрыс, бірақ тілдік материалдар негізінде оны дәлелдеу өте қиын. Кейбір қазіргі түркі тілдерінде (карачай-балқар) -ған, -ген қосымшасы келер шақта да қолданылады. Мысалы, Карсоньга барған адам жоқъпуду болады - Кисловодскиге баратын адам жоқ па? [18, 104 б. ] .
-ған, -ген қосымшасы М. Қашғари сөздігінде де көрсетілген [21, 63 б. ] . Бұл қосымшаның қалдығы ретінде қимылдың қайталануын білдіретін -аған, -еген жұрнағын көрсетуге болады. -аған, -еген қосымшасы қазіргі түркі тілдерінде етістіктен сын есім тудыратын жұрнақ ретінде сақталған. Мысалы, қазақ тілінде: көреген, қашаған, жамаған, күмпиген және т. б., өзбек тілінде: билагон, алигон, тепагон, конагон ; қарақалпақ тілінде: алаған, береген, қабаған, қашаған, сүзеген ; түркімен тілінде: денеген, үйреген ; азербайджан тілінде: гачаган, бураган, атоган т. б. [18, 89 б. ] .
-ған, -ген формасынан өзгерген, яғни көнеленген кейбір элементтерді алғанда, олардың сын есімге айналып көнеленуі ерекше көзге түседі. Сонымен қатар бұл жағдай біз сөз етіп отырған форманың, негізінде, сипат мағынасында, екінші сөзбен айтқанда, атрибутивтік функцияда дамыған түрін көрсетеді. Өйткені олар етістіктердің басқа категорияларына айналдырғанда, ол мағынасынан айрылып, өзінің негізгі мағынасында қалады ( Күмпиіп, күмписе, күмпимек, күмпию, күмпиді ) . Бұл бір. Екіншіден, тексеріп қарағанда көнеленген -қан жұрнағы жалғанған кейбір есімшенің зат есімге айналып кеткен түрі байқалады. Мәселен, қақпан деген сөздің қақ+пан деген туынды түбірден жасалып, дыбыс алмасу жолымен өзгеріске ұшырауы айқын. Өйткені, қ дыбысы мен п дыбысының тоғысқан жерінде олардың біріне-бірінің алмасып кетуі - жалғыз есімшелік формадан ғана емес, қазақ тілі дыбыс заңындағы жалпы табиғи құбылыс. Сол сияқты Оразбайды тік көтеріп алды да, күйменің «түкпіріне» арық тоқтыдай қып, қойып кеп жіберді (М. Ә. ) деген сөйлемдегі түкпір деген түбір сөздің бастапқы құрылысындағы түп+кір деген түбірден өзгергендігінде дау жоқ. Мұндай жағдайлар түбірі сақталып жазылатын, емле заңына байланысты, әдеби жазба тілде көп ұшырамай, сөйлеу тілінде жиі кездеседі. Ал қорған деген сөздің қоры+ған деген сөзден жасалуы лексикалық мағынасының да, тұлғасының да, қабысуына қарағанда, айқын көрінетін сияқты. Өйткені түркі тілдерінде есімшелер өздерінің алдында тұрған сөздермен қосылып субстантивтеніп (заттанып) кетуі - жиі кездесетін жағдай («Қасқырқамаған», «Атшапқан» деген жер аттары сияқты) . Олай болса, бұл жағдай -қан аффиксінің негізінде атрибуттық формаға қалыптасқан элемент екенін көрсетеді.
Көне түркі тілінде -дұқ, -мыш, -ған тұлғалары негізінен өткен шақ есімшеге жатады. Олар анықтауыштық мәндегі есім сөз тіркесін құрағанда да синонимдес ұғымдар білдірген. Кейінгі даму барысында бірін-бірі ығыстырып тілден шығарып тастамаған; түркі рулары мен тайпалары да бір-бірінен ажыратып даралана келіп, жеке-жеке халық болып қалыптасқанда -мыш, -дұқ тұлғалары оғуз, қарлұқ тілдер тобына ығысып, сондағы өткен шақтық есімше формасы ретінде қалыптасса, -ған тұлғасы қыпшақ тілінде қалып, осы қызметті осы топтағы тілдерде атқаратын болған [22, 46 б. ] . Біз көне -ған тұлғасының қалыптасуы жөнінен осы Е. Ағмановтың пікірін қолдаймыз.
Рабғұзи хикаясының нақты нұсқасындағы материалдарға қарағанда, XIV-XV ғасырлардағы түркі тілдерінде -мыш формасы мен -ған формасының функциясы белгіленгенге ұқсайды. Демек, бұл кезеңде -ған формасы түркі тілдерінің шағатай тілі аталатын тобында негізінде атрибутивтік категорияға қалыптасып, -мыш формасы көбінесе предикаттық қызметке жұмсалуға айналған сияқты. Бірнеше мысал келтірейік.
- Юлда бу нәмәни, алып барған кішиМұхаммед бән Әбубәкирге юликти (Жолда бұл хаттыалып барған кісіМұхаммет пен Абубакірге жолықты) .
- Ол туаниултургән, Мурат қабилалық ерди (Ол түйені өлтірген Мұрат руының адамы еді) .
Бұл мысалдардағы белгіленген сөздер - -ған формалы есімшелер. Бірінші мысалдағы есімше анықтауыштық, екінші мысалдағы есімше бастауыштық қызмет атқарып тұр.
Ал -мыш формасының қызметіне келсек, ол мына сияқты:
- Ол әниұмытыш.
- Түрлі гүлләраталмыш.
- Бу ұлуғйерни кімтоқтатмыш.
- Ол хатунның ерини Ғалиүлтірміш
Мұндағы белгіленген - мыш формалы есімшелер баяндауыш қызметінде тұр.
Енді қазақ тілінің материалына келсек, ондағы ауыз әдебиетінің көрсететін деректері бойынша, өткен шақтық есімшенің -ған, -ген формасы ғана көзге түседі.
Мысалы: а) Қарсы келген қабақтан
Буырыл қарғып жөнеледі (Қобланды батыр жырынан) .
ә) Барған жерің Балқаш тау,
О да біздің көрген тау (мәтел) .
Бұл фактілер есімшелік -қан формасының сипат мағыналы элемент екенін, оның етістіктердің атрибутивтік функцияға жұмсалуындағы дамыған бір кезеңінде иеленген белгісі екенін дәлелдейді. Екінші сөзбен айтқанда, жоғарыдағы -мыш, -дұқ формаларынан гөрі бұл - түркі тілдері есімшелерінің жаңа сапаға айналған түрі болады.
В. М. Насиловтың көрсетуінше, -мыш, -миш тұлғалары көне ұйғыр тілінде өте жиі қолданылған [23, 56 б. ] . Бұл тұлға заттық, предикативтік және адъективтік мағыналарда қолданған. Мысалы, Аз ықару бармым, бир өкүш лунғақ көрмиш. Мән түриімишкә сизіәр нәгүіүн анча кәд қагарсызлар? (СЗБ) .
-мыш формалы есімше қазақ тілінің ауыз әдебиетінде де, жазба әдебиетінде де кездеспейді. Мұнда жалғыз-ақ, оның көрсеткішінің зат есім жасайтын аффикске айналып көнеленген қалдық элементі ғана сақталған. Мысалы, қыл+мыс, тұр+мыс, же+міс т. т. келтірілген мысалдардағы соңғы дыбыстың қазақ тілінде с болып қалыптасуы - оның басқа түркі тілдерінен ерекше дыбыс заңына байланысты. Қазақ тілі жазуға телінбей еркін дамыған тіл. Осыған байланысты онда басқа түркі тілдерінен бөлек ерекше дыбыстық заңдылықтың болуы әбден мүмкін. Мұны А. Байтұрсынұлы өз еңбектерінде ескерткен [1, 392 б. ] .
Сүйтіп, бұл фактілер бойынша тоқтамға келіп өткенде, түркі тілдерінің көпшілігінде XIX-XX ғасырдан былай қарай -мыш формасын ығыстырып, есімшелік категорияның функциясында -ған, -ген формасы орын тепкен. Алдыңғылар ( -мыш, -дұқ ) тюркологтардың еңбегіне қарағанда, батыс түркі (анатолии түркі, түркмен) тілдерінде ғана сақталып қалған [15, 8 б. ] .
М. А. Ахметов -мыш тұлғасының орхон енисей ескерткіштерінде кездесетіндігін айтқан болатын. Автор оған мынадай мысал келтірген: Адырылмысда ақындр әртиміз, одырылы пан. М. А. Ахметов бұндағы -мысда жұрнағын құранды деп таниды. «Оно образовано от причастия на -мыс и аффикса местного падежа -да » [24, 100 б. ] .
Біз жоғарыда -мыш, -міш қосымшасының тарихы туралы пікір айтқан ғалымдардың көпшілігі бұл қосымшаның оғыз тілдеріне тән дегенін айттық. Шындығыңда да, қазіргі түркі тілдерінің ішінде оғыздар тілінде сібір түркі тілдерінде (яхуттарда) бұл қосымша жиі қолданылады. Бірақ -мыш, -міш қосымшасының көне түркі тілдерінде жиі қолданылғандығын дәлелдеу қиын емес. Салыстырыңыз, қазіргі татар әдеби тілінде -мыш, -міш қосымшасы жеке қолданылмайды, бірақ диалектілерінде қолданылады. Қылмышына тикле ашаган Садырға : Бәлә кой әйтмәшә сенә булыр [25, 115 б. ] . Л. Т. Махмудова болса, татар тілінің мишар диалектісінде -мыш, -миш қосымшасының қолданылатындығын, бірақ есімше қызметіне қолданылмай қимыл атауы ретінде қолданылатындығын ескертеді [26, Б. 200-201] . Қазіргі башқұрт әдеби тілінде де -мыш, -миш жеке өздері есімшенің қосымшасы ретінде қолданылмайды. Н. К. Дмитриев башқұрт тіліндегі язмыш «судьба», корыкмыш «стригун», тарамыш - «связка», «сухожил», булмыш - «призвание», тыумыш - «рождение» сияқты сөздердің құрамында қолданылған -мыш, -миш қосымшаларын арнайы сөз етеді, оларды көнелеген форма деп есептейді [27, Б. 88, 201] . Бұл қосымша да башқұрт әдеби тілінде қолданылмағанымен, оның диалектілерінде қолданылады. Сондықтан да С. Ф. Миржанова -мыш, -миш қосымшасын башқұрт тілінің орталық говорлар тобында есімшенің бір қосымшасы ретінде қолданылатындығын айтады [28, 142 б. ] .
Қарақалпақ тілі түркі тілдеріндегі қыпшақ тобына жатады. Осы топтағы тілдердің ішінде грамматиканың құрылысы жағынан ол қазақ тіліне өте жақын. Бірақ қазақ тілінен гөрі өзбек тілімен тығыз байланыста болатындықтан сол тілдің әсері өте көп байқалады [29, 24 б. ] .
-мыс, -міс, -мыш, -миш қосымшасы есімшенің бір түрі ретінде қазіргі қарлұқ тілдерінде де қолданылмайды. Бірақ бұл тілдердің де тарихында, сондай-ақ кейбір тілдердің диалектілерінде -мыш, -миш жеке қосымша ретінде қолданылған. Қазіргі өзбек әдеби тілінде мыш қосымшасы жеке қосымша ретінде қолданылмайды. Ал өзбек тілінің тарихына тиісті жазба ескерткіштерде болса ол өте жиі қолданылған. Мысалы, Тутулмиш эрди газабдин улусни қилди асир, Куеш тутулса, бале, фистадур анга таьсир (Навуои) . … султон Маликшох Алп Арслон отиға турт девон мураттаб қилмиш (Навуои) . Тун ахшом итларинг бирла утирмиш бир замон, эй жон (Навуои) т. б. Өзбек тілі бойынша жазылған оқулықтарда үстіміздегі ғасырдың қырқыншы жылдарына дейін -мыш, -миш қосымшасын есімшенің бір түрі деп көрсетіп келген. Демек, -мыш, -миш қосымшасы өзбек тілінде үстіміздегі ғасырдың бірінші жартысында, сирек болса да, қолданылып келген [30, 117 б. ] .
Есімшенің -мыш тұлғасы туралы алғаш пікірді Казем-Бектің «Общая грамматика турецко-татарского языка» еңбектерінен кездестіруге болады. Онда ғалым есімше формаларын рай түріне жатқызып, септелетін және септелмейтін есімшелер деп қарастырады [31, 271 б. ] . Бір қызығы, көсемшелер қазіргі қазақ тілінде жіктелетін және жіктелмейтін болып бөлінеді. Ал есімшелердің қазіргі қазақ тілінде жіктелмейтін және септелмейтін түрлері жоқ. Біздің байқауымызша мұнда бір заңдылық бар сияқты. Септелетін есімше ( -ған ) тілдің даму барысында актив қолданысқа ие болып, жұмсалу өрісі айтарлықтай кеңіген. Ал септелмейтін есімшелер ( -мыш ) пассивтеніп кейбір тілдерде тіпті қолданыстан шығып та қалған. Мәселен, қазақ тілі тарихы бойынша жазылған еңбектерде де, жарияланған хрестоматиялық материалдарда да -мыш, -міш қосымшасы туралы, оның мағыналары не мағынасының кейбір көріністері туралы мәлімет бермейді. Сондықтан Р. Г. Сыздықова қазақ әдеби тілінің тарихы туралы жазған көрнекті еңбегінде XV-XVII ғасырда өмір сүрген қазақ ақын-жазушыларының шығармаларында оғыздың -мыш, -міш тұлғалы есімше формасы мүлде қолданылмайды деген пікір айтуына мәжбүр болған [32, 55 б. ] . Тек Қ. Жалаиридің «Жамиғ-ат тауарихында» ғана -мыш, -миш өте аз болса да қолданылған. Бұл қосымшаның жалпы қазақ тіліне қатысы туралы мәселе М. Томановтың оқулығында толығырақ талданылған. Автор -мыш, -миш қосымшасының Орхон-Енисей жазу ескерткіштерінде қолданылғандығын, мағынасында есімше, қимыл атауы және ашық райлық мән барлығын ескерткен. Қорытынды ретінде автор түркі тілдерінде есімшенің -ған, -ген және -мыш қосымшаларының қатар қолданылғандығын, бірақ екеуі екі тайпа тілі не тайпалар одағының тілінің ерекшелігі ретінде тән алынуы керектігін ескертеді [33, Б. 97-98] . Көне түркі тілдерінде қолданылған есімшенің өткен шағының бірі ретінде -мыш, -міш қосымшалы етістік болғанда белгілі. Әрине, қазіргі қазақ тілінің есімшелерінің ішінде -мыш, -міш қосымшасы қолданылмайды, бірақ бұл қосымша азын-аулақ сөздердің құрамында қолданылады. Мысалы, тұрмыс, балмыс, жасамыс, тарамыс т. б. Бұл қосымшаның жалпы түркі тілдеріндегі қолданылу өрісін алып қарайтын болсақ, онда оның бір тілдің құрамында (мысалы оғыз тілдерінің) жиі қолданылатындығын, есімшенің жеке және актив қосымшаларынң бірі болып саналатындығын, екінші бір тілдерде (мысалы, қыпшақ тілдерінде) өте пассив қолданылатындығын не мүлде қолданылмайтындығын, қолданылса да өлі түбір құрамында қолданылатындығына көз жеткізуге болады. Ал түркі тілдерінің тарихына тиісті материалдарды мұқият зерттеп қарайтын болсақ, олардың барлық түркі тілдерінің алғашқы (тым болмағанда орхон-енисейден ХІV ғасырға дейінгі) даму кезеңдерінде -мыш, -міш қосымшасының қолданылғандығын дәлелдеуге болады. «Шындығында да, көне түркі тілдерінің материалдарының және қазіргі түркі тілдерінің материалдарының көрсетуінше -ған және -мыш тұлғаларының қатар қолданылу сыры мүлде басқаша сипатқа ие» - дейді М. Оразов: «Біріншіден, бұл қосымшаның Орхон-Енисей жазу ескерткіштерінде қолданылғандығы анық. Екіншіден, оғыз, қарлұқ, қыпшақ тілдерінің тарихи жазба материалдарының көрсетуінше, ол қосымша жоғарыда аттары аталынған тілдердің барлығына ортақ болған. Уақыттың өтуімен байланысты ол бір тілдерде пассив қосымшалардың қатарына өткен. Үшіншіден, түркі тілдерінің тарихында есімшенің бірнеше қосымшаларының болғандығы анық. Солардың ішінде өзара мағына жағынан жақыны - -ған мен -мыш қосымшалары. Бұл екі қосымша мағына және синтаксистік қызметі жағынан бір-біріне өте жақын болғандықтан олардың біреуі, тілдің даму барысында, мағынасын өзгертуі не қолданылудан шығуы, тым болмаса пассив қосымшалар қатарына өтуі шарт еді. Оғыз тілдерінде -ған менен -мыш мағына жағынан ажырап, екі түрлі мағыналық реңкті білдіретін дәрежеге жетсе, қыпшақ тілдерінде -мыш қолданылудан шығып қалған» [18, 108 б. ] . Мұнан басқа қазіргі қазақ тілінің құрылысына көз жіберіп тексерсек, көнеленіп, сын есімге айналып кеткен есімшелер көп кездеседі. Олардың тілдегі фактілер бойынша тізіп көрсеткенде мынадай:
а) -аған, -еген формасы ( қашаған, жүреген ) ;
ә) -ғалақ, -гелек , -қалақ, -келек формасы ( ұшқалақ, жанғалақ ) ;
б) -шақ, -шек формасы ( еріншек, сүріншек ) .
в) -ғыш, -гіш , қыш, -кіш формасы ( оқығыш, білгіш т. т . ) .
Бұлардың бір кезде есімшелік форма түрінде жұмсалып, қазіргі қазақ тіліндегі қалпының көнеленген түрі екені кейбір түркі тілдерінің материалдары бойынша айқын дәлелденеді. Мысалы, көрсетілген формалардың біріншісі құмық, екіншісі ойрат, үшіншісі түркі тілдерінің көпшілігінде қазірге дейін есімшелік категория болып есептеледі [15, 11 б. ] .
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz