Домбыраның шығу тарихы


Пән: Өнер, музыка
Жұмыс түрі:  Курстық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 40 бет
Таңдаулыға:   


Мазмұны

І. Кіріспе . . . 3

1. 1. Домбыраның шығу тарихы . . . 4

1. 2. Күй атасы . . . 11

1. 3. Дина Нұрпейсов . . . 13

ІІ. Негізгі бөлім

2. 1. Домбыраның Қазақстанда кездесетін үлгілері . . . 15

2. 2. Домбыра - тенор . . . 20

а) Электір пеші . . . 25

ә) Шиыршықтың орналасуы . . . 26

в) Бетқақпаққа шпон ағашынан өрнек отырғызу . . . 30

г) Домбыраны лактау және пернелерін байлау . . . 31

с) Жергілікті домбыра шеберлері . . . 33

ІІІ. Шіңкілдік . . . 35

ІV. Шіңкілдектің жасалу жолы. Сабақ жоспары . . . 37

Қорытынды . . . 42

Қолданылған әдебиеттер . . . 43

Қосымшалар . . . 44


І. Кіріспе

Ғылым мен білім әлі өркен жая қоймаған қазақ жерінде сонау XVIII -XIX ғасырларда-ақ қол өнері ұлттық дәстүр ала бастағаны халқымыздың өнер тарихынан аян.

Күй атасы - Құрманғазының халықтық өшпес мұрасы мәңгі жасап, ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса бермек.

Жаңа бой көтеріп келе жатқан қазақ аспаптық сазының жұртшылыққа танылуы ең әуелі орындаушылар талантына, екіншіден аспап жасаушы шеберлердің іскерлігіне байланысты.

Өткен күндерге үңілсек, сазды әуені сөйлететін аспапты жасау қай кезде де зор құрметке ие болып, атағы көпке жайылған.

Қай заманда болмасын адамзат алдында тұратын ұлы мүрат -міндеттердің ең бастысы - өзінің ісін, өмірді жалғастыратын салауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу. Ұрпақ тәрбиесі келешек қоғам қамын ойлау. Сол келешек қоғам иелерін жан-жақты жетілген, ақыл-парасаты мол, мәдени-ғылыми өрісі озық азамат етіп тәрбиелеу біздің де қоғам алдындағы борышымыз.

Ал, ойлы-пайымды, білімді, мәдениетті, іскер, еңбекшіл азамат тәрбиелеуді адамзаттың ақыл-ойы мен мәдениетінің дамуындағы бағалы байлықтың бәрін игере отырып және оны бүгінгі ұрпақтың санасына ұстаздық шеберлікпен біртіндеп сіңіру арқылы ғана жүзеге асатындығы бәрімізге аян.

Қай халықтың өнеріне, мәдениетіне байыпты көз салсақ, сол халықтың әсемдік талғамы мен танымына, эстетикалық көз қарасына орай белгілі бір өнер түрінің дамып отырғанына көз жеткіземіз, соның бірі - домбыра жасау өнері. Бұл өнер қазақ халқының өмір тіршілігінен айрықша орын алып, ғасырдан ғасырға, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып дамып келе жатыр.

Технология пәнінде «домбыра құрастыру» бойынша ұсынылған жұмыс барысындағы материалды өңдеуге келер болсақ, сүргілеу, кесу, майыстыру, белгілеу, қашау, егеу, зімпара қағазымен тегістеу және әйнектеп тазалау, бұрғылау, ою арасын қолдану, сонымен қатар металды өңдеу, пластмассаны өңдеу т. б. үрдістер қарастырылады. Мысалы: металмен жұмыс сағатын, пластмасса сағатын, тіпті тоқу жұмысы сағаттарын осы тақырыпқа қосуға болады. Ол біріктіру, кесу, шегелеу жұмыстарын да қамтиды. Бұл сабақтарда домбыраның шығу тарихы, оның түрлері, күй атасы - Құрманғазының өмірі және творчестволары мен үнемдеуді де үйренеді, домбыраға деген қызығушылық артады. Белгілі бір шеберлік, икемділік қалыптасады.

1. 1. Домбыраның шығу тарихы

Домбыра - қазақ халқының ең кең тараған екі ішекті, көп пернелі музыкалық аспабы. Ол - қазақтар өмірінде маңызды орын алатын, өзіндік музыкалық сипаты бар аспап. Алғаш эпикалық дәстүр шеңберінде жыр, толғау, термелерді сүйемелдеуге қолданылған домбыра кейін аспаптық шығарма - күй жанрының қалыптасуына ықпал еткен. Қазіргі кезде домбыра жеке әнді сүйемелдеуге, күй тартуға, халықтық-фольклорлық музыкада, классикалық шығармаларды орындауға қолданылатын, мүмкіндігі кең музыкалық аспап болып табылады.

XIX ғасырда қазақ халқының тұрмысында анағұрлым кең тараған Музыкалық аспап екі ішекті домбыра болатын. Егер бұрынғы заманда көне аспаптар ән, жыр, ертегі-аңыздарды сүйемелдеу үшін ғана қолданылған болса, енді домбыра жеке шығарма орындауға арналып, күрделі аспаптардың қатарына қосылды.

Әр түрлі ескерткіштерге, сондай-ақ этнографтардың жазып қалдырған еңбектеріне жүгінсек, домбыра және өзге халықтардың осы тектес аспаптары тіпті сонау орта ғасырларда белгілі болған екен. Мысалы, Әбу Насыр әл-Фарабидің еңбектерінен тамбур аспабы жайында оқимыз.

Өзбектердің домбыраға өте ұқсас екі ішекті дутары алғаш рет әл-Хусейнидің «Музыкалық канон» деген трактатында ауызға алынды. Қазақтың халық аспабы домбыра XIV ғасыр жазбаларында кездеседі. Оның бастағы түрі мен құрылысы қазақтың домбырасынан аумайды, осындай аспап аттарының ұқсастығы да олардың түпкі шығу тегі бір екекін көрсетсе керек.

Өткен жүз жылдықта ұлы халық композиторы Құрманғазымен бірге Дәулеткерей, Тәттімбет, Сейтек, Байсерке, Қазанғап секілді саңлақ күйшілер дүйім жұртты аузына қаратқан еді. Бұлар бармағынан бал тамған майталман домбырашы болуымен бірге нелер бір ғажап күй де шығарған шын мәніндегі өнер иелері-тін. Солардың арқасында домбырада тартылатын күйлердің музыкалық формасы үздіксіз жетілдіріле түскен-ді. Домбыраның техникалық мүмкіндіктері артқан сайын домбыра тарту өнері де едәуір өрге басып, байи түсті.

Қазақстанның батыс аудандарында домбыра тартудың өзгелерге ұқсамайтын бөлек дәстүрі қалыптасқанын айту керек. Батыс аудандардағы домбыраның негізгі өзгешелігі, көлемі үлкен болып келеді, сондай-ақ шанағы сопақ, мойны жіңішке, перне саны көбірек. Сондықтан мұндай домбыраны тартқанда қолданылатын техникалық, тәсілдерді шанағы жалпақ домбыраға қолдану қиын, өйткені бұл соңғы домбыраның мойны едәуір енді және ондағы перне де аз.

Шанағы жалпақ домбыраның бірнеше нұсқасы кең тараған. Егер батыс аудандардағы домбыраларға 12-14 перне тағылса, ал шанағы жалпақ домбыраға не бары 7-8 ғанаперне байланған. Перне санын арттыру процесі өте баяу жүрді және оның өзі орындалатын репертуарға тікелей байланысты еді. Әдетте, жаңа перне онымен алғаш орындалатын күйдің атымен аталынды. Пернелердің бірі домбырада «Түрікпен күйін» орындағанда байланды да, «Түрікпен пернесі» деп аталды. Бейтарап терция интервалын беретін басқа бір перне Қазақстанның батыс аудандарында «Сарыарқа пернесі» деп аталады.

Аңыз-ертегілердің бірінде аспаптағы жоғарғы тиектің қалай пайда болғаны жайында айтылады. Жаумен шайқасып, одан соң алыс сапар шегіп әбден қалжырап келе жатқан батыр жолшыбай демалуға аялдайды. Сайдың ішіндегі саялы жерде жайғасып отырған соң талдан бір шыбық кесіп алады, оған жылқының қылын керіп байлайды да, дыбыс шығармақ болып көреді. Бірақ қолдан жасаған тым жұпыны аспаптан ешқандай үн шығатын емес, тым-тырыс, меңіреу күйінде қала береді. Батыр оны жанына тастай салады да, өзі қисайып жатып ұйықтап кетеді. Ол жанындағы өзі жасаған аспаптан шығып жатқан дауыстан оянады. Қолына алып қараған батыр аспаптың мойын тұсынан титтей ағаш тиекті көреді, оны әлдебіреу ішектің астынан келтіріп орнатып қойған екен. Батыр: «Е, бұл шайтанның ісі болды ғой», - деп ойлайды. Бәлкім содан бері қалған сөз болса керек, халық арасында жоғарғы тиекті «шайтан тиек» деп атайды. Ішекті жылқының қылынан тағу, жоғарғы тиектің болмауы көне аспаптарға тән сипат.

Қазақ даласының әр өңірінде кездесетін домбыралар жергілікті жер жағдайына, тұрмыс-салты мен дәстүріне, ән, жыр, күй мектебі мен әр өнерпаздың орындаушылық мәнеріне, аспапшы шеберлердің ісмерлігіне байланысты әртүрлі пішімде дамытылып, өзгеріп отырған.

Ән, жыр айтуға арналған домбыраның пернелері 8 - 9, әрі кеткенде 14 - 15-ке жетсе, күй домбырасына 20-дан астам перне тағылады. Олардың құлақ бұрауы да қажетіне қарай (кварта, квинта) өзгертіледі. Домбыра, негізінен, екі ішекті және кейде үш ішекті болып келеді. Домбыра тартуда қағыстардың түрлері өте көп. Мысалы, «сермеп ойнау», «іліп қағу», «шертіп ойнау», т. б.

Қазіргі кезде домбыраның 20-дан астам түрлері бар. Олардың ішінде

• ән мен күй домбырасы

• торсық

• тұмар

• кең шанақты (екі нұсқасы)

• балдырған

• балашық

• шіңкілдек

• аша

• үш ішекті

• қуыс мойын

• шертер

• оркестр домбыралары:

• қоңыр дауысты (альт)

• жіңішке дауысты (прима)

• ащы дауысты (секунда)

• бас домбыралар (екі нұсқасы)

• Шіңкілдек

Халқымыз өз ұрпағының келешегін кеңінін ойлаған. Оның бойына жастайынан еңбек тәрбиесін, адамгершілік сезімін, патриоттық рух себумен қатар, эстетикалық тағы- лым да беріп отырған. Тіпті, эстетикалық тәлім-тәрбие ең бірінші орында тұрған десек те болады. Нәрестесін жұбатқан ана "Әлди-әлди бөбегім " деп ән салады. Тілі шыға бастаған - да түрлі сөздерді айтқызып үйретеді. Ес кіре бастағанда түрлі сан алуан оқиға, дастан жырлар, қызықты ертегілер айтып береді. Түрлі жұмбақтар, тақпақтар жаттатады . 4-5 жасқа ұстауға жеңіл, ойнауға ықшамды, даусы сүйкімді шағын домбыра жасап берген. Оны шіңкілдек деп атаған. Халықтын бұл игі дәс - түрі де бүгінде жалғасын тапты. Сол шіңкілдекті қазір ''Мұрагер'' этнографиялық ансамблі сәтті пайдаланып жүр. Тенор домбыраның жетілдірілген түрінің үлгісі бойанша "Балақай " домбыраның екі түрі дүниеге келді.

Оның біріншісі 4-7 жас аралығындағы бүлдіршіндер- ге, екіншісі 7-10 жас аралығындағы жеткіншектерге арналған. Дыбысы құлаққа жағымды бұл домбыралар балабақша, бастауыш мектеп оқушылары үшін аса қажет-ақ. Қазірше же-келеген шеберлер жасаған азын-аулақ домбыралар болмаса, жаппай өндіріске шағару әлі қолға алынған жоқ.

Домбыра аспабының дәстүрлі үлгілерін, халықтық дәстүрдегі перне байлау, домбыра баптау, күй ойнау, домбыра жасау жөнінде зерттеулерді Б. Сарыбаев, Б. Орымбеков, Т. Әсемқұлов, А. Сейдімбек, Д. Шоқпарұлы, т. б. еңбектерінен кездестіреміз. Домбыра құрылымдық, сапалық дәрежесінің кемел деңгейге жетуі барысында бүгінге дейін бірнеше сатыдан өтті:

1932 - 1934 жылдары домбыра аспабын жетілдіру бағытында белгілі аспапшы шеберлер Қ. Қасымов, А. Ермеков, ағайынды И. және Б. Романенколар, Қ. Оңалбаев, т. б. еңбек етсе, оны 1960 - 1970 жылдары Ә. Аухадиев, О. Бейсенбекұлы жалғастырды.

1934 жылы Халық аспаптар оркестрінің (Қазақ мемлекеттік халық аспаптар оркестрі) құрылуымен байланысты домбыраның прима, альт, тенор, бас, контрабас сияқты түрлері дүниеге келді.

1990 - 2000 жылдары аспап жасаушы-қолөнерші шеберлердің республикалық «Үкілі домбыра» сайыстары өткізіліп, соның ықпалымен домбыра аспабы жаңаша зерттеу, даму, жетілу бағытына бет түзеді.

Шоқпарұлы, С. Ділманов, Ж. Тұрдығұлов, С. Кенжеғараев, т. б. домбыра жасаушы шеберлер шоғыры пайда болды. Олар дамытып, жетілдіріп жасаған домбыралар сырт нұсқаларына, бөлшектері мен ішек сандарына, дыбыс ерекшеліктеріне, дыбыс ауқымына және басқа да қосымша ерекшеліктеріне қарай «үш ішекті», «кең шанақты», «қуыс мойын», «бүктемелі», «желбезекті», «тұмар», «қос шанақты» немесе «қос мойын», «үшем», т. б. деп аталып, халықтық-аспаптық музыка дәстүрін байыта түсуде. Домбыра тектес аспаптар Орта Азиядағы түркі халықтарының барлығында дерлік бар. Мысалы, башқұртта «думбыра», қырғыздарда «қол қомуз», түріктерде «саз», «уд». [2]

Қазақтың музыка мәдениетін зерттеушілер күні кешеге дейін өткен ғасырдағы этнографтардың көп ішекті домбыралар жайында жазып қалдырған еңбектеріне жөнді мән бермей келген еді. Ал Семей облысынан үш ішекті аспаптар мен үш дауысты бірегей күйлер кездескеннен кейін ғалымдар бұл мәселедегі көзқарастарын өзгерте бастады. Қазақтарда бұрын өзінің қүрылысы жағынан үш ішекті көне шертерге ұқсас көп ішекті домбыра болғаны жайында бұл күнде қосымша деректер табылып отыр.

Бұрынғы кезде көп ішекті домбыралар Қазақстанның түрлі облыстарында болыпты. Мұны А. Алекторовтың, Д. Исаевтың, П. Юдиннің және басқа этнографтардық мәліметтерінен көреміз. Осындай мақалалардың бірінен мынадай жолдарды кездестірдік.

«Қырғыздардың музыкалық аспаптары қызығарлықтай емес. Олардың бар болғаны бубен, джибизги және думбралар (думбра - үш немесе төрт ішекті аспап, біздің балалайкаға ұқсайды) ».

Үш ішекті, кейде шанағының ішінде тартылған қосымша ішектері тағы бар, өте көне домбыралар Семей облысының Абай, Шұбартау және Жақа Семей аудандарында жиі кездесетін.

Семей облысында үш ішекті домбыра тартудың тамаша шеберлері көп болған. Солардың бірі Тілеулі Мамырбековтің репертуарында ондаған күйлер болыпты. Ол кісі, мысалы, «Боз айғыр», «Қара жорға», «Қара атты», «Көк атты», «Боз жігіт», «Асан Қайғы», «Қорқыт» сияқты күйлерді нәшіне келтіре орындаған. Ұлы Абайдың баласы Ақылбай мен немересі Исраил үш ішекті домбыраны шебер тартқан екен. Исраилдің өзі де бірнеше күй шығарған, бірақ өкініштісі, ол күйлер бізге жетпеді. Қазір Семейдегі республикалық әдеби-мемориалдық Абай музейінде үш ішекті домбыра сақтаулы:

Олардың бірі Исраилдің домбырасы. Ол тұтас ағашты ойып жасалған. Бет қақпағы ағаш шегелермен бекітілген, оған тарамыс перне байланған.

Екінші домбыраның шанағы бөлек-бөлек тақтайдан құрастырылған. Жоғарғы және төменгі қақпақтары фанерден жасалған. Он екі пернесі бар.

Үшінші домбыраны ұлы ақын-ағартушы Абай Құнанбаев пен оның досы Н. Долгополов Семей өлкетану музейіне 1885 жылы тапсырыпты. Ол да тұтас ағаштан ойып жасалған. Ағаш шегелермен бекітілген бет қақпақта үш шағын ойық бар. Жоғарғы тиек жоқ. Мойынға бес перне байланған.

Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының аға ғылыми қызметкері А. Серікбаева басқарған фольклорлық экспедиция 1965 жылы жазда Семей облысы Абай ауданындағы М. Әуезов атындағы совхозда болды. Экспедиция мүшелері үш ішекті домбырада М. Әзімханов орындаған жеті бірегей күйді жазып алған. Олардың ішінде:«Қалмақтың би күйі», «Панкратов», «Қазақтың би күйі», «Сары өзен», Ағашаяқтың екі күйі және «Сылқылдақ» бар.

Кейін консерваторияның фольклор кабинетіне осы ауданнан үш ішекті домбыра келіп түсті. Бұл домбыраның шанағының ішіне даусын күшейту үшін квартаға келтіріліп екі металл қосымша ішек тартылған. Аспап тұтас ағашты ойып жасалынған. Ағаш пернелері қозғалмайды. Тиектің ішек үшін жасалған үш кертігі бар. Бұл оны сақтау үшін істелген. Аспап квинта мен квартаға келтіріліп бұралады.

Көп ішекті және екі ішекті домбыралардың құрылысында ұқсастық көп. Көп ішекті домбыралардың мойны қысқа, пернелері жылжымалы болған. Шығыс облыстарда кездесетін екі ішекті домбыралардың да мойны нақ осындай. Екі қосалқы ішегі бар екі ішекті домбыралар да кездеседі. Кейбір домбыраға сым ішек тағыла бастайды. Кейін жылжымалы пернелер тұрақты мыс пернелермен алмастырылды. Қосақталған екі сым ішекті және пернелері тұрақты бірегей домбыра 1967 жылы Талдықорған облысыныңПанфилов ауданынан табылды. Ол бұл күнде автордың музыкалық коллекциясында сақтаулы.

Екі ішегі аспаптың шанағының және мойнының ішінен өтетін домбыралар да бар. Оларда төрт немесе екі құлақ болады. Құлақ екеу болғанда ішектер мынадай ретпен тағылады: екі ішектің ұштары мойынға шалынады да мойынның ішіне жіберіледі, одан әрі шанақтың төменгі бөлігіндегі ролик арқылы сыртқа шығарылады, одан соң сырттан керіліп екі құлаққа бекітіледі. Міне, осы себепті құлақты бұрағанда ішкі және сыртқы ішектер бір мезгілде күйге келтіріледі. Дина Нүрпейісова атындағы халық аспаптары оркестріне қатысушы Қапар Темірәлиев 1960 жылы жасаған домбырада төрт ішек бар. Олардың екеуі шанақ пен мойынының ішінен өтеді. Төрт құлақ болуы арқасында әр ішек жеке күйге келтіріледі. Ішкі ішектер сыртқылармен унисон түрінде күйге келтіріледі де, аспаптың даусын күшейте түседі. Мойынның сағасының бір бөлігі ашық қалдырылады, ол ішек үзілген кезде жаңасымен ауыстыру ыңғайлы болуы үшін қажет.

Домбыраға қосалқы ішек тағылуы және ішекті қос-қостан тағу ол кездегі музыкант орындаушылардың аспаптың үнін жетілдіруді мақсат етіп, үнемі ізденіс үстінде болғанын көрсетеді. Қостанай облысының Боровское ауданында шанағының ішіне қоңыраушалар ілінгек домбыралар да кездесті. Мұндай домбыра жасаушы шебердің бірі - Саубай Ахметов екен. Таулы Алтай автономиялы облысының Қосағаш ауданында бұрын халық композиторы Бейсен деген кісі тұрған екен, ол үш дауысты күй шығарыпты.

Үш дауысты күйлерді алғаш зерттеп көргеннің өзінде-ақ олардың өзгеше әуезділігі байқалады. Музыка зерттеушісі Л. Тарасова үш дауысты «Сылқылдақ» күйікің ладо-тональдық, метрикалық, құрылымдық және басқа сипаттарын талдай келіп: «бұл күй бізге бұған дейін: белгілі күйлердің бәрінен мүлде өзгеше екен. Бүған «кінәлі» оның үш дауыстылығы, осы үш дауыстың нәтижесінде өте бір ерекше комплекстер, қазақ музыкасы үшін мүлде өзгеше әрі жаңа әуендер өмірге келген».

Көп ішекті домбыраларды тарту мәнері Қазақстанның, шығыс облыстарындағы домбырашылардың тартысына ұқсайды. Яғни күйлер ішектерді жеке-жеке шертіп ойнау тәсілімен орындалады. мұндай тәсіл республикамыздың бұл аймақтарында үш ішекті домбыраның сақталуына себепші болған. Үш ішекті домбырада орындалатын күйлер өзгеше естіледі және олардың орындалу тәсілі де басқаша.

Екі ішекті және үш ішекті домбыралардың көп ішекті жетігенмен және үш ішекті шертермен үқсастығы да жоқ емес. Үш ішекті домбыра тартудың қалыптасқан дәстүрін қазақтың аспаптық творчествосы дамуының неғүрлым ертеректегі кезеңіне жатқызуға болады. Домбыраның жетілдірілуі аспаптық музыканың дамуымен тығыз байланыста жүріп отырған. Бірі-біріне ұқсамайтын орындаушылық екі дәстүрдің орын алуын құрылысы және сыртқы түрі жағынан басқа-басқа екі түрлі домбыра жасалуына себепші болды. Осының бәрі қазақ халқының музыка мүрасын байыта түсті. Қазақстанның орталық, оңтүстік және шығыс облыстарының орындаушылық дәстүрі әлі күнге дейін жете зерттелінбей отырғанын айта кету керек.

Советтік заманда Қазақстанның аспаптық музыкасы дамытылуына байланысты екі ішекті домбыра жетілдіріліп қайта жасалды да оны тарту шеберлігі биік сатыға көтерілді. 1943 жылы Құрманғазы атындағы Қазақтың халық аспаптары оркестрі ұйымдастырылған шақта домбыраның бірнеше түрі бірден жасалынған-ды. Оркестрге әр жылдары жетекшілік еткен А. Жұбанов, Л. Хамиди, Л. Шаргородский, Ш. Қажғалиев, сондай-ақ музыка аспаптарын жасаушы шеберлер И. Романенко мен Қ. Қасымов домбыраны жетілдіру және домбыраның мүлде жаңа үлгілерін жасау жолында қажымай-талмай көп еңбек сіңірді. Домбыра мен қобыз Осакаровка музыкалық аспаптар фабрикасында және Алматыдағы мебель фирмасының музыкалық аспаптар цехында жасалынуда. Ал оларда жасалынып шығып жатқан аспаптардын, саны да, сапасы да аспапқа қойылатын талаптан көп төмен. Аспаптарды көптен шығару ісінің жолға қойылмай отырғаны, яғни сапалы аспаптың тапшылығы көркемөнерпаздар үйірмесінің кең қанат жайып дамуына, жас музыканттарды тәрбиелеп баулуға кедергі болып отыр.

Қазақ ССР Министрлер Советі музыкалық аспаптарды шығару және сапаларын жақсарту жөнінде 1968 жылы 27 февральда қаулы қабылдаған болатын. Осы қаулыға сәйкес аспаптардың қолданылып жүрген түрлерін қайта жасауды және көне аспаптарды қалпына келтіруді қолға алған эксперименттік лабораториялар жұмыс істей бастады. бұл кезеңде ағаштың физикалық-механикалық және акустикалық қасиетін зерттеп анықтау барысында біраз жұмыстар атқарылды. Аспаптарды жобалау қазақ аспаптарының көне үлгілерін, сондай-ақ халық шеберлерінің тәжірибелері мен дәстүрлерін, этнографиялық материалды зерттеп-игеру негізінде жүргізілді.

Домбыра сияқты екі ішекті музыкалық аспаптың мүмкіндігі зор. Солардың бірі домбырада шетелдік шығармаларды орындау болып табылады. Паганинидің төрт ішектіскрипкасында үлкен қиындықпен немесе басқа да әйгілі шетел композиторларының шығармалары, қазақтың киелі домбырасында оңай және әсем ойналады. Бұл қасиет әрбір музыкалық аспаптың үніне салына алмайды. Мысалы: Моцарттың “Түрік маршы”өте күрделі әрі жоғары темппен орындалатын шығармалардың бірі. Оның барлықвариациясын күйсандықпен ойнап шығу тек қана нағыз шебер адамдардың қолынан келеді. Алайда, қазақтың домбырасында осы іспеттес вариациялар аса қиындық туғызбайды. Осыдан, қазақ ұлтының қос ішекті домбырасында дәстүрлі қазақ композиторларының шығармаларымен қоса, шетелдік шығармаларды да асқан шеберлікпен әсем орындауға болатыны анық.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Домбыра - қазақ халқының ең кең тараған екі ішекті, көп пернелі музыкалық аспабы
Домбыра туралы аңыз-әңгіме
Музыкалық аспаптардың тарихы
Домбыра құрылымы
Домбыра аспабы құрылысы
Домбыраның физикалық қасиеті
Үші ішекті домбыра
Домбыраның тарихы
Күй
Қазақ халқының музыкалық аспаптарымен танысу
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz