Тіл қарым-қатынас құралы



Пән: Тілтану, Филология
Жұмыс түрі:  Курстық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 27 бет
Таңдаулыға:   
Кіріспе
Ел тәуелсіздігін тіл тәуелсіздігімен астастыра қарап, туған тілдің
тұғырын биіктету қамы қолға алынғалы да біраз уақыт болып қалды. Қазақстан
Республикасындағы тіл саясатының тұжырымдамасы, Қазақстан
Республикасындағы Тіл туралы Заң сияқты стратегиялық маңызы бар
құжаттардың дүниеге келуі осы бағытта жасалған оң қадамдар.
Тіл қарым-қатынас құралы. Адамның ой-өрісін, мәдени дәрежесін, ақыл-
парасатын, рухани байлығын көрсететін айна. Тіл мәдениетінің өзектілігі
әрқашан ескеріліп, қай халық болса да бұл мәселені айналып өткен емес.
Өнер алды - қызыл тіл деп қазақ халқы да сөйлеу шеберлігіне үлкен мән
берген. Қазіргі таңда тіл мәдениетінің көкейтестілігі арта түсті.
Қазақстан Республикасы Президентінің Тілдерді қолдану мен дамыту
бағдарламасында: Тілді дамыту - Қазақстан Республикасы мемлекеті
саясатының аса өзекті бағыттарының бірі , сондай-ақ Мемлекеттік тілді
оқытудың саны мен сапасына көңіл бөлу керек делінген. Елбасы
Н.Ә.Назарбаев: Қазақстанның болашағы қазақ тілінде - деп тұжырымдайды.
Ал қазақ халқының тіл келешегі мектеп оқушыларында. Көптеген ғылыми-
педагогикалық әдебиеттерді, мерзімді баспасөз ақпараттарын талдап-
зерттей келе, бүгінгі күнгі оқушылардың сөз саптауы көңіл
аударарлық көпшілігінің тіл мәдениеті төменгі деңгейде
деген қорытынды жасауға болады. Олар өз ойларын дұрыс, түсінікті
етіп жеткізе алмайды, басы артық бос сөздерді көп қолданып, ойын шашыратып
жібереді. Кейбірі орысша сөздерді қосып, араластыра сөйлесе,
бірі жаргонмен диалектілермен сөйлегенді сән көреді. Бұл мәселе туралы
көптеп айтылып та, жазылып та жатыр. Мысалы педагогика
ғылымының докторы И. Нұғыманов пен 3. Қашқынбаева: Оқушының жеке тұлға
болып дамуы мен алған білімін іске асыруда сөйлеу тілін, әрекетін, сөйлеу
мәдениетін, әдебін қалыптастыру педагогиканың қазіргі кездегі көкейтесті
мәселелерінің бірі болып табылады - дейді. Бүгінгі таңда қазақ
мектептерінің өзекті мәселелерінің бірі – оқушылардың тіл
мәдениетін көтеру, сауатты жаза алатын, өз ойын айқын жеткізе алатын азамат
тәрбиелеу.
Мектепте оқылатын қазақ тілі курсының бағдарламасында зат есімнің
грамматикалық категорияларының алатын орны мен оны оқытудың мәні зор.
Зат есімнің грамматикалық категорияларын оқыту - оқушының сөйлеу, жазу
тілі дағдысының, мәнерлі оқуының, орфографиялық, пунктуациялық білім
дағдыларының қалыптасуының, дамуының негізгі кілті болып табылады. Бұл
тақырыпты оқыту арқылы оқушыларға зат есімнің грамматикалық категориялары
танытылады. Осы тақырыптан берілетін теориялық білімінің аясы кең. Атап
айтқанда, оқушылар мынадай білім алады:
1. Зат есімнің грамматикалық категориялары туралы түсінік;
2. Зат есімнің грамматикалық категорияларын оқудағы мақсат;
3. зат есімнің грамматикалық категорияларының өзіндік белгілері мен
ерекшеліктері.
Зат есімнің грамматикалық категориялары тақырыбынан оқушыларға
тиянақты білім мен дағды беру үшін, ең алдымен, материалды неше сағатта
өтуге болады., әр сағатта өтілуге тиісті материал көлемі мен мазмұны және
оқушыларға бұрыннан таныс, таныс еместігі, ең соңында оқушылардың қабылдай
алу қабілеттілігі, өресі, дағдыларының бар-жоғы сияқты мәселелерді күн
ілгері ойластыра, жоспарлап алу қажеттілігі туады.
Осылай өткізілетін материал көлемі анықталып алған соң, сол материалды
толық меңгерту, әрбір минутты бос жібермеу, ол үшін оқушылардың өзіне жұмыс
істеу, ой қорытындысын жасату сияқты мәселелер мақсат етіледі.
Зат есімнің грамматикалық категорияларын оқыту принципі педагогиканың
дидактикалық принциптеріне негізделіп оқытылады. Мәселен, дидактиканың
берілетін сабақ тақырыбы өткен тақырыппен байланыстырылып отырылуы керек
және өтілетін материалдар бірімен-бірі тығыз байланысты болсын деген
ережесіне негізделіп отыратын болса, зат есімнің грамматикалық
категорияларын оқыту оның алдында өтілген сөз құрамымен байланысты өтіледі.
Мұғалім зат есімнің грамматикалық категорияларын оқытуда оның мынадай
екі жағына көңіл аударады:
Бірінші, зат есімнің грамматикалық категориялары туралы жаңа тақырыпты
бастамастан бұрын, оқушылардың бастауышта мектепте одан өткен материалдарын
есіне түсіріп, соны Ү сынып көлемінде өтілетін материалды білгізуге жетек
ете отырып түсіндіреді. Ол үшін бастауыш мектепте өтілетін зат есім
түрленуінің бағдарламалық көлемін жақсы біліп, оны қандай жолдармен
байланыстырудың тәсілдерін белгілеп қояды.Ондай тәсілдер әр түрлі болады:
Кейбір мұғалімдер бастауышта өтілген зат есімнің категорияларының
негізгі ерекшеліктерін қамтитын сұрақтар қойып, сол сұрақтарға оқушылардың
өздеріне жауап бергізіп, мысалдар келтіру жолымен қайталап барып, жаңа
тақырыппен байланыстырады.
Кейбір мұғалімдер бастауышта өтілген зат есімнің грамматикалық
категорияларының бағдарламалық көлемін қамтыған мәтіндерді талдатып
айтқызып, соны жаңа тақырыппен байланыстырады.
Екіншіден, мұғалім Ү сынып көлемінде оқылатын зат есімнің
грамматикалық категорияларының ерекшеліктерін оқушыларға жүйелі және дәл
түсіндіру үшін, тіліміздегі сөздердің құрамына, лексикалық мағынасына қарай
алуан түрлі өзгеретіндігін байқатады.
Оқыту тек білім беру ғана емес, сонымен бірге балаларды жан-жақты
жетілдіру және тәрбиелеу, шеберлік және дағдымен қаруландыра түсу болып
саналады. Сондықтан да зат есімнің грамматикалық категорияларын меңгерту
үшін іріктеліп алынатын материалдар оқушыларға тәрбие беру жағынан да
маңызды, бағалы болуға тиіс. Ал сабақ жүргізу процесінде қолданылатын
методикалық әдіс-тәсілдер тақырыпты оқушылар түсіну үшін жағдай жасап қана
қоймай, соған сәйкес балалардың жан-жақты дамуына әсер ететіндей болғаны
жөн.
1. Қазақ тілі сабағындағы грамматика және оның салалары
1.1. Қазақ тіліндегі сөздің морфологиялық құрылымы
Тілдің лексикасындағы сөздер заттар мен құбылыстардың, сапамен
белгінің және т.б. атаулары болып саналады. Сөз нені атаса да, оны жеке
дара күйінде атайды. Мысалы, тұз, ас, кел, сөз деген сөздер – жеке дара
атаулар ғана; бұлардың әрқайсысында лексикалық мағына бар және әрқайсысы
белгілі ұғымды білдіреді. Бірақ бұл сөздер өзара байланыспай, бір-бірімен
тіркеспей, осы қалпында жеке дара тұрғанда ойды білдіруге қабілетсіз.
Демек, тілдің қатынас құралы ретінде қызмет атқару үшін, оның
лексикасындағы алуан түрлі сөздердің бір-бірімен тіркесіп, өзара белгілі
бір қарым-қатынаста, байланыста қолданылуы және олардың тіркесуінен
сөйлемдердің құралуы шарт. Сөйлемдер, әдетте, сөздердің түрленіп,
тіркесуінен жасалады. Ал сөздердің түрленуі, өзгеруі, түрлі тәсілдер арқылы
сөйлемде тіркесуі тілдің грамматикасы арқылы іске асады. Грамматика –
тілдегі сөздердің түрлену, өзгеру ережелері мен сөздерден сөйлемдердің
құралу ережелерін белгілейді.
Грамматика – сөздердің бір-бірімен қарым-қатынасын білдіреді. Ол
қатынас – белгілі бір сөздердің нақтылы қатынасы емес, ешбір нақтылығы жоқ
грамматикалық қатынас. Бірақ грамматика қатынасына ғана сүйеніп қана
қоймайды, сонымен бірге мағынаға да сүйенеді. Бұл арада лексика мен
грамматиканың арасында мынадай айырмашылық бар: лексикада мағына
категориясы ең басты орынға, қатынас категориясы кейінгі орынға ие болса,
грамматикада ең алдымен қатынас категориясы, содан кейін барып қана мағына
категориясы мәлім болды.
Грамматика өзінің ережелерін жасағанда, сөздер мен сөйлемдердің
мағыналық нақтылығынан дерексізденеді, сөздердің өзгеруі мен сөздердің
тіркесуінің негізіндегі жалпылық нәрсені негізге алады. Грамматикалық
абстракцияның ерекшелігі , міне, осындай.
Қатынас жасау, пікір алысу, ой жұмысы нәтижелерінің сөйлемдердегі
сөздер мен сөз тіркестеріне негізделіп, соларға орнығып, тұрақталуы
нәтижесінде ғана мүмкін болды. Грамматика ойды материалдық – тілдік қалыпқа
енгізуде, өзара пікір алысуға мүмкіндік береді.
Грамматика тілдің грамматикалық құрылысын зерттейді. Грамматикалық
құрылыс – белгілі бір тілдегі грамматикалық қатынастардың жүйесі.
Грамматика бір-бірімен байланысты екі сала – морфология мен синтаксистен
құралады.
Морфология – сөздердің морфологиялық құрылымы мен типтері, морфемалар
мен олардың түрлері, сөздердің түрленуі, олардың формалары мен сөздердің
лексика-граммтикалық топтары туралы ілім.
Ал синтаксис – сөз тіркесі мен сөйлем, олардың құрылымы мен түрлері,
сөздердің сөйлемде тіркесуі туралы ілім.
Тілдің грамматикалық құрылысын, ондағы грамматикалық категориялар мен
грамматиканың формаларының пайда болуы мен біртіндеп қалыптасып дамуын
тарихи тұрғыдан қарастырып баяндайтын грамматика тарихи грамматика деп
аталады. Тілдің өмір сүріп тұрған дәуіріндегі қалпын қарастырып баяндайтын
грамматика сипаттама грамматика немесе синхрониялық грамматика деп аталады.
Туыстас тілдердің грамматикалық құрылысын, ондағы грамматикалық
категориялар мен грамматикалық формаларды және түрлі-түрлі граммамтикалық
амал-тәсілдерді өзара салыстыру тұрғысынан қарастыратын грамматика
салыстырмалы грамматика деп аталады.
Тіл білімінің әрбір салалсының қарастыратын единицалары бар.
Грамматика тілдегі грамматикалық единицаларды (морфема, сөз, сөз тіркесі,
сөйлемді) және ол единицалардың басын қосып ұйымдастыратын, қатынас жасауда
іске жарататын, әрі олардың бір-бірімен жігін ажырататын тәсілдер мен
құралдарды зерттейді.
Сөз тілдің грамматикалық единицасы ретінде грамматикада
қарастырылғанда, біріншіден, оның бойында лексикалық мағына мен бірнеше
грамматикалық мағынаның ұштасып келуі жағынан, екіншіден, морфологиялық
құрылымы мен құрылымының элементтері жағынан, үшіншіден, формалар жағынан,
төртіншіден, лексика-грамматикалық топтарға (сөз табына) қатысы жағынан,
бесіншіден, сөз тіркесі мен сөйлемнің құралуына қатысы және оларға қызметі
жағынан қарастырылады.
Грамматика сөздердің өзгеруін, түрленуін, олардың (сөздердің) сөйлемде
тіркесу формалары мен заңдылықтарын зерттейді. Сөздер бір-бірімен
грамматикалық қатынасқа түскенде ғана, олардан сөз тіркестері мен сөйлемдер
жасалады. Грамматикалық қатынастар сөздердің аралығында ғана емес, сонымен
бірге сөз тіркестерінің аралығында да, сөйлемдердің аралығында да болады.
Осыған орай, грамматика сөздердің аралығындағы, сөз тіркестерінің
аралығындағы, сөйлемдердің аралығындағы грамматикалық қатынастарды
зерттейді. Грамматика үшін тілдік единицалардың аралығындағы грамматикалық
қатынастар ғана емес, сонымен бірге, тілдік единицалардың (сөз , сөз
тіркесі, сөйлем) құрылымы да маңызды мәселе болып саналады. Осы жағын
аңғарта келіп, профессор Р.А. Будагов былай дейді: ...грамматикада 1)
сөздің құрылымы, 2) сөз тіркестерінің құрылымы және 3) сөйлемнің құрылымын
зерттейді .
Грамматиканың морфология саласында қарастырылатын мәселелердің бірі-
сөздің морфологиялық құрылысы туралы мәселе.
Грамматика, ең алдымен, сөздердің бір-бірімен қатынасын білдіреді. Ол
қатынас – грамматикалық қатынас. Яғни сөйлемдегі сөздер грамматикалық
формалар (жұрнақтар, жалғаулар) арқылы бір-бірімен байланысып грамматикалық
қатынасқа түседі. Сөйтіп, грамматика ойды түсінікті етеді. Грамматиканың
екі саласы бар: морфология және синтаксис. Морфология – сөздердің
морфологиялық құрылымы мен типтері, морфема мен оның түрлері, сөздердің
түрленуі, олардың формалары, сөз таптары туралы. Ал синтаксис – сөз тіркесі
мен сөйлем, олардың құрылымы мен түрлері, сөздердің сөйлемдегі тіркесімі
туралы ілім.

1.2. Есімше тұлғаларының грамматикалық қызметі

Етістіктің ерекше бір түріне жататын функционалдық тілдік бірлік ол
–есімше. Қазақ тіл біліміне бұл терминді енгізген А.Байтұрсынұлы болатын
[1, 251 б.]. Есімше және көсемше тұлғалары грамматикаға қатысты барлық
еңбектерде сөз болады. Қазақ грамматикасын жаңаша қарастыруға тырысып,
кейбір терминдерді басқаша атаған Қ.Жұбанов та есімше, көсемше
терминдерін А.Байтұрсынұлы терминдеріндегі қалдырған [2, 363 б.]. Содан
бері жарияланған барлық грамматикаларда есімше етістіктің функционалды
жұрнағы ретінде танылып келеді. Мәселен, 2002 жылы шыққан Қазақ
грамматикасында есімшеге етістіктің функциялық жұрнақтарының бірі деген
анықтама берілген. Есімше мағынасы жағынан етістіктерше болымды және
болымсыз, салт-сабақты болы -п бөлініп, жақтық, шақтық мағынаны аңғартады.
Бірақ түрленгенде есімдерше көптеледі, септеледі, тәуелденеді. Осы
ерекшелігіне байланысты сөйлемде атрибуттық және предикаттық мағынаға ие
болады.
Лингвистикалық сөздіктерде есімшеге берілген анықтамаларға көңіл
аударайық: Есімше (Perticipium) – зат пен субъектінің қимылымен байланысты
белгісін білдіретін және анықтауыш (атрибут) ретінде қолданылатын
етістіктің бейфинитті тұлғасы. Бұл – қос тілдік сөздіктегі анықтама.
Есімшеге қатысты бір анықтама: Есімше – синтаксистің ерекше түрі.
Сөйлемде екі түрлі мәнде, екі түрлі қызметте қолданылады. Бірде жіктеліп
келіп, қимылды, іс-әрекетті белгілі бір шаққа байланысты білдіреді де,
сөйлемнің баяндауышы қызметін атқарады. Екіншіден, бүтіндей басқа мәнді,
басқаша қызметте, атап айтқанда, заттың сындық қасиетін, қатыстық белгісін
білдіріп немесе заттанып, заттық мәнде жұмсалады [5, 19 б.], – делінген.
Есімше туралы Дионистийдің грамматикасында сөз болады [4, 296 б.].
Соған қарағанда, олар көсемшелермен салыстырғанда көне болып табылады. Оның
үстіне көптеген көсемшелер есімше негізді болып келеді. Яғни грамматикалық
ілімнің қалыптасып даму барысында есімшелердің жеке сөз табы ретінде
қаралуы заңды ғой деп ойлаймыз.
А.Салқынбайдың лингвистикалық сөздігінде есімше былайша сипатталған:
Есімше – есім белгісін білдіретін іс әрекетпен байланысты болатын
етістіктің финит емес тұлғасы [6, 82 б.].
Ғ.Қалиев шығарған іргелі лингвистикалық сөздікте есімшеге
берілген анықтама жоғарыдағылардан өзгеше: Есімше – қимыл, іс-әрекетті
заттың белгісі, сипаты түрінде білдіретін етістік тұлғасы. Есімшеде есімнің
де, етістіктің де қасиеті бар. Оның есімге тән қасиеті есімдерше (мыс., сын
есімше) түрленіп, сөйлемнің барлық мүшесі бола алатындығынан көрінсе,
етістікке тән қасиеті шақтық мәнді білдіретінінен байқалады [7, 115 б.].
Байқап отырғанымыздай, қазақ тіл біліміне қатысты негізгі деген
4-5 ғылыми еңбекте есімшеге деген анықтама түрлі-түрлі. Бір анықтамада
есімшенің анықтауыштық мағынасына назар аударылса, бір анықтамада бірліктің
баяндауыштық (шақтық) мағынасына басымдылық берілген. Тіл жүйесіндегі
есімшенің жұмсалу ауқымын бір анықтамаға сыйдыру, әрине, мүмкін емес.
Анықтама тілдік тұлғаның негізгі мағыналарын ғана қамтиды. Есімшелердің
жоғарыда көрсетілген мағыналарынан өзге тіл жүйесінде бірнеше қызметтері
бар екендігі анық. Біз жұмысымызда осы мәселелерді толық қарастыруға
ұмтылдық. Анықтама қысқа нақты болса, оған қойылған терминнің берер
ақпараты одан да қысқа болып келеді. Мәселен, көсемшені арнайы қарастырған
Б.Қапалбеков бұл термин жөнінде былай дейді: Көсемше дегенде
А.Байтұрсынұлы жеке тұрып атауыштық қызмет атқара алатын ұқсас формамен
бүркеп, үстеу сөзді термин еткендігі байқалады. Есімше де осы ізбен туған
А.Байтұрсынұлы оған есімше дейтін есім сияқты айтылатын етістіктің түрі
деген анықтама береді. Ғалым етістіктің функционалдық екі түрін көсемше
және есімше деп атаған. Көсемшелер формалық жағынан да, мағыналық жағынан
да тиянақсыз болғандықтан, тиянақтаушы етістіксіз айтылмай өзі үнемі
көсемдер сияқты, көсемше соның алдында тұрады. Етістіктің функционалды екі
түрінің есімше, көсемше аталуы құрылымдық жағынан бірдей болғанмен, ұғымдық
белгіге сүйенуі басқа-басқа. Есімше ішкі лингвистикалық ұғымға сүйеніп
жасалған болса, көсемше сыртқы құбылыстық ұқсастыққа сүйеніп жасалған.
Осыған байланысты қазіргі қазақ тіл білімінде есімше есімдік қасиетінің
(әсіресе, сын есімдік) молдығынан есімше аталғандықтан, көсемшені де
үстеуше деп айтайық дейтін ұсыныстар бар [8, 29 б.].
Есімшелер – есімдер мен етістіктің қасиетін бірдей иеленген
тілдік құрал. Олар есімдерше септеледі, тәуелденеді және көптеледі. Сондай-
ақ сын есімдердің орнына да қызмет атқарып, сөйлемде анықтауыш болады. Осы
ерекшелігін ескеріп, А.Байтұрсынұлы бұл тілдік бірлікті есімше (есім
сияқты) деп атаған. Бұл да, жоғарыда айтқандай, үстеу сөз табының атау сөз
ретінде қолданылуының бір көрінісі. Есімшеде етістіктің қасиеті молдау.
Өйткені бұл тілдік тұлғаның табиғаты етістік А.Байтұрсынұлы есімге ұқсас
қызмет атқарғандықтан есімше деп атаған. Бұндағы үстеудің мағынасын
тереңірек түсіну қажет. -ше жұрнағы зат есімнің кішірейткіш жұрнағы емес,
зат есімнен үстеу тудыратын жұрнақ. Сондықтан -ше тұлғалы сөз зат есім
болса, сол заттың өзі (кішірейген түрі) болады да, үстеу сөз болса, соған
ұқсас қызмет атқарады, соларша жұмсалады деген мағынаны береді. Сонымен
есімшелердің көсемшелерден өзгешелігі – бұл тілдік тұлғалар екі жақты. Олар
тіл жүйесінде есімдерше де және өзінің шыққан негізі етістіктерше де
жұмсала алады. Есімшелер шақ, етіс тұлғаларының болымды-болымсыз түрлерінде
жұмсалына алады, сонымен қатар етістіктердің жанама септікті сөздерді
меңгергіш қасиеті мен предикаттық қызметте жұмсалғыш қалпын да сақтаған.
Яғни есімшелер де предикаттық қызметте жұмсалып, шақ мағынасын жасауға
қатысады және олар да көсемшелер сияқты пысықтауыштық қызмет атқара алады.
Есімшелер деңгейлік грамматикада біршама қарастырылған. Мәселен,
Т.Ерғалиевтің Қазақ тіліндегі есімше категориясы атты еңбегінде
есімшелердің жалпы түркі тілінде зерттелуі (І тарау); сөз категориялары
ішінде алатын орны (ІІ тарау); морфологиялық функциясы (ІІІ тарау); жай
сөйлемдегі қызметі (ІV тарау) сөз болады. Еңбек 1958 жылы жарық көрген.
Біздің ойымызша қазіргі қазақ тіліндегі есімшелер қазіргі ғылымның дамуы
тұрғысынан қайта қаралуы тиіс. Біріншіден тіл дамиды, аталған тұлғалардың
арнайы зерттеу нысаны болғанына жарты ғасыр болды. Екіншіден ғылым дамиды,
зерттеудің, талдаудың жаңа әдіс-тәсілдері пайда болады. Біздің бұған қайта
оралып отырғанымыз сондықтан.
Есімше тұлғалары арнайы қарастырылмаса да, оның күрделі
құрылымдар жасау қызметі жөнінде Қ.Есеновтің және Р.Өмірбекованың
еңбектерінде сөз етілген. Біздің мақсатымыз бүгінгі ғылымның даму деңгейі
тұрғысынан есімше тұлғаларын олардың тіл жүйесіндегі барлық жұмсалымын,
яғни жұмсалымнан шығатын мағыналардың, оларды өзара байланыстыратын тіл
жүйесіндегі негізгі заңдылықтардың бірі парадигмалық және синтагмалық
қатынастар тұрғысынан қарастыру болып табылады.
Етістік мәселесі сөз болған барлық еңбектерде есімшелер туралы
айтылмай тұрмайды. Өйткені көсемше мен есімше тұлғалары етістіктің
функционалды жұрнақтары болып табылады. Олардың басты айырмашылықтары:
1. Көсемше – етістіктің бір түрі ретінде жанама қимылды
білдіріп, негізгі етістікті сипаттайды. Бұл – көсемшенің табиғатына тән түп
негізгі (первичные) қызметі мен мағынасы, бірақ көсемше тілдің дамуының
нәтижесінде өзіне басқа да түрлі мағына мен қызметтерді қосып алған. Осыдан
оның мағынасы да, қызметі де кеңіген. Олар – көсемшенің кейінгі (вторичные)
мағыналары мен қызметтері. Көсемшенің қосымша қызметі деп күрделі етістік
жасау, аналитикалық формант құрау, шақ, оралым, бағынынқы сөйлемнің
баяндауышы болу қызметтерін айтамыз. Нағыз көсемше жанама қимылды білдіріп,
негізгі қимылды сипаттайды. Негізгі қимылды сипаттау оның ең негізгі
мағынасы болып саналады. Көсемше негізгі етістікті сипаттап қолданылғанда,
қалай? қайтіп? деген сұрақтарға жауап беріп қимылдың қандай тәсілдер арқылы
жасалуын білдіретін амал пысықтауыш қызметін атқарады, көсемшелер сөйлемде
етістік арқылы айтылған іс-әрекеттің сынын, тәсілін, мекенін, мезгілін
білдіріп, пысықтауыштық қызмет атқарумен қоса, барлығы бір дәрежеде бір
мүшеге қатысты болатын және салаласа байланысып, бір-біріне бағынбай
тұратын бірыңғай баяндауыштарды жасауға қатысады. Сондай-ақ көсемше
жұрнақтары құрмалас сөйлем жасауға белсене қатысады. Көсемшелер шақ
мағынасын жасауға қатысады және т.б. Сондай-ақ көсемше тұлғалары формалық
жағынан да, мағыналық жағынан да тиянақсыз болғандықтан қысқа қайырылып,
өзінен кейін тиянақтаушы етістікті қажет етіп тұрады да, кем дегенде екі
сыңардан құралып, жаңа мағына түзетін күрделі етістіктердің көптеген түрін
жасауға негіз болады [8, 12 б.].
2. Ал есімшелердің тіл жүйесіндегі жұмсалымы көсемшелердікінен
өзгеше. Етістіктің функциялық формаларының бірі ретінде есімшелер кейде зат
есімді анықтап, шақты білдіретін мағынасын жоғалтып, тұрақты сапаны
білдіріп кетеді. Олар түрленгенде есімдерше көптеледі, тәуелденеді. Осы
ерекшелігіне байланысты сөйлемде атрибуттық және предикаттық мағыналарға ие
болады да, әрі етістік, әрі сын есім орнына жүре береді. Бірақ есімшелердің
етістік негізді екендігін табиғаты етістіктікі екендігін дәлелдейтін дерек
көп. Мысалы, ақ шаш пен ағарған шаш деген тіркестердің екеуі де
анықтауыштық қатынасты білдіріп тұр. Бірақ қимылға қатысы жағынан келгенде
екі тіркестің мағыналары ерекшеленеді. Таза сапалық сын есім арқылы болған
анықтауыштық қатынас тұрақты сапаны білдіреді: ақ шаш, көк шөп және т.б. Ал
есімше негізгі сын есімдер белгілі бір процестің аяқталғандығын соның
нәтижесін көрсетіп тұрады: ағарған шаш, көгерген шөп және т.б. Қимылдың өту
сипаты тұрғысынан келгенде аяқталған әрекеттің көрінісін береді: Шөп
көгереді → шөп көгеріп келе жатыр → шөп көгерді → шөп көгерген → көгерген
шөп. Бұдан біз есімше тұлғаларының есімдерше қолданысында да әрекет мәні
сақталатындығын байқаймыз.
Салттылық, сабақтылық – таза етістікке тән категория. Қазақ
тіліндегі салт-сабақты етістіктер түбірмен біте қайнасып бірігіп жатыр.
Етістіктің синтаксистік қызмет атқарумен байланысты, сөйлемнің объектісі
болу-болмауына орай сабақты етістік пен салт етістік категориялары бұрыннан
бері бөлініп келеді. Етістіктің салттылық сабақтылық семантикалық түрлік
ерекшеліктері зат есімнің жалпы есім-жалқы есім, адамға байланысты зат,
адамнан басқа атауларға байланысты зат (адам және ғалам), сын есімнің
сапалық-қатыстық түрлеріне ұқсас. Етістік жалпы грамматикалық мағынасы
жағынан нені білдірсе де қандай тұлғада тұрса да я сабақты, я салт мәнді
білдіріп тұрады. Яғни есімше формалары етістіктің салт-сабақтылық мағынасын
сақтайды.
Есімше -ған (-ген, -қан,-кен), -ар (-ер, -р, -с), -атын (-етін,
-итын, -йтын), -ушы (-уші), -мақ (-мек, -бақ, -бек, -пақ, -пек)
жұрнақтарының негізгі және туынды түбір етістікке, етістіктің болымды және
болымсыз формалары да, етіс категориясының барлық түрлеріне жалғану арқылы
жасалады. Ал қалау рай, бұйрық рай, шартты рай формаларына есімше
жұрнақтары жалғанбайды. Өйткені ол жұрнақтар есімшелермен функционалдық
парадигма құрайды.
Есімше жұрнақтарының қызметі өзі жалғанған етістіктің негізгі
мағынасын өзгертпей, заттың қимыл-әрекет арқылы білдіретін белгісін жасау.
Мысалы: жар – қимыл-әрекетті білдіретін етістік, ал жарған (ағаш), жаратын
(отын), жарушы (бала) – заттың қимыл нәтижесімен аңғартылған белгісі.
Есімше жіктеледі, бірақ жіктелудің үлгілерінің ішінде
етістіктерше емес, есімдерше жіктеліп, сөйлемде баяндауыштың қызметін
атқарады [3, 531 б.].
Қазақ тілінде жіктелудің бес үлгісі бар. Бірдей үлгіде
жіктелетін сөздердің лексика-грамматикалық сипаты бірдей болмайды және
олардың шақтық мағынасы да әркелкі болып келеді. ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Тілдік қатынас
Қазақ тілі әдістемесінің мәселелері
Тілдік қатынас негіздері
Тілдік қатынас: «коммуникация» термині
Тіл қатынас жүйесі және аударма түрлері
Тіл және мәдениет туралы
Мәдениетаралық қарым - қатынас біліктілігіне сипаттама
Оқушылардың мәдениетаралық қарым - қатынас біліктілігін дамытудың психологиялық алғышарттары
Мәдениетаралық қарым - қатынас және көркем аударма
Тілдік қатынас туралы байланыс
Пәндер