Жыраулар поэзиясының даму жолдары



Пән: Әдебиет
Жұмыс түрі:  Курстық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 31 бет
Таңдаулыға:   
Қазақстан Республикасының білім және ғылым министрлігі

КУРСТЫҚ ЖҰМЫС
Тақырыбы:

Жыраулар поэзиясының даму жолдары

Орындаған:

Тексерген:

Орал, 2015ж.

Мазмұны

Кіріспе ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... .3

1. Жыраулық пен ақындық поэзиясының даму жолдары
1.1 Қазіргі қазақ лирикасындағы жыраулық дәстүр ... ... ... ... ... ... ... . ... ... ... ...6
1.2 Жыраулар поэзиясы мен ақындар айтысының рухани сабақтастығы ... ..13
1.3 Қазақ әдебиетінде жырауларг поэзиясының оқытылуы ... ... ... ... ... ... ... ...20

2. Жыраулар поэзиясы - хандық дәуір айнасы
2.1 Жыраулар поэзиясы - ұлт қалыптасуының көрінісі ... ... ... ... ... ... ... ... ... .25
2.2 Бұқар жырау тақырыбына сабақ жоспары ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... 30

Қорытынды ... ... ... ... ... ... .. ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... 35

Әдебиеттер ... ... ... ... ... ... . ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ..37

Кіріспе
Зерттеу өзектілігі. Тарихта ақындық және жыраулық поэзияның алатын орны ерекше. Көне дәуірлерден бері фольклорлық туындылармен өзектесе, жарыса дамып келген бұл сала халқымыз бастан кешкен тарихи оқиғалардың көркем шежіресі іспеттес ел тұрмысының сан алуан қырларын қамтып бейнелеуге әр кез елеулі үлес қосып отырған.
Ақындық және жыраулық поэзияның өзіндік сипат-белгілерін бұлардың өмір шындығын суреттеудегі көркемдік тәсілдері мен белгілі бір тарихи кезеңде аренаға шыққан авторларының нақтылығынан, ғасырлар бойы өзара үзілмей келе жатқан дәстүр жалғастығын танытатын стильдік ерекшеліктерінен де көреміз.
Дәл осы аталған поэзияның жазба әдебиетіміздің негізін қалаған ұлы Абайға дейін де, одан кейін де қалыпты үлгілерден табиғаты өзгеше, жеке бір өнімді арна болып дамып келгені де мәлім, Белгілі бір дәуір талабына орай ұлы Абай бір кезде:
Шортанбай, Дулат пенен Бұқар жырау,
Өлеңі бірі-жалау, бірі-құрау.
Әттең, дүние-ай, сөз таныр кісі болса,
Кемшілігі әр жерде-ақ көрініп тұр-ау(1)-
деп, өзіне дейінгі бір топ ел ішінде аты белгілі жырауларды қатты сынға алса да, олардың шығармаларын оқып білмеді, үйренбеді, яки бәрін бірдей жалғыз шумақпен мансұқ етті деудің өзі қазіргі әдебиет тарихы деңгейінен қарағанда әрі орынсыз, әрі артық айтқандық болар еді.
Бірыңғай импровизация дәстүрінде туып, егіз бір арнадан нәр алып келген сол ақындық поэзия мен жыраулық толғаулардың жырлайтын тақырыбы мен жанрлық ішкі мүмкіндіктерінде де өзіндік өзгешіліктері бар.
Ақындық поэзияда тақырып ауқымының кеңдігіне қоса, сезімге құрылған лирикалық сипат басым болды.
Жыраулар поэзиясының біраз үлгілері осы тарауда ұсынылып отыр. Соларды оқып-үйрену барысында халқымыздың атадан мирас болып қалған сөз маржандарына қанығасыңдар, халқымыздың басынан кешірген тарихи кезеңдермен таныс боласыңдар, оның қадір-қасиетін білесіңдер, тәлімдік, танымдық, тағылымдық терең ой дүниесіне енесіңдер. Әдебиет тарихы ел тарихы, халық тарихы екеніне көз жеткізесіңдер.
Жыраулар поэзиясының маңызы мен тақырыбы. Жыраулар поэзиясының құндылығы неде? "Бұл дәуірдегі әлеумет тіршілігінің, - дейді М.Әуезов, - ең шешуші мәселесін әдебиет жүзіне түсіріп, алғашқы рет қалың ел қамын ойлап, күңіренген қария - Асан. Бұл заман сыншысы сөйлесе, шешілмеген жұмбақ, түйіні шатасқан сөздерді ғана сөйлейді, өзі туған заманның белгілерін қарап, келешек заман не айтарын болжайды: сөзінің бәрі терең ой, терең мағынамен сөйленеді. Айтпақ жайларын ашып, ұғымды қылып айтып бермейді. Әдейі көмескілеу жұмбақ қып айтады. Жыраудың сөзі мақсатсыз айтылмайды. Не айтса да көптің мұңы, көптің жайы туралы, не көпке арналып ақыл, өсиет есебінде айтылады". Ғалымның осы ғұламалық пікірінде жыраулар поэзиясының идеялық-көркемдік мәні терең ашылған.
Жыраулар поэзиясы халықтың басынан өткерген тарихи оқиғаларды, оның арман-мұратын, кешірген ауыртпалықтарын жырлаумен ғана бағалы емес, елдің саяси-әлеуметтік тіршілігін, ойсанасын, дүниетанымын көркем бейнелі тілмен бере білуімен де бағалы.
Жыраулар поэзиясы соны философиялық терең ойға толы. Олардың поэзиясы өсиетнама түрінде келеді. Сондықтан да жыраулар поэзиясында нақыл, афористік сөз оралымдары мол.
Жыраулардың өз толғауларында көтерген негізгі тақырыбы қандай? Жыраулар поэзиясының өзекті тақырыбы -- туған елі, оған деген сүйіспеншілігі, елдің бірлігі, бүтіндігі. Халқына жайлы қоныс, ырысты жер іздеген Асан қайғының: "Желмая мініп жер шалсам, тапқан жерге ел көшер" - деген ақылгөй сөзі - сол елінің қамын ойлаған жүрек сөзі. Сол сияқты Қазтуған жырау да "қайран менің Еділім" - деп еңіреп өткен. "Еділдің бойын ел жайлап, шалғынына бие біз байлап" - деп Доспамбет жырау армандаған, "ауылдан топыр үзілмей, ошақтың оты өшпесе, май жемесе қонағым... он кісіге жараса, бір кісіге асқан тамағым", - деп Ақтамберді жырау еліне ырыс, молшылық тілеген, бейбіт, тыныштық өмірді қалаған. Жыраулар поэзиясы еліне деген ыстық сезімге толы. Олар сол еліне жалынды жырларын арнаған, халқын сол елі үшін қызмет етуге үндеген, керек болса, жанын пида етуге шақырған. Халқы үшін қан майданда шайқасқа түсіп, елін, жерін сыртқы жаудан қорғаган әйгілі халық батырларының ерліктерін жырлаған.
Жыраулар өмір жайлы, достық жайлы, адамгершілік, ерлік жайлы, тіршілік жайлы жыр шерткен.
Олар өмір диалектикасына да терең көз жіберген, дүниенің бірқалыпта тұрмайтынын ("мынау жалған дүние кімдерден кейін қалмаған" - Шалкиіз), үнемі өзгерісте болатынын дұрыс пайымдаған. Жыраулар поэзиясында адамгершілік этика, мораль мәселелері кең орын алған. Оларда бүгінгі жастар ғибрат, тағлым алар дүниелер молшылық.
Жыраулар поэзиясы өзінің әлеуметтік, адамгершілік сарынымен ғана емес, көркемдік сапасымен де құнды. Жыраулар поэзиясында синтаксистік параллелизмге, дыбыс үндесулеріне, ішкі ұйқасқа құрылған өрнектер де аз емес. Арнау түріндегі сөз қолданыстар да баршылық. Жыраулар өз поэзиясында терең философиялық ойды бейнелеу үшін өлеңдерінің ұйқас, ырғақтарын сол мақсатқа орай алған.
Курстық жұмыстың мақсаты - жыраулар поэзиясының даму жолдары туралы мағлұмат беру.
Курстық жұмыстың міндеттері:
1. Жыраулық пен ақындық поэзиясының даму жолдары туралы түсінік беру.
2. Қазіргі қазақ лирикасындағы жыраулық дәстүрлер туралы түсінкі беру.
3. Жыраулар поэзиясы дербес мемлекеттік дәрежеде өмір сүрген қазақ хандығының әдеби мұрасы ретінде қарастыру.
Зерттеу жұмысының құрылымы мен көлемі: кіріспеден, екі бөлімнен, қорытынды және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
1. Жыраулық пен ақындық поэзиясының даму жолдары
1.1 Қазіргі қазақ лирикасындағы жыраулық дәстүр
Жыраулар поэзиясы дербес мемлекеттік дәрежеде өмір сүрген қазақ хандығының әдеби мұрасы. ХҮ-ХҮІІІ ғасырларда қазақ хандығы құрылып, тайпалар бірлестігінің, феодалдық мемлекеттің нығая бастаған дәуірі. Осы кезден бастап қазақ халқы мәдениетінің де өзіндік беті айқындала түсті. Ол әсіресе халықтың тілінен, әдебиетінен айқын сезілді. Жыраулық поэзия өзінің көркемдік ізденістері мен өмірдің шындық көріністерін бейнелеуде біршама жетістіктерге қол жеткізді. Жыраулар негізін қалаған толғау жанры жеке жанр ретінде қалыптасумен қатар, ең алдымен әлеуметтік-қоғамдық өмірді, сондағы әр алуан адамдар қатынастарын сараптап, ертеңгі болашақ туралы ой түйді. Мұның бәрі дерлік ақыл-нақыл, насихаттық сипаты арқылы көрініп, әдебиетіміздегі дидактикалық мазмұнды жырлардың сапасын арттырды. Бұл дәстүр кейінгі жазба әдебиет өкілдері Абай, Шәкәрім, Сұлтанмахмұт жалғастырған бұқарашыл, ағартушылық бағытқа жол салды. Сондықтан бұған Асан қайғыдан басталып, Бұқар шығармашылығымен дамитын жыраулар творчествосынан тыс, жаңа мазмұнды әдебиетіміздің қалыптасу қарсаңында тұрған ақындық поэзияның ірі өкілдері - Көтеш пен Шал ақындардың қосқан үлестері де аз емес. Бұлар, әрине, өзінің ұстанған ақындық дәстүрі мен өмірді көркем бейнелеу тәсілі жағынан жақын тұрғанмен, дәл сол деңгейге иық тіресіп, көтеріле қойған жоқ. Алайда, бұлар суырып салма дәстүрінің өкілдері болғандықтан, жыраулық поэзияның қол жеткен табыстары мен игіліктерін игере отырып, соны ілгері қарай дамыта білді.
Халқымыздың тарихи тағдырын қамтыған, оның беймаза дүрбелең кезеңдерін тек басынан өткізіп қана қоймай, бүкіл адамзаттың дұшпаны - зұлымдықпен белдесуде шыныққан ХҮ-ХҮІІІ ғғ. қазақ өлеңінің эстетикалық қуаты мәңгіліктің өзімен тіл табысқандай еді. Ол өткен ғасырларда нұрлана түсіп, жаңа кезеңде қайта түлеп, ерекше ажармен бүгінгі біздің саңлақ санамыз бен инабатты жүрегіміздің қақпасын қағады.
Қазіргі қазақ лириктерінің жыраулар поэзиясынан алған үлгі- өнеге, тағылымы мол дерлік. Турашылдық пен бұқарашылдық, әрине, өрелі өнерге тән салауат. Бірақ, ол ақын біткеннің барлығына жарасты мінез деу қате. Мұны поэзияда үлкен саяси- әлеуметтік концепцияға айналдырған Қазтуған бастаған қазақ жырауларының тобы. Ал Махамбет осы поэтикалық концепцияны ұлт-азаттық күрестің қаруына айналдырды.
ХҮІ ғасыр түлегі Доспамбет те, ХҮІІІ ғасырдың Ақтамбердісі де, ХІХ ғасырдың қақ ортасында кемеліне жеткен Махамбет те өлі дүниемен сұхбатқа түсіп отырады. Мәселен, осы ақындардың барлығы Жайық пен Еділ өзеніне адамша арыз айтады:
Айналайын, Ақ Жайық!
Ат салмай өтер күн қайда?
Еңісі биік боз орда
Еңкейе кірер күн қайда? (Доспамбет
Қайран менің, Еділім,
Мен салмадым, сен салдың... (Қазтуған)
Еділді көріп емсеген,
Жайықты көріп жемсеген
Таудағы тарлан шұбар біз едік. (Махамбет).
Махамбеттің Жалған дүние өлеңі Шәлгездің Қоғалы көлдер, қом сулар толғауымен, Тайманның ұлы Исатай толғауының бірқатар жолдары Шәлгездің Айырдан туған жампоз бар шумағымен, Ақтамбердінің Күмбір-күмбір кісінетіп толғауымен Махамбеттің Күн қайда толғауларынан іштей де, сырттай да ұқсастықты байқау қиын емес. Мысалы, Шәлгезде:
Айырдан туған жампоз бар,
Жүгін нарға салғысыз.
Арғымақтан туған будан бар,
Күніне көрінім жерді алғысыз.
Жаманнан туған жақсы бар,
Адам айтса нанғысыз.
Жақсыдан туған жаман бар,
Күндердің күні болғанда,
Бір аяқ асқа алғысыз, - деген жолдар Махамбетте былай оқылады:
...Айырдан туған жампоз бар,
Нарға жүгін салғысыз.
Аруанадан туған мал бар,
Асылын айуан десең нанғысыз.
Жаманнан туған жақсы бар,
Атасын айтса нанғысыз.
Жақсыдан туған жаман бар,
Күндердің күні болғанда,
Жарамды бір теріге алғысыз.
Қазақ даласының шалғай шеттерінде ғұмыр кешкен екі ақын поэзиясының біршама ұқсастық, үндестіктері, олар өмір сүрген ортаның әлеуметтік теңсіздігінен, билер мен сұлтандардың халыққа жасаған озбырлығына наразылықтың нәтижесінен, бақытты өмірді аңсағандықтарынан туса керек.
Жыраулар поэзиясының дәстүрі Махамбетке дейін ғана емес, қазіргі қазақ поэзиясының белгілі өкілдері - Фариза Оңғарсынова, Нұрлан Мәукенұлы, Есенғали Раушанов және Жанат Әскербекқызының шығармашылықтарынан да өз жалғастығын табуда. Қазіргі қазақ лириктерін көне жыраулық дәстүрді жалғастырушы әрі әдебиетімізді одан әрі қорландыра түсуші талант иелері деу де артық болмас. Екі дәуір поэзиясында дыбыстардың қайталануы, аяққы немесе сөз басында бір сөздің қайталануы, афоризмдердің қолданылуы, ұйқас ұқсастықтары көптеп кездеседі.
Мәселен, Қазтуған жыраудың толғауында:
Алаң да алаң, алаң жұрт,
Ағала ордам қонған жұрт.
Атамыз біздің бұ Сүйініш
Күйеу болып барған жұрт,
Анамыз біздің Бозтуған
Келіншек болып түскен жұрт,
Қарғадай мынау Қазтуған батыр туған жұрт, - деп келсе,
Ж. Әскербекқызының Баба жұртына оралу өлеңінде:
Шалкиіз жырау шалған жұрт,
Қазтуғаннан қалған жұрт,
Доспамбеттей қыршын ер,
Соңғы демін алған жұрт,
Ақтамберді толғанып,
Махамбет атой салған жұрт,
Дауға түскен ептінің
Жауға түскен тектінің
Таңдайынан түйірлеп,
Сөз асылы тамған жұрт, - деген шумақтар бар. Тек осы ұқсастық қана емес, айта берсек бұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады.
Нұрлан Мәукенұлының поэзиясын алып қарасақ та жыраулық дәстүрдің ізі айқын көрінеді. Мысалы:
Жылқыдағы боз айғыр
Шұрқыраса болар ма?
Сойылды жау сыдыртып,
Үйірді алса, қалар ма?
Тұяғымен тас илеп,
Ойлы-қырлы шабар ма?
Жау қолына жеткізбей,
Елдің шетін табар ма? - десе,
Ақтамберді жырауда:
Арудан асқан жар бар ма?
Жылқыдан асқан мал бар ма;
Биенің сүті сары бал -
Қымыздан асқан дәм бар ма? - деген риторикалық сұрау ұйқастарды ұшыратамыз.
Н. Мәукенұлының:
Күннен құдірет қашқаны-
Қара бұлттың басқаны,
Қамырыққан көңілдің
Құлағаны аспаны...
Айдан айбын қашқаны-
Айдын көлдің тасқаны,
Айдай аппақ көңілді
Ауыр мұңның басқаны, - деген жолдарына ұқсас Шалкиіз жырауда:
Аспанды бұлт құрсайды -
Күн жауарға ұқсайды,
Көлдерде қулар шулайды -
Көкшіліден ол айуан.
Соққы жегенге ұқсайды, - деген сияқты сәйкестіктерді аңғаруға болады. Бұл өлеңдердің бойында тек ұйқас ұқсастығы ғана емес, сонымен бір дыбыс үндестігі (аллитерация мен ассонанс) де бар.
Сондай-ақ, жыр жолдарындағы сөздер мен буындардың қайталанып келуі жыраулар мұрасынан өнеге алған. Жыраулар поэзиясы мен қазіргі ақындар поэзиясын салыстыра қарасақ, мынадай қайталаулар кездеседі: Н. Мәукенұлы: Тасқын, тасқын, тасқын су, Отар, отар, отар қой, Қара, қара, қара түн т.б. Доспамбет жырауда: Тоғай, тоғай, тоғай су, Сіреу, сіреу, сіреу қар, Шалкиізде: Асқар, асқар, асқар тау; Е. Раушановта: Жолдар да жолдар, жолдар-ай. Ақтамбердіде: Бұлан да бұлан, бұлан сан, Есенғалида Жасыл да жасыл, жасыл бел. Ақтамбердіде: Жел, жел есер, жел есер, Есенғалида: Сеңгір де сеңгір, сеңгір-ай. Бұқарда: Ай, заман-ай, заман-ай. Мұндай қайталаулар көбінесе толғаудың, яки шумақтың басқы тармағында кездеседі. Қайталаулардың бірқатарында ақындар бір нәрсеге, яки құбылысқа тыңдаушы назарын аударып, сосын барып ол туралы өз толғамын ағытады.
Есенғали Раушанов шығармашылығы жайлы сөз етсек, жыраулар поэзиясына тән мынадай сабақтастықтар бар.
Есенғалида:
Уа, Алатаудай асқағым,
Жайдың оғын жасқадың.
Үмбетей жырауда:
Уа, Алатаудай Ақшадан
Асып тудың, Бөгембай!
Есенғалида:
Бозаңға біткен боз жусан,
Боқыраудың күні болғанда
Бозарып барып солар ма.
Шалкиізде:
Саздауға біткен қара ағаш
Кімдерге сайғақ болмаған, - деген сияқты үндестіктер аз емес.
Ақын-жырауларда бір сөзді бірнеше рет қайталау арқылы бір нәрсеге, яки құбылысқа ерекше мән беріп, назар аудару сияқты тәсілдерді жиі қолданған.
Қазіргі қазақ лирикалық поэзиясының белгілі өкілдерінің бірі Фариза Оңғарсынованың шығармашылығы мен жыраулар поэзиясы ұқсастығын қарастыратын болсақ, ең алдымен тіл мен бейнелілік мәселесіне назар аударарымыз заңды. Мәселен, Ф.Оңғарсыновада:
Мен үшін зауза, ақпан бар,
Қара сулар бар, ақ қар бар.
Мүсіркемеңдер - сақтаңдар!
Итерсең жығып тастаңдар,
Тұрғызсаң қолды қақпаңдар.
Сендер деп жүрмін әйтеуір
Аялаңдар, не таптаңдар!
Марғасқа жырауда:
Шығырмақ бұлт жай тастар,
Ағытқан қойды жол бастар,
Ақ желкенді жел бастар,
Ғадыл төре ел бастар,
Батыр жігіт қол бастар,
Шешен адам сөз бастар.
Немесе Фаризада:
Жолымда талай орлар бар,
асуын бермес жолдар бар,
Жанымды теңдей тондар бар-
қиналғанымды қолдаңдар.
Сәулелеріңмен қорғаңдар.
Жиембет: Жалаулы тайда тарқа жоқ,
Жаңа кисең, ескі жоқ.
Күдінілген балдан сарқыт жоқ,
Күлімсіреп айтқан сөзде қажау жоқ.
Фаризада: Махаббатым -
Мөлдір әуен, сұлу саз көктемдерім,
көктемдерім - өзіңнің өбкен демің.
Бұқарда: Ай не болар күннен соң,
Күн не болар айдан соң - деген еспе қайталаулар да ұшырасады.

1.2 Жыраулар поэзиясы мен ақындар айтысының
рухани сабақтастығы
Жыраулар поэзиясының өршіл рухы мен би-шешендердің терең ойға құрылған тегеуренді сөздері ХІХ ғасырдағы айтыс ақындарының шығармашылық мұрасына мазұмындық һәм көркемдік тұрғыда мол игі әсерін тигізді.
Жырауға тән кең таныс, үлкен пафосты тілейтін жырларды Сүйінбай, Жамбыл, Құлмамбет, Досмағамбет, Сарбас, Бақтыбай, Әсет, Кемпірбай т.б. ақындардың айтысынан байқаймыз. Төкпелете жыр төгіп, ұзағынан толғау, сүре айтыстарда жиі кездеседі. Жыраулар поэзиясына тән бұл сипат ақындар айтысында да елдік, халықтық мақсат-мұраттар тұрғысында барынша жарқырай көрінеді. Публцистикаға тән ақпараттық-танымдық, насихатшылдық, ұлттық иделогия көріністерін сүре айтыстарында молынан ұштастыруға болады. Мысалы, Сарбас пен Жамбыл айтысында, Сарбас ақынның мына бір толғамдары жыраулық дәстүр сарынын еске түсіреді:
... Ерегіспе менімен -
Езіледі алқымың.
Ерегіссең менімен
Ісім түссін сенімен.
Тілімді алсаң қор болмай
Жүре бергін жолыңмен.
Енді не деп айтасың,
Алдырмаймын қайтесің?
Алатұғын жеріңді айт,
Ішіңдегі шеріңді айт,
Кешпейтұғын жөніңді айт,
Жеңе тұғын еліңді айт!
Ат жүздіріп келемін
Айдын шалқар көліме ... [1-223-224]
Жыраулар шығармаларында кездесетін философиялық ой-толғам, насихатшылдық сарын элементтерін айтыс жырларынан молынан ұшыратуға болады. Мұның өзі қазақ сөз өнерінің рухани жақындығы мен дәстүр сабақтастығының үзілмес желісін көрсетеді.
Ақтамберді жырау:
Ағайының көп болса,
Ұлы шерік қолмен тең,
Білімді туған жақсылар
Аз да болса көппен тең.
Жақсысы кеткен ауылдың
Артынан жақсы шықпаса
Өртеніп кеткен жермен тең,
Қайырсыз болса жаман бай
Ел қонбаған шөлмен тең [2-55]
Омарқұл мен Тәбия айтысындағы Омарқұл ақын жырынан үзінді:
... Онан соң бұл жалғанда әйел жетім,
Туысында теңін тауып қосылмаған.
Жас жетім жиырмада желіспесе,
Дүниені қорғасындай ерітпесе.
Құс жетім реттеліп салынбаса,
Ат жетім, өрен жүйрік шабылмаса,
Күйлейтін саятшысы келіспесе.
Бойынан ащы тері алынбаса.
Таусылған кірер үйі кәрі жетім,
Өзінің теңі тұстас табылмаса [1-383]
Ауыз әдебиетінің көрнекті тұлғаларының өмірі һәм шығармашылық мұрасына зер салар болсақ, оларға жыраулық, шешендік, айтыскерлік сияқты сөз өнері түрлерінің қай-қайсысы да жат болмағандығын байқаймыз. Жыраулар поэзиясындағы халықты белгілі бір мақсат-мүддеге шақыратын, үгіттейтін насихатшылдық сарын айтыс жырларында да мол кездеседі.
Жыраулық дәстүрдегі көрініс:
...Ерге дәулет бітпесе,
Қызыл тілден не пайда?
Мал араға жүрмесе,
Құр айтқаннан не пайда?
Өзіңе еркіндік бермесе,
Азат бастан не пайда?
Өзге алып еліңді,
Билегеннен не пайда? [3-65] сияқты мәселені салыстырмалы түрде айта отырып, халыққа байлық пен дәулет, азаттық пен еркіндік сияқты ұғымдардың қаншалықты қымбат екендігін ұғындырады. Әрі сол арқылы халық санасына осы киелі ұғымдарды ұстап тұру үшін не қажеттігін насихаттайды. Мұндай мысалдарды жыраулар поэзиясынан мол ұшыратуға болады. Мәселен, Ақтамберді жыраудың Күлдір, күлдір кісінетіп, күреңді мінерме екенбіз деп басталатын атақты толғауын елді асқақ мұрат, баянды бейбітшілікке шақыратын насихатшылдық рухы күшті шығарма деп бағалаймыз. ХІХ ғасыр еншісіндегі айтыс мұраларында да осы дәстүр жақсы сақталған. 1965 жылы жарық көрген Айтыс кітабының бірінші томына кіргізілген Нұралы мен Мықан ақындардың айтысы өзінің мазмұны мен көркемдік ерекшелігі тұрғысынан екшеп айтар айтыстың бірі. Бұл айтыс Шымкент шаһарында өтеді. Дулат пен Найман руларының намысын жыртып шыққан ақындар қыза-қыза келе елдік, әлеуметтік мәселелерге ойысады. Әрине, айтыстағы ру атына айтылған сын мен міннің қаншалықты маңызды екендігін қазіргі уақыт үрдісімен зерделейтін болсақ, бұл айтыстың құндылығын дәуір келбетін көрсетумен бағалы дер едік.
Сонымен қатар, сол замандағы ел шаруашылығының қам-қарекетін танытатын жыр-жолдары насихаттық сарында жырланғанын байқаймыз.
...Өз еліңде тіршілік етпейсің бе?
Диқаншылық айналсаң жақсы кәсіп,
Бидай, қонақ, тары, арпа екпейсің бе?
Еккеніңді орасың деген сөз бар,
Дәнді дақыл тұқымын сеппейсің бе?
Кәдуілгі жабайы күніңді ойлап,
Астық пенен жемісті шөп дейсің бе?
Қауын менен жүгері, өрік, алма,
Өніп тұрса мол болып көп дейсің бе?... [1-268]
Айтыста келтірілген проблема немесе белгілі бір руға айтылған сын сол уақыттағы көкейкесті мәселелерден туындайды. Айтысушы ақындар тұтас халықты құрайтын белгілі ру-тайпа өкілдері. Сол дәуірдегі Үйсін, Дулат, Шапырашты, Қоңырат, Қыпшақ, Арғын, Найман, Керей, Алшын, Адай сияқты іргелі рулардың айтыс ақындары өз елінің абырой, намысын көтере отырып, қарсылас ақынның руын сынап мінейді. Бұл ХІХ ғасырда өткен барлық айтысқа тән қасиет. Кеңес заманында бұл құбылысты рушылдық деп танысақ, қазіргі Тәуелсіз ел тарихы бұған басқаша сипат беруге мүдделі.
Біріншіден рулық сипатта өрбіген айтыстың өзі тұтастай қазақ халқы мүддесіне жұмыс істеді. Олай деуімізге айтыста айтылған әр рудағы келеңсіздіктердің екінші рет қайталанбауына белгілі дәрежеде ықпал етті. Сондай-ақ, айтыс арқылы біз халықтың дәстүр-салтынан бастап, дін, діл сияқты рухани мәселелерді, әлеуметтік-экономикалық ахуалды, саяси-тарихи жағдайларды әр қырынан танып білуге мүмкіндік алдық.
Сонымен, жыраулар поэзиясы мен айтыс өлеңдеріндегі ұқсастық, сабақтастық сипаттарға аз-кем баға беруге әрекеттендік. Бұл туралы Қазақ әдебиетінің тарихы кітабының үшінші томында Ақындық пен жыраулық поэзияның өзіндік сипат-белгілерін бұлардың өмір шындығын суреттеудегі көркемдік тәсілдері мен белгілі бір тарихи кезеңде аренаға шыққан авторларының нақтылығынан, ғасырлар бойы өзара үзілмей келе жатқан дәстүр жалғастығын танытатын стильдік ерекшеліктерінен де көреміз [4-31], - деп жазылған.
Жыраулық һәм ақындық поэзияның даму жолдарын зерттеуші М.Жармұқамедов біріңғай импровизация дәстүрінде туып, егіз бір арнадан нәр алып келген ақындық поэзия мен жыраулық толғаулардың жырлайтын тақырыбы мен жанрлық ішкі мүмкіндіктерінде де өзіндік ерекшеліктердің барлығын айтады. Сондай-ақ ақындық поэзияда тақырып ауқымының кеңдігіне қоса, сезімге құрылған лирикалық сипаттың басым екендігін, ал жыраулық толғауларда әлеуметтік өмірдің әр алуан көріністері мен заман жағдайын сипаттайтындай ой-болжам, асқақ эпикалық үнге көбірек мән беретіндігін жазады.
Осылай деп пікір айтқан зерттеуші ақындық поэзия мен жыраулық туындының өзіндік ерекшеліктері жөнінде, яғни, өзгешелігі туралы төмендегідей тұжырым келтіреді.
Солай дегенмен ақындық поэзияның жыраулық туындылардан бөлініп, дараланатын өзіндік белгілері де аз емес. Мұнда жыраулық поэзияда сирек ұшырасатын адамның ішкі сезім күйі мен ой-толғанысына айрықша мән берілетіні мәлім [4-56]
Жыраулар поэзиясы мен айтыс жырларындағы сабақтастық пен үндестік жайындағы ойларымызды зерттеуші ғалымдар пікірі негізінде қорытындылай отырып, шешендік сөз бен айтыс өнерінің рухани жақындығына тоқталсақ.
Шешендік сөз өнері көрнісі айтыс жырларына да тән қасиет. Алдымен ауыз әдебиет тарихынан белгілі би-шешендердің тұлғалық болмысына тоқталсақ. Негізінде шешен-билер мемлекет тағдырын шешетін шынайы тұлғалар. Мемлекеттің көсегесінің көгеруі, дамуы, нығаюы, нағыз шешен-билердің тегеурінді өнерімен, өнегесімен, қызметімен тамырлас [4-465].
Би-шешенді осылай деп танитын болсақ, олардың сөйлеген сөзі, іс-әрекеті халықтық мақсат-мүдде тұрғысында өрбитіні белгілі. Жыраулар мен ақындар мұрасына тән әлеуметтік, бұқаралық сипат би-шешен туындыларына да ортақ.
Мәселен, Қаз дауысты Қазыбек бидің жырмен өрілген мына бір аманат іспеттес сөзі өзінің тағылымдық мәнімен қоса философиялық танымдылықты, әрі патриотизмдікті сипаттайды:
Алтын ұяң - Отан қымбат,
Құт берекең - атаң қымбат,
Аймалайтын анаң қымбат,
Мейірімді апаң қымбат,
Туып өскен елің қымбат,
Ұят пенен ар қымбат,
Өзің сүйген жар қымбат [1-150-151]
Би-шешендердің аузынан шыққан дуалы сөз, кесімді пікірлері халықты әділдікке, ынтымақ-бірлікке, отанды-елді сүюге насихаттауымен құнды. Сонымен қатар, жыраулар мен ақындар, би-шешендер далалық мәдениеттің көкжиегін кеңейте отырып, көшпелі елдің көкірегіне сәуле құйған ағартушы-ұстаздар болды. Халықтың діни наным-сенімі, салт-дәстүрді ұстанудағы таным-түйсіктері, өмірге, тіршілікке деген философиялық көзқарастарының қалыптасуына ақын-жырау, би-шешендер өлшеусіз үлес қосты. Сөз өнерінің майталмандары болған дала ділмарлары қазақи ұғымға тән қарапайым тіршілік қағидаларының өзін тағылымдық сипатта насихаттап отырды.
ХҮІ ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген Құрмысы бидің шешендік сөздері үнемі мақал-мәтел, нақыл сөз сипатында айтылуымен ерекшеленеді.
Жабағы тайды қорлама,
Жазға шықса ат болар.
Жас жігітті қорлама,
Жұртыңа ертең бас болар.
Көрген сайын сіз десіп,
Сыйласқанға не жетсін?
Шашылғанды бірлесіп,
Жинасқанға не жетсін?! [5-261]
1851 жылы Мойынқұм өңірінде дүниеге келген қазақтың белгілі шешені Қылышбай Ерханұлы өз заманының сұңғыла тұлғасы. Ол өлең жазған әрі суырып салып айтудың да шебері болған. Қара қылды қақ жарған әділдігін бағалап халық оны тура би атаған. Қылышбай шешен сөздері өмірдің өзінен алынған қарапайым қағидаларды, фәлсафалық оймен астарлап өруімен құнды.
...Не жандар өткен байлықпен,
Өтірік сөз бен зорлықпен,
Жаһанға малы сыя алмай,
Тұтыларсың бір күні.
Малтыққан қарға қояндай,
Иманың ата болмайды.
Қанаудан ниет тазармай,
Өлімге көзің жетсе де,
Жақсылыққа бой ұрмай,
Ақыры бір күн өтерсің,
Үзіліп сонда кетерсің... [5-525]
Шешендік сөз өнерінің публицистикалық белгілері жайында ғалым Б.Жақып шешендік сөздердің мән-мағынасы, қазақи тәрбиелік құны жыл өткен сайын күшейе беретіндігін, сондай-ақ шешендік сөздердің ықпал ету, әсер ету қуаты ғасырлар бойы сарқылмайтындығын жазады. Расында да, шешендік сөз өнері жыраулық, ақындық дәстүрлерге де ерекше реңк беріп, тіл қуатының ажарлы, айбынды болуына өзіндік әсер-қуат береді.

1.3 Қазақ әдебиетінде жырауларг поэзиясының оқытылуы

Жыраулық поэзия - ғасырлар бойы қалыптасып, дамыған ұлт әдебиетінің ғажап көркемдік құбылысы. Жыраулық поэзия көбіне қазақта кең дамыған ақындық өнердің түрі, оның шығу тегі, көшпелі, жартылай көшпелі өмір сүрген ру тайпалардың бай мұрасы. Сондықтан жыраулық поэзияда ауыз әдебиетіне тән ерекшеліктермен бірге жазба поэзияға тән өрнектер де қатар кемелденген. Жыраулық поэзияда әсіресе бұрын ауыз әдебиетінде көп тараған толғау жанры, сөз үлгілері кеңінен қолданылған. Толғауда, негізінен, терең азаматтық әуен, замана келбеті, ірі қоғамдық, әлеуметтік, саяси, философиялық мәселелер мен тақырыптар ерекше орын алады.
Сөз өнерінің толғау түрі ежелгі жазба ескерткіштерінде аракідік бар болса да, оның жанр ретінде қалыптасуы ХҮ-ХҮІІІ ғасырларға сәйкес келеді, осы кезеңде ол ерекше өркендеп, биік сатыға көтерілген. Толғау әуел баста магиялық, тотемдік сипатта, табиғат құбылыстарын адамға түсіндіру, бағындыру қажеттігіне байланысты дүниеге келсе де, сөз өнері күрделене, жетіле түсуіне сәйкес қоғамдық, әлеуметтік, этикалық, эстетикалық маңыз алып, жанр ретінде қалыптасып дамуы жыраулық поэзияға тікелей қатысты.
Жыраулық поэзияның алғашқы ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Жыраулар поэзиясын оқыту
Жырау - қазақ әдебиетінің көрнекі өкілі
Сан қилы тарихи оқиғалардың сәулесін бойына сіңірген - жыраулық поэзия
Жыраулар поэзиясы жайында
Ежелгі түркі тілді ру-ұлыстарымен бірге жасаған көркем сөз өнерін түсіндіру
Қазақ поэзиясында жырау - ақынның ерекше ежелгі түрі
XIX ғасыр қазақ әдебиетіндегі жыраулық дәстүрдің көрінісі
ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ
Жыраулар поэзиясының тілдік ерекшеліктерін талдау
Ақын жыраулардың мұраларындағы эстетикалық тәрбие ойлары
Пәндер