Қазақтың аңыз ертегілері, жаңылтпаштары, нақыл сөздері



Пән: Әдебиет
Жұмыс түрі:  Реферат
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 13 бет
Таңдаулыға:   
Қазақстан Республикасының білім және ғылым министрлігі
М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті

РЕФЕРАТ
Тақырыбы:
Қазақтың аңыз ертегілері, жаңылтпаштары, нақыл сөздері

Орындаған:
Тексерген:

Орал, 2017ж.
Жоспары
1.Қазақ ертегілері
2.Қазақтың аңыз ертегілері
3. Жаңылтпаштар мен нақыл сөздері
Пайдаланылған әдебиеттер

1.Қазақ ертегілері
Фольклордың қара сөзбен айтылатын, ерекше мол түрінің бірі -- ертегі. Ол халықтың ауызша айтатын көркем әңгімесі.Осы ауызша әңгімелері, ертегілері арқылы еңбекші халық бақыт туралы, еркін өмір, жайлы мекен туралы үміт, армандарын баяндайды. Ертегіде баяндалатын сан алуан қызық уақиғалар шындықтан гөрі, көбіне қиял дүниесі тудырған. Ғажайып хал, қиял әңгімелері, орасан уақиғалы қазақ әңгімелері, салтпен, тарихпен байланысты оқшау әңгімелер -- бәрі де ертегінің түрлері. "Ертегі" деген ат ертеде, ерте күндегі деген сөздерден туған. Кейде "ертек" деп те айтылады. Содан ертегі айтушыны "ертегіші", "ертекші" дейді. Осы аты көп ертегінің басында әдейі айтылып, аумай аталып та отырады. Қазақ ертекшісінің де көптен-көп ертегісін: "ертеде бір бай бопты", "ертеде бір хан бопты", "ертеде бір кемпір мен шал бопты" деп бастайды. Немесе "ертек-ертек ерте екен" деген сияқты көп ертектерге ортақ, ерекше өлеңше бастаумен келеді.
Қазақ ертегісі -- есте жоқ ескі замандардан бастап беріге шейін болған талай ұзақ-ұзақ дәуірлердің кездерінде туған, өсіп, көбейіп келген мол дүние. Онда сонау арғы Үйсін, Қаңлы руларының кезінен санап, Қыпшақ елдігінен, монғолдар жорығының тұсынан, Алтын Орда үстемдігі дәуірінен айтылып келген көне әңгімелер көп. Қазақ атты ел құралмастан бұрын, мұсылман діні кірместен бұрын ескі руларға түгел ортақ болған ертектер бар. Дүниетану, дінге нану шамасы шаманизм, буддизм бағытында болған кездерде шыққан ертектер де бар тәрізді. Одан беріде ислам діні арқылы, кітап арқылы тараған діни ертектер тағы бар.
Қазақ ертектері ең алғаш қомақты болып академик В.В. Радлов жинағында басылды1. Қазақтың ауыз, жазба әдебиетінің басқа үлгілерімен қатар, Радлов жинағына: "Алтын бел", "Хан Шантай", "Еркем Айдар", "Жақсылық пен жамандық", "Хан қызы", "Түс сатқан тазша", "Молданың үйінде оқыған бала", "Түлкі, қасқыр, жолбарыс", "Дудар қыз", "Балқан тау", "Үшүл", "Қармақ салған жігіт", "Қарагөз сұлу", "Алтын бас, күміс аяқ", "Ақсақ Темір хан", "Киік" деген ертегі, аңыз әңгімелер кірген. Радлов қазақ ертегілерін естілуінше, тіл, сөз ерекшелігін сақтай, дәл жазып алуға тырысқан.
Қазақ ертегілерін ұзақ жылдар бойы жинап, үнемі бастырып отырған адам -- профессор Диваев Әубәкір22. Әубәкір (1856 -- 1931) қазақтың ауыз әдебиет нұсқаларын (соның ішінде ертегілерді) жинауды XIX ғасырдың 90-жылдарынан бастады. Диваев өзінің жинаған ертегілерін көбінесе өз тұсында газет-журналдарға, не жеке кітап етіп бастырып отырған, басылып үлгірмегендерінің бірқатары өзі өлгеннен кейін қолжазба түрінде Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл, әдебиет институтына келіп түсті. Бірқатар материалдары Ташкентте Өзбекстан ғылыми орындарында сақтаулы. Басқа жинаушы зерттеушілерден Диваев еңбектерінің бір ерекшелігі -- жазып алған ертегілерді қазақша-орысша екі тілде[3] қатар бастырған және әрбір ертегінің қайдан, кімнің айтуынан жазып алынғандығы толық көрсетіліп отырады. Бұл жай әрбір ертекшілердің айтқыштық творчестволық ерекшелігін, қазақ ертегілерінің жайылып таралуының географиялық аумағын анықтауға зор мүмкіндік береді. Біздің осы баспадан шығып отырған ертегілеріміздің бірталайы Диваев жинақтарынан алынды.
XX ғасырда, әсіресе совет тұсында қазақ ертегілерін жинау, зерттеу жұмысы бәсеңдеген жоқ. Потанин, Диваев, Мәшһүр Жүсіп, Шәділермен қатар, бұл кезде қазақ ертегілерін белгілі ғалым Н.Н. Пантусов23, A.Л. Мелков24, тағы басқалар жинады. Бұл кезде ертегілерді жинау бірер адамның ғана жұмысы болмай, белгілі бір ғылыми қоғам, ұйымдардың ортақ игілікті жұмысына айналады.
Ертегіні ғылым жолымен жиып, зерттеген елдер үлгісіне қарасақ, ең үлкен шарт -- ертегіні қара сөз күйінде, әр айтушының өз айтқан сөздерімен аудармай, айнытпай, өзгертпей түсіруде. Сонда жеке өлең етуші ақынның тіл өнерін, сөз өрнегін көрмейміз, көпшілік халық боп айтып келген әңгіменің молырақ қалпын көреміз. Және әрбір жеке ертекшінің өзіндік ерекше нақышын, машығын да танимыз.
Қазірде ертекті зерттеуші оқымыстылардың бір алуаны ертектің өзімен қатар, әсіресе сол ертекті айтушыға үлкен көңіл бөледі. Кейде тіпті ертекті зерттеп, талдап ұғынудың ең зор міндеті жеке ертекшінің стиль өзгешелігін зерттеп ұғынуға сүйенсін дейді. Сондықтан ертекшінің өмірбаяны, кәсіп, тұрмыс салты, ұғым-нанымы, білім шалымы -- бәрі жиналып, еске алынып отырады.
Ертегі ертекшімен ертегі болады. Әрбір жеке ертекші өзінше, өзгеден бөлекше тіл, түсінік, көркемдік өрнек, нақыспен айтады дейді. Бұндағы даусыз бір шындық -- ертегінің ішіне анық шебер ертекші өзінен өрнек, өзгешелік қосып отыратыны рас. Ертекші күлдіргі, әзілқой адам болса, оның геройы да күлкі сөздер айтқыш, күлкі жайларға кездескіш болады. Ертекші батырлықты, қаһармандықты сүйетін болса, ертегінің ішінде соғыс майдан, ер сыны, ерлік сыры, сипаты көбірек көрсетіледі. Ертекші ойшыл, ақылгөй, дана кісі болса, оның ертегісінде геройлар аузында адамгершілік, жақсылық-жаманшылық туралы неше алуан терең ойлар, шешен нақыл-ақылдар, үлгі-өсиеттер жүреді.
Қазақ ертегілерін түр-түрге бөліп талдап тексеруден бұрын бірнеше жалпы түсініктер айтып өту қажет. Бұл -- ертегі фольклоры жайындағы негізгі ғылымдық, жүйелік мәселелер.
Әр елдің батыр жырлары, салт жырларында, әсіресе ертегі, легенда сияқты мұраларында бір-бірімен ұқсас жақтары болып отырады.
Бұл ұқсастықтардың негізгі себебі шаруашылық, қоғамдық, салт-саналық жағдайлары бір дәрежеде, біркелкі ұқсас халде болғанда - сол елдердің әрқайсысы өз топырағында ұқсас шығармалар туғызады. Онан соң шаруашылық қарым-қатынасы аралас, жақын елдердің ертегілері біріне-бірі ауысып келіп жатады. Мәселен, қырғыз, өзбек, ұйғыр, түрікпен халықтары мен қазақ халқына ортақ ертегі әңгімелер көп-ақ.

2.Қазақтың аңыз ертегілері
Аңыз ертегілер де қазақтағы көп ертегісінің бірі. Бұл топтың ерекшелігі, барлығы да тарихта болған адамдар жайынан айтылған, халық шығарған көркем әңгіме болады. Бұл оның ертегілерде тарихи адамдар өміріндегі уақиғалар дәл айтылмайды, көбінесе елдің өз жанынан қосқан, бірақ сол тарихта болғанның сыйымды тың іс, мінез, әрекеттер әңгімеленеді.
Бұл жай алыс ескілікте болған адамдар турасында бір болса, тіпті бертінде, жаңада болған тарихтық адамдар жайында да бола береді. Тарихта ел жадында аты қалған, белгілі бір қылық әрекетімен елге даңқты болған кісі болса, соның өмірінде шын болған мінез қалпынан туғызып, қиялдық, тың іс, уақиғалар тізіледі. Ондай әңгімелерді аңыз дейді.
Аңыз ертегілерінің тағы бір ерекшелігі, ол әңгіме етілетін адамның өз өміріндегі шын ісі мен мінезінің сүрлеуінен, аңғарынан туады. Сондықтан батыр жайындағы аңыз болса, тірліктегі батырлық іс-әрекетіне қосымша, ұлғайтылып айтылған шығарма болады. Күлдіргі болса, оның сол күлдіргілік іс, мінездеріне қосылып, ұлғайтылып, молайтылып айтылған уақиға болады. Қысқасы, аңыз әңгіменің тарихтық адамды біржолата өзіне ұқсамаған кейіпке түсіріп әкететіні болмайды.
Аңыз ертегіні қазақ халқы да және Совет Одағындағы басқа халықтар да Ұлы Октябрь революциясынан кейін де көп туғызды. В.И. Ленин, Чапаев сияқты халыққа даңқы қадірлі болған адамдар туралы тарихтағы болмыстарынан басқа, тыңнан, қиял арқылы жаңа уақиға, көркем әңгімелер шығарып, ертегі аңыз айтып жүргені көп.
Міне, осындай жалпы ерекшеліктерін айта келіп, қазақтағы аңыз ертегінің кең көлеміне қарасақ, бұл түрдің аса бір көп бай әңгімелер екенін байқаймыз.
Қазақтың өз тарихында болған Асанқайғы, Жиренше жайларынан айтылатын аңыздар бір алуан. Бұлар тарихи адамдар болмаса да, бірақ аңыздар да қазақ тарихының әр кезеңіне байланысты айтылады.
Осы сияқты ел ерлері Сырым, Исатай немесе Сұраншы, Бекет, Амангелді, Чапаев, Абылай серіктері -- Қабанбай, Ер Жәнібек, Бөгембай, Баян, Жәпектер жайындағы аңыздар да неше алуан қызық көркем қысқа әңгімелер, халық әңгімелері боп келеді.
Тарихи адамдар туралы аңыздардың бірталайы хан, феодалдарды дәріптеу тұрғысынан айтылған. Оларды феодал үстем қауымның уәкілдері таратып отырған.
Осы қатарға қосылатын, қазақ айтатын бір топ аңыз ертегі, дін ертегі, шығыс елдерінің ішін аралап келген көп әңгімелер Сүлейменді, Ескендір Зұлқарнайынды, Қарынбайды, Атымтайды аңыз етеді. Бұлар жайларындағы әңгімелерді өңдеп, өз тұрмыс, санасына ыңғайлап айтады. Бұл жүйелі аңыздарда ислам дінінің әсері басым келеді. Қазақтағы барлық аңыз әңгімелер жиылып зерттелгенде, бұлар да қатар ескеріледі.
Жаңа замандарда туған аңыз ертегілерді айрықша жинап зерттегенде 1916 жылғы көтеріліспен байланысты, Амангелді, Бекболаттай елдің өзінен шыққан ерлер аттарымен байланысты аңыз ертегілер бір бөлек тексерілуі шарт. Әсіресе осыған жалғас Ұлы Октябрь революциясы жайында, Азамат соғысы турасында, Ленин атымен, Қызыл Армияның ерлігімен жалғас туған аңыз ертегілер ерекше орын алады, осылар сияқты Одақтың өзге елдерінің орталарында туған аңыз ертегілермен салыстыра тексерілу шарт болады.
Қазақтың бірталай аңыз ертегілері өзінің бұрын-соңғы тарихы, уағдиғаларына, мекендік белгі, жер, су атына, ертедегі ескі мазар ескерткіштерге, эпостық жырлардың әңгімелеріне, күйлерге де байланысты мол айтылады. "Қалмақ қырған" деген ескі қорғандарды, қазақ жерінен ағатын өзендерді баяндайтын аңыз әңгімелер, тау көтеріп елді апаттан құтқарған Толағай мерген туралы, Көкшетауды мекендеген Ақбура, Жеке батырлар туралы, Каспий теңізі жағасындағы Бекет батыр туралы, Талас бойындағы ескі қала туралы аңыз ертегілер халық арасына кең таралғандығы белгілі. Аңыз әңгімелердің көпшілігі қазақ жеріндегі тіршілік, мекенмен байланысты баяндалады.
Қазақ халқының тарихымен қатар фольклоры сақтаған аңыз ертегілер, әсіресе Асанқайғы, Жиренше шешен, Алдаркөсе және Орта Азия халқының бәріне ортақ Қожанасыр жайлы көбірек және нағыз көркем шығарма болып қалыптанған.
Алуаны бөлек, ерекше бір аңыз ертегінің адамы Асанқайғы. Орта Азия халқының тірлік еткен заманы Жәнібек ханның тұсы дегені болмаса, дәлді кім еді, қай ру, ортадан шығып еді, қандайлық еңбек, әрекет етіп, қандай өмір кешіп өтіп еді? Ол жайынан ешқандай дерек жоқ. Тек Жәнібек тұсында айтты деген бірнеше толғау сөздері Асанның дәуірін жалпы көлемде болсын белгілейді.
Фольклор көлемінде біз Асан бейнесінің айналасына халық жиған аңыз ертегіні тексереміз. Мұндағы Асан - ақын Асан, көркем сөз шығарушы Асан ғана емес, өзі халық шығарған көркем әңгіменің геройы боп кеткен.

Аңыздарда Асан кейде өз сөздерімен көрінсе, өз қалпын өзі айтып танытып отырса, соның үстіне, көбінше халықтың ол туралы шығарған көркем әңгімесі әсіресе Асан басына көп өзгеше мінездер бітіреді, өзгеше бір ертегілік ұлы салқар сапар шеккізеді. Оны халық мұңын арман етіп, алысты меңзеген алып ойдың иесі етеді. Мұның бәрі Асанның өмірбаяны емес, соның өмірі мен еңбегіндегі, өлең өсиетіндегі нәрлі, сырлы қасиеттерін алып, халық мүддесімен қабысқан қасиеттерін алып, соны халық аңызы ұлғайтып, өсіріп, даңқ етіп әкеткен.
Әсіресе Асандай халық мұңын жоқтаған, халықтың күнделік табиғаттық, шаруашылық, күнделік болмысымен байланысты мұң-мүддені айтып толғаған кісі жайындағы аңыз әңгіме бірқалыпты боп айтылып, сол түрінде бұлжымай, өзгермей тұру мүмкін емес. Ендеше, Асан жайындағы аңыз ертегілер ерте күннен бастап бергі замандарға шейін халықтың үнемі қоспа қосып, түрлеп өсіріп келген шығармалары болады. Әсіресе осы күнгі қазақ мекен етіп отырған жер-сулар, қоныс-қыстаулар жайындағы "Асан айтты" деген сын-сәуегейлік, барлау, болжау сөздердің көпшілігі сол жерлерге бертінде келіп қоныстанған елдердің, өз жерінің сырын, жайын түсініп, танып болған соң, көп тәжірибе жылдарынан соң Асан атынан қосқан өз шығармалары, өз сындары болады. Асан жайындағы халық аңызы әр дәуір, әр буын тұсында түлеп өсіп отырды дегеннің мәнісі, дәлелі осы.

Асан жайындағы аңыз ертегінің ең мағыналы көріктісі, ең терең қызықтысы, халық үшін қызықтысы -- оның малға мекен, елге ырыс жер іздеуінде. Жер іздеуден бұрын желмаяға мініп, қазақ жайлап отырған орын, өрістің бәрін шарлап, тыным таппай, шарқ ұрып кезеді. Көрген қоныс мекеннің бәріне қанағат қылмайды. Арманды бір жер барын сезеді. Оның аты қиял мекенінің аты болмақ - "Жерұйық" деп ат қояды. Сонда жетсе ғана, соны мекен етсе ғана халқы құрық болмақ. Игілік, ырыс атаулының жанды көрінісі, белгісі боп "қой үстіне бозторғай жұмыртқаламақ". Мұнда малға, шаруаға да құт-береке бар, адамға да бақ-мереке, тату тыныштық, шат-шадыман тірлік бар. Міне, осындай жерді өзі үшін емес, елі, жұрты үшін іздеген Асан -- ел қамқоры.
Ол бұны іздеуді өздігінен таппайды. Елдің сол күнгі шаруашылық, қоғамдық тірлігіндегі болмысына, күй кескініне қарап, қанағат етпей, торығып барып іздейді. Шаруашылық болмысына да, қоғамдық құрылысына да ырза емес. Және қалың ел қандай ырза емес болса, бұл да соншалық ырза емес.
Осы ырза еместік жаңа дүние, жаңаша бір бөгде, өзгеше болашақты, бақ қиялды тілетеді. Тілеп, аңсап, іздеуге талпынтады.
Сол қиял мекенінің аты "Жер үйек", кейде "Жиделі байсын". Бұл екі орынның екеуін де Асан өз тірлігінде таппайды. Өйткені ол өзі келмейді, оны халық өзі қалың бейнетпен таппақ керек. Ер еңбегін кешіп, өз талабымен, ұзақ қысталаң сыннан соң жетпекке керек.
Тұрмысында жарық сәуле көрмей, қысымда, қынау, зорлықта, ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Халық ауыз әдебиеті арқылы бала тілін дамыту
Баланың тілін дамытуда көркем әдеби шығарманың алатын орны
Бала тілін дамытуда көркем әдебиеттің маңызы
М. Әлімбаевтыц педагогикалық көзқарастары
Мектепте халық педагогикасын пайдаланудың теориялық негіздері
Мақал мәтелдерді, жұмбақтарды, жаңылтпаштарды оқыту ерекшеліктері
Қазақ балалар әдебиетінің тарихы
Мектеп жасына дейінгі балалардың тілін дамытуда қолданылатын халық ауыз әдебиет түрлері
Қорқыт ата туралы
Шешендік өнер туралы
Пәндер