ДІНТАНУ ПӘНІН ОҚЫТУ МЕН ЗЕРТТЕУДІҢ ӘДІСТЕРІ



Пән: Дінтану
Жұмыс түрі:  Курстық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 22 бет
Таңдаулыға:   
ДІНТАНУ ПӘНІН ОҚЫТУ МЕН ЗЕРТТЕУДІҢ ӘДІСТЕРІ

Кіріспе

Зерттеу жұмысының өзектілігі. Адамзат тарихының барлық өркениеттерінде
ең өзекті және субстанциональді факторға ие болған мәселелердің бірі - діни
мәселелер болып табылады. Әрбір өркениет - бұл міндетті іргетасты шешуге
ұмтылып, әдіснамалық кемшіліктерге жол берді. Бізге ең жақын өркениет -
кеңестік тоталитарлық жүйе де бұл мәселені радикалды, түпкілікті шешуге
ұмтылып, уақыт көрсеткеніндей сәткіздіктерге ұшырады. Еуропалық қатаң
рационалистік идеялардың бір нұсқасы ретінде көрінген кеңестік коммунистік
жүйе жеңілістерінің бірін дінге қатысты теориялық және әдіснамалық
дәрменсіздігі құрайды. Кеңес жылдарында жинақталған теориялық және
әдіснамалық тәжірибелерді бүгінгі қоғамдық ғылымдар жеткен жетістіктер
тұрғысынан бағамдау, тәжірибелік сараптамалар жүргізу - тарих ғылымының
өзекті мәселелері кешенін құрайды. Кеңестік жүйе ыдырағаннан кейін және
идеологиялық өктемдіктен арылу, бұрынғы Кеңес республикаларында дін
мәселесінің шешілуін жақындатқандай көрінген. Алайда, парадоксальдылығы
сонда, жаңа тарихи жағдайларда діни факторлар жаңа қырынан көрініп және
қазіргі мәдени үдерістерге белсенді араласып, саяси күшті құрауға
ұмтылуда. Осы тұрғыдан Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың: Біз бұқара санасындағы
діншілдіктің артуына әзір болуымыз керек, онда тұрған қатерлі ештеңе жоқ.
Жалпы дін өздігінен өнегелі ақиқаттан бөтен ештеңе үйретпейді. Жалғыз-ақ,
бізге қауіп төндіретіні: діни біліміміздің деңгейі онша жоғары
болмай отырғаны
[1.14], - деген ескертпесі бүгінде айрықша теориялық-әдіснамалық мағынаға
ие.
Тәуелсіздік жылдары Отандық қоғамдық ғылымдарда, оның ішінде тарих
ғылымында да дінтану бағытында өзгерістер мен жаңарулар қалыптасты.
Егемендіктің алғашқы жылдарындағы діни, мәдени тәжірибелер бұл бағыттағы
өзгерістер легіне Қазақстан қоғамының теориялық және әдіснамалық жағынан
әлі жеткілікті дайын еместігін, біліміміздің деңгейі онша жоғары болмай
отырғанын көрсетті. Бұл, әсіресе, діннің сыртқы атрибуттарына басым бағыт
беріліп, оның ішкі шынайы мазмұнын игерудегі іркілістерден көрінеді.
Жаңадан жүздеген мешіттер, діни бірлестік-басқармалар, мекемелер, арнайы
оқу орындары ашылғанымен діни құндылықтарды толыққанды игеруде
сәйкессіздіктер туындап отырғанын да атап өткен жөн. Атақты ақын, ғалым
және белгілі қоғам қайраткері О. Сүлейменов айтқандай: Қазіргі бізде білім
мен наным-діннің арасында үйлесімсіздік бар. Қазақстанда мектептерге
қарағанда мешіттер көбірек салынуда [2]. Мұның барлығы дінтанудың
тәрбиелік мазмұнын теориялық және әдіснамалық жағынан жетілдіруді талап
етеді. Мәселенің күрделілігі сондай, кейде мектептер мен арнайы орта оқу
орындарындағы кейбір ұстаздар мен тәрбиешілердің өзі қарапайым діни ұғымдар
мен анықтамаларды ажырата алмайтын болып шықты. Мысалы дін мен
конфессия ұғымдарын ажырата алмау, сондай-ақ қазақтардың ислам дінінің
қай ағым-тармағына жататындығын анау-мынау емес, зиялылардың кейбір
өкілдерінің есеп бере алмау жағдайлары да кездесіп отырғаны жасырын емес.
Қазақстандағы діни үдерістер қазіргі әлемдік діни ахуалдың құрамдас
бөлімі. Дәстүрлі емес діни ағымдардың посткеңестік кеңістіктегі
белсенділігі Қазақстан ғана емес, басқа да бұрынғы кеңес республикалары
халықтарының қоғамдық пікірінде кеселді қабылдануда. Өйткені
постхристиандық немесе секуляризацияланған Батыс Еуропа өркениеті діни
экстремизмге қарсы өздерін барлық құқықтық және заңнамалық, нормативтік
құжаттармен, теориялық-әдісамалық құралдармен қамтамасыз етіп алған. Ал
бұрынғы кеңес республикаларында мұндай механизмдер толыққанды жасалынбаған.
Бұдан діни-өркениеттік мәселелер Батыс өркениеті үшін өзекті емес деген
тұжырым жасалынбауы тиіс. Әңгіме өркениеттік діни толеранттылықтың деңгейі
жайында болып отыр. Әділдік үшін айта кету керек, елдегі діни ахуалды
мемлекеттік тұрғыда реттеуде Қазақстан билігі аз жұмыс атқарған жоқ. Оның
бірден бір көріністері ХХІ ғасырдың басында Астана қаласында әлемдік
дәстүрлі діңдердің үш бірдей конгресінің өтуі.
Әлемдік дәстүрлі діндердің І құрылтайы 2003 жылдың 23-24 қыркүйегінде,
ІІ құрылтайы 2006 жылдың 12-13 қыркүйегінде, ІІІ құрылтай 2009 жылы 1-2
шілдеде өткізілді. Сьездерде әртүрлі әлемдік ресми діндер мен
конфессиялардың жоғарғы басшылары қазіргі заманғы діни үдерістердің барысын
талқылап, өркениеттердің арасындағы халықаралық бейбітшілікті сақтаудағы
әлемдік діңдердің жауапкершілігіне айрықша мән беріп, діни экстремизмнің
кез келген көріністерін айыптады. Католик шіркеуі басшысы Рим папасының
тұнғыш рет Қазақстанға келіп литургия өткізуі де, біздің еліміздің осы
бағытта атқарып жатқан сындарлы саясатының жемісі. Бұл, әсіресе, 130 дан
астам ұлттар мекендейтін Қазақстан үшін өзекті. Осы орайда Қазақстан
Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2009 жылдың 22 шілдесіндегі
Қазақстан Республикасының жалпы білім беретін оқу орындарында 2009-2010
оқу жылының басталуы туралы деп аталатын № 353 бұйрығының маңызы ерекше
[3.34.]. Осы оқу жылынан бастап, елімізде Дінтану сабағының мектеп
бағдарламасына енгізілуі, мектеп мұғалімдері үшін аса жауапты сәттердің
бірі болды. Мұның барлығы мәселені стратегиялық тұрғыдан шешудегі маңызды
іс-шаралар. Алайда, жаңа дінтану пәнінің еңгізілуі, алғашқы оқулықтардың
төңірегіндегі қызу айтыс-тартыстардың туындағанын да біз қалыпты қабылдауға
үйренуіміз қажет [4]. Дискуссияның барысы жаңа пәнді оқытудың теориялық
және әдістемелік аспектілерінің өзектілігіне арналды, келелі пікірлер
білдірілді. Олар негізінен жаңа пәнді оқытудың практикалық мәселелеріне
арналды [5.46-47.] және пәнді оқыту тарих пәні мұғалімдеріне жүктелген
дұрыс деген пікір айтылды.
Өзекті мәселелердің бірін ҒТР мен ақпараттық технология заманындағы
діннің жаңа заманғы реалдылықтарға бейімделуі, трансформациялануы мәселесі
құраса керек. Әдетте, қоғамдық пікірдегі көп шағымдардың бірін діннің
жасөспірімдер арасындағы жедел табыстары құрайды. Сөйтіп, оқушылар мен
студенттердің жан дүниесі үшін дін уағызшылры мен зайырлы ұстаздардың
арасындағы тартыс шиеленісе түседі. Бұл өз кезегінде қарапайым мектеп
мұғалімінен жоғарғы білікті, биік өрені талап етеді. Осы бір
интеллектуальдық күресте, зайырлы мектеп ұстаздарының өз биігінен көріне
алмай жатуы да бүгінде жиі кездеседі. ҒТР заманында адам баласы сан алуан
кәсіпті игерді, талай құпияардың сырын ашты. Бірақ адамның рухани әлемін,
жан дүниесін танып, үңілу-қиынның қиыны.
Бүгінде мектеп оқушылары мен жасөспірімдерге руханияттылықтың тек дінмен
өлшенбейтіндігін ұғындыру және діннің ғылымға қарағанда өте күрделі
мәселемен айналысатындығын, ұғындыру айрықша өзекті. Қазақстан
республикасында Дінтану пәнінің оқытыла бастауы – ұстаздар қауымынан зор
жауапкершілікті талап етеді. Қазіргі жаһандану заманында жастар үшін
күресте, демек, еліміздің болашағы үшін күресте, ұстаздар қауымы өз
тұғырынан табылуы тиіс.
Зерттеу нысаны. Қазақстан тарихы мен мәдениетінің тұтас кезеңін құрап
отырған Тәуелсіздік жылдарындағы республика орта мектептеріндегі Дінтану
пәні оқытылуының әдістемелік мәселелері, оның динамикасы мен қалыптасуы
және оқушылар мен ұстаздар қауымына пәрменді әсер ететін басқа да рухани
факторлар зерттеу нысанына айналды.
Зерттеу пәні. 2009 жылдан Қазақстан мектептерінде оқытыла бастаған
Дінтану пәнінің қалыптасу тарихы, әдістемелік аспектілерінің
ерекшеліктері, қазіргі кезеңдегі мәдениет, дін, ғылым, оқу-ағарту
мәселелері.
Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері: Зерттеу жұмысының негізгі
мақсаты Қазақстан Ғылым және Білім беру саласы үшін жаңа Дінтану пәнінің
орта мектептерде оқытылуының әдістемелік мәселелеріне талдау жасау.
Мәселеге қатысты теориялық және практикалық міндеттерді айқындап ашу.
Бүгінгі өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі Дінтану пәнінің орнын айқындау.
Мақсатқа жету үшін зерттеу барысында төмендегідей нақты міндеттер
қойылды.
- Діннің мәні, анықтамасы, шығуы тегі, құрылымы, жіктелуі мен түрлерін
оқытудың ерекшеліктерін зерделеу;
- Әлемдік діндер мен мәдениеттер ұғымына байланысты қалыптасқан
дәстүрлі тұжырымдар мен ой-түйіндерді әдістемелік дәйектеу;
- Қазақстандағы дәстүрлі діндер мен ағымдардың тарихын оқытудың
теориялық және әдістемелік мәселелерін сараптау;
- Бүгінгі Қазақстандағы жаңа діни ағымдар (дәстүрлі емес) шығуының
обьективтік және субьективтік алғышарттарын түсіндірудің әдістемелік
негіздерін айқындау;
- Әйгілі дін ғұламаларының діни түжырымдамалары мен тарихи
ізденістерінің қисынын ашу;
- Қазақстан топырағынан шыққан әйгілі ғұламалар діни көзқарастарының
сипатын, ұстанған позицияларын анықтаудың әдістемелік негіздерін көрсету;
- Қазақстанның дін туралы заңнамаларын оқытудың әдістемелік
аспектілерін талдау.
Тақырыптың зерттелуі. Деректерді зерделеу үстінде тарихилық
ұстанымын басшылыққа алып, діни салыстырмалық, іріктеу-сұрыптау және сыни
талдау жүргізді. Зерттеудің әдістемесін анықтағанда Дін тарихының
сабақтастығы мен үндестігін сақтауға баса назар аударылды. Тақырыпқа
қатысты еңбектердің көпшілігі кеңестік дәуірде жазылғандықтан, сол
замандағы зерттеуші-әдіскерлердің еңбектері мен артықшылықтарын ескеруге
тырыстық. Тәуелсіздік жылдары Дінтануды оқытудың әдістемелік мәселелеріне
қатысты тақырыптық зерттеулердің аздығына байланысты, жеке тәжірибемізге
баса назар аударудық. Сонымен қатар, жаңа, тың бағыттағы ғылыми ой-
пікірлер мен тұжырымдар, соңғы үлгіде жазылған еңбектер басшылыққа
алынды. Атап айтар болсақ, Қ. Шүлембаев, Ғ. Есім, Д. Кенжетаев, Н. Асқаров,
Ә. Сайлыбаев, Ө. Тұяқбаев, Ә. Әбдәкімұлы, Қ. Құнапина және т.б. қазақ
және шетелдік ғалымдардың әдістемелік-теориялық еңбектері басшылыққа
алынды. Алайда, аталмыш еңбектерде дінтанудың педагогикалық сипаты арнайы
зерттеу нысаны болған жоқ.
Діннің жалпы әлеуметтік мәні, Қазақстан қоғамындағы діннің рөлі Ғ.
Есім, Д.Қ. Кішібеков, А.Н. Нысанбаев, Н.Ж. Байтенов, Қ.Қ. Бегалинов, Т.Қ.
Бурбаев, Б.И. Абиров, Ғ.Т. Телебаев, С.К. Мырзалы, Г.Ж. Жұманова, АГ.
Косиченко, В.Д. Курганская, Н.Г. Аюпов, К.Ш. Шүлембаев, А.Д. Құрманғалиева,
М.Ү. Алсабеков, К. Затов, Қ. Барбасова, Б. Бейсеновтің және т.б.
еңбектерінде зерттелді. Дегенмен еңбектерде практикалық-педагогикалық
мәселелерге өте аз орын берілген. Біздің жұмысымызда осы олқылықтардың
орнын толтыруға тырыстық.
Қазақстанның модернизация дәуіріне өтуіне байланысты, аталған
мәселелерді зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Зерттеушілерді қатты қызықтырған
дәстүрлі қоғам құндылықтары мен модернизация үдерістерінің ара қатынасы
болды. Бұл бағытта белгілі Қазақстан зерттеушілері У.Ш. Алиевтің, М.С.
Аженовтің, Ғ. Есімнің, С.Е. Нұрмұратовтың, М.С. Орынбековтің, А.Х.
Қасымжановтың, Т.Ғ. Ғабитовтың, Ш.Ш. Молдабековтің, Б.Г. Нұржановтың, Ж.А.
Алтаевтың, А.Қ. Қасабектың, М.Ш. Хасановтың және т.б. еңбектері мәлім.
Диссертациялық жұмыстың деректік негізі. Зерттеу жұмысының негізгі
нысаны әлемдік діндер болғандықтан - әлемдік діндердің киелі кітаптары, дін
туралы әлемдік және Қазақстандық ғұламалардың ой пікірлері. Тақырыпқа
қатысты кеңес және Тәуелсіздік жылдары мерзімдік баспасөздерде жарық көрген
зерттеу мақалалары құрады. Автор Қызылорда қаласы №212 қазақ орта
мектебінде 20 жылдан астам уақыт тарих және қоғамтану пәнінен сабақ
беріп келе жатқан жоғарғы санатты мұғалім болғандықтан оның жеке
тәжірибелері мен өмірлік байқаулары мектеп сыныптарында жүргізген
зертханалық ізденістерінің нәтижелері негізгі дерек көзін құрады.
Деректердің бір парағы зерттеушінің мектептегі жоғарғы сынып оқушылары
мен діни бірлестік белсенділері арасында жүргізген анкеталық сауалнама
нәтижелерінен тұрады.
Зерттеу әдістері. Зерттеу жұмысының мақсатына сәйкес әдістемелік талдау
негізінде жинақтау, қорыту, жүйелеу, талдау және сараптаумен қатар
логикалық ой қорыту, жалпы діни салыстырмалы әдіс қолданылды. Сондай-ақ,
діни танымға қажет соңғы кезде қалыптасқан жаңа пікірлер мен тұжырымдар
басшылыққа алынды.
Зерттеу тақырыбының хронологиялық ауқымы. Тәуелсіздік жылдары
Дінтану пәнінің Қазақстан мектептерінде оқытылуының әдістемелік
мәселелеріне арналғандықтан негізінен XXI ғасырдың алғашқы онжылдығы
уақытымен шектеледі. Діни тақырыптарды оқытудың әдістемелік мәселелері
кеңес жылдары да қарастырылып, зерттеулер қолданымға түскенімен зерттеудің
мерзімдік шегін кеңейтпейді.
Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы. Тақырып алғаш рет Отан тарихы
ғылымының зерттеу пәні ретінде қарастырылғандықтан қол жеткен нәтижелерде
жаңа болып табылады. Олардың негізгілері мыналар:
- Диссертацияда Қазақстан Республикасының жалпы орта білім беретін
мектептерінде Дінтану пәнінің өзектілігі ашылды;
- Діннің мәні, анықтамасы, шығу генезисін орта мектептерде оқытудағы
әдістемелік ұстанымдардың жетекші рөлі анықталды;
- Жаңа пәнді оқытудың барысында Қазақ топырағынан шыққан дін
ғұламаларының ғұмыр жолы негізінде оқытудың әдістемелік тиімділігі
дәлелденді;
- Диссертацияда, тақырыпқа қатысты кеңес жылдары жазылған Қазақстан
әдіскерлерінің ойлары мен ізденістеріне, іргелі еңбектеріне жаңаша баға
берілді. Дінге қатысты бұрын зерттеу нысаны болмаған бірқатар әдістемелік
мәселелер қарастырылды;
- Қазақстанның дін туралы заңнамаларын оқытудың теориялық және
әдістемелік маңызы жүйеленді.
Қорғауға ұсынылатын тұжырымдар:
- Дінтану пәнін Қазақстан мектептерінде оқыту, жас ұрпақтың рухани
кемелденуіне септігін тигізеді;
- Әлемдік діндерді оқыту - әлемдік мәдениеттерді оқытудың құрамдас
бөлімі екендігі әдістемелік тұрғыда дәлелденді;
- Діни ұйымдар мен діни бірлестіктер ұғымының әдістемелік аясы
кеңейтілді;
- Оқышылардың діни көзқарасының қалыптасуы мектеп мұғалімінің
әдістемелік пәрменімен әлуетіне байланысты;
- Діни таным мен ғылыми танымның әлеуметтік-психологиялық
ерекшеліктері талданды. Тәуелсіз Қазақстанның дамуында діннің алатын орны
мен қызметі айрықша. Діндердің ерекшелігі, құндылықтар ортақтығы, адамдарды
дініне, нәсіліне қарамай құрметтеуге, бағалауға үйретеді.
Диссертацияның қолданбалы маңызы. Зерттеу нәтижелері орта мектептер мен
арнаулы орта оқу орындарында дінтану, мәдениеттану пәндерін оқытуда қосымша
материал ретінде пайдалануға болады. Тарих факультеттерінде тарихты оқыту
әдістемесі пәніне көмекші құрал ретінде пайдалануға болады.
Зерттеу жұмысының сарапталуы мен жариялануы. Диссертациялық жұмыстың
негізгі түйіндері мен нәтижелері республикалық басылымдарда және облыстық
ғылыми-практикалық конференцияларының материалдары жинағында жарияланған.
Диссертация Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің
Тарих және тарихты оқыту әдістемесі кафедрасында алдын-ала талқылаудан
өтті.
Зерттеу жұмысының құрылымы. Диссертация кіріспеден, үш тараудан,
қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

ЖҰМЫСТЫҢ ЖАЛПЫ МАЗМҰНЫ

Кіріспеде тақырыптың өзектілігі негізделіп, мәселенің зерттелу деңгейі
айқындалған. Сондай–ақ зерттеу жұмысының жаңалығы, мақсаты мен міндеттері,
хронологиялық шегі, деректік және методологиялық негіздері, практикалық
маңыздылығы көрсетілген.
Діннің бастаулары мен тарихи түрлерін оқыту әдістемелері деп аталған
бірінші тараудын Діннің, Сөздің, Мәдениеттердің шығуын түсіндіруге
қойылатын әдістемелік талаптар атты бірінші тақырыпшасында дін, соғыс,
саясат - адамзат тарихының және кез-келген жекелеген халықтар тарихының
негізгі өзегі болғандықтан, орта мектептің қарапайым тарихшы мұғалімінен
зор теориялық және әдістемелік дайындықты, кәсіби шеберлік пен үлкен
біліктілікті талап ететіндігі аталып өтеді. Тақырыптың күрделілігі жалпы
білім беретін орта мектептің 9 - сыныбына арналған оқулықтарда да
бейнеленген. Мысалы, редакциясын философия ғылымдарының докторы, профессор
Д. Кенжетаев басқарып, 2010 жылы жарық көрген 9 сынып оқулығында бұған
айрықша назар аударылып, көптеген анықтамалар берілген: Дін адамды туралық
пен әдемілікке жетелейтін жол, дін – адамды өз жаратылысына сай
жетілдірілетін ілім, дін - адам өмірін тәртіпке келтіретін жүйе, дін
адамды шындыққа жеткізетін жарық, дін - дүние мен ақыретке бақытты болу
жолдарын көрсететін ережелер мен қағидалар жинағы, дін құдайлық ережелер
мен соларға сүйенген әдеттердің жиынтығы [6.8], – деп атап көрсетілген.
Бұған қоса Құран мәтініне сүйене отырып берілген анықтамаларда баршылық.
Философия ғылымдарының докторы, профессор Ғарифолла Есім басқарған авторлық
ұжым дайындаған 9 сынып оқулығында да: Дін адам мен мінсіз болмыстың
(Алланың, жаратушының) табиғи байланысы туралы сана. Ғылымның қуаты
жаратылыстың барлығын, оның кереметтілігін дәлелдеу. Ал, сол жаратылысты
жаратқан жаратушы туралы сана ол дін. Осы тұрғыдан ғылым мен дін жаратылыс
мәселесінде түйіседі [7.10-11], - делінген. Екі оқулықта да көріп
отырғанымыздай, діннің табиғатына, болмыс пен санада бейнеленуіне айрықша
назар аударылған. Сондықтан мектеп мұғаліміне қойылатын ең басты және
негізгі әдістемелік талап мұғалімнің діннің табиғаты, күрделілігі жайлы
ғылыми негізді және өмірлік тәжірибеден туындаған түсінік ұғымының болуы. 9
сынып оқушыларының бұған дейінгі, яғни төменгі сыныптарда алған білімдеріне
нық сүйенуі, сабақтың желісін сол негізде өрбітуі келесі әдістемелік
талаптарды құрайды.
Адам және адамзаттың бойындағы ең басты ортақ қасиеттер білім мен наным
төңірегіндегі танымдық сабақты ұйымдастырғанда мектеп, колледж мұғалімі оқу
материалын, бірізділікпен баяандаудың әдіс-тәсілдерін айқындайды. Бұл
орайда жоғарыда айтқандай, әрбір нақты тақырыптың алға қойған міндеті,
оқушылардың дайындығы мен сыныптың құрамының ерекшеліктері ескеріледі.
Мысалы, оқушылардың бір бөлігінің дайындығы жоғары, орташа және төмен болуы
әбден мүмкін. Осы жағдайларды ескере отырып, мұғалім діни білімдерді оқып
үйренуде сұрақ-жауап, ойды қозғау, әңгімелесу немесе сипаттау және
бейнелеу тәсілдерін қолданғаны абзал. Оқытудың әдіс-тәсілдерін таңдағанда
деректердің мазмұны мен оқытудың көрнекті құралдары да ескерілуі тиіс
[8.46]. Өз тарапымыздан айтарымыз, 2009 жылдан бастап Қызылорда қаласындағы
№212 қазақ орта мектебінде Дінтану сабағынан 9 сынып оқушыларына сабақ
беріп, бірқатар тәжірибелер жинақтадық, сабақтың ерекшеліктеріне сәйкес, ең
тиімді әдіс-тәсілдерді іздестіру бағытында көптеген сабақ түрлері мен
құрылымдарын қолданып зертханалық тәжірибеден өткіздік. Оның барысында ең
алғашқы Дінтану сабағына айрықша маңыз беріп сұрақ-жауап, ой-дауылы,
әңгімелесу бағытында өткізген дұрыс деген тұжырымға келдік. Өйткені,
мектеп оқулықтарының академиялық стильде баяндалуы және діннің мәні, діннің
анықтамасы, діннің әлеуметтік маңызы сияқты тақырыпшаларды оқушылардың тез
игеріп кетуі оңай болған жоқ. Басты талап, мектеп мұғалімінің кәсіби білігі
мен тұлғаның мәдениетіне қойылуы тиіс. Сынып оқушыларының гуманистік
дүниетанымын кеңейтіп, жеке мәдениетін көтеруге және әдістемелік шеберлігін
үнемі шыңдауға мүмкіндік беретін талаптардың кешеніне мыналарды жатқызуға
болады:
- Діндердің пайда болуын – діннің, сөздің, мәдениеттердің шығуымен
үнемі өзара байланыста қарау;
- Оқушыларға діни төзімді білім мен тәрбие беру;
- Діни білім мен сананың құрылымдарын айқындау;
- Дінтану сабақтарында – оқушылардың бастапқы діни түсініктері мен
ұғымдарына үнемі сүйену және дамыту; .
- Барлық діндер өзара байланыста дамыды.
Пәнаралық байланыстар - дінтану пәнін оқытудың тиімді әдістемелік
негізі атты екінші тақырыпшасында материалдық дүниенің бірлігі, рухани
және діни үдерістердің күрделілігі мен қарама-қайшылығын мектеп оқушылары
мектеп пәндерімен, оның бағдарламаларын бірізділікпен, бірте-бірте игеру
барысында ұғынады. Біздің ойымызша, таптырмайтын тиімді әдістердің ішінен
пәнаралық байланыстарды орната білуді бөле жара атар едік. Қазақстан
мектептеріне арналған республиканың білім беру және ғылым министрлігінің
оқу бағдарламалары мен нұсқауларында, түсініктеме жазбаларында атап
көрсетілгендей оқу үдерістеріндегі курсаралық және пәнаралық байланыстарды
пайдалану дінтану пәнінің жалпы тарих курстары мен бірлігін және өскелең
ұрпақтың аса маңызды дүниетанымдық түсініктер мен ұғымдарды, идеяларды,
жаһандасу үдерістерін игеруді қамтамасыз етеді.
Дінтану сабақтарында пәнаралық байланыстар орната білудің мүмкіндігі
өте мол. Пәнаралық байланыстар, белгілі бір пәндердегі ортақ фактілер,
деректер, түсініктер мен идеялар бойыннша жүргізіліп, оқушылардың оқу
материалдарын шығармашылықпен игеруіне, оқу дағдылары мен икемділіктерін
қалыптастыруға септігін тигізеді. Бұл орайда, әрбір оқу пәндеріндегі
пәнаралық байланыстардың жалпы бағытын, тарихи фактілер мен теориялық
материалдардың сәйкестілігіне айрықша назар аударылады. Пәнаралық
байланыстардың жалпы теориясында оның әмбебаптық және жалпықамтушылық
сипаты аталып өтеді. Дидактиканың басқа да принциптері сияқты, пәнаралық
байланыстардың жалпықамтушылық қасиеті болады. Оның әсері барлық оқу
пәндеріне таралады, және әрбір тақырыпты Зерттеу барысында, оның басқа
пәндерімен байланыстары түгел қамтылады [9.2]. Тарих, дінтану, тіл,
әдебиет, география және т.б. қоғамдық пәндерді оқытқанда пәнаралық
байланыстардың жалпы теориясының тәжірибелік маңызы айрықша. Бұл пәндердің
барлығы идеялық ортақтық және фактілік материалдардың мазмұны жағынан бір-
бірімен тығыз байланыста, Сондай-ақ, жаратылыстану, техникалық пәндермен де
жанасып жататын қырлары болады. Сондықтан дінтану курстарының тақырыптарына
байланысты пәндер тізімінен, тек тарих, әдебиет сияқты гуманитарлық
пәндерді ғана емес, жаратылыстану-математикалық циклдағы пәндерді де көруге
болады. Бұл орайда, тарихқа да дінтануға да қатысты жыл санау мәселесін
айтса да жеткілікті. Дінтану пәнінің алғашқы тарау, тақырыптарынан
бастап, олардың ежелгі дүние тарихы пәнімен және географиямен пәнаралық
байланыстары сұралып тұр. Дінтанудың Ежелгі әлем діндері: Месопатамия,
Мысыр, Грек, Рим діні, Иран діні, көне түріктердің діні тақырыптарында
пәнаралық және ішкі пәнаралық байланыстарға қатысты мынандай тізбе жасауға
болады. Табиғаттану (5 сынып) Жер, Күн және т.б. аспан денелері. Күнтізбе;
География (6 сынып) – карталар, жер бетінің шартты бейнелері, Ландшафт,
рельф формалары; Математика - Жыл санау, Жергілікті жерді өлшеу; Бейнелеу
немесе сурет сабақтары (IV-VII) – бейнелеу өнерінің түрлері, өнер
туындыларын талдау т.б; Тарих (барлық курстарында) - Әлеуметтік-саяси
курстар, қоғамның рухани өміріндегі дағдарыстар т.б.
Пәнаралық және ішкі курс аралық байланыстар орнатуда тарихшы мұғалім
мазмұны жағынан ұқсас түсініктер мен ұғымдарға басымдық береді, бірақ
оқушылардың алғырлығы мен икемділіктерін, дағдыларын дамытуға мүмкіндік
беретін жәйіттерді де естен шығармағаны абзал. Мысалы, Ежелгі Мысыр,
Қосөзен аралығы, Грек-Рим діндеріне қатысты бейне – суреттерді
пайдаланғанда, сурет сабағынан алған өнер шығармаларын талдаудың қарапайым
әдістеріне жүгінуге болады. Дін мен философияға, тарихқа және т.б. қоғамдық
пәндермен пәнаралық байланыс, тек ортақ түсініктер, жалпылама ұғымдар
аясымен шектелмеуі тиіс. Дінтануға ең жақын тарих және әдебиет оқу
пәндеріне кіретін ортақ фактілік материалдарға да таралуы тиіс. Тарихи
фактілердің арасындағы байланысты игеруде мұғалімнің оларды әртүрлі
тереңдікте бере білуі маңызды. Тарихи діни фактілердің білім беру,
тәрбиелеу ісінде маңызы зор орасан зор. Оқушылардың діни фактілерге қатысты
ғылыми көзқарастарының қалыптасуы – мектеп қабырғаларынан басталады. Оларды
оқушылардың дұрыс игеруін қамтамасыз ету - дінтану пәнін оқытудың
бірінші кезектегі міндеті.
Тұжырымдай келгенде, пәнаралық байланыстар, оқушыларға жан–жақты
өркениетті білім берудің негізгі. Дінтану сабақтарында ұғым құраушы
түсініктерді қалыптастыру үшін мынандай талаптарды орындау өзін-өзі
ақтайды.
1. Қалыптастыруға тиісті түсініктер мен ұғымдарың мазмұны,
түсініктер мен ұғымдардың мазмұны мен құрылымын, олардың жалпы түсінік
құрау жүйесіндегі орнын білу. Яғни, пәнаралық сипаты бар ұғымдардың
структуралық – мазмұндық мәнін анықтау – пәнаралық байланыстар орнатудың
бірінші шарты;
2. Діни ұғымдар мен түсініктер белгілерінің, басқа пәндерде
қаншалықты көлемде қарастырылатынын білу – анықтау.
Әлемдік діндер құндылықтарының ортақтығы мен ерекшеліктерін оқыту
тәжірибелері атты үшінші тақырыпшасында жалпы білім беретін мектептің 9-
сыныбына арналған оқулығында, өкінішке орай осы бір өзекті тақырыпқа бір
ғана сағат берілген - §14 Әлемдік діндерге тән ортақ құндылықтар. Алайда,
барлық діндерге қатысты тақырыптар оқылып болғаннан соң зерттелетін бұл
мәселенің оқушылардың өркениетті дүниетанымын қалыптастырудағы әлеуеті өте
зор. Осы бір мүмкіндікті барынша тиімді пайдалану мектеп мұғалімінің
теориялық дайындығына, үлкен мәдениетіне, ой - өрісіне байланысты болмақ.
Сонымен қатар әлемдік діндердегі ортақ пайғамбарларды атап өтеді.
Ислам діні күллі адамзат баласының ортақ, түп – тұқияндағы ата – анасының
Адам Ата мен Хауа Анадан тарайтындығын атап өтсе, Христиан дінінде Адам
мен Евадан таратады. Сондай–ақ ортақ пайғамбарлар: Нух (Ной), Ибраһим
(Аврам), Мұса (Моисей), Жүсіп (Иосиф), Иса (Иисус), Дәуіт (Давид),
Сүлеймен (Соломан) аталады. Жәбірейіл (Гаврил), Микаил (Михаил) сияқты
ортақ періштелер де бір атпен аталады. Інжілде Егер сені бір жағыңнан
соқса, екінші жағыңды тос деген уағыз, Құрандағы Сен мені шын өлтіруге
қол созсаң да, мен сені өлтіру үшін қол созбаймын аятымен үндесіп жатады
(Мәйда сүресі, 27 аят). Құранда, өзіне дейін түскен барлық киелі кітаптарды
құрметтеуге шақырылады – Таурат, Інжіл, Забур. Дінаралық татулық – Ислам
дінінің ең негізгі құндылықтарының бірі – Бір біріңмен мейіріммен,
тақуалықпен қарым – қатынас жасаңдар, күнәлі іспен, дұшпандықпен қарым
қатынас жасамаңдар (Мәйда сүресі, 2-аят) [10.78].
Киелі кітаптардан алынған бұл дерек уағыздармен қатар, барлық
діндердің, зайырлы білім ғұламаларының пікірлерін де оқушылардың алдына
тарту, мектеп мұғалімінің міндеті. Оқулықта берілгеніндей, Қожа Ахмет
Яссауи Хикметтерінде Кәпірде болса, зарар берме делінсе, Қытай ғұламасы
Конфуцийдің өсиетінде Жамандыққа жақсылықпен жауап беруді қисынсыз деп
тапсаң, жақсылыққа не деп жауап берер едің делінген. Ал Абайдың пікірінше:
Көп кітап келді, ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Қазіргі Қазақстандағы жастардың діншілдік мәселесі
Дінтану пәнін оқыту
Діни сауаттылық
Қожа Ахмет Йассауй мұраларын оқу-тәрбие процесіне ендіру жолдары
Тіл мәдениетінің сипаты
Тәрбие барысында діни мәдениетті қалыптастырудың негіздері
Қазақстандағы діни процестердің әлеуметтік өмірге әсері
Тест тапсырмаларын бағалау нормалары
Дінтану пәнінен тест жасау әдістемесі
Қазақ руханиятындағы ислам құндылықтарын дінтану тұрғысынан талдау
Пәндер