Қасиетті Құранда сөз болатын хикаялар туралы


Діни дастандар өзінің сюжеттері, мазмұны, шығу тарихы, даму, таралу жолдары жағынан әр түрлі. Бірақ олардың барлығы идея жағынан бірігеді, ол - исламдың руханият құндылықтарын үгіттеу.
Осы бастапқы идеяны жүзеге асыру үшін діни дастандарда дүниенің исламға тән жаратылыс түсініктері, Құран мифологиясы, Шығыс пен Батыс халықтарына ортақ көне ертегілік, эпикалық мотивтер мен шығыс халықтары фольклорының типтік кейіпкерлерінің бейнелері кеңінен қолданылады. Бұл шығармалар ойдан шығарылған көркем қиял арқылы байиды. Кейіпкерлердің образдары мақсатты түрде халық танымына сәйкес тұлғаланады. Діни дастандардың 1917 жылға дейін жарық көрген және қолжазба күйіндегі үлгілерін тақырып пен мазмұнына сәйкес былайша топтастыруға болады:
1. Қасиетті Құранда сөз болатын хикаялар туралы, Ислам дінінің негіздері мен ұстанымдарын (діни ақиқаттар мен өсиеттер, тыйымдар, Құран оқу шарттары, Құдайға құлшылық ету ережелері, т. б. ) дәріптеу және оларды бұзушыларды жазалау туралы дастандар.
2. Мұхаммед пайғамбар, «мұсылманды құтқарушы» (мессия) және «әділетті төрт халифа» жайлы дастандар.
3. Әр түрлі мұсылман батырлары мен әулие, әнбиелердің өмірі, жасаған ерліктері туралы шығармалар.
4. Исламды тарату мен орнықтыру жолында дінсіздермен күресті суреттейтін туындылар.
Осы екінші топқа жататын діни дастандардың Мұхаммед пайғамбардың ісін жалғастырушы «әділетті төрт халифа» жайындағы нұсқалары да сан алуан тақырыпты қозғайды. Соның бірі - Әзірет Әлі туралы жырланған қисса-дастандар. Осы мәселеге бармас бұрын Әзірет Әлі кім, мұсылман дінінің қай бағытын ұстанатындарды шииттер дейді деген мәселеге тоқталайық.
Исламдағы шииттік бағыт Мұхаммед пайғамбардың жалғыз мирасқоры, мұсылман уммасын басқаруға лайықты имам ретінде төртінші “тақуа халиф” Әли мен оның ұрпақтарын ғана мойындайтын мұсылмандардың басын біріктіреді. “Шиа” араб тілінен аударғанда топ, партия, жақтаушылар, көмекшілер деген мағынаны білдіреді.
Шииттердің тарих сахнасына шыққан мерзімі туралы әртүрлі пікірлер бар. Шииттік дереккөздер бұл ағымның Мұхаммед пайғамбардың тірі кезінде ортаға шыққанын және Әзіреті Әлидің ұлылығын дәріптеп, соның жағында болғандардың “Әли Шиасын (партиясын) ” алға тартады. Кейбір тарихшылар шииттіктің Мұхаммед пайғамбардың өлімінен кейін Әлиді заңды халиф ретінде талап етушілердің ортаға шығарған таза саяси ағым екендігін айтады. Ал енді біреулер бұл ағымды үшінші халиф Османның өлімінен кейін пайда болған саяси әрекет деп бағалайды.
Алайда осы айтылғандардың барлығы бір қарағанда тарихи оқиғаларға сәйкес келгенімен, шииттіктің жүйелі түрде ағым болып қалыптасқан уақытын дәл көрсетіп тұрған жоқ. Шииттік шын мәнінде Әлидің ұлы Хусейннің 680 жылы Кербала деген жерде жауыздықпен өлтірілуінен кейін саяси сипаттағы жүйелі түрде ұйымдасқан ағым ретінде көріне бастады. Пайғамбардың ұрпағы, әрі сүйікті немересі Хусейннің қатыгездікпен өлтірілгендігі туралы хабар жан-жақта үлкен көтерілістердің шығуына себеп болды. Осындай дүмпулердің алғашқысы Медине қаласында Абдулла ибн Ханзала тарапынан ұйымдастырылды. Халықты өз жағына жиып алып ол Хусейннің өшін алу мақсатында халиф Язидке қарсы шықты. Медине маңындағы шайқаста халиф әскерлері оларды басып тастайды. Осы секілді шииттердің ислам тарихынан көптеген көтерілістеріне куә боламыз.
Бұл ағым - көптеген бағыттарға бөлініп кеткен өте бытыраңқы ағым. Шииттердің жіктелуі діни-саяси көшбасшылық мәселесіне байланысты қақтығысулар, алауыздықтар нәтижесінде жүріп отырды. VІІ ғасырдың өзінде-ақ шииттер ішінде екі бағыт - байыпты және радикал (шектен шыққан) шииттер қалыптасқан болатын. Олар біраз уақыт өткен соң түбегейлі өзгеріске ұшырады. Шииттердің діни доктринасының негізін қалаған Абдулла ибн Саба деп есептеледі. Ол радикал шииттердің көшбасшысы болған (VІІ ғасырдың орта шені) . Оның есімімен әрбір пайғамбардың, соның арасында Мұхаммедтің де “рухани өсиетхатын қабылдаушысы” (васи) болатындығы туралы идея байланыстырылады. Әлиді васи, яғни пайғамбардың орынбасары деп жариялау оның тегінің таңдаулы екендігіне баса назар аударады. Әлидің көзі тірісінің өзінде-ақ, оның айналасындағылардың ішінде оны құдайдай көріп, пір тұтқан адамдар кездескен. Сондай адамдардың біразын исламды теріс сенімдерден сақтау мақсатында Әлидің өзі тірідей өртетіп жіберткен жағдайлар да болған. Шииттердің діни ілімінің рәсімделу кезеңі Аббасидтер әулетінің орнығу уақытымен, яғни VІІ ғасырдың соңынан VІІІ ғасырдың ортасына дейінгі дәуірмен анықталады. Оған қастандық жасалғаннан кейін жараланып өлген Әлидің қасіретінің культі және Кербалада 680 жылы өлтірілген оның баласы Хусейннің тартқан азабы - шииттердің діни ағымға айналуына әкелген факторлар еді.
Шииттер де барлық ислам жолын ұстанушыларға ортақ бастау - Құранға иек артады. Рухани билікті Әлидің мұрагерлігіне беру туралы жалпы қағидат - имамат (қауымның жетекшілері) о бастан берілген, оны арнайы бекітуге болмайды. Нәтижесінде заңды талапкерді анықтау барысында өте күрделі, кейде, тіпті шешілместей мәселелер туындап отырған еді. Әрбір шииттік имам қайтыс болғаннан кейін оның орнын кім басатындығы туралы алауыздық басталып кететін, сөйтіп Әлидің үрім-бұтақтарының әрқайсысы өз тарапынан билікке келетін адамның мүддесін қорғайтын. Билікті берудің қағидатына қатысты көп түрлі түсініктер болғанымен де, шииттік ортада Әли әулетінің мұсылман қауымында билік етуге тікелей құқы барлығын бұлжымайтын қағида деп танитын.
Шииттер, сунниттер сияқты, Суннаны мұсылман дін ілімінің екінші көзі, бастауы деп есептейді. Өздерінің аңыздарын шииттер әдетте ахбар (хабар, мәлімет) деп атайды. Олар Мұхаммед пайғамбардың замандастарының - Әлидің қарсыластарының қалдырған аңыздарын жалған деп, мойындамайды. Шииттік ахбарлар сунниттік ахбарлармен салыстырғанда кейініректегі ахбарлар болып табылады. Олардың өзіндік канондалу үдерісі Х-ХІ ғасырларға тиесілі. Мұсылмандардың қасиетті аңыздарын жинаушы шииттік діндарлар арасынан Мұхаммед әл-Кумми (903 ж. өлген), әл-Кулайни (939 ж. өлген), Мұхаммед ат-Тусидің (1067/8 ж. өлген) аттары әйгілі.
Шииттерде, сунниттерге қарағанда, қасірет шеккенді, азап тартқан жанды пір тұту кең тараған. Дін жолында азаптану идеясына, Әли мен оның баласы Хусейннен басталған біраз шииттік имамдардың қайғылы тағдырларына шииттер баса назар аударады. Аңыз бойынша Әлидің сүйегі жерленген Неджеф қаласы, “ұлы азап тартушы” Хусейннің көмілген жері деп есептелетін тұста орналасқан Кербаладағы (Ирак) мешіт - шииттердің киелі орындары болып есептеледі, сонда олар қажылық жасайды. Шииттер табынатын тағы бір жерлер - Ирандағы Кум мен Мешхед қалалары.
Шииттік тәжірибеде кең орын алған қағидат тақия (байқампаздық, естілік, ақылдылық) - “өз сеніміңді ақылмен жасырып-жабу” қағидаты, яғни адамның жеке басының қауіпсіздігіне қатер төнген жағдайда, әлде жамағаттың ортақ мүддесін көздеу мақсатында өз дініңе, сеніміңе берік бола тұра, іс жүзінде - оған қарсы келетін нәрселер жасау мен айтуға рұқсат етіледі. Шииттер мұндайға жайдан жай жол беріп отырған жоқ. Өйткені олар - өз тарихында саны жағынан аз болып, біраз қысым көрген жандар.
Шиитер өз араларында жиырмаға жақын секталарға бөлініп кеткен. Солардың ішіндегі ірілері: кайсаниттер, зейдиттер, имамиттер, “шеткі” шииттер және исмаилиттер саналады.
Шииттер арасында Әлидің ұлдары Хасан мен Хусейннің ажалынан кейін кайсаниттер бірінші болып бөлек шықты. Олар Мұхаммед ибн әл-Ханафияны (700 ж. шамасында өлген) имам деп жариялады. Шииттердің көп бөлігі бұл сайлаудан бас тартты. Өйткені Мұхаммед ибн әл-Ханафия пайғамбардың қызының баласы емес еді. Кайсаниттер шеткі шииттерге жатады. Олар өздерінің мойнына “жазықсыз өлтірілген” Хусейн үшін кек қайтаруды жүктеген. Сондай-ақ ислам сеніміне жат болып саналатын рухтың бір денеден екінші бір денеге өтуі туралы сенімді енгізгендігі үшін кәпірлер деп саналған. Кайсаниттер Мұхаммед ибн әл-Ханафияны Мұхаммедтің пайғамбарлығының отын Әли арқылы қабылдаушы және киелі білімге иегер деп жариялады. Мұхаммед ибн әл-Ханафияның өлімінен соң оның ізбасарлары бірнеше секталар мен бағыттарға бөлініп кетті. Кайсаниттер қауымдары ІХ ғасырдың ортасына дейін тіршілік етті.
Зейдиттік ағымның негізін салушы - Хусейннің немересі Зейд ибн Әли болып табылады. Өздерінің көзқарастары тұрғысынан сунниттерге ең жақын шииттік ағым болып саналады. Олардың негізгі мақсаты Әли әулетінен тараған имам басқаратын теократиялық мемлекет құру болды. Зейд - Әлидің шөбересі, бесінші имам деп танылды. Зейдиттер Иранда, Иракта, Хиджазда, сол сияқты Йеменде де орналасқан. Аталған жерлерде олар терең тамыр жайып, өздерінің мемлекеттерін құрды. Зейдиттердің жоғары билік туралы іліміне сай, имаматқа келуге тек қана “Пайғамбар әулетінің” ғана құқы бар, яғни имамат тек Фатимадан және оның ұрпақтарынан бастау алуы тиіс делінеді. Өйткені оның үлкен ұлы - Хасанның болсын, кіші ұлы - Хусейннің болсын ұрпақтарының билікке бірдей құқы бар. Зейдиттік қауымдар біздің уақытымызға дейін жеткен және қазіргі таңда Йемен Араб Республикасының ресми мәзһабы болып табылады.
Шииттердің саны жағынан ең көп әрі байыпты қатарын имамиттер қалыптастырады. Олар Әли әулетінен шыққан 12 имамды мойындайды. Имамиттердің басқа бір атауы - иснаашариттер. Иснаашариттер - 12 имам жолын жақтаушылар. Имамиттердің имамдар “баспалдағы” келесі адамдардан тұрады:
1. Әли ибн Әбу Тәліб (Куфада 661 ж. өлтірілген) ;
2. Хасан ибн Әли (Мединеде 669ж. өлген) ;
3. Хусейн ибн Әли (Кербалада 680 ж. өлтірілген) ;
4. Әли Зейн әл-Абидин (713 әлде 714 ж. өлген) ;
5. Мұхаммед әл-Бақыр (Меккеде 732 ж. өлген) ;
6. Джафар ас-Садық (Мединеде 765 ж. өлген) ;
7. Мұса әл-Казим (Бағдатта түрмеде 799 ж. өлген) ;
8. Әли ар-Риза (Тусада 818 ж. қайтыс болған әлде у беріп өлтірілген) ;
9. Мұхаммед ат-Тақи (Бағдатта 835 ж. өлген) ;
10. Әли ан-Наки ( 868 ж. өлген) ;
11. Хасан әл-Аскари (873/4 ж. өлді) ;
12. Мұхаммед әл-Махди (873/4 ж. жоғалып кетті) .
Имамиттердің сенімі бойынша он екінші имам болып саналатын Мұхаммед әл-Махди жас кезінде жоқ болып кеткен және қайтып оралмаған. Ақырзаман жақындағанда келетін “құтқарушы (махди) ” сол болып табылады. Қазіргі кезде имамизм мемлекеттік дін түрі ретінде Иранда қабылданған, Ирактың тұрғындарының жартысына дейінгі саны - шииттер-имамиттер, олардың қауымдастықтары Ливанда, Кувейтте, Бахрейнде, Сауд Арабиясында, Иорданияда, Ауғанстанда және де басқа ислам тараған елдерде бар. Сунниттік дінбасылар имамиттерді олардың догматтық ұстанымдарының байыптылығына сай, өздеріне жақын тартады. Олардың екі арасындағы келіспеушілік имаматтың мәнін түсінуге келгенде басталады.
Шииттік исламдағы шеткері бағытты ғулат (шектен шыққан көзқарастарды ұстанушылар) деген атау алған көптеген секталар мен тарамдалған бұталар танытады. Олардың “шектен шығып кетулерін” Әлиді және оның ұрпақтарын құдайдай көрулерінен байқауға болады. Шеткі шииттер ортасында имамдарға жаратылыстан тыс күш тиесілі деген ойлар туындады. Олардың “жасырын” күйі және дінге сенушілерге құтқару міндетін өтеу үшін қайта оралуы, имамдардың көріпкелдігі, жандарының көшіп-қонып жүруі және тағы басқа ойларын мысалға келтіруге болады. Шеткі шииттер белсенділігінің шарықтаған кезі VІІІ ғасыр болған еді. Ол - халифатта әулеттік дағдарыстар мен жөнсіздік күшейген уақытқа тұспа-тұс келеді. Көп жағдайларда олар Ирак территориясында әрекет еткен.
Мұсылманшылықтың тарихына өшпес із қалдырған шииттердің басқа бір бағыты - исмаилиттер болды. Олардың тарихы өзінің бастауын VІІІ ғасырдың ортасынан алып жатыр. Шииттер арасындағы кезекті жарылыс алтыншы имам Джафар ас-Садықтың рухани билігін иемдену мәселесіне қатысты болды. Ол өз ұлы - Мұса әл-Казимді өз орнына ізбасар деп, имамиттік “баспалдақтың” жалғастырушысы ретінде тағайындап кеткен еді. Джафар ас-Садықтың таңдауын оның үлкен ұлы Исмаилдың жақтастары қабыл алмады. Имаматтың Исмаилдың ұрпақтарында қалуын жақтағандар исмаилиттер деп атала бастады. Ұстанымдары түгелдей исламға қайшы болды. Олар, діни үкімдер қара халық үшін арналған, ал ғалымдар құлшылық жасамаса да болады дейді. Құран аяттарының сыртқы мағынасы емес ішкі мәніне үңілу қажет деп санап, дінді бұрмалауға жол берді. Қазіргі таңда Сирия, Үндістан және Иранда ұстанушылары бар.
Шиитер әлемдегі бүкіл мұсылман қауымының он пайызға жуығын құрайды. Исламның бұл бағытын Иранның түгеліне жуығы, Ирактың жартысынан көбісі, Әзірбайжан, Ливан, Йемен және Бахрейн мұсылмандарының елеулі бөлігі ұстанады. Қазақстанда шииттікті әзірбайжан ұлт өкілдерінің өте аз бөлігі ұстайды.
2 Әзірет Әлі туралы жырланған қазақ қиссалары
«Әділетті халифалардың бірі» - Әли ибн Әбу Тәлиб туралы жазылған қисса-дастандардың ішінде В. В. Радловтың кітабында жарияланған «Бозторғай» дастанының орны ерекше. Өйткені мұнда «әділетті халифалардың бірі» - Әли ибн Әбу Тәлиб тұлғасы жан-жақты көрінеді. Жалпы, мұсылман қайраткерлерінің ішінде айрықша танымал болғаны да, көптеген дәріптеу шығармалардың қаһарманына айналғаны да хазірет Әли болды. Мұсылман-сүнниттер оны Аллаға берілгендік пен қайырымдылықтың жарқын үлгісі ретінде санады, қазір де солай бағалайды. Шииттер арасында оның тұлғасы бұдан да биік дәрежеде. Ол «Құдайдың құдіретін әкелуші», «таратушы», тіпті «Құдай» дәрежесінде сипатталады.
Ал халық түсінігінде, Әли - өн бойына исламның танымал қайраткерлерінің, эпикалық батырлардың және исламға дейінгі құдайлардың қасиеттерін жинақтаған кейіпкерлердің бірі.
Дастанда бір теңге алса да, мың теңге жазып қоятын өсімқорлардың шырмауына түскен белгісіз бір кедей тағдыры баяндалады. Өмірден түңіліп, үмітін үзген кедей көмек сұрап Мұхаммед пайғамбарға жалбарынады, бірақ ол да - кедей. Сонда Әли бейнесі жарыққа шығады. Ол Пайғамбардың көмек сұрағандарға қол ұшын бере алмағанына, ал маңайындағылардың қолынан келсе де, бұған көмектеспегендігіне қатты қиналып ренжиді де, кедейге көмектесуге рұқсат сұрайды. Үйіне келіп барлық киімін ақтарып, ештеңе таппайды. Содан соң Әли өсімқорларға кедейді босату үшін кепілдікке өзінің ұлдары Асан мен Үсенді қалдырады.
Сонан соң Әлидің жорыққа шығуы, дінсіздер еліне барып, оларды ақыл-парасаты арқылы жеңіп, өз балаларын да, кедейді де құтқаратын оқиғаны суреттейтін бұл дастанның мазмұны өте қызғылықты. Мұнда Әлидің адамдық қасиеттері баса көрсетіледі және өз балаларын кепілдікке беріп, қарапайым кедей үшін сапар шегуі батырлық ерлікке барабар сипатталады. Алыс сапарға шығып, дінсіздердің еліне келген соң, оларды исламға қаратады. Бірақ ол мұны ерлігімен емес, «жұмбақ айтыс» арқылы іске асырады. Шарттың мәні өте қатал: дінсіздер оған жұмбақ сұрақ береді, оны кешіктірмей шешу керек - әйтпесе өзі өледі. Әли барлық сұрақтың жауабын дәл шеше отырып, өз кезегінде дінсіздерге үш түрлі жұмбақ айтады. Үш сұрақтың төркінінде дәстүрлі формула «Биссмиллаһи рахман ир-рахим» және «Лә иләһа илла Алла» дейтін бүкіл мұсылмандар қауымының басты шарты - қағиданы (иман-калим) мойындатып, жауын жеңеді.
Мұнан кейін олар соғысудың орнына Әлиге қымбат бағалы заттар беріп, тарту жасайды. Әли оны алып, өсімқорларға береді де, өзінің балаларын босатады. Көріп отырғанымыздай, мұнда Әли - бақытсыздыққа ұшыраған бейшаралардың қорғаны. Құранды жетік білетін, шариғаттың негізін, мұсылман аңыздары мен хикаяларын меңгерген қабілетімен танылады. Ол - дархан пейілді, қайырымды, жаны жайсаң жан. Көңілі шалқар көлдей кең. Әрине, кез-келген адам өзінің туған ұлдарын белгісіз бір кедей үшін кепілдікке қалдыра алмайды. Әлидің бұл ерлігі өзінің сипаты жөнінен батырлық ерлікке барабар.
Бұл тақырыптағы бұдан басқа дастандардың айтар ойы, көркемдігі сан алуан.
Мұсылмандар, әсіресе, шииттер арасында құтқарушы (мессия) - Маһди туралы ілім, түсінік VII ғасырда пайда болған. Маһди - Алла Тағаланың нұсқауымен тура жүруші һәм тура жол көрсетуші, құтқарушы (мессия), ақырзаманды хабарлаушы. Яғни, Маһди - адам аты емес, ол титул. Ал дастанда Маһди немесе Мәди деп өзгеріп, адам атына айналып кеткен.
Жалпы, Маһди туралы ілім Құранда [«Қамар» сүресінің 6-аяты, «Мүрсәлат» сүресінің 7-аяты] тұспалмен тұжырымдалған ақыр заманның таянуы, сол уақытта Алладан жіберілген елші ретінде жер бетінде әділеттік орнату үшін «құтқарушының» келетіндігі туралы мәліметтер негізінде пайда болған. Ал хадистердің бірінде Мұхаммед пайғамбар мынадай сөздерді айтты делінген: «Бұл әлем, үмбетімді менің есімімді иеленген нәсілім билемейінше, тұрақтап тұрмақ». «Құтқарушы» Пайғамбар әулетінен шығу керектігі мұсылман дініндегі әр түрлі ағымды ұстанушылардың арасында әр түрлі мәнге ие болған. Мысалы, шииттер Пайғамбардың Әли мен Фатимадан туылған екі немересі Хасан мен Хұсайыннан басқа еркек кіндікті мирасқоры болмағандықтан, заңды билеуші Әли мен оның тікелей ұрпағы (барлығы -12) болу керек деген идеяны ұстанды. Сондай-ақ олар Әли ұрпақтарының бірінің «жоғалған имам» ретінде, Алланың еркімен жасырынғандығына, уақыты жеткенде жер бетіне «құтқарушы» бейнесінде оралатындығына сенеді.
Осы идея мұсылмандар арасында көптеген аңыз, әңгіме, қисса, дастандар туғызды. Қазақ арасында да осы тақырыпқа арналған шығармалар аз емес, солардың бірі- «Дариға қыз» дастаны. Атап айтатын нәрсе, мұнда құтқарушы Маһдидің тікелей әкесі ретінде хазірет Әли көрсетілген. Бұл дастан екі бөлімнен тұрады.
Бірінші бөлімде - болашақ «құтқарушының» «әдеттегіден тыс» жағдайда ғажайып туысы суреттеледі. Ол үшін дастан оқиғасында ерлікпен үйлену мотивінің классикалық үлгісі мақсатты түрде пайдаланылады: хазірет Әлидің еш уақытта, ешкімнен жеңілмейтін батыр, алып қыз Дариға туралы хабар алуы, оның еліне келуі мен екеуінің жекпе-жегі, батырдың қызды жеңуі, үйленуі, мерзімді уақыт өткен соң ұл тууы қызықты әңгімеленеді. Яғни, мұнда ерлікпен үйленудің ең көне түрі - кейіпкердің қалыңдығымен жекпе-жегі пайдаланылған.
Әлидің «қүтңарушы» Маһдидің әкесі ретінде дастан кейіпкері болуына бірнеше себеп болған: а) Маһди пайғамбар әулетінен болу керек, ал Әли - Пайғамбардың күйеу баласы, немере інісі; ә) Дариға секілді алып қызды тек Әли сияқты батырлардың батыры ғана жеңе алады; б) Әли - мұсылмандардың ең сүйікті кейіпкері.
Дастанның екінші бөліміндегі оқиғалар тікелей Маһди-Мәдиге байланысты өрбиді. Ол - шығарманың негізгі және басты кейіпкері. Дастан оқиғасы «жоғалған имам» туралы мұсылмандың аңызға құрылған, мұнда имамның жоғалуының себебін-«өз әкесімен білмей соғысып., соған қатты ұялғандықтан жер астына кіріп кеткен» деп түсіндіреді. Баланың әкемен соғысы көптеген халықтардың фольклорында кездесетін көне мотивтердің бірі.
Демек, дастанның оқиға өзегінде діни аңызды түсіндіру үшін көне фольклорлық сарындар (ерлікпен үйлену, күйеудің қалыңдығымен немесе баласының әкесімен жекпе-жегі) мақсатты түрде және орынды пайдаланылған.
Әли - күшті, даңқты ер. Ал Дариға сұлу одан да күшті. Бірақ оған қарамастан Әли оны жеңеді. Дариға өз күшінің басым екендігін біле тұра өзін Әлидің жеңетінін алдына ала сезеді және оған ескертеді. Ол болашақ ұлының әкесіне: «Әли, менен артық емес тіпті күшің, Аллаға жаққан екен қылған ісің», - дейді. Яғни, мұнда да Әлидің басым түсуі оның мұсылман болғандығымен түсіндіріледі.
Сондай-ақ Маһди бейнесі де барынша көтермеленіп, әсірелей сипатталады:
Айы толып Дариға толғатқанда,
Ай мен күндей боп бір ұл туды.
Мәди деп балаға қойды атты,
Бұл бала барша жаннан салтанатты!
Ол медреседе оқитын өз құрдастарымен ойнаса да басым түсетін, болашақ батыр белгілері жастайынан білінетін, әкесін іздеп ауыр жолға шығатын қайсар ұл. Жолда орасан зор бөгеттерден өтіп, айдаһарды жеңіп, батырлық эпос кейіпкері тәрізді сынақтардан өтеді. Яғни, батырға тән дәстүрлі ерліктер жасайды.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz