Әуелбек Қоңыратбаев - әдебиеттанушы ғалым



Пән: Тарихи тұлғалар
Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 72 бет
Таңдаулыға:   
уц яяҚазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі
А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті

Жеңсікбаева Назгүл

Тақырыбы: Әуелбек Қоңыратбаев - әдебиеттанушы ғалым

ДИПЛОМДЫҚ ЖҰМЫС

050117- қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша

Түркістан – 2012

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі
А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті
Филология факультеті
Қазақ әдебиеті кафедрасы

Қорғауға жіберілді:
Кафедра меңгерушісі:

_______ ф.ғ.к., доцент С.Ергөбек

ДИПЛОМДЫҚ ЖҰМЫС

Тақырыбы: Әуелбек Қоңыратбаев - әдебиеттанушы ғалым

050117- қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша

Орындаған Жеңсікбаева Назгүл

Ғылыми жетекшісі
ф.ғ.к., доц. Ергөбек
С.

Түркістан – 2012

МАЗМҰНЫ

Кіріспе
... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ..
... ... ... ... ... ... ... ... ... ..4-6

1 Ә. ҚОҢЫРАТБАЕВТЫҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ҒҰМЫРЫ ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ

1.1 Ә.Қоңыратбаевтың өмірі мен шығармашылығы
... ... ... ... ... ... ... ... ... ..7-16
1.2 Ә.Қоңыратбаев және қазақ әдебиеттану
мәселелері ... ... ... ... ... ... . ... ...17-28

2 Ә. ҚОҢЫРАТБАЕВ ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ФОЛЬКЛОРЫ МЕН ӘДЕБИЕТТАНУ ҒЫЛЫМЫНЫҢ
МӘСЕЛЕЛЕРІ

2.1 Ә. Қоңыратбаев және қазақ
фольклористикасы ... ... ... ... ... ... ... ... ... ...29-38
2.2 Әуелбек Қоңыратбаев және қазақ әдебиетінің шығыс әдебиетімен
байланысы ... ... ... ... ... ... .. ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ..
... ... ... ... ... ... ... ... ... ...38-56

Қорытынды ... ... ... ... ... ... .. ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ..
... ... ... ... ... ... ... ... ... .57-59
Пайдаланылған
әдебиеттер ... ... ... ... ... ... . ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ..
... ... ...59-61

КІРІСПЕ
Зерттеу жұмысының өзектілігі. Қазақ әдебиетінің тарихын, фольклоры мен
әдебиеттану мәселелерін зерттеу, тану мәселелерінде фольклоршы,
әдебиеттанушы ғалым Әуелбек Қоңыратбаевтың орны ерекше. Әдебиетке өлең, жыр
жазумен келген Ә.Қоңыратбаев әдебиет сынымен де, тарихымен де мол
айналысқан. Сөз өнерінің қай саласы болмасын өзінің ой-пікірі мен,
тұжырымдарын ғылыми айналымға қосып отырған. Сондықтан да болуы керек, ұлы
жазушы М.Әуезов оның Қазақтың лиро-эпостық жырлары деген кандидаттық
диссертациясына жазған пікірінде: Бұл еңбек қазақ әдебиеті тарихының әр
қилы мәселелерін зерттеу ісіне қосылған аса қымбат үлес... Біз Әуелбек
Қоңыратбаевты Қазақстанның талантты жас ғалымдарының бірі деп білуіміз
керек [1, 232], деп сол кездегі жас ғалым Ә.Қоңыратбаевтың зейінді
зерттеушілік қабілетіне жоғары баға берген.
Ғалым Ә.Қоңыратбаевтың шығармашылық жолы мен әдебиеттану ғылымындағы
еңбектерін бірнеше кезеңдерге бөлуге болады.
Алғашқы кезең 1920-35 жылдар арасын қамтиды. Бұл жылдарда оның қазақ
халқының ауыз әдебиетіне ден қоюын, Ә.Диваев секілді фольклоршының
экспедициясына қатысуы Жас қайрат, Шолпан беттерінде халық әдебиетінің
озық үлгілерін жариялауынан байқауға болады.
Екінші кезең 1935-55 жылдары аралығы. Осы аралықта Ә.Қоңыратбаев
жүзге тарта үлкенді-кішілі еңбектер жариялайды, кандидаттық диссертациясын
қорғайды. Әсіресе оның Ғылым академиясының Тіл-әдебиет институты бастырған
Абай шығармаларының академиялық басылымына (1945) түсініктемелерін,
М.Әуезовпен бірігіп жазған Қазақ әдебиетінің тарихы кітабының фольклор
бөлімін (1948, 1-т.), Қазақ совет әдебиетінің библиографиясын (1947),
академия Хабарларында жарияланған Өзбек халқының ұлы ақыны - Әлішер Навои
(1945), Орта Азияның ұлы ақындары (1948), секілді мақалаларын ерекше атап
өтуге болады.
Ғалым шығармашылығының үшінші кезеңі 1955-1965 жылдар арасында
жазылып, жарияланған еңбектері деуге болады. Осы аралықта ол Шолпанның
ақындығы (1956), Қазақтың Қозы-Көрпеш жыры туралы (1959)
монографияларын, Әдебиетті оқыту методикасын (1962), Әдебиетті оқыту
методикасының очерктерін (1966) жариялайды. Сонымен бірге ол осы кезеңде
әдебиет сынының өркендеуіне де мол үлес қосады. Қазақ әдебиетінің өзекті
мәселелері мен сын теориясына арнап көптеген мақалалар жазады. Сәкен
Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Мұхтар Әуезов, Әбділдә Тәжібаев
шығармашылықтарына қатысты, сын теориясы мен тарихын қамтитын реализм,
романтизм ағымдарына байланысты жазылған еңбектері қазақ әдебиеті сынының
өсіп-өркендеуіне, дамуына үлес болып қосылады.
Ғалым Ә.Қоңыратбаев шығармашылығының соңғы кезеңі деп 1965-86 жылдар
аралығын айтуға болады. Бұл кезеңде ғалым ежелгі түркі тайпалар мәдениетін
зерттеуге бой ұрып, бірыңғай фольклористика ғылымына ден қояды. Түркология
саласында да еңбектер берді: Түркі сөзінің тегі неде?, Орхон жазуындағы
телестер кім?, Этностар шежіресінен, Тарихшы туралы дерек, Ноғайлы
жұрты кімдер?, Ноғайлы жыры туралы сияқты көптеген ғылыми проблемалық
мақалалары, зерттеу еңбектері жарияланды. Осы жылдарда ғалым Ә.Қоңыратбаев
Ежелгі түркі тайпалар поэзиясы және қазақ фольклоры деген тақырыпта
докторлық диссертациясын қорғады. Еңбек ғалымдар тарапынан жоғары бағаға ие
болды.
Қазақ әдебиеті тарихы мен фольклорына қатысты жемісті жұмыс жасаған
үлкен ғалым Ә.Қоңыратбаевтың ғалымдық өмір жолы мен ғылыми еңбектері -
бүгінгі әдебиеттану мен фольклористика тарапынан арнайы зерттеуді қажет
ететін өзекті тақырып.
Тақырыптың зерттелу деңгейі. Ғалым Ә. Қоңыратбаевтың ғылыми мұрасы
туралы жүйелі зерттеу жұмысы әлі толық қолға алына қойған жоқ. Дегенмен
ғалым туралы аға ғалымдар, тұстастары мен шәкірттері тарапынан бірсыпыра
естеліктер, мақалалар жазылды, қазіргі уақытта да жазылу үстінде. Ғалым
өмірі мен шығармашылығына арналған ғылыми-теориялық конференциялар өтуде.
Сол секілді оның ғылыми еңбектері мен жинақтары, томдықтары жариялануда.
Әйтсе де, ғалым өмірі мен шығармашылығын дербес тақырып еткен зерттеу
еңбектері қарастырыла қоймады.
Зерттеу нысаны. Ғалымның жарияланған монографиялық зерттеулері мен
жинақтарда басылған мақалалары, диссертация жұмысы мен авторефераты, соған
қатысты еңбектер зерттеу негізіне алынды.
Зерттеу пәні. Қазақ әдебиетінің тарихы мен фольклорының, түркологияның
көкейкесті мәселелері, әлемдік әдеби байланыстар көрінісі, халықтық
әдебиеттің танымдық-эстетикалық тағылымы.
Диплом жұмысының мақсаттары мен міндеттері. Зерттеу жұмысының негізгі
мақсаты белгілі әдебиеттанушы Ә. Қоңыратбаевтың қазақ әдебиеттану
мәселелері мен фольклоры ғылымын зерттеудегі негізгі ғылыми ұстанымдары мен
ой- тұжырымдарын тану, жүйелеу және бүгінгі әдебиеттану ғылымының
дамуындағы маңызын айқындау мен бағалау болып табылады. Осы мақсатқа жету
жолында мынандай міндеттерді орындау алға қойылды:
- ғалымның ғылыми өмір жолын дәуір сабақтастығында саралау;
- ғалымның ізденіс арналарын қазақ әдебиеті тарихы мен әдебиеттану
мәселелерін зерттеудегі өзіндік дүниетанымы мен көзқарасының қалыптасуын
анықтау;
- ғалымның негізгі ғылыми бағыттарын айқындау және жүйелеу, оның
негізділігі мен өміршеңдігін таныту, сондай-ақ бүгінгі фольклортану
ғылымының дамуындағы орны мен маңызын көрсету;
- қазақ әдебиетінің шығыс әдебиетімен байланыста даму үдерісін
саралаған, қазақ қисса-дастандарын тақырып табиғаты, жанрлық ерекшелігі
тұрғысынан зерделеген еңбектерінің әдебиеттану ғылымындағы жаңалығы мен
негізгі қорытындыларын айқындау.
Диплом жұмысының ғылыми жаңалығы. Белгілі әдебиеттанушы ғалым Ә.
Қоңыратбаевтың ғылыми мұрасы алғашқы рет арнайы, жан-жақты зерттеу нысанына
айналып отыр; ғалымның ғылыми өмір жолын дәуір сабақтастығында сараланды;
ғалымның ізденіс арналары қазақ әдебиеті тарихы мен әдебиеттану мәселелерін
зерттеудегі өзіндік дүниетанымы мен көзқарасының қалыптасуы анықталды;
ғалымның негізгі ғылыми бағыттары айқындалып, жүйеленіп, оның негізділігі
мен өміршеңдігі, сондай-ақ бүгінгі фольклортану ғылымының дамуындағы орны
мен маңызы көрсетілді; қазақ әдебиетінің шығыс әдебиетімен байланыста даму
үдерісін саралаған, қазақ қисса-дастандарын тақырып табиғаты, жанрлық
ерекшелігі тұрғысынан зерделеген еңбектерінің әдебиеттану ғылымындағы
жаңалығы мен негізгі қорытындылары айқындалды.
Зерттеу әдістері. Ә. Қоңыратбаевтың ғылыми мұрасын зерттеуде талдау,
жинақтау, салыстыру-салғастыру, қорыту әдістері қолданылды.
Диплом жұмысының ғылыми-тәжірибелік мәні. Зерттеуде белгілі
әдебиеттанушы ғалым Ә. Қоңыратбаевтың ғылыми мұрасы ғылыми тұрғыдан
қорытылған. Еңбектің қазақ фольклоры мен әдебиет мәселелері, қазақ
әдебиетінің шығыс әдебиетімен байланыста даму үдерісі мен қиссалардың
тақырыптық және жанрлық тұрғыда тууы, қалыптасуы жайларын тануда маңызы
зор. Алдағы уақытта қазақ әдебиетінің тарихы мен фольклористикасының өзекті
жайларын қарастыратын зерттеулерде ғалымның қорытылған ғылыми ой-
тұжырымдарын пайдаланудың теориялық-практикалық маңызы жоғары.
Диплом жұмысының құрылымы. Зерттеу кіріспеден, негізгі екі тарау мен
қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

1 Ә. ҚОҢЫРАТБАЕВТЫҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ҒҰМЫРЫ ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ

1.1 Ә.Қоңыратбаевтың өмірі мен шығармашылығы
Бүгінгі қазақ әдебиеттану ғылымын зәулім биік сарайға теңесек, оның
қазығын қағып, іргетасын құйғандар Ш. Уәлиханов [2], А. Байтұрсыновтар [3]
еді де, қабырғасын қалап, биікке көтерген М. Әуезов [4], X. Досмұхамедов
[5], С.Сейфуллин [6], С. Мұқанов [7], Е. Ысмайылов [8], Б. Кенжебаев [9],
Қ.Жұмалиев [10] сынды арыстар болды. Осы бір тегеурінді топтың қатарында
Әуелбек Қоңыратбаев [11] та көрінді. Қазақ әдебиетінің барлық саласында
дерлік қалам тартқан Ә.Қоңыратбаев қытымыр заманда өмір сүріп, қыспағына
көп ұшырағанына қарамастан артына мол мұра қалдырды. Оның қаламынан шыққан
поэзиялық, прозалық, аудармалық, сыни- зерттеушілік, ғылыми, ғылыми-
әдістемелік еңбектер кеңестік кезеңде жазылғанымен де күні бүгінге дейін
өзінің маңызын жойған жоқ. Керісінше, халқына адал еңбек еткен абзал
азаматтың бүкіл шығармашылық қызметінен ұлттық мүддеге қызмет етудің асқан
бір үлгісі көрінеді. Ұлттық мәдениет атаулыға қырындау қарайтын кездің
өзінде де халқының рухани мұрасын игеруде ерен еңбек сіңірген ұлтжанды
азаматтың, қайтпас қайсар тұлғасы көз алдыңызға келеді.
Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, жазушы Ғабит Мүсірепов Әуелбек
Қоңыратбаевтың 80 жылдық мерей тойына орай: Құрметті Әуелбек! Туған
әдебиетіміздің ардагері және қазақ халқының ежелгі тарихын зерттеуші
білікті ғалым ретінде сені 80 жасқа толу мерекеңмен шын жүректен
құттықтаймын! Сен нағыз ғалымға тән қарапайымдылықпен өз еңбектеріңді
бастыруға жан –тәніңді салмасаң да, өз басым сені Әлкей Марғұланмен иық
тірестіріп тұрған ғұлама ғалым деп санаймын. Саған әлде де мол жігер,
творчестволық табыстар тілеймін. Қаламгердің шашы түсіп, қартаюының басты
себебі – жұмыссыздық екенін ұмытпағайсың. Достық сәлеммен – Ғабит
Мүсірепов [12, 3], - деп құттықтау телеграмма жолдаған екен. Ғалым
Ә.Қоңыратбаев - өз замандастарынан осындай жоғары баға алған білікті, ойлы
ғалым, өнегелі ұстаз.
Ә.Қоңыратбаев - Қазақстанның саяси-әлеуметтік, мәдени өсу-өркендеу
жолында көрнекті әдебиет сыншысы, фольклоршы, түрколог әрі педагог ретінде
елеулі еңбек сіңірген ғалым. Әсіресе әдебиеттің аз зерттелген көне тарихы
саласында ол көбірек танылған көрнекті ғалымдарының бірі. Сондықтан да
қазақ әдебиеті туралы ғылымды қалыптастырған С.Сейфуллин, М.Әуезов,
С.Мұқанов, Е.Ысмайылов, Қ.Жұмалиев, Б.Кенжебаев, Ә.Марғұландармен қатар
филология ғылымдарының докторы, профессор Ә.Қоңыратбаевтың шығармашылық
орны әрқашан сақтала береді.
Ә.Қоңыратбаев көрнекті түрколог, фольклоршы әрі сыншы ретінде өз
өмірінің үлкен бөлігін ұстаздық қызметке бағыштап, халық ағарту ісіне мол
үлес қосқан ұстаз. Ол кеңес дәуірінде Қазақ ССР және СССР Халық ағарту
ісінің озық қызметкері атақтарына ие болған, Құрмет Белгісі
ордендерімен, бірнеше медальдарымен, Қазақ ССР Жоғарғы Советінің Құрмет
грамотасымен марапатталған.
Ә. Қоңыратбаев 1905 жылы 10 қыркүйекте Қызылорда облысы Шиелі ауданының
Керделі аулында туып, өскен. Ауыл мектебінде, кейінірек Тәшкен қаласындағы
№5 балалар үйінде тәрбиеленген ол 1918 жылы қаладағы педучилищеге түсіп,
оқиды. Осында жүргенде С. Қожанов, М. Жұмабаев, Ж. Аймауытов, X.
Досмұхамедов сияқты алаш азаматтарымен аралас-құралас болады. Училищені
бітірген соң мектептерде мұғалім бола жүріп, Шолпан (редакторы - И.
Тоқтыбаев), Ақ жол (редакторы - С.Қожанов) сияқты газет-журналдардың
жұмыстарына араласады. 1922- 1924жж. Тәшкендегі алғашқы жастар газеті Жас
қайратты (кейіннен Лениншіл жас) шығарысады.
Қызылорда округтық ауаткомының жауапты хатшысы (1925), Сыр бойы
газетінде партия бөлімінің меңгерушісі (1929), Арал аудандық Екпінді
балықшы газетінің, республикалық Колхоз газетінің редакторы (1930)
болады. 1932-1934 жж. Мәскеудегі Бүкілодақтық журналистика институтында
(ВКИЖ) оқиды. 1934- 1937 жж. БК(б)П Қазақ өлкелік комитетінде нұсқаушы
болып қызмет істейді. Ол 1938 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық
институтының филология факулыетіне оқуға түсіп, бітіріп шығады.
Әуелбектің бүкіл саналы ғұмыры билік тарапынан саяси қуғын көрумен
өткен. 1934 жылы Ленинградта Киров атып өлтірілген соң Сталиннің тікелей
нұсқауымен ішкі жауларды әшкерелеу науқаны басталғанда осындағы
журналистика институтында оқып жүрген Ә. Қоңыратбаев та оппортунист
ретінде айыпталып, партия қатарынан шығарылады. Осы кезден бастап
Ә.Қоңыратбаев саяси жағынан сенімсіз адам ретінде ылғи да аңдуда, қуғын-
сүргінде жүрді.
Қоңыратбаевтар әулеті үшін, әсіресе, 1937 жыл өте ауыр болды. Бір үйден
шыққан Қоңыратбайдың үш бірдей баласы Қалжан, Әуелбек, Әлібек НКВД-ның
қолына түсіп, тергеуге алынды. Сол жылы желтоқсан айында Қалжан мен Әлібек
Қоңыратбаевтар халық жауы аталып, атылу жазасына кесілді. Ағасы Қалжан
ұлтшылдықпен, алашордашылықпен, Сұлтанбек Қожановпен байланыста
болғандықпен, ел арасында алашордалық және пантүркілік әдебиеттер таратқаны
үшін айыпталған. Әлібек Қоңыратбаев (Жұлдыз журналында бөлім меңгерушісі,
1934 жылы Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының хатшысы. 1934-1937
жылдары Қазақ Мемлекеттік баспасында оқу құралдары бөлімінің меңгерушісі
болған, бірнеше оқулықтардың авторы, белгілі әдебиет сыншысы, антикеңестік,
ұлтшылдық, террорлық диверсиялық, шпиондық-көтерілісшілдік,
контрреволюциялық жұмыстарға белсене қатысқандығы, Қазақстанды КСРО-дан
бөліп әкетуді, орнына ұлтшыл-буржуазиялық мемлекет орнатуды
ойластырғандығы үшін жазаланған. Сөйтіп, ағайынды әдебиетші
Қоңыратбаевтардың үшеуі бірдей ұлтшылдықпен жауапқа тартылып, екеуі ату
жазасына кесіліп, біреуі - Әуелбек қойылған кінәлар толық
дәлелденбегендіктен де қамаудан босанын шығады. Босанып шыққанымен де ол
көп жылдар бойы тиісті органдардың бақылауында жүреді. Саяси сенімсіз адам
ретінде оған Алматыда қызмет істеуге жол жабылады. Бір жағы осындай
себептермсн, екінші жағынан, салпаңқұлақтардан бой тасалау үшін ол 1938-
1940 жылдары Алматы облысының Жаркент, Қоғалы аудандарында мектеп мұғалімі,
1940-1941 жылдары Түркістандағы мақта зауытының кадр бөлімінің бастығы,
Кентаудағы орта мектеп оқытушы болған. 1941-1942 жылдары Совет Армиясы
қатарында әскери қызметін өтеген соң, Қарақалпақстан мектептерінде (1942-
1944) істеген. 1944 жылы елге оралып, Қазақ ССР Ғылым академиясының
аспирантурасына түседі. Кейіннен Тіл-әдебиет институтында аға ғылыми
қызметкер, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарады. В.М.Жирмунскийдің
жетекшілігімен Қазақтың лиро-эпосы тақырыбындағы кандидаттық
диссертациясын қорғайды. Ә. Қоңыратбаев осы жылдары ҚР Ғылым академиясы Тіл
және әдебиет институты дайындаған Қазақ әдебиетінің тарихы [13] атты
жинақтың Қазақтың лиро-эпосы (М. Әуезовпен бірге) және Кенесары
көтерілісіне арналған Наурызбай -Қаншайым дастаны туралы тарауларын
жазысады.
Соғыс жылдарында кеңес халқының жауға деген өшпенділігін, отаншылдық
сезімін ояту, тәрбиелеу міндеттері тарихты зерттеуге біршама жол ашқандай
болды. Өткен замандарда жасалган үлкенді-кішілі қайраткерлердің,
батырлардың елін сыртқы жаулардан қорғап қалған ерен ерліктерін
насихаттаған, зерттеген біршама еңбектер көрінді. Ғылым академиясы орыс
ғалымдарымен бірлесе отырып, бір томдық Қазақ ССР-інің тарихын шығарды.
Онда Кенесары-Наурызбай көтерілісі - ұлт-азаттық қозғалысы деп сипатталды.
Қазақ әдебиетінің тарихы тереңдеп зерттеліне бастады. Қазақтың жерін сырт
дұшпандардан қорғаған Алпамыс, Қобыланды, Ер Едіге, Ер Сайын, Ер Көкше, Ер
Шора сияқты батырлар туралы жыр-дастандар басылып шығып, елдің рухани
игілігіне айналды. Қазақ тарихының зерттеле бастауымен қатар мол
фольклорлық әдеби мұраны игеру істерінде де қыруар жұмыстар жасалынды.
Міне, осы бір ұлттық мәдени мұраны төкпей-шашпай жинап алу, зерттеу, кітап
қылып бастырып шығару жұмыстарында М. Әуезов бастаған ғалымдармен бірге Ә.
Қоңыратбаев та елеулі еңбек сіңірді. Бірақ та бұл процесс ұзаққа созылмады;
жауды жеңген соң, идеологиялық жұмыстардың алдына енді мүлдем жаңа
міндеттер койылды. Әр халықтың өзінің тарихын, мәдениетін, әдебиетін біліп,
ұлттық рухта тәрбиеленуі коммунистердің алдына қойған біртұтас совет халқын
тербиелеу, пролетарлық принципке негізделген коммунизм, анығын айтқанда
жаңа коммунистік отаршылдық жүйені әлемдік ауқымда орнықтыру принциптеріне
қайшы келген еді.
Соғыс аяқталған соң-ақ СОКП ұлттық атаулыға қарсы күреске шақырып, оның
қай бағытта жүруі тиіс екендігіне бағыт-бағдар беріп отырған қаулы-
қарарларды қойша тоғытты. Звезда және Ленинград журналдары туралы
Мәскеу қабылдаған каулыдан бастау алған мұндай нұсқаулар жер-жерлерде катаң
басшылыққа алынып отырды. Мәскеуде жел тұрса, Қазақстанда дауыл тұрадының
кейпіндегі республикадағы жағдай мүлдем ушыға түсті. Мәскеуден берілген
нұсқауларды орындау мақсатымен Қазақстан компартиясының Орталық Комитеті де
іле-шала бірнеше қаулы қабылдап, сұрапыл науқанды бастады да жіберді. Бұл
қаулылардың бағалауынша, фольклорлық-әдеби мұраны игеруге байланысты осы
уақытқа дейінгі атқарылған жұмыстардың барлығы дерлік идеялық жағынан
дәйексіз орындалған деп табылды. Енді қазақ әдебиетінің тарихын зерттемек
түгілі, оны зерттеуші ғалымдар түгелдей қуғынға түсті. Тіпті атақты М.
Әуезовтің өзіне де қауіп төніп, Мәскеу асып, бой тасалай тұруына тура
келді. Ал Ә. Қоңыратбаев болса, саяси айыптаулардың астында қалды.
ВКП(б) Орталық Комитетінің 1946 жылғы Звезда және Ленинград
журналдарына байланысты идеологиялық нұсқауларын жүзеге асыру мақсатымен
Қазақстан Компартиясының Орталық Комитеті Қазақ ССР Ғылым академиясының
Тіл және әдебиет институтының жұмысындағы өрескел қателіктер туралы [14]
арнайы қаулы қабылдап, онда қазақ әдебиеттану ғылымының көшбасшылары
түгелдей ұлтшылдықпен айыпталды. Е.Ысмайылов, М.Әуезов, Т.Нұртазин,
Б.Кенжебаев, Ә.Мәметовалармен бірге Ә. Қоңыратбаевқа да саяси жағынан
сенімсіздік танытты. Сол кездегі баспасөз бетін қаптап кеткен қаралағыш
материалдардың ішінде Әуелбектің есімі де жиі көрінді. Қазақстан
Компартиясының орталық органында Ә. Қоңыратбаевты идеялық-саяси жағынан
талқандау мақсатымен арнайы мақала жарияланды. Онда Қоңыратбаев
мақалаларында парсы ақындарының бәрі үлгілі, бәрі классик болып
көрсетіледі... Рудаки, Руми сияқты кертартпа, діни сопы ақындарын дәріптеп,
үлгі қып тартады... Оның қалауынша, біздер, кеңес адамдары, бетті шығысқа
бұруымыз керек [15] деген жолдар бар. Ғалым буржуазиялык ұлтшылдық
былықтарды тарихқа енгізуге тырысқан... Мұның негізі - қазақтың бұрынғы
феодалдық құрылысын дәріптеу, откен дәуірдің түрлі өкілдерін мақтап, кейбір
реакцияшыл элементтерді ақтап алу, яғни өткен замандарда жасалынған әдеби
мұраны ескішіл, ұлтшыл ақын-жырауларды насихаттап, ұлтшылдықка ұрынды деп
айыпталды.
Саяси жағынан сенімсіз Әуелбек 1947 жылдың соңына қарай Қызылордаға жер
аударылады. Қызылорда пединститутында аға оқытушы болып істеп жүрген
Ә.Қоңыратбаевқа 1951 жылы Е. Бекмахановтың ісі бойынша (Кенесары) тағы да
саяси қателіктер тағылып, ұстаздық қызметінен қуылады. Сөйтіп бұрын Ғылым
Академиясында бөлім басқарған білікті ғалым, филология ғылымының кандидаты
Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Төменарық аулындағы бастауыш мектепте
мұғалімі болып жұмыс істейді. 1953-тің көктемінде Сталин қайтыс болған соң,
саяси өмірде жылымық басталады. Ә.Қоңыратбаев та өзі бұрын жұмыс істеген
Қызылорда педагогикалық институтына қайта оралып, өзінің ұстаздық-ғылыми
қызметіне қайта кіріседі.
Әуелбек ұзақ жылдар бойы (1948-1951 және 1955-1986) осы пединститутта
жемісті жұмыс жасап, болашақ филолог ұстаздарды тәрбиеледі. Оның алдынан
кейіннен елімізге танымал болған филолог ғалымдар білім алып шықты. Ол бір
жағынан шәкірттерге дәріс оқи жүріп, екінші жағынан қазақ филологиясына
елеулі үлес болып қосылған әдебиеттану саласындағы ғылыми ізденістерін
жалғастырды. Ғылым саласында ұзақ жылдар бойы төгілген тер Әуелбек
Қоңыратбаевты қазақ әдебиеттану ғылымының аса көрнекті өкілдерінің қатарына
қосты.
Қоңыратбаевтың Шолпанның ақындығы (1956), Қазақтың Қозы Көрпеш
жыры туралы (1959), Жеті алып (поэма, 1959), Әдебиетті оқыту
методикасының очерктері (1962), Сұр көжек (балаларға арналған әңгімелер
жинағы, 1963), Әдебиетті оқыту методикасы (1966), Эпос және оның
айтушылары (1975), Шеберлік сырлары (1979) т.б. еңбектері көзі тірісінде
жарық көрген. Ал Қазақ эпосы және тұркология (1987), 4-7 кластарда
әдебиетті оқыту методикасы (1987), Керуен (әңгімелер, естеліктер, 1989)
т.б. кейіннен басылып шықты.
Ғалымның еңбектері негізінен қамтылып, Ә. Қоңыратбаевтың жүз жылдығына
орай шыққан он томдық шығармалар жинағы қазақ әдебиеттану ғылымында елеулі
оқиға болды. Бірінші том ауыз әдебиеті, екінші түркітану және шығыстану,
үшінші әдебиеттің тарихы, төртінші әдеби сын, бесінші Шолпан, Абай, Мұхтар
жайлы, алтыншы педагогика саласындағы еңбектерге, жетінші көркем
шығармаларға, сегізінші аудармаларға, тоғызыншы түрлі ғылыми мақалаларға,
оныншы эпистолярлық жанрларға арналған. Осыдан-ақ сан-салалы ғалым
шығармашылығының қазақ әдебиеттану ғылымында алатын биік орны мен мән-
маңызы анық көрінеді. Ғалымның хаты өлмейді. Ә.Қоңыратбаев қалдырған мол
мұра туған халқының рухани игілігіне айналуда.
Әуелбек Қоңыратбаев шығармашылық жолын өлең жазудан бастаған. Оның
тырнақалды тұңғыш өлеңі Жастарға 1921 жылы Тәшкенде Сұлтанбек Қожановтың
редакторлығымен шығып тұрған Ақ жол (27.12.1921) газетінде жарияланыпты.
Тәшкендегі Қазақ ағарту институтының (Казинпрос) бірінші курс студенті:
- Шықты күнің жаңа талап, жастарым,
Келді кезек айылыңды алға бастағын.
Бас көтеріп төңірекке қарасаң,
Ауыр халде тұрғандайын шақтарың...
Ал, жастарым, ұранынды аш, еркің бар,
Кетті өтіп, қысып тұрған заман тар.
Төсек жай да, алашыңды халық қыл,
Әрине, бұл - міндеттерің үлкен ар, - деп жар салады.
Бес шумақ өлеңнен болашакқа алабұртқан үлкен ойлармен ұмтылған ұлтшыл,
алашшыл жас жігіттің ақындық арыны, биік парасат-пайымы анық көрінеді.
Кейін Ақ жолдың бетінде оның Ардақты ата-анама (25.12.1921), Қоғам
(1.01.1922) атты өлеңдері жарияланды. Сырласу, Болады сәуле, Күленда,
Теңдік жолы, Төгілген гүл, Ана мен бала, Жұқсыз, Сырласу, Тарғын
үйленгенде сияқты өлеңдерінде жаңа заманды, отанға, елге, жерге деген
сүйіспеншілікті, махаббатты жырлаушылық бар. Бұл өлеңдерінен Абайға,
Мағжанға еліктеушілік, алашшылдық сарын байқалады.
Поэзия саласындағы көлемді туындыларынан Қыз бәйгесі (аңыз), Жеті
алып (ертегі), Шардара жыр-дастандары белгілі. Қыз бәйгесінде
Қорқыттың шәкірттері Қойшыбай, Қойлан, Долан туралы аңызды жырлайды. Ертеде
Арыстан хан ұлан-асыр той жасайды. Байлығына мастанған хан ат бәйгесіне қыз
тігеді. Ол қыз Арубике Қойшыбай күйшінің сүйгені-тұғын. Сонда әрі күйші әрі
бағыр Қойлан бәйгеге қосатын тұлпары жоқ, қобызының бір қылып ақ терекке
байлап қойып, қобызының жалғыз қолымен аңыратып күй тартады. Күй
құдіретімен Андағайлап жел тұрып, құйын ойнап, Күн күркіреп, үстінде үй
шайқалды. Бір кезде қобыз теректі жұлып алып, бәйгенің алдында келеді.
Арубике азат болып, Қойшыбайына қосылады. Ер Долан домбырасына үкі тағыл,
қоңыр күйді қоздатады. Бозторғай күйі осылайша туыпты.
Қыз бәйгесін оқып отырғанда, Мағжанның Қойлыбайдың қобызы дастаны
еске оралады. Онда да Қойлыбайдың қобызы бәйгеден озып келеді. Азын-аулақ
айырма бар. Мағжанда бас кейіпкер күйші Қойлыбай болса, Әуелбекте - Қойлан,
қобыз Мағжанда сексеуілге байланып қойылса, Әуелбекте - терекке. Мағжанда
Қойлыбай күйші бақсы болса, Қыз бәйгесінде - күйші әрі батыр. М.Жұмабаев
Қойлыбайдың елін қалың найман ішіндегі Бағаналы деп көрсетсе, Әуелбекте
Табыр делінген... Екі автор бір аңызды өздерінше екі түрлі жырлаған.
Мағжанда соңында ой түйіні жоқ, оқиғаны суреттеумен ғана шектелсе, Қыз
бәйгесі домбырашы болғай-ды әрбір балаң деген тілек жолмен аяқталған.
Қойлыбайдың қобызы жиырмасыншы жылдардың басында жазылса, Қыз
бәйгесі 1959 жылы жарияланған. Мағжанның оқиға желісін Шоқаннан алғаны
белгілі. Ал Әуелбек тақырыпты Мағжаннан алды ма, немесе Шоқанның деректерін
пайдаланды ма деген сауал туындайды. Әуелбек Мағжанның атақты поэмасымен
таныс болған, болмағанына дәлеліміз жоқ. Бірақ та екі туындыны салыстыра
қарағанда Ш. Уәлихановтың Тәңірі деген мақаласындағы Қойлыбай бақсы
жөніндегі мәліметтерді Әуелбектің толығырақ пайдаланғандығы байқалады.
Мағжанда бір үлкен тойдың бәйгесінде Қойлыбайдың қобызы озып келгендігі
жырланса, Ә. Қоңыратбаев Арыстан ханның той жасап, мастанған хан бәйгеге
қыз тіккені, ол қыздың Қойшыбай күйшінің сүйгені болғаны, бәйгеге тігілген
кедей қызы Арубикені әрі күйші, әрі батыр Қойланның қобызы озып келіп,
құтқарғаны, екі ғашық Қойшыбай мен Арубикенің қосылғаны, күйші Доланның
шаттықпен күй тартқанын суреттейді. Осыларға сүйене отырып, Әуелбек
дастанға өзек болған оқиғаны Ш.Уәлихановтан алған деуге болады.
Шардара жыры - Әуелбектің поэзиялық туындыларының ішіндегі ең
көлемдісі. Поэманың сюжеттік кұрылымы да өзгеше. Әдеттегідей, мұнда бір
ғана оқиға төңірегінде емес. Автор Шардара теңізінің жасалуын жағымды
жағынан тілге тиек ете отырып, осы өңірдің терең тарихына көз жібереді. Әр
кездерде түрліше аталған екі өзен Жейхүн-Сейхүн, Окс-Яксарт, Әму-Сыр
бойында, одан қалды Тұран, Түркістан өңірінде не бір ықылым замандарда
өткен елеулі оқиғаларга шолу жасап, қазақ даласының тарихи бейнесін
жасайды. Сыр елінің бұрынғысы мен қазіргісін салыстыра отырып, бүгінгі
өміріне сүйсінеді. Шардара теңізі салынған соң келген сумен жанданған Сыр
өңірінің бұлбұлдары сайрай беретініне сенімді.
Қоңыратбаев прозашы ретінде де бірсыпыра кітаптар шығарды. Тулаған
Сыр - аяқталмай қалған романы. Шығармада автордың өзі жақсы білетін ағасы
Қалжан Қоңыратбаевтың басынан өткен оқиғаларды суреттеу арқылы аласапыран
кезіндегі Сыр елінің көрінісін көркем бейнелеу мақсат тұтылған. Романның әр
тарауы жеке әңгімедей оқылады. Олардың кейбіреуі кезінде жеке күйінде
баспасөз бетінде жарияланған.
Қаламгер Жаңа жұртта, Түстіктегі майданда, Жұлдыз бұзау,
Жылтырбай, Жұмақ саудасы сияқты көптеген әңгімелер жазған. Тақырыптық
жағынан келгенде оның әңгімелеріне Азамат соғысынан бастап, қазіргі ауыл
өмірі, адамгершілік қарым-қатынас мәселелері өзек болған. Әуелбек балаларға
арнап бірсыпыра әңгімелер жазды. Оның Жеті алып (1959) дастаны мен Сұр
көжек (1963) атты балаларға арналған әңгіме жинақтары жарық көрген. ұзақ
жылдар ұстаздық қызмет атқарған Әуелбек бала психологиясын жақсы біледі.
Сондықтан да оңың көлемі жағынан қысқа, айтары нұсқа болып келетін
әңгімелері оқушылардың жүрегінен шығып жатады. Қаламгер бір перделі жеті
көріністі Бәрсиса атты фантастикалық пъеса жазып, қалам қарымын
драматургия саласында да байқап көрді.
Ә. Қоңыратбаевтың өмір жолында көп жылдар бойында қызметтес, пікірлес,
тағдырлас болған, тікелей тәлім-тәрбиесін, ағалық қамқорлығын көрген
ұстаздары мен достары аз болмаған. Өмірдің біраз белестерінен өтіп, ыстық-
суығын көп керген Әуелбек өзі көрген, аралас-құралас жүрген қоғам,
мәдениет, әдебиет, ғылым қайраткерлерінің еліне еткен еңбегін, жеке
бастарының қадірлі қасиеттері мен ерекшеліктерін үлгі ретінде кейінгі
ұрпаққа айтып кетуді өзіне парыз санаған. Қалжан Қоңыратбаев (Ағартушы
азамат), Ғани Мұратбаев (Ғани тәрбиесінде), Мұхтар Әуезом (Тәшкендегі
кездесу), Сұлтанбек Қожанов, Әбу Құдабаев (Ақмешіт-астана), Әлібек
Қоңыратбаев (Сұрапыл жылдар), Қажымұқан Мұңайтпасов (Бахадүр палуан),
Иманжүсіп (Иманжүсіп) т.б. жайлы жазған әссе-естеліктерінің танымдық,
тәрбиелік маңызы зор. Оқырман бұлардан қазақтың біртуар азаматтары жайлы
мол мағлұматтар ала алады.
Ә. Қоңыратбаев - тәжірибелі аудармашы. Ол, әсіресе, отызыншы жылдарда
А.С.Пушкиннің, М.Ю.Лермонтовтың Т.Г.Шевченконың т.б. өлеңдерін қазақ тіліне
аударып көзге түсті. Қоңыратбаевтың ақындық арыны ол жасаған көркем
аудармаларынан да көрінеді. М.Ю. Лермонтовтың Иван патша Васильевич,
Опричник және ержүрек көпеш Калашников туралы жыр, Демон поэмасына
арнау, Отан, Мен басқа, Байрон басқа, Новгород, Палестина бұтағы,
Гладиатордың ажалы, Көрші қыз, Менің тілегім, Қайыршы, Ақынның
өліміне, Үш құрма, Өсиет өлең-жырларын және М.А.Бедилдің Комде мен
Модан дастанын қазақша бояуын солғындатпай жырлады.
Әуелбек проза саласында да аудармалар жасап, өзінің кәнігі тәржімашы
екендігін танытты. Н. Тихоновтың Вамбери повесін, Д.Н. Мамин-Сибиряктың
қазақ тақырыбына жазылған шығармаларын қазақ тілінде сөйлетті. Ә.
Қоңыратбаевтың прозалық аудармалары негізінен қазақ немесе шығыс тақырыбына
қатысты болып келеді. Осы ретте қазаққа ежелден таныс Тотынама ертегілері
мен түркі халықтарының біразына ортақ Қорқыт ата кітабын аударуы - қазақ-
шығыс әдеби байланыстарындағы елеулі оқиға. Сондай-ақ, арабтың Кәлилә мен
Димнәсын да қазақшалаған. Көркем аудармамен біршама айналысқан Әуелбектің
жарық көрмей жатқан тәржіма туындылары болуы да мүмкін.
Шығармашылық жолын жиырмасыншы жылдарда өлең жазудан бастаған Ә.
Қоңыратбаев отызыншы жылдары публицистикаға қарай ойысып, қоғамдық-мәдени
өмірдің түрлі мәселелерін көтерген мақалалары баспасөз бетінде жиі көрінді.
Әдебиетке жаны жақын жас жігіт Б. Майлиннің Шұғасы төңірегіндегі
пікірталасқа катысып, тырнақалды сын мақаласын жариялайды [16]. Одан
кейінгі кездерде Сын туралы бір-екі сөз (Қазақ әдебиеті 10.01.1936),
Шахнама және оның аудармасы туралы (Социалистік Қазақстан,
14.02.1936), Идеалы кіршіксіз көркем шығарма жасайық (Қазақ әдебиеті,
24.03.1936) т.б. мақалаларын жариялап, әдеби өмірде өзіндік беті, өзіндік
мінезі бар білімді сыншы ретінде таныла бастады. Ә. Қоңыратбаев өзінің
әдебиеттегі алғашқы қадамынан бастап көркем шығармадан өскелең өмір
шындығын, көркемдіктің биік дәрежесін, әдебиеттің халықтығына үн қосудың
өмірлі ырғасын іздеп, әстетикалық шоқтығы биік міңдетке бастайтын сын
жолына түсті [17].
Әуелбек әдеби өмірдегі сынның атқарар қызметіне айрықша орын берді. Сын
жоқ жерде өсу де жоқ деп білген ол осы мәселеге арнап бірнеше мақала жазды.
Ол Сынның мақсаты жеке шығарма, автор мүддесі емес, әдебиет, үлкен өнер
мүддесін қорғау, оқыту, үйрету, көркемдіктің мінсіз биігіне бастау... Сын
ой зардабына негізделетін болсын... Әдеби сынның күйін жақсарту - басты
борыштың бірі [18, 103] - деп білді. Ал, әдеби сынның өз міндеттерін
ойдағыдай орындай алмау себептерін а) сын тарихының жазылмауы, ә) соның
жақсы-жаман жақтарын екшеп, бұрынғы кемшіліктерді қайталамастай ете білмеу,
б) әсіресе ҚазАГТП социологиясы мен кейінгі догматикалық сынның теориялық
концепцияларын әстетика тұрғысынан жинақтап, сынай білмеу, в) көркем сапаға
бөгет болған жайларды жаба тоқу, г) сындағы эмпиризм, д) әдебиеттану
ғылымына келгенде, сыншыл реализм мен социалистік реализм арасындағы
жалғастықты бұрмалау, е) фольклор мен бүгінгі әдебиет арасындағы байланыс
проблемасына тереңірек үңілмеу, ж) әдеби тілдің аз зерттелуі сияқты
белгілер. Сайып келгенде, мұның бәрін сынның теориялық дәрежесінің
төмендігінен деп білеміз [18, 416] - деп, қолмен қойғандай, жіліктеп,
нақтылап береді.
Әрине, Ә. Қоңыратбаевтың әдеби сын мақалаларының барлығы дерлік мінсіз
деуден аулақпыз. Қазақ әдебиетінің негізгі арқауы мен алтын қазығы -
көсемдер образы болып отырады. Кеңес өкіметі дәуірінде қайта туып, ер
жетіп, есеге толған, гүлденген қазақ халқының әдебиеті мен халық поэзиясы
біздің түрі ұлттық, мазмұны социалистік жаңа мәдениетіміздің де тамаша
табысы, ұлт санасының жемісі [18, 58] - деген сияқты замана табын
байқататын тұжырымдар Әуекеңде кездеспей қалмайды емес, кездеседі. Өйткені,
Ә.Қоңыратбаев та - өз заманының азаматы. Ол кеңестік дәуірде өмір сүріп,
тәрбиеленіп, білім алып, қызмет етті. Әуелбектің де өз қоғамының
ықпалынсыз, тысқары өмір сүруі мүмкін емес еді. Солай бола тұра, Ә.
Қоңыратбаевтың әдеби өмір, көркем әдебиет жайлы айтқан пікірлерінен ұлттық
мүдде тұрғысынан әдеби, ғылыми шындықты тура батыл айту жағының басым
жатқандығын айта кеткен жөн. Оның әдебиет жайлы жазғандарынан кеңестік
кезеңде айтуға болмайтын, рұхсат берілмейтін шырылдаған шындықтар жиі
кездеседі. Сондықтан да, ғалымның кей мақалалары кезінде жарық көрмей,
жарық көрер уақытын күтіп, сарғайып жатып қалған. Бұрындары жазылып,
идеялық себептермен жарияланбай келген бірсыпыра еңбектері Ә.Қоңыратбаевтың
жақында ғана жарық көрген он томдық шығармалар жинағына еніпті.
Жиырмасыншы жылдардың басынан әдебиетке, отызыншы жылдардың орта
шенінен әдеби сынға араласа бастаған Әуелбек сол кездерде әдеби өмірде
болып жатқан оқиғалардан тыс қала алмады. Ол жазған сын мақалалардан
компартияның көркем әдебиетті де саясат құралына айналдырған бағытын
сырттай ұстанған сияқты көрінгенмен де іштей қолдай бермегендігі көрінеді.
Ә.Қоңыратбаев көркем әдебиетте компартияның идеялық бағытын жүргізген
ҚазАПП-тың солақайшылықтарына мүлдем қарсы болған. Еліміз егемендік алғанша
халық жауы болып келген алашшыл азаматтарымызды ақтау жолында біраз
әрекеттер жасаған. Ол Кешегі мәдени мұраға, ескі сөз шеберлеріне жеңіл
қараған ҚазАПП басшылары жіберген кемшіліктерді жою керек деп білді.
ҚазАПП-ка қарсы құрылған Алқа ұйымын қолдайды. Алқа кеңес идеясына
қарсы платформа құрған жоқ. Тек ҚазАПП өкілдері Абай, Шоқан, Ыбырайлардан
безіп жатқанда, Ы. Мұстамбаев Жаңа әдебиет журналының (1929, N7-8)
бетінде мақала жазып, одақ көлеміндегі Перевал, Серафиновтар бағытын
қолдаған... Алқа беті бері қарайтын кешегі реалистерге, соның ішінде
М.Жұмабаев, Ж. Аймауытов, М. Әуезовке жылы болайық деген. Бұл өмірдің өз
логикасымен шешілген дұрыс пікір еді... ҚазАПП болса, бұл қаламгерлердің
барлығын дерлік буржуазиялық әдебиет өкіліне жатқызып, жұмыс істетпеді
[18, 14-15] - деп, компартия реакцияшыл-буржуазияшыл ұйым деп ағаштың
басына іліп қойған Алқаны, халық жаулары аталған алашшыл, ұлтшыл
жазушыларды ақтауға тырысады. ҚазАПП басшылары пролеткульт
метафизикасына салынып, Шоқан, Абай, Ыбырай, одан қалды М. Сералин,
С.Торайғыров, Мәшхүр Жүсіп Көпеев, Ш. Құдайбердиев, М.Жұмабаев, А.
Байтұрсынов, М. Дулатов, Ж. Аймауытов, М. Әуезов мұраларынан безді - деп,
айыптады. Бұл жерде ҚазАПП ұйымының жұмысы отызыншы жылдардың басында-ақ
сынға ұшырап, оның орнына бірыңғай Қазақстан Жазушылар Одағы құрылғанын,
солай бола тұра ол байшыл, ұлтшыл деп айыпталған алашордашыл арыстардың
күні кешеге дейін ақталмай, ақталмақ түгілі атын ауызға алудың өзі саяси
сауатсыздық саналып келгенін де еске сала кеткеннің артықтығы жоқ. Қазақ
әдебиетінің тарихын революцияшыл Сәкеннен бастап жүргенде Ә.Қоңыратбаев М.
Сералин, С. Көбеев, С. Шарипов, Жамбыл, Сәкен, Бейімбет, Ілияс, Сәбит,
Мұхтарлар, одан қалды кезінде алашордашылар тобына жатқызылған М.
Жұмабаев, Ж. Аймауытов сияқты көркем сөз шеберлері негізін қалаған қазақ
әдебиеті замана туына айналып отыр [18, 12] - деп, мүлдем өзгеше пікір
білдіреді. Әуелбектің халық жауы атанған М. Жұмабаев пен Ж. Аймауытовты
коммунистік идеологияның салтанат кұрып тұрған кеңес өкіметінің кезінде-ақ
қазақ әдебиетінің негізін қалаған көркем сөз шеберлері атауы сол уақыт үшін
батыл да тосын пікір болатын. Алашордашыл ақын- жазушылар туралы кеңестік
кездің өзінде-ақ оң пікір білдіріп, оларды ақтау жолында едәуір әрекеттер
жасауы Ә.Қоңыратбаевтың азаматтық тұлғасын биіктете түседі.
Қоңыратбаев әдеби өмірдің барлық саласында дерлік қалам тартып, өзіндік
ой-пікірлерін ортаға салып отырған. Поэзия өзегі - өмір (Оңтүстік
Қазақстан, 2.12.1962), Жастар поэзиясы туралы (Қазақ әдебиеті,
14.10.1960), Ақындық мәдениет туралы (Қазақ әдебиеті, 2.05.1956),
Лирикалық образ туралы (Қазақ әдебиеті, 6.07.1956), Поэзиядағы
шеберлік (Қазақ әдебиеті, 19.01.1956), Дәстүр жалғастығы туралы т.б.
мақалаларында қазақ поэзиясыныл өрісті өңірлерін кеңінен шолып, өнімді
ойлар айтты. Ол С. Мұқановтың, С.Сейфуллиннің, Ә. Тәжібаевтың, А.
Тоқмағамбетовтің, Ж.Молдағалиевтің т.б. шығармашылығы хақында сын мақалалар
жазды.
Проза - көркем әдебиеттің ең бір өнімді де салмақты саласы. Роман
жазған Әуекең қазақ прозасынын жай-күйіне үңілген ондаған мақала жариялады.
Қазіргі қазақ прозасы, Роман туралы ойлар, Қазақ драматургиясы туралы
ойлар, Әлем әдебиетінің табыстары сияқты проблемалық сын-зерттеу
мақалалары Әуекеңнің диапазоны кең сыншы екендігін аңғартады. Сыншы қазақ
әдебиетінің мәселелерін әлемдік әдебиеттің тәжірибелеріне сүйене отырып,
кеңінен қамтып, тереңінен қозғап, ғылыми негізді пікірлер айтқан. Ол қазақ
әдебиетінің алыптары Б.Майлиннің, М.Әуезовтің, С.Мұқановтың
шығармашылықтары жайында арнайы мақалалар жазды. Оның қазақ прозасының жай-
күйін саралап жазған мақалаларында ұлттық әдебиетіміздің жетістігі ретінде
М.Әуезовтің шығармалары, атап айтқанда, Абай жолы романы жайлы айтылған
жылы лебіздер жиі кездеседі. Әуелбек Мұхтардың барлық туындылары хақында оң
пікірлер білдіріпті. Бұған негізгі себеп дарқан дарын алдында бас игендік
болса, екінші жағынан академик-жазушының өзімен аралас-кұралас жүруінің,
әдебиет мәселелеріне келгенде пікірлес болуының да әсері болған болу керек.
Әуелбектің қазақ әдебиетінің теориялық мәселелеріне арналған кейбір
мақалалары түрлі себептермен баспасөз бетінде уақытында жарияланбай қалған.
Солардың қатарындағы Көркемөнер тарихы мен теориясы туралы, Символизм
қандай стиль?, Реализм мен натурализм жөнінде сияқты теориялық
мақалалары да бар. Бұлар кейіннен ғалымның шығармалар жинағының төртінші
томына еңді. Образ табиғаты, Даралау және психологиялық талдау,
Типтендіру проблемасы жөнінде бірер сөз, Сюжет - шеберліктің басы
секілді еңбектерінде қазақ әдебиеті теориясының шешімін күткен мәселелері
ғылыми тұрғыдан сөз болды. Сыншының осы саладағы бірсыпыра мақалалары 1979
жылы Шеберлік сырлары деген атпен жеке кітап болып шықты. Ал 1949 жылы
жаңа дәуірдегі әдебиетке арналған Қазақ совет әдебиетінің очеркі жарық
көрген болатын.
1.2 Ә.Қоңыратбаев және қазақ әдебиеттану мәселелері

Қоңыратбаевтың әдебиеттану саласындағы алғашқы елеулі еңбегі - елуінші
жылдардың бас кезінде жазылып, 1956 жылы басылып шыққан Шолпанның
ақындығы. XX ғасырдың алакеуімінде қарапайым қазақ әйелдерінің арасынан
әдебиет айдынына жарқ етіп шығып, аққан жұлдыздай өте шыққан Шолпан
Иманбаеваның шығармашылық тағдыры зерттеуге негізгі арқау болған. Автор
Шолпан туралы түрлі деректерді пайдалана отырып, ақын қыздың өмірбаяндық,
шығармашылық жолын түзіп шыққан. Қысқа ғұмырында (22 жас) артына елеулі із
қалдырған Шолпанның өлеңдері Жаңа заманның жалынды жаршысы, Көсем
бейнесін жырлайтын өлеңдері, Әйел тақырыбы, Жастар және оқу-білім
тақырыбы, Сатирасы, Акындық шеберлігі түрінде жүйеленіп, әңгімеленеді.
Әсіресе, ақын поэзиясының өзіндік ерекшеліктерін, ақындық шеберлігін,
көркемдік тәсілдерін қарастырған соңғы тарауы салмақты шыққан.
Ғалымның әдебиеттің теориясы саласындағы ізденістерінің нәтижесі
ретінде М. Әуезовтің типтендіру өнері мен Абайдың романтизмі өмірге
келді. Бұл екеуі де елуінші жылдарда жазылғанымен де жиырма жылдай жатып,
сарғайып барып кейін жарық көрді. Оның басты себебі шығармашылық тағдыры
бір- бірімен ажырамастай бірігіп кеткен Абай мен Мұхтардың күні кешеге
дейін ұлттық әдебиетіміздегі өзіне лайықты орнын ала алмай келгендігі және
де олар туралы еңбекті отызыншы, елуінші жылдарда екі рет саяси жағынан
сенімсіз танылып, жауапқа тартылған Ә. Қоңыратбаевтың жазуы болатын. Оның
үстіне теориялық жағынан келгенде, кеңес әдебиетінің негізгі шығармашылық
әдісі социалистік реализм, басқа тәсілдердің барлығы да буржуазиялық деп
танылған тұтас өзі де онша дұрыс зерделенбей келген ақынның романтизмі
туралы көлемді еңбек, әрине, жариялануға тиіс болмайтын.
Типтендіру - көркем әдебиеттің ең негізгі мәселесі. Ф. Энгельстің
көркем әдебиет дегеніміз, Типтік жағдайда типтік бейне жасау деуі де сол
себептен болса керек. Әдебиет үшін аса маңызды осы бір ғылыми мәселеге
арнап Ә.Қоңыратбаев М. Әуезовтің типтендіру өнері атты монография жазған.
Қазақ әдебиеттану ғылымында әуезовтану — үлкен сала. Әуезов туралы
қалам тартпаған сыншы-ғалым жоқ шығар, сірә. Мыңдаған мақалалар мен
жүздеген зерттеу еңбектерінде қазақтың ұлы жазушысының суреткерлік сыр-
сипаты сан қырынан сараланды. Әр зерттеуші өз жолымен келіп, Әуезовтің
әдеби әлемін өзінше ашты. Бірақ та Әуезов әлемі - шексіз. Ә. Қоңыратбаев
та Әуезовтің әсемдік әлемінің құлпын өз кілтімен ашып кірді. Өзгеге
ұқсамай, өзінше келді. Мұхтардың шығармаларының көркемдік құпиясын шеберлік
тұрғысынан ашу үшін типтік бейнелер жасаудағы жазушының өзіндік қыр-
сырларына үңілді.
Монография көлемді екі бөлімнен тұрады. Кіріспеде әдебиеттегі
типтендіру проблемасының мәні мен маңызына тоқталған. Бірінші бөлім Мұхтар
Әуезов - ұлы суреткер, Алғашқы әңгімелері, Новеллалары, Шеберлік -
типтендірудің бір шарты тарауларынан тұрады. Мұнда жазушының алғашқы
туындысы Қорғансыздың күнінен (1921) бастап, Оқыған азамат, Кім
кінәлі?, Қараш-қараш оқиғасы, Қыр суреттері, Қыр әңгімелері,
Үйлену, Сөніп-жану, Ескілік көлеңкесінде, Жетім, Барымта, Қаралы
сүлу, Жуандық әңгіме-повестері шеберлік тұрғысынан талданылады. Ал
колхоз тақырыбына жазылған Бүркітші, Шатқалаң, Құм мен Асқар,
Іздер, Білекке білек сияқты әңгімелерінің жанрын новелла деп анықтап,
олар туралы қысқа қайырумен шектеліпті.
Еңбектің екінші бөлімінде М. Әуезовтің Абай жолы роман- эпопеясы мен
аяқталмай қалған Өскен өркен романы және де Еңлік-Кебек, Түнгі сарын,
Айман-Шолпан, Абай, Қарагөз, Дос Бедел - Дос, Қалқаман-Мамыр,
Қара қыпшақ Қобыланды, Бекет, Бәйбіше-тоқал, Шекарада, Сын
сағатта сияқты драмалық шығармалары зерттеу нысанына айналған. Автор,
әсіресе, Абай жолы роман-эпопеясын көркемдік тұрғыдан жоғары бағалайды.
Бұл ретте Абайдың бейнесін дараланған ұлттық характер деп, аса жоғары
бағалаған. Сондай-ақ, Құнанбай мен оның маңында жүрген жуан мойын
үзеңгілестерінің образдарын да жазушының татымды табыстарының қатарына
қосты.
Абайдың романтизмі Ә. Қоңыратбаевтың елуінші жылдары жазылып,
тақырыбынан-ақ айқайлап тұрғанындай, сол кездегі идеологиялық қалыпқа
сыймайтын өзгеше ой, соны пікірі үшін де ұзақ жылдар бойы жарық көрмей
келді. Заман өзгеріп, тәуелсіздік алғаннан кейін ғана (1994) аз ғана
тиражбен жарық көрді. Сегіз тараудан және қорытындыдан тұратын еңбектің
бірінші тарауында алдымен, романтизм дегеніміздің өзі не деген сауалға
жауап берілген. Автор романтизмді әрі әдіс, әрі стиль тұрғысында қолданған.
Бірінші тараудың Романтизм стилі және оның образдау тәсілі деп аталуы да
автордың оны көбіне стильдік ыңғайда қарастырғандығын байқатады.
Жалпы романтизм - қазақ әдебиеттануында күні бүгінге дейін аз
зерттелінген, шешімін таппай келе жатқан теориялық мәселелердің бірі.
Кеңестік кезеңде тек революциялық романтизм ғана айтылса, соңғы уақыттарда,
алашордашыл ақын-жазушылар ақталғаннан кейін барып, әсіресе, Мағжанның
романтизміне байланысты бірсыпыра еңбектер жазылды. Осы тұрғыдан келгенде,
қазақ әдебиеттану ғылымында романтизмді, теориялық тұрғыдан ғылыми проблема
ретінде алғаш рет жан-жақты зерттеген ғалым Әуелбек Қоңыратбаев болды.
Монографияда алдымен, романтизмнің не екендігі, басқаларға қарағандағы
өзіндік ерекшеліктері кеңінен түсіндіріледі. Еуропа, орыс әдебиеттеріндегі
романтизм ағымына көз жіберіп, қазақ әдебиетінде де романтизм поэзиясының
болғандығын дәлелдейді. Оған дәлел ретінде Махамбеттің, Шортанбайдың,
Дулаттың, Абайдың, Мағауияның елеңдеріндегі романтикалық сарынды алға
тартады. Қазақ романтизмінің сыр-сипатына тоқтала келіп, оған темендегіше
сипаттама береді: Романтизмнің негізгі ерекшеліктерінің бірі - өзінің ойын
бұлдыр сезім, жұмбақ образдармен символдап айтуда. Сол бұлдырлықгың өзі
пассив және актив романтизмде түрліше болып көрінеді. Пассив романтизмнің
ақындары ескі ертегі, жын-сайтан, патриархалдық қоғамның түрлі нанымдарын
дәріптесе, актив романтизмнің ақындары сондай мистика, жұмбақтаудың бәрін
де өзінше, жаңалық күресінің жолында пайдаланып, дүниеге сыймаған күшті
қахармандар образын жасайды. Мұндай алпауыттардың іс-әрекеті, ой-сезімі,
күш-қуаты, арманы ескі болмыстың алақандай аясына сыймай, асып төгіліп
жатады [19, 73].
Автор Абайға қатысты зерттеулердегі оның шығармашылық әдісіне қатысты
пікірлерді шола келіп, оларда көбіне ақынды реалист, сыншыл реалист
дегеннен әрі аса алмай келе жатқандығын ескертумен бірге осы пікірді ары
қарай Абайдың әдеби әдісі мәселесіне келгенде біз онда реализм, сыншыл
реализм және романтизм әдістері болған дейміз - деп толықтыра түседі.
Абайдың Жалын мен оттан жаралып, Жүрегім нені сезесің?, Асау той,
тентек жиын, Көңілдің күйі тағы да, Ішім өлген, сыртым сау, Ем таба
алмай, Не іздейсің көңілім, Лермонтовтан жасаған аудармаларының денін
романтизм әдісімен жазылған деп көрсетеді. Монографияда Абай поэзиясындағы
романтизм арнайы қарастырылады. Лермонтов пен Абай романтизмінің бір-
бірімен ұқсастығы, ерекшеліктері, әсер-ықпалы салыстырыла отырып сөз
болады. Романтизм: стилі және оның образдау тәсілі, Абайтану ғылымы және
ақынның әдеби әдісі, Лермонтов және Абай, Абай поэзиясындағы
демонизм, Көңіл күй лирикасы, Мистикалық образ және философиялық
лирика, Лермонтов думаларының көріністері, Абай поэмаларындағы шартты -
ирониялық образдар аталған тарау тақырыптарының өзі-ақ зерттелінген
проблемалардың өзектілігін, ауқымдылығын аңғартса керек. Автор Абайдың
романтикалық поэзиясы оның шеберлігін биік дәрежеге жеткізіп, орыс, Еуропа
салтындағы нағыз мәдениетті ақын болуына жәрдемдесті [19, 150] - деген
тұжырым жасаған.
Әуелбектің ғылыми шығармашылығында Абай ерекше орын алады. Ол бұл
тақырыпқа дүркін-дүркін оралып отырған. Абайдың пәлсапалық (философиялық)
көзқарастары (Социалистік Қазақстан, 10.\ҮІІІ.1945), Абайдың
мәселелеріне көзқарасы (Көкшетау правдасы, 14\ҮІІІ.1945), Абай
поэзиясындағы пысықтар мен қулар бейнесі (Ленин жолы, 27. VIII. 1954),
Абайдың әдет-ғұрыпқа байланысты заңы (Коммунизм жолы, 16.IV. 1960) т.б.
мақалаларында ұлы ақын туралы зерттеулерін жалғастыра түсті. Сөйтіп, Абай
туралы монография, зерттеу мақалаларын жазған Ә. Қоңыратбаев ұлы ақынның
мәңгілік поэзиясын ғылыми тұрғыдан танып білуде, қалың қазаққа насихаттауда
елеулі еңбек еткен танымал Абайтанушылардың қатарынан көрінді.
Ә.Қоңыратбаев еңбектерінің салмақты жағы қазақтың өткендегі әдеби және
фольклорлық мұрасын зерттеуінде жатыр. Ол ғасырлар қойнауында шашылып
қалған рухани мұрағаттарды тірнектеп жинап, халқына қайта табыстыру
істерінде ұлан-ғайыр еңбек сіңірді. Шығармашылық жолын жиырмасыншы жылдары
әдеби сыннан бастаған ол қырқыншы жылдардан бастап әдебиет тарихын
зерттеуге қарай ойыса ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Сопылық әдебиет
Бүгінгі қазақ әдебиеттану ғылымы
Әуелбек Қоңыратбаев – әдебиет тарихшысы
Әуелбек Қоңыратбаев
Ә.Қоңыртабаев зертгеулеріндегі қазақ және шығыс әдебиетінің сабақтастығы
Ә. Қоңыратбаев зерттеулеріндегі қазақ сөз өнерінің поэтикасы мәселелері
Ә.Қоңыратбаев - фольклортанушы
Руникалық көне түркі жазба ескерткіштері
Қазақ әдебиет тарихын қай дәуірден, кімнен бастау керек деген мәселеде
Қорқыт жырлары
Пәндер