Жалпы білім беретін орта мектептерде қазақ тілінен сөз мәдениетін оқытудың ғылыми-әдістемелік негіздері



Пән: Педагогика
Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 60 бет
Таңдаулыға:   
ӘОЖ 373.016:811.512.122
Қолжазба құқығында

ЖАНАТ ТҰРАРБЕКҚЫЗЫ ДӘУЛЕТБЕКОВА

Жалпы білім беретін орта мектептерде қазақ тілінен сөз мәдениетін
оқытудың ғылыми-әдістемелік негіздері

13.00.02 – Оқыту және тәрбиелеу теориясы мен әдістемесі
(бастауыш, орта және жоғары білім жүйесіндегі қазақ тілі)

Педагогика ғылымдарының докторы
ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның

АВТОРЕФЕРАТЫ

Қазақстан Республикасы

Алматы, 2008

Жұмыс Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің
қазіргі қазақ тілі теориясы және әдістемесі кафедрасында орындалған.

Ғылыми кеңесші: педагогика ғылымдарының докторы,
профессор
Ф.Ш.Оразбаева

Ресми оппоненттер: педагогика ғылымдарының докторы,
доцент З. Бейсенбаева

педагогика ғылымдарының
докторы,
профессор А.Жапбаров

педагогика ғылымдарының
докторы,
доцент Н.Құрманова

Жетекші ұйым: С.Торайғыров атындағы Павлодар

мемлекеттік
университеті

Диссертация 2008 жылы 27 мамырда сағат 14.00-де Абай атындағы Қазақ
ұлттық педагогикалық университетінде (050010, Алматы қаласы, Достық
даңғылы, 13, 215 а кабинет) филология, педагогика ғылымдарының докторы
(кандидаты) ғылыми дәрежесін беру жөніндегі Д 14.09.04 диссертациялық
кеңестің мәжілісінде қорғалады.

Диссертациямен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық
университетінің кітапханасында танысуға болады.

Автореферат 2008 жылы 26 сәуірде таратылды.

Диссертациялық кеңестің
ғалым хатшысы, филология
ғылымдарының докторы, профессор Қосымова
Г.С.

КІРІСПЕ

Зерттеудің өзектілігі. Ел егемендігін алып, демократия кең өрістей
бастаған қоғамда, әлемдік қауымдастыққа ұмтылып, бәсекелестік өмір сүрудің
басты шартына айналған бүгінгі өзгермелі дүние жағдайында адамның мәні мен
әлеуметтік рөлі жаңа сипатқа ие болып отыр. Соған сай рухани құндылықтар
әлемі де түбегейлі жаңарып, адамның ақыл-ой қуаты мен интеллектуалдық
әлеуетін қалыптастырудағы білімнің маңызы туралы қағидалар түбірімен
өзгерді. ХХІ ғасырдың оқыту жүйесінде меңгерілетін білімнің түпкі нәтижесі
ең тұғырлы мәселеге айналды. Сондықтан жалпы білім беретін мектеп
қабырғасындағы әрбір пән оқушыны дара тұлға ретінде жетілдіруге, оның
шығармашылық қабілеттерін дамытуға алғышарт жасауы қажет деген қағида берік
орнықты.
“Білім – тұл, тілден шығып есілмесе”,- дейді Жүсіп Баласағұн. Тілдік
білімді оқушының саналы әрекетін дамытатын, өмірлік қажеттілігін ақтайтын
тегеурінді тетікке айналдыру үшін сол білімнің өзегінде, біріншіден,
өзіндік көзқарас, дүниетаным мен сенім қалыптастыратын, екіншіден, ортаға
тез бейімделу, жаңа ақпаратты түсіну, қабылдау, өзгелермен қарым-қатынас
жасай алу қабілеттерін дамытатын компоненттердің қатар қамтылуына назар
аударыла бастады. Сондықтан тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан бастап-ақ
Қазақстанның білім жүйесін реформалауда оқушының дара тұлғалық қабілеттерін
дамыту проблемасы күн тәртібіне қойылды. Бұл қазақ тілі пәнін оқытуда
оқушының сөз мәдениетін қалыптастыруға басымдылық беруді талап етеді.
Президент Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауында айтылғандай,
бәсекелестікке қабілетті ел болу үшін, ең алдымен, оның әрбір мүшесі
бәсекелестікке қабілетті болуы қажет [1]. Бәсекелестікке бейімділік адамның
жинаған білім қорымен өлшенбейді, алған білімін өмір сүрудің, өзін-өзі
дәлелдеудің, өзгелермен тіл табыса әрекет етудің құралы ретінде қолдана
білуінен көрінеді. Бұл оқушының сөйлеу дағдыларын сөз мәдениеті негізінде
жетілдіру арқылы мүмкін болады. Сондықтан да сөз мәдениетін меңгертуді
қазақ тілі пәнін бүгінгі қоғамдық-әлеуметтік сұраныммен сәйкестендірудің
басты шарты ретінде ғылыми-әдістемелік тұрғыдан зерделеу маңызды мәселе
болып табылады.
“Қазақстан Республикасындағы жалпы білім беретін орта мектептердің
даму тұжырымдамасында”: “Білім берудің басты мақсаты – оқушының білім
алуына, өзгермелі дүние жағдайында өздігінен әрекет ету, өзін таныту,
әлеуметтік дағдыларды меңгеру қызметтерін орындауына қажетті іскерліктерді
қалыптастыра отырып дара тұлғаның қабілеттерін дамыту”,- деп көрсетілді
[2,14 б.]. Мұндай өмірлік дағдылар қазақ тілі пәнінде оқушыға сөз
мәдениетіне қатысты білім мен біліктерді меңгерту нәтижесінде ғана
қалыптасары сөзсіз. Бұл қазақ тілі сабақтарында сөз мәдениетін меңгертудің
жолдарын ғылыми негіздеу білім беру жүйесін реформалау талаптарымен де
ұштасып жатқанын көрсетеді.
“Қазақстан Республикасындағы жалпы білім беретін орта мектептердің
білім мазмұны тұжырымдамасында” білім мазмұнының макромоделі ретінде Тарих
– Білім – Мәдениет үштағаны ұсынылған болатын. Өзінің бастауын сан ғасырлық
тарих тезінен өткен тілдік әдеп негіздері мен ұлттық құндылықтардан алатын
сөйлеу талаптарын жалпыадамзаттық мәдениетпен ұштастыра отырып жас ұрпақтың
бойына сіңіру, олардың мәдени әлеуетін арттыру сөз мәдениетіне баулу арқылы
жүзеге асары даусыз. Өйткені тіл – адам санасында шындықты бейнелеу мен
жинақтау құралы болса, сөйлеу – адамның интеллектуалдық әрекетінің ерекше
түрі. Бұл да оқушының тілдік, әлеуметтік, қатысымдық, этикалық дағдыларын
дара тұлға мәдениетімен бірлікте дамытудың маңыздылығын көрсетеді.
Сондықтан қазақ тілі пәнінің білім мазмұнында сөз мәдениетіне басымдылық
беріп, оны оқытуды біртұтас әдістемелік жүйе ретінде қарастыру қажеттігі
туындап отыр.
Білімнің нәтижеге айналуы – қазіргі таңда бүкіл өркениетті елдер
ұмтылып жатқан меже. Сол себепті “Қазақстан Республикасында 2015 жылға
дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасында” Нәтижеге бағдарланған білім
моделін ендіру басты міндет етіп қойылды. Жаңа модель бойынша білімнің мәні
оқушының өмір қажетін өтеуінде деп саналады. Бұл тұрғыдан алғанда да сөз
мәдениеті мектеп түлегі міндетті түрде меңгеруі тиіс білім мен біліктің
түпкі нәтижесі болып саналады. Өйткені мектепте оқушының қазақ тілінен
меңгеретін білімдері сөз мәдениетін қалыптастырудың базасы қызметін
атқарғанда ғана бұл пән оның өміріне қажетті дағдыларды дамытудың құралына
айналады. Бұл дара тұлғаның сөз мәдениетін білім нәтижесі ретінде зерделеп
зерттеудің көкейкестілігін бекіте түседі.
Білім беруді демократияландырудың, ізгілендірудің,
гуманитарландырудың тетігі – оқушыны өз әрекетінің иесі деп тану, тілді
ұлттық құндылық, ділді қалыптастырудың тіні деп санау секілді жаңа
парадигмаларды оқыту үрдісінде ұстану. Сабақта оқушының сөз бостандығын, ой
еркіндігін сезінуіне, өз пікірлерін ашық та айқын айта алуына жағдай жасау
арқылы олардың сөз мәдениеті дағдыларын қажетті дәрежеде меңгеретініне
кепілдік етуге болады. Өйткені сөз мәдениеті – оқушының эстетикалық
қабілетін, адами қасиеттерін тәрбиелеуге жол ашатын тілдік білім мен сөйлеу
білігінің бірлігінен туатын интеллект дамытудың бірден-бір қайнар көзі.
Сондықтан білім беру саласындағы жаңа педагогикалық парадигмалар тоғысының
нәтижесі ретінде сөз мәдениетін меңгертудің құрылымдық жүйесін зерттеудің
өзектілігі артып келеді.
Білім беруді жетілдірудің басты факторларының бірі – пән мазмұнының
өзімен сәйкес келетін ғылымның даму бағытымен үйлесімділігі. Қазіргі қазақ
тіл білімі саласында жаңа антропоцентристік парадигма бойынша тіл жеке
құрылым емес, ол алдымен, субъективтік мәнге ие құрылым деп белгіленді; сөз
мәдениеті мемлекеттік тілдің қызмет етуінің бір шарты ретінде айқындалды;
мемлекеттік тілдің мәртебесі оның қолданыс аясының кеңеюімен ғана емес, сол
тілдің жұмсалуының мәдени деңгейімен де өлшенеді деп тұжырымдалды [3,14
б.]. Ғылымдағы осындай жаңа бағыттарды оқыту үрдісіне енгізу тұрғысынан
қарағанда да сөз мәдениетін тілдік білімнің тұтқасы ретінде ұстану, оны
білім мазмұнында қамту қазақ тілін оқыту әдістемесінің жаңа талаптарымен
толық сай келеді. Сондықтан сөз мәдениетін меңгертуді мектептегі тілдік
білімді ғылым дамуымен тығыз сабақтастықта жетілдірудің маңызды факторы
ретінде зерттеу де күн тәртібіндегі өзекті мәселенің бірі.
Сөз мәдениетін оқыту – сөзді өнер деп бағалаған танымы терең, талғамы
биік халқымыздың ізгі дәстүрін жалғастырудың басты кепілі. Қазақ тілінің
табиғи даралығын, өзіне тән заңдылықтарын, сөйлеу тілінің ерекшеліктерін,
сөз әдебі жүйесін, шешендікпен тамырлас қасиетін уақыт талабымен бірлікте
танытуға кең жол ашылып отырған жаңа кезеңде осы мүмкіндікті пайдалана білу
үлкен сын. Сөз мәдениеті – оқушының интеллектуалдық және мәдени сапасын
арттыратындай тілдік қатынасқа төселдірудің негізі. Бұл жерде “тілдік
қатынас – сөйлеу тілі арқылы ұғынысу, түсінісу дегенді нақтылай келіп, жай
ғана қарым-қатынас дегеннен гөрі тамыры тереңге кеткен, өмірде өзіндік орны
бар, қоғамның дамуы үшін ең қажетті қоғамдық-әлеуметтік ақпараттардың
жиынтығы арқылы адамдардың бір-бірімен пікір алысуы, адамдық қатынастың түп
қазығы дегенді білдіреді” [4,211 б.]. Сонымен, жоғарыдағы тұжырымдарды
саралай келгенде, қарым-қатынас барысында адамның рухани жетілуі мен көп
қырлылығының белгісі саналатын, адам болмысы мен өміртанымы тоғысатын сөз
мәдениетіне оқушыны мектеп қабырғасынан бастап баулу – бүгінгі уақыт
сұранысынан туып отырған өзекті мәселе. Оған қоса қазіргі таңда өріс алып
отырған дара тұлға дамуына мүмкіндік жасауды талап ететін мемлекеттік
стратегиялық бағыт пен білім берудің схоластикалық жүйесі арасындағы,
қоғамдық-әлеуметтік сұраным мен оқыту нәтижесі арасындағы қайшылықтар да
сөз мәдениетін меңгертудің ғылыми-әдістемелік негіздерін айқындаудың
көкейкестілігін бекіте түседі.
Зерттеудің мақсаты. Жалпы білім беретін орта мектепте сөз мәдениетін
оқытудың ғылыми-әдістемелік негізін тұжырымдау, негізгі және бағдарлы
мектеп сатыларында сөз мәдениетін оқытудың әдістемелік жүйесін ұсыну, оның
тиімділігін эксперимент арқылы дәйектеу.
Зерттеу нысаны – жалпы орта білім беретін мектептердің 5-11 сынып
оқушыларына қазақ тілінен сөз мәдениетін меңгерту процесі.
Зерттеу пәні – жалпы білім беретін орта мектептердің 5-11
сыныптарындағы қазақ тілі сабақтарында сөз мәдениетін оқытудың әдістемесі.
Зерттеудің міндеттері:
1. Жалпы білім беретін орта мектептерде сөз мәдениетін оқытудың
әдіснамасын айқындап, ғылыми-теориялық негіздерін дәйектеу.
2. Сөз мәдениетін оқытуға байланысты тілдік материалдарды саралап,
оқыту ұстанымдарын белгілеу. Сөз мәдениетін меңгертетін оқыту формалары мен
әдістерін жүйелеу.ниетін меңгертудің тұжырымдамасын, базалық білім
мазмұнын, оқу бағдарламаларын, ОӘК-нін ұсыну.ыттармен
3. Мектеп оқушыларына сөз мәдениетін меңгертудің мазмұндық-құрылымдық
интерпретациясын ұсыну. Сөз мәдениетінің негізгі және бағдарлы мектеп
бойынша білім мазмұнын, оқыту жүйесіндегі рөлі мен орнын анықтау.
4. Сөз мәдениетін оқыту бойынша инновациялық технологияларды қолдану
жолдарын белгілеу.
5. Сөз мәдениетін оқытуға бағытталған кешенді жаттығулар мен
тапсырмаларды жүйелеу, жіктеу және сипаттау.
6. Сөз мәдениеті бойынша құзіреттіліктер түріндегі күтілетін білім
нәтижелерін анықтау.
7. Сөз мәдениеті бойынша білім мазмұнының және сөз мәдениетін меңгерген
дара тұлғаның модельдерін жасау.
8. Сөз мәдениетін оқытудың ғылыми негізделген әдістемелік жүйесінің
тиімділігін эксперимент нәтижелеріне сүйеніп дәлелдеу.
Зерттеу болжамы. Егер сөз мәдениетін оқыту барысында оқушының сөйлеу
дағдылары белгілі бір логикалық жүйемен үздіксіз дамытылып отырылса;
оқушыларды сөз шеберлігіне төселдіру арнаулы тақырыптар бойынша ұсынылатын
кешенді тапсырмалар мен жаттығулар негізінде жүргізілсе; оқытудың жаңа
технологияларын тоғыстыра қолдану арқылы оқушының өзіндік әрекетіне,
шығармашылық ізденістеріне басымдылық берілсе, күтілетін білім нәтижелері
оқушылардың сөз мәдениетіне негізделсе, онда дара тұлға қабілеттерін
дамытудың мүмкіндігі кеңейіп, оқытудың нәтижелілігі мен тиімділігі арта
түседі, өйткені сөз мәдениеті өзгермелі дүние жағдайында өмір сүруге
бейім, бәсекеге қабілетті тұлғаларды қалыптастыруға, оқушының тілдік
құзыреттіліктерін жетілдіруге жол ашады.
Зерттеудің жетекші идеясы: Сөз мәдениетін меңгерту – қазақ тілі
сабақтарында оқушының өмірлік дағдыларын қалыптастырудың басты шарты. Сөз
мәдениетін меңгерту – оқушының өз бойындағы дара тұлғалық қабілеттерін,
құзыреттіліктерін дамытуға деген ішкі мүдделілігі мен қоғамдық-әлеуметтік
сұранымды үйлестірудің кепілі. Сондықтан жалпы білім беретін мектептің
негізгі және жоғары сатыларында сөз мәдениетін оқыту біртұтас әдістемелік
жүйе түрінде жүзеге асырылуы тиіс.
Зерттеудің әдіснамалық негізі ғалымдардың сөз мәдениетіне қатысты
жасаған тұжырымдарын талдаудан, сөз мәдениетін оқытудың қағидаларын
жүйелеуден; сөз мәдениетін меңгертуге қатысты лингвомәденитанымдық,
лингвокогнитивтік заңдылықтардың жиынтығынан тұрады. Сөз мәдениетін
меңгертуде лингвистикалық, психологиялық, педагогикалық, дидактикалық,
әдістемелік ілімдердің жылдар бойы қалыптасқан жетістіктерін тиімді
пайдалану зерттеу жұмысының әдістанымдық негіздерін құрайды. Атап айтқанда,
тіл біліміндегі сөз мәдениетінің түп қазығы тілдік тұлға болуға тиіс деген
антропоцентристік парадигма, философиядағы адамның мәні, дамуы туралы
ілімдер, мәдениеттанудағы “мәдениет – тұлға деңгейін көтеру құралы” деген
тұғырнамалық идея, білім мазмұнының Мәдениет –Білім – Тарих макромоделіне
қатысты қағидалар басшылыққа алынды.
Зерттеудің әдістері. Зерттеудің әдіснамалық және теориялық-әдістемелік
негіздерін айқындауда сараптау, ой қорыту, жалпылау әдістері; экспериментті
ұйымдастыру кезеңінде үлгі нысананы таңдау, тікелей, қосалқы, ұзақ
мерзімдік бақылау, салыстырмалы әдістер, сауалнама, әңгіме, диагностикалық
әдістер; зерттеу нәтижелерін қорытындылау барысында аналитикалық әдістер:
талдау, қорыту; ақпаратты өңдеу әдістері: эксперименттік мәліметтерді
сапалық және сандық тұрғыда сараптау, модельдеу, жинақтау әдістері
қолданылды.
Эксперименттік база негізінде Алматы қаласындағы №159, 147, 52, 12
мектептер, Оңтүстік Қазақстан облысы Бәйдібек би ауданы “Боралдай” орта
мектебі, Ы.Алтынсарин атындағы Қазақ Білім академиясына эксперименттік база
ретінде бекітілген республиканың әртүрлі аймақтарындағы 77 тірек мектеп,
Алматы қалалық, облыстық және Республикалық мамандар кәсібін дамыту
институты алынды.
Зерттеу жұмысының кезеңдері:
1. Бірінші кезеңде (1999-2001) жалпы білім беретін мектептерде қазақ
тілі сабақтарында сөз мәдениетін жетілдіру, оқушылардың сөйлесім дағдыларын
дамыту бағытындағы жалпы тенденцияларды айқындау мақсатында мұғалімдермен,
оқушылармен сауалнамалар жүргізіліп, мұғалімдердің озық тәжірибелері
сараланды, мектеп бағдарламалары мен оқулықтарына талдау жасалды.
Оқушылардың сөз мәдениетін қалыптастырудың ғылыми-теориялық негіздерін
айқындау үшін отандық және шетелдік ғалымдардың зерттеу тақырыбына сәйкес
еңбектерімен танысып, оларға талдау жасалып, болашақ зерттеудің негізгі
бағыттары мен тұғырлары нақтыланды.
2. Екінші кезеңде (2002-2005) зерттеу жұмысының негізіне алынатын
қағидаттар, жетекші идеялар айқындалды; мектептің негізгі және жоғары
сатыларында сөз мәдениетін оқытудың басым бағыттары белгіленді; жалпы білім
беретін орта мектептерде сөз мәдениетін оқытудың ұстанымдары, білім
мазмұнының біртұтас құрылымы сараланды, оны оқытудың кешенді, жүйелі
әдістемесі жасалды; сөз мәдениетін оқытуға арналған жаттығулардың
типологиясы жасалды, сөз мәдениетін меңгертудің тиімді жолдары мен амал-
тәсілдері қалыптастырушы эксперимент арқылы сынақтан өткізілді; сөз
мәдениетінен оқу бағдарламалары, оқулық және оқу-әдістемелік кешен
даярланып, тәжірибелік байқаудан өткізілді.
3. Үшінші кезеңде (2005-2007) зерттеу нәтижелері бір жүйеге түсіріліп,
жинақталды, қорытындыланды: сөз мәдениеті бойынша білім мазмұны нақтыланды;
мектептің негізгі және жоғары сатыларында оқушының сөз мәдениетіне
негізделген білім, білік, дағдылары құзыреттіліктер түрінде айқындалды;
білім сатылары бойынша сөз мәдениетін оқытудың кешенді тапсырмалар мен
жаттығуларға негізделген әдістемесі жасалды; қазақ тілінің білім
стандарттары, оқу бағдарламалары, оқу-әдістемелік кешендері жетілдірілді;
бақылау және қалыптастыру эксперименттерінің нәтижелеріне сандық және
сапалық талдау жасалып, сөз мәдениетінің оқушының тұлғалық деңгейін
көтерудегі маңызы мен рөлі дәйектелді.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы:
- қазақ тілін оқыту әдістемесінде алғаш рет сөз мәдениетін оқытудың
ғылыми-әдістемелік негізі жасалды, оның басты мақсаты оқушының ойлау,
сөйлеу, қарым-қатынас мәдениетін дамыту нәтижесінде өмірлік дағдыларын
қалыптастыру екендігі дәйектелді;
- сөз мәдениетін оқытудың әдістемелік жүйесін сараптау барысында
ғылымдардың дамуына өзек болып отырған жаңа парадигмалар тоғысындағы сөз
мәдениетінің мәні көрсетіліп, оны оқыту ұстанымдары ғылыми негізделді;
- жалпы білім беретін орта мектептерде сөз мәдениетін оқытудың мазмұндық-
құрылымдық жүйесі жасалды; мектеп сатылары бойынша оқылатын сөз
мәдениетінің аспектілері нақтыланды, олардың қазақ тілі пәнінің білім
мазмұнындағы орны мен маңызы сараланды;
- сөз мәдениетін оқыту барысында күтілетін білім нәтижелері ақпараттық,
проблеманы шешу, коммуникативтік құзіреттіліктер түрінде белгіленді;
оқушының жеке тұлғалық қабілетін дамытудың тетігі ретінде жаңа мәдени-
танымдық құзыреттілік анықталып, оның аспектілері, күтілетін білім нәтижесі
ретіндегі мәні ғылыми дәйектелді;
- инновациялық технологиялар тоғысында сөз мәдениетін оқытудың
әдістемелік жолдары жүйеленді; сөз мәдениетін дамытуға арналған
жаттығулардың типологиясы ұсынылды, белсенді әдістер мен амал-тәсілдердің
тиімділігі тәжірибе арқылы көрсетілді;
- жалпы білім беретін мектепте сөз мәдениетінің оқыту жүйесі мен сөз
мәдениетін меңгерген дара тұлға модельдері ұсынылды;
- пікірталас мәдениеті бойынша ғылыми терминдер жасалып, айналымға
енгізілді;
- жалпы білім беретін мектептерде сөз мәдениетін оқыту оқушының тілдік,
қатысымдық, этикеттік және әлеуметтік дағдыларын қалыптастыруға, дара тұлға
мәдениетін жетілдіруге жағдай жасайтынын дәйектеген ғылыми-әдістемелік
жүйенің тиімділігі эксперимент арқылы тексеріліп, дәлелденді.
Зерттеудің теориялық маңыздылығы. Жұмыс нәтижелері әдістеме, педагогика
ғылымдары теорияларын жетілдіруге, сөз мәдениетін оқытуды одан әрі кеңейтіп
зерттеуге мүмкіндік жасайды. Зерттеу нәтижелері жалпы білім беретін
мектептердің негізгі және бағдарлы сатыларында қазақ тілін оқыту
әдістемесінің теориялық негізін байытуға, оны жаңа уақыт талабымен
сабақтастықта дамытуға ықпал етеді. Зерттеу жұмысында айқындалған сөз
мәдениетін меңгертудің ғылыми-теориялық негіздемелері жалпы білім беретін
орта мектептегі қазақ тілінің оқу бағдарламалары мен оқулықтарын негіздеу
кезінде, ал сөз мәдениеті бойынша анықталған құзыреттіліктер қазақ тілінен
күтілетін білім нәтижелерін нақтылауда пайдаланылуы мүмкін.
Зерттеудің практикалық маңызы. Зерттеу қорытындылары жалпы білім
беретін орта мектептерде сөз мәдениетін оқыту сапасын жетілдіруге,
педагогикалық жоғары оқу орындарында болашақ мамандарды даярлайтын арнаулы
курстардың мазмұнын толықтыруға мүмкіндік береді. Зерттеу жұмысын мектеп
мұғалімдеріне, аспиранттар мен ізденушілерге көмекші құрал ретінде
пайдалануға болады
Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттеріне сәйкес ұсынылған
жаттығулар мен тапсырмалар кешені оқушылардың тұлғалық қасиеттерін,
адамгершілік сапаларын жетілдіруге жол ашады. Зерттеу тұжырымдарының оқу
құралдары мен әдістемелік нұсқаулар дайындауда, оқулық пен оқу-әдістемелік
кешен даярлауда, сабақ әзірлемелерін жасауда қолданылу мүмкіндігі оның
практикалық маңызын танытады.
Алынған ғылыми нәтижелердің сенімділігі мен нақтылығы зерттеу негізі
етіп алынған теориялық қағидалардың әдіснамалық тұрғыдан сараланып
талдануымен бекітіледі. Сонымен қатар зерттеудің мақсатына, алға қойылған
міндеттеріне сәйкес қолданылған зерттеу әдістерінің ұтымдылығы мен солар
арқылы қол жеткізген нәтижелердің оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерде
ұсынылған сөз мәдениетін оқытудың әдістемелік жолдары арқылы республика
мектептерінде қазақ тілі пәнін сапалы өткізуге ықпал етіп отырғаны
зерттеудің сенімділігіне кепілдік етеді.
Қорғауға ұсынылатын негізгі қағидалар:
- сөз мәдениеті бүгінгі қоғамдық-әлеуметтік сұранысқа жауап бере келіп,
мектеп түлегінің міндетті түрде меңгеріп шығуы тиіс білімі мен білігінің
түпкі нәтижесі болып табылады. Сөз мәдениетін оқыту бәсекелестікке бейім
тұлғаның бойында өмірлік дағдылардың қалыптасуына жол ашады. Тіл адамдық
сапаның көрсеткіші болғандықтан, сөз мәдениеті мәселесі, алдымен, тұлғалық
қасиеттерді қалыптастырумен шектеседі;
- жалпы білім беретін мектептерде сөз мәдениетін оқыту арқылы
оқушының сөз мәдениеті туралы білімі жүйеленіп, ол туралы ұғымдары
қалыптасады. Сөз мәдениеті туралы ұғым қалыптастыру оқушының ішкі
мүддесімен қабысатын оқу үрдісін ұйымдастыру нәтижесінде жүзеге асады. Сөз
мәдениеті аясындағы білім оқушы бойындағы ойлау, пікір айту, пайымдау
қабілеттері мен эстетикалық сезімді дамытуға жол ашады;
- сөз мәдениетін оқыту қазіргі ғылым дамуына өзек болып отырған жаңа
парадигмалардың тоғысынан туындап, тілдің мәдениетпен, тарихпен, рухани
құндылықтармен байланысының тереңдеуіне мүмкіндік береді, сөйтіп, күтілетін
білім нәтижесі ретінде оқушы бойында коммуникативтік, проблеманы шешу,
ақпараттық құзіреттіліктерге қоса мәдени-танымдық құзіреттілікті
қалыптастырады;
- сөз мәдениетінің нормативтік, қатысымдық, этикеттік аспектілері мен
сөз мәдениетінің шыңы саналатын шешендік сөздерді мектептің негізгі және
жоғары сатыларының білім мазмұнында нақты саралап беру, онда ұлттық және
жалпыадамзаттық әдеп нормаларын ұштастыру оқушының мәдени- интеллектуалдық
әлеуетін көтеруге мүмкіндік береді;
- оқушыға сөз мәдениетін меңгерту жалпы білім беретін мектептің білім
сатылары бойынша өзара сабақтастықта бірізділікпен жүзеге асырылады.
Негізгі сатыда оқылатын тіл білімі салалары әдеби тіл нормасына негізделіп,
оқушының сөз дұрыстығын, жоғары сатыда сөз мәдениеті, шешендік сөз,
пікірталас мәдениеті бойынша ұсынылатын оқу материалдары сөз шеберлігін
қалыптастыруға бағытталуы тиіс;
- оқушының сөз мәдениетін қалыптастыруға бағытталған әдістемелік жүйе
дидактиканың дәстүрлі ұстанымдарымен қатар сөз мәдениетін оқытудың арнайы
ұстанымдары негізінде жүзеге асырылғанда оң нәтиже береді;
- сөз мәдениетін меңгертуде оқытудың инновациялық технологияларын
тоғыстыра қолдану қажет. Сөз мәдениетін оқытуда дамыта оқыту, ізгілендіре
оқыту, жобалау технологиясы, сыни тұрғыдан ойлау, тұлғалық бағдарлы оқыту,
оқу және жазу арқылы сын тұрғысынан ойлауды дамыту, т.б. технологияларды
кіріктіре қамтуға мүмкіндік мол;
- сөз мәдениетін меңгертуге арналған жаттығулар мен тапсырмаларды
оқушының мүмкіндігі мен мүддесіне сай кешенді қамтыған жағдайда ғана
мектептің негізгі және жоғары сатыларында оқу сапасын арттыруға ықпал
етеді. Ортологиялық және әлеуметтік-қатысымдық іскерліктерді жетілдіру
жаттығулары мен тапсырмалары тілдік дағдыларды қалыптастыру қызметіне қарай
тіл дамыту, тіл ұстарту, сөз мәдениеті бағытында; мазмұндық сипатына қарай
ізденімдік, проблемалық, шығармашылық болып сараланып, оқыту мақсатына сай
өзара байланыста жүргізілуі тиіс.
Жұмыстың талқылануы мен жариялануы. Зерттеудегі негізгі ойлар,
диссертацияның мазмұны, ондағы негізгі тұжырымдар халықаралық және
республикалық ғылыми-практикалық конференцияларда жасалған баяндамаларда
талқыланған. Қадағалау және аттестаттау Комитеті бекіткен тізімдегі
республикалық басылымдарда жарияланған. Республикалық және Алматы,
Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Қостанай облыстық және Алматы қалалық кәсіби
мамандар біліктілігін арттыру институттарында мектеп мұғалімдері мен
әдіскерлерге оқылған дәрістерде баяндалған. Диссертация жұмысы Абай
атындағы ҚазҰПУ-дің қазіргі қазақ тілінің теориясы мен әдістемесі
кафедрасының және Диссертациялық кеңес жанынан құрылған әдістемелік
семинардың кеңейтілген мәжілісінде талқыланған.
Диссертация бойынша 1 монография, 2 мемлекеттік білім стандарты, 5
оқу бағдарламасы, 3 оқулық, 6 оқу құралы, 4 оқу-әдістемелік құрал, 29
ғылыми мақала жарияланды.
Диссертацияның құрылымы мен мазмұны. Диссертация кіріспеден, төрт
тараудан, қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен,
қосымшалардан тұрады.

НЕГІЗГІ БӨЛІМ

Диссертациялық жұмыстың кіріспе бөлімінде тақырыптың өзектілігі,
зерттеу нысаны, пәні, мақсаты мен міндеттері, болжамы, әдіснамалық
негіздері, жетекші идея мен зерттеу әдістері, ғылыми жаңалығы көрсетіліп,
қорғауға ұсынылатын қағидалар мен еңбектің теориялық, практикалық маңызы
тұжырымдалған.
Диссертацияның “Жалпы білім беретін орта мектептерде сөз мәдениетін
оқытудың теориялық негіздері” деп аталатын бірінші тарауы төрт тармақтан
тұрады. “Сөз мәдениетінің зерттелу жайы” атты бірінші тармақта сөз
мәдениетінің қалыптасу тарихына шолу жасалады.
“Мәдениет” ұғымына батыс еуропалық әдебиеттерде 400-ден астам
анықтама берілуі оның күрделі әрі өзекті мәселе екенін дәлелдейді. Әйтсе де
барлық анықтамалардың түйісер нүктесінде мәдениет адамның рухани әлемінің,
қатпары мол, қабаты қалың, жұмбақты болмысының, әдеп пен саналылық
деңгейінің көрсеткіші деп тұжырымдалады.
Қазақ тіліне мәдениет сөзі араб тілінен (“маданият” – қала, қалалық
деген мағынаны білдіреді) енген. Ал, көне заманда “культура” сөзі “жерді
өңдеу” деген мағынада қолданылған. Цицеронның еңбектерінде (б.з.д. 45 жыл)
бұл сөздің мағынасы тереңдеп, “жанды жетілдіру” ұғымымен барабар
пайдаланылды. Көне Грекияда ерте заманның өзінде-ақ өмірге икемді,
қабілетті, жан-жақты қалыптасқан азаматтарды тәрбиелейтін сирек кездесетін
білім беру жүйесі болғаны белгілі. “Адамзаттық” қасиеттерді жетілдіруге
ерекше көңіл бөлініп отыратындықтан, мұнда жастарды қоғамдық өмірге
дайындауға басымдылық берілген. Бұл бағыттағы мәдени білімнің мақсаты
адамның ойлау, пікір айту, пайымдау қабілеттері мен эстетикалық сезімдерін
дамыту болды. Әлемнің түрлі елдерінің қоғамдық даму жүйесінде бұл идеялар
сан түрлі бағытта өрістей бастады. Мәселен, уақыт өткен сайын еуропалық
тілдерде “культура” сөзі “білім беру”, “даму”, “қабілеттілік”, “құрметтеу”
сияқты мағыналарға ие болды [5,22 б.].
Орта ғасыр ғалымдары мәдениетті тәлім-тәрбиенің, үйлесімділіктің,
тәртіптің өлшемі, адамның үздіксіз рухани жетілуі мен көп қырлылығының
көрінісі деп бағалады. Олар адам ақыл-ойының тәуелсіздігін батыл қолдады,
мәдениет адамның ішкі табиғи мүмкіндіктерін, ақыл-ойын жетілдіретін қуат
көзі деп санады. Олардың пікірінше, мәдениет – білім мен тәрбиенің
құралы, адам қабілеттерін дамытудың тетігі. Ойшылдар мәдениетте адамдық
пайым-парасат, ақыл-ой, ізгілік пен әдемілік заттандырылады деп көрсетті.
Мәселен, Э.Тэйлор “мәдениет – рухани құндылықтарды дамыту арқылы адамзат
баласын жан-жақты жетілдірудің жолы” деген тұжырым жасады [6,140 б.].
Отандық ғылым жүйесінде сөз мәдениетін зерттеудің алғашқы арналары әл-
Фарабидің “Риторика” еңбегінен, әлеуметтік-философиялық трактаттарынан,
Ж.Баласағұнның “Құдатғу бiлiк”, М.Қашқаридiң “Диуани лұғат ат-түрк”,
А.Йүгiнекидiң “Ғабатум Хама”, А.Йасауидiң “Диуани хикмет”, т.б.
еңбектерінен бастау алады. Ғалымдардың тұжырымдарын саралай келгендегі
басты түйін: білім мен тәрбие – адамзат мәдениетінің қайнар бұлағы болса,
өз кезегінде мәдениет – адамның дара тұлға ретінде қалыптасуының негізі.
Сөз мәдениетінің жеке сала ретінде қалыптасу жолында шешен сөз,
шешендік туралы зерттеулер де өзіндік мәнге ие. “Шешен сөз” ұғымын тұңғыш
рет термин ретінде қалыптастырып, оны жан-жақты саралап көрсеткен ғалым –
А.Байтұрсынұлы. Ол шешендік сөздің құрылымын, түрлерін анықтады.
Ш.Құдайбердіұлы, Ә.Бөкейханов, М.Әуезов, С.Сейфуллин, Ә.Мәметова секілді
ғалымдар шешендікті әр қырынан талдады. Б.Адамбаев қазақ шешендіктану
ғылымын жаңа сапаға көтерді. Ол шешендік сөздерді іштей жіктеп, өзіндік
ерекшеліктерін саралады.
Шешендік сөздің табиғатын жаңа заман тұрғысынан қарастырып, оның
тілдік сипатын танудың жүйесін белгілеген ғалым – Р.Сыздықова. Ол “Шешендік
сөз” еңбегінде “шешендік өнер” мен “шешендік сөз” терминдерінің аражігін
ажыратып, қазіргі шешендік пен дәстүрлі шешендіктің ерекшеліктерін айқындап
берді, шешен, шешенге қойылатын талаптар жөнінде ғылыми пайымдауларын
ұсынды. Ғалым “Сөз құдіреті” және “Сөз сазы” еңбектерінде де сөз
шеберлігіне қатысты мәселелерді зерделеді. С.Негимов “Шешендік өнер” атты
зерттеуінде жалпы шешендік өнердің тарихын жүйеледі, шешен сөздің жанрлық
түрлері, шешендік сөздің тектері жөнінде өз тұжырымдарын ұсынды. Г.Қосымова
“Шешендік өнердің негіздері” атты ғылыми еңбегінде қазақ шешендіктануының
тарихын көне түркі жазбаларынан бастап зерттеді, оның тарихи арналарын,
дәстүрлі және бүгінгі заман шешендігінің арасындағы біртұтас сабақтастықты
негіздеді. Осылайша сөз мәдениетінің зерттеу аясының кеңеюіне орай бұрын
халық ауыз әдебиетінің бір жанры деп саналған шешендік сөз ендігі жерде
сөйлеу өнерінің шыңы деген тұжырым орнықты. Шын мәнінде шешендік өнер
қоғамдық мәні жоғары, пайымдық сипаты терең сөз шеберлігінің ең жоғарғы
деңгейі болып саналады. Сондықтан ол сөз мәдениеті аясында қаралады.
Қазақ сөз мәдениетінің пән ретінде қалыптасуында қазақ тілі бойынша
жазылған алғашқы оқулықтар мен оқу құралдарының (А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов,
С.Аманжолов, І.Кеңесбаев, М.Балақаев, А.Ысқақов, К.Аханов, т.б.) рөлі зор.
Оларда грамматикалық, орфографиялық, орфоэпиялық нормалардың ереже түрінде
берілуі әдеби тілдің нормаларын қалыптастыруға ықпал етті. Сөз мәдениетіне
қатысты Алаш арыстары қозғаған ой-пікірлер аракідік тілші-ғалымдар
еңбектерінде бой көрсеткенмен, ол нақты зерттеу нысанына алынбады. Тек 1968
жылы желтоқсан айының 16-18 күндері Алматы қаласында Қазақ ССР Ғылым
академиясының Тіл білімі институты мен Қазақстан Журналистер одағы “Тіл
мәдениеті және баспасөз” деген тақырыпта ғылыми-практикалық конференция
өткізді. А.Ысқақов осы конференцияда: “Тіл мәдениеті проблемасы – қазақ
әдеби тіл білімінде тіпті тексерілмегені былай тұрсын, сөз болып көрмеген,
шеңбері мен шені де, өрісі мен өресі де айқындалмаған аса үлкен де аса
актуальды проблема”,- деді [7,52 б.]. Бұл тіл мәдениетінің тек соңғы қырық
жыл шамасында ғана зерттеу нысаны ретінде алынғанын дәлелдейді.
Конференцияда тіл мәдениетін зерттеу күн тәртібіне қойылғанмен, арнайы
сала ретінде дами алмады. Дегенмен, тікелей сөз мәдениеті деп аталмаса да,
оған қатысты бірқатар зерттеулер осы ғылым саласының негіздерін
қалыптастырды. Сөз мәдениетiнің аспектілерін тануда Б.Шалабайдың, сөз
этикасын арнайы зерттеген А.Қобланованың еңбектеріндегі пікірлер маңызды
рөл атқарды. Сөз мәдениетінің дара тұлға дамуының тетігі екендігін
негіздеуде тілі білімі саласындағы зерттеулердегі лингвокогнитивтік
тұжырымдар тірек етіп алынды. Көпшілік алдында сөйлеу мәдениетіне
байланысты жазылған еңбектер де зерттеу жұмысының негіздерін айқындауға
іргетас қалады.
Сөз мәдениетіне қатысты негізгі ой-тұжырымдарды бүгінгі заман
талаптарымен үндестіріп және сөз мәдениетін арнайы сала ретінде тұжырымдап
берген іргелі еңбектер Н.Уәлидің “Сөз мәдениеті” және “Сөз мәдениетінің
ғылыми-теориялық негіздері” атты зерттеулері болды. Бұл еңбектерде сөз
мәдениетінің категориялары, сөз мәдениетінің ғылым саласы ретіндегі маңызы
теориялық тұрғыда дәйектелген.
Сөз мәдениетін оқу пәні ретінде қарастыру үшін “тіл мәдениеті” мен “сөз
мәдениеті” деген терминдердің аражігін, олардың қарастыратын нысандарын
анықтап алу қажет болды. Ғалымдар арасында пікірталас тудырған бұл
терминдер туралы Т.Қордабаев: “Өмірде мәдениетті тіл, мәдениетсіз тіл деген
болмайды, мәдениеттілік те, мәдениетсіздік те тілді қолдануда, сөйлеу
(жазу) процесінде болады. Тіл мен сөйлеу бір-бірімен айырылмастық бірлікте
болатындарына қарамастан, бұл екеуінің бірлігі – тепе-теңдік бірлік емес,
әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері бар диалектикалық бірлік. Тіл дегеніміз
– сөйлеуге қажетті материалдардың жиынтығы. Ал сөйлеу – сол жансыз
материалдардың өзара қарым-қатынасқа келуі, тілдің қимыл үстіндегі күйі.
Тілге жақсы, жаман, мәдениетті, мәдениетсіз деген сын жүрмейді. Осы
себептен “тіл мәдениеті” дегеннен гөрі “сөйлеу мәдениеті” деу өз мазмұнына
сай келеді”,- деп көрсетті [8,41 б.]. Ғалым Р.Сыздықова: “Сөз мәдениеті”
дегенді “сөйлеу”, яғни “тіл жұмсау” тәртібі (мәдениеті) деп танимыз. Демек,
бұл жердегі “сөз” – орысша “речь” дегеннің баламасы. Соңғы термин “тілдің
қолданыстағы көрінісі” дегенді білдіретіні мәлім. Бізде ғылымның бұл
саласын атауда “тіл мәдениеті” деген тіркес жиірек қолданылып жүр. Бірақ
мазмұнға сай дәлірегі, дұрысы – “сөз мәдениеті”. Сөз мәдениеті тек тілдің
нормаларын бұлжытпай (“сықитып”) дәлме-дәл сақтау ғана емес, айтпақ ойды
тыңдаушыға жүрекке жылы тиетін, “айналасы теп-тегіс жұмыр келген”, әсерлі
етіп жеткізу жайын да қатар қамтуы тиіс”,- деді [9,3-4 б.]. Ғалым Н.Уәли
“тіл мәдениетінің” әдеби тілдің нормасы туралы білім саласы ретінде пайда
болғанын, оның жалпы “сөйлеуде, жазуда тіл амалдарын дұрыс қолдана білу”
деген ұғымды танытатынын атап көрсетті. Зерттеуші “сөз мәдениетінің қарым-
қатынас құралын қалай игеріп, өмірде қалай пайдаланып жүрміз, оның әр қилы
амал-тәсілдерін дұрыс, дәл, тиімді қолданып, мазмұнды, әсерлі етіп жұмсай
алдық па дегенге саятынын” айтады. Ол сөз мәдениетінің екі сатысын айқындап
берді [10,10 б.]. Ғалым З.Бейсенбайқызы: “Тіл мәдениеті” ұғымы көбіне-көп
қарым-қатынас құралы болып табылатын тілді жетілдіре беруге, негізгі
нормаларын қалыптастыра түсуге тікелей жәрдемі тиетін грамматикалар,
сөздіктер, түрлі анықтама құралын жасау бағытында іс-әрекеттерді қамтиды”,-
деп тұжырымдады [11,15 б.].
Орыс ғалымдары Г.О.Винокур, С.И.Ожегов, Л.К.Граудина, т.б. тіл
мәдениеті мен сөз мәдениетінің аражігін ашуға тірек болатын тұжырымдамалық
пікірлерін ұсынды. А.В. Птушенко: “Культура речи: норма & выразительность.
Ее компоненты: мировоззрение (эрудиция), логическая культура,
психологическая культура, коммуникационная культура, лексика, стилистика,
грамматика, фонетика (орфоэпия), художественные средства”,- деп сөз
мәдениетінің құрауыштарын кеңейте түсті [12, 29 б.].
Алаш арыстары көтерген оқытудың сан тарау мәселелерінің аясында баланың
ойы мен тілін шыңдауға қатысты пікірлерді дамытқан, оқушыны сөз шеберлігіне
баулу мен тіл мәдениетін оқытуды арнайы қарастырған ғалым М.Балақаев болды.
Ғалымның тіл мәдениетін меңгертуге қатысты ой-пікірлерін мазмұн сипатына
қарай екі топқа бөліп қарастыруға болады: біріншісі – тіл мәдениетін оқыту
әдістемесіне қатысты нақты пайымдамалары, екіншісі – қазақ тілінің білім
мазмұнына шешендік сөзді енгізуді ғылыми тұрғыда дәйектеген пікірлері. Ол
“шешендiкке үйрету жай ғана көркем, шебер сөйлеуге үйрету емес, баланың ой
өрiсiн, жалпы, бiлiм дәрежесiн арттыратынын; шешендікке үйрету оқушының
өздік әрекет етуіне негізделгенде ғана оң нәтиже беретінін” негіздеді [13,9
б.]. Бұл пікір Я.Коменскийдің “сабақта мұғалім аз үйретсін, оқушы көп
үйренсін” деген қағидасымен және қазіргі оқыту үрдісінде оқушыны өз
әрекетінің субъектісі деп тануды негіздейтін жаңа педагогикалық
парадигмамен терең ұштасып жатыр.
Соңғы жылдары білім беру жүйесінде, тіл дамытуға, сөз мәдениетін
үйретуге, шешендік қабілеттерді шыңдауға бағытталған зерттеу еңбектері мен
оқу құралдары жазыла бастады. Мәселен, С.Рахметованың, А.Жапбаровтың
зерттеулерінде қазақ тілінен оқушының тілін дамыту жайы қарастырылды.
Жоғары білім жүйесінде шешендіктануды оқыту мәселесін арнайы зерттеген
ғалым А.Қыдыршаев “Шешендіктануды оқытудың ғылыми-әдістемелік негіздері”
атты монографиясында студенттерді шешендікке баулудың ғылыми-әдістемелік
мәселелерін зерделесе, Б.Салыхованың “Усвоение казахского ораторского
искусства на гуманитарных факультетов университетов с русским языком
обучения” атты еңбегінде шешендік өнерді үйретудің талаптары қарастырылды.
Н.Құрманованың “Шешендік өнерге баулу” атты зерттеуі де орта мектептерде
шешендікті оқыту жүйесін жетілдіруде маңызды орын алды. Сонымен, бұл
еңбектер сөз мәдениетінің қалыптасу тарихын зерделеуде, сөз мәдениетінің
шешендікпен байланысын ашуда, сөз мәдениетін меңгертудің мақсатын,
ұстанымдарын белгілеуде басшылыққа алынды.
Бірінші тараудың “Сөз мәдениетінің тірек ұғымдары, сөз сапалары” атты
екінші тармағында зерттеу жұмысының негізгі нысандары сараланды.
Сөз мәдениетінің нормативтік сапасы бойынша функционалдық сауаттылыққа,
дұрыс сөйлеу талабына басымдылық беріледі. Қазақ тіліне қатысты сөз
дұрыстығы жөніндегі ой-тұжырымдар А.Байтұрсынұлының еңбектерінен бастау
алады. Ол: “Сөз дұрыстығы – әр сөздің, әр сөйлемнің дұрыс күйінде жұмсалуы.
Ол үшін сөз мағынасын, тұлғасын өзгертетін жалғау, жұрнақтарды дұрыс тұтыну
керек; сөйлем ішінде сөздерді дұрыс септеп, дұрыс көптеп, дұрыс
ымыраластыру керек; сөйлемдерді бір-біріне дұрыс орай-ластырып, дұрыс
құрмаластыру, дұрыс орналастыру керек”,- дейді [14,48 б.]. Әдеби тіл
нормасы тіл тазалығын қамтамасыз етеді: біріншіден, ол сол қоғамда әбден
орныққан ортақ заңдылықтарды қолдануды міндеттейді, орынсыз ауытқушылыққа
жол бермейді; екіншіден, тілді қарабайырлықтан сақтайды, диалектілер мен
жаргондардың орынсыз қолданылуына тосқауыл қояды; үшіншіден, сөзді талғап
жұмсауға төселдіреді. Ортологиялық дағдыларды меңгерту жалпы білім беретін
мектептің бастауыш және негізгі мектеп сатыларындағы білімнің өзегіне
салынуы тиіс. Тілдің морфологиялық, синтаксистік амал-тәсілдері, лексикалық
қазынасы бір-бірімен астаса, ынтымақтаса келіп, тіл байлығын құрайды.
Оқушының сөзді құбылтып қолдануда жұрнақтардың, жалғаулардың рөлін білуі,
еркін және тұрақты тіркестердегі ойдың нақтылана, тереңдей түсетіні жөнінде
түсініктерінің қалыптасуы сөз мәдениетіне төселдіретін баспалдақтар болып
саналады. Сондықтан тіл білімінің салалары туралы аяқталған, тұтас білім
беруді көздейтін негізгі мектептің мақсаты оқушының тіл туралы дүниетанымын
кеңейту және әдеби тіл нормаларын сақтап сөйлеу дағдыларын жетілдіру болып
белгіленді.
Қатысымдық сапа – сөз мәдениетінің аса маңызды аспектілерінің бірі. Ол
сөйлеушінің өз сөзін тыңдаушыға өтімді жеткізе білу шеберлігін қамтиды.
А.Байтұрсынұлы сөйлеуші тілінің дұрыстығын, анықтығын, тазалығын, дәлдігін,
көрнектілігін, әуезділігін, өрнектілігін “көркем сөздің тысқы сындары” деп
көрсетеді [14,101 б.]. Бұлар сөз мәдениетінің қатысымдық сапаларына сай
келеді. Сөз мәдениетінің орталық негізі – адам – субъект деген
антропоцентристік идея қатысымдық сапаның жаңа деңгейге көтерілуіне әсер
етті. Кез келген қатысымдық жағдаятта сөз қандай жағдайда, қандай мақсатта,
кімге арнап айтылады деген сыртқы шарттар ескеріледі. Олар сөз талғауға,
сөз саптауға тікелей әсер етеді. Н.Уәли “сөздің коммуникативтік сапасы
туралы айтылғанда адресат факторы басты назарда болатынын; коммуникативтік
“уақиға” фреймі – автор, сөз актісі – адресат және сөз жағдаяты деген
құрылымдардан тұратынын; мұнда “диалог” концепциясы бойынша адресат
позициясы басымдылыққа ие болатынын” айтады [3,28 б.]. Бұл ұстаным
оқушылардың тілін дамытып, сөз шеберлігін жетілдіруде басты бағыт етіп
алынды. Сөздің қатысымдық сапасы жоғары деңгейде болу үшін оқу үрдісінде
оқушының білімдік, танымдық әлеуетінің дамытылуына ерекше мән беріледі.
Себебі адам тек тыңдаушы я тек сөйлеуші міндетін атқармайды. Ол өмірде осы
екі позицияда да әрекет етеді. Ал диалог – адамзат қоғамының өмір сүруінің
басты шарты. Сондықтан сөздің қатысымдық сапасын мектептің жоғары сатысында
оқыту тұлға қалыптастыру мақсатымен тығыз ұштасады. Тіл – адам мәдениетінің
көрсеткіші. Қарым-қатынас – адамның әлеуметтенуінің негізі. Ендеше,
мектептегі тілдік білім жүйесінің өзегі етіп сөз мәдениетін алу – оқушының
мәдени әлеуетін, дискурстық қабілеттерін жетілдірудің кепілі.
Мыңдаған жылдар аясында адамдардың өзара қарым-қатынасына қатысты мiнез-
құлық ережелерi қалыптасқан. Олар орта ғасырлардан бастап этикет деп
аталды. Антикалық дәуiрде-ақ адамдарды әсем мiнез-құлыққа арнайы баулуға
көңiл бөлiне бастағаны белгілі. Сыртқы сұлулық пен адамгершiлiктiң
үйлесiмiн ежелгi гректер “калокагатия” (грек тiлiнде “колос” – әсем,
“агатос” – мейiрiмдi) деп атаған. Адамның сұлулығы мен күштiлiгiнiң үстiне
әдiл, дана, өр, ақылды болуы талап етiлген. Дара тұлғаның ішкі
мәдениетінің, сыпайылығының, адамгершілік қасиетінің айқын көрінісі деп
саналатын сөз әдебі тіл қатудың, сөз жұмсаудың қоғам қабылдаған, жұртшылық
ұйғарған, ұлттық сипатқа ие ережелері мен тәртібіне негізделеді. Бұлар сөз
мәдениетінің этикалық сапаларын құрайды.
Сөз этикасына моральдық принциптерге, мәдени-ұлттық дәстүрге негізделген
тілдесім әдептері жатады. Сөз этикеті белгілі бір жағдаятта тілдесудің, сөз
саптаудың тәртібіне тән ережелерді сақтауды талап етеді. Әдеп нормалары
сабақтас екі жүйеден бастау алады: бірі – ұлттық этикалық ұстанымдар,
екіншісі – жалпыадамзаттық этикалық құндылықтар. Қазіргі таңдағы этикалық
нормаларды құрайтын бұл компоненттерді айыра білу – адамның өз ортасында
дұрыс әрекет етіп, көздеген мақсатына жетуінің басты шарты. Сөз этикасы –
дүниетанымдық, этикеттік компоненттерден және эстетикалық элементтерден
тұратын күрделі құрылым. Әдеп адамдар арасындағы қарым-қатынастың жоғары
мәдени деңгейде ұйымдастырылуының басты шарты болғандықтан, ол жеке
субъектілердің адами құндылықтарды түсінуіне, оны сөз жүзінде ғана емес, іс-
әрекетінде де көрсете білуіне байланысты. Тілді оқытудың мақсаты – оқушыда
сөз әдебі туралы ұғым қалыптастырумен қатар, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып
келе жатқан сөз әдебі нормаларын, қалыптасқан қағидаларды меңгерту, сыпайы
да әдепті сөйлеуге төселдіру. Әдептік сөз орамдарын қажет жерінде орнымен
қолдануға үйрену оқушының коммуникативтік және мәдени-танымдық
құзіреттіліктерін қалыптастырады. Күнделікті тұрмыста, ресми жағдаяттарда
қолданылатын сөз орамдары бірте-бірте кеңейтіліп, оқушының дағдысына
сіңіріледі. Мәселен, қазақ тілінің білім мазмұнында бастауыш сыныптардан
сөз әдебіне үйрету жоғары сыныптарда сөз этикасының дүниетанымдық
компоненттеріне, халықтық танымдағы субъектінің тіліне, сөзіне қатысты
мақал-мәтел түріндегі пайымдауларға жалғасады. Мұндай сабақтастық сөз әдебі
жөнінде оқушының дүниелік білімін кеңейтіп, ой-өрісін өсіреді, өз ана
тілінің танымдық сипатын жақын білуге талпындырады.
Сөз мәдениеті сапаларына қатысты қағидалардың сақталуы жеке адамның
мәдениетін ғана емес, жалпы қоғамның, ұлттың мәдени деңгейін өсіретіні
сөзсіз. Өйткені тарихи-әлеуметтік маңызы жағынан “мәдениет – адамды тұлға
деңгейіне көтеретін негізгі құрал” [5,12 б.]. Сондықтан жаңа білім
жүйесінде сөз мәдениетінің сапаларын қырларын өзара бірлікте оқыту көзделіп
отыр.
Бірінші тараудың “Сөз мәдениетін оқыту – жаңа парадигмалар тоғысының
нәтижесі” атты тармағында оқу үрдісінде кең өріс ала бастаған жаңа
парадигмалардың үндестігі, олардың оқушының тұлғалық қасиеттерін сөз
мәдениеті тұрғысынан дамытудағы мәні дәйектелді.
Қазіргі ғылымда “антропологиялық ренессанстың” әсерінен зерттеушілік
парадигмалардың өзегінде анторопоцентристік идеялар жандандырылып, адамды
жаңа тұрғыдан түсіну, оны тұтас құрылым ретінде зерттеу күшті қарқынмен
дамып келеді. Онда “адам барлық заттың өлшемі деп танылып, осы ұстаным
негізінде адамның табиғаты айқындалады” [15,6 б.]. Өзінің өмір қажетін
бағамдай алу, өзін-өзі сезініп, ұғына алу, өзін-өзі тану – сана-сезімнің
жетілгендігінің нәтижесі. Философтар “адам өзін тек қана айналасындағы
адамдарға қарап таниды, бағалайды” деп тұжырымдайды [16, 155 б.]. Сондықтан
білім философиясындағы рефлексиялық парадигма сөз мәдениетін оқытудың
тірегі етіп алынды.
Адам өзін қоршаған тылсым дүниені қаншалықты тани алса, сол деңгей адам
танымының жемісі саналады. Адам онда әрі әрекет субъектісі, әрі таным
субъектісі бола алады. Адам дүниені неғұрлым терең таныса, соғұрлым өзін де
тани түседі. Бұл қағидалар сөз мәдениетін оқытуда оқушыны оқу әрекетінің
субъектісі деп тануды негіздейтін жаңа педагогикалық парадигманың маңызды
рөл атқаратынына дәлел болады.
Дара тұлғаның қабілеттерін дамытуды көздейтін бүгінгі заманның мектебі
үшін оқушының бойында “қозғалыссыз” білім қорын қалыптастыру емес,
керісінше, оның келешек өміріне қажетті дағдыларды сіңіру маңызды болып
саналады. Сондықтан да сөз мәдениетін меңгерту дәстүрлі жүйедегі білімге
үстемдік беретін парадигмадан оқушының өмірлік дағдыларын жетілдіру
парадигмасына негізделген оқыту үрдісін қажет етеді. Зерттеушілердің:
“Магистральная направленность обучения языку с первого класса до выпускного
– не грамматическая, а речевая”,- деген ғылыми тұжырымы осы жаңашылдықтың
негізін құрайды [17]. Бұл пайымдық тілді үйретуге негізделеді. Өйткені
дискурс нәтижесінде өмірлік дағды қалыптасады. “Дискурс – адамдар арасында
туындайтын мәселелерді күштің көмегімен емес, ақылға сала отырып, пікір
алысу мен пайымдауға жүгіну арқылы шешіп, субъектілер арасында түсіністік
орнатады, өзара келісімге, жай келісімге емес, әлеуметтік келісімге қол
жеткізеді” [18,29 б.].
Сөз мәдениетін оқытудағы аса маңызды парадигма – ана тілін ұлттық
құндылық ретінде меңгерту парадигмасы. Сөз мәдениетін меңгертуде басты
міндеттердің бірі оқушының бойында ұлттық ділді қалыптастыру болып
саналады. Ұлттық ділге негіз болатын нәрсе – Текті адам идеясы. Текті
адамды, текті әулетті қалыптастыру – ізгілікті қоғамның басты міндеті,
ұлттық ділді дамыту – тәрбиенің алтын қазығы. Мәдениет, ойлау, тіл секілді
ең негізгі құндылықтар халықтың рухани дамуының түп қазығы, тірегі ретінде
сөз мәдениетінің ішкі мазмұны мен жалпы болмысында өзара тығыз ұштасып
жатыр. Сондықтан сөз мәдениеті, біріншіден, оқушының өзге адамдармен
қатынас деңгейін көтеруге қызмет етеді. Екіншіден, сөйлеу мәдениеті табиғи
түрде адамның ойлау мәдениетін жетілдіруге жол ашады. Үшіншіден, сөз
мәдениетінің қатысымдық сапасын меңгерту оқушының тілін дамытудан, тілін
ұстартудан басталып, нәтижесінде тілді түйсінуге, құрметтеуге,
талғампаздықпен қолдануға әкеледі.
Білім беру жүйесіндегі оқыту мәселелері мен ұлттық мүдденің жақындасуы
ғана білімнің мемлекет дамуындағы стратегиялық рөлін күшейте түспек. Бұл
тілге ұлттық ділдің бірден-бір тетігі, тірегі, тіні деп қарауды қажет
етеді. Бұлар “пәндік-білімдік парадигманы тілге деген сүйіспеншілік
парадигмасымен алмастыру” арқылы шешіледі [17].
Қазақ тіл білімі саласында сөз мәдениетінің түп қазығы тілдік тұлға
болуға тиіс деген антропоцентристік жаңа парадигма оқушыны дамыту оның сөз
мәдениетін дамыту деген ұғыммен барабар екенін танытады. Себебі сөз арқылы
баланың ойлау, тыңдау, қатысымдық қабілеттері жетілдіріліп, нәтижесінде
дара тұлғаның қалыптасуына жол ашылады.
Сөз мәдениетін меңгертуге негіз болған осындай тұжырымдарды жинақтай
келе, мектептің негізгі және жоғары сатыларындағы қазақ тілі пәнінің білім
мазмұны тілдік қатынастың жеке тұлға мәдениетімен бірлігіне сай жүйеленуі
тиіс деген тұжырым жасалды. 5-9 сыныптар аралығындағы қазақ тілі пәнін
оқыту үрдісінде тіл білімі салалары бойынша оқушы меңгеретін қатысымдық
іскерліктерді өмірлік дағдыларға негіздей отырып қалыптастыру міндеті
қойылды. Мектептің жоғарғы, бағдарлы мектеп деп аталатын сатысында “Сөз
мәдениетін” арнайы оқыту мақсат етілді. 10-11-сыныптардағы білім мазмұнында
сөз мәдениеті, пікірталас мәдениеті, шешендікке қатысты білімдер қамтылды.
Өйткені жоғары сынып оқушысы үшін өмірге қажетті білім негізінде өздігінен
әрекет ету құзіреттіліктеріне ие болу маңызды.
Құзірет пен құзіреттілік – бір-бірімен тығыз байланысты екі ұғым.
“Құзірет – дара тұлғаның бойындағы өзара байланысты сапалардың (білім,
іскерлік, дағды, әрекет тәсілі) жиынтығы болса, құзіреттілік – адамның сол
әрекетке, оның пәніне деген жеке қатынасын қамтитын сәйкес құрауыштарды
меңгеруі” болып табылады. Сондықтан да құзіреттілік ұғымына тек танымдық
және әрекеттік-технологиялық құраушылар ғана емес, сондай-ақ мотивациялық,
этикалық, әлеуметтік және мінез-құлықтық компоненттер де кіреді [19].
Жаңа нормативтік құжаттарда білім сатылары бойынша “Қазақ тілі” пәнінен
күтілетін нәтижелер анықталып берілген. Олар үш түрлі құзіреттілік түрінде
сараланған [20]. Оқушы проблемаларды шешу құзіреттілігі бойынша: әртүрлі
тілдік жағдаяттардағы проблемаларды анықтайды, өздігінен шешім қабылдайды,
өз шешімінің нәтижесін бағалай алады; өзгермелі өмір жағдайларында
туындаған жағдаяттарда міндеттерді шешетін технологияларды таңдай алады,
сөздерді өз мақсатына, негізгі ойға, мазмұнға сәйкес өз бетінше талғап
қолдана алады; өзгелермен тіл табысуға қажетті сөздерді талғай алады;
сөздік қорын өз бетінше толықтырады. Ақпараттық құзіреттілік бойынша:
ақпараттарды сыни тұрғыда талдайды, соның негізінде саналы шешім
қабылдайды; тілдің танымдық қызметтерін өз мақсатына сай қолдана алады;
логикалық операцияларды еркін қолдана ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Сөз мәдениетін жаңа технологияларды тоғыстыра оқыту жолдары
Қазақ тілін оқыту әдістемесінің ұстанымдары
ҰЛТТЫҚ МЕКТЕПТЕ ҚАЗАҚ ТІЛІ МЕН ӘДЕБИЕТІН ОҚЫТУДЫҢ МӘСЕЛЕЛЕРІ
Қазақ тілінде оқытпайтын мектептерде қазақ тілін оқыту әдістемесі пәнін оқытудың әдістері
ҚАЗАҚ ТІЛІН ОҚЫТУДЫҢ ПРИНЦИПТЕРІ
Қазақ тілінен оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастырудың педагогикалық негіздері
ҰЛТТЫҚ МЕКТЕПТЕРДЕ ҚАЗАҚ ТІЛІН ЕКІНШІ ТІЛ РЕТІНДЕ ОҚЫТУДЫҢ ӘДІСТЕМЕСІ МЕН ӘДІСТЕРІ
Шет тілін оқыту әдістемесі пәні бойынша оқу құралы
Құрмалас сөйлемді оқыту әдістемесі
Орта мектепте қазақ тілін оқыту әдістемесі
Пәндер