Жалпы техикалық және арнайы пәндерді оқыту әдістемесі пәніне кіріспе


Пән: Педагогика
Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 96 бет
Таңдаулыға:   

15. ЛЕКЦИЯ ТЕЗИСТЕРІ

Лекция тақырыптары 2 сағатқа арналып жасалған.

1-лекция. Тақырыбы: Жалпы техикалық және арнайы пәндерді оқыту әдістемесі пәніне кіріспе. Курстың пәні.

Жоспары:

1. Мақсаты мен міндеттері.

2. Пән мұғалімін дайындаудағы рөлі.

3. Курстың мазмұны.

4. Басқа пәндермен өзара байланысы.

5. Студенттердің болашақ мұғалім және тәрбиеші ретінде қойылатын талаптар

Лекция мақсаты: Курстың пәні, оның мақсаты мен міндеттерін, дайындық жүйесіндегі пәннің алатын орынын студенттерге ұғындыру

Лекция мәтіні: «Жалпытехникалық және арнайы пәндерді оқыту әдістемесі» курсының ЖОО-ның педагогикалық мамандықтарының қолданыстағы типтік оқу жоспарына сәйкес 5В012000 - Кәсіпке оқыту (бакалавр) шифры бойынша ҚР МЖМБС -да көрсетілген мамандар дайындау үшін түзілген типтік оқу бағдарламасына сәйкес түзілген. Пән бағдарламасы оқытушыларды дайындау ерекшеліктері педагогикалық білім берудің мазмұнын жетілдіру; оны жетілдіру жолдарын іздестіру; оның вариативтілігін арттыру; мектептер мен білім беру мекемелерін жоғары білікті педагог кадр мамандарымен қамтамасыз етумен ерекшеленеді.

Курсты оқыту мақсаты - студенттерді болашақ педагогикалық қызметке дайындаудың негізін қалау, жалпы білім беретін мектептерде оқушы жастармен кәсіптік оқыту мен еңбек технологиясының бағдарламаларының әртүрлі параметрлерімен жемісті жұмыстар жүргізуіне, мектеп оқушыларын Республикадағы жаңаша әлеуметтік және экономикалық жағдайларда еңбекке дайындауға қажетті білім, іскерлік және дағдысын қалыптастыру.

Курсты оқытудың міндеттері:

- Кәсіпке оқыту мазмұнының әр кезеңіндегі білім беру мазмұны жөнінде студенттерге нақты түсінік беру; педагогтың сабақты ұйымдастыруы мен материалдық жабдықтауы, оларды жоспарлау жұмыстарының мазмұнымен таныстыру, сабақтан тыс, сыныптан тыс және мектептен тыс жұмыстарды ұйымдастыру мен басқаруға дайындау;

- Жан-жақты дамыған, шығармашылық қабілеті жоғары, кәсіби бейім тұлғаны тәрбиелеу және жетілдіруге жағдай жасау; болашақ кәсіби қызметінде өзін өзі айқындау мен өз мүмкіндігін жүзеге асыруға дайындау;

- Педагогикалық еңбекті тиімді ұйымдастыруға, оқушы жастарға білім берудің тиімді әдістері мен формаларын, оқу құралдарын таңдауға, әдістемелік, анықтамалық және арнайы әдебиеттермен жұмыс жасауға үйрету;

- Мектептерде педагогикалық практиканы өтуге, курстық және дипломдық жұмыстарды орындауға даярлау.

Пән мазмұны болашақ мұғалімге екі талап қояды: нені білуі тиіс және нені орындауы тиіс. Осыған байланысты білімдер мен іскерліктер тізбесі жалпы түрде төмендегідей белгіленеді.

«Жалпытехникалық мен еңбек технологиясын оқыту әдістемесі» курсын оқу нәтижесінде студенттер төмендегідей білімдерді меңгеруі тиіс:

- жоғары сынып оқушыларын кәсіпке алғашқы баулу (салалар бойынша) бағдарламасының мазмұны (Х-Х) сыныптар;

- кәсіпке алғашқы баулу сабақтарының құрылымы мен қағидаларын оқытудың мақсаты, міндеттері және кезеңдерін есепке ала отырып түзу;

- оқулықтардың, оқу құралдарының, оқу-әдістемелік әдебиеттердің мазмұны, идеясы, құрылым қағидалары;

- оқу шеберханаларын ұйымдастыру мен жабдықтауға қойылатын
талаптар.

Курсты меңгеру нәтижесінде студенттердің игеретін іскерліктері:

- қоғамның қазіргі даму кезеңіне сай кәсіпке оқыту міндеттерін бағдарлай білу;

- бағдарлама мазмұнындағы материалдарға байланысты оқытудың аса
тиімді формаларын, әдістері мен құралдарын іріктеу;

- арнайы, анықтамалық және әдістемелік әдебиеттермен пайдалану;

- күнтізбелік-тақырыптық және күнделікті сабақ жоспарларын әзірлеу
және оларды әдістемелік жабдықтау;

- жалпытехникалық және арнайы пәндер бойынша сыныптан тыс
және мектептен тыс сабақтарды ұйымдастыру мен өткізу;

- оқу барысында және сыныптан тыс жұмыстарда оқушылармен еңбекке тәрбиелеу мен кәсіби бағдар жұмыстарын жүргізу.

«Жалпытехникалық пәндер мен еңбек технологиясын оқыту әдістемесі» курсын оқу лекция тыңдайды, лабораториялық және практикалық жұмыстарды орындауын, студенттердің курстық жұмыстар жасап, педагогикалық практикадан өтуін қамтиды.

Пәннің негізгі мақсаты болашақ еңбекке және кәсіпке оқыту мұғалімдерін әдістеме бойынша ептіліктермен қаруландыру болғандықтан, пән бойынша теориялық мағлұматтар мен практикалық іс-әрекеттер техника негіздерін оқытатын пәндермен оның ішінде: материалдарды өңдеу практикумы, конструкциялық материалдар технологиясы, сызба геометриясы, сызу, машиналар мен механизмдер теориясы, материалдар кедергісі пәндері бойынша алған білімдерге тіректенеді.

Оқу пәні төменгі 1, 2 курстарға өтілген «Психология», «Педагогика» пәндерімен оқу материалдары тұрғысынан өзара байланысты.

Пәннің негізгі мазмұны халық шаруашылығының көптеген салаларын оқыту «Технология» пәнінің мазмұнын оқытуға бағдарланады, атап айтсақ, олар:

- ауыл шаруашылығы өндірісінің техникасы мен технологиясы;

- машинатану элементтері негізінде конструкциялық материалдарды өңдеу технологиясы;

- электротехникалық жұмыстар технологиясы;

- сәндік-қолданбалы өнер элементтері негізіндегі көркем қолөнер технологиясы. Тігін бұйымдарының сән үлгілері;

- тамақ әзірлеу технологиясы;

- үй мәдениеті. Тұрмыстық техника;

- ақпараттық технология негіздері;

- жоба.

Бақылау сұрақтары:

1. Пәннің мақсаты мен міндеттері бойынша атқарылатын іс-әрекет бағыттарын сипаттаңыздар.

2. Пән мұғалімін дайындаудағы курстың орнын сипаттаңыздар.

3. Курстың мазмұнының орта мектеп пәнімен байланысын түсіндіріңіздер.

4. Педагогикалық-психологиялық пәндермен өзара байланысын айтып беріңіздер.

5. Студенттердің болашақ мұғалім және тәрбиеші ретінде қойылатын талаптарды сипаттаңыздар

2-лекция. Тақырыбы: Кәсіптік оқытудың мазмұны мен міндеттері

Жоспары:

1. Кәсіптік оқыту мазмұнының айқындалуы.

2. Кәсіптік білім беруге қатысты мемлекеттік құжаттар мазмұны.

3. «Технология», кәсіптік оқыту бағдарламаларының мазмұны және олардың әдістемелік талдау.

4. Еңбек тәрбиесі мен кәсіптік бағдар берудегі бағдарлама мазмұны

Лекция мақсаты: Кәсіптік оқыту мазмұны мен міндеттерінің еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдаятына байланысты айқындалып, олардың мазмұны еңбек мазмұны мен шартынан туындайтынын студенттерге меңгерту.

Лекция мәтіні: Жасөспірімдерді еңбекке және кәсіпке баулу адамзат қоғамының даму кезеңдерінің барлығында жүргізіліп келеді. Егер өтіп бара жатқан ұрпақ өзін алмастыратын келесі ұрпаққа өзінің тәжірибесін бермесе, оларды тәрбиелемесе, еңбекке баулымаса, онда қоғамның өмір сүру жағдайының сақталуы мен дамуының болмауы мүмкін болар еді. Сол себепті еңбекке басты назар айдарылады.

Еңбектің адам өміріндегі орны мен рөлін көптеген ұлы ғұламалар жазып қалдырғаны баршаға мәлім. К. Маркс пен Ф. Энгельс адамның дамуының ғылыми тұжырымын жасаған. К. Маркс «Капитал» атты еңбегінде «Еңбек дегеніміз алдымен адам мен табиғат арасындағы үдерісс; мұнда адам өз қызметі арқылы өзі мен табиғат арасындағы заттардың алмасуына себепкер болады, оны реттеп, бақылап отырады . . . Табиғат затын өз басының тіршілік етуіне жарамды формада иемдену үшін адам өз тәнінің табиғи күштерін: қолдары мен аяқтарын, ақыл-ойы мен саусақтарын қимылға келтіреді. Осындай қимыл арқылы сыртқы табиғатқа әсер ете отырып, оны өзгерте отырып, адам сонымен бірге өз басының жаратылысын да өзгертеді. Ол осында мүлгіп жатқан күш-қабілеттерді өршітеді де, бұл күштердің құбылысын өз өктемдігіне бағындырады. » - деп, шығармашыл іс-әрекетті түзуші адамның даму үдерісінің рөлін көрсетеді.

Адамның қалыптасуында еңбектің рөлі жайында айта келіп, Энгельс жануарлар патшалығынан адамды бөліп алу мүмкіндігі, ақыл-ой және дене еңбегінің ұштасуы мен бірлігінің арқасында екендігіне мән берді.

Еңбек үдерісі жөнінде К. Маркс: «Еңбек үдерісінің жай моменттері мыналар: мақсатқа сай қызмет, яки еңбектің өзі, еңбек заты мен еңбек құрал-жабдығы. » - деп атап көрсетеді (Капитал) . Ал психологиялық тұрғыдан еңбек басқару объектісі ретінде бүтіндік сипаты бар және бөлінбейтін бірлік түзе-тін динамикалық байланыстағы элементтердің жиынтығы екендігі белгілі.

Еңбек - алға қойылған мақсатқа жеткізетін саналы іс-әрекет. Ал іс-әрекетті Б. А. Душков « … - бұл қоғамдық мәнді сипаты бар, саналы мақсатпен реттелетін адамның ішкі (психикалық) және сыртқы (дене бітімі) белсенділігі. » - деп сипаттайды. Еңбек пен табиғат затының ұштасуы іс-әрекет өнімін көрсетеді. Еңбек үдерісінің аяғында келіп шығатын нәтиже - сол үдерістің бас кезінде адамның ойында болған, яғни идеясында болған нәрсе болып табылады. Басқару объектісі ретінде еңбек үдерісінің мәнін талдау еңбектің мазмұнын, сипатын және жағдайын (шартын) ажыратуға мүмкіндік береді. «Еңбек мазмұны» түсінігіне сала бойынша еңбек іс-әрекетін бөлуді, жүзеге асыратын өндірістік операциялардың түрлерін, көп қырлы функцияны, дене және интеллектуальдық ынта бөлуді, еңбек операцияларының реттілігін анықтаудағы өзбетінше жұмыс жасау дәрежесін, өндірістік үдеріс барысындағы қабылданған шешімнің жаңалық деңгейін және мүмкіндігін ескеретін еңбек сипаты кіреді.

Өткен ғасырдың 90 жылдары «Жалпы білім беретін қазақ орта мектебінің тұжырымдамасында» білім мазмұнын анықтаудың мынадай принциптері мен оған қойылатын талаптары көрсетілген:

  • жалпы орта білімнің құрамы мен құрылымын балалардың психологиялық-физиологиялық жас ерекшеліктеріне сәйкес үйлестіру;
  • оқу жоспарындағы гуманитарлық және жаратылыстану-математика салаларындағы білімнің ара салмағының бала өрісінің жалпы заңдылықтарына сәйкес болуы:
  • білім мазмұнының оқушының ішкі даму заңдылықтарына оның сыртқы дүниемен және де «адам-өндіріс», «адам-табиғат», «адам-символдық жүйе», «адам-қоғам», «адам-көркем образ», «адам-адам» жүйелері арасындағы қарым-қатынастарына сәйкес келуі;
  • блоктар мен пәндер деңгейінде білім мазмұнының басты бағдарын белгілеу. Білім мазмұнының: көркем-эстетикалық, қоғамдық-гуманитарлық, жаратылыс-математикалық үш ірі блогын айырып көрсету;
  • оқыту мен тәрбиені интеллектуальды пайдалы және өнімді еңбекпен бірлестікте ұйымдастыру;
  • оқытудың гуманитарландыру принципі мен бағдарын жүзеге асыру;
  • компьютерді айрықша оқу құралы ретінде құрастыру; жаңаша ойлау бағытында ереже мен қағидалар педагогика ғылымдарының тәрбие және білім беру принциптері негізінде құрастырылған.

Мектептік жалпы білім беру мазмұнын түзетін пәндер топтамасын үшке топтап көрсетуге болады. Олар: қоғамдық-гуманитарландыру, математика-лық-жаратылыстану және адам іс-әрекетіне негізделген пәндер кешені. Адам іс-әрекетіне негізделген пәндер кешені ішінен «Технология» пәнінің мазмұны еңбектің сипаты, мазмұны және жағдайы (шарты) тұрғысынан бағыттары, анықтады. Сол себепті «Технология» пәні мазмұнын анықтау адамның кәсіби іс-әрекетінен туындайды. Бұл негізінен іс-әрекетке үйретуге бағытталатын талап тұрғысынан анықталады.

Талап - педагогикалық ықпал етудің әдісі ретінде мектеп оқушыларында сапалық қасиеттердің қалыптасуын анықтау мен ынталандыру үшін белгіленеді. Талаптың негізгі басты ерекшелігі оның мазмұнында және ол сөз түрінде қойылады. Оқушыларды еңбекке дайындауға, оның өзіне көптеген талаптар қойылады.

Қазақстан Республикасының орта білім стандартында, “Технология” білім саласында оқушыларды еңбекке және кәсіпке дайындауға сай стандарт талаптары: жалпы білім беретін орта мектеп бітірушілердің дайындық деңгейіне қойылатын талаптар («оқушылар мынаны білуге тиіс (немесе оқушылар білуі тиіс) », «оқушылар мынаны орындауға тиіс (немесе оқушылар орындауы тиіс) »), ал орта (толық) білім бойынша мектеп бітірушілер дайындығының деңгейіне сәйкес талаптар («оқушылар білуі тиіс», «оқушылар орындауы тиіс») деген ұғымдар ажыратылып белгіленген.

Білім стандарты «Технология» пәні бойынша білім мазмұнын анықтайтын негізгі басшылыққа алынатын құжат болып табылады. Келесі құжаттың бірі оқу пәні бойынша типтік бағдарлама болып табылады. Типтік бағдарлама модулінің мазмұны «Адам-техника», «Адам-табиғат», «Адам- белгілер жүйесі», «Адам-адам», «Адам-көркем образ» типтері бойынша материалдарды қамтыған. Оның мазмұнының инвариант бөлігіне енетін негізгі ұғымдар төмендегідей:

- технология; материалдар, олардың қасиеттері және сақтау; құралдар мен бейімдеу құралдары (немесе қондырғы) ; техника (станоктар, машиналар) ; ақпарат, бұйым, жоба, дизайн, техникалық құжаттар, технологияны таңдау; өндірісті дайындау және ұйымдастыру, технологиялық үдерістерді механикаландыру және автоматтандыру, өндірістегі компьютерлі технология, перспективті технология;

- өнімді өткізу және сату, оның құны, шикізатты, энергияны, еңбекті үнемдеу, өндірісті тиімді және ұтымды ұйымдастыуды экономикалық талдау, кәсіпкершілік іс-әрекет;

- өндірістің экологиялық мәселелері; өндірістің қалдықтарын пайдалану және пайдаға асыру; технологияны қолданудың әлеуметтік нәтижесі;

- жұмыс орнын ұйымдастыру және жоспарлау, жұмыстың қауіпсіздігін қамтамасыз ету; еңбек мәдениеті және өндірістегі қарым-қатынас;

- адамға кәсіптің қоятын талаптары, оқушының жеке тұлғалық сапасына, қызығушылығымен және икемділігімен (бейімділігімен) кәсіби іс-әрекет жөніндегі алған білімдерінің қатынасы.

Бағдарламаның (модульдің) мазмұны әрбір тип бойынша төмендегідей көрініс тапқан. Ұлдар үшін «адам-техника» бойынша конструкциялық материалдарды (материалдардың түрі бойынша) өңдеуде .

Аралау, жону; сүргілеу; фрезерлеу; бедерлеу; механикалық, термиялық өңдеулер, пластикалық пішін түзу; пісіру (металдар үшін контактілі пісіру) ; желімдеу; дәнекерлеу; ажарлау және жылтырату; күйдіру; бояу және лактау.

Техникалық құрылғыларды дайындау, жөндеу, реттеу, олардың элементтері мен бөлшектері .

Механикалық біріктірулер, механикалық құрастыру және монтаждау; ақауларды іздестіру; бөлшектерді және тораптарды алмастыру; дайындау және реттеу; өлшеу; тексеру және сынау; тұрмыстық техникаларды және санитарлық-техникалық құрылғыларды қарапайым жөндеу.

Электротехникалық және электронды құрылғылармен жұмыс.

Электрлік схемасын оқу және құру; электрлік өлшеу; бөлшектерді және өткізгіштерді монтаждау; өткізгіштерді дәнекерлеу және контактілі пісіру; құрылғыны сынау; ақауды іздеу және түзету.

Тұрмыстық радиоэлектронды аппаратуралармен, автоматты қондырғылармен, жеке ЭЕМ, пайдаланушы ретінде аралық басқару жүйелерімен жұмыс жасауды үйрену.

Қыздар үшін матаны және мата емес материалдарды, теріні және мехты өңдеуде.

Тоқымашылық; тоқу; өру; макраме; бастырмалау; кестелеу; пішу; тігу; желімдеу; сығымдау; сәндік-элементтермен, фурнитуралармен көмкеру; киімді жөндеу.

Құрылыс-жөндеу және әрлеу жұмыстары

Тұрғын бөлмелерді жөндеу, байланыстырушы араласпаларды, қалау тәсілдерін дайындау; ағаштан құрылыс бұйымдарын дайындау; қарапайым беттерді сылау; сәндік қаптамаларды енгізу; бояу; желімдеу; қаптау.

Ауыл шаруашылық өнімдерін және шала өнім (жартылайфабрикат) тағамдарды өңдеуде.

Дайындама; сақтау; механикалық және термиялық өңдеу; тағам және сусын дайындау.

«Адам - табиғат» типі бойынша төмендегідей тараулар қарастырылған.

Өсімдік өсіру. Топырақты өңдеу; егу және отырғызу; тыңайтқыш енгізу; ауылшаруашылық өсімдіктерінің ауруларымен және зиянкестерімен механикалық және табиғи құралдармен күрес жүргізу; тәжірибелік жұмыстар; өнімді жинау және оны сақтауға өткізу.

Малшаруашылығы және құсшаруашылығы. Малдың және құстардың жас өнімдерін өсіру; азықты дайындау және сақтау; малдардың және құстардың рационын құру және азықтандыру; ветеринарлық-профилактикалық іс-шаралар.

«Адам - белгілер жүйесі» типі бойынша төмендегі тарауларды қарастырылады.

Лингвистикалық және техникалық ақпаратты компьютерлік өңдеу. Мәтінді жинақтау және форматтау, принтерде шығару; ақпаратты жүйелеу; оперативті жүйеде файлмен жұмыс жасау; қолданбалы бағдарламамен жұмыс жасау.

Сызу және графика. Техникалық суреттерді, эскиздерді, сызбаларды, схемаларды, графиктерді, диаграммаларды оқу және орындау; сызба құралдарымен және компьтерлік құралдар көмегімен жұмыс жасау.

«Адам - адам» типі бойынша төмендегі тараулар қарастырылады.

Тұрмыстық қызмет. Тұрғын бөлмелерді сәндік жабдықтау; кітапханалық іс; тауарды сату.

Санитарлық-медициналық-профилактикалық жұмыстар. Ауырған және жарақат алған кездегі алғашқы медициналық көмек; аурулар мен баларға күтім.

«Адам - көркем образ» типі бойынша төмендегі тараулар қарастырылады.

Қолданбалы көркем шығармашылық. Дизайн; киімді, аяқ киімді және акссесуарларды модельдеу; сәндік тоқыма; көркем өру; көркем кестелеу; ағашты, қабықты және сүйекті ою; фигуралы жону; бедерлеу; мозайка; инкрустация; бояма (роспись), күйдіру; сығымдау; көркем шекімелеу; терімен, таспен, сазбен және басқа да табиғи материалдармен көркем-қолданбалы жұмыс.

Адам іс-әрекетінің түрлеріне сәйкес еңбеккерге қойылатын жалпы талаптар және соларға сәйкес еңбек мақсаты мен іскерліктер анықталады (Е. А. Климов, Д. К. Пошаев, т. б. ) :

- «адам-табиғат» типі бойынша: жануарлар мен өсімдіктерге деген сүйіспеншілік, шыдамдылық, жоғары жұмыс қабілетті, белсенділік, өзгермелі табиғи факторларды болжау және бағалау қабілеті, табиғатты білу, оперативті көрнекі бейнелі ойлау;

- «адам-техника» типі бойынша: физикалық және психологиялық шыдамдылық, жұмыс істеу қабілеті, салмақтылық, қара күш, жақсы есіту, көру, сезіну қасиеттері, жоғары интеллектуалдық қасиеттері, өндірістік үдерісте пайда болатын мәселелерді шешу, байқағыштық;

- «адам-адам» типі бойынша: жоғары моральдық қасиет, ізгілік, сыпайылық, жоғары психологиялық ұстамдылық, тәрбиелілік, шыдамдылық;

- «адам-белгілер жүйесі» типі бойынша: физикалық және психологиялық шыдамдылық, жұмыс істеу қабілеті, салмақтылық, жақсы есіту, көру, сезіну қасиеттері, жедел пайда болатын мәселелерде дұрыс шешім қабылдау, байқағыштық, іс-әрекетінің жылдамдығы;

- «Адам-көркем бейне» типі бойынша: медициналық жарамдылығы, физикалық және психологиялық шыдамдылық, жұмыс істеу қабілеті, салмақтылық, жақсы есіту, көру, сезіну қасиеттері, жоғары интеллектуалдық қасиеттері, байқағыштық.

Білім мазмұнын анықтайтын басты құжаттар стандарт пен типтік бағдарламадағы сипатталған оқу материалдары мен іс-әрекеттердің ғылыми негізінің ашылуы мен түсіндірулер, орындалу тәртібі оқулықтар мен оқу құралдарында беріледі.

Мемлекеттік құжат - оқу жоспарларында 1) оқытылуға тиісті оқу пәндерінің тізімі белгіленеді, 2) әр оқу жылдары (сыныптар) бойынша осы оқу пәндерінің өту тәртібі және реті анықталады, 3) әр жетіде әр пәнге бөлінетін сағаттардың (сабақтардың) мөлшері көрсетіледі.

Бақылау сұрақтары:

  1. Еңбектің адам өміріндегі мәнін түсіндіріңіз.
  2. Еңбек мазмұны, сипаты және жағдайы туралы ойыңызды айтыңыз.
  3. Білім беру мазмұны мен адамның еңбектік кәсіби іс-әрекет салаларының байланысын түсіндіріңіз.
  4. «Технология» пән бағдарламасы мазмұнын түзетін адамның кәсіби іс-әрекет түріне сәйкес кейбір ұғымдарға түсінік беріңіз.
  5. Еңбек мақсаты мен іскерліктерін қалай түсінесіз? Олар технология пәні бағдарламасында қамтылғанын немесе қамтылмағанын дәлелді түсіндіріңіз.
  6. Технология пәнін оқытуға қатысты білім беру мазмұнын анықтайтын құжаттар мазмұнын зерделеп, оларда еңбек үдерістерінің қарастырылғанын немесе қарастырылмағанын сипаттаңыз.

3-лекция. Тақырыбы: Кәсіптік оқыту жүйесіне қолданылатын жалпы дидактикалық қағидалар

Жоспары:

1. Педагогиканың оқытудағы жалпы қағидалары.

2. Кәсіптік оқытудың дидактикалық қағидалары.

3. Пән мазмұнын іріктеудегі қағидалардың басшылыққа алынуы.

4. Олардың сабақ барысында жүзеге асырылуы

Лекция мақсаты: Дидактикалық қағидалар және олардың кәсіптік оқыту жүйесінде басшылыққа алынатынын теориялық тұрғыдан ұғындыру және практикалық жүзеге асыруға бағдарлау.

Лекция мәтіні:

Қазіргі білім беруде қолданыстағы “Технология“ білім саласының міндеттері:

- оқушыларды өзіндік практикалық іс-әрекетпен жаңаны жасау, өзіндік жүзеге асыру ұмтылысын қаруландыру;

- қазіргі заман өндірісінің технология, экономика, ұйымдастыру және экология саласындағы технологиялық мәдениетті және жалпыеңбектік білім мен ептілікті игеруін, оның даму перспективалары жөнінде түсінікті қалыптастыруды қамтамасыз ету;

- адамгершілік-еңбектік сапаны, кәсіпті таңдау және еңбек сүйгіштік қоғамдық-құнды мотивтерді тәрбиелеу.

Бұл міндеттерді шешу, жүзеге асыру оқу-тәрбие үдерісінде оқушылардың технологиялық дайындығын ұйымдастыруда оқытудың қазіргі заманғы педагогикалық технологиясын және дамыта оқыту әдістерін тиімді пайдалануда болып табылады. Оның ішінде білім мазмұны бағдарламадағы оқу материалдарының толық мәнді көрсетілуіне байланысты болады.

«Технология» оқу пәні бағдарлама мазмұны төмендегідей оқу материалдарынан тұрады және олар теориялық мағлұматтар құрамын көрсетеді:

- графикалық және бейнелеу сауаттылығы;

- еңбекті ұйымдастыру мен жоспарлау;

- техника (құрал-жабдықтар және т. б. ) ;

- технологиялық үдерістер;

- технологиялық үдерістер мен іс-әрекет барысында болатын экологиялық қасиет мағлұматтары (жұмысты орындаудағы әдістер мен тәсілдер; көркем өңдеу түрлері - әшекейлеу, әрлеу) ;

- материалдар жөніндегі негізгі мағлұматтар;

- экономикалық білім элементтері;

- бақылау және өзіндік бақылау.

Мұндай оқу материалдарының құрамы бағдарламаның базалық бөлігін құрайды.

Бағдарламаға сәйкес практикалық іс-әрекеттерді төмендегідей етіп елестетуге болады:

- графикалық, бейнелеу жұмыстарын орындау;

- өлшемдерді анықтау;

- еңбек объектісін таңдау мен іс-әрекетті жоспарлау;

- технологиялық үдерістерді еңбекті қорғау талаптарына және үнемділік принципіне сәйкес орындау;

- өзіндік және бұйым сапасын бақылау.

«Технология» пәні бағдарламасы мазмұнындағы теориялық мағлұматтар мен практикалық іс-әрекеттер бағдарлама мазмұнында ғана қамтылып қоймай, сондай-ақ, оқу үдерісінде оқыту технологиясына, әдістемесіне байланысты ашылады.

«Технология» пәнінің мазмұны адамның кәсіби іс-әрекет түрлерін оқытатын болғандықтан міндетті түрде кәсіп саласы, мамандық түрі жөнінде мағлұматтарды қамтиды.

Оқушыларды еңбекке дайындауды жүзеге асыру олардың қазіргі дамыған өндірістің ғылыми-техникалық негізінің кең ауқымды дүниетанымын игеруіне, өндіріс пен ғылым негіздерінің байланысын іске асыруына, қолөнер шеберлері мен қазіргі өндіріс жұмысшыларының қызметін ұғынуына, меңгеруіне мүмкіндік береді.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Физика сабағында ақпараттық технологияны қолданудың тиімділігі
Мектептегі математика сабағында жобалау технологиясын қолдану
Ақпараттық оқыту ортасы
Оқыту әдістерінің классификациясы
Информатика курсы бойынша оқу үрдісін түрлендіріп, оқушыларды оқытудағы тапсырмалар
Желілі ақпараттық технология
Қазақстан Республикасы және Қытай Халық Республикасы мектептеріндегі химияны оқыту ерекшеліктері
Информатиканы оқыту әдістемесі (ИОӘ)
Ішкі және сыртқы саясатымыздағы аса маңызды 30 серпінді бағыт
«Экономика-математикалық моделдеу» пәніне оқыту
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz