ВЕТЕРИНАРИЯЛЫҚ ХИРУРГИЯ-2 ПӘННІҢ ОҚУ ӘДІСТЕМЕЛІК МАТЕРИАЛДАРЫ



Пән: Ветеринария
Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 124 бет
Таңдаулыға:   
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ
ШӘКӘРІМ АТЫНДАҒЫ СЕМЕЙ МЕМЛЕКЕТТІК УНИВЕРСИТЕТІ
3 де 3 ПОӘК ПОӘК
деңгейдегі СМ
СМК құжаты 042-18-24.1.0303 -2013
№ 2 басылым
Ветеринариялық
ирургия -2
пәнінің
оқу-әдістемелік
кешені

ВЕТЕРИНАРИЯЛЫҚ ХИРУРГИЯ-2

ПӘННІҢ ОҚУ ӘДІСТЕМЕЛІК МАТЕРИАЛДАРЫ
5В120100 - ветеринариялық медицина мамандығы үшін

СЕМЕЙ, 2013

Мазмұны
1. Глоссарий
2. Дәрістер мен ЛЖС

Глоссарий
cheir -қол
ergon- әрекет ( хирургия - қолдың әрекетесуі) (грекше)
Tomia – айыру, жару, кесу, шабу, қақ айыру
Ektomia-шабу, жону, ою
Extirpation-сылып тастау, (сүйектегі етті сылу)
Resection- жартылай кесу
Amputation-перифериалық мүше бөлігін алып тастау
Stomia- терең жара (тесік)
Tenotomia- сіңірді кесу
Laparotomia- құрсақты ашу, немесе кесу
Laryngotomia – көмекейді ашу немесе кесу
Sinus maxillaries-үстіңгі жақ қуысы
Pleurocentensis-плеваны тесу (кеуде қуысының қабырғасын тесу)
Thoracotomia –кеуде қуысын ашу
Resection costae – қабырғаны ою
Cavum subarachnoidale – өрмекшіторы тәріздес қуыс (жұлын, мидағы жұмсақ
және өрмек тәріздес қабаттағы торлы қабат деп сипатталады )
Cavum subdurale- субдуралды қуыс (ми мен жұлының қатты торлы қабатында
орналасқан )
Spatium epidurale – эпидуралды кеңістік(ми мен жұлының қатты қабатымен
омыртқа арнасының қабырғасында орналасқан) – эндоостом
Anaesthesiologia – жалпы және жергілікті жансыздандыру
Anaesthesia – дене бөлімінің немесе барлық тұлғаның сегшізтігі жойылуы
Anaesthesia generalis – жалпы наркоз
Anaesthesia localis – жергілікті ауырсындырмау
Anaesthesia infiltratа –ұлпаларға қабаттықпен жергілікті
ауырсындырмауда ертінділердің сіңуімен ауырсынбау нәтижесі
Anaesthesia regionalis – өткізгіштік, жүйке жүйесінің жақын маңын
ауырсындырмауда ертінді арқылы жергіліті ауырсынбауы
Aplasia – туған уақыттан мүшенің жоқ болуы
Aseptica – жаларды инфекциядан заразсыздандыру арқылы сақтау
Vasectomia – шәует жүретінтамырын кесу
Mission sanguinis –қан алу
Haemorrhagia-қан кету
Castratio – пішу
Punctio –шаншу, тесу
Resectio – кесіп тастау
Hernia - жарық анатомиялық қуыстан ішкі мүшенің түсуі
Trauma – травма – жарақат
соntusio – контузия - зақымдалу
distorsio - созылу
luxatio - шығу
fractura - сыну
compressio - қысылу
Injectio – енгізу арнайы сұйықтарды емдік немесе диагностикалық
мақсатпен енгізу
Stenosis – қуыс мүшелердің диаметрінің кішірейуі
Sterilisatio – заразсыздандыру
Inflammatio – қабыну
Shock – cоққы алу, күйзелу (англ)
Perioostitis ossificans – оссифицирленген периостит (қабынған сүйек
қабының маңындағы сүйектің өсуімен сипатталады. Сұйек қабының ішкі
камбияльды және сырқы қабатыда қабынады фиброзды периостит ретінде өтеді)
Folliculitis – Folliculitis - Жүн аиналасындағы іріңді қабну процесі
Yulnus – жара (ашық жара)
Haematoma - Гематома.
Lymphoextravasat - Лимфаэкстравазат
Distorsio – Созылу
Rutura - Бөліну
Commotio - Шайқалу
Compressio – Қысылу

Дәріс-1 КІРІСПЕ. ЖАЛПЫ ХИРУРГИЯ ПӘНІНІҢ МАҚСАТЫ МЕН МІНДЕТТЕРІ

Жалпы хирургия – клиникалық пәндер ішіндегі клиникалық сана мен ой
түзуші, келешек ветеринарлық дәрігерлерді кәсіби дайындыққа баулуда
маңызды орын алушы ең бір жетекші пәндердің бірі. Хирургия – гректің екі
сөзінен алынған. Ол Cheur ergon: хиер - қол, ерго - әсер ету. Қазақша
ота жасау туралы ғылым. Бұл алғашында хирургиялық ауруларды қолмен ота
жасап емдеуге қатысты қолданылған тарихи ұғым. Қазір хирургияның ауқымы аса
кең. Хирургиялық ауруларды анықтау мен емдеуде сан алуан заманауй құрал
жабдықтар, техникалар, дәрі – дәрмектер, әдіс тәсілдер кешені қолданылады.
Осыған байланысты медициналық және ветеринариялық хирургияның көптеген
арнайы бөлімдері пайда болып дамуда. Оның ең күрделісі қан тамыры
хирургиясы, нейрохирургия, трансплантация хирургиясын атауға болады.
Студенттерге ветеринариялық хирургия 3 бөлімге бөліп оқытылады. Олар:
Оперативтік хирургия, жалпы хирургия және аймақтық хирургия. Бұл бөлімдер
бір – бірімен аса тығыз байланысты.
Жалпы хирургияның мақсаты көптеген ветеринариялық ғылымдардың
(анатомия, патанатомия, физиология патфизиология, фармакология,
микробиология) жетістіктерін пайдалана отырып, жалпы мал организмінде,
ағзалар мен ұлпаларда кездесетін хирургиялық аурулардың этиологиясын,
клиникасын, патогенезін зерттеу, диагноз қою, емдеу және аурудың алдын алу
шараларын ұсыну. Жалпы хирургияда ауруды емдеу мен алдын алу біртұтас,
бірақ алдын алуға басымдылық беріледі деген қағида ұсталынады. Ол
хирургиялық аурулардың алдын алуда малды азықтандыру, күтіп бағу
технолгиясын сақтап дұрыс пайдалануды көздейді. Хирургиялық аурулардың
этиологиясы мен патогенезін біле отыра шаруашылықта емдеу-алдын алу
шараларының кешенін қарастырады.
Жалпы хирургияда студенттер жарақатарды, хирургиялық инфекциялық
ауруларды, тері, бұлшық ет, сіңір, қан және лимфа тамырлары, ми және жүйке
тамырлары, қатерлі ісіктерді анықтауды және емдеуді менгереді.
Жалпы хирургияның міндеттері:
- Хирургиялық аурулардың этиологиясы мен патогенезін зерттей отырып,
оларды анықтау,емдеу және алдын алу шараларының кешенін ұсыну.,
- Хирургиялық ауруларды емдеудің әдіс – тәсілдерін жетілдіру, жаңадан
ұсынылған дәрі - дәрмектердің тиімділіктерін анықтау.,
- Хирургиялық ауруларды, әсіресе толық зерттелмеген (қатерлі ісік)
ауруларды зерттеу, емдеу, алдын алу шараларын ұсыну. Жалпы ветеринариялық
хирургия пәнін меңгеру үшін студенттер биология, жануарлар морфологиясы,
физиологиясы, клиникалық диагностика, фармакология, микробиология,
оперативті хирургия пәндерін меңгерулері қажет.

Дәрәс 2-3. ЖАРАҚАТ ЖӘНЕ ЖАРАҚАТТЫҢ ТҮРЛЕРІ

Жарақат - әртүрлі сыртқы ортаның әсерінен организмнің ұлпалары мен
ағзаларының морфологиялық, торшалық және молекулалық деңгейде патологиялық
өзгерістерге ұшырауы. Жарақат – травма (trauma) грек тілінен аударғанда
жарақат, зақымдалу дегенді білдіреді.
Жарқаттаушы факторлар экзогенді және эндогенді деп бөлінеді. Сыртқы
ортаның жарақаттаушы әсерлеріне механикалық, физикалық, химиялық әсерлер
жатады. Ал эндогенді әсерлерге - организмдегі витаминді - минералды
заттардың алмасуының бұзылуынан, қан айналымының бұзылуынан, аутоиммундық
реакциялардан, аутотоксикациялардан және тағы басқа ішкі құбылыстардың
өзгерулерінен болатын жарақаттаушы факторлар жатады. Сондай ақ эндогенді
жарақаттаушы заттар азықпен асқазан – ішек қуысына түсуінің нәтижесінде де
туындайды. Мұндай іштен зақымдаушы заттарға ішкі мүшелерге әртүрлі
себептермен енген микроорганизмнің әрекеттерін және ағзаларда түзілген
тастардың әсерін де жатқызуға болады.
Жарақат мал арасында өте жиі кездеседі, ресми мәліметтер бойынша ол
тек таза хирургиялық аурулардың 25-30% иеленеді. Ал бас кезінде хирургиялық
ауру емес, кейіннен хирургиялық ем қажет ететін аурулар санын қосса
(трахеомотомия, руменотомия, кесарев операциясы және т.б.) жарақаттың
пайыздық саны одан да жоғары болады. Бұдан басқа негізгі ем – хирургиялық
жолдармен емделетін кейбір жұқпалы аурулар (актиномикоз, некробактериоз,
сіреспе, айналма т.б.) да бар. Жалпы алғанда барлық ауру малдардың 50%
хирургиялық емді қажет етеді екен.
Жарақаттың мал арасында тарауын, онан келетін зиянды бірталай ғалымдар
зерттеген. Г.Әбішовтің деректері бойынша ірі қара малда жарақат 37,8%, оның
ішінде үш жастығы таналарда - 26,5%, қойда жайылым кезінде 44,6%, қыстауда
7,3%, шошқада 28,4%, жылқыда 26,4% кездеседі. М.В.Плахотин мен Щитов
бордақылау комплекстерінде бұқашықтарда жарақат 12-30% дейін кездесетінін
бақылаған.
Жарақаттың жиі кездесуі шаруашылықтарға орасан зор экономикалық
зияндық келтіреді. Малдың өнімділігі азаяды, салмағы төмендейді, көп дәрі-
дәрмек, бағып қарауға адам күші кетеді. Осының бәрін ескерсек, ауру малды
емдегеннен жарақаттың алдын алуға әрекет жасау өте маңызды. Мұнда мал
организімінің биологиясына сүйеніп, оның табиғатқа байланысты өмірін ескеру
керек. Ол: "организм + табиғи орта + адамның малға қолдан жасаған жағдайы".
Адам малдан неғүрлым мол өнім алу үшін, малға әр түрлі жақсы жағдай
жасайды. Мал организмі жеген азығын толық қорытуға, энергиясын (күш-қуатын)
толық пайдалануға, сыртқы ортаның әртүрлі зиянды әсерлеріне қарсы тұру
қабілетін төмендетіп, адам жасаған жағдайға бейімделеді. Неғүрлым ауыл
шаруашылық малдарының өнімділігі жоғары болса, соғүрлым олардың күтімі
жақсарып, тиісті жағдай жасалады. Малдарды жабық кешендерде баққанда оның
сыртқы орта мен динамикалық тепе - тендігі бұзылып, әр түрлі ауруға
шалдығады (артрит - буын қабынуы, тендинит - тарамыстың қабынуы, тұяқ
аурулары т.б.). Мұнымен қатар мал қимылсыз көп тұрған жағдайда терінің,
бұлшық еттің, ішкі секреция бездерінің, жүйке жүйесінің қан айналысы
нашарлайды. Көп қимылдамаған малдың бұлшық еттерінде, сүйектерінде,
буындарында, ұлпаларында, ағзаларында қан айналысы 10-15 рет төмен болады.
Организмде гипотония дамып, зат алмасу және нейроэндокрин жүйесінің қызметі
төмендейді. Мұның бәрі малдардың жарақаттануға бейімділігін артырады.
Себептеріне қарай жарақаттар 5 түрге бөлінеді: механикалық, физикалық,
химиялық, биологиялық және жүйке-стресстік.

Жарақаттың түрлері

Кесілген
Механикалық Ашық Тесілген
Шабылған
Жаншылған
Жұлынған
Жыртылған
Тістелген
Оқ тиген
Жабық Соғылу
Созылу
Үзілу
Шайқалу
Басылу
Гематома
Лимфоэкстравазат
Физикалық Термикалық Күйік
Үсік

Электрожарақат
Сәулелік жарақат
Химиялық Сілтіден күю
Қышқылдан күю
Ауыр металдың тұздарынан
күю
Биологиялық Бактериялардан
Тоғышар құрттардан
Зең саңырауқұлағынан
Жүйке-стресстік

1) Механикалық жарақат — организмге әсер еткен механикалық күштен
пайда болып, ұлпалар мен ағзалардың әр түрлі дәрежеде зақымдалуын тудырады.
Жарақаттың пайда болуына себепкер факторларға организмге витаминдер мен
минералдық заттардың жетіспеушілігі, зат алмасуының бұзылуы, малдың арықтап
қажуы т.б. осы сияқты жағдайлар жатады. Жарақаттың пайда болуы мал
түлігінің жасына да байланысты. Жас және кәрі малдардың терісі, ұлпалары,
сіңірі, тарамысы және сүйегінің механикалық күштің әсеріне төзімділігі
төмен болады. Жылқы мен иттің сіңірі, терісі және тарамысы ірі қара мал мен
шошқаға қарағанда мықты, созылғыш келеді. Бұл жануарлардың сүйектері де
мықты болады.
Механикалық күш организм ұлпаларына соғу, бұрау, қысу, жаншу сияқты
түрлерде әсер етеді. Ұлпалардың зақымдалу дәрежесі механикалық күштің
бағыты мен әсеріне, жылдамдығына, әсер етуші заттың тығыздығы мен көлеміне,
ұлпалар мен ағзалардың физиологиялық жағдайына тікелей байланысты. Мысалы:
қуысы толы асқазан, қуық, ішектерге оқ тисе олардың зақымдалуы қатты да
көлемді болады. Сол сияқты буаз малдарда остеомаляция дамығандықтан,
сүйектері сынған жағдайда көп жерден сынатыны байқалады.
Механикалық жарақаттар ашық және жабық жарақаттарға бөлінеді. Сондай -
ақ операциялық, кездейсоқ, туа пайда болған және соғыс жарақаттар деп те
қарастырылады. Тері бүтіндігі бұзылса пайда болған жарақатта ашық жарақат
дейміз. Тері бүтіндігі бұзылмай пайда болған жарақатты жабық жарақат
дейміз. Жарақаттану кезінде ұлпалар мен ағзалардың үзілуі, созылуы, буынның
шығуы, сүйектің сынуы мүмкін. Тері анатомогистологаялық құрылысының
ерекшелігіне байланысты өте созылғыш және мықты болады. Сол себепті тарамыс
- сіңірлер үзіліп, созылып жатқанда, сүйектер сынып, жаншылып ұнтақталған
жағдайларда терінің бүтіндігі сақталуы жиі кездеседі..
Тері немесе кілегей қабатының бүтіндігі бұзылған жарақаттарды ашық
механикалық жарақат дейміз. Оларға әр түрлі кесілген, тесілген жарақаттар,
ашық сынықтар жатады.
Жарақаттар механикалық күш тікелей әсер еткен жерде немесе одан алшақ
жерде де болуы мүмкін.
Мысалы: күш малдың жілігіне тікелей әсер етсе, ол сүйек сол жерден
шорт сынады. Ал егер мал биіктен алдыңғы аяғына салмақ түсіріп құласа, күш
тіке әсер еткен тұяқ емес, малдың тоқпан жілігі орнынан тайып (шығып) кетуі
мүмкін.
Кейде механикалық күштің әсерімен ұлпалар мен ағзаларда молекулярлық
өзгерістер пайда болады, оны шайқалу немесе контузия дейді.
2) Физикалық жарақат аса жоғары және төмен температураның, электр
тоғының және әртүрлі сәулелердің әсерінен пайда болады. Мысалы: малдың отқа
күйюі, суыққа үсуі мүмкін.
3) Химиялық жарақат — мал организміне қышқыл, сілті, ауыр металдың
тұздары және т.б. химиялық заттардың әсер етуінен пайда болады. Мысалы:
малды химиялық дәрілермен емдегенеде, паразиттерге қарсы дәрілегенде
кездеседі. Химиялық заттар түрлеріне байланысты көбінесе тиген жеріне әсер
етеді, не болмаса организмге тері, кілегей қабығы арқылы сіңіп бүкіл
организмді уландырады.
4) Биологиялық жарақат организмге вирустар, микробтар, зең
саңырауқұлақтары, паразиттер еніп өсіп - өнгенде пайда болады.
5) Жүйке - стресстік жарақаттар көру, есту органдары арқылы малдың
жүйкесіне стресстік жағдайлардың әсер етуімен пайда болады. Жануарларды аса
қорқытып – үркітетін стресстік жағдайлар малды үйреншікті қалпынан басқа
қалыпқа ауыстырғанда, транспортпен тасымалдағанда, тиеп - түсіргенде, көп
малды эпизоотияға қарсы дәрілегенде, тоғытқанда тағы сол сияқты жағдайларда
пайда болып, организмнің бейімделу табиғатын айырықша төмендетеді. Жүйке -
стресстік жарақаттар әсерінен әлсіреп қажыған жануарлардың өнімділігі
азайып, өсіп - өнуі тежеледі. Тіпті есінен танып, өліп кетуі мүмкін.
Көбінесе бұзаулар мен шошқаларда және терісі бағалы аңдарда көп кездеседі.

АШЫҚ МЕХАНИКАЛЫҚ ЖАРАҚАТТАР

Ашық механикалық жарақаттар – сыртқы ортаның механикалық күштерінің
әсерінен терінің, кілегей қабықтардың морфологиялық бүтіндігінің және
қызметінің бұзылуымен сипатталады. Оны кейде жара деп атау қалыптасқан.
Оның белгілері —терінің, кілегей қабықтардың бүтіндігінің бұзылуы,
ауырсыну, қабырғасының ажырауы, қан ағу, қабыну және қызметін толық атқара
алмау. Бұл жарақаттың ең жеңілі - терінің эпидермисінің жарақаттануы –
сызат деп аталады. Оны кейде жырылу, тырналу дейді. Жарақаттың жиегі,
қабырғасы, түбі және қуысы болады. Жиегі тері немесе кілегей қабықтан,
қабырғасы - борпылдақ дәнекер ұлпадан, шандырдан, бұлшық етттерден тұрады.
Түбі бұлшық еттен немесе сіңірден, сүйектен тұрады. Анатомиялық табиғи
қуысқа бөгде заттардың енуінен пайда болған жарақатты қуысқа енген жарақат,
ал жарақат дененің белгілі бір жерін тесіп өтіп, оның кірер және шығар аузы
болса оны тесілген жарақат дейді.
Ашық механикалық жарақаттың түрлері. Ол үш түрге бөлінеді —
операциялық, кездейсоқ және соғыс жарақаттары.
Операциялық жарақаттар малға әр түрлі операция жасағанда; пішу,
жарыққа операция жасау және абсцесс, флегмона тағы сол сияқты инфекциялық
процесстерді тіліп өндегенде пайда болады. Кездейсоқ жарақаттар байқаусызда
соғылу, жығылу, қысылу тағы басқа жағдайларда болатын жарақаттар. Олардың
түрлері — түйрелген, шабылған, тілінген, соғылған, жыртылған, тістелген,
жаншылған жарақаттар. Соғыс жарақаттарына оқ, жарылғыш заттардың сынықтары
тиюден пайда болады.
Тілінген (кесілген) жарақат (vulnus incisium). Өткір заттармен: пышақ,
скальпель, ұстара, әйнектің сынығы т.б. жараланғанда болады. Мұндай
жарақаттың аузы ашылып тұрады, қан ағады, тілінуден пайда болғандықтан
жиектері түзу, жарақат айналасындағы ұлпалар көп жарақатталмаған. Бұл
жарақаттар көбіне асқынбай қысқа уақытта жазылады.
Түйрелген жарақат (vulnus punctum). Ол үшкір заттармен (шеге, ағаш
бұтағы, сым темір, біз т.б.) жарақаттанғанда пайда болады. Бұл заттар
денеге ұлпаларды ығыстырып көп жарақаттамай енеді. Жарақаттың ауызы тар,
тез бітеліп қалады да қан көп ақпайды. Бірақ анаэробты инфекция дамуы
мүмкін. Терең жатқан ірі қан тамырлары жарақаттанып гематома пайда болуы да
ықтимал.
Шабылған жарақат (vulnus caesum). Себептері — балта, қылыш, күрек тағы
сол сияқты ауыр және өткір заттардың әсерінен пайда болады. Тілінген жараға
қарағаңда ұлпалар көбірек жарақаттанады, тереңдігі сүйекке дейін жетіп,
кейде дененің шабылған бөлшегі салбырап тұрады.
Мыжылған, жаншылған жарақат (vulnus contusum). - жұмыр заттардың
әсерінен, мысалы балғамен, таспен ұрылғанда, мал тұяғымен тепкенде пайда
болады. Мұндай жарақаттың айналасыңдағы тері, ұлпалар қоса зақымдалады.
Сүйек сынуы да мүмкін. Бұл жарақат өте ауыр жарақат, мысалы мал ауыр
машинаның, трактор немесе қораның құлаған қабырғаларының астында қалғанда
пайда болады. Мұндай жарақат көлемді, еттері мыжылған, жаншылған, шеттері
жыртылған. Қан көп ақпайды, айналасы қанталап тұрады. Жараланған жерде
инфекция даму қаупі бар.
Жыртылған жарақат (vulnus laceratum). Жыртқыштардың тісінен,
тырнағынан, ілгек темір, қармақ, бұтақ - шегелердің әсерінен пайда болады.
Шаруашылықтарда малдар көбіне сырғасын торға және тағы басқа нәрселерге
іліп алып, одан босану үшін қатты күшпен жұлқа тартып құлағын жыртып
жарақаттауы кездеседі. Ал бұқа мен өгіз танауына енгізілген шығыршығын
жұлқа тартып, танау пердесін жыртады. Мұңда тері, оның астыңдағы ұлпалар
созылып жыртылады, жұлынады. Сондықтан бұл жарақаттадың пішіні, тереңдігі
бірдей емес, кейде жыртылған терісі салбырап тұрады, қан көп ақпайды.
Тістелген жарақат (vulnus morsum). Малдардың, жыртқыштардың тістеуінен
пайда болады. Ұлпалардың тесілуі және жыртылуы да мүмкін. Тістелген
жарқатқа микробтар енеді. Инфекциялық қабыну дамиды. Сол сияқты қауіпті
жұқпалы аурулар (құтырық) жұғуы мұмкін. Басқа жарақаттарға қарағанда
жазылуы ұзаққа созылады.
Уланған жарақат (vulnus venenatum et mixtum). Жарақаттың беті улы
химиялық заттармен, радиоактивтік элементтермен ластанып, организмге
қосымша зақымын тигізсе олар миксты деп аталады. Уланған жарақаттар
жыланның, қарақұрт, шаянның шаққанынан да болады. Бұл жарқаттар өте
қауіпті, сондықтан бұған жан - жақты хирургиялық және арнайы ем қолдану
керек.
Түйдектелген (аралас) жарақаттар (vulnus com.). Бұл жарақаттарда
жоғарыда айтылған екі - үш жарақат түрлері бірге кездеседі, мысалы ұрылған,
соғылған және жыртылған. Мұндай жарақатқа соғылып - жыртылған жарақат
жатады. Сол сияқты басқа да жарақаттардың араласқан түрлері кездеседі.
Жарақаттардың келесі түріне соғыс жарақаттары жатады. Немесе оны атпа
қару жарақаттары дейді. Ол денеге бытыра, оқ, жарқыншақ тиюінен пайда
болатын жарақаттар. Мұнда соққының әсерімен тек сол оқ, жарқышақ тиген
жерде жарақат пайда болып қоймай, оның айналасындағы ұлпалар да
жарақаттанады. Бұл жарақаттың ерекшелігі — денеге оқпен бірге тереңге
микробтар, әр түрлі бөгде заттар (жаңқа, құм, жүн т.б.) енуі мүмкін. Ғалым
Борстың зерттеуі бойынша бұл жарақаттарда оның өзегінен сыртқа қарай 3
белдеу (зона) болады. Олардың жарақаттануы әр түрлі, соңдықтан ем
қолданғанда осыны ескеру керек.
"Бірнші белдеу" - жарақат өзегі белдеуі. Бұған жарақаттың өзегі
жатады. Оның қуысында жаншылған ұлпалар, бөгде заттар, микробтар, ұйыған
қан болады.
"Екінші белдеу" - молекулярлық шайқалу немесе жартылай өліеттену. Бұл
екінші белдеудің сыртқа қарай жалғасы болып келеді. Бұл жердегі ұлпалар
өліеттенуге ұшырамайды, бірақ торша құрылымы өзгереді, ұлпа аралығы
қанталайды, жүйкеленуі бұзылады. Кейіннен бұл ұлпалар жартылай өліеттену
мүмкін.
Кейбір ғалымдар "үшінші белдеуді" да айырады. Ол ареактивтік белдеу.
Мұнда қан тамырлары салдануы, жүйкелену жағынан өзгерістер, ұлпаның
зақымдалуы байқалады. Бұл белдеу жарақаттанбаған ұлпалармен шектеседі.
Атпақару жарақатының айналасындағы терісі, еттері өлі еттеніп ісініп
тұрады. Жақын жерден атқан оқтың күйген іздері, оқ дәрінің иісі қалады.
Мұндай жарақаттың тесіп өткен түрлері кездеседі, оның кірер және шығар
ауыздары болады. Кірер аузы дөңгелек, үш бұрышты, жұлдыз тәрізді болып,
айналасындағы терісі ішіне бүктеледі.
Шығар аузы жан - жағы жұлынып үлкен болады. Оқ немесе жарқыншақ
денеге енгенде, үлпалардың тығыздығына қарай бағытын өзгертеді, сондықтан
жарақат өзегі тура болмайды. Мұндай жарақаттарда сүйек сынуы, инфекция
үрдісі дамуы мүмкін, сондықтан жазылу мерзімі ұзаққа созылады.
Пайда болу уақытына қарай және организмнің оған реакциясына байланысты
жарақаттың төмендегі түрін айырады:
а) жаңа пайда болған жарақат - пайда болған уақытынан 24-36 сағатқа
дейін;
б) ескі жарақат,
в) асептикалық жарақат,
г) қабынып кеткен жарақат — қабынудың клиникалық белгілері айқын
білінгенде;
д) инфекциямен асқынған жарақат — ірінді инфекциямен немесе газды
инфекциямен асқынғанда.
Ашық механикалық жарақаттың белгілері. Жарақаттарға тән белгілері:
ауырсыну, қызметінің бұзылуы, қан ағу, қабырғасының ажырауы және жарақаттық
қабыну.
Ауырсыну (dolor) организмінің табиғи қалыптасқан қажетті қасиетінің
бірі. Жарақаттанып ауырсынудан мал қорғанып, сақтанады. Ауру процессінің
ары қарай дамып асқынуына кедергі болады. Әрине қатты және ұзаққа созылған
ауырсыну зияндығын да тигізеді. Ауырсыну жарақаттанудың алғашқы кезеңінде
қатты білінеді, кейінірек басылыңқырайды, ал жарақат қабынса солқылдап
ауырады.
Ауырсыну жараланған жердің жүйкеленуіне байланысты болады да ,
неғүрлым жүйкесі көп жер жараланса соғұрлым ауырсынуы қатты сезіледі. Ең
аурушаң тері, оның ішінде тұяқ жұлығының терісі, сүйек тысы, ішперде.
Түріне қарай жануарлардың жарақатқа ауырсыну реакциясы әр түрлі болады.
Мүйізді ірі қара малы жылқыға қарағанда жарақатқа төзімді келеді. Ит,
шошқа, мысық өте сезімді болғандықтан, қатты жарақаттанғанда естен танып,
кейде жарақаттық шокқа ұшырап өлуі де байқалады (жарақаттық шок туралы
жарақаттың организмге жалпы әсері бөлімінде жан – жақты қарастырамыз).
Құстардың ауырсыну сезімі өте төмен. Ауырсыну организмге зияндық
әсерін тигізеді. Ол жүрек – қан тамыры, тынысы алу, ас қорыту жүйелері
қызметтеріне де кері әсер етеді. Сондықтан қатты және ұзақ ауырсыну
организмге өте қатерлі, мал естен танып өліп кетуі де мүмкін. Осыны ескеріп
алдын - ала шара қолданып, жарақаттан болатын ауырсынудың әсерін
төмендеткен жөн.
Қызметінің бұзылуы (functio laessa). Жарақаттанған ұлпаның, ағзаның
қызметі бұзылады. Ол толық немесе жартылай, уақытша, ал кейде өмір бойына
бұзылуы мүмкін. Мысалы жарақаттанған тері уақытша қорғаныш қызметінен
айрылса, ал сіңірі кесілген жануар өмір бойы ақсақ болып қалады. Қызметінің
бұзылуы жарақаттың пайда болған жеріне және ауырлығына байланысты болады.
Егер өмірге қауіпті жанды жерлер — бас, жұлын жарақаттанса малдың салдануы,
өлуі мүмкін. Қимыл – тірек мүшесі жарақатса, мал ақсап жүре алмай қалады.
Ал жеңіл - желпі және малға қатты әсерін тигізбейтін жарақаттарда дене
мүшелерінің қызметінің бұзылуы айқын болмайды.
Жарақат қабырғасының ажырауы (hiatus). Бұл белгі тері астындағы бұлшық
еттердің ұзынынан немесе көлденеңінен жарақаттануына байланысты аз немесе
көп болуы мүмкін. Бұлшық еттер ұзынынан жараланғанда жарақаттың ауызы көп
ажырамайды, ал көлденеңінде — ажырауы жақсы байқалады. Сол сияқты буын
аймақтарында орналасқан жарақаттардың, қалың бұлшық ет жарақаттарының да
аузы кең болады, жарақат қабырғасы жақсы ажырайды. Ауызы кең жарақаттардың
ластануы көбірек болады, сондықтан жазылуы ұзаққа созылуы мүмкін. Мұндай
жарақаттарды емдегенде жартылай тігіп жиектерін жақындату керек. Тесілген
жарақаттарда жарақат қабырғасының ажырауы байқалмайды. Жарақат аузы тез
бітеліп, анаэробты инфекцияның даму қаупі бар.
Механикалық жарақаттарың, оның ішінде ашық механикалық жарақаттың бір
белгісі – жарақаттық қабыну (inflammatio). Бұл организмнің жарақаттқа
жергілікті жауабы – реакциясы. Оны біз арнайы қарастырамыз.
Қан ағу (haemorrhagia). Ашық механикалық жарақаттың негізгі бір
белгісі — қан ағу. Оның төмендегідей түрлерін ажыратады: сыртқы және ішкі,
жараланған тамырларына қарай артериялық, веналық, капиллярлық, және аралас.
Уақытына қарай алғашқы, қайталанған немесе қайта пайда болған қан ағу.
Кейде аррозионды қан ағысты бөлек айтады. Мұнда қан қан тамыры қабырғасынан
немесе бір мүшелердің сыртынан шым – шымдап шығып тұрады.
Уақытқа байланысты қанағуды алғашқы және қайталаған қан ағу деп
бөледі. Жарақат пайда болған сәтте басталған қан ағуды алғашқы қан ағу
дейді. Алғашқы қан ағу тоқтатқаннан кейін, жарақат қайта қанауы мүмкін. Ол
қайталанған қан ағу делінеді. Қайталап қан ағудың өзі екі түрге бөлінеді.
Біріншісі ерте қайталап қан ағу. Ол жараланғаннан кейін бірнеше сағат
немесе екі тәулік ішінде пайда болады. Яғни қан түйіршіктерімен тамыр өзегі
бітеліп қалып, қан тоқтағаннан кейін біраз уақыттан соң, қан қысымы
көтерілгенде тығын орнынан қозғалып кетіп, қайталап қан ағу басталады. Ерте
қайталап қан ағу жарақаттардағы микробтар жарақатты іріңдеткенде пайда
болады. Ал қан ағудың кеш қайталап пайда болу себебінің бірі - жарақаттың
іріңдеуі. Ірің қан тамырының өзегін балқытып жібергендіктен немесе тамырдың
ішіндегі қан түйіршіктерінен пайда болған тромб балқып қайтадан қан ағу
басталады. Кеш қайталап қан ағу операциядан кейін үшінші күні немесе
бірнеше жетіден қейін басталуы мүмкін. Қайталап қанаудың себептері көп,
солардың кейбірі:
а) операция кезінде жарақаттанған қан тамырының толық байланбауы;
е) қан қысымының күрт өзгеріп, жоғарылап кетуі;
б) қан ұюы жетіспегендіктен;
в) жарақаттардағы кұрғап, қатып қалған таңғышты қалай болса солай
жұлып алу;
г) жарақаттанған қан тамырына тұрған тромбтың жарақаттарға анаэробтық
микробтардың енуі салдарынан іруі, шіруі, езілуі;
ж) жарақаттың ішінде бөгде заттар: тас, темір, ағаш қалуы және олар
қан тамырының қабырғасын тесіп жіберуі.
Қайталап қан ағудың бір түрі - септикалық қан ағу. Организм сепсиске
ұшыраған жағдайда кездеседі. Оған себеп — қан тамырларының дегенерацияға
ұшырауы, вазо - конструкторлардың жартылай салдануы (парез), организмде
тромбокиназа қорытылуының азаюы.
Дене сыртына аққан қанды сыртқы қан ағу дейді. Қан ағудың сыртқы түрін
анықтау қиын емес. Ағып тұрған қанды көрген мал дәрігері қай қан тамырының
жарақатқа ұшырағанын біледі. Сыртқы қан ағу жараланған сәтте пайда болып,
дененің сыртына ағып, көзге айқын көрінеді.
Ал қан ағудың ішкі, әсіресе жасырын түрін анықтау оңайға түспейді.
Ішкі жасырын қан ағудың сырт белгісі болмайды да, қанап тұрған тамырды
болжап білу, анықтау қиын. Ішкі қан ағу дененің сыртынан қарағанда
көрінбейді. Қан ұлпа арасына, дененің табиғи қуыстарына (буын, кеуде,
құрсақ т.б.) жиналады, сондықтан оларды ұлпа аралық және қуысқа қан ағу деп
бөледі. Егер қан буын қуысына ағып жиналса оны гемартроз, кеуде (көкірек)
қуысына жиналса оны гематоракс деп қуыстың атына сәйкес атайды. Пальпация
жасап, басып көргенде, анықтауға болатын жерлерге қан құйылған, сол жердің
көлемі ұлғайып, ісік пайда болады - мұны гематома дейді. Көлеміне
байланысты гематоманың бірнеше түрі болады. Терінің әр жерінде нүкте сияқты
құйылған қанды - петехия, тері жолақтарын, қан едәуір мөлшерде құйылып
көгерген жерді — экхимоз, көлемділеу жайылып, шеттері көрінбейтін белгісіз
құйылуды — суггилат деп атайды. Гематома үлкен болса, ол астында қалған қан
тамырын басып, қысып тастайды, содан қан жүрмей қалады да, сол ісіктің
төменгі жағын басып қараса, тамыр соғуы жоғалып кетеді. Қан ісігінің
бетіндегі тері не көгереді, не бозарып, сүп- суық болып тұрады. Қан ісігі
бар жердегі зардап қатты болғандықтан ауру мал шыдай алмай ыңқылдап жатады.
Қан ісігі жараланған қан тамырының өзегімен қатынасып тұрса, тамырдың
әр соғуына орай қан ісігі де солқылдап тұрғанын байқауға болады. Уақытында,
яғни дер кезінде көмек көрсетілмесе, осындай ісік қан тамырды басып, қысып
тастайды да, ісіктен төмен жердегі ұлпаларға қорек зат, оттегі
келмегендіктен өледі, жансызданады.
Осындай жасырын қан ағудан мал әлсірейді, қан қысымы төмендеп, қан
тамырының соғысы жиілейді. Көрінетін кілегей қабықтары бозарыңқы болады,
демікпе байқалады, мал теңселіп айдауға жүргісі келмей, жатуға тырысады.
Жасырын қан ағуда ауру малдың жалпы клиникалық белгілерімен жорамалдап
отырып, арнайы бақылау әдістерімен ғана қанаған жерді анықтайды.
Қан ағудың себебін, түрін анықтау үшін, ауру малдың мәліметтерін
жинайды, аурудың белгілері, организмнің жалпы жағдайы зерттеледі, сонан соң
қарау, тыңдау, лабораториялық және рентген сәулесіне салу әдістерін қолдана
отырып, арнайы қосымша бақылау жүргізу диагнозды дұрыс қоюға көмектеседі.
Ауру жануар қан құсса, құсықтың түріне көңіл бөлген жөн. Мысалы, қызыл
қанның түсі өзгермей түссе - өңештен қан ағып тұр, қан күреңденіп,
қарақоңыр тартып түссе – қан асқазан ағып тұр, ал құсықтағы қан қып-қызыл
боп, көбіктеніп түссе - ол өкпеден акқан қан деп есептеледі. Нәжісін, және
артқы аналь тесігінен қып-қызыл қан ақса тік ішек қан тамырыңан қан кеткен
деп, тік ішектен қаракүрең, өзгерілген қан ақса, ол ұлтабар немесе ішектің
басқа белімдерінде жарақат немесе қатерлі ісік бар деген сезікке келтіреді.
Осындай ауру малға арнайы қосымша зерттеулер жүргізу қажет.
Артериялық қан ағу малдар үшін өте қатерлі. Себебі, қысқа уақыт ішінде
қан тоқтату шаралары қолданылмаса, мал көп қан жоғалтып, қансырайды.
Артериялық тамыр жараланғанда, қан атқылап, шапшып ағады. Қанның түсі-
шымқай қызыл. Қан ағу көп уақытқа созылса, қан шапшуы әлсірей бастайды. Қан
тамырдың қиылған өзегінің бірінен (орталык жағы), кейде қиылған өзегінің
екі жағынан да ағуы мүмкін. Мысалы: малдың күре тамыры жараланса, қан
қиылған тамырдың екі шетінен де шапшып ағады.
Веналық қан ағу. Вена қан тамыры жараланса, қан шапшымай жайлап,
біркелкі ағады, түсі қоңыр қызыл. Қан жараланған тамырдың тек төменгі
шетінен ғана ағады. Жүрекке жақын, кеуде қуыстарындағы вена қан тамыры
жараланса, қауіпті жағдай тууы мүмкін. Яғни жараланған тамырға ауа кіріп,
ауа эмболиясы атты жағдай туып, мал өлімге шалдығуы ықтимал. Сол себептен
кеуде төңірегіндегі жарақатты тез арада матамен жауып, кеудеге ауа кіруін
болдырмау керек. Кіші веналық қан тамырлары жараланғанда қан ағуы өз
бетімен тоқтайды немесе жараланған аяқты көтерсе, қан тоқтату үшін соның
өзі жеткілікті.
Капиллярлық қан ағу — деп ұп-ұсақ артерия мен қан тамырлардың
(қылтамырлар) ең жіңішке бөліктерінен аққан қанды айтады. Жараланған жердің
ұлпаларынан қан ағып тұрады. Қан ұю процесі нашарламаса, қанағу өз бетімен
тоқайды.
Паренхималык, қан ағу дегеніміз — паренхималық органдар (бауыр, көк
бауыр, өкпе) жараланғанда пайда болады. Бұл капиллярлық қанағуа ұқсас,
бірақта өте қатерлі, себебі, бұл ағзалардағы ұсақ қан тамырларының өзегі
өздігінен жабылмайды. Сондықтан қан тоқтату қиынға түседі. Қанап тұрған
бауырды операция кезінде қара ет, фасция, фибриндік пленкалармен жауып,
тығындап, қан тоқтату әрекетін жасаса, өкпенің жараланған жерін тігеді,
қазір арнайы өзі кілейленетін гупка тығындарпайдаланылады. Ал көк бауырды
операция кезінде алып тастайды.
Анатомиялық қанағудан басқа қанағуды топтастырсақ, механикалық қанағу
(жаралану, жарақаттану себептерінен), тамыр қабырғаларының әртүрлі ауру
себептерінен өзгеруі, қан құю процестерінің өзгеруінен, сыртқы атмосфералық
қысымының азаюы не ұлғаюы, фосфор, бензол сияқты химиялық заттармен улану
сияқты әртүрлі себептерден қанағу пайда болатынын айтқан жөн.
Ашық механикалық жарақаттарды емдеу. Жарақатты емдеуде қолданылатын
шараның бірі, жарақатты зиянды әсерден қорғап, оның жазылуына қолайлы
жағдай туғызуға бейімдеу. Ондай шаралар неғұрлым ерте және тиянақты
жасалса, соғүрлым ол нетижелі болады. Жарақатты емдеу әдістері оның пайда
болған уақытына, инфекция түсіп асқынуына қарай әр түрлі болады.
Жаңадан пайда болған жарақатты емдеу. Кездейсоқ, аяқ астынан пайда
болған жеңіл, ашық жарақаттарға ем көрсетер алдында қосымша ластамауға
әрекет жасау керек. Ағып тұрған қан болса, оны таза, стерильді дәкемен
сүртіп, 5% йодтың спиртті ерітіндісін қайнаған сумен екі есе сұйылтып,
соған шыланған мақта – мәрлі тампонды жарақатқа қойып, қысып таңғыш салу
керек. Жарақат жеңіл, беткейлі, қан ағу аз болса оны өңдеуге септо – спрей,
монклавит - 1 немесе антисептикалық ұнтақтар ақ стрептоцид, йодоформ
қолданады. Таңғыш салу міндетті емес. Жарақат үлкен және терең болса
жарақаттың айналасын, қуысын тазартып, жоғарыда аталған антибактериалдық
дәрілердің бірімен өңдеп, шеттері бір-біріне беттестіріп тігіледі. Қазір
бұл мақсатта жібек, капрон жіптермен қоса көпмақсатты, сіңіп кететін,
полиамидті Поликон жібі қолданылады. Оны сіңіп кететін (сіңу уақыты 180
– 240 күн) және сіңбейтін жіп ретінде де қолдануға болады. Оған антибиотик
сіңірілген, сондықтан тігіс айналасы іріңдемейді. Соған байланысты оны
барлық ұлпаларды, теріні, бұлшық еттерді, сіңірді, қан тамырларын, ішкі
үлпершек (паренхималы) ағзаларды тігуге қолдануға болады.
Жарақатты емдегенде оның кезеңдеріне қарай ем қолданады. Жарақатты
емдеуің бірінші кезеңіндегі емдеу қағидалары (принциптері):
1. жарақатқа тыныштық беру;
2. орталық жүйке жүйесін артық ауырсыну сезімдерінен сақтау;
3. жарақатты өлі еттен және экссудаттан тазару;
4. инфекцияға қарсы өңдеу;
5. организмнің ауруға қарсыласу қабілетін жоғарлату.
Жарақатты емдеудің екінші кезендегі қағидалар (принциптер):
1. жарақата тыныштықпен бірге өлшемді қозғалыс беру;
2. грануляцияны тітіркенуден, жарақаттардан қорғау;
3. грануляция, эпителийзация және тыртықтану процесстеріне әсер ету;
4. эпителийзация процесстерін жеделдету;
5. неғүрлым жарақаттың орнында тыртықтың аз қалуына әрекет жасау;
Осы қағидаларды іске асыру үшін төменгі ем әдістері қолданылады:
1. механикалық емдеу әдістері;
2. физикалық емдеу әдістері;
3. химиялық емдеу әдістері;
4. биологиялық емдеу әдістері;
5. патогенетикалық емдеу әдістері.
Бұл емдеу әдістердің кейбіреулері арнайы бөлімдерде толық
қарастырылатын болады.
Жарақатты механикалық әдіспен емдеу. Бұған жарақаттың айналасын
механикалық тазалау және хирургиялық өңдеу әдістері жатады.
Жарақаттың айналасын механикалық тазалауда алдымен жарақаттың бетін
стерильді дәкемен жабауып, оның төңірегіндегі жүндерін қырқып, қажет болса
0,1% марганец қышқылды калидің, фурацилинің ертіндісімен тазалап жуу керек.
Құрғатып, йодталған спиртпен немесе 0,5% мүсәтір қышқылымен, теріні өңдеп,
майынан тампон таза болғанша тазартады. Осыдан кейін 5% йод тұнбасымен,
септо – спреймен немесе монклавит – 1 ерітінділерінің бірімен өңдеп,
жарақаттың бетін ашады. Жарақаттың бетін ластанған қоқымнан тазартады,
жоғарыда аталған антисептикалық ерітінділермен жуып шаяды. Осыдан кейін
хирургиялық өндеуге кіріседі.
Жарақатты хирургиялық жолмен өндеу. Ғалымардың деректері бойынша
(Чаруковский, Фридрих, Б.В.Огаев) жарақаттарға енген микробтар 6 - 12 сағат
онша залалын тигізбейді, сондықтан осы уақытта жарақаттың бетін тазартып,
залалсыздандырып, тігіп тастауға болады. Жарақаттарды хирургиялық өндеу
оның пайда болған уақытына қарай әр түрлі болады. Уақыт мерзіміне,
әдістеріне қарай хирургиялық өңдеудің бірнеші түрлері бар.
Алғашқы хирургиялық өңдеу өткізілетін мерзім уақытына қарай төменгі
түрлерге бөлінеді:
а) ерте мерзімде өңдеу — 6 - 12 сағат ішінде.,
б) мезгілінен кейін өңдеу — 12 - 24 сағат ішінде.,
в) кеш мерзімде өңдеу - 36 сағаттан кейін.
Ерте мезгілде еңдеу өте нәтижелі. Өйткені көрсетілген уақыт ішінде
жарақаттарға енген микробтар организмге өзінің зияндығын әлі тигізе
алмайды, соңдықтан мұндай жарақаттарды тазартып, залалсызандырғаннан кейін
тігуге болады.
Мерзімінен кейін өткізілген өңдеуде жарақат қабырғаларына микробтар
еніп, өзінің уытын таратып, зияндылығын тигізе бастайды, да жарақатты
тігуге болмайды.
Кеш мерзімдегі өңдеу жарақаттың асқынған кезінде жасалады. Сондықтан
онда хирургиялық өңдеу күрделі түрде өткізіледі, жарақаттың өлі еттері
кейде онымен бірге жанды еттері де сылынады.
Осындай алғашқы хирургиялық өндеу жасалғаннан кейін екінші рет өндеу
жасауға тура келсе. оны екінші хирургиялық өңдеу дейді. Хирургиялық өңдеу
төменгі әдістерді қолданып жасасалады:
а) тілу;
б) жартылай сылу;
в) толық сылу.
Тілу - жарақаттың ауызын кеңейту, қосымша ашу. Ол жарақаттың аузы тар
болып, ірің шығуына бөгет болса, жарақаттағы бөгде заттарды алу мақсатында
және анаэробты инфекция қауіпі болған кезде жасалады. Операция жасар
алдында жарақаттың төңірегін 0,5% новокаинмен жансыздандырады.
Жартылай сылу — жарақатты өлі еттерден тазарту. Мұнда жоғарғыдай
жарақаттың айналасын жансыздандырғаннан кейін қайшы, скалъпелъ және пинцет
қолданып, жарақаттың қуысындағы, қабырғаларындағы өлі еттерін сылып тазарту
керек. Өлі еттердің белгілері: түсі сұрғылт немесе қарайып кеткен, кейде
езіліп тұрады, ауырсынбайды. Өлі еттерді айыру үшін 0,5-1% бромтимол бояуы
немесе метилен бояуы пайдаланылады. Олардың әсерінен өлі еттер қою жасыл
түске боялады. Осындай өндеуден кейін антисептикалық ерітінділер және
ұнтақтар пайдаланып залалсыздандырған соң, жарақаттың ауызын жартылай
тігуге болады.
Жарақатты толық сылу. Бұл әдіс кездейсоқ, ұзақ жазылмай жүрген,
өліеттенген жарақаттарды емдегенде қолданылады. Мұнда жарақаттың өлі
еттермен қоса оның қабырғасынан, түбінен жанды еттерді сылып алады. Осыдан
кейін жарақаттың қуысы толық өлі еттен, іріңнен тазарып жаңарады. Мұндай
жарақатты тігіп емдеуге болады. Бұл әдісті көп қолданбайды, оны қолданатын
жағдайлар — жарақат өліеттеніп ұзақ жазылмаса, ұзақ жазылмайтын ойылым
жарақаттарда (жауыр), жарақат соғыс уландыру заттарымен ластанғанда,
сіреспе ауыруына қауіп төнгенде жасалады. Операцияны жарақаттың төңірегін
жансыздандырып, қуысына йодталған спиртке шыланған тампонды тығып,
жарақаттың сылынған жерін ластамай жасау керек.
Жарақатт физикалық әдіспен өндеу. Бұл емнің мәні жарақаттың қуысындағы
сұйықтықты әр түрлі жолдармен сыртқа тартып алу, ішке сіңіртпеу, жарақатты
микробтардан және уыттардан тазарту. Ол үшін дымқылды өзіне тартатын заттар
қолданылады. Олар: дәке, әр түрлі құрғатқыштар (дәкелі түтікше), орта
тұздардың гипертоникалық ерітінділері, дымқыл тартқыш ұнтақтар (көмір,
гипс).
Жарақатты ашық және жабық әдістермен емдеу қолданылады.
Жарақатты жабық әдіспен емдеу. Жарақатты жабық әдіспен емдеуде
жарақаттың бетін дәкемен таңады немесе өзі жабысатын пленкамен
(лейкопластыр) жабады. Жабық емнің артықшылығы, жарақат қосымша
жарақаттанбайды және ластанбайды. Кемшілігі - ірің еркін сыртқа ақпай, ауа,
күн сәулесінің әсері болмайды. Анаэробты микроорганизмдердің өсіп - өнуіне
жағдай туады. Бұл әдіспен көбіне жаңадан пайда болған, асептикалық,
операциялық жарақаттарды емдейді. Жарақат механикалық, хирургиялық,
химиялық жолмен өңделіп, қажет болса тігілген соң оған асептикалық таңғыш
салынады. Қазір жарақатты тігу үшін әдеттегі жібек, кетгут жіптердің орнына
әнбебап Поликон жібі ұсынылған. Ал жарақатты таңу үшін әдеттегі дәке
(бинт) орнына созылғыш, ауа өткізгіш және өзі жабысып, байлауды қажет
етпейтін Вет – флекс дәкесі қолданысқа енгізілуде. Ал жарақатта ірің,
сарысу болса жарақатты жартылай жабық әдіспен емдеу қолданылады. Онда
дәкені (бинт) иректетіп жарақаттың қуысына бостау, тығыздамай толтырады.
Қалған сыртқы ұшын жарақаттың қуысынан шығарып бекітіп қояды. Жарақаттағы
сұйықтық (сары су, ірің) дәкеге сіңіп ол толық суланғаннан кейін сыртқы
ұшынан ақырындап сыртқа тамшылап ағады. Оны ауыстырып тұрады. Осылай
жарақаттың қуысын құрғатады. Бұны дәкелі құрғатқыш - дренаж дейді. Осымен
қатар түтікше құрғатқышты да пайдаланады. Мұнда жан-жағынан тесілген
резеңке түгікшені жарақаттың қуысын қояды. Осы тесіктері бар жерін жарақат
қуысына енгізіп, келесі ұшын сыртқа шығарып бекітеді. Түтіктің ұшынан ірің
ағызып жарақатты құрғатады. Бұл құрғатқышты жиі ауыстырып тұрмаса ол тез
бітеліп қалады. Ашық емнің артықшылығы — іріңнің еркін сыртқа ағуына жағдай
бар, сыртқы ауа, күн сәулесі жарақаттың жазылуына жақсы әсер етеді. Жоғарғы
айтылған құрғатқыштарды қолданғанда онымен бірге Вишневский, ихтиол
майларын, ас тұзының 20% гипертоникалық ерітіндісін қолдануға болады.
Жоғарғы пайызды тұзды су ұлпа аралық сұйықтықты өзіне тартып құрғатқыш
ретінде әсер етеді.
Жарақатты ашық әдіспен емдеу. Жарақатты ашық әдіспен емдегенде
жарақатқа тігіс салынбайды, бетін дәкемен таңбайды. Ашық әдіспен емдеудің
артықшылығы, сарысу, ірің еркін сыртқа ағып, ауа, күн сәулесі жарақаттың
жазылуына оң әсер етеді. Анаэробты микроорганизмдердің өсіп - өнуіне жағдай
тумайды. Кемшілігі - жарақат қосымша жарақаттануы және ластануы мүмкін.
Бұл әдіспен көбіне ескі, инфекция түсіп асқынған жарақаттарды емдейді.
Жарақат механикалық, хирургиялық, химиялық жолмен өңделіп, септо - спрей,
чеми – спрей, монклавит – 1, Вишневскидің, Конковтың майлары және тағы
басқа антибактериалдық дәрі – дәрмектер қолданылып емделеді. Жарақатты ашық
әдіспен емдеудің бір тәсілі ретінде малдардың бақайлары жаппай
жарақаттанып, инфекция түсіп асқынғанда (некробактериоз) оларды
дезинфекциялық дәрілер толтырылған астаулардан өткізу арқылы емдеу
қолданысқа енгізілген. Бұл мақсатта шаруашылықта 5% феносмолин ерітіндісі
қолданылып, өте жақсы нәтиже алынды.
Жарқатты химиялық жолмен емдеу. Бұл емнің мәні - жарақаттың айналасын
және қуысын антисептикалық және бактериостатикалық қасиеттері бар
химиялық заттармен өңдеу. Негізінен жарақаттың гидратация (сулы қабыну)
кезеңінде қолданады. Гидратация кезеңінде жарақатта қышқылдық басым болады
(РН 6,3-5,5), ол өліеттердің ферментолизін үдетеді, лейкоциттердің
қырылуына, жанды еттенуіне, осмос қысымының көтерілуіне әсер етеді,
сондықтан сырттан дәрі арқылы қышқылдықты төмеңдетіп, жарақат процессін
қалыпқа келтіру керек.
Сілтілі терапия. Мұнда кеңінен гипертоникалық және сілтілі дәрі
ерітінділерін қолданды. 4-5% натрий гидрокарбонаты (РН 8,3 - 6,83); 0,52 -
2% амония гидрокарбонаты (РН - 7,7); орта тұздардың гипертоникалық
ерітіңділері (РН 8 - 8,8); 5% сабынды су және сабын көбігі (РН - 10,0); 2%
хлорамин ерітіндісі (РН - 7,5); Б.М.Оливков сұйықтығы (Nаtrіі саrbоnаtеs
4,0; Аgnаl destibi 80,0; sol. iodispiritupsi 5% - 20,0; Маgnеsіі sulfatis —
80,0; іlусеrіnі 280,0; іnfusі folicrum Digitalis ex 3,0 (6,0) -180,0) жақсы
нәтиже береді. Бұл ерітінділердің негізгі есері жарақаттың қуысын іріңнен
тазартады, қышқылдықтың зиянды әсерін жояды, жергілікті қан айналысын
жақсартады, регенерацияның дамуына жағдай жасайды және сонымен бірге
антисептикалық әсері де бар.
Қышқылды терапия. Бұл ем аэробты, әсіресе анаэробты инфекцияның
дамуына қарсы қолданылады. Олар: 3% сутегінің асқын тотығы, 2% хлороцид,
0,5 - 1% калий перманганат ерітінділері, салицил қышқылы.
3% сутегінің асқын тотығы, салицил қышқылы (Ишмухамедов Г.А, Аухадиев
Т.А., Хафизова Г.Х., Ильясов Б.К.) жарақатты іріңнен және өліеттен жақсы
тазартады, оның бактерияларға қарсы әсері де өте жоғары.
Қолдану әдісі. Ескі, өліеттенген жарақаттарға механикалық және
хирургаялық өндеу жасағанда оның қуысын 3% сутегі асқын тотығымен жуып
шаяды, құрғатады, сонан соң салицил қышқылын ұнтақ түріңде қолданады.
Жарақаттың куысын, тері, бұлшық ет арасындағы қалталарын мол етіп
салицил қышқылы ұнтағымен толтырады, дәкемен таңып байлайды. 2-3 күннен
кейін жарақаттың бетін механикалық жолмен тазартып, 3% сутегі тотығымен
шаяды. Осылай 1 - 2 рет емдеген жарақат толық тазарып, беті гранулды
ұлпамен қаптала бастайды.
Анаэробты инфекциямен асқынған жарақатты емдеуде М.В.Плахотин ұсынған
күрделі ерітінді қолдану жақсы нәтиже береді - Сhогаmini - 280,0(40,0);
Natrii chloride 200,0, Kaii permanganates 10,0; Agba dest - 2000,0.
Жарақатты тау - кен минералы шунгиттен дайындалған маймен емдеу.
Қазіргі кезде медицина ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Алғашқы ветеринарлық жәрдем өзге пәндермен тығыз байланыста
Хирургиялық операциянын жіктелуі
Күйіктер және алғашқы ветеринариялық көмек туралы
Анатомиялық терминдердің латын тіліндегі дәріптелуі жайлы
Қазақстандағы ветеринариялық қызметтің құрлымы
Залалсыздандырудың физикалық әдістері
Қан айналу органдарының аурулары
Жалпы байлам материалдары
Алматы қаласындағы ғылыми зерттеу орталықтары мен оқу орындарын біріктіретін ветеринарлық клиника жобасы
Кіндік жарығының қансыз операция тәсілі
Пәндер