Жастарды жұмыспен қамту жүйесін басқаруды жетілдіру жолдары



Пән: Экономика
Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 35 бет
Таңдаулыға:   
ӘОЖ 338:331.5-053.81(574.51)
Қолжазба құқығында

АПИЕВ ҚАНАТ СЕРИКОВИЧ

Жастарды жұмыспен қамту жүйесін басқаруды жетілдіру жолдары
(Алматы облысы материалдары негізінде)

08.00.05-Экономика және халық шаруашылығын басқару
салалары мен қызмет сфералары бойынша

Экономика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін
алу үшін дайындалған диссертацияның

АВТОРЕФЕРАТЫ

Қазақстан Республикасы
Алматы, 2008

Жұмыс Т.Рысқұлов атындағы Қазақ Экономикалық Университетінде орындалған

Ғылыми жетекшісі: экономика ғылымдарының
докторы,
профессор
Мамыров Н.К.

Ресми оппоненттер: экономика ғылымдарының
докторы,
профессор
Мухтарова К.С.

экономика
ғылымдарының кандидаты
Кайранов А.

Жетекші ұйым: Қазақстан Республикасы
Білім
және ғылым
министрлігінің
Экономика
институты

Қорғау 2008 жылдың 21 қараша күні 16.00 сағатта Т.Рысқұлов атындағы Қазақ
Экономикалық Университетіндегі экономика ғылымдарының докторы ғылыми
дәрежесін іздену жөніндегі Д 14.02.01 диссертациялық кеңестің мәжілісінде
өткізіледі, мекен жайы: 050035, Алматы қаласы, Жандосов көшесі, 55, 144
бөлме.

Диссертациямен Тұрар Рысқұлов атындағы Қазақ Экономикалық Университетінің
кітапханасында танысуға болады.

Автореферат қазан 2008 жылы таратылды.

Диссертациялық кеңестің
ғылыми хатшысы, э.ғ.д.
А.Б. Темирбекова

Кіріспе

Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Экономикалық дамудың жоспарлы және
орталықтандырылған бағытынан шаруашылықты жүргізудің нарықтық әдістеріне
өтуі елеулі өзгерістерге алып келді.
Қоғамның стратегиялық ресурсы болып табылатын жастар, қалыптасып жатқан
өмір шындығын өзінше қабылдай және бағалай отырып Қазақстан пайдасы үшін
қызметке қатысуға ұмтылады және бүгінгі таңда оларға қолдау көрсеткен жөн,
мемлекеттің еңбекке қабілетті халқының арасында жастардың үлесін арттыру
үшін осы қызметке жас ұрпақ потенциялын қосу керек. Алайда әлеуметтік-
экономикалық үрдістерге қазақстандық жас ұрпақтың қатысу белсенділігі
олардың экономиканың түрлі секторларында жұмыспен қамтылу мәселесіне
байланысты. Сондықтан қазіргі уақытта аймақтық деңгейде жұмыспен қамту
құрылымдарының қызметін бағыттау негізінде, жастарды жұмыспен қамтудың
толық басқару жүйесін қалыптастыру керек. Жастарды жұмыспен қамтуды басқару
қажеттігі, сондай-ақ жас ұрпақтың өздігінен даму мәселесіне де байланысты,
ол сапалы білім алу, қызмет барысында өсу және лайықты еңбек ақы алу
мүмкіндіктерімен көрінеді, ал оның табиғаты нақты аймақта қалыптасқан
экономикалық, географиялық, демографиялық және қайта жаңғыру шарттарымен
анықталады.
Заманауи еңбек нарығы экономикалық өзгерістер жүргізу барысында
қалыптасады. Оның көрінісі жасырын жұмыссыздықтың жоғары деңгейі,
қызметкердің қосқан үлесі мен оның табысы арасындағы байланыстың үзілуі,
жалақының уақтылы берілмеуі және т.б.болып табылады.
Нарықтық қатынастардың дамуы жұмыс күшіне деген сұраныс пен ұсынысты
реттеу, еңбек қатынастары жүйесін реформалау мен жұмыс орындарының сапалық
сипаттамаларының артуы, кәсіби білім беру жүйесінің жаңа экономикалық
жағдайға бейімделуімен байланысты еңбек нарығында туындайтын мәселелерді
зерттеуді көздейді.
Бұл мәселелерді шешу кезінде әлеуметтік жағынан әлсіз қорғалғандарды,
еңбек ресурстарының бәсекеге қабілеті төмен топтарын ерекше ескеру қажет.
Олардың біріне оларды негізгі толықтыру көзі болып табылатын жастарды
жатқызуға болады.
Жастардың еңбек нарығына енуі елеулі қиыншылықтармен және
қайшылықтармен қатар жүреді. Олар ең алдымен мамандық таңдауда жастар оның
еңбек нарығында қажеттілігіне емес, қоғамдағы беделділігі мен абыройына
қарай бағыт ұстауына байланысты туындайды. Осыған байланысты оқу орнын
бітірген жастардың көп бөлігі алған мамандығы бойынша жұмыс істемейді
немесе мүлдем жұмысқа орналаспайды, бұл жастар арасында жұмыссыздық
деңгейінің артуына әкеледі. Нәтижесінде жастардың осы бөлігінің біліміне
салынған қаражат өзін-өзі ақтамайды.
Сондықтан диссертациялық зерттеу тақырыбының өзектілігі қазіргі
экономикаға тән жаңа сапалық деңгейдегі осы мәселені шешу мақсатында жастар
еңбегін пайдаланудың жаңа жолдарын іздеу қажеттілігінде болып отыр.
Тақырыптың ғылыми зерттелу дәрежесі. Жастар еңбегінің пайдаланылуын,
олардың санын болжаумен байланысты ғылыми зерттеулер, біздің ойымызша,
еңбек нарығын қалыптастырудың түрлі факторлары әрекетіне байланысты осы
категорияның еңбегін пайдалану тиімділігін бағалауға толық мүмкіндік
бермейді. Бұл өз кезегінде оның даму тенденциясын бағалауда қиындық
тудырады.
Диссертациялық зерттеу барысында келтірілген теориялық және
әдістемелік тұжырымдар мен қорытындылар еңбек нарығын, оның ішінде еңбек
ресурстарының жұмыспен қамтылуы мен жұмыссыздығы проблемаларын қарастыратын
ғалымдардың ғылыми еңбектері негізінде құрылады. еңбек нарығын
қалыптастырудың жаңа түсінігі мен әдістері, еңбек ресурстарын ұтымды
орналастыру мәселелері, жұмыссыздық, халықты жұмыспен қамтуды реттеу,
жұмыспен қамтудың демогарфиялық аспектілері, еңбек нарығындағы жастар
мәселелері, ел экономикасындағы еңбек ресурстарын жеделдету мәселелері және
еңбек мотивациясы кеңінен қарастырылған, олардың ішінде: А.Смит.,
Д.Рикардо, Ж.Б Сэя, Д.М. Кейнс, А. Маршал, К. Маркс, М. Фридмен, П. Хейн,
К.Р. Макконнел, С.Л. Брю, А.Н.Ананьев, Е.Г.Антосенков, Б.Н.Белкин,
И.В.Бушмарин, А.Г.Гаждиев, А.З.Дадашев, Т.И.Заславская, Е.И.Капустин,
В.Г.Костаков, А.Г.Костин, А.Э.Котляр, С.А.Кузьмин, К.И.Микульскский,
А.С.Панкратов, Б.В.Рахитский, Е.С.Русанов, Л.С.Чижова, В.Н.Якимов секілді
ғалымдар және басқалар өздерінің ғылыми ізденістерінде аймақтық еңбек
нарығының құрылуы тақырыбының түрілі аспектілеріне тоқталған.
Г.Г. Руденко, Ю. Яковец, О.В. Ромашов, Л.А. Костина, В.С.Автономов,
З.В.Бабкина, Б.Д.Бреев, В.С.Буланов, И.Е.Заславский, Е.Д.Катульский,
Н.М.Кезеров, Н.М.Колесников, А.Э.Котляр, В.И.Матирко, А.А.Никифорова,
В.И.Плаксин, Э.Р.Саруханов, С.Г.Струмилина, В.И.Храпырина және басқалар
жұмыспен қамту теориясына елулі үлес қосты.
Еңбек нарығының конъюнктурасына түрлі топтардың бейімделуін таңдау
оны реттеуде жастарға қолданылатын механизімінің мәселелері В.С.Боровин,
В.Г.Бочарова, Ю.Г. Одегов, П.Э. Шлендер, Ю.П. Кокин, Н.А. Волгин,
Т.Б.Журавлев, В.А.Матусев, К.Г.Мяло, В.В.Новикова, Г.Е.Старченко,
В.И.Чупрова және тағы басқа ғылымдардың еңбектерінде қарастырылған.
Экономикадағы жастар еңбегін зерттеудің теориялық және әдістемелік
зерттеулерінің белгілі бір жолдары, оның әлеуметтік-экономикалық мәселелері
келесідей отандық экономист-ғалымдардың, социологтар мен демографтардың
еңбектерінде қаралады: Т.А. Әшімбаев, А.Т. Қонысбаев, М.Кенжегузин, Н.
Мамыров, С.Берешев, С.Джумамбаев, Т.Мухамбетов, Т.Рогачева, Б.Татибеков,
Л.Тимошенко және басқалар.
Сонымен бірге, қарастырылуы әлеуметтік-экономикалық саясаттың
қалыптасуына әсер ететін жастар еңбегін зерттеудің әдістемелік жолдары
жеткілікті түрде зерттелмеген болып қала береді.
Диссертациялық жұмыстың таңдап алынған тақырыбы бойынша зерттеулердің
аздығы, осы тақырып бойынша жазылған ғылыми жұмыстардың жеткіліксіздігі осы
кезеңдегі диссертациялық зерттеу тақырыбын таңдауда, оның міндеті мен
мақсатын анықтауға әсерін тигізді.
Осы жұмыстың мақсаты – жастарды жұмыспен қамтуды басқарудың үлгісін
құрастыру, болжау және институционалдық реттеу негізінде жастар еңбегін
пайдалану тиімділігін арттырудың негізгі бағыттарын анықтау.
Көрсетілген мақсатқа қол жеткізу үшін жұмыста келесідей міндеттер
қойылды:
- әлеуметтік-экономикалық жүйеде жастарды жұмыспен қамтуды
басқарудың маңыздылығы мен олардың алатын орнындарын анықтау;
- жастарды жұмыспен қамту жүйелерінің ерекшеліктерін анықтау
негізінде, оларды басқару қажеттілігін негіздеу;
- қызметкерлердің жалпы санындағы жастар еңбек ресурстарының үлесін,
олардың жұмыспен қамтылуының ерекшелігін анықтау;
- жастардың заманауи еңбек нарығын дамыту үрдістерін зерттеу және
олардың қалыптасуына әсер ететін факторларды анықтау, реттеу
механизмдерін негіздеу;
- ұдайы өндіріс үдерісінде еңбек ресурстарына енуші жастар санын болжау
кезінде еңбек нарығы дамуының демографиялық үрдісін бағалауға
мүмкіндік беретін әдістеме дайындау;
- жастар еңбегін тиімді пайдалану үшін ғылыми түрде негізделген
ұсыныстар жасау және оларды дамытудың басты бағыттарын анықтау.
Алға қойылған барлық міндеттерді орындау, біздің ойымызша, жастар еңбек
нарығындағы сұраныс пен ұсынысты ескере отырып, экономика салаларында
жастар еңбегін оңтайлы пайдалануға қол жеткізетіні сөзсіз.
Зерттеу пәні – жастардың еңбек нарығы қалыптасуының теориялық және
тәжірибелік аспектілері болып табылады.
Зерттеу нысаны Алматы облысы еңбек нарығындағы жастардың еңбек
ресурстары болып табылады.
Диссертациялық зерттеудің теориялық-әдістемелік негізін экономист,
социолог, психолог ғалымдардың еңбектері, заманауи еңбек нарығындағы
әлеуметтік және экономикалық проблемалар аясындағы мамандардың еңбектері,
сонымен қатар мемелекеттік және аймақтық органдарының заңнамалық және
нормативтік актілері құрайды.
Зерттеу мен теориялық тұжырымдарды жасаудың ақпараттық базасын ҚР
Статистика жөніндегі агенттігінің, Алматы облысы еңбек және халықты
әлеуметтік қорғау департаменті мен статистика басқармасының мәліметтері,
мерзімдік басылым мен ғылыми әдебиетте жарияланған статистикалық
мәліметтер, Алматы облысы кәсіпорындарының қызметі туралы бастапқы
мәліметтер құрады.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы:
- экономикалық жүйелерде жастарды жұмыспен қамтуды басқару
қажеттілігі дәлелденіп оның құрылымындағы жастардың орны
анықталады;

- жастардың еңбек ресурстары экономикалық категориясы ұғымы
нақтылынып, олардың жоғарғы жас шегі ғылыми түрде негізделді;
- заманауи жастар еңбек нарығын қалыптастыру факторлары анықталды;
- жастар еңбегін пайдалану әдістемелері жүйеленіп, корреляциялық-
регрессиялық талдауға негізделген бағалау әдістемесі ұсынылды;
- заманауи еңбек нарығын реттеу тетіктері нақтыланып, қазіргі заманғы
жастар еңбек нарығы дамуының институционалдық тетігінің үлгісі
ұсынылды;
- еңбек нарығындағы жастардың еңбек ресурстарының санын болжау
әдістемесі ұсынылды.
Қорғауға шығарлатын негізгі тұжырымдар:
жастарды жұмыспен қамтудың ерекшеліктері анықталып, олардың
экономикалық жүйелерде алатын орны және басқару қажеттілігі айқындалды;
жастардың жұмыспен қамтылуын талдау нәтижесінде оларға әсерін
тигізетін факторлар негізделді;
еңбек нарығында жастар еңбек ресурстарының жоғарғы жас шегі
ғылыми түрде дәлелденді ;
экономикалық-математикалық үлгілеудің нәтижесінде жастардың
еңбек ресурстарының саны болжанды.
жастар еңбек нарығы дамуының институционалдық тетіктерінің
үлгісі ұсынылды;

Зерттеудің тәжірибелік маңыздылығы . Зерттеу
жұмысында ұсынылған іс шараларды еңбек нарығын реттеуде , соның ішінде
жастарды жұмыспен қамтуда пайдалануға болады. Теориялық және әдістемелік
материалдар жоғары оқу орындарында Менеджмент мамандықтарының пәндерінен
дәріс оқу және тәжірибелік сабақтар жүргізу барысында қолдануға болады.
Жұмыстың негізігі нәтижелерін қолдану. Жастар еңбегін пайдалануды
бағалау бойынша жүргізілген теориялық-әдістемелік зерттеу нәтижелеріне,
сонымен қатар жастардың еңбек ресурстарының болашақтағы санын есептеуге
негізделген автор ұсыныстары мен ұсынымдарын Алматы облысының 2007-2009 ж.
орта дәліздік әлеуметтік экономикалық даму жоспарын құрастыруда
пайдаланылды.
Жұмысты сынақтан өткізу. Диссертациялық жұмыстың ережелері мен
тұжырымдары келесідей ғылыми-практикалық конференцияларда баяндалып,
талқыланды: Жедел жаңару жолындағы экокномикалық бағдарлар, КазЭУ Алматы
2005., Жоғары оқу орнында сапа менеджменті жүиесін енгізу мәселелері және
оларды шешу жолдары КазЭУ Алматы 2005., Актуальные проблемы экономической
науки Казахстана и творческое наследие академика НАН РК С.Е.Толыбекова
КазНПУ им. Абая Алматы 2007, Екінші Рысқұлов оқулары КазЭУ Алматы 2007.
Диссертация тақырыбы бойынша жалпы 8 ғылыми еңбек жарияланды.
Жұмыс көлемі мен құрылымы. Жұмыс кіріспеден, үш тараудан, қорытындыдан,
пайдаланылған әдебиеттер тізімі мен қосымшалардан 12 суреттен, 22
кестеден тұрады.

Негізгі бөлім
Қазіргі қоғамдағы жастар ролі, жас буынның әлеуметтік қызметтері, оның
саяси позициясы мен көзқарасы, білімі мен кәсіби біліктілігі деңгейі,
адамгершілігі мен мәдени қажеттіліктері туралы мәселелерді зерттеудің
теориялық және практикалық мәні аса зор. Қоғамдық үрдістегі жастар рөлі,
оның қызметінің түрлері, құндылықтары, дүниетанымы, қызығушылығы,
қажеттіліктері мен психологиялық қасиеттері әлеуметтік және геосаяси даму
сипаты, қоғамдық қатынастар, тарихи жағдайлар сипатымен шарттасылған.
Халықтың осы тобын зерттеудің негізгі мәселелерінің біріне, біздің
ойымызша, жастар еңбегінің пайдаланылуын бағалау жататын сияқты. Бұл өз
негізінде жастардың еңбек ресурстарын, жастардың еңбек нарығын және оның
жұмыспен қамтылуы мен жұмыссыздық, көшіп-қону, табиғи өсу сияқты құрамдас
бөліктерін әлеуметтік, экономикалық, демографиялық, саяси және басқа
проблемалар мен факторлар аясында теориялық және практикалық зерттеу қажет
екенін көрсетеді.
Жастардың орнын әлеуметтік-экономикалық жүйеде талдау қажеттілігі ең
аз дегенде екі маңызды шартпен негізднледі. Біріншіден, жастар шамамен
Қазақстанда еңбекке жарамды халықтың 25% құрайды; екіншіден, бұл аса
маңызды, олар – елдің болашағы, олардың қызметі оның әрі қарай дамуымен
байланысты. Бүгінде жастар көбінесе қоғамның саяси, экономикалық және
әлеуметтік құрылымын анықтайды. Сонымен бірге бұл дүние жүзіндегі еңбек
нарығында, әсіресе Қазақстанда қатты осал топтардың бірі болып табылады.
Аталған мәселелердің маңыздылығына қарамастан, оларға ғылыми зерттеулерде,
бұқаралық ақпарат құралдарынды, үкіметтік құжаттарда аз көңіл бөлінеді.
18-24 жас аралығындағы жастар, бұл – студенттер немесе кәсіптік
дайындықты аяқтаған жастар. Олар еңбек нарығына кіріп жатқан, жеткілікті
кәсіптік және әлеуметтік тәжірибесі жоқ, сонымен қоса төмен бәсеклестік
мүмкіндігі бар осал топ болып табылады.
25-29 жастағы жастар, негізінен, кәсіптік таңдау жасайды, қандай да
бір өмірлік және кәсіптік тәжірибесі бар топқа жатады. Олар не қажет
ететінін біледі, көбінесе өзінің жанұясы бар және ұсынылатын жұмысқа үлкен
талаптар қояды.
Еңбек нарығындағы жағдайларда маңызды көрсеткіш болып жұмыссыздықтың
деңгей, сыйымдылығы және еңбек нарығының конъюнктурасы болып табылады.
Алайда мұндай статистика толығымен еңбек нарығындағы толық жағдайды
көрсетпейді. Жастар еңбек биржасында басқа жастағы адамдармен салыстырғанда
сирек тіркеледі. Нәтижесінде нарықтық қатынастың ерекшеліктерімен
байланысты, жасырын жұмыссыздық, жұмыспен қамтамасыз етудің жаңа
құбылыстарының барлығы есепке алынбайды. Өндірістік емес салада жұмыс
күшіне сұраныс жылдам өсу үстінде, әсіресе жылдам коммерциаланғандарда.
Егер де қазіргі кездегі білікті мамандарды дайындау және оларға деген
сұраныс өзгермесе, жақын аралықта біліксіз мамандар халық арасында
жұмыссыздықтың ұлғаюын алып келуі мүмкін, ең алдымен жалпы орта мектепті
бітірген, әрі қарайғы оқуын жалғастырмаған, мамандығы немесе қажетті
біліктілігі жоқ – жастардың арасында. Сондықтан да жалпы білім беруін және
жастарды кәсіптік оқытуды ұтымды ұйымдастыру қажет.
Диссертациялық зерттеуде жұмыспен қамтудың қазіргі заманғы құрылымында
аграрлық, индустриалды, қызмет көрсету және жұмыспен қамтамасыз етудің
ақпараттық секторларында жастарды жұмыспен қамтамасыз ету өте төмен, себебі
кәсіби білімінің жоқтығына байланысты. Аграрлық секторда жұмыспен
жастардың аз бөлігі қамтамасыз етілген, себебі еңбек ақысының төмен болуы.
Жастарды жұмыспен қамтамасыз ету ұйымдасқан - экономикалық қатынастар
жиынтығын көрсетеді деп есептейді, бұл басқару объектісінің және
субъектісінің әлеуметтік және экономикалық жетістіктеріне бағытталған,
жұмыспен қамтамасыз ету кепілдігін береді.
Автор экономикалық жүйедегі жастарды жұмыспен қамтуды басқарудың көп
деңгейлі үлгісін ұсынады, бұл кәсіпкерлік құрылымның, мемлекеттік басқару
орындарының, білім жүйесінің, қоғамның және жан ұяның өзара әсер етуін
қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. (сурет 1). Әрине байланыстың мұндай
жүйесінің мақсаты жастардың жан-жақты дамуы болып табылады, экономикалық
жүйенің тұрақты дамуын қамтамасыз етеді.
Еңбек нарығының қажеттіліктері жастардың өмір құндылықтарына сәйкес
келмегені диссертацияда көрсетілген, сонымен қатар бұл сәйкессіздік
жастардың белсенді түрде жұмыс іздеуіне кедергі болады, сондықтан да
экономикалық жүйедегі жастарды жұмыспен қамту мәселесіне сәйкес келетін
жүйені қалыптастыру керек (сурет 2).
Бұл жүйе төмендегідей қалыптасу кажет:
- кәсіпорында, ұйымда және мемлекеттік мекемелерде конкурстық
сұрыптау негізінде жастарды жұмыспен қамту және тәжірибелерді
ұйымдастыру;
- жастар үшін жұмыс орындарын үлестіру мақсатымен аудандық арнайы
бюджеттік қорлар жасау;
- білім беру мекемелерінің түлектерін жұмыспен қамтамасыз ететін
жұмыс берушілердің ынталандыру жүйесін жетілдіру;
- жастармен мамандыққа бағытталған ескертпелі жұмыс жүргізу;
- жастар жұмыссыздығын алдын-ала ескерту жөнінде іс-шараларда
қалыптастыру және жүзеге асыру;
- жастарды баспа және электронды ауқымда ақпарат құралдары арқылы
ақпараттандыру, еңбек нарығы және жастарды қолдану шаралары
туралы анықтамалық және ақпараттық-әдістемелік әдебиеттерді
баспаға шығару;
- жас кәсіпкерлікті және жастар кәсіпкерлігін құру тәжірибесін
дамыту, жастардың бизнес-жоспарларын кеңеспен және
эксперттермен қамтамасыз ету.
Еңбек ресурстарының тобы ретінде жастарға басты назар аудару, бұл
елдің маңызды ресурсы екені түсінікті болған. Бұл Орал, Сібір, Қиыр Шығыс
құрлыстарындағы комсомол отрядтары, тың және тыңайған жерлерді игеру,
өнеркәсіпті, экономиканың түрлі салаларын дамытудағы жастар жұмыстарымен
расталады.

Сурет 1. Экономикалық жүйедегі жастарды жұмыспен қамтуды басқарудың көп
деңгейлі үлгісі

2-сурет . Экономикалық жүйеде жастарды жұмыспен
қамтуды басқару жүйесі
Ескертпе автор құрастырған

Жас кезінде адам жеке тұлға ретінде қалыптасады, және дәл осы мерзімде
оның өмірінде негізгі оқиғалар болады, оның еңбек жолы және ЖІӨ-ге қосқан
үлесі әрі қарай көбінесе соларға байланысты болады. Оған білім алу, некеге
тұру, балаларының дүниеге келуі және т.б. жатады. Осылардың барлығы көп
адамның дәл осы жастық шағында болады.
Адам өміріндегі кезеңдерінің тізбекті ауысуы барысында оның дамуының
кері айналмайтын кезеңдері жүзеге асады: балалық шақ, жасөспірім жас, кемел
жас және қарттық. Уақыт өте олар бір-бірін алмастырады. Бір қарағанда адам
жасы адам ағзасының өмірлік шектерін анықтаушы биологиялық индикатор ғана
болып табылады. Бірақ та ол мүлдем бұрыс пікір. Адам ағзасындағы
антропометриялық, физиологиялық және психологиялық өзгерістер біркелкі
жүрмейді. Осыған байланысты адамды және оның іс-әрекетін зерттеу
мәселелерімен айналысатын физиология, социология, статистика, экономика
және демография сияқты ғылыми бағыттарда адамның жас шектерін анықтау
кезінде сан алуан тәсілдемелер қолданылады.
Қазақстан Республикасының Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік
жастар саясаты жөніндегі заңына сәйкес жастар - бұл 16 жастан бастап 29
жас аралығындағы Қазақстан Республикасының азаматтары, шет мемлекеттердің
азаматтары және Қазақстан Республикасы аумағында тұрақты өмір сүріп жатқан
азаматтығы жоқ тұлғалар.
Заңнамада анықталған еңбек ресурстарының төменгі шекарасы болып 16 жас
есептелетіндігін, сондай-ақ осы жасқа қарай жас адамда бұлшық ет пен сүйек
жүйесі қалыптасатындығын және оның белгіленген жұмысты орындай алатындығын
назарға ала отырып, осы жас жұмыс істеу кезеңінің заңды негізделген
бастапқы сатысы болып табылады.
Сонымен қатар, дәл осы жаста жастардың басым көпшілігі жалпы білім
мектебін аяқтайды және әр түрлі себептерге байланысты ЖОО-ға немесе басқа
білім мекемелеріне түсе алмағандары өзінің төмен біліктілігімен
ерекшеленетін белгілі бір еңбек түрімен айналыса бастайды.
Қазақстан Республикасында 1998 жылдан бастап 2001 жыл аралығында
Қазақстан Республикасының 1997 жылдың 20 маусымында қабылданған Қазақстан
Республикасында зейнеткерлікті қамтамасыз ету жөніндегі заңына сәйкес
зейнеткерлік жас өзгертілді. Қазіргі кезде олар әйелдер үшін 58 жас және
ерлер үшін 63 жас деп қабылданған.
Қазіргі таңда физиологтар былай деп тұжырымдайды, яғни отыз жастан
асқан жас адамның денесінің өсуі, бұлшық еттерінің ұлғаюы, басы мен бас
миының көлемінің өсуі өз жалғасын табады және осы процесс ер адамдарда
әйел адамдарға қарағанда ұзағырақ созылады.
Жоғарыдағы барлық айтылғандарды жалпылай отырып, Қазақстан
Республикасында жастардың еңбек ресурстарының жоғарғы шектері әйелдер үшін
16-32 жасты, ал ерлерде 16-34 жасты құрауы тиіс.
Бұған сәйкес, заңнамада және тәжірибелік қызметте жастардың еңбек
ресурстарының жас шектерінің ұлғаюы статистикалық материалдарды өте
объективті түрде өңдеуге және осы санаттағылар санын талдауға ғана ықпал
етіп қоймай, сонымен бірге зор ғылыми нәтижелерге қол жеткізу мүмкіндігіне,
жастар өмірінің жағдайлары мен өмір сапасын жақсартуға, оның кәсіби және
шығармашылық әлеуетін дамытуға, сондай-ақ ұсынылатын жас аралығында өте
өнімді қызметті жүзеге асыруға ықпал етеді.
Бұл айтқанды қорта келе, жастар еңбек ресурстарының жастық есептік
кезеңін алтын кесік әдісін қолдана отырып дәлелдеуге болады. Леонардо да
Винчи 8 және 13 сандарының қатынасын алтын бөлік, ал заңның өзін – алтын
кесік заңы деп атаған.
Алтын кесік заңына сәйкес жастардың еңбек ресурстарын зерттеу 8
бөліктен тұрады (немесе 38,1% 8:13 қатынасында), бұл орайда 13 бөлік
(61,9%) – бұл қалған еңбек ресурстары. Соған сәйкес, барлық еңбек
ресурстары 21 бөлікті, яғни 100%-ды құрайды.
Жастардың еңбек ресурстарының төменгі жас шегі 16 жасты қабылдай
және алтын кесік әдістемесін қолдана, сондай-ақ Қазақстан
Республикасында ерлер үшін еңбек белсенділік кезеңі 47 жасты құрайтындығын,
яғни 63-16 жас аралығын ескере отырып, келесідей әрекетті орындаймыз: 47 :
21 · 8 = 17,9 жас, бұл жастардың ерлер еңбек ресурстары үшін алтын
кесік екенін анықтаймыз.
Осылайша, еңбек ресурстарының төменгі шекарасы 16 жасты құрайды, яғни,
соған сәйкес, жас ерлердің еңбек ресурстары үшін жоғарғы шекара — 33,9
жас (16 + 17,9) немесе 34 жас болады.
Бұл жағдайда жастар арасындағы әйел еңбек ресурстарының жоғарғы
шекарасы, біздің есептеулерімізге сәйкес, ерлермен салыстырғанда басқаша
болады, яғни Қазақстан Республикасындағы әйел адамдардың еңбек ету
белсенділік кезеңі ерлерден өзгеше болады және 42 жасты құрайды, яғни 58-
16. Осындай есептеулерді жүргізгеннен соң, біз 32 жасқа тең жоғары шекараны
анықтаймыз (42 : 21 · 8 + 16).
Осы есептеулер және қорытындылар жастардың еңбек ресурстарының жас
шекараларының негіздемесі болып табылады, біздің анықтауымыз бойынша
әйелдер үшін 16 жастан 32 жасқа дейінгі және ерлер үшін 16 жастан 34 жасқа
дейінгі аралықта болады.
Сұлба түрінде 3-суретте жастардың еңбек ресурстары Қазақстан
Республикасы еңбек ресурстарының жалпы құрылымында айқындалған.
Дегенмен, еңбек ресурстарының жас тобы (16-34 жас) сан жағынан да, сапа
жағынан да өмір сүру сипатына, білім деңгейіне, өмірлік қажеттіліктеріне
байланысты әркелкі болып келеді. Сондықтан да, біздің пікірімізше, оларды
екі жастар тобына бөлу керек: 16-25 жас және 26-34 жас аралығындағы, яғни
әр түрлі бірдей кезеңдерге.

3-сурет. ҚР-сындағы жастар еңбек ресурстарының жас шекарасы
Ескертпе автор құрастырған

26 жас және одан асқан кезде жастар 16-25 жас аралығындағы жастармен
салыстырғанда, кәсіби тәжірибе алады және олардың басым бөлігі экономика
саласында жұмыспен қамтылады. 26-34 жастағы жастар 16-25 жастағы жастармен
салыстырғанда, ересек тұрғындарға жақынырақ болады, өйткені олардың
қатарына еңбек қатынастарына түскен жұмысбастылықтың белгіленген мәртебесі
бар еңбек жасындағы тұлғалар жатады. Оларда өздері орындайтын жұмыс
жөніндегі көзқарас қалыптасқан және белгілі бір кәсіби және өмірлік
тәжірибе жинақталған. Осы жасқа қарай, көптеген жігіттер мен қыздарда еңбек
және кәсіби жетілу, сондай-ақ өндіріс пен кәсіби қызметке бейімделу
үдерісі аяқталады.
Жоғарыда аталғандарды қорыта отырып, мынадай қорытынды жасауға болады,
яғни жастардың еңбек ресурстары құрамына экономикалық белсенді және
экономикалық белсенді емес жастар жатады. (1 кесте).
Жоғарыда айтылғандардың негізінде жастардың еңбек ресурстары
түсінігіне келесі анықтама ұсынылады.
Қазақстан Республикасындағы жастардың еңбек ресурстары – бұл
белгіленген қызметті жүзеге асыру үшін дене күші, білімі мен тәжірибесінің
жеткілікті деңгейі бар 16-32 жастағы (жастар арасындағы әйел жынысты еңбек
ресурстары) және 16-34 жастағы (жастар арасындағы еркек жынысты еңбек
ресурстары) еңбек ресурстары.

1-кесте - Қазақстан Республикасындағы 2006ж. 1-тоқсанындағы 16-34 жастағы
экономикалық белсенді халық
Халық санаты жасы 16-25 жас 26 - 34 жас
мың адам Барлық мың адам Барлық
тұрғындарға тұрғындарғақат
қатысты, (%) ысты, (%)
Экономикалық белсенді 754,68 32,67 1 330,62 78,22
халық
Экономикалық белсенді 1 555,39 67,33 370,48 21,78
емес халық
Жиыны: 2 310,07 100,0 1 701,10 100,0
Ескертпе Алматы облысы статистика басқармасының мәліметтері бойынша
автор құрастырған

Еңбек нарығындағы жастардың жұмысбастылығы мен жұмыссыздығын зерттеу
кезінде белгілі бір жастар тобының ерекшеліктерін ескеру керек, өйткені
олар әр алуан болып келеді.
Еңбек нарығы қазіргі заманғы экономиканы дамытудың негізгі және
стратегиялық бағыттарының бірі болып табылады. Ондағы бар бос орындарды
ескере отырып жұмыс күшіне деген сұраныс пен ұсыныс арасындағы балансқа
жетумен тұжырымдалатын оның басты міндетін шешу еңбек нарығын
қалыптастыру факторларын айқындауды талап етеді.
Нарықтық қатынастар мен еңбек нарығының қалыптасу үрдісі жұмыскердің
өндіріс құралдарынан бөлініп, осымен оған заңды еркіндік беру сәтінен
басталады. Егер адам еңбегі затқа айналған, өзі жасаған тауарды сата
алмаса, онда өзінің өмір сүруіне қаражат табу үшін өзінің жұмыс күшін
сатуы тиіс. Сондықтан еңбек нарығын қалыптастырудың негізгі
алғышарттарының бірі, бір жағынан, жұмыс орындарын ұсынатын көптеген
жұмысберушілердің болуы болып табылса, ал екінші жағынан, тауар ретінде
жұмысшы күшін ұсынатын жалдамалы жұмысшылардың болуы болып табылады. Бұл
жағдайда аталған көпшілік мемлекет, кәсіпорындарда жұмыс беруші
ретінде болатын жоспарлы экономикадағыдай, формальді түрде болмауы тиіс.
Жоғарыда айтылғандарды қорыта келе, біз қазіргі заманғы еңбек
нарығының қалыптасуына әсер ететін факторлар ретінде жұмыс күшіне деген
сұраныс пен ұсынысты белгілеуге болады деп есептейміз.
В.Ф.Потуданская, В.А.Цыганков, И.В.Цыганкова жұмыскерлердің кәсіби-
біліктілік құрылымын қалыптастыруға әсер ететін ұсыныс пен сұраныс
факторларын ерекшелейді.
Жұмыс күшіне деген сұраныстың кәсіби-біліктілік құрылымына әсер
ететін факторлар туралы айта келіп, осы зерттеушілер шығарылған өнімдер мен
қызметтерге сұраныстың өзгеруі, экономикалық-географиялық жағдайы, қаржы-
несие жүйесінің жай-күйі және т.б. жататын макроэкономикалық және
микроэкономикалық деп бөледі, бұл - кәсіпорын жұмыс істейтін кезеңде
еңбекті ұйымдастыру формасы мен басқарудың ұйымдық құрылымы, еңбек құны
және т.б.
Жұмыс күшін ұсынудың кәсіби-біліктілік құрылымына әсер ететін
факторларды қарастыра отырып, осы зерттеушілер экономикалық, демографиялық
және әлеуметтік-психологиялық факторларды анықтады.
Экономикалық әдебиетте зерттеушілер, олардың ішінде Г.Г.Руденко және
Б.Ч.Муртозаев ішкі еңбек нарығын қалыптастыру факторын ерекшелейді. Оларға
әлеуметтік-экономикалық, аймақтық, ұйымішілік және жекелер жатады. Осы
зерттеушілердің пікірлерінше, аталған факторлардың өзара іс-қимылы
нәтижесінде еңбек өнімділігі, орындалатын жұмыстар сапасы, іскерлік
белсенділік деңгейі, еңбек тәртібінің жай-күйі, еңбек өмірінің сапасы,
еңбекке қанағаттанушылық және т.б. осылар сияқты ұйымның еңбек нарығын
қалыптастырудың объективті және субъективті бағаланатын нәтижелеріне қол
жеткізілуі тиіс.
Аймақтық еңбек нарығының қалыптасуына алуан түрлі факторлар топтары
әсер етеді, оларға географиялық орналасуы, табиғи-климаттық жағдайлары,
экономиканың негізгі салаларының дамуы және олардың мамандандырылуы,
инвестициялық саясат, өңір экономикасының салалық құрылымын сипаттайтын
әртараптандыру деңгейі, демографиялық жағдай және басқалар жатады.
Заманауи еңбек нарығының қалыптасуына ықпал ететін факторлар қандай
да бір өзіне тән ерекшеліктермен немесе белгілермен жүйеленбеген және
топтастырылмаған. Сонымен қатар, жоғарыда көрсетілген факторлармен қатар
жастардың еңбек нарығының қалыптасуына басқа факторлар да әсер ететін
сияқты. Сондықтан аталған мәселе жеке зерттеу жүргізуді қажетсінеді деп
есептейміз.
Бүгінде оның қалыптасуы мен даму үдерісіне тікелей әсер ететін
институционалдық, әлеуметтік-психологиялық, ұйымдық, демографиялық,
экономикалық және саяси факторларды кешенді зерттеу арқылы жастардың
заманауи еңбек нарығын зерттеу қажеттігі пісіп-жетілді. (4-сурет).

4-сурет-Жастардың заманауи еңбек нарығын қалыптастырушы факторлар
Ескертпе автор құрастырған

Мемлекет жұмыспен қамту саясатын жүргізе отырып, жұмыскерлер мен
жұмысберушілер арасында құқықтық нормалар мен қатынастардың сақталуына
бақылауды жүзеге асырады. Осыған байланысты мұнда еңбек нарығының
нормативтік-құқықтық базасының жұмыс істеу тиімділігіне байланысты
институционалдық факторлар ерекшеленеді. Институцоналдық факторлар олар
үшін, бір жағынан, мемлекет немесе аймақ деңгейінде арнайы мақсатты
бағдарламалар жасалатын, екінші жағынан, түрлі жәрдемақылар, стипендиялар,
гранттар және т.б. төлеумен байланысты осы бағдарламалар мен түрлі
заңнамалық актілер шеңберінде жұмыспен қамту қорлары құрылатын жастардың
еңбек ресурстарымен тығыз байланысты.
Жастардың заманауи еңбер нарығының қалыптасуына ықпал ететін
факторлардың келесі тобына әлеуметтік-психологиялық фактор жатады. Олардың
ішінен кәсіптік бағдар беру, кәсіптік оқыту, бейімделу, мамандықтың
беделділігі, еңбек сипатының мазмұны, еңбек қызметінің сипатын ауыстыруға
дайын болу, оқу мен жұмысты қатар алып жүру мүмкіндігі, сондай-ақ кәсіби
өсу келешегі.
Жастардың кәсіптік бағдарлану үдерісі жалпы білім беретін мектепте
өтеді, олардың көпшілігі оны бітіргеннен кейін кәсіптік оқудан, онан соң
кәсіпорында еңбекке бейімделуден өтеді.
Мамандықтың беделдігі де, біздің ойымызша, жастар үшін ЖОО-ны
таңдауда елеулі фактор болып табылады. Егер 60-70 жылдары КСРО-ның ұлы
держава ретіндегі мәртебесін және жаппай қарулануда өз позициясын
бейнелейтін мамандықтар (физик-ядрошы, ғарышкер және т.б.) беделді деп
есептелсе, қазіргі жастар нарықтық экономика жағдайында ерекше мәнге ие
мамандықтар анағұрлым беделді деп есептейді (кәсіпкерлер, жоспарлау, есеп
жүйесі мен қаржы саласының қызметкерлері, заңгерлер, ақпараттық қызмет
көрсету саласының мамандары және т.б.).
Егер еңбек қызықты және мазмұнды болмаса, онда жастар қызмет
сипатын өзгертеді. Жастардың еңбек нарығын қалыптастырудың аталған
әлеуметтік-психологиялық факторы едәуір дәрежеде оны жалпы еңбек нарығын
қалыптастыру факторларынан ерекшелейді. Өз қызметін ауыстыру туралы шешім
қабылдауда жастар шапшаңырақ, өйткені оның көпшілігі аға буынға
қарағанда түрлі мәселелермен тауқымет тартып отырған жоқ.
Жастардың еңбек нарығының қалыптасу факторларының басқа тобын
жұмыспен қамту қызметімен байланысты ұйымдастырушылық фактор құрайды.
Жастардың еңбек ресурстарының қалыптасуына ықпал етуші демографиялық
факторлар жастардың еңбек ресурстарының сандық және сапалық сипатын
көрсетеді. Сандық сипаттарын құрайтындарға мыналарды жатқызу керек:
1) жастардың еңбек ресурстарының саны;
2) жастардың еңбек ресурстарының икемділігі;
Жастардың еңбек ресурстарының демографиялық факторларын сапалық
құрастырушыларға келесілерді жатқызу керек:
1) жалпы білім беретін, мәдени және кәсіптік-білікті дайындық деңгейі
тұрғысынан алғандағы еңбекке қабылетті жастардың сапасы;
2) ой және дене еңбегімен айналысатын жастардың арақатынасы;
3) еңбекке жарамды жастардың еңбекке дене күші жағынан қабілеттілігі
және денсаулығының жай-күйі;
4) жастардың еңбек ресурстарының ұлттық-этникалық құрылымы және
басқалар.
Жастардың еңбек нарығын қалыптастырудың келесі демографиялық факторы
– көші-қон болып табылады.
Экономикалық факторлар есебінен жастардың ауылдық жерлерден қалаға,
экономикалық хал-ахуалы нашар аймақтар мен елдерден барынша бай жерлерге
көшуі туындайды. Жергілікті көші-қон түрі бойынша, көшіп
қону легінде жастардың ауылдан қалаға кетуі басым, ал кері қайту легі
жоқтың қасы. Жастар, бұрынғысынша ауылдан қалаға оқуға кетеді, олар оқуын
аяқтаған соң, сонда орнығып қайта оралмауға тырысады.
Мемлекет, жұмыспен қамту саласында түрлі шешімдер қабылдау және әр
түрлі заңдар әзірлеу арқылы әлеуметтік-экономикалық және демографиялық
саясатты жүргізе отырып, тиімді түрде еңбек ресурстарын басқаруға тырысуда.
Сондықтан заманауи еңбек нарығын, оның ішінде жастарды қалыптастыру саяси
факторлардың әсеріне де байланысты.
Барлық ТМД мемлекеттерінің арасында шетел жұмыс күшін жалдау туралы
келісімдерге қол қойылған. Сондықтан интеграция үрдісінің факторлары және
басқа елдердегі жастардың кәсіби қызметі жастардың еңбек нарығын
қалыптастырудың саяси факторы болып табылады.
Біз қарастырылған еңбек нарығын реттеу жүйесін жүргізіліп жатқан
жұмыспен қамту саясаты аясында жүзеге асыру керек деп есептейміз. Жастардың
еңбек нарығы туралы айтқанда, біздің ойымызша, мемлекет жастарды оның
жоғары емес кәсіптік бәсекелестік қабылеті мен кәсібилігіне барынша қолдау
көрсетуі тиіс. Бұл жағдайда, осы қолдау өзінің ықпалы бойынша еңбек
нарығы өз бетімен реттеу механизмі көрсететін деңгейден төмен болмауы
тиіс.
Жастардың еңбек нарығына қатысты мемлекет жүргізіп отырған саясат
мемлекеттік және аймақтық жастар бағдарламалары аясында әр түрлі заңнамалық
актілерді іске асыру арқылы жүзеге асырылады. Бұл құжаттарды жүзеге
асырудың негізгі мақсаты жастардың заманауи еңбек нарығын қалыптастыруға
ықпал ететін тетіктер әрекетінде жастардың түрлі проблемаларын шешу
болып табылады. Сондықтан аталған кезеңде институционалдық механизмдердің
әрекеті негізгі мәнге ие деп есептейміз.
Институционалдық механизмнің әрекеті кезінде түрлі заңнамалық актілер
мен жастар бағдарламаларының негізгі ережелерін жүзеге асыру, өз
кезегінде, институционалдық мақсат ретінде болатын жастардың еңбек нарығын
реттейтін әлеуметтік және экономикалық механизмдердің тиімді жұмыс істеуіне
ықпал етуі тиіс (5-сурет).
Негізгі әлеуметтік механизмдердің бірі, біздің көзқарасымызша,
жастарды жұмыспен тиімді қамтамасыз ету механизмі мен оның жұмыссыздық
деңгейін төмендету болып табылады. Оның тиімді жұмыс істеуіне келесідей
шараларды орындағанда және сақтағанда қол жеткізілуі мүмкін:
1) жастардың еңбек нарығы проблемаларының аймақтық ерекшеліктерін
шешудегі жергілікті өзін-өзі басқару органдарының рөлін күшейту;
2) мемлекеттік бюджет құралдары мен әлеуметтік бюджеттен тыс қорлар
есебінен жастар жұмыссыздығының жоғары деңгейі бар аймақтарда
әлеуметтік және экономикалық бағдарламаларды басымдылықпен
қаржыландыруды жүзеге асыру;
3) индустриялық аудандарда, сонымен бірге шағын және орташа
қалаларда, моноэкономикалық құрылымды кенттерде жастардың жаппай
жұмыссыз болуының жағымсыз салдарын барынша азайту;
4) жас қызметкерлердің жаппай жұмыстан шығарылуының алдын алу, жастар
үшін экономикалық мақсатқа сай бар жұмыс орындарын сақтап қалу және
жаңаларын ашу, жаңа прогерссивті өндіріс үшін жас мамандарды
қайта даярлаудың озық тәжірибесін жүзеге асыру;
5) жастардың дәрменсіз ұйымдардағы еңбек құқығын қорғауды, жұмысынан
айрылған кезде жастарға тиімді қолдауды қамтамасыз ету;
6) әлеуметтік қорғау және біліктілікті арттыруды қамтамасыз ету үшін
қажетті инфрақұрылым жасай отырып, ірі жастар құрылыстарын
ұйымдастыру.
Аталған механизм әрекет еткенде жастарға қатысты мемлекеттік жұмыспен
қамту қызметінің бірінші кезектегі функцияларын, оның міндеттерінің
жастарға қатынасын анықтау қажет, ол біздің ойымызша, келесі мәселелерді
қорытындылауы тиіс:
• жастардың жұмыспен қамтылу деңгейін дамытудың болжамы және
жағдайының бағасы, ал сондай-ақ еңбек нарығындағы сол немесе басқа
бос орындардың сандары туралы ақпараттандырып отыру;
• жастардың жұмыспен қамтылуына жәрдемдесу бойынша мақсатты
бағдарламалар жобасын жасау, оған оның жұмыстан шығарылу
тәуекеліндегі бөлігін, ал сондай-ақ әлеуметтік қорғауға ерекше
мұқтаж және жұмыс іздеп қиындық көріп жүргендерді енгізу;
• қолайлы жұмыс іздеуге, ал жұмыс берушілерге жастар арасынан
қажетті жұмыскерлерді іріктеуге жәрдемдесу;
• кәсіптік бағдар, кәсіптік дайындауды ұйымдастыру, жұмыссыз
жастардың қайта даярлау және біліктілігін жоғарылату;
• жұмыссыздық бойынша жәрдемақы түрінде әр түрлі әлеуметтік
төлемдер, жұмыспен қамту қызметі органдарының жолдамасы бойынша
оқытылуы кезінде шәкіртақы тағайындау, жұмыссыз жастарға материалдық
және басқа да көмектер көрсету.
Жастарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесуге байланысты көрсетілетін
қызметтерді жұмыспен қамту қызмет органдары тегін ұсынуы тиіс.
Белсенді жастарды экономикалық-әлеуметтік қорғау механизмі мына
бағыттар бойынша жүзеге асырылуы тиіс:
1) жұмыстың заңмен тыйым салынбаған кез-келген қызмет саласындағы
түрінде жас адамның құқығын жүзеге асыру;
2) еңбек қызметі үдерісін қамтамасыз ету, яғни мәжбүрлі еңбекке жібермеу
туралы кепілділіктің қатаң орындалуы, жұмыс уақытының ұзақтығының
бекітілуі заңдылықтарын сақтау, демалыс және мереке күндерінің, ақылы
демалыстың ұсынылуы, жұмыс берушілермен қатынастарында жастардың
мүдделерін қорғау үшін кәсіптік одақтар және басқа да бірлестіктер
құру;
3) жалдамалы жұмыскерлер үшін мемлекет бекіткен міндеттемені сақтау мен
жалақы мөлшерінің төменгі шегін және инфляция жағдайында табыстардың
индексациялануын жүргізу;
4) жас жұмыскерлердің сандық қысқаруы, кәсіпорынның жойылуы, қайта
құрылуы немесе банкротқа ұшырау себептері бойынша еңбек қызметін
жалғастыру мүмкіндіктерінен айырылған ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Жұмыспен қамту және жұмыссыздық: мәні, құрылымы, түрлері
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДАҒЫ ЕҢБЕК НАРЫҒЫН РЕТТЕУ МЕХАНИЗМДЕРІН ЖЕТІЛДІРУ
Халықты жұмыспен қамтуды жетілдіру жолдары (Қызылорда облысы материалдары бойынша)
Дағдарыс жағдайындағы халықты жұмыспен қамтуды реттеу
Нарық жағдайында персоналды басқару және оны жетілдіру
Еңбек нарығы және оның түрлері
Еңбек ресурстарын басқарудың теориялық аспектілері
Жұмыспен қамту саясаты және еңбек нарығы
Қазақстандағы еңбек нарығыны
Жұмысқа алу мен жұмыстан
Пәндер